3-тарау. Қонақ үйлерді, мотельдерді, кемпингтерді ұстау тәртібі 88. Қонақ үйлерде, мотельдерде, кемпингтерде мемлекеттік және орыс тілдерінде өрт қауіпсіздігі қағидасы бар жадынамалар ілінеді. Шетел азаматтары тұрған кезде өрт қауіпсіздігі туралы жадынама бірнеше тілде толтырылады.
89. Қонақ үйлердің, мотельдердің, кемпингтердің нөмірлерінде және жатақханалардың есіктерінің ішкі жағында өрт болған жағдайда эвакуациялау жолдарының жоспарында нөмірлері мен бөлмелері, эвакуациялау жолдары мен қозғалыс бағыты, өрт сөндіру құралдарын орналастыру орны мен қажетті түсіндірме мәтіні бар дабылы көрсетіліп, ілініп тұрады.
90. Қонақ үйлердің тұрғын қабаттарында қоймалар, кеңселер орналастыруға жол берілмейді.
91. Қонақ үйлердің, кемпингтердің, мотельдердің ғимараттарының қызмет көрсетуші персоналы жұмыс орнында тікелей сақталатын тыныс алу органдарын жеке қорғау құралдарымен және электр шамдарымен қамтамасыз етіледі.
4-тарау. Ғылыми және оқу орындарын, мектепке дейінгі балалар мекемелерін ұстау тәртібі 92. Жарылыс және өрт қаупі бар заттар мен материалдарды қолдануға байланысты тәжірибелік (эксперименттік) қондырғыларда жұмыс істеуге оларды кәсіпорын бұйрығымен тағайындалған ведомстволық комиссия пайдалануға қабылдағаннан кейін ғана жүргізіледі. Комиссия олардың өрт жарылыс және өрт қауіптілік дәрежесін анықтайды және оларды әр түрлі орындарға орналастыру мүмкіндігі туралы қорытынды дайындайды.
93. Оқушылармен және студенттермен тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі қағидасымен және өрт шыққан жағдайдағы іс-әрекеттермен танысу сабақтарын ұйымдастыру қажет. Бастауыш сыныптармен, сондай-ақ мектепке дейінгі балалар мекемелерінде әңгімелесулер өткізу қажет. Жалпы білім беретін мектептерде, кәсіби мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында өрт қауіпсіздігі қағидасын оқу бойынша нұсқаулық сабақтарын өткізу қажет.
94. Зертханаларда және басқа да үй-жайларда тез тұтанатын сұйықтықтар мен жанғыш сұйықтықтарды ауысымдық қажеттілікті арттырмайтын мөлшерде сақтауға рұқсат етіледі. Үй-жайға сұйықтықтар жабық қауіпсіз ыдыста жеткізіледі.
95. Егер тартпалы шкафта орындалатын операцияға қатысы жоқ заттар, материалдар мен жабдықтар болса, сондай-ақ олар жарамсыз және желдеткіш жүйесі іске қосылмаған болса, онда олармен жұмыс істеуге жол берілмейді.
96. Тартпалы шкафтардың тез тұтанатын заттармен жұмыс жүргізілетін ағаш бөліктері оттан қорғайтын лакпен сырланады немесе жанбайтын материалдармен боялады.
97. Жұмыс соңында қолданылған тез тұтанатын сұйықтықтар мен жанғыш сұйықтықтар арнайы жабық ыдыста жиналып, бұдан әрі пайдаға асырылуы үшін зертханадан шығарылады.
98. Тез тұтанатын сұйықтықтар және жанғыш сұйықтықтарды канализацияға төгуге жол берілмейді.
99. Тез тұтанатын сұйықтықтармен және жанғыш сұйықтықтармен жұмыс жүргізілген ыдыстар тәжірибеден кейін өртке қауіпсіз ерітінділермен жуылады.
100. Балалар мекемелерінің көп қабатты ғимараттарында кіші жастағы балалардың топтары (сыныптары) екінші қабаттан жоғары орналастырылмайды.
101. Сыныптарда, кабинеттерде, шеберханаларда, жатын бөлмелерде, асханалар мен басқа да бөлмелерде жиһаздар мен жабдықтарды орналастыру кезінде адамдарды кедергісіз эвакуациялау және өрт сөндіру құралдарын алуы қамтамасыз етіледі.
102. Оқу сыныптары мен кабинеттерінде шкафтарда, сөрелерде немесе тұрақты орнатылған тіреулерде сақталуы тиіс оқу үдерісін қамтамасыз етуге арналған қажетті жиһаздар, аспаптар, үлгілер, керек-жарақтар, құралдар ғана орналастырылады.
103. Оқу сыныптары мен кабинеттеріндегі парталар (үстелдер) саны жобада белгіленген саннан аспауы тиіс.
104. Сабақтар аяқталғаннан кейін кабинеттердегі, зертханалардағы және шеберханалардағы өрт, жарылыс және өрт қаупі бар барлық заттар мен материалдар жеке үй-жайларда орналастырылған жанбайтын шкафтарға (жәшіктерге) қойылады.
105. Жұмыс аяқталғаннан кейін үздіксіз жұмыс істейтін аппараттар мен электр құралдарынан басқа электр тұтынушы барлық үй-жайларға тексеріс жүргізіледі.
106. Сыйымдылығы 25 адамнан астам мектеп ғимараттары мен мектепке дейінгі балалар мекемелерінде пешпен жылыту, керосинмен және электрмен жылыту құралдарын пайдалануға жол берілмейді.
107. Балалар тәулік бойы болатын мектеп ғимараттары мен мектепке дейінгі балалар мекемелерінде телефон байланысы қамтамасыз етіліп, қызмет көрсету персоналының тәулік бойы кезекшілігі белгіленеді.
5-тарау. Балалардың жазғы демалыс орындары мен сауықтыру лагерьлерін ұстау тәртібі 108. Балалардың жазғы демалысына арналған ғимараттар мен сауықтыру лагерьлері кемінде екі эвакуациялық тікелей сыртқа шығу жолымен жабдықталады.
109. Балалардың сауықтыру лагерьлерінің ағаш ғимараттары бір қабатты етіп қарастырылады. Каркас және тақтай ғимараттар сылануы және жанбайтын жабыны мен жанбайтын жылытқышы болуы керек.
110. Ағаш ғимараттардың шекті сыйымдылығы бір балаға 2,5 шаршы метр есебімен 50 балаға дейін болуы тиіс.
111. Мыналарға:
1) қолданыстағы балаларды сауықтыру лагерьлерін жалға беруге;
2) ғимараттарды тез тұтанатын материалдармен (сабанмен, жаңқамен, қамыспен, жоңқамен) жабуға;
3) балалар жұмыс істейтін ағаш ғимараттарда асханалар, кір жуу орындарын орнатуға;
4) жанғыш құрылымдардан жасалған ғимараттарда 50-ден астам балаларды орналастыруға;
5) жазғы маусымда балалар жұмыс істейтін үй-жайларда пеш жағуға, керосинді және электрлік қыздыру құралдарын қолдануға жол берілмейді.
112. Балалардың жазғы демалыс орындарындағы, сауықтыру лагерьлеріндегі кір жуатын бөлмелер мен асханаларды балалар орналасқан ғимараттан 15 метр қашықтықта оқшау құрылыстарға орналастырылады.
113. Балаларды сыртқы өртке қарсы сумен жабдықтаумен қамтамасыз етілмеген балалардың жазғы демалыс орындарында, сауықтыру лагерьлерінде орналастыруға жол берілмейді.
114. Балалардың жазғы демалыс орындары, жазғы сауықтыру лагерьлері телефон байланысымен, өрт болған жағдайда берілетін дабыл белгісімен және алғашқы өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етіледі. Бұларда қызмет көрсетуші персоналдың тәулік бойы кезекшілігі белгіленеді. Кезекшілердің үй-жайларына телефон орнатылады.
6-тарау. Мерекелік іс-шараларды өткізу орындарын ұстау тәртібі 115. Адамдар жаппай жиналатын іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу кезінде:
1) кемінде екі эвакуациялау жолымен қамтамасыз етілген және жанғыш далдалары бар ғимараттарда 2-қабаттан жоғары емес орналасқан үй-жайлар ғана пайдаланылады;
2) шыршалар орындарында мықтап бекітіліп, бұтақтары қабырғалар мен төбеге тимейтіндей және үй-жайдан шығуға қиындық келтірмейтіндей есеппен орналастырылады;
3) үй-жайда электрлік жарықтандыру болмаған жағдайда шырша жанындағы іс-шаралар күндізгі уақытта ғана өткізіледі;
4) иллюминация Электр қондырғыларын орнату қағидаларын сақтай отырып орындалады. Төмендету трансформаторысыз электрлік жарықтандыру желісін пайдаланғанда шыршада кернеуі 12 Вольтқа дейін кезектесіп жанатын шамдары бар гирляндтар қолданылады;
5) иллюминацияда ақау байқалған жағдайда (сымдардың күюі, шамдардың жыпылықтауы, ұшқын шығуы) ол дереу сөндіріледі;
6) іс-шараларды өткізу кезінде залда, сахнада және зал бөлмелерінде жауапты адамдардың, өртке қарсы құралымдардың мүшелерінің немесе өртке қарсы қызмет жұмыскерлерінің кезекшілігін ұйымдастыру қажет. Іс-шаралар өткізілетін үй-жайлар алғашқы өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етіледі.
116. Мыналарға:
1) іс-шаралар өткізілетін үй-жайлардың терезелерінде торлары болған жағдайда оларды өткізуге;
2) доғалы прожекторларды, шырақтар мен шартылдақтарды қолдануға, отшашулар мен өрттің шығуына әкелуі мүмкін басқа да жарықтандырғыш өрт қауіпті әсерлерді өткізуге;
3) отпен байланысты және басқа да жарылыс, өрт қауіпті және өрт қауіпті жұмыстарды жүргізуге;
4) үй-жайларды қараңғылау үшін терезелерге қақпақтар орнатуға;
5) қатарлар арасындағы өту жолының енін қысқартуға және өту жолдарында қосымша креслолар, орындықтар қоюға;
6) үй-жайда қойылым немесе көрсетілім жүріп жатқан кезде жарықты толықтай өшіруге;
7) үй-жайға жобалық құжаттамада белгіленгеннен артық адамдармен толтыруға жол берілмейді.
117. Шам қойғыштар, ашық отты пайдаланатын шырағдандар берік жанбайтын тұғырларға орнатылады және олардың құлауын болдырмайтындай жағдайларда пайдаланылады.
118. Шамшырақтарды пайдалану кезінде:
1) жанып тұрған шамшырақтарды желдің өтіне қоюға;
2) жанып тұрған шамшырақтарды тез тұтанатын материалдардың қасына қоюға;
3) жанып тұрған шамшырақтарды қараусыз қалдыруға;
4) жанып тұрған шамшырақтарды балалар мен үй жануарларға қол жетімді жерлерде қалдыруға жол берілмейді.
119. Ашық от көзі қолданылатын басқарылмайтын ұшпалы фонарларды пайдалануға және іске қосуға жол берілмейді.
7-тарау. Сайлау учаскелерін ұстау тәртібі 120. Әрбір сайлау учаскесінде оның жұмысы басталғанға дейін 10 күн бұрын кешіктірмей сайлау учаскесі орналастырылған объектінің (ғимараттың, үй-жайдың) басшысы тиісті сайлау комиссиясының төрағасымен бірлесіп, объект басшысының бұйрығымен тиісті өртке қарсы режим белгіленеді, осы Қағидалардың ережелерін және мемлекеттік өрт бақылау органдарының ұйғарымдамаларын орындау қамтамасыз етіледі, оның ішінде:
1) сыртқы және ішкі өртке қарсы су құбырларының (міндетті түрде су жіберу арқылы), жарықтандыру және қуат желілерінің, түтінге қарсы желдеткіш пен өрт дабылы және өрт сөндіру жүйелерінің жарамдылығы тексеріледі, сондай-ақ акт дайындалып, қажетті тексерістер жүргізіледі. Барлық ақаулықтар сайлау учаскесінің жұмысы басталғанға дейін жойылады. Анықталған кемшіліктерді жою кезінде немесе олар болмаған жағдайда сайлау учаскесінің дайын екендігі туралы акт дайындалады (актілер сайлау учаскесінің жұмысы аяқталғанға дейін объектінің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жауапты адамда сақталады);
2) алғашқы өрт сөндіру құралдарының, өрт автоматикасының, байланыс және хабарлау құралдарының болуы, жарамдылығы және қолдануға тұрақты дайындығы қамтамасыз етіледі;
3) сайлау комиссиясы мүшелерімен және қызмет көрсету үшін жұмылдырылған персоналмен өрт қауіпсіздігі шаралары мен өрт шыққан кезде іс-қимыл жасау туралы қол қойып, нұсқаулықтан өтеді;
4) өрт шыққан жағдайда адамдарды эвакуациялаудың әр қабатта жоспарлары (схемалары) және адамдарды, бюллетендер мен мүлікті эвакуациялау бойынша қызмет көрсетуші персонал мен сайлау комиссиясы мүшелерінің іс-қимылдарын анықтайтын нұсқаулықтар әзірленеді және ілінеді қажет, өрт туралы адамдарға хабарлау тәртібі, анықталуы, сондай-ақ іс-шаралар басталғанға дейін эвакуациялау жоспары мен хабарлау жүйесін машықтау бойынша оқу жаттығулары өткізіледі;
5) тамақ дайындау орындары белгіленеді және қыздыру аспаптарын пайдалану тәртібі анықталады;
6) темекі тартуға арналған орындар анықталады және жабдықталады;
7) үй-жайларды тексеру және жабу тәртібі орнатылады.
121. Сайлау учаскелері отқа төзімділігі І-ІІІ дәрежелі, екінші қабаттан жоғары емес ғимараттарда орналастырылады. Цоколдық қабатта және сайлау учаскесінің үй-жайларының үстінде сайлау комиссиясы мүшелері мен қызмет көрсетуші персоналдың жұмыс кабинеттері, демалыс және тамақтану бөлмелері орналастырылады.
122. Ауылдық жерлерде отқа төзімділігі ІІІа-V дәрежелі ғимараттарда біреуден аспайтын сайлау учаскесін орналастыруға жол беріледі. Бұл ретте сайлау учаскесі бірінші қабатта орналастырылады, ал уақытша сауда, буфеттер, кино-бейнефильмдер көрсету ғимараттан тыс ұйымдастырыы.
123. Сайлау учаскесі телефон байланысымен қамтамасыз етіледі. Әрбір телефон аппаратының жанында жақын орналасқан өрт сөндіру бөлімінің телефон нөмірі бар тақтайша орнатылады (ілінеді).
124. Үстелдерді, дауыс беруге арналған кабиналарды, урналар мен дауыс беруге арналған өзге де жабдықты орналастыру адамдар мен материалдық мүліктерді қауіпсіз эвакуациялауды қамтамасыз етуді ескере отырып, үй-жайдың периметрі бойынша жүзеге асырылады.
125. Сайлау учаскелерінің жұмысы қарсаңында құрылыс, жөндеу және ашық отты (алау жағу, қоқыс, қалдықтарды, ыдыстарды өртеу және электрмен, газбен дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу) пайдаланумен байланысты өзге де жұмыстарды жүргізуге жол берілмейді. Көрсетілген жұмыстар қызмет көрсетуші персоналдың тұрақты бақылауымен жүргізіледі.
126. Сайлау учаскесінің ғимараты (үй-жайы) кемінде екі эвакуациялық шығу жолымен жабдықталады, олардың өлшемдері, сондай-ақ жарық беру, эвакуациялау жолдарының ұзындығы және эвакуациялау уақыты «Өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар» техникалық регламентінің талаптарына сәйкес орындалады.
127. Сайлаушыларды тіркеу, бюллетендерді беру, дауыс беруге арналған кабиналардың, уақытша сауда нүктелерінің (буфеттер, ұяшықтар және өзге де осыған ұқсас үй-жайлар), сондай-ақ кино-бейне көрсетілімдерді ұйымдастыру орындары мен адамдар жаппай жиналатын өзге де үй-жайлар кемінде екі шоғырландырылмаған эвакуациялау жолдары бар үй-жайларда орналастырылады. Ғимараттың вестибюлінде ашық киім-кешек ілу орындарын орналастыруға және орналастырылатын жабдық өрт кезінде эвакуациялау жолдарының енін тарылтпайтын және эвакуациялауға кедергі келтірмейтін болса, уақытша сауда орнын ұйымдастыруға болады.
128. Сайлаушылардың қозғалысы қиылысатын және қарсы лектерді болдырмайтындай етіп ұйымдастырылады. Адамдар лектерінің қозғалыс бағыты нұсқағыштармен белгіленеді.
129. Сайлаушыларды тіркеу, бюллетендер беру, дауыс беру, кино-бейне көрсетілімдер үй-жайларынан және адамдар жаппай жиналатын өзге үй-жайлардан эвакуациялық шығу нұсқағыштары жарамды күйде ұсталады және сайлау учаскесі жұмыс істеп тұрған уақытта қосылады. Егер жобада «Шығу» деген жарықтандырылған нұсқағыштарды орнату көзделмесе, көрсетілген үй-жайлар ұлттық стандартқа сәйкес эвакуациялау бағытын нұсқағыштармен қамтамасыз етіледі.
Ескерту. 129-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 23.07.2013 № 735 қаулысымен.
130. Сайлау учаскелерін пайдалану кезінде:
1) сайлау учаскесінің үй-жайлары мен ғимаратынан эвакуациялық шығу жолдарында дауыс беруге арналған кабиналар, бюллетендерге арналған жәшіктер мен үстелдер орнатуға, уақытша сауда нүктелерін (ұяшықтар, буфеттер) қоюға, іс-шаралар (кино-бейнефильмдер және басқаларын көрсету) өткізуге;
2) эвакуациялау жолдарын, өрт сөндіру және байланыс құралдарына, электр энергиясын өшіру құрылғыларына қол жеткізу жолдарын үймелеуге, сондай-ақ дауыс берумен байланысты іс-шараларды өткізу кезінде қосалқы эвакуациялық шығу жолдарының есіктерін жабуға жол берілмейді.
131. Сайлау учаскесінің ғимараты электр энергиясы өшірілген жағдайда авариялық жарықтандырумен жабдықталады.
8-тарау. Мәдени-ағартушылық және ойын-сауық мекемелерін ұстау тәртібі 132. Мұражайларда және сурет галереяларында экспонаттар мен басқа да құндылықтарды эвакуациялау жоспары, ал цирктер мен хайуанаттар парктерінде жануарларды эвакуациялау жоспары әзірленеді.
133. Барлық мәдени-ағартушылық және ойын-сауық мекемелерінің ашылу маусымы алдында өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарына сәйкестігі тексеріледі және оларды жергілікті атқару органдарының ведомствоаралық комиссиясы қабылдайды.
134. Көрермен залдары мен мінбелерде барлық креслолар мен орындықтардың арасы қосылған және еденге мықтап бекітіледі. Ложадағы 12 орыннан аспайтын креслоларды (орындықтарды) бекітпеуге болады.
Би кештерін өткізу үшін қолданылатын 200 орыннан аспайтын көрермен залдарындағы орындықтарды бір-бірімен қатарынан міндетті түрде қосу кезінде еденге бекітпеуге болады.
135. Сахналық қораптардың ағаш құрылымдары (желтартқыштар, сахна төсемелері, аспалы көпірлер, жұмыс галереялары) құрылыс үдерісінде антипирендермен қанық сіңіріледі.
Аталған құрылымдар, сондай-ақ жанғыш декорациялар, сахналық және көрмелік безендірулер, көрермендік және экспозициялық залдардағы маталы перделер, фойелер, буфеттер оттан қорғау құрамымен мерзімді түрде өңделіп тұрады. Мекеме басшысында сіңіру датасы, оның жарамдылық және өңдеу сапасын тексеру актісінің мерзімі көрсетілген осы жұмысты орындаған ұйымның тиісті актісі болуы қажет.
136. Ойын-сауық театрлық мекемелердің сахналық қораптарының шегінде бір мезгілде екі қойылымға арналған декорациялар мен сахна құралдары болуы тиіс. Сахнада декорацияның сақталу орны таңбалармен белгіленеді. Декорацияларды, бутафорилерді, ағаш станоктарды, бөктерлерді, құрал-саймандарды және басқа да заттарды трюмаларда, желтартқыштарда және жұмыс алаңдарында (галереяларда), саты баспалдақтарының және алаңдарының астында, сондай-ақ көрермен залдарының жертөлелерінде сақтауға жол берілмейді.
137. Сахна планшетінің айналасын безендіру кезінде ені кемінде 1 метр болатын еркін айналма жол қамтамасыз етіледі.
Көрініс аяқталғаннан кейін барлық декорациялар мен бутафориялар бөлшектеніп, сахналардан арнайы қоймаларға (қоймалар, қоралар, сейфтер) жинастырылады.
138. Сахнада темекі шегуге, ашық оттарды (шырақтарды, май шамдарды, шырағдандарды), доғалық прожекторларды, отшашулар мен басқа да от түріндегі әсерлерді қолдануға жол берілмейді.
139. Сахна планшетінде өртке қарсы перденің түсу шегін көрсететін қызыл сызық салынады. Декорациялар мен басқа да сахнаны безендіру заттарының бұл сызықтан шығып тұруына жол берілмейді.
140. Көрініс (дайындық) аяқталғаннан кейін өртке қарсы перде түсіріледі. Өртке қарсы перде түсіріліп тұрғанда созылмалы «жастықпен» сахна планшетіне тығыз жанасады. Өртке қарсы жасалған перденің маңында және төбесіне жалғастырылған герметикалау орны лабиринтті нығыздау мен құмды ысырманың көмегімен орындалады. Көтеріп түсіру механизмінің төмен түсіру жылдамдығы кемінде 0,2 метр/секунд болатындай етіп реттеледі.
141. Қысқы кезеңде түтін люктерінің қақпақтары нығыздалып, олардың жарамдылығы он күнде бір рет тексеріледі.
142. Ірі көлемдегі декоративтік безендіруді (залдың барлық биіктігіне) пайдалану кезінде жабынның алып жүретін құрылымдарының төменгі беліне дейінгі биіктігі 12 метр және одан асатын спорт залдарында осы безендіруді (уақытша су перделерін, тез алынатын бекіткіштерді монтаждау) қорғаудың қосымша іс-шаралары қарастырылады.
143. Көрермендерге арналған уақытша орындарды (жылжымалы, алынатын, жиналып бөлшектелетін), сондай-ақ жабық және ашық спорт құрылыстарының мінбелеріндегі орындықтарды жану кезінде қауіптілігі жоғары заттар бөліп шығаратын синтетикалық материалдардан жасауға жол берілмейді. Уақытша орындардың астында кез келген жанғыш материалдар мен жабдықтарды сақтауға, сондай-ақ техниканы тұрақтандыруға жол берілмейді. Уақытша мінбелердің астындағы бос орын әр жарыстың алдында жанғыш қоқыстан және қураған шөптен тазаланады.
Эвакуациялау жолдарында қосалқы орындықтарды орнатуға жол берілмейді.
144. Спорттық-көркемдік мерекелерді, халықаралық жарыстарды немесе басқа халықаралық іс-шараларды, сондай-ақ мәдени ойын-сауық іс-шараларды ашу және жабу кезінде мінбелерде қорлар орналастыруға арналған эвакуациялау люктеріндегі уақытша орындықтар алмалы-салмалы етіп жасалады. Оларды тез бөлшектеу үшін арнайы аспаптар көзделеді және осы жұмыстарды жүргізу үшін адамдардың тиісті саны бөлінеді.
145. Спорт залдарындағы көрермендерге арналған креслоларды жайғастыру тұрақты және уақытша мінбелерден көрермендердің қарама-қарсы немесе қиылысатын легі болмайтындай етіп қарастырылады.
146. Жабық спорттық құрылыстарда көрермендердің отыруына арналған уақытша құрылымдарды бекітуге, сондай-ақ тұғырларды, эстрадаларды, рингтерді бекітуге арналған аспаптар ақаусыз күйде ұсталады. Ақаулы бекіткіштері бар осындай құрылымдарды орнатуға жол берілмейді.
147. Спорттық құрылыстарда теледидар камераларын орнату орындары мінбелер қатарының арасындағы өтетін жолдарға орнатылмауы және өрт кезінде адамдарды эвакуациялауға кедергі келтірмеуі тиіс.
148. Көрермендерге арналған мінбелері бар спорттық залдарда жасанды мұз жабындылары болған жағдайда мұз тазалайтын машиналарды (жарыстарды, ойындарды, жаттығуларды, репетицияларды өткізу кезеңінде) уақытша тұрақтандыруға арналған орындар қарастырылады. Машиналар тұрақта эвакуациялау жолдарының есептік ені тарылмайтындай етіп орналастырылады. Жарыстар, ойындар, жаттығулар, репетициялар аяқталғаннан кейін оны арнайы бөлінген үй-жайға алынады. Уақытша тұрақта мұз тазалайтын машинаға жанар-жағармай құюға жол берілмейді.
149. Спорт керек-жарақтарын, залдардың жинау-бөлшектеу құрылымдарын, залдардың алмалы-салмалы жабындарын және басқа материалдарды сөрелері жоқ жерлерде сақтаған кезде олар көлемі кемінде 100 м2 қатарларда жиналады. Қатарлардың биіктігі 2,5 метрден аспайтындай және кемінде қалқалау немесе жабу көтергіш құрылымдарынан 0,5 метрден кем емес етіп қабылданады. Қатарлар арасындағы өтетін жолдың және қатарлар мен қабырғалар арасындағы ені кемінде 0,8 метр етіп орындалады. Өтетін жолдардың қоймалық және мінбе астындағы үй-жайларындағы есік орындарына қарсы ені есіктердің енінен кем емес етіп жасалады. Өтетін жолдардың және жинау орындарының ені еденге жазылған жақсы көрінетін шектеу жолақтарымен белгіленеді.
Сөрелерде спорттық керек-жарақтарды және басқа материалдарды сақтау олар сөрелердің габаритінен аспайтындай етіп жүргізіледі.
150. Өнімдерді, спорт керек-жарақтарын және басқа материалдарды жинау кезінде жанғыш және өрт сөндіргіш құралдардың топтары белгілерінің біртектілігін ескере отырып, бірге сақтау ережесі сақталады.
151. Көрермендерге арналған мінбелері бар жабық велотректерде велосипедтерді бастау сәтіне дайындауға және оларға техникалық қызмет көрсетуге арналған үй-жайлардан эвакуациялау жолдары көрермендерді эвакуациялау жолдарынан бөлек қабылданады.
152. Қаруларды тазалауға арналған үй-жайларда майланған шүберекті жинауға арналған металл жәшік қарастырылады. Тир немесе атыс жұмысы ақталғаннан кейін осы жәшікті тазалау, ал ішіндегі заттарды қоқысты ортақ сақтауға арналған орындарға алып тасталады.
153. Жұмысшылардың арнайы киімі осы мақсатқа арнайы бөлінген және жабдықталған үй-жайларда сақталады. Жұмысшылардың арнайы киімі уақытылы жуылады және жөнделеді. Объект әкімшілігі әрбір үй-жай үшін майланған арнайы киімді тазасына ауыстырудың нақты тәртібі белгілейді.
154. Спорт залдарында жанғыш материалдарды, сондай-ақ құрылымдары жанғыш материалдардан жасалған үй-жайларды металл және ағаш көтергіш құрылымдарды бекіту тораптарының астына тікелей орнатуға жол берілмейді.
Поролоннан және жоғары меншікті жылу ұстайтын және жану кезінде қауіптілігі жоғары заттарды бөліп шығаратын басқа синтетикалық материалдарды қолдана отырып дайындалған спорттық керек-жарақтарды сақтау үшін басқа үй-жайлардан өртке қарсы далдалармен және қалқалармен бөлінген үй-жайлар пайдаланылады.
Жаттығулар мен жарыстар арасындағы кезеңде, сондай-ақ олар аяқталғанда синтетикалық материалдардан жасалған жұмсақ толтырулары бар жерге қонуға арналған шұңқырлар қалқандармен немесе брезенттермен жабылады.
Залдардың шегінде қатарларға жиналған поролон маттар брезентпен жабылады.
155. Спорттың техникалық түрлері бойынша жарыстар мен жаттығулар өткізу кезінде:
1) жанармаймен толтыру қатты жабыны бар және ернеулерді жанбайтын материалдардан бөлетін және спорттық құрылыстан кемінде 25 метр қашықтықта орналасқан арнайы бөлінген алаңдарда жүзеге асырылады;
2) далалық жағдайларда отын құюға арналған орын жарыс трассасынан кемінде 15 метр қашықтықта орналасқан және қатты жабыны және жарыс трассасынан басқа жаққа қарай бағыты бар алаңға орналастырылады;
3) отын құюға арналған орындарда кезекшілік ұйымдастырылады, темекі шегуге және ашық отты қолдануға тыйым салатын белгілер орнатылады, сондай-ақ алғашқы өрт сөндіру құралдарының қоры қарастырылады;
4) көлік құралдарын бастау сәтіне дайындау орындарында осы құралдарды кішігірім жөндеуге және техникалық қызмет көрсетуге болады. Осындай орындар көрермендерге арналған мінбелердің астына орналастырылмайды. Олардың қатты жабыннан негізі және мінбелерден басқа жаққа қарай бағыты болуы қажет. Пайдаланылған тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды жинау үшін тығыз жабылатын қақпақтары бар металл ыдыстар қарастырылады. Спорттық құрылыстардың мінбе астындағы бос орнында көлік құралдарын дайындауға жол берілмейді;
5) автомотоклубтардағы көлік құралдарын тұрақты сақтау, жөндеу және техникалық қызмет көрсету орындары осы Қағидалардың ережелеріне сәйкес орындалады. Кернеуді реттеу үшін барлық электр аппаратурасы (реостаттар, автотрансформаторлар, дроссельдік катушкалар, іске қосу реостаттар) тасымалданатын эстрадалар мен тұғырлардан тысқары орналасқан аппараттық үй-жайларда орналастырылады.
156. Қойылым немесе иллюминациялық жарық беру үшін лазерлердің блоктарына қуат беретін лазерлік қондырғылар пайдалану кезінде жанғыш құрылымдар мен декорациялардың үстіңгі қабатынан кемінде бір метр қашықтықта негізі жанбайтын материалдардан жасалған аппараттық үй-жайларда орнатылады. Көрсетілген жұмыстар үшін өрт қауіпсіздігі сипаттамалары бар лазерлік қондырғылар қолданылады.
157. Софиттер мен рампаларды орнату кезінде тек жанбайтын материалдар қолданылады. Софиттердің корпустары оларды ұстап тұрған арқандардан оқшауланады. Прожекторлар мен софиттер жанғыш материалдардан жасалған декорациялар мен құрылымдардан кемінде 0,5 метр қашықтықта орнатылады. Линзалық прожектордан жанғыш декорацияға дейінгі қашықтық кемінде екі метр етіп сақталады.
158. Тұғырдың (эстраданың) ағаш рампасы мен электр шамдарының қаптамалары арасында қалыңдығы 8-10 миллиметр асбест салынады, ал эстрадаға немесе тұғырларға орнатылған барлық тасымалданатын электр фонарлары (кішкентай шамдар) сыртқы жағынан асбест кілемшелермен қорғалады. Кішкентай шамдарды эстраданың немесе тұғырдың планшетіне орнату кезінде олардың астына асбест кілемшелер орнатылады. Жарықтандырылған сүзгіштері жоқ эстрада, тұғырдағы софиттер және жұмыс жағдайында жарық беру үшін пайдаланылатын эстрада, тұғырлар әйнекпен жабылады.
Барлық софиттерге жарық жағынан шамдардың әйнектерінің және лампалардың жарылған колбаларының сынықтарының түсуін болдырмайтын қорғайтын металл торлар орнатылады.
159. Прожекторлар мен софиттерге әйнектердің орнына жанғыш материалдардан жарықтандырылған сүзгіштерді қолдануға жол берілмейді.
160. Қарайған немесе кеуіп қалған белгілері бар лампалар, әйнектер дереу жаңасымен ауыстырылады.
161. Пиротехникалық бұйымдарды сақтау және пайдалану қатаң түрде Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылатын бұйымдарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, жою, сырттан әкелу және сыртқа шығару қағидасына сәйкес жүзеге асырылады. Оларды майдалау тәсілімен дайындау, сондай-ақ ойын-сауық мекемелерінде, бөлмелерде және стадион мінбелерінде, мәдениет және демалыс парктерінде, адамдар жаппай болатын басқа да орындарда сақтауға жол берілмейді.
162. Өрттің шығуына әкелуі мүмкін пиротехникалық бұйымдар мен ашық от көздерін қолданумен байланысты арнайы от әсерлерін қолдану қажет болған жағдайда отшашу өткізетін ұйымның басшысы мыналарды:
- отшашудың басталу және аяқталу датасын, орнын, пиротехникалық қондырғыларды орналастыру схемасын, пайдаланылатын бұйымдардың сипатын;
- ғимараттар мен құрылыстарға дейінгі қашықтықтарды көрсете отырып, жергілікті жерлерге отшашу, пиротехникалық бұйымдарды сақтау және монтаждау бекеттерінің байланысу схемаларын және қауіпті аймақтардың шекараларын көрсете отырып, отшашулар өткізу орындарын қоршау схемасын;
- отшашулар өткізу кезінде өрт қауіпсіздігі шараларын сақтауға жауапты адамды тағайындау туралы бұйрықты;
- өрт сөндіру құралдарын орналастыру схемаларын;
- өрттің алдын алу жөніндегі іс-шараларды жоспарын қамтитын өрттің алдын алу және жөніндегі шараларды әзірлейді және жүзеге асырады.
163. Пиротехникалық бұйымдар іске қосылатын алаңдарда темекі шегуге және от жағуға, пиротехникалық бұйымдарды қараусыз қалдыруға жол берілмейді.
164. Отшашуларды орнату орындарын күзету отшашуларды өткізетін ұйымға жүктеледі.
165. Іске қосу алаңдары алғашқы өрт сөндіру құралдарымен (өрт сөндіргіштермен, суы бар сыйымдылықтармен немесе құммен) қамтамасыз етіледі.
166. Отшашу аяқталғаннан кейін пайдаланылмаған бұйымдар мен пиротехникалық зарядтардың элементтерін анықтау және жинау мақсатында іске қосу алаңы мұқият тексеріледі.