XIII-XIV ғғ. Исламның таралу ерекшеліктері. XIII ғасырда Орталық Азия мен Қазақстан жерлеріне бағытталған монғол шапқыншылықтары мен олардың дәстүрлі діни сенімдерін ұстанатын тайпаларының (монғол және түркі) қоныстана бастауы салдарынан исламның таралуы біраз уақытқа дейін бәсеңдеді. Осы шапқыншылықтар кезінде көптеген қалалар жойылды, ғылым мен мәдениет орталықтары тоналды, мешіт пен медреселер қиратылды. Ұлы Жібек жолындағы сауда-саттыққа ауқымды зиян келтірілді.Алайда, уақыт өте келе қайта өркендеу басталды. Монғол басқыншылары мен ел билеушілері ислам діні мен түркі тілін қабылдай бастайды. Бұл жағдай ортағасырларда ислам дінінің көшпелі дала өңіріне қайта таралуына кең ықпал етіп, басқа да бұқара халық топтарын өзіне тартуға мүмкіндік берді.Монғол билеушілері өздерінің діни сенімдерін мұсылмандарға күштемей, діни төзімділік танытты. Алтын Орданың ханы Берке (1255-1266) және басқа да хандардың (Өзбек, Түдеменгү) мұсылмандықты қабылдауымен исламның орны нығая түсті. Мысалға, Өзбек хан тұсында (1312-1342 жж.) Алтын орданың астанасында 13 мешіт қызмет етіп, ханның өзі күніне 5 рет намаз оқыған. Дін әртүрлі тайпаларды біріктіруші құралдың біріне айналды. Көшпенділер арасына исламды мақсатты түрде тарату басталды. Дін уағызшылары далалы өңірге Орталық Азиядан, Еділ өңірлері мен мұсылман әлемінің басқа да аудандарынан ағыла бастады. Миссионерлер арасында суфийлік бағыттың өкілдері де аз болмады. Сопылықтың нақышбандия мен ясауия тариқаттары билік пен қоғамдық санаға айтарлықтай ықпал еткен, сол себепті билік өкілдері сопылық тариқаттардың жетекшілерімен санасып отырған. Сонымен қатар, сопылар мешіттер мен медреселерді өз иелігінде ұстап, барлық діни рәсімдерге қатысып отырған.Монғол шапқыншылығы кезеңінен соң қазіргі Қазақстан жерінде пайда болған мемлекеттерде (Алтын Орда, Ақ Орда, Моғолстан) исламдану үдерісі әртүрлі өтіп жатты. Қарапайым халық арасында ескі сенімдердің (тәңіршілдік, шаманизм) қалдықтары сақталып қалды.Ислам XV ғасырда Жәнібек пен Керей негізін қалаған Қазақ хандығының ресми идеологиясы болыпжарияланды. Ислам діні жоғарғы хандық биліктің нығайуы мен түрлі қазақ тайпаларының бір этникалық қауымға біргіуне ықпал еткен идеологиялық факторлардың бірі болды. Қазақ хандығының халқы исламның сүнниттік бағытының ханафи мазхабын ұстанды, алайда қоғамдық және жеке өмірде исламның тәңіршілдік пен шаманизмнің элементтерімен өзіне тән синтезі пайда болды.XV – XX ғғ. басындағы Қазақстандағы Ислам.Қазақ мемлекетінің құрылуындағы исламның рөлі (ХV-ХVIII вв.). Қазақ мемлекеті өзінің құрылғанынан бастап мұсылмандық құқықтық нормаларына жүгінді. Барлық қазақ хандары Керей мен Жәнібектен бастап ең соңғы қазақ ханы Кенесары (1847ж. қайтыс болды.) өздерінің шариғатқа жүгінетіндіктерін атап кеткен.Қасым хан мен Есім хан қабылдаған көшпелі мемлекеттің дала заңдарына шариғаттың үлкен әсері болды. Тәуке ханның (шамамен 1718ж. қайтыс болды) «Жеті Жарғы» заңдар кодексін қабылдауы исламды қоғамдық өмір мен заңдық тәжірибеде қолдануда айтарлықтай үлкен қадам болды. Осы құжатта көрсетілген әкімшілік, қылмыс және азаматтық құқық нормалары айтарлықтай дәрежеде шариғатқа жүгінген. Бұл заңда мемлекеттің ислам дініне қолдауын мойындайды. Мысалға, «Құдайға тіл тигізген адамның күнәсі жеті куәгер арқылы дәлелденсе, оны тас атып жазалу қажет»; «Егерде біреу христиан дінін қабылдаса, жақындары оның барлық мүліктерін иемденеді».Қазақ хандығында қалыптасқан қоғамның құрылымы заңды түрде бекітілді, мұнда жүз бен руға бөлінбейтін ақсүйектерге басымдылық берілді. Ақсүйектер қатарына Шыңғыс ұрпағынан таралған төрелер мен Мұхаммед пайғамбар мен оның төрт халифасының ұрпақтарынан таралған деп есептелетін қожалар жатты. “Жеті Жарғы”заңдар жүйесінде қожалардың әлеуметтік дәрежесін ерекшелеу ислам дінінің жоғары әлеуметтік деңгейін көрсетеді.Сонымен қатар, құқықтық нормалардың басым бөлігі дала әдет-ғұрпымен байланысты болды, немесе шариғат пен әдет-ғұрыптың синтезі күйінде болды. Ислам діні дала әдет-ғұрпының басым бөлігін қабылдауына байланысты, әдет-ғұрып пен шариғаттың ара-жігін анық айыру қиын екені белгілі. Мұндай байланысты «Жеті Жарғыдан» байқауға болады. Қазақ қоғамында ислам мен көне халық дәстүрінің арадасып кеткен тұстары кездеседі. Мысалы, ислам сәбилерді атастыру («Бесік құда») салтын ислам жоққа шығармады. Бұл салт бойынша, мұндай құдаласу арқылы туысқан болу уақыт өте келе қайта жаңғыртылады. Ислам «қалың мал» төлеу секілді көне салттарға да икемділік танытты.Аймақтардағы ислам дінінің ықпалының қалыптасуы ескі түсініктердің сақталуы және олармен синтезге түсуі арқылы да жүзеге асып отырды. Діни синкретизм қалыптасты, яғни, ислам дінін ұстануда ескі діни нанымдардағы кейбір түсініктер сақталды, әсіресе анимизм, шамандық, ата-баба рухына сыйыну элементтері сақталып қалды. Осылайша, исламға дейінгі нанымдардың элементтері сақталған дәстүрлі ислам кең жайылды. Діни басшылықтың имам, молда және өзге де ресми құрылымдары қалыптасқанымен, олар баяу дамыды.XVI-XVII ғғ. Қазақстанда исламның жайылуына қазақ халқының орта азиялақ халықтары мен Еділ татарларымен тығыз экономикалық, мәдени байланыстары ықпал етті. Ислам дінінің уағыздарын Бұхар, Самарқанд, Ташкент, Хиуа, Түркістаннан келген уағызшылары тарата бастады.