Сталин өлгеннен кейінгі жылымықта Бекмаханов ісі де қайта қаралып, 1954 жылғы ақпанның 16-ы толық ақталып шықты. Бұған Хрущевтің қабылдауына барып, мән-жайды түсіндірген Панкратова да үлес қосқан еді. Сот шешіммен ақталып келгеніне қарамастан Ермұқан Бекмахановтың қоғамға қайта сіңуі оңай болмады. Бірінші хатшы Пантелеймон Пономаренконың араласуынан кейін ғана санатқа іліне бастады. Осындай қиын кезеңдерде Бауыржан Момышұлының Бекмахановқа қалай ашық қолдау көрсеткені «Ермұқан Бекмаханов туралы естеліктер» (А.,2005) кітабында баяндалады.