РЕСЕЙДІҢ ҚИЫР ШЫҒЫСЫ Камчатка түбегі
Камчатка – Евразия материгінің солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан түбек. Батысында – Охот теңізімен, шығысында – Беринг теңізімен және Тынық мұхит суларымен шайылып жатыр. Солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 1200км-ге созылған. Ауданы 472,3мың шаршы км. Түбектің шығыс жағалауы қатты тілімденген, сондықтан көптеген шығанақтар мен мүйістер түзілген. Түбектің орталық бөлігін Орталық және Шығыс жоталар кесіп өтеді. Олардың арасында Орталық Камчатка ойпаты орналасқан, бұл жермен Камчатка өзені ағып өтеді.
Жанартаулар – Камчатка түбегінің көзге көрінерлік объектілері болып табылады. Мұнда барлығы 160мыңнан астам жанартаулар бар. Камчатканың көпшілік өзендері бастауын тау етегінен және мұздықтардан алады. Гейзерная және Шумная өзендерінің қосылған жерінде әлемге әйгілі Гейзерлер Аңғары орналасқан. Ең ұзын өзені – Камчатка өзені. Камчаткада өсімдіктердің 1200-ден астам түрі таралған, соның ішінде ағаштардың, бұталардың, лиандардың 100-ден аса түрі бар. Ағаштардың ең көп таралған түрі – Эрман қарағайы, ұзындығы 15-20м, диаметрі 90см болып келеді. Түбектің эндемигіне – “пихта грациозная” өсімдігі жатады.
Камчатканы шайып жатқан сулар әртүрлі моллюскілерге, теңіз сүтқоректілеріне және де балық қорына мол. Түбекте құстардың 220-ға жуық түрі бар. Жабайы аңдарының ішінен ең ірісі әрі атақтысы – Камчатка аюы.
Камчатка түбегіндегі вулкандар
Охот теңізі – Тынық мұхитынан Камчатка түбегі, Куриль аралдары және Хоккайдо аралы арқылы бөлініп тұрған бөлігі. Солтүстік-шығыс Азияда орналасқан. Ресей және Жапонияның жағалауларын шайып жатыр. Ауданы – 1603мың км кв. Орташа тереңдігі – 1780м, ал терең нүктесі – 3916м. Теңіздің батыс бөлігі материктік қайраңда жатқандықтан, таяз болып келеді. Теңіздің орталық бөлігінде Дерюгин және Тинро ойпаттары орналасқан. Қазан айынан бастап мамыр-маусым айларына шейін мұз басып жатады. Теңіздің солтүстік жағалауы қатты тілімденген.
Охот теңізінің солтүстік-шығысында ең ірі шығанағы – Шелихов шығанағы орналасқан. Теңізге Амур, Охота, Кухтуй өзендері келіп құяды.
Теңіздің атауы Охота өзенінің атымен аталған. Ол эвен тілінде “өзен” деген мағынаны білдіреді. Бұрын Лам теңізі, Камчатка теңізі деп те аталған.
Қыста су бетінің температурасы -1,8 – +2С, жазда 10-18С-қа дейін көтеріледі. Суының тұздылығы 32,8-33,8промиллені құрайды.