Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 - 2020
жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы
«Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығын іске асыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН: 1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) бір ай мерзімде Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және бекітсін;
2) жарты жылдың қорытындылары бойынша 15 қыркүйекке және 15 наурызға дейін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне Бағдарламаның орындалу барысы туралы ақпарат берсін.
3. Орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар Бағдарламаны іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын.
4. «Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008 - 2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 1 шілдедегі № 626 Жарлығының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 32, 333-құжат) күші жойылды деп танылсын.
5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
6. Осы Жарлық 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.