Оралхан Бөкей (28.9.1943, Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Шыңғыстай ауылы — 17.5.1993, Үндістан, Дели қаласы, Алматыда жерленген) — Жазушы-драматург, журналист, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Жастар сыйлығының лауреаты, Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың лауреаты.
Оралхан Бөкей 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Шыңғыстай ауылында дүниеге келді. Найман тайпасы Көкжарлы Қаратай руынан шыққан.
Әкесі Бөкей көп сөйлемейтін, сөйлей қалса сөзі өткір, қанжардай қиып түсетін, сөзге шешен, астарлап сөйлеп өз ойын дәл жеткізетін, рухы мықты, жаны таза адам болған. Анасы Күлия көреген, ділмар, аузын ашса көмейі көрінетін ашық кісі болған. Үнемі топ бастап жүретін, қажет жерінде қиыннан қиыстырып өлең де шығарған. Керемет даусы бар әнші де болған. Отбасында бір ұл - Оралхан, бес қыз – Шолпан, Әймен, Ләззат, Мәншүк, Ғалия. Оралхан дүниеге келгенде сұрапыл соғыс жылдары болғандықтан, әкесі Оралға еңбек майданына аттанған кез болатын. Анасы Күлия әкесі еңбек майданынан аман-есен оралсын деп ырымдап, сәбидің атын Оралхан деп қойған екен. Ол 1961 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебінсоң, аға пионер вожатый және Алтай совхозында тракторшы болып жұмыс істеген. 1963-1969 жылдары Оралхан Бөкей С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде сырттай оқыды.
1965-1968 жылдары ол Большенарым ауданының «Еңбек туы» газетінде корректор, аудармашы, редактордың орынбасары, Шығыс Қазақстан облысының «Коммунизм туы» («Дидар») газетінде әдеби қызметкер болды.
Оралхан Бөкей 1968 жылы республикалық «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінің шақыруы бойынша Алматыға келеді. Оның журналист боп, жазушы болып қалыптасуына Шерхан Мұртазаның ағалык қамқорлығы ерекше әсер етті. Ешкімге белгісіз Шыңғыстайдағы тракторшы баланың бойынан жалындаған талант отын байқаған Шерхан Мұртаза оны Алматыға жетелеп әкеп, дуылдаған қаламгерлер қауымының қалың ортасына салды да жіберді. өмірінің соңына дейін ол журналистика мен жазушылықты қатар алып жүрді.
1974-1983 жылдары Оралхан Бөкей «Жұлдыз» журналының проза бөлімінің меңгерушісі, 1983-1991 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде редактордың орынбасары, 1991-1993 жылдары бас редакторы болды. 1970 жылы Алматы қаласындағы «Жазушы» баспасынан басылып шыққан «Қамшыгер» атты алғашқы жинағы жас жазушының атағын шығарды. Осы баспадан оның «Үркер» (1971), «Қайдасың, қасқа құлыным?» (1973), «Мұзтау» (1975) әңгімелер мен повестері шығарылды. Оралхан Бөкейдің «Ән салады шағылдар» (1978), «Үркер ауып барады» (1981), «Біздің жақта қыс ұзақ» (1984) әңгімелер мен повестері «Жалын» баспасынан жарық көрді. 1986 жылы оның «Құлыным менің» деп аталатын драмалық шығармалары «Өнер»баспасынан, 1987 жылы «Ұйқым келмейді» деп аталатын творчестволық әңгімелері «Жазушы» баспасынан шығарылды. “Алданған ұрпақ” трилогиялық романы қолжазбалық ойлар күйінде аяқталмай қалған. “Құлыным менің” (1974), “Текетірес” (1976), “Қар қызы” (1982), “Зымырайды поездар” (1984), “Жау тылындағы бала” (1985), “Мен сізден қорқамын” (1987) пьесалары қазақ және орыс тілдерінде республикалық, облыстық, сондай-ақ, бұрынғы одақтас республикалар театрларында қойылған. Оралхан Бөкей – есімі дүние жүзіне танымал жазушы. Оралхан Бөкейдің шығармалары дүние жүзінің көптеген тілдеріне орыс, ағылшын, француз, неміс, жапон, араб, қытай және басқа да ұлы халықтар тілдеріне аударылған. Оның өзге тілде жарық көрген шығармалары - «След молний», молодая гвардия, М, 1978; «Поющие барханы», Советский писатель, М, 1981; «Чағылған», Қырғыстан, Фр., 1981; «След молнии», Христо Данов, Болгария, 1981; «Кербұғы», Эстония, 1981; «Крик», Советский писатель, М, 1984; «Үркер ауып барады», Фольк Унд Вельт, Берлин, 1982 Оралхан Бөкейдің шығармаларынан «Кісікиік» (1985, режиссері М.Самағұлов), «Сайтан көпір» (1986, режисері Д.Манабаев) көркем фильмдері және «Кербұғы» (1986, балетмейстер Б.Аюханов) балеті қойылды.
1994 жылы оралхан Бөкейдің повестері «Таңдамалы» 1 том болып, 1996 жылы повестері мен романдары «Таңдамалы» 2 том «Жазушы» баспасында жарық көрді.1976 жылы Оралхан Бөкей «Құлыным менің» пьесасы үшін Қазақстан Республикасы Жастар сыйлығының лауреаты,1978 жылы «Найзағай ізі» повестері мен әңгімелері үшін Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың лауреаты,1986 жылы «Біздің жақта қыс ұзақ» повестері мен әңгімелері үшін Абай атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты наградаларына ие болды.Оралхан Бөкей 1993 жылы 17 мамырда Үндістан жерінде, Делиде қайтыс болды.