Кеңістік континуум және оны мәтінде өткеру құралдары
Кеңістік континуумы уақыт континуумымен тығыз байланысты. Мұнда субъектінің қабылдауы арқылы өтетін шынайы әлемді көрсететін объективті кеңістікті бөліп алуға болады, сонымен қатар кеңістік сипаттарды өзінде кеңістік табиғаты жоқ ұғымдарға телуге болады, яғни мәтіндік кеңістіктің басқа түрлері– концептуалдық, психологиялық, әлеуметтік түрлері туралы айтуға болады.
Сондай-ақ жеке түрлерге ие (роман-эпикалық хронотоптар, мифопоэтикалық кеңістік) көркемдік кеңістік бар.
Материалдық құбылысты көрсететіндіктен мәтінде шынайы кеңістік те болады.
Кеңістік жүйесінде бастапқы нүкте болып табылатын сөйлеу субъектісіне қатысты әлдебір «осында» нүктесі «қазір» темпоралдық нүктесімен үйлесіп, мәтіндік хронотоптың «мен-осында-қазір» бастапқы антропоцентрлік пунктін құрайды.
Тілдегі локалдылық (лат.locahs-жергілікті) өрісінің базалық бірліктері –кеңістік дейксисінің құралдары. Оған кіретіндер:
а) объектінің жекелеген бөліктерінің, оның жақтарының объектінің өзіне қатынасының абстракциясы болып табылатын арнайы семантикалы сөздері: іші, үстіңгі жағы, үсті, асты, жағы;
ә) категориялық лексикалық бірліктер: мекен, кеңістік;
б) локалды семантикалы түрлі сөз таптарының басқа сөздері: болу, кең, алыс; кеңістік мәндегі предлогтар: асты, үсті, маңы, топонимдер мен географиялық терминдер. Бұған перифериялық семалы локалдылық сөздерін, оның ішінде бүкіл нақты-заттық лексиканы, локалды семалы коннотоция сөздерін: кейбір жалқы есімдерді, экзотизмдерді жатқызуға болады.
Кеңістік категориясының өзі бір мәнді болмағандықтан оған түрлі семантикалық өрістердің бірліктері енеді. Мәселен, кеңістік өрісін идеографиялық жіктегенде оған әдетте мынадай топтамалар кіргізіледі:
- кеңістік шекаралары – шекара, шек (қаланың шегі), өлке, шеңбер;
- шектелген кеңістік – жол, күре жол, алаң;
- кеңістікте болу – жату, отыру, тұру;
- кеңістікте болу локализациясы – солда, арттан, маңында, қасында, жанында, алыста.
- жағдайды өзгерту-құлау, көтерілу, тұру
- бағыт-көру, шығу
- қашықтық-қашық, алыс, жақын;
- кеңістік координаттары-бүйір, жоғары, төмен, орта, оң жақ, сол жақ.
Темпоралдылық сияқты локалдылық та статикалық және динамикалық болуы мүмкін, оларды ажырату үшін етістіктер семантикасы маңызды. Статикалы локалды көріністі беру үшін экзистенциалды етістіктер мен кеңістік локализациясын білдіретін етістіктер, локалды динамиканы беру кезінде – орын алмастыру етістіктері қолданылады.
Радио сөйлеп тұр; сағат тілі алға кетіп қалыпты; толқын көтерілген-экзистенциалды (функтивті) етістіктер;
Ол ауырып жатыр. Балалар өсіп келеді. Ол темекі шегіп, кешкілікте газет оқиды-статикалық етістіктер (статуалды);
Ол жүгіріп келеді. Балалар жолға шықты-орын ауыстыру етістіктері (акционалды).
Жай сөйлемнің мекен-жай көрсеткіштері мен сәйкес семантикалы бағыныңқы сөйлемдер кеңістік айқындылығы мен кеңістік байланыстарын жеткізуде грамматикалық (логикалық) сипаттағы тіл құралдары болып қызмет етеді.
Дүниеде бар кеңістік қатынастар әлемнің тілдік суретінде тілдің әр деңгейлі құралдарының – кеңістік лексикасының, локалды мәнді арнайы морфологиялық формалардың, синтаксистік құрылымның көмегімен өзінше ұйғарылады.
Уақыт континуумына қарағанда кеңістік континуумы көркем мәтіндерде нақтырақ болады. Оқиға орнының географиялық атауы мен сол жердің сипаттамасы көбіне шынайы көрсетіледі. Дегенмен көркем суреттеуде кеңістік нақтылығы уақыт нақтылығы тәрізді шартты ғана. Индивидуумдар уақытта емес кеңістікте нақты, яғни адамның бір орында әр кезде болуы мүмкін, бірақ, бір мезгілде әр орында бола алмайды, демек уақыт пен кеңістіктің әлдебір ассиметриясы бар.
Біздің сезім мүшелеріміз қабылдайтын үш өлшемді кеңістіктің көп өлшемді болуы мүмкін, ол сабақтаса (сабақтаспай да) суреттеген оқиға әлеміне қарай тарылуға да, кеңеюге де қабілетті, бір орынға байланып қалса да, өзіне әлдебір шарттылық (баяғыда бір патшалықта) енгізіп отырады.
Кеңістік категориясы мәтінді белгілі жағдайдың оның өтуі емес, оның бірыңғай уақыт тұрғысында дамуымен шендестіреді. Көркем кеңістік шынайы кеңістіктен, көркем уақыт шынайы уақыттан айрықша болғаны сияқты ажырайды.
Шынайы уақыт жаһандық, үзіліссіз және бөлшекті. Көркемдік осыларға қоса нақтылықты тудырады. Концептуалдық кеңістіктен көркем кеңістіктің айырмасы – ешқашан дерлік абстрактылы болмайды, орталыққа (орталық дегеніміз тұтас мәтін субъектісі, авторы, шекарасын олар белгілейді) қатысты белгілі бір шекарасы не бағдары бар.
Көркем мәтін ауызекі сөйлесу мәтінінен кеңістік категориясының мақсаттылығымен ерекшеленеді: ол шынайы жағдайдан тумайды, автор ойының құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады.
Көркем кеңістікке шектеу жоқ. Объективті шексіз кеңістікті көзбен шолуға болса, объективті шағын кеңістік ұлан-ғайыр жазираға айналады; кез-келген кеңістік ашық не жабық көрсетіледі, өзінде кеңістік табиғаты жоқ ұғымдардың кеңістік моделін жасауы ықтимал.
Объективті кеңістіктің үш типінің ішінде (нүктелік, векторлық, квантитативтік) көркем мәтін үшін квантитативтік (лат. quantum-қанша), яғни құбылыстың құрамы, көлемі, мөлшері өзекті. Бұл сипаттар мәтін үзіндісінің ішіндегі локалды көрсеткіш ретінде қолданылады.
Субъектінің (автор мен кейіпкердің) көзқарасы – объективті және көркем кеңістіктің негізгі ұғымы.
Автор мен кейіпкердің орны сәйкессе:
а) автордың кейіпкерге айналуы;
ә) автордың кейіпкердің соңынан ілесуі;
б) автор орнының екі талай болуы мүмкін.
Егер автордың орны кейіпкердің орнынан бөлек болса, онда:
а) автордың көзқарасы бір кейіпкерден екіншісіне сырғып отырады;
ә) автордың көзқарасы тәуелсіз;
б) автордың көзқарасы субъектінің баяндау өрісінде жылжуына қарай өзгеріп отырады;
в) көзқарасы жалпы сипатты болады (сырттан қарайды).
Мәтін кеңістігін модельдендірудің екі жолы бар: кеңістікті бейнелеу және бейнеленген кеңістікті нұсқау, осылардың үйлесімі мәтін панорамасын құрауға қабілетті. Бұл панорама нақты.
Нақтылықтың есебінен көркемдік кеңістіктің өзі көркем бейне қасиетіне ие болады немесе тұтас мәтіннің кеңістік емес мағынасын айту тәсіліне айналады. Көркем мәтінде кеңістікті белгілеу құралдары шығарманың тақырыбына қарай өзгеріп отырады. Мысалы «қала» әңгімелерінде адамзаттың тіршілік орындары былай көрсетіледі: аулада, есік арқылы, пәтерде, мекенжай, екінші қабат, сегізінші бөлме, үйге сатымен көтерілді, сатының жақтауына сүйеніп, кеңістік семантикасының «ауылдық» лексикасы тиісінше өзгереді.
Орынды тәптіштеп, әңгіме үзінділерін қоса отырып, жан-жақты сипаттау көріністі ұлғайтады. Жалпыламадан қомақтыға, айқынсыздықтан нақты анықтылыққа көшу мәтіннің құрылым-мазмұндық үзінділерінің шекараларын білдіріп, тақырыптың ашылуын жақындатады.
Айтылып өткендей, көркем шығармада микромәтін оқиғаның уақыты мен орнын тура көрсете бермейді. Көркем шығармада оқиғаның локальды-уақыттық параметрлерінің өзі ерекше сипатта жазушы жасаған көркем дүниенің шегінде болады. Алайда шығарманың көркем дүниесінің шегінде оқырман мәтіннің кез-келген үзіндісінде суреттеліп отырған оқиғаның уақыты мен орнына қатысты бағдар таба алады. Микромәтінде локальды-уақыт сипаттамасының болмауының немесе жеткіліксіздігінің орны үлкен контекспен толықтырылады.
Етістіктің сөз өзгертуші формаларымен айтылатын (грамматикалы) уақыт категориясы реляциялық сипатта – оқиға уақытының айтылып отырған сәтке қатысын білдіреді. Мезгіл мен мекен пысықтауышы («осында», «анда», «енді» сияқты мекен үстеулерінен басқасы) керісінше номинативті сипатта – олар суреттелген оқиғаның орнын немесе уақытын, яғни объективті уақыт пен оқиға орнын айтады.
Мәтінді құрастыру тұрғысынан автосемантикалық және синсемантикалық мезгіл мен мекен пысықтауыштарын ажырату маңызды.
Автосемантикалық пысықтауыштар оқиғаның нақты датасын немесе нақты географиялық орнын атап, абсолютті мәнге ие, оған контекске сүйенудің қажеті жоқ. Синсемантикалық пысықтауыштар реляциялық мәнге ие-олар әлдебір есеп нүктесіне қатысты уақытты не орынды білдіреді және ондай қатыссыз түсінікті болмайды.
Мәтіндегі ретроспекция мен проспекция. Алданған үміт
Ретроспекция (лат. «артқа қарау») мен проспекция (лат. «алға қарау» – дисконтинуумның (лат. «үзілісті»), ең алдымен уақыт дисконтинуумының формасы. Олар мәтіннің желілі дамуын тоқтатады. Ретроспекцияның арқасында оқырман «уақыттар байланысына» ене алады. Мәтіндердің көпшілігінде ретроспекция мен проспекция имплицитті көрінеді, яғни не бұрын айтылғанға немесе не туралы айтылатынды жорамалдауға негізделеді. Оқырманды бұрынғы мазмұндық-фактуалды ақпаратқа жатқызса, ретроспекция эксплицитті айтылуы да мүмкін.
Ретроспекция мазмұндық-фактуалды ақпараттан туып, мәтіннің когезиясына (байласымына) қатысады.
Автордың прагматикалық ұстанымына қарай ретроспекция мәтінде үш түрлі көрінеді:
- оқырман жадында бұрынғы мәліметтерді немесе өткенге қатысты, бірақ алдағы әңгіме барысын түсінуге қажетті жаңа хабарларды жаңғырту;
- осы мәліметтер жаңа жағдайда, айтылғанды ескере отырып, басқа контексте ой елегінен өткізу мүмкіндігі;
- мәтіннің мазмұндық-концептуалды ақпаратқа тікелей қатысты жекелеген бөліктерін өзектендіру.
Мәтінді қайталай және бірнеше рет оқығанда ретроспекция әсерлі қабылданады. Әр мәтін ретроспекцияға негізделген, себебі бұрын алынған ақпаратты есте сақтамай, ақпаратты сабақтастыра жинақтау мүмкін емес. Оқырманның есіне өзекті болуға тиіс жайды түсіру автордың құзыретінде.
Ретроспекция субъективті-оқырмандық және объективті-авторлық болуы мүмкін, яғни баяндау континуумының жеке шығармашылық қабылдануының нәтижесі немесе автордың мәтіннің алдыңғы бөлімдеріне сілтеме жасауының нәтижесі: не оқығанына оқырманның өзі ойша оралады, субъективті (бір оқырман ойша оралса, екіншісі оралмайды), не оны өткенге автор «есіңізде болар», «ұмытпаған шығарсыз» деген сияқты сөздермен оралтып отырады.
Ретроспекция түрлі тәсілдермен өткеріледі, солардың ішінде қайталау ерекше орын алады. Ретроспекцияның өзі де баяндау желісін баяулататын ой қайталауы, баяндау барысындағы үзіліс. Ретроспекцияның мәні баяндаудағы уақытша үзіліспен ынтықтыруында, яғни мәтінге өткендегі, қазіргі, белгілі бір жағдайда келешектегі көзқараспен қарауға мәжбүрлейді.
Ретроспекция – парадигматикалық тұғырдағы үдеріс.
Мәтін түрі ретінде репроспекция сөз соңында (қорытындыда, эпилогта) айтылады. Оқырманның назарын негізгі мәтінде айтылған ең маңызды эпизодтарға, оқиғаларға, фактілерге аударады.
Проспекция мәтін категориясы ретінде мазмұндық-фактуалды ақпаратты мәтіннің келесі бөлімдерінде айтылатындарға ұштастырудың түрлі тілдік формаларын біріктіреді. Проспекцияның сөздік белгілері: алдын-ала айтарымыз, төменде көрсетілгендей, бірнеше күннен соң онда боларын білмеген-ді, ... біліп, қайран қалады, кейін айтылады т.с.с.
Ретроспекция тәрізді проспекция да оқырманның оқиғалар мен эпизодтардың байланысы мен шарттылығын айқынырақ сезінуіне, мазмұндық-концептуалды ақпаратқа тереңірек бойлауына мүмкіндік береді.
Проспекция – тек көркем мәтіннің емес, ғылыми мәтіннің де категориясы (дәріс жоспарында айтылатын, кейін айтылатындай, ... туралы кейін айтамыз т.б.).
Ретроспекция мен проспекцияның айырмашылығы – ретроспекция мәтіннің үдемелі қозғалысында әлдеқандай орын алады, ал проспекцияның сюжет дамуының барысынан тууы сирек. Алайда оқырман мәтінде алдын-ала болар оқиғаларды болжауы мүмкін, егер оларды автор шамалы өзектендірсе. Сондықтан ретроспекция сияқты проспекцияны да объективті-авторлық және субъективті-оқырмандық деп бөлуге болады.
Оқырманға арналған алданған үміт әсері жорамалдауға, болжам жасауға және болжағандай болмай шығуға негізделген. Алданған үміт әсерінің мәні мынада: үзіліссіздік, сөйлеу желілігі әрбір жеке элементті алдыңғысының дайындағанын және өзінің келесіні дайындайтынын білдіреді. Келесі алдыңғысынан туады. Мұндай байланыста бір элементтен басқасына көшу онша білінбейді. Алайда осы фонда ықтималдығы шағын элемент пайда болса, жетелеп тұрғандай әсер ететін үзіліссіздік бұзылып, кенеттен күтпеген жайдың пайда болуын қабылдау кедергіге тап болады, оны жеңуге оқырман тарапынан күш жұмсалады, сол оған күштірек әсер етеді.
Стилистикалық әсер тудырушы – контрасты – лексикада: архаизмдер, кірме сөздер, авторлық неологизмдер, арнайы лексикалық бояудағы сөздер, синтаксистік функциясы басқа сөздер, перифразалар, оксюморондар, бір түрлі стиль фонында өзге стильді сөздерді қолдану, синтаксисте – логикалық сабақтастықтың бұзылуы жасайды.
Алданған үміттің поэтикалық мәтінде бір сөздің немесе сөз тіркесінің әдеттегі орнын өзгертіп, келесі тармаққа, тіпті келесі шумаққа көшірілуі өлеңде табиғи үзіліс жасау мүмкіндігіне кедергі келтіреді. Әдеттегі өлшемдік бұзылады, баяндауыш бастауыштан, толықтауыш етістіктен т.с.с. ажырайды.
Алданған үміт әсерінің конвергенциямен (лат. сonvergere-жақындасу, түйісу), яғни бірыңғай стилистикалық функцияға қатысатын тілдік амалдардың бір жерде тоғысуымен де жасалады. Оның қайталау, инверсия, көп жалғаулықты, авторлық неологизм, экспрессивті эпитет, тосын теңеу т.б. болуы мүмкін. Конвергенцияға тән құбылыс – шамадан тыс көп, артық таңбалардың хабарға қатысуы.
Алданған үміт әсері тіркесумен (сцепление), яғни ұқсас элементтердің мәтінде ұқсас позицияларда көрінуімен де беріледі. Тіркесу кез-келген деңгейде және мәтіннің кез-келген көлемдегі үзіндісінде байқалады. Элементтердің ұқсастығы фонетикалық, құрылымдық немесе семантикалық болады. Позициялар ұқсастығы синтаксистік табиғатқа ие болып, өзін синтагматикада көрсетеді. Тіркесу ретінде анафоралық қайталау, мысалы, есімдіктің қайталануы, бастауыш пен тура толықтауыш позициясында сөздердің ұқсастығы, грамматикалық тұлғаның ұқсастығы, фонетикалық, графикалық ұқсастық, антитеза жасаушы антонимдер (ұғым мен бейнені күрт қарама-қарсы қою) қолданылады. Тіркесу есте сақтауға ықпал етеді.
Прозада да, өлеңде де құрылымдық ұқсастық морфологиялық конструкциялардың ұқсастығында және синтаксистік параллелизмде, ал семантикалық ұқсастық тектік-түрлік қатынастармен байланысты сөздердің және бір семантикалық өріске жататын сөздердің синонимдерінің, антонимдерінің қолданылуында көрініс табады.
Жалпы алданған үміт әсері дегеніміз - баяндаудың желісті дамуы үдерісінде жасалған субъективті-оқырмандық проспекцияның бұзылуы.
Мысалы
Өлең шіркін – өсекші, жұртқа жаяр,
Сырымды тоқтайын – айта бермей (Абай).
Алғысөз, кіріспе, аңдату, «Автордан» мәтіні, эпиграф проспекцияның ерекше формалары есептеледі.
4 Мәтінді бөлшектеу, оның композициялық бөлімдері
4.1 Мәтінді көлемдік-прагматикалық бөлшектеу
Мәтіндерді микромәтіндерге – анықтамаға, жеделхатқа, газет мақаласына, хатқа және макромәтінге – бірнеше томнан тұратын романға, алғысөз және түйіні жазылған кітаптарға бөлшектеуден өзге бөлшектеудің тағы екі түрге:
а) көлемдік-прагматикалық;
ә) контекстік-варианттық түрге бөледі.
Мәтінді бөлшектеу негізгі және факультативті, объективті және субъективті болуы мүмкін.
Мәтінді объективті көлемдік–праграмматикалық бөлшектегенде мынадай негізгі бірліктерге бөлінеді: тақырып, бастамасы; мәтіннің ең ірі бірлігі-том немесе кітап; одан әрі бөлім, тарау, тарауша, отбивка, абзац, күрделі фразалық тұтастық, күрделі синтаксистік тұтастық болып бөлінеді.
Күрделі фразалық тұтастық – мәтіннің ең кіші бірлігі.
Н.А. Купина одан да кіші мәтін бірлігін – сөйлемді бөледі. Оның көзқарасынша, мәтін бірліктері – сөйлем, күрделі синтаксистік тұтастық, фрагмент, бөлім, параграф, тарау, том.
Н.А. Купина сондай-ақ мәтін бірліктерінен бөлек мәтінді талдау бірліктерін бөліп, оған мәтіннің дербес бірліктерін (сөйлем, күрделі синтаксистік түтастық және т.б.), мәтіннің дербес емес бірліктерін (аллофон, морф, сөз, сөз тіркесі), сол сияқты мәтіннің композициялық-графикалық бірліктерін (екпін, интонация, жол, шумақ, т.б.) жатқызады [15, 33].
Көлемдік-прагматикалық бөлшектеуде композициялық блоктарды бөліп алып, оларды сипаттағанда мәтінішілік бөлшектеуге, атап айтқанда, тақырыпқа, кіріспеге (кіріспе, бастама, экспозиция), бірнеше блоктан тұратын негізгі бөлімге және аяқталуына (қорытындысы) назар аударылады.
И. Р. Гальперин мұндай мәтін бөлшектеуді (яғни мәтінде алғысөзді, кіріспені, қорытындыны бөлуді) факультативті бөлшектеу деп атайды. Мәтіннің бұл бөліктері көлемдік-прагматикалық және контексті – вариантты бөлшектеу қасиеттері жинағы сияқты. Олар атауымен мәтіннен бөлініп, тұтас шығарманың мазмұны туралы таза авторлық ой толғау болғандықтан, оқырманға әлсіз ықпал етеді. Атау (тақырып) – мәтіннің міндетті, эпиграф-факультативтік бөлігі.
Кіріспе әдетте мазмұндық-концептуалды, кейде мазмұндық-фактуалды ақпараттан хабар береді. Ол оқырманның ойын әңгіменің не жайлы болатынына аудара отырып, көбіне баяндау жоспарын да, сюжетін де, негізгі ақпаратын да ашпайды.
Алғысөзде мәтінде негізгі болып табылатын және тақырыпта жинақталып берілген ақпараттың белгілі бір үлесі болады.
Алғысөздің ықтималды белгілері:
а) аңдатпа-негізгі мәтінде көтерілген проблемаларды санамалау;
ә) тезистілік-кейін негізгі мәтінде дамытылатын қағидаларды қысқартып сипаттау;
б) прагматикалық-шығарманың нысанды ұстанымын сипаттау;
в) концептуалдық-шығарманың негізінде жатқан кейбір теориялық, әдістемелік және басқа қағидалар;
г) энциклопедиялық-автор туралы мәліметтер және осы жұмыстың алдындағы осы саладағы жұмыстардың қысқаша сипаттамасы және т.б.
Бұл белгілердің бәрі алғысөз бен кіріспе үшін міндетті емес.
Пролог (аңдатпа) – көркем шығарма түрлерінің біріне алғысөз іспетті, алайда алғысөз бен кіріспеден айрықша өз ерекшеліктері бар. Көбінесе ретроспективтік және перспективтік бағытқа ие. Ретроспективтік тұрғыда прологта шығарманың мазмұнын толығырақ ашуға қажетті құбылыстар, фактілер, жағдайлар сипатталады.
Проспективтік тұрғыда пролог авторға оқырманды шығарма идеясын дұрыс түсінуге икемдеуіне мүмкіндік береді. Пролог мәтіннің жаңа критерийлері мен сипаттамасын ұсынады. Ең алдымен, мәтіннің бұл бөлімінің баяндаудың өзімен органикалық байланыста болмауы да мүмкін.
Пролог кейде негізгі мәтіннен уақыттан, сол сияқты кеңістіктен тыс параметр ретінде алшақтайды. Екінші жағынан, пролог шынында мәтіннің негізгі мазмұнына кіріспе болуы мүмкін. Оқырманның назары негізгі мәтінде сипатталған оқиғаның өзіне емес, шығарманың қалай туғанына ауады.
Алғысөздің, кіріспенің, прологтың проспективтік сипаты олардың векторлық бағытында байқалады. Оқырман шығарманың негізгі мәтінін алдын ала біліп отырады. Осылайша, мәтін алғы сөзі мазмұндық-концептуалды ақпаратта жеке-шығармашылық пайымдауды белгілі бір дәрежеде шектейді.
Векторлық бағыт әсіресе ғылыми мәтіндерде айқын көрінеді (Монографияның осы томына үш бөлім еніп отыр. Бірінші бөлімде ... , екінші бөлімде... , үшінші бөлімде... . Демек, ... деуге болады). Бұл сөйлемдерден проспекцияны байқау қиын емес.
Эпилог мәтіннің бөлігі ретінде романның мазмұндық-концептуалды ақпаратын ашады: эпилогсыз роман өзінің басты бағдарынан, өзінің дәуірлік мазмұнынан айырылады, алайда мәтінде эпилог үнемі бола бермейді.
Соңғы сөз, әдетте, мәтіннен тыс тұрады, предициялық функцияға ие. Мазұнда-концептуалды ақпарат осында өзінің эксплициттік айтылымын табады. Соңғы сөз ақпаратты қысыңқы түрде беруге арналған. Ол бүкіл мәтіннің интеграция функциясын атқарып, аяқталғандық категориясының нақты формаларының үні болып табылады.
Автосемантия алғысөздің, кіріспенің, прологтың (соңғы сөз бен прологтың да) мәтіндік сипаттамасы болып табыладыОларды шартты түрде мәтін алды және мәтін соңы деп бөлуге болады. Оның үстіне олар бір бүтіннің бөлшектері: шығарманың өзінсіз алғы сөз де, сөз соңы да болмайды.
Мәтін үзінділерінің автосемантиясы
И. Р. Гальперин мәтінде онымен тікелей байланысты емес фрагменттердің пайда болу ықтималдылығын мәтін үзіндісінің автосемантиясы деп түсіндіреді [1, 100].
И. Р. Гальперин микрошегіністерді (сентенция) немесе авторлық шегіністерді автосемантикалық деп есептейді.
Л. М. Лосева мәтіннің автосемантикалық үзінділерін «еркін сөйлемдер» деп атап, оларды негізінен күрделі синтаксистік тұтастық шеңберінен тыс бөледі [13, 69–70 б.].
Т. В. Матвеева «мәтін үзінділерінің автосемантиясы» терминінің орнына «мәтіндегі мәтінді», мәтіннің негізгі тұлғасымен ассоциациялы байланыста болып, автордың мәтіннің негізгі логикалық желісінен ауытқу құқығының өткерілуін көрсететін фрагментті танытатын «ерекше композициялық блок» ұғымын пайдаланады [12, 34].
Күрделі фразалық тұтастықтың және «еркін сөйлемдердің» тәуелсіздігі лексикалық, грамматикалық және мазмұндық қырларынан қарастырылуы мүмкін:
- логикалық қырынан мәтін үзінділерінің тәуелсіздігі өзін әлдебір сөздер мен сөз тіркестерінің сөзбе-сөз немесе синонимді қайталанбауынан көрсетеді;
- грамматикалық қырынан дейктикалық элементтердің болмауымен және абзац құрылымының бір типтілігінің бұзылуынан байқалады;
- мазмұндық қырынан автосемантия сентенция және басқа жинақталған айтылым формалары түрінде көрінеді.
Күрделі фразалық тұтастықтың тәуелсіздігі түрлі стильдерде, түрлі жанрларда түрліше байқалады. Мәтінді объективті бөлшектеудің негізінде хабардың, мысалы, ғылыми, іскерлік, газет мәтіндерінде логикалық ұйымдастырылуы көрінеді.
Дипломатиялық құжаттарда (пактілерде, шарттарда, меморандумдарда, т.б.), заңдар мен қаулыларда бөлшектеудің ерекше түрі байқалады. Онда цифрлық және әріптік көрсеткіштер жиі кездеседі.
Көркем әдебиет шығармаларында мәтінді субъективті бөлшнектеу байқалады.
Поэтикалық мәтіндерде шумақ қана емес, шумақтың бөлігі де, жол да мәтінді бөлшектеу бірлігі болады.
Кейбір авторлар мәтінді құрастыру үшін табиғи бөлімдер желісінің ретін әдейі бұзып, баяндаудың жалпы жоспарынан шығып қалған жекелеген мәтін «кесектерін» жасайды. Олар тәуелсіздік алады. Ондай «кесектердің» абзацтарға бөлінетіні сирек емес.
Сөйлем сияқты мәтін үзінділерінің тәуелсіздігі абсолютті емес. Қандай да бір жолмен мәтін үзіндісінің мазмұны не мәтіннің тақырыбымен, не одан бұрынғы әйтпесе кейінгі үзіндінің мазұнымен тіркеседі. Мәселен, «Ақбөпе»-дегі лирикалық шегіністер автордың жалпы тұжырымдамасымен байланысты.
Мәтіннің үдемелі қозғалысында жекелеген үзінділердің атвосемантиясы үзіліс, аялдама, кідіріс сияқты оқырманның назарын баяндау желісінен басқаға бұрады.
Күрделі фразалық тұтастық автосемантиясының әдеттегі амалы – автордың ой толғамы. Оның сентенция, парадокс, түрлі тұжырымдар, қорытындылар, ұсыныстар формасында айтылуы мүмкін.
Автордың ой толғамы ретроспекция және проспекция категорияларында, сол сияқты авторлық шегіністің басқа түрлерінде көрінеді.
Сонеттердің эпиграммалық жолдары, мысалдардың моралі, «көріністер», «мәлімдемелер», ұлы шешендердің сөзінен жекелеген үзінділер автосемантияның белгілі бір дәрежесіне ие. Ондай сөздер шағын мәтін іспетті. Оларға көркем – эстетикалық формада айтылған адамзат баласының жинақтаған тәжірибесі сіңеді, алайда формальды-құрылымдық жағынан жеке сөйлемді білдіреді.
Құрылымы жағынан бір не бірнеше сөйлемнен тұратын дәйексөз (цитата) сияқты мәтін үзіндісі ерекше автосемантияға ие. Мазмұн тұрғысында дәйексөз контекспен тіркескен, бірақ байланысты емес, ретроспективтік және проспективтік сипатқа ие бола алады.
Басқаша айтқанда, мәтін үзінділерінің автосемантиясы автордың қалауынша мазмұндық - концептуалды ақпараттың тереңірек ашылуын қамтамасыз етуге қажетті мәтінді ұйымдастыру амалы болып табылады.
Айтылғаннан көріп отырғанымыздай, мәтін үзінділерінің автосемантиясы объективті, алайда көбіне субъективті болып, автордың ой толғамын білдіреді. Сондықтан ол өзін көлемдік-прагматикалық бөлшектеуге де, контексті-вариациялық бөлшектеуге де қатысы бар мәтінді бөлшектеудің ерекше түрі ретінде көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |