Араб жаулап алушылығының Орта Азияға тигізген әсері және Қазақстандағы дінмен бірге келген тарихи білім.
Орта Азияның толық жүз жыл тарихы араб жаулап алушылығымен тығыз байланысты. Осы уақыт ішіндегі әскери қимылдар, жаңа саяси күштің және жаңа этникалық елементтердің пайда болуы елдің өміріне әсер етпей қоймады.Жаулап алушылықтың салдары көшпенділердің әдеттегі шабуылы секілді емес, терең болды.Орталық Азияда исламның орнығуы Мұхаммед пайғамбардың 4 серігі — Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли (Әзірет Әлі) сахабаларының әскери жорықтарымен бірге осы аталған 4 әулие-халифалардың тікелей ұрпақтары — қожалардың діни насихат қызметімен де байланысты болды. Уақыт өте қожалар халық құрмет тұтатын тұлғаларға айналды. Діни уағызды шейхтар кезбе дәруіштер, сопы-пірадарлар да жүргізді. Арабтардың әсерімен жергілікті елдің өз арасынан да діндар адамдар мен дінбасылар (молда, имам, ишан, қазы, қазірет, әулие, тақуа-дуаналар т. б.) көптеп шықты. Арабтар Орталық Азияның экономикалық өміріне үлкен өзгерістер әкелді. Олардың араласуымен қала мәдениеті өркендеді, халықар. сауда жедел дамыды, Ұлы Жібек жолындағы қатынас жанданды. 8 ғасырдан бастап Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстігінде мұсылмандардың қамал-бекіністері — рибаттар салынды. Бұл қамалдардың бір бөлігі кейін ірі қалаларға айналды. Қала тұрғындары арасында ислам дінін қабылдағандардың көбеюіне байланысты Аллаға құлшылық ететін арнайы орындар — мешіттер мен ханакалар салына бастады. Мешіттер рухани орталықтар қызметін атқарды. Кейін мешіттер жанынан арабша сауат ашатын медреселер ашылды. Біртіндеп көне түркі жазуының орнын араб жазуы басты. Түркілер лексикасына араб сөздері кеңінен ене бастады. Хиджра жыл санауы енгізілді. Тұрмысқа жаңа діни мейрамдар қосылды. Қайтыс болған адамдарды мұсылманша жерлеу дәстүрі орныға бастады. Қазақ сахарасында Шығыстың «Мың бір түн» сынды классик. туындылары, исламды дәріптейтін Нұх пайғамбар, Құран хиқаялары, діни аңыздар, «Сал-сал», «Зарқұм», «Жүсіп-Зілиха» т. б. дастандары кеңінен тарады. Қазақ даласына исламмен ілесіп дүниені жаңаша тануға бағытталған ғылым мен білім келді. Арабтар Қазақстанға шығыстың озық мәдениеті мен өнерін әкелді. Қазақ жерінде Әбу Наср әл-Фараби сынды әлемдік өркениетке өзіндік үлес қосқан ғұламалар өсіп шықты. Ислам басты дінге айналып, оның қағидаларын орындаушылардың қатары көбейді. Мұсылмандардың қасиетті кітабы — Құранды құрметтеуге үйретіп, бір Аллаға бой ұсындырған жаңа дін түркі тілді жұрттардың туысқандық бірлігін нығайта түсті. Кейін ислам діні түркі халықтарын жаппай орыстандыру әрекетіне қалқан болды. Орталық Азияның арабтар арқылы ислам өрісіне тартылуы түркі жұртының әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени даму үрдісін жеделдеткен фактор болды.Әл-Фараби философиялық көзқарастары ислам тарихының даулы мәселелері, әсіресе, Орталық Азиядағы исламның тағдыры мәселесін түсінуге көмектеседі. Егер ислам Орталық Азияға кездейсоқ еніп, күшпен танылды десек, басқаша айтқанда оның объективті алғы шарттары, негіздері болмады десек, онда арабтар кетісімен және Бағдадтық саяси бақылауы жойылысымен Орта Азия, Қазақстан, Шығыс Түркістан, Азербайжан, Иран және басқа да аймақтар міндетті түрде исламнан бөлініп қалар еді. Өйткені, әл-Фарабидің түсіндіруі бойынша, мәжбүр етуші фактор жойылғанда мәжбүрлілік жолмен пайда болған бірігу жойылуға тиіс. Осы қағидаға байланысты ислам дінінің таралуының трихи заңдылығы дәлелденеді. Жаңа дін империя ыдырағаннан кейін жойылмақ түгілі, ол одан сайын нығайып, өрісі кеңейіп, терендей түсті.