Қосымша материалдар Мәтін лингвистикасы ғылыми пән ретінде Мәтін лингвистикасы


Мәтінді контексті – вариациялық бөлшектеу



бет5/6
Дата25.12.2016
өлшемі1,06 Mb.
#5102
1   2   3   4   5   6

Мәтінді контексті – вариациялық бөлшектеу

Мәтінді көлемдік-прагматикалық бөлшектеу мәтінді бөлудің контексті-вариациялық деп аталатын басқа түрімен тоғысады. Онда сөйлем тудыру актілерінің келесі түрлері анықталады:

а) автор сөзі, оған:

1) баяндау;

2) суреттеу (табиғатты, кейіпкердің сыртқы кейпін, жағдайды, оқиға орнын, т.б.);

3) автордың ой толғамы (қараңыз: мәтін үзінділерінің автосемантиясы);

ә) бөгде сөз:

1) диалогтан (авторлық ремаркалардың кіруімен);

2) цитациядан;

3) өзгелік төл сөзден тұрады.

Бөлшектеудің екі түрі өзара байланысты және мазмұндық-концептуалды ақпаратты имплицитті ашады.

Контексті-вариациялық бөлшектеуде автордың міндеті сөйлем тудырушы актілер формаларын ауыстыруға, мысалы, суреттеуден диалогқа, диалогтан авторлық ой толғамға т.с.с. ауыстыруға саяды. Бұлайша ауыстыру коммуникация жүріп жатқан жағдайды барынша тиянақты суреттеуге ықпал етіп, ақпаратты жеткізу құралдарын ауыстырып отыруға мүмкіндік береді. Бір жағынан, кейіпкерлердің сөйлеу әдібі мазмұндық-концептуалды ақпаратта үлкен роль атқарса, екінші жағынан, романның (повестің) сахналық эпизодына кіріп кеткен автордың ой толғамы сол ақпаратты елеулі толықтырады. Бұл ой-толғамдардың векторлық бағыты прагматикалық ұстанымға ие.

Түрлі шығарма актілерінің ауысып отыруы негізінен көркем проза мәтіндеріне тән. Баяндау формаларының алмасуының мұндай сан алуандығы басқа функциялық стильдің ешқайсысында кездеспейді.

Мәтінді контексті-вариациялық бөлшектеу-оқырманды айтылып отырған уақиғаға жақындату құралдарының бірі, ол оны сол оқиғаға қатысқандай етеді. Бұл, әсіресе, авторлық баяндау диалогқа ауысқанда ерекше сезіледі. Диалог жанама түрде оқырманға арналып, оны іс-әрекетке тартады. Ескертпе ретінде диалог монологқа қарағанда қарқынды, ол оқырманның назарын ненің, қалай айтылғанына аударады. Автордың монолог сөзін оқығанда, автор айтылымның формасына емес, мазмұнына назар аударады.

Көркем әдебиетте диалогтың негізгі екі типі бар: суреттеу және драмалық. Суреттеуге салыстырмалы түрде көлемі үлкен, әлдебір оқиға, әлдеқандай іс-әрекет туралы әңгіме, суреттеу, мінездеме мазмұнындағы дамыған ескертпелер, фактілерді белгілі бір сабақтастықта әңгімелеу тән. Мұнда қысқа ескертпелердің тез ауысуы, олардың қарама-қайшы қозғалысы жоқ. Диалогта ой бір бағытта, желілі дамиды. Бір кейіпкердің ескертпесі басқасының ескертпесінің мазмұнын нақтылайды. Ескертпелердің байланыс формалары бір типті-қайта сұрау, қайталау, іліп әкету. Көрші ескертпелерді біріктіре отырып, байланыстың лексикалық-грамматикалық формалары кеңінен қолданылады. Жалпы стилистикалық тұрғыда әдеби тіл нормаларына әдетте толық сәйкестігі, айшықты стилистикалық боямалы элементтердің болмауы, көптеген диалогтарда ауызша айтылған сөз ерекшеліктерін жаңғыртуға ұстаным жоқ, ескертпелердің монологтық қыры ойдың желісті дамуын алдын ала белгілеп отырады.



Диалогтың драмаландырылған типі драматизмді, шиеленісті, жағдайдың қарама-қайшылығын жеткізуге ұмтылады. Автор диалогты драмаландырады. Мұндай диалогқа эллипсистік, ескертпелердің ықшамдылығы, ауызша сөйлеу ерекшеліктерін – демеуліктерді, одағайларды, модальды сөздерді, фразаны құрау ерекшеліктерін стильдендіру тән. Ауызекі тілден айырмасы – бұл элементтер драмалық көркем диалогта өзектендіріліп, ерекшеленеді, олар кейіпкерлердің сезімін, ойын өзінше жеткізуге, экспрессивті күшейтуге ықпал етеді (ауызша сөйлегенде мұндай элементтер ым-ишарамен, дауыстың құбылуымен, бет құбылысымен толығады, әңгімені жазбаша тіркегенде, олар жоғалады). Осындай көркем диалогта авторлық ремаркалар да маңызды роль атқарады.

Қатысушыларына қарай мынадай диалог типтері бөлінеді: диалог – түсіндіру, диалог – қарама қайшылық, диалог – синтез, диалог – дау, диалог – ұрыс, диалог – унисон, диалог – толықтыру, сол сияқты диалог – хабар, диалог – талқылау, диалог – әңгіме және т.б.

Көркем әдебиетте бөгде (өзінің емес) сөз түрлері бар аралас сөз жиі қолданылады. Бұл сөз түрі айтушының өз сөзіне (автор сөзіне) бөгде сөз түрінде диалог сөзі көрінсе, бөгде айтылым немесе бірнеше адамның сөздері жеткізілсе, басқа адамның сөзінің қосылуына негізделген.

Мәтінге бөгде сөз ену жағдайын өз сөзі мен оған қосылған бөгде сөзді салыстырғанда анықтау оңай.

Айтушының адресатқа жетізген оқиғалар мен фактілер айтушының өз сөзінің объектісі болады. Ал айтушы басқаның сөзін жеткізсе, басқаның айтқаны немесе басқа адамдардың әңгімесі ақпарат объектісі болып табылады. Айтушы өзінің немесе адресаттың айтқандарының мазмұны туралы ақпаратты адресатқа бөгде сөз формасында мәлімдеуі мүмкін.

Бөгде сөзді жеткізу және оны мәтінге қосу тәсілдері сан алуан, сөйлеудің түрлі функционалдық тәсілдері үшін дифференциалды және әрқайсысының грамматикалық безендіру нормасы бар.

Басқаның сөзін жеткізудің ең қарапайым тәсілі – оны төл сөз формасында жаңғырту, яғни басқа кісінің айтқанын (жазғанын) сөзбе-сөз жеткізу. Мұндайда айтылым (әңгіме) жаңғыртылғанда ештеңе қосылмайды. Төл сөз жоғарыда суреттелген монологтың немесе диалогтың қасиетін сақтайды. Ол сол сөзді айтқан адамның атынан айтылып, оның жеке ерекшеліктері мен стилін сақтайды. Автор тек басқаның айтқан сөзін жеткізетінін ескертеді.

Басқаның сөзін жеткізудің өзге тәсілдері сияқты төл сөзді қолдану кейбір функционалдық стильдерде елеулі ерекшеліктерімен сипатталады.

Төл сөздің басты екі түрі:

а) көркем емес (ғылыми, публицистік, іскерлік) мәтіндерде өзгенің монологтық айтылымдарын келтіру;

ә) көркем шығармаларда кейіпкердің сөзі – көбіне диалог.

Төл сөзді жеткізуде экспрессивтік синтаксис амалдары: сұрақ, таң қалу (восклицания), параллелизм, лексикалық қайталаулар мен қолдау т.с.с.

Төл сөз кейіпкердің ішкі монологын өзінің өзіне арнау сөзі ретінде баяндаушының іштей сөйлеген сөзін бірінші жақтан жеткізе алады.

Төл сөздің бір түрі-таңбаланбаған төл сөз (несобственно прямая речь) – графикалық бөлектенбеген сөз, сөз немесе ой етістігінің көмегімен енгізіледі.



Мысалы

«...Ол үйден шыға ойлаған: ақырын ешкімге білдірмей, станцияға тайып тұрамын».

Әдеттен тыс – хайуандардың, құстардың, құрт-құмырсқалардың сөзі келтірілсе, төл сөз саласы кеңейеді.

Жансыз заттардың төл сөзі кейіпкердің сөзінің қайталамасы болуы да мүмкін.

Кейіпкерлердің диалогына жансыз заттардың төл сөзінің қосылуы мүмкін.

«Көктем, махаббат, бақыт! » – дегендей мына қайың.

Төл сөзбен берілген жансыз заттың сөзі өлең сөзіне де енеді. Мұндай сөз көбіне автордың ой толғамын білдіру тәсілі болып табылады (мысалы, Мұқағали өлеңдері).

Бөгде сөзді жеткізудің тағы бір аса маңызды тәсілі-төлеу сөз.

Төлеу сөз сөздің синтаксистік құрылымын түбегелі өзгертуді талап етеді, бұл оны төл сөзге қатысты қайталама, оны өзгертудің жемісі ретінде қарауға негіз болады.

Төлеу сөз бірнеше түрге, соның ішінде суреттеуші жанама (живописная косвенная) және жартылай төл сөзге (полупрямая речь) бөлініп, төлеу сөздің өз табиғатына қарама-қайшы келетін көріністерінің бар екенін көрсетеді.

Сөйлеу түрін таңдау мәтіннің жанры мен типіне, мәтіннің қандай типіне жататынына байланысты анықталады.

Айтылғандардан мәтінді бөлшектеудің екі – көлемдік-прагматикалық және контексті-вариациялық типі негізінің бағдарланатынын, автордың ниетінен туатынын көруге болады. Бұл баяндаудың әр типінде материалдың стилистикалық өңделгені сезілетінін білдіреді. Жазушының сөзі-әрдайым «көркем ақиқат» көрінісі.

Бөлшектеудің екі типінің құралдары әр түрлі болғанмен мақсаты біреу. Олардың негізінде объективті ақиқатты біздің санамыз қабылдайтындай етіп, үзінділерді реттеп, ұйымдастырып бөлшектеу жатыр. Көлемді мәтінді тарауларға, бөлімдерге бөлінбеген, баяндау формаларының өзгермеген түрінде көз алдыңызға елестетудің өзі қиын. Әскери және басқа жарғылар, заңдар жиынтығы, іскерлік құжаттар және өзгелері бұдан шет қалмайды.

Барлық дерлік мәтінде көлемдік-прагматикалық бөлшектеуден басқа контексті-вариациялық, сол сияқты алғысөз, цитация, аллюзия, қорытынды, бөтен сөзді жеткізудің жекелеген тәсілдері және басқа шектеулі бөлшектеуді табуға болады.

Бөлшектеудің басқа бөлшектеу категорияларына тәуелді екенін ерекше атап көрсету керек. Бөлшектеудің өзі ақпарат, интеграция, мәтін байласымы категорияларымен және басқалармен тікелей байланысты. Мәтіннің түрлі типтерінде белгілі бір үзінділер сол үзіндіде берілетін мәнге байланысты ерекшеленеді. Автордың контексті – вариациялық бөлшектеудің қай түріне мән бергеніне қарай әрбір бөлшектеу типін қарастыруға болады.
4.4 Күрделі фразалық тұтастық және абзац

Көптеген ғалымдар мәтіннің кіші бірлігі деп сөйлемді емес, бірқатар сөйлемді біріктіретін ірірек бірлік – күрделі фразалық тұтастықты есептейді, оның күрделі синтаксистік тұтастық, мәтін компоненті, прозалық шумақ, синтаксистік кешен, монологтық айтылым, коммуникативтік блок және басқа осы сияқты синонимдері бар.

Атаулары әр түрлі болғанымен бұл терминдердің мәні біреу – шығарманың ауқымдырақ үзіндісінің құрамдас бөлігі болып табылатын, сөйлемнен ірілеу бірлікті анықтау.

1-тарауда айтылып өткендей, мәтін шағын формалы (микромәтін) композициялық көзқарас тұрғысынан тақырып қойылатын хабар, газет мақаласы, шағын әңгіме т.с.с. болса, күрделі фразалық тұтастықтың тұтас мәтінмен сәйкес келуі мүмкін. Алайда көп жағдайда күрделі фразалық тұтастық мәтіннің ірілеу үзіндісінің құрамдас бөлігінің функциясын атқарады.

«Сөйлем» мен «айтылым» ұғымдарын шектеу керек, себебі бұл ұғымдарды көбінесе ажыратпайды.

Айтылым сөйлеммен тығыз байланысты болса да одан елеулі айырмашылығы бар. Сөйлем – тіл бірлігі, онда әлем үзіндісінің заттық-нышандық бейнесі жинақталып тіркеледі: «Ұл скрипка ойнап отыр», «Қыз жағажайда қыздырынып жатыр».

Сөйлемнен айырмасы – айтылымда сөзді кімнің айтқаны, кімге арналғаны, себебі, мақсаты және басқалары маңызды, яғни денотативтік функцияға қоса нақты коммуникативтік жағдай көрініс табады; ал айтылымның өзі – коммуникативтік тұрғыдағы бірлік, сондықтан контекстке кіріп, пресуппозициялармен және импликациялармен сипатталады; онда айтушының коммуникативтік ниеті (сөйлеу интенциясы), мақсаты, тақырып пен ремаға өзекті мүшелеу жүзеге асады.

Айтылымда сөйлемнің лексикалық толығуы мен просодикалық рәсімделу бар; интонация айтылымға тән.

«Айтылым» терминін негізінен сөйлеуге қатысты қолданатын боламыз. Жазбаша сөзге қатысты сөйлем мен күрделі фразалық тұтастық ұғымдары қалады.

Мәтін лингвистикасы жөніндегі еңбектерде күрделі фразалық тұтастық анықтамалары мейлінше көп, сондықтан жұмыс анықтамасы ретінде мынаны таңдадық: күрделі фразалық тұтастық – ең азы екі сөйлемнен құралған, мағыналық, коммуникативтік және құрылымдық аяқталуымен және автордың хабарға қатысымен сипатталатын синтаксистік бірлік.

Күрделі фразалық тұтастық – күрделі құрылымдық-семантикалық бірлік, оның мәні оны құрайтын дербес сөйлемдердің мағыналарының жай қосылуының нәтижесі емес, бұл сапалы жаңа құрылымдық-мағыналық түзілім.

Қазіргі кезде мәтін төрт тұрғыда зерделенеді:

- семантика тұрғысында,

- прагматика тұрғысында,

- синтактика тұрғысында,

- функциялық тұрғыда.

Семантикалық тұрғыда бірлікті құрайтын сөйлемдердің мәніне көбірек көңіл аударылады. Дегенмен кейде мәтіннің біркелкі байланыспауы оның логикалық байланыстылығына теңестіріледі. Мәтіннің логикалық байланыстылығы мәтіннің байланыстылығына мүлде барабар емес, себебі мәтінде қарама-қайшылық, сәйкессіздік т.с.с. болады, ал бұл логикалық бірлікке жат.

Прагматика тұрғысында мәтіннің күрделі фразалық тұтастық бөліктерінің сабақтастығын анықтауға болады.

Синтактика тұрғысында екі негізгі бағыт бөлінеді:

а) дербес сөйлемдердің күрделі бірліктерге бірігу тәсілдерін зерделеу жолымен сөйлемнен ірілеу бірліктерді мүшелеп, зерттеу;

ә) сөйлемдердің байласымды мәтінде кірігуін жүзеге асыратын тілдік құралдарды тікелей зерделеу.

Дербес сөйлемдерді ірілеу бірліктерге біріктіру тәсілдерін зерделеуге арнаған еңбектерде күрделі фразалық тұтастық екі негізгі құрылымдық типке бөлінеді:

а) сөйлемдер бір-бірімен сабақтаса кіріккенде, аяқталған сөйлемдер арасындағы тізбекті байланысты прозалық шумақтар;

ә) сөйлемдерді өзара салыстыру немесе қарсы қою принципі бойынша салыстырғанда, сөйлемдер арасындағы параллельді байланысты прозалық шумақтар.

Прозалық шумақтардың өзінің құрылымы екі тұрғыда бөлінеді:

а) шумақтың ішкі құрылымдық ұйымын танытатын және сөйлемдерді қосудың синтаксистік құралдарымен байланысты өзіндік – синтаксистік;

ә) сыртқы суретін, контурасын, шумағын, ой мен тақырыптың дамуының сипатын анықтайтын композициялық-тақырыптық.

Сөйлем деңгейінде шумақтың осы екі типіне грамматикалық және өзекті (айтылымда) мүшелеу типі сәйкес келеді.

Күрделі фразалық тұтастықты зерделеу функциялық тұрғыда да жүргізіледі.

Күрделі фразалық тұтастық әртүрлі типтерінің бар екенін анықтайтын екі фактор: сөйлемнің бірлігін және солардың арасындағы байланыс сипатын құрастыратын түрлер, алайда бұл екі фактор өз кезегінде функциялық стильге, мәтіннің типіне, автордың өзіндік мәнеріне тәуелді.

Кейбір зерттеушілер күрделі фразалық тұтастықтан да ірі бірліктерді бөліп көрсетеді. Екі және одан көп күрделі фразалық тұтастық бір предикативтік-релятивтік кешенге бірігеді. Тілдік рәсімделуде осы кешенді бірлікті құрастыру принципі оған кіретін күрделі фразалық тұтастық санымен емес, оның мәтінде туындайтын өзара қатынастарымен, ақпаратты ұйымдастыру сипатымен анықталады.

Ақпараттың көлеміне және ортақ коммуникативтік тапсырманы орындау функциясына қарай осы кешенді бірліктердің мүшелері предикативтік (жетекші, анықтаушы) және релятивті (екінші деңгейлі, бағынышты) болып бөлінеді.

Предикативтік мүше дегеніміз – тұтас кешеннің құрамындағы концептуалды өзек, себебі ол сипатталатын оқиғалар туралы жаңа мәліметтерді хабарлау функциясын атқара отырып, кешен жеткізетін ақпаратқа көп үлес қосады.

Ал релятивтілік кешеннің басымды элементіне қатысты факультативтіліктің нышаны сияқты түсіндіріледі. Релятивтік элементтердің информативтік мәні предикативтік мүшенің информативтік мәнімен салыстырғанда онша мәнді емес, алайда бұл хабардың мәнерлік тұтастығын жасауда релятивтік элементтердің эстетикалық құндылығын төмендетпейді.

Л. М. Лосева күрделі фразалық тұтастықты синтаксистік категорияға жатқызады да, ал абзацты мәтіннің мазмұны мен құрылымына тән компонент деп есептейді [13, 92].
4.5 Көркем мәтіндегі композициялық баяндау формалары

Күрделі фразалық тұтастықтың мағыналық, коммуникативтік және құрылымдық ұйымын оның суреттеу, әңгімелеу, ойталқы (описание, повествование, рассуждение) түрлерінің функционалдық-мағыналық ұйымы ерекшеліктерін ескермей қарастыруға болмайды. Күрделі фразалық тұтастықтың бұл түрлерін Л. М. Лосева, М. П. Брандес және басқа ғалымдар жан-жақты зерттеген [13;16].


Суреттеу
Суреттеу ғылыми және іскерлік сөйлеуге тән, алайда көркем сөзде де жиі ұшырасады. Суреттеу статикалы, онда динамика жоқ.

Суреттеудің негізгі функциясы – ақиқаттың әлдебір сәтін суретке түсіру, қарапайым атауының орнына заттың бейнесін беру, затты, құбылысты табиғи ортасында суреттеу (мысалы, суреттелетін заттарды, құбылыстарды т.с.с.-ды осыған ұқсайтын нышандармен салыстыруда құрылатын жұмбақ-суреттеу).

Ғылыми және іскерлік мәтіндерде суреттеу негізінен фактографикалы немесе фотографиялы болады. Көркем мәтінде суреттеу нышандарын санамалау жолымен табиғат құбылысын (орнын, ортасының жағдайын, т.б), заттарды, адамның, кісілердің жағдайын және т.б. суреттеуге арналған. Суреттейтін затына қарай Күрделі фразалық тұтастықтың пейзаждық (уақиға орнын суреттеу) және портреттік суреттеу (кейіпкерді суреттеу) болып бөлінеді.

Пейзаждық суреттеуде орман, өзен, ауыл сияқты нақты сөздер мен оңында, солында, жанында, астында, алыста, жақында сияқты кеңістік мәніндегі сөздер жиі қолданылады.

Портреттік суреттеуде адамды (бойын, жасын, жалпы сырт бейнесін, жағдайын, т.б.) суреттейтін сөздер басқаларынан жиірек қолданылады.

Суреттеудің формалды нышандары: контиинум мәнді сөздердің (жол жиегінде, таң ата, кешқұрым, т.б.) қолданылуы, суреттелетін құбылыстың қашан болғанына байланысты өткен шақ, осы шақ, етістік-баяндауыштардың көптігі, баяндауыштың іс-қимылды емес, сын есімді болып келуі. Мысалы, жерге су сіңді-жер ылғалды.

Суреттеу құрамы көбінесе кеңістік мәнді сөздерді қолдану сипатына қатысты. Бір жағдайларда әрбір орын жағдайына бір күрделі фразалық тұтастықтың бекітілсе, басқасында бір күрделі фразалық тұтастықта бірнеше орын жағдайы пайдаланылады.

Бірнеше затты суреттеудің бір мезгілді, параллельді немесе сабақтастықты (қарама- қайшы құбылыстарды, заттарды суреттегенде контрастық әдіс қолданылады) болуы мүмкін. Суреттелетін адамдарды немесе заттарды салыстыру-мұндай суреттемелерде жиірек қолданылатын әдіс.

Затты, құбылысты, адамды суреттеу сөйлеу сөз стиліне де, мәтін типіне де қатысты. Суреттеу ғылыми-техникалық, ресми-іскерлік сөулеуде фактографикалы, көркем сөде бейнелі болады. Автордың суреттелетін затқа, құбылысқа субъективті қатысы көркем мәтіндерде (концептуалдық, модальділік, астарлы мәтін және т.б. түрде) байқалады, ғылыми және ресми-іскерлік мәтіндерде болмайды.

Фотографиялы, суретті мәтіндерде заттың суреттелуі автордың ойы мен фотографияда бейнеленген затқа қатысты. Сондықтан мұндай мәтінде мыналар ескерілуі керек:

а) суретте онсыз да айқын көрініп тұрған бейне жайлы артық сөздің керегі жоқ;

ә) суретте жоқ және оны сезіну мүмкін емес жайлар туралы сөз айтылмауға тиіс;

б) суреттің астарында көрерменнің ой жүгіртуіне жағдай тудыратындай мүмкіндік қалуға тиіс;

в) суретке арналған түсіндірме сананы сілкіндіріп, ой қозғайтындай болуға тиіс;

г) сөз фотографияға сілтеме жасай алады.

Ғалым Б. Шалабай «Көркем проза тілі» атты еңбегінде: «суреттеу болмыстың белгілі бір қалпын, күй- жайын толықтай беру үшін қолданылады»,- деп көрсеткен. Суреттеу арқылы кейіпкердің сыртқы кейпі, киім- киісі, мінез- құлқы, табиғаттың әсем көріністері және т.б. құбылыстар беріледі [17].

Кейіпкердің сыртқы бейнесін суреттеу:

Қырынан қарағанда қыз әп- әдемі болып көрінеді екен. Тайқылау біткен тар маңдайы да, артық- ауыс жерлері қырналып, қажетті қалыпқа түсірілген қою қара қасы да ұнасымды. Екі танауы делдиіңкі, келіссіз мұрны да қырлана қалғандай. Жалпақ, доғал иегі де қайтадан қашалғандай мүсінді. (М. Мағауин)



Табиғатты суреттеу:

Бұл арада кішкентай көкторғай, бөдене, көксерке, жағалтай кекілік, балтатұмсық, шілден бастап, үлкендігі анау- мынау қозы- лақтан кем емес, қарақаз, бірқазан, дуадақ, қарабай, қырғауыл мол болатын. Қазақ даласының өзге жерінде сирек кездесетін жайра, тағанақ, сақалта, алақұмай, көк қарға, қодас қоңылтырды да іздеген адам табатын (Д. Исабеков).

М. Ахметова суреттеудің екі формасын ажыратады: статикалық және динамикалық. Статикалық суреттеуге оқиғаның мекенін, орнын, кейіпкердің сыртқы келбетін, ал динамикалық суреттеуге оқиғаның қозғалысын, іс- әрекеттерді, кейіпкерлердің көңіл – күйін, мінез- құлқын жатқызады.

Статикалық суреттеуге мысал:

Осы әйелдердің ортасында еркек кіндіктен жаман жанбай ғана жүреді. Ол- қоймашы, жасы қырықтар шамасында, қалың сырмалы күпәйке- шалбар киіп жүретін тайпақ адам. Қолында бір уыс кілті бар- колхоздағы қойма атаулының кілттері. Қалтасына сыймайды да, үнемі қолына ұстап жүреді (С. Мұратбеков).

Динамикалық суреттеуге мысал:

Далаға шықтым. Дүниені бозамық сәулеге бөктіріп Сұлуқиядан тік асып ай қалықтап барады. Сансыз жұлдыздар жымыңдайды. Төңірегім шырылдаған шегіртке үні. Тоғай жақта әлде бір түн құсы әлсін- әлі кәдуілгі адамша айқайлап қояды (С. Шаймерденов).

Әңгімелеу
Әңгімелеу ең алдымен көркем және публицистикалық сөйлеуге, сондай-ақ тұрмыстық хабарлар мен әлдене жайлы әңгімелерге тән.

Әңгімелеу суреттелетін оқиғалардың дамуы туралы түсінік береді. Бірінші кезекке іс-әрекеттің (үдерістің), құбылыстың, тағы басқаларының өрбу реті шығады. Әңгіменің әрбір сөйлемі әдетте іс-әрекеттің дамуының, сюжеттің шешілуіне қарай қозғалысының әлдебір кезеңін баяндайды. Жалпы әңгімелеу баяндау мәтіні іс-әрекеттің басталуынан, шиеленісуінен, дамуынан, шарықтау шегінен, аяқталуынан, тарқатылуынан, қорытындысынан тұрады.

Мәтінде оқиғаның даму сабақтастығы нақты, яғни өмірде болғанындай не жасанды, яғни автор қолайлы санағандай, мысалы, оқиғаның аяғынан (композициялық амал-трансмутация, түрлендіру), не ортасынан басталуы мүмкін. Әңгіменің толымсыз, дискретті (оқырман тыңдаушы санасында оңай қалпына келтіре алатын буындарының түсіп қалуы) болуы мүмкін. Баяндаудың негізінде уақиға (сюжет) жатады.

Көркем мәтінде пайдаланылатын фабула мен сюжет ұғымдары ең алдымен әңгімелеу мәтіндеріне тиесілі.

Фабула – шығармада айтылатын оқиғалардың жиынтығы. Фабула – көркем мәтіннің референттік кеңістігі, ол әдеттегі мәтіннің референттік кеңістігінен біршама өзгеше. Біріншіден, жазушының тақырып деп аталатын белгілі бір ақиқат аспектісін еркін таңдауының нәтижесі. Екіншіден, фабула – шындығында болған дайын «тарихтардың» ішінен таңдап алу емес, суреткердің шығармашылық қиялынан туатын «тарих».

Сөйтіп, фабула «сюжетке дейін-ақ» өзіне көркем мазмұнды, әлемге авторлық көзқарасты сіңіреді.

Фабулаға керісінше сюжет – сол оқиғалар, тек шығармада хабарланғандай ретпен айтылған. Фабула – өмірде болған жай; сюжет – автордың соны қалай білгені, мазмұндық- астарлы ақпарат және мазмұндық- концептуалды ақпаратпен шендеседі.

Фабула – кейіпкерлердің басынан өткен оқиғалардың қиялдағы тізбегі болса, сюжет-соның қалай хабарлануы, фабуланың мәтіндегі көрінісі, ішінара іріктелген көрінісі.

Сюжетте ең бастысы – суреттеуге жататын фабула элементтерін іріктеу.

Фабула оқиға тізбегін білдіріп, мәтінде кеңінен суреттелуі мүмкін болса, фабуланы суреттеу реті (референттік кеңістіктің) композиция ұғымының негізгі мазмұнын құрайды. Фабула элементтерін іріктеу де, әңгімелеу реті де мәтіннің, әсіресе көркем мәтіннің көзқарас сияқты категориясымен тығыз байланысты.

Сюжет фабуланы мәтінде көрсету тәсілі ретінде автордың позициясын да көрсетеді, яғни автордың көзқарасы тұрғысынан осы оқиғада ненің маңызды және эксплицитті айтылымға алу керектігін, нені маңызды емес деп тауып, қалдырып кетуге болатынын көрсетеді.

Мәтінде сюжет тікелей беріледі, ал фабуланы оқырман сюжетте аталған элементтер бойынша қалпына келтіреді (яғни он фабуланың тоғызы референциалды астарлы мәтіннен құралады).

Сонымен, фабула мен сюжетті қарама қарсы қою – заңды зерттеушілік амал. Фабула – ой жүгірту, ой жүгірту болғанда да пайдалы, себебі оқырман ойымен кітапта жазылмағанды да сезіп біледі.

Әңгімеде негізгі мағыналық жүктемені нәтижелі мәнді баяндауыш атқарады. Әңгімелеудің негізгі мәні-іс-әрекеттің дамуын жеткізу. Әңгімелеу түрлі уақыт көрсеткіштерімен, оған бірінші кезекте жаздың басында, күзде сияқты уақытты білдіретін (мезгіл пысықтауышы) сөздермен қамтамасыз етілетін мезгілдік сабақтастық тән.

Әңгімелеуші бірден оқиғаны суреттеуден бастауы мүмкін.

Әңгімелеу таза күйінде де, аралас күйінде де ұшыра береді, оның құрамына суреттеу де, ойталқы да жиі кіреді.

Қазақ тіл білімінде әңгімелеу тәсілін Ахмет Байтұрсынұлының пікірінен бастауымыз қажет. Ахмет Байтұрсынұлы композициялық сөйлеу формаларын әуезе, әліптеу, пайымдау немесе зейіндеме деп көрсетеді.

«Дүниедегі нәрсенің қайсысы туралы сөйлесек те, бір жағынан ғана емес, әр жағынан алып сөз қылуға болады. Мәселен, бір адамды сөз қылуға алсақ, не ол адамның істеген ісін, айтқан сөзін қылып сөйлейміз. Я тұлға- тұрпатын, кескенін, көркін айтып пернесін әліптеп сөйлейміз, я болмаса ол адамның істеген істерінің, өзінің жақсы- жаман болғанын мәнісін, себебін тексере, пайымдап сөйлейміз. Осыған қарай сөйлеген сөзіміздің түрі не әуезе, не әліптеме, не пайымдама болып шығады [18,147]. Ахмет Байтұрсынұлы әңгімелеу тәсілін әуезе деп атап, оның шежіре, заман хат, өмірбаян, мінездеме, тарих, тарихи әңгіме деген түрлерін көрсетеді.

Қазіргі қазақ тіл білімінде әңгімелеу мәтінінің ақпараттық, әлеуметтік, психологиялық сипатын, композициялық сөйлеу бірліктерінің тілдік құрылымдық, прагматикалық және стилистикалық табиғатын анықтайтын зерттеулерін атауға болады. Б. Шалабай, Р. Сыздық, С. Құнанбаева, З. Ерназарова, С. Мұстафина, Г. Әзімжанова, Д. Әлкебаева, М. Маретбаева, Г. Әбікенова, Г. Смағұлова т.б. ғалымдардың еңбектерінде аталған мәселелер жан- жақты зерттеле бастады [19; 20; 21; 22; 23; 24; 25; 26; 27].

Ғалым Б. Шалабай «Көркем проза тілін зерттеудің ғылыми- теориялық негіздері» атты еңбегінде:

«Әңгімелеу- көркем прозаның негізгі баяндау формасы. Бұл форма арқылы объективті де, субъективті де мазмұн беріледі. Әңгімелеудің формалық, құрылымдық мазмұның оқиғалардың мезгілдік ізбе- ізділігі, құбылыстардың бірін –бірі айытыруы құрайды,»- деп көрсетеді [19, 216].

М. Маретбаева әңгімелеу мәтінін арнайы зерттеген ғылыми еңбегінде қазақ көркем порзасындағы әңгімелесу формасының ақпараттық- мазмұндық, композициялық ұйымдасу ерекшеліктерін, лексика- грамматикалық құрылымдарының өзгешелігін, көркем шығарманың стилистикалық сипатын айқындатты [26, 24].

М. Маретбаева әңгімелеу мәтіндерінің тақырыптық- мағыналық түрлерін жақтық және оқиғалы мәнді әңгімелесу мәтіндері деп топтастырады. «Жақтық мәнді әңгімелеу мәтіндеріндегі субъективтілік кейіпкердің іс- әрекетіне, соған қатысты баяндалатын оқиға- жағдайға тәуелді болса, оқиғалы әңгімелеу мәтіндеріндегі объективтілік объективтік уақытқа тәуелді болады» [26, 20].



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет