«Қостанай таңының» кітапханасы ТҰмарымыз – ТҮркістан баһадүр бабалар туралы баян



бет2/13
Дата25.12.2016
өлшемі3,2 Mb.
#4856
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

Қарабалуан Алдиярұлы
Орта жүзде Қарабалуан (Жанұзақ) Алдиярұлының азаттық үшін күресін, ел басқарған әділ билігін, қол бастаған батырлығын білмейтін қазақ жоқ десе болады. Бірақ ақтабан шұбырынды кезіндегі көптеген батырлар туралы деректер сақталмай, орыстың боданы болғаннан кейін олардың ерлігін жазып таратуға тиым салынды. Сол себепті Қарабалуан (Жанұзақ) Алдиярұлы туралы деректер Орынбор мен Омбының мұрағаттарында әлі күнге дейін жарияланбай, іздеушілерін күтіп жатыр.

Шын аты Жанұзақ Алдиярұлы, Арғын тайпасының Тоқал Арғын атанған атасының ұрпағы. Арғын тайпасы қазақ руларының ішіндегі ең көп және ұлы, дана адамдар шыққан ру. Сүйінбай ақынның сөзімен айтсақ:

«Анау жатқан Арғыным,

Арғын атқа қонғанда

Басыңнан сенің қарғыдым!

Арғын деген сансыз ел,

Мекен еткен қоныс қып

Дүниенің жарымын.

Ешкім басып көрген жоқ

Бұлардың қарқын, арынын!

Жерге кіріп кетерсің,

Олардың бассаң тамырын!»

Тоқал арғындардың Шағыр деген атасынан Саржетім, екінші әйелінен Сомжүрек, Аманжол туады. Саржетім әрі би, әрі батыр болып бүкіл қазаққа аты жайылған. Шәкәрімнің Нартайлақ пен Нұрсұлу поэмасында осы Саржетім суреттелген. Саржетімнен Ағлан мен Жолдыбай туады. Жолдыбайдан Сүгір, Жиенбет тараса, Ағланнан Ақымбет, Бекімбет, Шымболат, Жауғашты туады. Қарабалуанның арғы атасы Жауғашты. Жауғаштыдан Мадияр, Алдияр, Құдияр туады. Қарабалуан (Жанұзақ) Алдиярұлы 1688 жылы Қаратауда дүниеге келді. 1723 жылы Қаратаудан осы күнгі Торғай, Қостанай жеріне, ақтабан шұбырынды заманында қоныс аударады. Саржетім, Сомжүрек, Аманжол ұрпақтарын және Шағырдың Бөлтірік ағасынан тараған балаларын Қарабалуан би мен Жәнібек батыр бастап, Торғайдың Тосыны мен Обағанның бойына тегіс орналастырады. Солтүстіктен келген жаудан елді қорғау үшін Қарабалуан Обағанның бойынан, оңтүстіктен келген жауға соққы беру үшін Жәнібек Тосыннан қоныс алады. Қалған елді осы Тосын мен Обаған өзені арасындағы жерлерге туыстығына қарап орналастырады. Бұл жаққа көшіп келгенше Қарабалуан мен Жәнібек елін жоңғарлардан қорғап, әскер басшысы болып, бүкіл қазаққа танылған батырлар. Жоңғарлар 1698, 1711, 1712, 1714, 1717, 1721 жылдары қазақ еліне қарсы ірі шабуылдар жасаған. Осы жылдары Қазақтың оңтүстік жағын түгелге жақын басып алған. 1691 жылы, В.А. Мойсеев деген тарихшының дерегі бойынша, жоңғар хандығы қазақ ордасында елші жіберіп, қазақтар қалмақ дініне кірсін, ламаизмді қабылдасын, – деп талап қояды. Қазақтар бұл талапқа қарсы шығады. Осыдан бастап екі ел арасында ірі соғыстар болады. Қазақтар қалмақтарды жеңіп отырады. Соңдықтан қалмақтар қолайлы жағдайды күтеді. Мұндай қолайлы жағдай Тауке хан қайтыс болғаннан кейін туа бастайды. Таққа отырған Болат пен Қайып хандар тұсында хан сарайы маңындағылардың ішінде алауыздық туып, бірлік бұзылады. Және 1720 жылы Қытай императоры Хан Син өліп, оның орнына отырған император жоңғар ханымен соғыспау жөнінде бітім жасайды. Қытай жақтағы қауіп осылай басылған соң, жоңғарлар бұл беттегі көп әскерін Шу, Талас өзендерінің алқаптарына әкеліп қояды. Оның үстіне 1723 жылы «Ұлы жұт» болып, тігерге тұяқ қалмай, мал қырылып, халық жұтап қалады.



Міне, осы қолайлы жағдайды пайдаланып, қалмақтар 1723 жылы ерте көктемде, тұтқиылдан шабуыл жасайды. Өрттей қаптаған жау қазақтарды аяусыз қырған, жас баланы да, қарттарды да аямаған.

Тірі қалған жұрт туған елдерін, ата қонысын тастап, беттерінің ауған жақтарына босып кеткен. Бұл «ақтабан шұбырынды» деп аталатын сұмдық опат еді. Міне осы жылы біздің ұлы бабаларымыз Ұлытау келіп, одан осы күнгі Торғай, Қостанай жеріне мәңгі қоныстанған. Көшіп келіп, естерін жинағаннан кейін Қарабалуан інісі Жәнібек, баласы Барақ, туыстары Мерген Бабасұлы, Бекбаулы Өтейұлы, Қараман Бөкенбай Қожекеұлы, тағы басқа батырларды жинап, қалмаққа қарсы соғысқа аттанады.

1726 жылы Орбасында қазақтың үш жүзінің ел басшылары, батырлары бас қосып, жиын өткізді. Осы жиынға Қарабалуан мен Жәнібек қатысып, жоңғарларға қарсы үш жүз бірігіп соғысуға шешім қабылдайды. Осы жиынннан кейін 1728 жылы Арқадағы Бұлантты өзеннің бойында соғыс болып, жоңғарларға қатты соққы берген. 1730 жылы Аңырақай деген жердегі соғысқа да Қарабалуан мен Жәнібек қатысып, екінші рет калмақтардың әскерін талқандайды. Бірақ қалмақтар соғысуын тоқтатпайды. 1732-58 жылдары арасында қазақ жеріне бірнеше рет шабуыл жасап, ақырында енді қарсы тұра алмайтындай болып жеңілді. «Көп жортқан жаудың басы жолда қалады», дегендей, 1758 жылы жоңғар мемлекеті жер бетінен біржола жойылды.

Қарабалуан 1730 жылдан бастап соғыс істеріне араласпай, ел басқару жұмысына ауысады. Елді жаудан қорғауды інісі Жәнібек пен баласы Барақ батырға тапсырады. Өйткені, қалмақтар жойылғанмен қазақ жеріне Ресей мен Қытай жағынан қауып бұлты қалыңдай түскен.

Қарабалуан көпжылдық соғыста қажыған халқының жағдайын түзеп, ел арасында тыныштық орнатумен айналысады.

Қасиетті, аруақты Қарабалуан елін ойлаған мақсатына жеткізеді. Ақылы асқан даналығы арқасында халқының мәңгі ұмытылмайтын көсемі болады. 1738 жылы ел билігін інісі Жәнібекке тапсырады.

Ел аузында:

«Қарабалуан, Жәнібек,

Қаздауысты Қазыбек,

Өлі де болсаң тірісің,

Өз атамның бірісің,

Қысылғанда сыйынатын пірімсің», – десе А.Байтұрсынұлы өзінің «Бата» деген өлеңінде:

«Қарабалуан, Жәнібек,

Қаздауысты Қазыбек,

Тұлға болып артына

Жетім қалған халқына

Бір тиянақ қазық еді», деуі тегін болмаса керек.

Ел аузында:



«Қарабалуан асқар тау, бел емес пе,

Қауып туса сыйынатын аруағың сол емес пе!», десе, М. Жұмабаев өзінің «Өткен күн» деген өлеңінде:

«Қаздауысты Қазыбек,

Қарабалуан, Жәнібек,

Жалғанда тумас ер еді», дейді.

Ал, аузы дуалы ақсақалдар бата бергенде

Алтайда Аққошқардай айбатты бол,

Шақшақта Жәнібектей сәулетті бол,

Жаппаста Жарасбайдай түйелі бол,

Қыпшақта Кенебайдай биелі бол,



Төменшекті Балуандай киелі бол!» дейді.

Тоқал арғындар жоғары шекті. Төмен шекті болып бөлінеді. Шағырдан туған Саржетім ұрпақтары төмен шекті, Сомжүрек пен Аманжол ұрпақтары жоғары шекті болып аталады. Бұлай бөлінуге негіз болған жылқының құлағына салынған енге байланысты деген сөз бар.



Қарабалуан (Жанұзақ ) Алдиярұлы 1749 жылы Обаған өзенінің бойында қайтыс болған. Қарабалуанның денесін інісі Жәнібек Қошқарұлы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иасауидің кесенесіне апарып жерлеген. Бұл жерге қазақ елінің ұлы адамдарын, хандарын, сұлтандарын, батырларын, діни ғалымдарын жерлеу дәстүрі ХІІ-ХІV ғасырлардан басталып, 1884 жылы Ресей әскери министрлігінің бұйрығымен тоқтатылған. 1997 жылы Қожа Ахмет Иасауидің кесенесі жөнделіп, осында жерленген адамдардың аты жөні жазылып, көрнекті жерге ілінді. Осы тізімде біздің ұлы бабаларымыз: Қарабалуан (Жанұзақ) Алдиярұлы, руы Таз, Жәнібек Қошқарұлы шақшақ, Мешітбай Сүгірұлы сүгір, Мерген (Теңізбай) Бабасұлы – әйдерке, Әлібек Құдайбергенұлы – қанжығалы, Бекбаулы Өтейұлы өтей, Шобан Жаманқұлұлы қырықмылтық, бар. 1998-2002 жылдары ұрпақтары осы ұлы бабаларын еске алып, Түркістанға барып, бастарына зиярат етіп, құрбан шалып қайтты. Ұлы бабалардың ұрпақтары туған жерлерінде ас беріп, бабаларының тәрбиелік мәні зор істері мен сөздерін жастарға жеткізіп, ұрпақтар сабақтастығын одан әрі жалғастырды.

Қарабалуан Жанұзақтың лақап аты. Енді Жанұзақ қалай Қарабалуан атанды, соған тоқталайық:

Мадияр мен Алдияр өле-өлгенше еншісі бөлінбей, бірге қыстап, бірге жайлауға көшіп-қонып жүретін болыпты. Бір жылы Бекімбеттің Баубек деген баласынан туған Құлқай Шағыр, Үсеннің жесірі Қаратөлке әжемізге Мадиярдың көзі түсіп «батыр туатын әйел екен», деп ұнатып қалады.

Қаратөлке әжеміздің де тарихы да өте аянышты.



Кейбір ауызекі әңгімелерде Семейдегі Найман руының Жырық атасының қызы десе, енді біреулер Көкшетаудағы (Рузаев ауданы) бәйбіше Арғынның қызы дейді, Қаракесек руының қызы, деген де аңыз бар. Қаратөлкені Баубекұлы Үсенге айттырып қойғанда, Үсен үйленбей қайтыс болады. Одан кейін әмеңгерлік дәстүрі бойынша, Үсеннің ағасы Шағырға қосады. Қаратөлке Шағырдан Жәдік, Тоқан деген екі ұл табады. Көп ұзамай Шағыр да қайтыс болады. Осыдан кейін Баубектің бәйбішесі екі баламды өлтірдің, енді саған рұқсат беремін, қайда барсаң да басың бос дейді. Осы әңгімені естіген Мадияр би Қаратөлкені ауылына көшіртіп алады. Ондағы Мадиярдың ойын жоғарыда айттым. Жер кеуіп, жайлауға көшіп қонған соң некесін қиып, әйелдікке аламын деп ойлайды.

Сонымен Мадияр би бірінші болып жайлауға көшіп кетеді. Алдиярдың көші кешігіп, уақытында келмейді. Осыған алаңдаған Мадияр қыстауға адам жіберіп, Алдиярдың неге кешігіп жатқанын біліп кел дейді. Мадиярдың жұмсаған адамы қыстауға барып келіп, Алдиярдың Қаратөлкеге үйленіп жатқанын айтады. Ол кезде Алдиярдың бәйбішесі Қожамжар деген ұл туған.

Мадияр би Қаратөлкені Алдиярдың алғанын естігенде, «батыр туатын әйел еді, өзім алам ба деп жүр едім, «Таз мұндарай», алып қойған екен ғой», деген екен.

Қасиетті аузы дуалы Мадияр бидің осы сөзі елге тарап Алдияр «Таз» атанып кетеді.

Осыған дейін Саржетім руы болып келген Саржетімнің ұрпақтары жеке-жеке: Мадияр, Таз, Шымболат, Өтей, Құлқай, Сүгір, Жиенбет рулары болып аталады.

Сонымен Алдияр Қаратөлке әжемізге үйленді. Осы әжемізден Алдиярдың Жанұзақ, Өмірзақ деген екі ұлы дүниеге келді. Енді Қаратөлке үшінші балаға екіқабат кезінде Алдияр қайтыс болады. Алдиярдың бәйбішесі Қаратөлке әжемізді тең ұстамай, араларында келіспеушілік туындайды. Тумысында өр де өжет, адамгершік қасиеті жоғары Қаратөлке бұл кемсітушілікпен келіспей, төркініне көшіп кетеді. Әжемізбен бірге Баубекұлы Шағырдан туған Тоқан және ішіндегі Алдиярдың баласы бірге кетеді. Төркініне барған соң Қаратөлке босанып, ұл туады.



Қаратөлке әжемізден туған Жанұзақ пен Өмірзақ Алдиярдың бәйбішесінің тәрбиесінде қалады. Әкесі жоқ, тоқалдан туған балалар жетімдік зарын тартады. Осы екі баланың ауыр жағдайын естіген Мадияр би әдейі Алдиярдың ауылына келіп Жанұзақты өзім тәрбиелеймін деп алып кетеді. Мадиярдың ауылына келген соң да Жанұзақ қозы бағады, бірақ киімі көк, тамағы тоқ болады. Ойындағысын Мадияр биге еркін айта алатын болады.

Сонымен уақыт өте береді, Жанұзақ 10-12 жасқа келеді. Бір күні қозы бағып жүріп, Мадиярдың үлкен үйіне көп атты адамдар келіп жатқанын көреді. Қонақтар әңгіме-дүкен құрып отырған кезде киіз үйге Жанұзақ жүгіріп келеді. Сонда Мадияр би, Жанұзақ неғып жүрсін, деп сұрайды. Жанұзақ: «Қозылар жайылып жүр еді, жаңа соған бір қара қабан шауып, соны қуып едім, қабан қашып осы үйге келіп кірді, дейді. Мадияр Жанұзақтың киесі бар екенін сезіп, қонақтармен бірге отырғызады. Қонақтар Тоқал Арғынның ең жақсылары мен жайсаңдары екен. Кіші жүзде жақында болатын Асқа бару жөнінде ақылдасуға келіпті. Мадияр осы асқа Жанұзақтың да баратынын айтады.

Кіші жүздегі бұл асқа үш жүздің адамдары шақырылған екен. Аста ат жарыс, айтыс, балуандардың белдесуі тағы басқа көптеген жарыстар өтеді. Орта жүзден келген арғын, қыпшақтар бәйгенің көп түрінен жеңімпаз атанады. Тек, түйе балуанға қарсы шығатын ешкім болмайды. Сол кезде Мадияр би орнынан тұрып, Арғын, Қыпшақтан түйе балуанмен күресетін бір ұл тумаған ба? деп айғай салады.

Сонда 12 жасар Жанұзақ орнынан тұрып, ата батаңды бер мен күресемін, дейді. Жанұзақтың күресетін қабылетін білмейтін Мадияр би сасып қалып, сенің түйе балуанмен күресетіндей қандай өнерің бар еді? деп сұрайды. Жанұзақ сонда: «3-4 жылғы қу тобылғыны бұрағанда майын шығаратын едім»,дейді. Мадияр би Жанұзаққа батасын беріп, түйебалуанмен күресуге шығарады. Түйебалуан ірі, Жанұзақтан 2-3 есе үлкен. Күресуге келе жатқан баланы менсінбей, келген бетте белінен ұстап, үйіріп-үйіріп, лақтырып жібереді. Бірақ Жанұзақ құламай аяғынан тік тұрады. Түйебалуан осы әдісін үш рет қолданады, бірақ Жанұзақ аяғынан тік тұрады. Содан кейін кезекті Жанұзаққа береді. Жанұзақ түйедей Түйебалуанды белінен ұстап көтеріп алып, басынан асыра үйіріп, жерге алып ұрады. Сонда Түйебалуанның ортан жілігі сынып кеткен екен, дейді. Бүкіл орта жүздің жанкүйерлері Түйебалуанды жыққан Жанұзақты басына көтеріп, Қарабалуан, Қарабалуан деп айғай салады. Мадияр би Жанұзақты қарсы алып, бетінен сүйіп, енді сен Қарабалуансың, дейді. Сөйтіп, 12 жасар Жанұзақ бала Қарабалуан атанып кетеді. Тарихта да осы лақап, Қарабалуан аты қалды. Саржетім Қарабалуан Алдиярұлы атанды. Руының аты ол кезде Саржетім еді.

Қарабалуанның ұрпақтары да ел басқарып би, аға сұлтан, болыс болды. Министрлер, облыс, аудан әкімі болып та істеді. Ақын да, жазушы да, өнер адамдары да көптен шықты.

Ата жолын жалғастыратын, келешегінен үлкен үміт күттіретін жастар да баршылық.



Үлкенге құрмет жасап, кішіге қамқор болып келе жатқан Қарабалуанның ұрпақтары тәуелсіздігімізге, тіл мен дін мәселелеріне, тарихымызды түгендеп, мәдениетімізді дамытуда ерекше белсенділік көрсетіп, қазақ халқының тағдырына патриоттық сезіммен қарап, тәуелсіздігіміздің мызғымай, мәңгілік болуына ат салысуда. Қарабалуан (Жанұзақ) Алдиярұлы қазақтың біртуар тарихи тұлғасы қазақ халқымен мәңгі бірге жасап, ұрпақтарының піріне айналды. Мәңгі солай болып қала береді.

2005 жылдың сәуір айында ҚР діни басқармасының мүфтиі Әбсаттар қажы Дерібсалының фәтуасымен Алтынсарин ауданының орталық мешіті Жанұзақ (Қарабалуан) Алдиярұлының атымен аталды. Аудан әкімшілігі мен Қарабалуанның ұрпақтары мешітке жөндеу жұмыстарын жүргізді, 23.07.05 мешітті салтанатты түрде ашып, ас берді.

Қарабалуан біздің жарқын болашағымыз үшін қасық қаны қалғанша күресті. Дана халқымыз «жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді», дегенді осы ұлы бабамыз Қарабалуанға арнап айтқан сияқты. Ұлы адамдардың теңдесі бар да, теңі жоқ. Сол себепті олардың ұлылығын халқы ғұмыр бойы мойындаумен келеді. Қарабалуан Таз руының ғана емес, бүкіл исі қазақтың мақтанышы, маңдайына біткен жарық жұлдызы.

Сондықтан Қарабалуанның ерлігін, даналығын мәңгі ардақтауымыз керек. Бұл халқымыздың рухын көтеріп, жастарымыздың отансүйгіштік сезімін оятады.

Сәлім МЕҢДІБАЙ­­
Ісі аңызға, аты ұранға айналған

Қарабалуан Алдиярұлының есімі

Алтынсарин аудандық орталық мешітіне берілді
2005 жылы Алтынсарин ауданының орталық мешітіне Жанұзақ (Қарабалуан) Алдиярұлының есімін беруге байланысты рәсім болып өтті. Оны ашқан әулиекөлдік туысы Әкімбек қажы Қабденұлы даңқты бабамыздың өміріне қысқаша тоқтала келіп, оның қадір-қасиетін былайша атап көрсетті:

«Құрметті жамағат! Ісі аңызға, аты ұранға айналған тарихи тұлға, аруақты да қасиетті Ұлы бабамыз Жанұзақ (Қарабалуан) Алдиярұлының есімі Сіздердің Орталық мешіттеріңізге, ҚР діни басқармасының мүфтиі Әбсаттар хазірет Дерібсалының фәтуасымен беріліп отыр.

Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан бері өз тағдырымызға, тарихымызға, келешегімізге терең бойлап, тани бастадық. Ақ пен қараны, адал мен арамды, обал мен сауапты танып, таразылап, ұлының атын ұлықтап, ісін дәріптеп, сөзін әспеттеп, жолын жалғастыратын халге жеттік.

Әділет пен Адамгершілік салтанат құрған осы жылдары талай бабаларымыздың рухына бас иіп, ас беріп, ата дәстүрін қайта жаңғырттық. Соның бірі бүгінгі осы мәжіліс. Десек те, әлі көптеген елі үшін жанын қиған бабаларымыздың аттары толық аталмай, оларға елді мекендердің, мешіттердің, көшелердің аттары берілмей отыр. Осы жұмыстарды ұйымдастыратын қазақтың көкірегі ояу, зиялы азаматтары тәуекелге барғысы келмей, әлі әліптің артын күтіп жүргендей. Бұл істер осы отырған бәрімізге де парыз. Сол үшін әлі талай тер төгу керек».

Қостанай облысындағы Қазақстан діни басқармасының өкілі, Марал ишан мешітінің бас имамы Ертай қажы Исламұлы Құдайдың осы бергенін шүкіршілік етіп, тәуелсіз қазақ елінің амандығын тілеп, Алланың сүйген құлы Қарабалуан (Жанұзақ) Алдиярұлының аруағына арнап, Құран-хатым бағыштады.

Қарабалуан (Жанұзақ) Алдиярұлының есімі жазылған тақтаны Алтынсарин ауданының әкімі Бақытжан Ғаязов, Ертай қажы және бабамыздың ұрпағы, елгі сыйлы азамат Қуаныш Шәмшиев ашты.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Асылхан Мүсәпіров өз сөзінде былай деді:

Қазақ тарихында бедерлі із қалдырған, алашқа айбар болған батыр баба­мыз Қарабалуан (Жанұзақ) Алдиярұлының ортамызға оралып, келешек ұрпақтарына рух беріп, қолдап, жебеп жүруі үшін Қазақстан діни басқармасының төрағасы бас мүфти Әбсаттар қажы Дерібсалының фәтуасымен Алтынсарин ауданының орталық мешітіне атамыздың есімі берілуі біз үшін қуаныш. Келер ұрпаққа үлгі-өнеге.



Аудан әкімшілігі мен Қарабалуан атамыздың ұрпақтары мешітке жөндеу жұмыстарын жүргізіп, мешітті салтанатты түрде ашып, бабамыздың аруағына бағыштап ас беруге дайындықтар жасап, өткізгелі отыр.

Мұндай құрметке ие болған Қарабалуан кім еді деген сұраққа «Қостанай таңы» газетінде 15 шілдеде шыққан Әкімбек қажы Қабденұлының көлемді және танымдық мақаласынан жауап аласыздар. Сонымен бірге «Қостанай таңы» газетінің 20 шілдедегі бетінде, облысымызға белгілі ақын Жолбарыс қажы Баязидтің «Арғыннан шыққан асыл тек» атты көлемді толғауы да жарияланды.

Ахмет Байтұрсынов атамыз бабаларын қастерлеп, халқына насихаттап отырған «Бата» деген өлеңінде:

«Қарабалуан, Жәнібек,

Қаздауысты Қазыбек,

Тұлға болып артына,

Жетім қалған халқына

Бір тиянақ қазық еді», деуі тегін болмаса керек.

Біз азаттықты аңсаған, тәуелсіздікті тәңірден тілеген сол бабалардың жалғасымыз. Ұрпақтарынан талай ел зиялылары шықты. Аталар жолын жалғастырып, келешегінен үлкен үміт күттіретін жастар да баршылық. Оған да шүкіршілік.

Үстіміздегі жылғы Президенттің халыққа Жолдауы ерекше оқиға болды, халқымызға қанат бітіргендей қабылданды, шет елдердегі дос көңілді адамдар да бұл Жолдауға ерекше баға бепіп отыр.

«Қостанай таңы» газеті қасиетті бабаларымыздың, халқымыздың ардақтыларын тамаша насихаттауда. Сондықтан газетіміздің басшыларына, бүкіл ұжымына рахмет айтып, қызметтерің табысты, оқырмандарың көп болсын демекпін.

Қарабалуан бабамыздың есімін иеленген аудан мешітінің ажары кемелденіп, айбыны асқақтап, киесі арта бергей».

Алтынсарин ауданының әкімі Бақытжан Ғаязов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жандарбек Сейітов, бабаның бір ұрпағы Баян Қасымханқызы, Қостанайдың құрметті азаматы Мағауия Жүнісұлы, Қостанайдың құрметті азаматы Жолбарыс қажы Баязид сөз сөйледі. Аманкелді ауданынан ат терлетіп келген Қарабалуан бабамыздың туысы Темірбай Мұхатияұлы былай деп төгілтті:

Намысты қолдан бермей әр ауылдан,

Шыққан ғой не бір батыр әр алуан.

Кешегі Жәнібектің жан жолдасы,

Атамыз бірге жүрген Қарабалуан.
Өткенге ой салсақ біз толғанамыз,

Тарихқа тағылым боп қалған аңыз.

Төрінде Түркістанның жатқан атам,

Болғанға ұрпағыңыз мақтанамыз.
Айтушы ед қариялар бабам жәйін,

Деме сен есіреді айтқан сайын.

Үш жылғы қу тобылғы қолмен бұрап,

Ағызып алады екен оның майын.
Демеймін мен сендерді қабылдасын,

Бір аунап бабам, рухы дамылдасын.

Намысын бермей қолдан еліміздің,

Сындырған талай дәудің қабырғасын.
Таппаса батыр-балуан аруға сын,

Жауына тайсалмастан баруға шын.

Күшіміз болмаса да дәл өзіңдей,

Біліммен ұрпақтарың қарулансын.
Жан емес қиын кезде серттен тайған,

Халқына қамқор болып құшақ жайған.

Рахмет барлығыңа ағайындар,

Құрметтеп ата есімін елге жайған.
Ескерткіш орнаттыңдар міне, оңдап,

Сондықтан мен отырмын өлең жолдап.

Тыныштық Отанымыз аман болып,

Рухы атамыздың жүрсін қолдап.

Ал осы ағамыздың Аманкелді ауданы Алтынсарин орта мектебінің 9-сыныбында оқитын немересі өз тілегін былайша білдіріпті:

Мақтанамыз болғаныңа кең дария атақты,

Күштілікпен ел өзіңді Қарабалуан атапты.

Өзің жайлы білдік талай жайларды,

Енді ата тыңда өзіңнің ізбасарың, ұрпақты.
Ойлаймын мен берерсің деп пәк жүрекпен ақ бата,

Білдің ғой сен күштілікпен ашуды да тоқтата.

Жыр жолдарын өзіңе арнап отырған,

Арман қуған мен ұрпағың жан ата.
Мен білемін мәңгі болмас жалған бұл,

Десек-тағы тарих бетінде тағылымдар сайрап тұр.

Ата есімін мақтанышпен еске алған,

Мен шөпшегің Сәбитқызы Саягүл.

Көп адам қатысқан мәжілісте басқа да қонақтар сөз сөйлеп, өз ықылас- тілектерін білдірді. Соңынан баба аруағына бағышталып, ас берілді.

Жиналған қауым аруақты бабамыздың бүгінгі ұрпақтарына ризашылықпен аттанды.

Сәлім МЕҢДІБАЙ



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет