Сталиннің жеке басқа табынуды айыптау
Сталин билік еткен жылдары қандай қателіктер жасады десек, онда біріншіден, ол Ленин бастап кеткен жаңа экономиялық саясат бағдарламасын, жер – су реформаларын аяқсыз қалдырып, оның орнына бай-кулактарды, орташыларды, қазақ зиялыларын қудалау басталды. Жер – су реформасының мақсаты, қазақтарға жерлерін қайтару болатын, бірақ бұл саясат аяғына дейін орындалмады. Себебі, 1920 жылдардың аяғына қарай ұжымдастыру науқаны басталып кеткен болатын. Бұл Сталиндік социализмнің ең сауатсыз тәжірбиесінің бірі болатын. Бұл тәжірбиені Қазақстанда іске асырушы сол кездегі Қазақ өлкелік партия ұйымының басшысы, шаш ал десе бас алатын – Голощекин ( 1925 – 1933 ж. ) болатын. Билікке келген Голощекин, елімізде «Кіші Қазан» төңкерісін жасады. Мұны Сталиннің басшылығымен болған «Сталиндік социализмнің Қазақстандағы голощекиндік социализмі» деп атасақ та болады.
Сталин, Голощекин жіберген қателіктерін басқаларға жабу арқылы «халық жауларын» іздеу науқанын жүргізіп, халықтың толқуын басуға тырысты. Ол өз нәтижесін берді де. «Оңшыл оппортунистер» деген айыпқа енді «буржуазииялық ұлтшылдар» деген айып тағылып, бұрынғы Алашорда қайраткерлерінің ішінен 44 адамға жалған айып тағып, олар 1928 жылы қамауға алынды. Олардың арасында А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймаутов және басқалар бар еді. Міне, осылай қазақ зиялыларының көзін жою басталып кеткен болатын.Қазақстан лагерлер өлкесіне айналып: «Карлаг», «Степлаг», «АЛЖИР» т.б. ондаған лагерлер құрылды.
1937 – 1938 жылдардағы саяси қуғын – сүргін саясатынан кеңес өкіметін орнату жолында коммунистік идеяның салтанат құру жолында аянбай күрескендер де құтыла алмады. Мысалы: 1917 жылдан партия мүшесі, Қазақстан өлкелік Партия ұйымының 1933 жылдан басшысы болған Л.И.Мирзоян да қуғын – сүргін құрбаны болды.
Сталиндік социализмнің екінші қателігі – халықтар депортациясы. Кеңестік халықтарды күштеп ата – мекенінен көшіру жоспарлы және құпия түрде іске асырылды. Сталиндік шешімдер Одақтас Республикалардың Ата заңдарындағы азаматтардың ұлтына, жеке басына қарамай, тұрғын үйлеріне ешкімнің қол сұғуына болмайтындығы туралы берілген кепілдіктерін өрескел бұзып отырды
Сталиндік социализмнің келесі өрескел әрекеті және қателігі – орыстандыру саясаты. 1928 жылы Қазақстанда қолданыста болған араб әрпі латын әріпімен ауыстырылды. Бұл саясатына А.Байтұрсынов бастаған қазақ зиялылары қарсы шықты. Олар, бұл саясаттың түпкі астары қандай саяси – иделогиялық мақсат көздейтінін жақсы түсінді