«Қостанай таңының» кітапханасы Сәлім меңдібаев


Қызбелден самғаған бір қыран



бет6/24
Дата04.11.2016
өлшемі4,05 Mb.
#348
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24

Қызбелден самғаған бір қыран

Қоғам және мемлекет қайраткері

Нариман Қыпшақбаев туралы сөз

1. Қайран, Қызбел!
Торғайдың Қызбелі – тарихи мекен. Ол Торғай табанындағы ерекше сулы өлке. Осындағы Сарықопа көлі сарқылмайтын байлық, көңілдің көркі, көздің қуанышы. Оны мемлекет арнайы қорғауға алған. Осы көлге тұс-тұстан жамырай келіп құйып, айнасын жарқыратып толтырып жататын өзен-жылғалары қаншама. Соның бірі – Теке. Қостанай жақтан Дәмді, Мойылды, Сарыөзен осылай қарай жол тартып, Қызбелде бастарын түйістіріп, қоңыраулатып Сарықопамен табысады. Қызбел осы Қоңыраулы бойында, Қоңыраулы бұрын терең, айдынды өзен болған. Қызбел балаларының қызығы да осы өзен бойында...

Марқұм, белгілі журналист Байтұрсын Ілияс ағамыз, қалам ұстаған өз қатарым Қайсар Әлім, сол Қоңыраулы бойынан қанат қаққан тағы бір қаламгер Жұмағали Арғынбаев осы Қызбел туралы талай сырға толы әңгіме өрбітіп еді... Өзімнің де ата-бабам бұдан үш ғасырдан астам уақыт бұрын осы қасиетті Қызбел қырынан бүгінгі қоныс Меңдіқараның Алакөл жағасына қоныстанған екен. Былтыр сол Өтей бабамыздың туған жері – осы Қызбелге ескерткіш қойғанда, соның басы-қасында жүрген көп ұрпағының бірі болғанымды да мақтаныш етемін.

Сонау Мажарстан елінен Мадияр бауырлар әдейі келіп, қазақ-венгр этнофестивалін осы қасиетті Қызбелде өткізгенде сол тарихи шараға қатысқан жандардың бірі де өзіміз болған едік.

Байтұрсын Ілияс ағамыздың бірде былай деп жазғаны бар: "Осы Қызбел ауылында және Қоңыраулының қарсы жағасындағы Өзенкүздік деген мүйісте 1918 жылдың күзінен 1919 жылдың көктеміне дейін Алаштың арыстары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов басқарған алашорда, әскерімен, штабымен қыстап шығыпты. Олардың ішінде Бейімбет Майлин де болыпты. Көктем туысымен алашордалықтар Кеңес өкілдерімен сөз байласып, Торғайға енген. Аманкелді Иманов 2 мың алаш әскерін құрметтеп қарсы алып, қалаға кіргізген. Оның арты қайғылы болғанымен де, аталардың істеріне олай-бұлай деп айта алмайсың. Ел тағдырын ерлер шешкен тарихи күндер еді, өтті, кетті. Ұлы жазушы Сәбит Мұқановтың "Мөлдір махаббат" кітабының кейіпкерлері, оқиғалары Қызбел өңірінен алынған. Бүркіт пен Бәтес Қызбел адамдары. Махаббат мекені – Қызбел жері.

Нариман Қыпшақбаев осындай көрікті жерде, оқиғалы елде кіндік кесіп, ер жетіпті".

2. Сол Нариман кім еді?
Ол 1934 жылы сол Қызбелде туды. 1953 жылы Торғай селосындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепті аяқтады. Айта кетейік, бұл алтын ұядан ұлттың рухани көсемі ұлы Ахаң, Ахмет Байтұрсынов та, білім алған еді. Ал мектепті бүкіл қазақтың маңдайына біткен ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің өзі салғызған болатын.

Нариман сол мектепті бітірген жылы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылық институтының гидромелиораторлық факультетіне түсіп, 1958 жылы "инженер-гидротехник" мамандығын алып шығады. Айта кетелік, сол кезде Қазақстанда мұндай жоғары білімді мамандар саусақпен санарлық-ақ еді.

Еңбек жолын ол Алматы облысы Түрген өзені су ресурстары басқармасынан бастайды. Жас маман тапсырылған іске деген жауапкершіліктің арқасында бірден көзге түсіп, бір жылдан кейін суды пайдалану жөніндегі ауданаралық басқарманың бөлім бастығына жоғарылатылады.

Ал 1960 жылы оны республика Су шаруашылығы министрлігі аппаратына ауыстырады. Мұнда ол аға инженер, бөлімнің бас инженері, бөлім бастығы қызметтерін атқарып, суды және Қазақстан су шаруашылығы жүйесін пайдалану мәселелерімен айналысады. Осы кезеңнен бастап ол ішкі мемлекеттік және мемлекетаралық су қатынастарын ретке келтірумен айналысады, республикалық және одақтық ғылыми-техникалық семинарларға қатысады, талай маңызды құжаттарды дайындауға ат салысады.

1969 жылы Нариман Қыпшақбаев Семей облыстық мелиорация және су шаруашылығы басқармасының бастығы болып тағайындалады. Мұнда ол Ертіс өзені суын тиімді пайдалану, суармалы егісті ұлғайту сияқты өңір экономикасын өрге бастыруға қажетті талай жұмыстарды жүзеге асырады. Ол өзін жаңа тұрпаттағы басшы, істің көзін таба білетін маман және ұйымдастыру қабілеті мол қайраткер тұлға ретінде көрсетеді. Сондықтан да болар, Қазақстан Республикасының Үкіметі оған жаңа міндет жүктейді, сөйтіп Қызбелде туған түлек 1974-1981 жылдарда Мелиорация және су шаруашылығы министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасында суды пайдалануды реттеу және қорғау бас мемлекеттік инспекторы болады. Ал 1981 жылы Нариман аға Қазақ КСР Мелиорация және су шаруашылығы министрі болып тағайындалып, ен байтақ елімізде су ресурстарын тиімді пайдалану және оның жаңа көздерін тауып, іске қосу жолында терең ізденіс танытады. Сонымен бірге ол орасан зор ғылыми-қоғамдық жұмыстар атқарады. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланады.

1990 жылы Нариман аға бір топ мамандармен бірге "Қазақ КСР су шаруашылығын басқару концепциясын" дайындап, ресми құжат ретінде Үкіметке ұсынады. Бұл ұсынысты Қазақ КСР Министрлер Кабинеті мен Жоғарғы Кеңес қолдап, соның негізінде Қазақстан Республикасының су ресурстары жөніндегі Мемлекеттік Комитет құрылады, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен сол 1990 жылы 29 желтоқсанда Нариман Қыпшақбаев осы комитет төрағасы болып тағайындалады.

Нариман Қыпшақбайұлы КСРО тарағаннан екі айдан кейін "Қазақстан Республикасы, Қырғызстан Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы және Түркіменстан арасындағы мемлекетаралық су ресурстарын бірігіп басқару және қорғау келісімін" жасаудың бастамашысы болды, мұның өзі Арал теңізі бассейнінің мәселесін бірігіп шешуге жол ашты. Осы келісіммен Су шаруашылығын үйлестіретін мемлекетаралық комиссия (МКВК) құрылды. Бұл комиссия содан бері табысты жұмыс істеп келеді.

Нариман Қыпшақбаев су нысандарын бірігіп пайдалану жөніндегі Қазақстан-Ресей үкіметтері арасындағы келісімнің, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы осындай келісімнің жасалуына ерекше үлес қосты.

Қызбелдің төл перзенті 11 жылдан астам Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшесі болды, оның ел игілігі үшін еткен еңбегі еліміздің жоғары наградаларымен аталып өтті. Ол Еңбек Қызыл Ту, екі "Құрмет Белгісі", тәуелсіз Қазақстанның "Құрмет" ордендерімен марапатталды. Оған 1980 жылы "Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген гидротехнигі" құрметті атағы берілді.

Биыл жетпіс бес жасқа толған қайраткер ағамыз әлі де сапта, 1996 жылдан Орталық Азиядағы су шаруашылығын үйлестіретін мемлекетаралық комиссиясының ғылыми-ақпараттық орталығы Қазақ филиалының директоры болып қызмет істейді. Қазақ сәулет-құрылыс академиясының профессоры, Ресей Федерациясы су шаруашылығы ғылыми проблемалары академиясының академигі, техника ғылымының кандидаты.


3. Су иесі Сүлеймен
Мектепті бітіріп, Алматыдағы ауыл шаруашылық институтының гидромелиоративтік факультетіне оқуға түсіп, елге оралған жас түлекке бір ақсақал:

– Қалқам-ау, осы ағып жатқан, табиғат жаратқан судың да ғылымы болған ба? Сонда қай жердің суына келіп, су иесі Сүлейменше патшалық құрмақсың? – деп сұрайды.

– Қазақтың жерінде су жетеді, ата. Бірақ сол атам қазақ"Судың да сұрауы бар" деген емес пе?! Табиғаттың осы ен байлығын, тіршіліктің нәрін үнемді, ұқыпты, ғылыми негізде пайдаланбай болмайды. Бей-берекеттік дарияны да құрғатады, өзенді де кептіреді, көлді де жояды. Сарықопа айдынды, Қоңыраулы ағысты, Теке толқынды болсын десек, су маманы керек. Жер маманы – агроном болмаса, егін шықпайды, су маманы – гидротехник болмаса, ағысты өзен, айдын көл құрғайды...

Жас жігіттің жігерлі жүзіне барлай қараған сол қарт:

– Қадамыңа гүл бітсін, қарағым. Үлкен бір іске бет бұрған екенсің, арты қайырлы, маңдайың жазық болсын, балам. Су иесі Сүлеймен қолдасын, – деп батасын берген екен.

Қостанайда осы Нариманның бала күннен бері бірге жасасып келе жатқан досы, су шаруашылығының білгір маманы, кезінде ұзақ жылдар бойы облыстың су шаруашылығына басшылық жасаған білікті азамат, инженер-гидротехник Ғайыпназар Қойшин тұрады. Нар-ағаң сол досына баспадан 2004 жылы шыққан өзінің "Региональные проблемы водного хозяйства" атты кітабын мынандай қолтаңба жазып сыйлапты: "Ғайыпназар! Екеуіміз су шаруашылығы мамандығын алғаннан кейін көптеген жылдарымызды күрделі де керекті іске, ел экономикасын өркендетуге арнадық. Соның белгісі ретінде көптеген су шаруашылығы нысандары қалды. Олар біздің өткен өміріміздің белгісі, өшпес ізіміз. Солардың көрінісін осы кітаптан да табуға болады.

Н.Қыпшақбаев.

27.05.2004 ж."

Бір қызығы, Нар-ағаң Қостанайға келген сайын сол Ғайыпназар досын іздейді. Екі инженер өткен-кеткенді әңгіме етіп, ұзақ сырласады.

– Қарт Торғайдан талай министр шықты, – дейді Ғайыпназар ағамыз, – жер министрі Кәрім Тоқтабаев, Оқу министрі Ахмет Байтұрсынов, Қызбелден шыққан министрлер Асқар Закарин, Едрес Сейілов, Нариман Қыпшақбаев, академиктер Кенжеғали Сағадиев, Сайлау, Сәбит Байзақовтар, Фазылхан Бәйімбетов... Осындай жерді киелі дейміз. Нариман жылда болмаса да сол киелі жер, алтын бесік, туған жерге жиі келеді. Биыл да ат басын бұрмақ.

"Есейдік ерсі демессіз,

Іні деп көпке айта алам,

Ол жерде бірақ себепсіз,

Бала боп кетем қайтадан..."

Иә, ақын айтса қалт айтпайды. Қызбелден қанат қомдап, дана болған бір түлек, сол қасиетті Қызбелге балалық шағын сағынып келеді. Өйткені туған жердің топырағы оған ұлан-ғайыр күш береді, Қоңыраулы өзенінің күміс сыңғыры жан дүниесін ерекше бір рахат сезімге бөлейді.

Институтқа оқуға түскенде оған таңдана сұрақ қойған қария бүгіндер бұл фәниде жоқ, бірақ сол дана ақсақалды қимас көңілмен еске алатын академик, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, су иесі Сүлеймен атанған асыл ағамыз, Нар-ағамыз, Нариман Қыпшақбаев пен оның ізін қуған іні-қарындастары, тәуелсіз қазақ елінің әрбір тамшы суын асылға, қасиетті қазынаға балаған бүгінгі ұрпақ бар.

Қайран Ғафекең, Ғафу ақын не деп еді:

Мен қайтем Қызбел десе, тебіренбей,

Зырқырап құшағыңа келіп енбей.

Мекенім – рухымның шаңырағы,

Төзер ме сүйгіш жүрек сені көрмей?!

Қашанда қайда жүрсем, жадымда сен,

Атыңнан ессіз күнде жаңылмас ем.

Көңілімнің қиял салған өлкесінде,

Тұрасың жалт қарасам жанымда сен.

Сол Қызбел қыран қанат бір ұланы Нар-ағаңдарды аялап, қияға самғатып, ұзақ жылдар бойы бауырына баса берсін...


Өмірі – Өнеге

Қасымбек Бұхметов туралы мұңды сыр

Еліміздің ардақты азаматы, қандай да бір лауазымды қызмет атқарса да сыпайы мінезі, кішіпейіл қалпынан таймаған жаны жайсаң, кіршіксіз таза тұлға Қасымбек аға Бұхметовтың дүниеден өткеніне де қырық күн болды. Қасекең зейнеткерлікке шыққан соң Дінмұхамед Қонаев атындағы халықа-ралық қор мен академик Қаныш Сәтбаев қоры облыстық бөлімшесінің төрағасы болды. Ол осынау қайталанбас тұлғалардың мұрасын насихаттауда ерекше еңбек етті. Ең бастысы белгілі журналист Николай Дегтярев екеуі бұрын осы Қостанай өңірінің айтулы азаматы Оразалы Қозыбаев бастап шығара бастаған "Астық пен металл өлкесінде" атты кітаптар сериясын шығаруды жалғастырды. Күні бүгінге дейін облыс өмірінде ерекше із қалдырған танымал тұлғалар жайлы бұл баға жетпес шығармалардың он екі томы жарық көрді. Қасекең де қалам қарымын танытып, белгілі ғалымдар, өндіріс басшылары, қоғам қайраткерлері, әдебиет пен өнер адамдары туралы көсіле жазды. Жанына жазушылар мен журналистерді, ардагерлер мен жастарды топтастырды.

Қасымбек ағамыздың өтінішімен біз де осынау келелі шаруаға араластық. Академиктер Темір Дарханбаев, Өмірбек Оспанов, қоғам қайраткері Ілияс Омаров, ортамызда жүрген ардақты ағалар Мағауия Жүнісов, Қажи Маманов және басқалар туралы сол кітаптарға очерктер жаздық. Ағамыз әр дүниеге мұқият қарап, кітаптың редакторы және жауапты шығарушысы ретінде түзетулер енгізіп, қазақша жазылған дүниелерді орысшаға аудартып, сапалы болып жарық көруіне көп күш жұмсады.

Бүгіндер осы қор шығарған сол кітаптарды парақтап отырып, бүкіл облыс өмірінің шежіресіне қаныққандай боласың. Қостанай – не деген бай өлке, қандай ғажап адамдар шыққан деп таң қаласың. Ал солардың өмірі мен еңбегін кейінгі ұрпаққа аманат етіп тапсыру да осы Қасекең атқарған жұмыс ұшан-теңіз.

Ағамыз қашан көрсең де сабырлы қалпынан таймайтын. Іске ұқыпты, мәттақам еді. Онысы, бәлкім, жастайынан статистика саласында жұмыс істегендіктен болар. 1947 жылы ол еңбек жолын сол кездегі Пресногорьков аудандық статистика бөлімінде учаскелік инспектордан бастаған еді. 1948-49 жылдары Жамбыл қаласында Орталық статистика басқармасы аудандық инспекторларының курсында оқиды. Сонымен бірге Жамбыл статистика техникумына түсіп, оны экстерно бітіреді. Елге оралысымен ол аудандық статистика бөлімін басқарады.

1949-1952 жылдары әскер қатарында болып, Украинаның Волын облысында азаматтық парызын өтейді.

Болмысында көпшіл, кісіге жуық, ұйымдастыру қабілеті зор Қасымбекті аудан жастары комсомол жұмысына тартады. Ол аудандық комсомол ұйымы ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып бекітіледі, араға көп уақыт салмай аудандық партия комитеті жалпы бөлімінің меңгерушісі болады.

1956 жылдан бастап жас та іскер жан қызмет баспалдақтарымен жоғары өрлейді. Сол Пресногорьков аудандық партия комитетінің хатшысы, Таран аудандық атқару комитетінің төрағасы, Науырзым аудандық атқару комитетінің төрағасы, Қамысты аудандық атқару комитетінің төрағасы, Қарасу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары сияқты лауазымды қызметтерді жемісті атқарды.

1976 жылы Қасекең Қарасу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тұрғанда іссапармен барып, жүздескен сәтім күні бүгінге дейін есте. Сол жылы егін бітік шықты. Мол өнімді жинауға жан-жақтан механизаторлар, студенттер, әскерилер келді. Қарасуда да қарбалас. Бірақ бірінші хатшы сабырлы. Журналиспен асықпай отырып, жүздесті. Қойған сұрағымызға толымды жауап алып, риза болыстық. Және талай деректерді қағаздарға үңілмей-ақ жатқа айтып отырды. Және жанында отырған басқа үлт өкілдеріне қарамай қазақша сөйледі. Ол кезде бұл әрекет тіпті қазақ газетінің өкілі өзімізге де тосындау көрінгені рас.

Оны айтасыз, 1979 жылы облыстық партия комитетінің екінші хатшысы кезінде бір топ журналистерге ауыл шаруашылығы науқандарын баспасөзде жазып-көрсетудегі жемісті жұмысы үшін облыстық атқару комитетінің Грамотасын тапсырды. Кезек маған келгенде – жұртқа естірте:

– Қарағым, бақытың аса берсін! – деп қазақша игі тілегін білдірді.

Ағаның сол бір жылы сөзі әлі күнге дейін естен кеткен жоқ.

Д. Қонаев пен Қ. Сәтбаев қорын басқарып жүргенде газетімізге осынау қайталанбас тұлғалар жөнінде талай мақаласын жариялады. Бір жылы Қасекеңнің академик Сәтбаев туралы жазған мақаласы жылдың таңдаулы материалы деп танылды. Ағамызды ортаға ала отырып, құттықтадық. Сөйтсек, Қасекең журналист іні-қарындастарыма деп үйден сәлемдеме ала келіпті. Ақыры құттықтау арты кіші-гірім тойға ұласып кете барды.

Нағыз мәдениетті адам осы Қасекеңдер еді. Онымен бірге қызметтес болған талай жандар абзал ағаның асыл қасиеттерін жыр қылып айтады. Еш адам ешқашан оның біреуге дауыс көтергенін, өктем қылығын көрмеген шығар. Адамгершілігі мол, мінезі кең, кіршіксіз таза ағамыз ақырғы сапарға да сол қалпында аттанды.

Құдайға шүкір, артында ұрпағы, оны сыйлап-құрметтейтін қалың елі қалды. Елі де азаматының еңбегін ерекше жоғары бағалаған еді, ол үш бірдей Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған болатын.

Қасекеңнің өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Өйткені ол мына тылсым тіршіліктің небір құйтырқы иірімдерінен арына дақ түсірмей, дүниенің бұралаң жолдарында жоғары адамгершілік, парасаттық жолдан таймай өткен кіршіксіз таза, адал да абзал жан. Ол елінің есінде де сол қалпында сақталмақ.

Кең далаға бауыр басқан

Ауыл шаруашылық өндірісінің білгір ұйымдастырушысы,

қайраткер азамат Жағыпар Ақбасовпен сырласу
1. Бәріміз де бала болғанбыз
Құрметті Жақа!

Сіздің балалық шағыңыз шаттыққа толы болған жоқ. 1937 жылының ойранында дүниеге келген Сіз бесіктен беліңіз шықпай жатып, қиыншылық пен қатыгездікке тап болдыңыз. Соның бәріне кешегі қызыл империяның өктем саясаты кінәлі еді. Семиозер ауданы Миялы ауылында туған Сіздің әкеңіз Молдатаев Төлеубай өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарының бірі болатын. Бухгалтерлік мамандық алып, алаңсыз қызмет істеп жүрген шағы еді. Ал оның әкесі, Сіздің атаңыз кезінде сауда-саттықпен айналысқан, бүгінгі заман тілімен айтсақ коммерсант еді. Жаңа үкімет қойсын ба, атаңыз қуғын-сүргін құрбаны болып кете барды.

Отыз жетінің ойраны колхоздың есеп-шотын қағып, отбасын асырап отырған әкеңізді де айналып өтпеді. «Халық жауының» кейпін кейіп, тор қапастан бір-ақ шықты ол бейбақ.

Анаңыз Әсия да мезгілсіз дүниеден өтті. Сіз әжеңіз Әдеміштің бауырында өстіңіз. Туған анаңыздың бейнесі де есте қалмапты, өйткені ол кезде Сіз оң-солын танымаған кіп-кішкентай сәби едіңіз ғой.Әже ана орнын жоқтатқан жоқ, әрине, айналып-толғанып, бауырына басты, мына жалған дүниедегі ең бір қимас жанындай аялады, әлпештеді.

1945 жылға дейін әженің аялы алақанын сезініп, жанында томпаң қақтыңыз. Соғыстың ауыр жылдары ел іші де жетісіп тұрған жоқ еді. Бірақ әженің арқасында Сіз аштық, жалаңаштықты көрмедіңіз, Әдеміш әже бар жылы-жұмсағын немересінің алдына тосатын.

Уақыт өтіп жатты. «Халық жауы» ретінде тұтқындалған ата мен әке де елге оралып, кенді қала Жітіқараға қоныстанды. Әке үйленді, ата көп ұзамай қайтыс болды.

Әкеңіз Төлеутай Молдатаев Науырзым ауданының азаматы болатын, Данабике өзенінің жағасындағы қазақ ауылында туып, өскен-ді. Кейін ол сол Дана деген жігіт пен Бике деген қыздың (өзен осы екі ғашық есімімен аталады) махаббат хикаясын поэма етіп жазды. Бұл шығарманың түп нұсқасын тауып алып, «Қостанай таңы» газетіне биыл Сіз жариялаттыңыз. Мұның өзі дүниеден өткен әкеге деген перзенттік құрметтің бір көрінісі болса керек, Жақа.

Әке неге «халық жауы» атанды? Ер жетіп, оң-солын таныған соң Сіз шындықты білгіңіз келіп, оны соңына шам алып түсіп, іздедіңіз. Кешегі Кеңес Одағы Коммунистік партиясының ХХ съезінен кейінгі жылымық тұста әкеңіз Төлеутай Молдатаев сол кездегі Бірінші хатшы Н.С.Хрущевтің өзіне хат жазған екен ғой. Онда былай депті: «Мен 1913 жылы тудым. Артта қалған, кедей қазақ ауылында тұрдық, жоқшылық азабын тарттық. Қостанайдағы «Казкоммуна» мектебінде оқыдым. 1929 жылы 7 класс бітірдім. Одан кейін қаражат тапшылығынан оқи алмадым. 1937 жылға дейін Семиозер ауданында есепші-бухгалтер болып істедім. Комсомол мүшесі едім. 1937 жылдың шілдесінде НКВД адамдары мені тұтқынға алды. Оның себебі Семиозер орман шаруашылығының директоры, мұның алдында тұтқындалған Юсупназаровтың көрсетімі еді, оның айтуынша мен ол басқарған контрреволюциялық ұлтшыл ұйымның мүшесі болыппын».

Одан әрі әкеңіз түрмеде көрген қорлығын жазыпты, Жақа.Адамның жаны түршігеді. НКВД адамдары Белозеров пен Борисенконың көрсетпеген қорлығы қалмапты. Ес-түссіз жатқан әкеңізге бір хаттамаға қол қойдырып алып, содан жазықсыз жан үштіктің ұйғарымымен он жыл арқалап кете барыпты.

1939 жылы істі қайта қарап, қылмыстық құрамы жоқ деп босатады. Бірақ 1941 жылы сол жалған жаламен қайта қамайды. Тек 1943 жылы ауыр науқасқа шалдыққан оны елге қайтарады. Н.С.Хрущевке жазған хатынан кейін, КСРО Бас прокуратурасы Төкеңді толық ақтайды. Ол өз мамандығы бойынша қызметін жалғастырады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас бухгалтерлігіне дейін өседі.

Құрметті Жақа! Сіздің «Шолақсай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, ауыл шаруашылығы өндірісінің білгір ұйымдастырушысы, абзал азамат Өмірзақ Ихтиляповпен туысқандық қарым-қатынаста екеніңізді біреу білсе, екіншісі білмес. Сіздің анаңыз Әсияның ағасы Бекділданың ұлы осы Өмірзақ екен. Сіздердің нағашы-жиенді болып жарасты ғұмыр кешіп жатқандарыңыз туған-туыстар мен кейінгі балаларға да ерекше ғибрат, үлгі-өнеге.

Сіз ыңғи да Әмірғали Ақбасов пен оның зайыбы Рахима Нүктееваны ауыздан тастамайсыз, Жақа. Расында олар Сіздің нағыз ата-анаңыз бола білді. Әмірғали әкеңіз Төлеубайдың ағасы еді. «Халық жауының» салқыны кішкене Жағыпарға тиіп кете ме деп өз фамилиясына жазғызып, қашан ел қатарына қосылғанша қамқорлық көрсеткен сол қимас жандардың сенімі мен үмітін ақтаған да өзіңізсіз, Жақа.


2. Алынған асулар
Орта мектепті бітіріп, қайда барам, не істеймін деп ойланып жатпай-ақ селолық кәсіптік-техникалық училищеге тарттыңыз. «Шолақсайда» ДТ-54-тің құлағында ойнап, дарқан дала төсіне шыққаныңыз әлі де ұмыт болған жоқ, әрине. Бірақ Сіз оқуды армандадыңыз. Сол арман 1956 жылы Петропавлға жетеледі. Сондағы ауыл шаруашылығын механикаландыру техникумына түсіп, сол оқу орнының дипломын алдыңыз. Петропавлға текке барған жоқсыз, әрине, онда сіздің туған әкеңіз Төлеубай Молдатаев облыстық ауыл шаруашылық басқармасының бас бухгалтері болып істейтін.

Сол қалада жүріп еліміздің біртуар азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаровпен жақын танысқаныңызды ерекше мақтан етіп айта жүресіз. Өйткені Ілекең мен Төлеубай ерекше досжар жандар екен. Ол тұс Ілияс ағаның Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің хатшысы болып қызмет істеп жүрген кезі болатын. Біртуар тұлғаның маңдайыңыздан сыйпап, арқадан қаққанын әлі ұмытқан жоқсыз. Ондай жылы кездесулер мәңгілік ұмытылмайды да.

Кейін Сіз өзіңіздің «Судьба Степняка» атты кітабыңызда былай деп жаздыңыз: «Жена Ильяса Омарова никогда не отпускала меня, не накормив и не напоив чаем. В этой дружной, интеллигентной семье царила какая-то мне еще неведомая атмосфера людей иной формации, высокой культуры».

Техникумды бітіріп, елге оралған соң механик, трактор-егіс бригадасының бригадирі, «Дәмді» совхозының бас инженері сияқты қызметтерді атқарып, көзге түстіңіз. Сол «Дәмдіде» облыстық партия комитетін ұзақ жылдар бойы басқарған Андрей Бородиннің ақыл-кеңесін тыңдап, онымен жақын таныстыңыз. Сол таныстық, тәжірибелі басшының кісі танығыштық қасиеті Сіздің кейінгі өміріңізде айтарлықтай із қалдырғанын Сіз алғыс сезімімен еске алып жүресіз. Кейбір жоғары қызметтерге ілініп, абыройға бөленген жандардың «Өзім болдым, өзім толдым» дегенін талай естідік, маң-маң басып, кербезденген қалпын талай көрдік. Пәтшағарларды кезінде қолдап, қолтықтан сүйеп жіберген жандар туралы тіс жармайтыны бар ғой. Олар «Адамның күні – адаммен» деген өмірлік пәлсәпаны мүлдем ескермейді. Өмір тәжірибесі нені көрсетеді, сен мың жерден талантты, қабілетті, іскер бол, дәл уақытында жоғарыдағы басшылардың бірі сол қасиетіңізді бағалап, жөн сілтеп жібермесе – көптің бірі болып қала бересің.

Андрей Михайлович Сізге тың төсінде жаңа орнаған, қиыр шеттегі «Степняк» совхозын басқаруды жүктеді. Сол кезде Сіз бар болғаны 25 жаста едіңіз. Шын мәнінде дарқан дала төсіне жаңа шаруашылық орнаттыңыз. Қиын болды төздіңіз. Қаншама құрылыс салдыңыз, қаншама тағдырға ортақтастыңыз, қаншама жандарға қамқор болдыңыз. Шын мәнінде дала ұлы, дарқан даланың бір перзенті болдыңыз, кең далаға бауыр бастыңыз.

«Степнякқа» келгенде жатақхана – киіз үйде, асхана – ашық аспан астында еді ғой. Сіз сол «Сетпнякқа» жан бітірдіңіз, заман талабына сай ауыл шаруашылық өндірісін құрдыңыз. Жылма жыл егіншілік те, мал шаруашылығы да дами түсті. Ауызға Ақбасов ілінді.Талай жиналыстардың төрінде отырдыңыз, мәртебелі мінбелерден сөз сөйледіңіз.

Кейде ел үшін еткен адал еңбегіңді, ізденісің мен талпынысыңды бір өктем басшының жалғыз ауыз сөзі жоққа шығарып, өзіңді өзекке тебетін де сәттер болады. 1969 жылы қуаңшылық болып, егін шықпады. Астықтың әрбір килограмы есепке алынып, қатаң бақылау қойылды. Осындай кезде жұмысшылар мен шопандарға бірнеше центнер ұн бөліп, оны үйлеріне жеткізіп бердіңіз. Осы «жомарттығыңыз» өзіңізге пәле болып жабысты ғой, Жақа. Қызық. Өздері өндірген өнімнен өздері қағажу қалса, ондай жұмысты кім істемек? Кезінде соны түсінуге, түсінуге емес қарапайым қағиданы ұғынуға да басымыз жетпеді-ау.

Ақбасовтың бұл «ісі» ауданға жетті. Комиссия келді, тексеріс жүрді, Сіз де ештеңені жасырмай ағынан жарылдыңыз. Бірақ партиялық диктаттың алып доңғалағы айналысқа түсіп жүре берді. Аудандық партия комитетінің бюросына шақырып, Сізді қызметтен алу, партяидан шығару, істі сотқа беру керек деп даурықты ғой, Жақа. Сол бюро үстінде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Е.Жәуіков А.Бородинге телефон соғып, «не істейміз» дейді ғой баяғы.

Бородин бұл «сотты» доғарыңдар, ол өзі үшін емес, малшы мен диқан үшін істеді ғой, деп үзілді-кесілді қарсы болып, араша түскенін Сіз, әрине, әлі ұмытқан жоқсыз.

«Степняк» Сізді халыққа танытты. Сіздің ұйымдастырушылық, іскерлік қасиеттеріңізді сыннан өткізді, «Степнякта» Сіздің үш балаңыз дүниеге келді, сондықтан да «Степняк» Сізге тым ыстық, қимас мекен.

Дегенмен енді Сізді берекелі «Бестау» күтіп тұр еді.

«Бестау» совхозының Сіз директор болып тұрғанда аты алысқа кетті. Дала төсінде тамаша қалашық орнады. Ұшы-қиыры жоқ кең далада бітік егін жайқалды, дала төсі мыңғырған малға толды. Тұрғындарың тұрмысы түзелді, еңбекке деген ынтасы артты, көңілдері көтерілді. Елге береке-бірлік келді. Оны күні бүгінге дейін сол ауылдың тұрғындары аңыз қылып айтады, Жақа. Өзіміз де сол «Бестауда» талай болдық. Талай таң қалдық.

«Бестау» Сізді де талай белестерге көтерді. Кешегі Одақтың кең танылған қайраткеріне айналдырды. Мәртебелі марапаттарға ие болдыңыз, олардың ішінде Ленин ордені, екі Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендері бар. КОКП 25 съезіне делегат болып сайланғаныңыз да өміріңіздегі ең бір айшықты кезең.

Сексенінші жылдардың басында облысқа басшылыққа Василий Демиденко келді. Жиырма жылдан астам қос Ленин орденді Қостанай облыстық партия комитетіне жетекшілік еткен Андрей Бородин зейнеткерлікке шықты.

В.Демиденко Сізге басқа қызмет ұсынды. Қамысты аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы болып сайландыңыз. Әрине, «Бестаудан» кеткіңіз келген жоқ, кеңсе жұмысынан гөрі Сізге үйренген шаруашылық жұмысы оңтайлы-ақ еді. Бірақ онымен санасып жатқан кім бар, партиялық талап солай. Бірақ Сіз он жыл бойы осы лауазымда қызметті абыройлы атқарып, шалғайдағы ауданның экономикасы мен әлеуметтік саласының дамуына бір кісідей үлес қостыңыз. Оны халық біледі, Қамыстыда да Сіз қалдырған із сайрап жатыр.

Адам ұрпағымен жасайды. Құдайға шүкір, Қайратыңыз, Раузаңыз, Айманыңыз, Асхатыңыз, Болатыңыз, Шолпаныңыз ата-ана үмітін ақтады, білім алды, білікті азаматтар болып өсті, немере-жиендеріңіз де көз қуанышы, жетпіске толып отырған атаның мерейі мен үміті. Өмір жалғасып жатыр. Сол өмірде бір кісідей еңбек етіп, еліне елеулі, халқына қалаулы бола білген абзал азаматтардың бірі де өзіңізсіз, Жақа!




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет