Байланысты: БББ 41 Темирова Айнур Курсовая работа (1)
Ақпараттандыру– азаматтардың ақпараттық тұтынушылығын қанағаттандыру үшiн тиiмдi шарттарды құру процесi. Басқаша айтқанда, ақпараттандыру – ақпараттық-техникалық құралдарды (мысалы, компьютерлiк техникаларды) бағдарламалар, әдiстемелiк құралдар кешенiмен жабдықтау. Көп жағдайда пайдаланушылар ақпараттандыруды „компьютерлендіру” ұғымымен бірдей түсінік ретінде қарастырады. Компьютерлендiру - бiлiм беру жүйесiн компьютермен жабдықтау. Бұл екi ұғымды бiрi-бiрiнен бөлiп қарауға болмайды. Бiрақ, компьютерлендiру ұғымы ақпараттандыру ұғымының құрамына кiредi.
Адам ақпаратты сезім мүшелері арқылы қабылдайды, мидың және орталық нерв жүйесінің көмегімен ақпаратты өңдейді, есте сақтайды. Адамның ойша есеп шығаруы, мәтінді бір тілден екінші тілге аударуы ақпаратты өңдеу процесінің мысалдары. Ақпаратты өңдеу процесі адамның ақыл-ой іс-әрекетіне байланысты.
Қандай да бір нәтижеге жету мақсатындағы ақпаратқа қатысты іс-әрекеттер тізбегінің жиынтығы ақпараттық процесс деп аталады.
Ақпараттық процесс адамға қатысты әлемде ғана емес, табиғатқа қатысты да жүреді. Тірі табиғатта популяциялық түрленулер тұрақты ақпарат алмасуға негізделген. Мысалы, өсімдіктер әлеміндегі жыл мезгіліне байланысты өзгерістер – ақпараттық процесс нәтижесі. Атап айтқанда, ауа температурасының өзгеруі, күн сәулесінің ұзақтығы өсімдіктердің өмір сүруі үшін маңызды.
Ақпарат түрлерін жіктеудің бірнеше критерийлері бар. Бірінші критерий ретінде көру, есту, иіс сезу, сипап сезу, дәм сезу сияқты адамның ақпаратты қабылдау түрлерін атауға болады. Қабылдау түрлеріне байланысты ақпаратты негізгі үш топқа бөлеміз:
Мәтін, кескін, графика, сурет, фотосурет, анимация, бейнефильм секілді көру арқылы қабылданатын ақпараттар. Мұны визуалды ақпарат деп атайды.
Дыбыс, сөз, әуен сияқты есту арқылы қабылданатын ақпараттар. Мұны дыбыстық ақпарат деп атайды.
Арнайы техникалық құралдар көмегімен адамның сенсорлық жүйесі арқылы қабылданатын ақпараттар. Мұны сенсорлық ақпарат деп атайды.
Бұл келтірілген ақпарат түрлері басқа критерийлер бойынша да жіктеледі. Соның бірі – адамның ақпаратты қабылдау әдісіне байланысты. Сондықтан да адам қабылдайтын ақпаратты тура және ассоциативті ақпарат деп бөлеміз.
Қандай да бір объектінің немесе процестің негізгі қасиетін сипаттайтын ақпаратты тура ақпарат деп атайды. Мысалы, судың мөлдірлігі, түссіздігі және сұйықтығы.
Адамның бір тақырып төңірегіндегі бұрын қабылдаған ақпараты мен жаңа ақпаратты салыстыру, елестету арқылы қабылдауын ассоциативті ақпарат деп атаймыз. Мысал ретінде, жоғарыда келтірілген судың негізгі сипаттамалары арқылы оған қосымша сипаттама беретін ақпаратты келтіруге болады.
Ақпарат кеңістік арқылы ғана емес, уақытқа байланысты да таратылады. Мысалы, ежелгі сына жазулары, Күлтегін жазбасы, жартастардағы суреттер, адамның гендік қасиеттерінің ұрпақтан ұрпаққа берілуі т.б.
Ақпаратты ұсынудың бірнеше әдістері бар. Ауызша, жазбаша және сурет, графика, бейнемәлімет, дыбыстық мәлімет арқылы көрнекілік негізде ұсыну т.б. Ақпаратты ұсыну үшін алдымен жинақталған, өңделген, сақталған ақпарат болуы керек. Адам ақпаратты іздеу, жинау, сұрыптау, өңдеу, сақтау арқылы ғана ой-елегінен өткізіп ұсына алады. Сонымен қатар, баспа құралдары, техникалық құралдар арқылы да ақпаратты тарата аламыз.
Оқытудың ақпараттық технологиялары– білім беруге бағытталған компьютерлiк техниканың, телекоммуникациялық байланыс құралдарының, инструменталды бағдарламалық жабдықтардың жиынтығы.
Ақпаратты-коммуникациялық технологиялар - локалдық, аймақтық, бүкiл әлемдiк желiлерде ақпарат алмасуды жүзеге асыратын қазiргi заманғы байланыс құралдарының барлық түрлері, бағдарламалық жүйелер мен кешендер (бағдарламалау тiлдерi, трансляторлар, компиляторлар, операциялық жүйелер, қолданбалы бағдарламалық жабдықтарды дайындауға арналған инструменталды пакеттер), мультимедиа, телекоммуникация секілді техникалық-бағдарламалық құралдар жиынтығы.
Ал, оқу-әдiстемелiк, нормативтi-құқықтық, ұйымдастырушылық-техникалық материалдарды бiрлесе пайдалану негiзiнде жұмыс iстейтiн болса, мұны бiлiм беруге арналған ақпаратты-коммуникациялық технологиялар деп қарастыруға болады.
Ақпаратты-коммуникациялық технологиялар қызметі мынадай қасиеттерімен сипатталады:
өңдеу процесінің нысаны мәліметтер болып табылады;
ақпараттық процестің мақсаты ақпарат алмасуға негізделеді;
ақпараттық процесті жүзеге асыру құралдарын бағдарламалық, аппараттық, бағдарламалы-аппараттық кешендер құрайды;
ақпараттық процесті тиімділендіру параметріне ақпаратты тұтынушыға жеткізудің дәлдігі, сенімділігі, толықтығы жатады.
Енді ұлы дидактик Я.А.Коменский „Алтын ережеге” балаған көрнекілік ұстанымының талаптарына толық жауап бере алатын мультимедиалық технологиялар ұғымдарын қарастырайық. Алдымен мультимедиа ұғымына талдау жасап көрейік.
Мультимедиаға зерттеушi ғалымдар түрлiше анықтама бередi:
Мультимедиа - әртүрлi типтi ақпараттарды компьютердiң ұсыну мүмкiндiгiн дамытатын және адамның мультисенсорлық табиғатына негiзделген технология (D.Little).
Мультимедиа - екi не онан да көп типтi ақпараттарды интерактивтi формада бiрiктiру (D.H.Jonassen).
Мультимедиа - әртүрлi формада ұсынылған ақпараттарды бiрiктiруге мүмкiндiк беретiн компьютердiң аппараттық және бағдарламалық құралдары кешенi (И.И.Косенко).
Мультимедиа - графика, гипермәтiн, дыбыс, анимация, бейнемәлiметтердi пайдалануға мүмкiндiк туғызатын аппаратты-бағдарламалық құрал (И.Вернер).
Мультимедиа терминiлатын тiлiнiң „multy” (көп) және „media” (орта) деген сөздерiнiң бiрiгуiнен құралған. Сондықтан да, мультимедиалық жүйеге арналған оқулықтарды, ғылыми еңбектердi саралай келе бұл терминге „ақпараттық орта” деген мағына беруге болады. Ал, ақпараттық орта түсiнiгiн белгiлi бiр ортада ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы ақпаратты ұсыну мен өңдеуге бағытталған арнайы ұйымдастырылған процесс деп қабылдай аламыз.
Осы орайда, мультимедиаға және оған қатысты ұғымдарға өздiгiмiзше анықтама бере кетейiк.