Қорытынды. Қорыта айтқанда, Танзимат реформалары ХІХ ғасырда Осман империясының саяси-қоғамдық, экономикалық, әлеуметтік өмірін дамыту мен реттеу үшін арналған мемлекеттік жоба болып, ол негізінен еуропалық негізде жүзеге асырылды. Реформаның еуропалық үлгіде жасалуына Осман империясы мен Еуропа мемлекеттері арасындағы саяси-экономикалық байланыстар мен қабылданған келісімшарттар септігін тигізді. Осман империясында еуропалық өмірге негізделген жүйені енгізу заманның басты талаптарының бірі болды. Мемлекеттің дамуы жолында Еуропа мәдениетімен, саяси-қоғамдық өмірімен тереңдей танысып, әлеуметтік-экономикалық салада барынша өзара теңдей әрекет етуге тырысқан Мұстафа Решид паша өте көп еңбек сіңірді. Ол Осман империясында реформалардың жүзеге асып, империяның еуропалық үлгіде дамуында батыс елдерімен жақсы қарым-қатынасты барынша жоғары деңгейде сақтап қалуға тырысты.
Осман империясында саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаның қабылдануы мен оның жүзеге асырылуы нәтижесінде мемлекетте айтарлықтай ілгерілеушілік және саяси-экономикалық салаларда даму байқалды. Еуропа мемлекеттерінен әр салалар бойынша мамандар келіп, олар Түркияда қызмет етті. Танзимат реформалары Осман империясы мен Еуропа мемлекеттерінің арасындағы саяси байланыстардың жоғары деңгейде екенін көрсетіп берді. Мемлекет өзіне біртіндеп, Еуропаның даму жоспарын қабылдады. Қоғамда еуропалық даму үрдісі орын алды. Сан ғасырлар бойы исламдық және шығыстық мәдениетке негізделген осман қоғамы енді жаңа дәуірге еуропалық үлгіде аяқ басты. Реформалардың жүзеге асыруының нәтижесінде Осман империясына еуропалық капиталистік жүйе толық ене алды. Мемлекетте капиталистік құрылыс орнады. Бұған сұлтандық абсолюттік биік пен исламға негізделген діни ұстанымдар ашық қарсылық көрсете алмады. Өйткені бұл заман мен қоғам дамуының заңды талабы еді.
Достарыңызбен бөлісу: |