«Нұрлы көш» - Қазақстан мемлекеттік бағдарлама. Басты мақсаты – ресми, қасаң тілмен айтқанда этникалық көшіп келушілерді, жылы шырай беріп айтсақ шеттегі қандастарымызды, сондай-ақ еліміз аумағында еңбек қызыметін жүзеге асыру үшін келген Қазақстанның бұрынғы азаматтарын; қолайсыз аудандарда тұратын тұрғындарды ұтымды қоныстандыру және олардың жайғасуына жәрдемдесу. «Нұрлы көш» бағдарламасы арадағы үзіліп қалған тінді жалғап, тиылып қала жаздаған көштің тиегін қайта ағытса игі.
Бағдарламаны іске асыруға 2009-2011 жылдарға 197 795,6 млн. теңге, оның ішінде қосымша 118 073,7 млн. теңге қарастырылып отыр. Бірақ жүзеге асыру 2010 жылдан басталмақшы.
Алматы көші-қон комитетінің мәліметінше, Астана мен Алматы қалаларына «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша қоныстандыру жүргізілмеуі де мүмкін. Өйткені тұрғын үй қымбат, бөлінетін жер телімі тапшы. Ал нарық бағасынан төмен қақпен, әкімдік тарапынан берілетін жалдамалы пәтерлердің мәселесі әзір шешілмейтін түрі бар.