М.ҚОЙГЕЛДИЕВ. Т.ОМАРБЕКОВ. "ТАРИХ ТАҒЛЫМЫ НЕ ДЕЙДІ?" Кітапта қазақ халқы тарихының осы уақытқа дейін зерттелмеген немесе біржақты зерттелген күрделі кезеңдерінің саяси бейнесі жасалған. Кітап екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде ғасырымыздың 20-шы жылдарында жаңа қалыптаса бастаған тоталитарлық жүйеге қарсы күреске шыққан қазақ зиялыларының тағдыры сөз болады. Екінші бөлімде 30-жылдардағы ашаршылыққа, жеке басқа табынушылыққа байланысты халқымыздың басынан кешкен ауыр тағдыры баяндалады.
ХХ ғасырдың 20-шы және 30-жылдарының алғашқы жартысындағы Қазақстанның саяси-экономикалық және әлеуметтік өмірі туралы, сондай-ақ осы тарихи кезеңнің халық тарихында алатын орны жөнінде жарық көрген еңбектер аз емес. Бірақ қоғамдық ой мен ғылымда идеологиялық диктат үстемдігі жағдайында өмірге келген бұл еңбектер бүгінгі таңда сапалы өзгерістерге ұшыраған қоғамдық сұраныстарды қанағаттандырудан қалды. Кітапта сөз болатын мәселе – көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларын күштеп ұжымдастырудың ауыр салдары. Жаппай күштеп ұжымдастыруда Лениннің өсиеті аяқасты етіліп, оның шаруаларды кооперативтендіру туралы идеялары дөрекілікпен бұрмаланды. Сталиндік коллективтендірудің лениндік кооперативтендіру жоспарынан жер мен көктей айырмашылығы болды. Оқырманға ұсынылған бұл кітап авторлары осы ойды нақты мысалдармен көрсетіп беруге күш салып, 20-30-шы жылдардың саяси-әлеуметтік өмірінің көлеңке тұстарына, ақтаңдақтарына көбірек үңілді.