Орындаған: Сатпаева Анель ҚФ-402 топ Эссе



Дата07.02.2022
өлшемі16,87 Kb.
#90086
Байланысты:
Сын туралы эссе


Орындаған: Сатпаева Анель
ҚФ-402 топ
Эссе
Сын мен сыншы
Бұл дүниеде сөздің құдіретіндей құдірет жоқ. Расында, қазақ халқы сөз өнерін, сөз қадірін қашан да жоғары бағалаған. Ел ішінде сыйлы бола білген аузы дуалы би-шешендеріміз тауып айтқан ұтқыр да орынды сөзімен талай даудың шешімін тауып, жаудың бетін қайтара білген. Ал төл әдебиетімізде осындай сөз өнерінің майталмандары ақын - жырауларымыз халық даналығы мен талғамымен бірге өзінің эстетикалық көзқарасын, сыни ойлау жүйесін қалыптастырды. Демек, қазақ әдебиеттану ғылымының маңызды арналарының бірі болып табылатын сынды халықтың эстетикалық талғамы қалыптастырды.
Ендеше сын дегеніміз не? Бұл сауалға көпшілігіміз, сын деген қандай да бір әдеби не көркем шығармаға, құбылысқа берілген баға, сол туралы тұжырым деп жауап беретініміз анық. Алайда сынның атқарар қызметі белгілі бір шығарманы бағалап, мазмұнын түсіндіріп қана қоймай, оның жетістіктері мен кемшін тұстарын оқырманға шыншыл әрі батыл түрде айтып, оның әлеуметтік мәні мен берер насихатын жеткізумен көрінеді. Ал сынның дәрежесінің жоғары не төмен болуы, тікелей сыншыға тәуелді болмақ. Сыншы - оқырманға я көрерменге туындының жетістігін көрсетіп, кемшілігінің себебін түсіндіріп беруші. Қалың оқырманға сапалы дүниені жеткізу үшін, сыншыға ең алдымен керегі - білім мен қара қылды қақ жаратын әділдік деп білемін. Осындайда Абайды жанына алып, билікке араластырған Құнанбайдың Абайға үш түрлі қасиетінің жақпайтынын айтып сынауы, ұлының айтқан жауабына разы болып, әкелік тілегін айтқанын мысал еткім келеді. Балаларының ішінен туған-туыстары Оспаннан үміт күтсе, Құнанбайдың Абайдан үміт күтуі, ұлының бойынан ерекше дарындылықты байқағандығын, яғни Құнанбай қажының сыншылық қасиетінің бар екендігінің көрінісі. Осы тұста сыншылық қабілет кей адамда туғаннан болатын дарындылық шығар деген ой туындағаны жасырын емес. Сондай-ақ, Әлихан Бөкейхановтың «Қазақ» газетінде «Қыр баласы» деген лақап атпен Қобыланды батыр жыры жайлы жазған сыни мақаласын оқығаным бар. Мақалада жырдың тарихилығын, текстологиялық мәселесін, басылып шыққан кітаптың мұқабасын сынайды, яғни жырға алып-қоспа сөздердің көп қосылуы, тарихи шындыққа жанаспайтын оқиғалар мен мұқабадағы батырдың бейнесі тіптен өзгеше, орыс халқының батырларына ұқсайтынын сынай келе, әділ сыншы ретінде эпостық жырларды басып шығаруда ескерілуі керек негізгі өзекті мәселені көтере білді. Бұл жерде сыншыны нағыз халық мұрасының, әдебиетінің жанашыры ретінде тани білдім.
Жоғарыда жазып өткенімдей, сынның негізгі мақсаттарының бірі – келіссіз дүниені барынша мінеу емес, ең алдымен адамның жан дүниесін, талап-талғамын әсемдік пен көркемдікке тәрбиелеу. Ал профессионал сыншының міндеті туындыны алдымен өзі түсініп, ой елегінен барынша өткізіп барып, жетістігін көрсетіп, кемшілігін оқырманға түсіндіру. Яғни нағыз сыншы алдына келген дүниенің эстетикалық әлемін көре білуі қажет.
Қорытындылай келе, әдебиетке сын да сыншы да қашан да керек. Сын болмаса, қоғамдық ой мен пікір мешеуленіп қалар ма еді. Сондықтан халық үшін, қоғам үшін әдебиеттің мәні, маңызы ерекше екені айтпаса да анық. Ал әдебиеттің қуаты мен жай-күйін сынның белгілі бір дәрежесі атқарады. Сол себепті де сын бұрындары төл әдебиетіміз бен мәдениетімізге қалай керек болса, бүгін де өзінің маңызын жоғалтқан емес.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет