Желдетулік-перфузиялық қатынастың өзгеруі де респираторлы гипоксия дамуы себептерінің бірі болуы мүмкін. Альвеолалық желдетудің минуттық көлемінің өкпеден 1 минутта ағып өтетін қан көлеміне қатынасы қалыпта 0,8—1,2 диапазон аралығында болады. Бұл көрсеткіштің төмендеуі альвеолалық желдетудің азаюын көрсетеді. Оның жоғарылауы әдетте, қанның жартысы өкпе капиллярларына түспейтіндіктен оттегімен қанықпайтын анатомиялық шунттаумен, өкпелік қан айналымның төмендеуімен жүреді.
Қанайналымдық гипоксия қан айналым жүйесіндегі бұзылыстарда дамиды, бұл ағзалар мен тіндердің қанмен және оттегімен қамтамасыз етілуінің жеткіліксіздігіне әкеледі. Дарси заңына сәйкес ағза арқылы көлемді қанағым тамырлардың артериялық және веналық шеттерінің арасындағы қысымның әртүрлі болуымен (тікелей тәуелділік) және қан тамырлары жүйесінің гидравликалық қарсылығымен (кері тәуелділік) анықталады. Микроциркуляцияның, қанның реологиялық қасиеттерінің бұзылыстарымен байланысты болатын циркуляторлық гипоксия маңызды орын алады. Формалық элементтердің агрегациясының жоғарылауы, эритроциттер мембранасы қаттылығының артуы, капилляр қабырғасы өткізгіштігінің жоғарылауы және интерстициалды ісінудің түзілуі капиллярлардан тінге оттегінің жеткізілуі мен диффузиясын қиындатады.
Қандық гипоксия
Қандық гипоксия
Қандық гипоксия анемияда, гемоглобин байланыстыру қабілетінің бұзылыстарында, тіндерге оттегі тасымалдау және беру бұзылыстарында байқалатын қанның оттегілік сыйымдылығы азайғанда дамиды. Эритропения — қан көлемінің бірлігінде эритроциттер санының азаюы — жілік майының қан жасау қызметінің басылуымен, бүйрек жетіспеушілігі салдарынан эритропоэтин шығуының азаюымен, эритроциттер гемолизінің жоғарлауымен негізделуі мүмкін. Эритропениялар әдетте қанда гемоглобин мөлшерінің төмендеуімен жүреді.