«Қостанай таңының» кітапханасы ТҰмарымыз – ТҮркістан баһадүр бабалар туралы баян



бет1/13
Дата25.12.2016
өлшемі3,2 Mb.
#4856
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13
«Қостанай таңының» кітапханасы

ТҰМАРЫМЫЗ – ТҮРКІСТАН

Баһадүр бабалар туралы баян

Қостанай – 2013

Кітапты құрастырып, алғысөзін жазып, редакциясын басқарған

Сәлім МЕҢДІБАЙ,­

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Қазақстанның мәдениет қайраткері,

Қазақстанның құрметті журналисі.



Осы кітапқа байланысты өтініштер мен ұсыныстарды мына мекенжайға жіберіңіз:

110000, Қостанай қаласы, Әл-Фараби даңғылы, 90. Меңдібаев Сәлімге.

Тел. (8 7142) 54-84-44, 54-27-70 (үй).

Бұл кітапта қасиетті Түркістандағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесінде мәңгілік тыныстаған Қостанай-Торғай өңірінен шыққан атақты батырлар мен билер туралы сөз болады. Бұдан он шақты жыл бұрын рухани астанамыз Түркістанның 1500 жылдық мерейтойы кең түрде атап өтілгені белгілі. Сол күндері облыстық «Қостанай таңы» газетінің редакциясы «Тұмарымыз – Түркістан» атты арнайы айдар ашып, сол баһадүр бабаларымыз туралы тың деректер жариялап еді. Бұл кітапшаға енген материалдардың негізі сол дүниелер.

Кітап туған өлке тарихына ден қоюшы ұрпаққа, жалпы оқырманға арналып отыр.

Бұл туындының тарихи зердені қалыптастыруға қосар үлесі мол деп білеміз.

Алғысөз

БАС ИЕМІЗ, БАБАЛАР!
Сәлім МЕҢДІБАЙ
2000 жылы рухани астанамыз – қасиетті Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО шеңберінде кеңінен аталып өтті. Халқымыз үшін ерекше белес болған осынау мерекеге дайындық барысында облыстық «Қостанай таңы» газетінің редакциясы «Тұмарымыз – Түркістан» атты арнайы айдар ашып, сол шаһардағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесінде жерленген бабаларымыз жайлы мақалалар дестесін жариялаған болатын. Атап айтсақ, Шақшақ Жәнібек, Қарабалуан Алдиярұлы, Мешітбай Сүгірұлы, Мерген Бабасұлы, Бекбаулы Өтейұлы, Әлібек Құдайбердіұлы, Шобан Жаманқұлұлы сияқты дулығалы дала дарабоздары жөнінде жазған едік. Кейін сол Әзірет-Сұлтан мемлекеттік мұражай қорығында Қанжығалы Айтбай батыр, Мадияр Жауғаштыұлының да мәңгілік тыныстағаны белгілі болды.

Сонымен Қостанай, Торғай өңірінен шыққан тоғыз бірдей баһадүр бабаларымыздың сүйегі ұлттық даңқ пантионында жатыр.

Қазақ елінің, қазақ жерінің тәуелсіздігі жолында қас дұшпанға қасқая қарсы тұрған сол даңқты бабаларымызды бүгінгі ұрпақ біле ме? Бұл орайда ойлануға тура келеді. Сондықтан да тарихи зердені қалыптастыруға себеп болып, ықпал ете ме деген ниетпен осынау пәтуалы істі Түркістан тақырыбына ежелден қалам тартып жүрген жан ретінде қолға алып отырған жай бар. Бұл ретте Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясындағы «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек» деген нұсқауы да көкейде тұрғалы қашан... Бұл сауапты іске Қабылахат Сейдахмет, Қыдырбек Қиысқан сияқты талантты да тарихқа мейлінше жетік қаламгер інілерім де тікелей араласып, көмек қолын созды. Авторлар активін де кеңінен тартып отырмыз. Олардың ішінде Қайсар Әлім, Сағындық Досмағанбетов, Серікбай Шаймағамбетов және басқа белгілі қаламгерлер, Ертай қажы Балахмет, Әкімбек қажы Қабденов және басқа дін өкілдері бар.

Батыр бабалар ұрпағы осынау кітаптың дайындалып, баспадан шығуына байланысты ұсыныс, пікірлерін айтып, қолдау көрсетті.

Енді тарихи тұлға Қожа Ахмет Иасауи (1093-1166жж.) кім еді? Сол жөнінде деректер келтірейік.

Қожа Ахмет Иасауи – сопылық поэзияның негізін салушы ақын, күллі Күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған ұлы ойшыл, діни қайраткер тұлға. «Мединада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет» деген қанатты сөздің өзінен-ақ кезінде оның қандай қадір-құрметке бөленгенін аңғаруға болады. Әкесі Ибраһим Махмұд Сайрамда жасаған ғұлама кісі болыпты. Ахмет Йасы (Түркістан) қаласында дүниеге келген. Шешесі ертерек өледі де, жеті жасында әкесі дүние салады. Бала Ахметтің басты ұстазы, тәрбиешісі аталас туыс боп келетін Арыстанбаб екен. Ол өмірден қайтқаннан кейін, 17 жасында Йасы қаласына келеді. Дәл осы кезден бастап араб, шағатай, парсы, түркі тілдерінде өлеңдер жаза бастайды. Шығыс поэзиясы мен әдебиетіне көңіл қояды. Кейін Бұхарада Имам Жүсіп Хамаданидың діни медресесінде оқиды. Оны тәмәмдаған соң сопылық жолдың біраз ащы-тұщысын татып, көптеген қалаларды аралап, туған шаһары Түркістанға қайтып оралады да, Арыстанбаб қалап кеткен дәстүрді жалғастырады. Осында ол ислам дүниесі кең таныған кемеңгерге айналады... Ал 63 жасынан бастап қалған өмірін жер астында, яғни қылуетте өткізеді. Бұны Ахмет: «Пайғамбар жасына жеттім. Маған одан артықтың қажеті жоқ. Пайғамбар белгілеген мерзімнен артық өмір сүрудің керегі жоқ», – деп түсіндіреді. Қанша жыл ғұмыр кешкені жөнінде әр түрлі деректер бар. Бір деректе 73 жыл, келесілерінде 85 жас деп берген. Ж.Аймауытов, ақынның 149-хикметіне сүйеніп, Иасауиді 125 жас жасаған дейді (онда 1041ж. туған болады).

Әзірет Сұлтан атанған бабамыздың мәңгі өшпес асыл мұрасы – «Диуани хикмет» (Даналық кітабы) қыпшақ диалектілерімен көне түркі тілінде жазылған. Түпнұсқасы сақталмаған. Бізге жеткені ХV-ХVІ ғасырлардағы көшірмесі ғана. Ондай нұсқалар өте көп. Олардың көбі Стамбул, Қоқан, Ташкент, Москва, Алматыда сақталған. Түркі тілдес адамдар Ахметтің «Хикметін» қиындықсыз оқи алды. Бұл шығарма түркі халықтарының рухани жетістігі болып табылады. Ол – шығармаларын оғыз-қыпшақ диалектісімен жазған ең алғашқы дарынды түркі ақыны.

Исламның сопылық бұтағы VІІ-VІІІ ғғ. пайда болды. Ал «Диуани хикмет» мұсылмандық жолының негізгі ережелері мен қағидаларын көрсетіп береді. Ұлы кітапта ақын исламдық төрт ұстынға – шариғат, тарихат, хақиқат, мағрипат мәселелеріне назар аударады. Шариғат – ислам дінінің заңдары, дәстүр-салттары. Тарихат – сопылық ілім. Хақиқат – құдайға жақыңдау, қосылу. Мағрипат – дінді танып-білу. Ахметтің ойынша, шариғат, тарихат, мағрипатсыз хақиқатқа (Аллаға жақындау) жетпек жоқ. Адамның өзін-өзі айқындауы оның рухани өмір танымынсыз, тіпті, қажет болса, жанын берер шынайы берілусіз мүмкін емес. Иасауи тақуалық пен сабырлылыкқа, тәубешіл болуға үндейді. Пайғамбардың «иман жаны – ұят» деген хадисін санаға құяды. Бұл о дүниеде жұмақка апаратын алтын көпір екен. Адамдарды әділдікке, қайырымдылық, мейірімділікке шақырады.



Оның жолын ұстанған шәкірттері мен сопылықты уағыздаушылар түркістандық ғұламаны күллі әлемге таратты. Қожа Ахмет түркі халықтарының жаңа исламдық өркениеттегі халықтық ағымының арнасын анықтап берді. Ол жаңа діни идеологияны тәңірілік шамаңдықпен, зорастризммен біріктіре отырып, коғамдық-әлеуметтік санаға сіңіруде көп еңбек етті.

Ахмет Иасауи арқасында сопылық ілімнің философиялық жүйе ретінде түркі халықтары рухани дүниетанымында шешуші маңызы болды. Егер түркі халқы оған дейін Тәңірге сыйынса, енді олар бір Аллаға табынды. Осы арқылы олар Шығыс философиясы мен әлемдік діни пәлсапаны танып білді.

Әмір Темірдің бұйрығымен XIV ғасырда Әзірет Сұлтан рухына арналып, Түркістанда архитектуралық ескерткіш орнатылды. Бұл жайында жергілікті халықта мынадай аңыз бар: Қожа Ахмет Иасауи мазарын тұрғыза бастағанда, қара дауыл қабырғаларын ұшырып әкетеді. Осыдан кейін Темірдің түсіне шал (Қызыр) еніп, ол ең алдымен Ахметтің ұстазы Арыстанбабқа мазар тұрғызу жөнінде аян беріпті. Темір шалдың айтқанын екі етпей орындап, содан кейін барып қана өзі ойлаған жұмысына кіріседі. Қажылыққа келгендер алдымен Арыстанбабтың басына түнеп, содан кейін барып Ахметке тәу еткен. 1982 жылдан бұл ескерткіш мемлекет қарауында. Керемет ғимараттың ұзындығы 65,5 м, ені 45,5 м, биіктігі 37,5 метрлік қақпалы порталы бар. Мазарда отызға жуық мешіт, кітапхана, залдар бар.

2001 жылы сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бастаған облыс делегациясының құрамында осынау қасиетті мекенде болып, бабалар рухына тәу еткенім бар. Ерекше естен кетпес сапар болды. Ол жөнінде осы кітаптың екінші бөлімінде толығырақ жазылады. Жалпы осындай кітап шығару мәселесі сол кезден бері көкейімде жүрген жай еді.

Бұл басылымда ұлттық даңқ пантионында мәңгілік тыныстаған тоғыз бірдей даңқты бабамыздың өмір жолы, ерлік жолы сөз болады. Бұл материалдардың бәрі дерлік кезінде өз қолымнан өтіп, облыстық баспасөзде жарияланған еді.

Кітаптың екінші бөлімінде Түркістанда болып, тарихи орындарға тәу еткен азаматтардың естеліктері, сол қасиетті мекенде жерленген батыр бабалардың ел тарихында ерекше орын алатын туған-туыстары туралы да тарихи-танымдық эсселер жарияланып отыр.

Құрметті оқырман! Осы басылым туралы ой-пікірлеріңіз, ұсыныс-тілектеріңіз болса, біз ризашылықпен қабыл алып, алғыс айтар едік.

Құрастырушының телефоны 54-84-44 (қызмет), 54-27-70 (пәтер).

І БӨЛІМ

ТҮРКІСТАНДА ТЫНЫСТАҒАН БАБАЛАР



  • Шақшақ Жәнібек

  • Қарабалуан Алдиярұлы

  • Мерген Бабасұлы

  • Мешітбай Сүгірұлы

  • Бекбаулы Өтейұлы

  • Әлібек Құдайбердіұлы

  • Шобан Жаманқұлұлы

  • Қанжығалы Айтбай батыр

  • Мадияр Жауғаштыұлы

Әуесхан ЖҮСІПҰЛЫ


Шақшақ Жәнібек
Қаһарсыздан хан қойсаң қасиетті болмайды,

Үлгісізден би қойсаң өсиетті болмайды.

Пірсізді пір тұтсаң қарекеті болмайды,

Құдай бергеннің әрекеті болмайды,

Адам бергеннің берекеті болмайды.

Шақшақ ЖӘНІБЕК.
Еліміз тәуелсіздік алып, дамудың жаңа жолына түсті. Осы кезеңде ел қорғаған, жер қорғаған ерлерімізді еске алып жатырмыз. Олай дейтінім өзінің әулетті тарихы болмаған елді кім сыйлап, мойындамақ. Еліміздің, халқымыздың даму тарихын ұлы империяның саясатымен ғана байланыстырып, өз тарихымызды ұмытып кетіп, енді ғана сол тарихты қалпына келтіру жөніндегі талпынысымыз бүкіл ұрпақ үшін қуаныш. Бәрімізге белгілі кейінгі жылдары өткенді еске алып, қазақтың тарихын жаңартып, келесі ұрпаққа айқын, сара жол салып беру жөніндегі игілікті істер атқарылуда. Әсіресе, қазақ халқының біртұтастығын, ата-мекенді сақтау жөнінде күрескен ерлеріміз бен даналарымыздың тұлғаларын жан-жақты көрсету жөнінде аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Сол абзал аталарымыздың қатарында бабамыз Шақшақ Қошқарұлы Жәнібек те бар екені бізге тарихтан белгілі.

Жәнібек – саясаткер, ол бүкіл қазақ халқының біртұтастығы үшін күресті. Кіші жүзге Еділ қалмағы шабуыл жасағанда бірге соғысады. Есет батырмен бірігіп, сол қалмақты 1742 жылы Атыраудан асырып, қайтып келместей етіп талқандап, қуып тастаған жоқ па еді. Ұлы жүздің жеріне Жоңғар қалмағы мен Хиуа хандығы шабуыл жасаған кездерде шайқастың нақ ортасында Жәнібек болған жоқ па еді. Яғни Жәнібек орта жүздің ғана жерін, елін ғана қорғап қойған жоқ, бүкіл қазақтың біртұтастығы үшін күресті. Сол сияқты Жәнібек үлкен дипломат дейтініміз қалмақпен немесе орыспен болсын келіссөздер жүргізгенде қантөгіске жол бермей, өз отанының тұтастығын, ешкімге тәуелсіздігін армандаған болатын. Осы сияқты ұлы істерде ол кісі өзінің көрегендігін, білімін, ақыл-ойын аяп қалған жоқ. Соның нәтижесінде қай халықтың алдында да үлкен беделге ие болды.

Жәнібек бабамызды кінәлайтындардың көбі, ол кісі Әбілқайырдың соңына еріп, алдымен орысқа беріліп кетті дейді. Ал, ойланып көрейікші, егер де ұлы көршіміз орыспен дос болмай, одақ құрмай тұрғанда қазақтың күні не болмақ еді. Шығыстағы қыли көз Қытай Жоңғар қалмағын қазаққа айдап салумен қатар негізгі көз тіккені қазақтың кең байтақ даласы емес пе еді. Біз орыспен одақ болмасақ Қытай қазақтан қорыққан жоқ еді ғой. Ақырында Жәнібекті бүкіл қазақ қолдаған жоқ па? Сонымен қатар Жәнібек қай деңгейде де келіссөз жүргізгенде қазақ жерінде орыс бекінісін салуға, орыс әскерінің керуен күзету, тағы басқа сылтаулармен қазақ жерін шарлауға келіспеді және сол айтқанын істеді.

Жәнібек билеп тұрған жерлерде, яғни Жаманқала (Орск) мен Қызылжар (Петропавловск) аралығында, ол кісінің көзі бар кезінде, орыстар бір де қазық қаға алмады. Тек қана 1752 жылы Жәнібек қайтқан соң 3 айдан кейін Қызылжар бекінісінің орнына қазық қағылды. Бұған қарап Жәнібек орыстарға беріліп, солардың айтқанын істеді деп бағалау жаңсақ пікір екенін ашып айтқымыз келеді. Әбілқайыр мен Жәнібекті орысшыл деп қарасақ, Абылай кім болады. Орыстармен достық қарым-қатынас жасауға ол да қол қойған жоқ па, Төле би бабамыз орыс патшасына хат жазып, елші жіберіп ұлы көршілік қарым-қатынас одақ құруды қалаған жоқ па еді. Осының барлығы Шығыстағы ала көздіктерден іргені аулақ салудың қамы емес пе еді. Олай болса, орыспен дос болмаймын деген, Жоңғар мен Қытайға өзіміз-ақ қарсы тұрамыз деген кім қалды? Сондықтан Әбілқайыр мен Жәнібек көрегендік жасап, орыстармен алдын-ала достасудың көзін іздесе, оның несі айып.

Мен, көбі аңызға сүйенген, бір әңгімені айтып қеткенді жөн керемін. Ол Жәнібектің тәкапарлығы жәйлі. Ол кісіге осындай атақ тағылған. Тұстастарының ішінде артық туған Жәнібекке қызыға да қызғана қараушылар аз болмаған. Мұндай тұлғамен көзбе-көз айтыс-тартысқа бара беру екінің бірінің қолынан келе бермеді. Әрине, мұндай жандардың бар тындыратыны сырттан айтатын ғайбат сөзі ғана. Қазақтың белгілі батырларының бірі былай деп мойындаған екен:

– Сол неменің басы тым шалқақ. Қасына барсаң қараптан қарап еңсең түсіп, аласарып қаласың. Аулақ жүргенің дұрыс-ау. Бірақ шеттейін десең аждаһаның көмейі секілді өзіне тартатын бір құдірет бар. Бұл дүниеден Жәнібекті мысы басатын адамды кездестірмей өтетін шығармын, тіпті Абылайдың өзі оған келгенде кейіншектей қалатынын қайтерсің, – депті. Аңыздың өзі негізсіз айтылмайтынын ескерсек, шын назар аударатын әңгіме емес пе.

Қазақтың үлкен сәуегейі, даңқты би Қаздауысты Қазыбек айтты деген мына бір сөз ұрпақтан-ұрпаққа жетіп келеді. Одан Жәнібектің барлық ұлылығы аңғарылып тұрады. Қаздауысты Қазыбек Жәнібектің астамшылығына шағым жасаған Орта жүздің ханы Әбілмәмбетке:

– Шындығына келсең, Жәнібекке төре де, қара да бәрі бір. Төрелерге илікпейтіні – төрелердің айдап әкелген елі, арқалап әкелген жері жоқ. Қараға илікпейтіні – қанша бай, қанша көп болса да мал мен жанды қатар ұстауға ақыл, билік, күш керек. Мен білетін қазақта бұл үшеуі тек Жәнібекте ғана бар. Тағдырдың оған іргелі ел мен мол жер сыйлағанын ескерсек, төренің де, қараның да күні оған еріксіз түсері анық, – депті.

Аңғарып қараған адамға Жәнібектің тәкапарлығы өркөкіректік емес, тектілік екені байқалады.

Ал енді Жәнібектің батырлығы туралы бұрын талай жазылған болатын, сондықтан әр оқиғаға толық тоқталмай-ақ негізгі кезеңдерге ғана назар аударсам деймін.



Жәнібек 1693 жылы Тосын деген жерде туған. Өз әкесі Қошқар, оның әкесі Көшей батыр болған кісілер. Ал Көшейдің әкесі Шақшақ қазақтың батырларының бірі – XVI-XVII ғасырда өмір сүрген, Есімханның бас батыры болған.

Жәнібек ең бірінші 1710 жылы 17 жасында нағашысы Ұлы жүздегі Бектас датқаға барып сәлем беріп, бәсіре ат мініп қайтады, ол тұлпар (күрең ат) Жәнібектің жан серігі болады. Содан жолдағы елдердің қарияларынан бата алып келе жатып, Қарақұмда өтіп жатқан бүкілқазақтардың съезі үстінен шығады. Онда жоңғарларға соққы беру жағын шешкен екен. Қолбасшы болып Қанжығалы Бөгенбай белгіленеді. Сол жылы 17 жасар Жәнібек қалмаққа қарсы жорыққа қатынасатын болып, Қабанбай батырдың отрядына қалады. Соғыс екі жылға созылып Жәкең үлкен ерлік көрсетеді. Қалмақтың атақты батырын жекпе-жекте жеңеді, сөйтіп даңқы шығады, қазақтар үлкен жеңіске жетеді.

Одан кейін 1717 жылы қазақтардың үлкен отрядын бастаған Жәнібек өзінің ерлігімен тағы да көзге түседі.

Тарихта 1723 жыл басталды, кенеттен шабуыл жасаған жоңғарлар қазақтың біраз жерін басып алады, оған қарсы шабуыл ұйымдастыруға қазақ хандарының алауыздығы кесел келтіреді. Сонымен 1723-1725 жылдарды ақтабан-шұбырынды деп атаған.

Ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы «Ақтабан-шұбырынды» деген тіркес Шақшақ Жәнібек айтқан дейді:

Сонда Шақшақ Жәнібек сөз сөйлепті,

Балалар! Осы жолды ұмытпа, депті.

«Ақтабан-шұбырынды» мұның аты,

Құдай қосса алармыз да кекті.

1724 жылы Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек, Малайсары, Өтеген батырлар бас қосып, жоңғарларға соққы беру мәселесін қарастырады. Сонымен 1726 жылы Түркістанның оңтүстік шығысында Ордабасы деген жерде үш жүздің өкілдері бас қосып, жоңғарларға соққы беру мәселесін талқылап, Әбілқайыр хан бастаған жасақ құрып, шабуылға шығады. Жәнібек орта жүздің ең үлкен отрядын бастап, бұл жолы да үлкен табысқа ие болды. Ол жерді кейін «Қалмақ қырылған» жер деп атап кетіпті.

Қазақ жасақтарының ең жарқын табысы 1729 жылы болады, ол шайқасты «Аңырақай шайқасы» деп атады, сол жолы Төле биге соғып, малшы болып жүрген Абылайды (Сабалақ) көріп, тілдесіп, сынап, келесі жылы (1730) үш жүздің жасақтары бас қосатын жерге шақырады. Сол шайқаста Абылай үлкен ерлік көрсетіп, өзінің тегін адам еместігін танытады. Содан бастап Абылай мен Жәнібектің арасы ажырамайды. Шайқас аяқталған соң Қарауылдың атақты биі Қанай бастаған 9 адамы Жәнібекке апарып, батасын алады. Ол кезде Жәнібек орта жүздің батагөйі, абызы атанған кез. Осы жағдайды Абайдың тапсырмасымен «Сабалақ» деген поэма жазған Көкбай ақын былай деп суреттейді:

Шақшақ Жәнібек қазақтың білімдісі,

Өзі ер, әрі тақуа, молда кісі,

Сол уақытта қазақтың бірден қойған,

Ақсақал, ел ағасы, ырымдысы.

1732 жылы 7 мың адамы бар жоңғарлар Орта жүзге шабуыл жасайды. Орта жүз жасағын басқарған Жәнібек аз адаммен әлгі үлкен отрядқа ойсырата соққы беріп, жеңіске жетеді. Ол оқиғаны суреттеген Тәтіқара ақын былай дейді:

Қамыстың басы майда, түбі сайда,

Жәнібек Шақшақұлы болат найза.

Алдынан су, артынан жау қысқанда,

Ерлігі ер жігіттің осындайда.

Жәнібек 40 жасына дейін соғыс істеріне тікелей араласып, өзінің ақыл-парасатының, ер жүректілігінің арқасында ақылды басшы, жаужүрек батыр, әділ би атанды. Бұхар жыраудың:

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай.

Қаздауысты Қазыбек,

Шақшақұлы Жәнібек,

Ормандай көп Орта жүз,

Содан шықты төрт тірек, деп жырлауы тегіннен-тегін еместігін көрсетеді. Бізге тарихтан белгілі Кіші жүз Әбілхайыр ханның күшімен 1731 жылы Россияның қол астына өтіп, қалмақ шабуылынан құтылды. Енді жоңғарлардың назары Орта жүзге ауады. Сондықтан Орта жүз де өзінің Оңтүстік-шығыс шекарасын сақтап қалу үшін 1738 жылы Россиямен бірігуге кіріседі. Бұл жұмысты жеделдету үшін Жәнібек үлкен күш жұмсағаны белгілі.

1739 жылы Орта жүзді басқаратын сұлтан болып Абылай тағайындалады. Сол кезден бастап Абылай мен Жәнібектің арасы ажырамайды.

1740 жылы Ұлытауда жүрген Абылайды ұйықтап жатқан жерінде қалмақтар тұтқынға алып кеткен. Жәнібек пен Қазыбек екеуі тізе қосып, бірнеше дүркін тиімді келіссөздер жүргізіп, құтқарып алады.

Жәнібектің осы сияқты батырлық, саясаткерлік, дипломатиялық істерінің жемісті жүргізуі арқасында 1743 жылы 11 июльдегі Елизавета Петровнаның Жарлығымен Жәнібекке І-дәрежелі Тархан атағы берілгенін білеміз. Бұл ол кісінің өз еңбегінің жемісі деп қарауымыз қажет.

1750 жылы Абылай хан Ұлытаудан арнайы келіп, ауырып жатқан Жәнібектің көңілін сұрап, Орта жүздің ханы болар алдында батасын алады.

Жәнібек 1752 жылы жазғытұрым кезінде қайтыс болып, үш жүздің шешімімен Түркістандағы Ахмет Иасауидің кесенесіне жеткізіліп жерленеді.

(25 шілде, 2002 ж. «Қостанай таңы»).

Сұлтанғали ОСПАНОВ


Ұлтқа ұйытқы ұлы тұлға
«Әруақтанып айтатын атын адам,

Шақшақұлы Жәнібек – батыр бабам».

Сырбай МӘУЛЕНОВ.
Елім деп еңіреп, жерім деп жүрегін оққа тосқан батыр бабаларын ұмытып, ұрпақ алдында ұятқа қала жаздаған халық едік. Соңғы кездері сол олқылықтың орнын толтырып, өткенімізді ой елегінен өткізіп, санамен саралауға айналғаннан бері өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей болып, жоғалған асылдарымыздың талайы ортаға орала бастады. Қазір құдайға шүкір, исі қазақ баласының қай-қайсысынан да батыр бабалары туралы сұрай қалсаң болғаны: «Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақ ұлы Жәнібек...» – деп өлеңдете жөнелері хақ.

Дарабоз дана Бұқар жырау: «Ормандай көп орта жүзден шыққан төрт тірек» деп атап, ал дауылпаз дарын Үмбетей таңдайын қаға тамсанып: «Үшеуі батыр, бірі би, тағдырдың өзі тартқан сый» деп бағалаған осынау баһадүр би, батыр мәмлегер бабаларымызды бір-бірінен айырып, бөле-жара атаудың реті жоқ-ақ еді. Амал не, сол өркениеттілік танытар тұста өреміз жетпей қалды ма, халқына жанының жалыны мен жарығын қатар сыйлап, жүрек шапағымен жылыта білген біртұтас Жұлдыз шоғырынан Шақшақ Жәнібекті шеттеткендей, ауызға сирек алып келгенімізді қалай жасырайық.

Қалай болғанда да әз-Тәукенің кезінде түлеген, Бұқар жырау мен Төле биден бата алған, Әбілмәмбет пен Абылайды хан тағына өзі отырғызған, Әбілхайыр мен Сәмекеге, қаз дауысты Қазыбек пен Әйтеке билерге тұстас болған, Қаракерей Қабанбай мен Қанжығалы Бөгенбай, тама Есет пен бәсентиін Малайсарымен жұбын жазбай өткен, керей Жәнібекке, шапырашты Наурызбайға және тарақты Байғозы батырлардың жауынгерлік жолына ақ батасын беріп, томағаларын сыпырған Шақшақ Қошқарұлы Жәнібек батырдың есімін ескермеу үлкен ағаттық еді.

Торғай қыры, Торғай құмы ұланғайыр қазақ даласының жүрегі сияқты. Жерінің жағдайына, елінің айбарына, тіпті тарихына қарасаң да солай. Жүрек түстес бұйрат-бұйрат құмдары да, қан тамырындай тарам-тарам сулары да соны айғақтайды. Ал осы өңірдің ұлы перзенті Жәнібек тархан да кезінде Әбілхайыр мен Абылайдың төңірегіндегі батырлардың күш-қайратын күре тамырдай бір арнаға құйып, тұтастырып тұрған жүрек іспетті болған. Ең алдымен, ол алтыбақан алауыз боп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алмай жүрген қазақ рулары мен жүздерінің тұз-еңбегін жарастырып, көршілермен тату тұруына көп күш жұмсаған майталман мәмлегер. Шоқан Уәлиханов айтқандай, «асқан батырлығына қоса, көп тыңдап, аз сөйлейтін, ердің құнын екі ауыз сөзбен тындыратын ақылды, сыншы, тәккаппар» кісі болған Жәнібек ұлтына ұйытқы бола білген ұлы тұлға. Қазақ мемлекеттігін қалыптастыру жолында ел мен елді, ұлт пен ұлысты жағыстырып, жарғақ құлағы жастыққа тимей, ат үстінде күн кешкен көсем де шешен қайраткер бабамыз тархан Жәнібек туралы халық арасынан көп аңыз, әңгімелер естідім. Жарықтық біздің аруағыңнан айналайын, қадірлі шалдар ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп тапсырып, есімдерін ұмыттырмай, ел үшін атқарған ғажайып ерліктерін әсем баяндап, бізге жеткізіп берді. Олар сол даңқты бабаларының ерліктерімен рухтанып, одан бергі талай тарих кезеңдері мен оқиғаларын бастан кешіп, өлмей, құрымай аман-есен ұрпақ туғызды, оларды бізбен жалғастырды. Егер де өмір шамы күні бүгінге дейін сөнбей келе жатса, оны сол Жәнібектің шапағаты, қалдырған асыл еңбектерінің, төгілген қасиетті қандарының, киелі терлерінің арқасы деп ойлайық.

Жәнібек тархан Қошқарұлының өмірі үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі – жігіттік, батырлық кезеңі, екінші кезеңі – билік жүргізуге көшу, елдің басын біріктіріп, бәтуаластыру, ағалық, даналық жолына ауысу, үшінші кезеңі ең даңқты кезеңі қазақ атынан өкілдік алып, баска ұлт, мемлекеттермен терезесі тең сөйлесу, жаһан кезіп, жер шолып, бәтуа, бітім көздеп, соғыстан бөтен бейбіт қатар өмір кешу жолында түн ұйқысын төрт бөліп дамылсыз жол үстінде мемлекеттік істерді басқару, халықтық қайраткерлік дәрежеге көтерілу кезеңі. Біз осы күнге дейін оның осы ең керемет кезеңін, оның осы тұлғасын танытатын кезеңін мүлде білмей, халықтың аңыз, әңгімелері мен жыр-дастандарынан естіген-білгенімізбен қанағаттанып келдік. Оның себебі енді белгілі болып отыр. Ол атақты ата-балалар істері туралы бізден басқа өзге білімді, салауатты елдердің жазба деректерін, тарихи құжаттарды тауып, зерттеп оқымаудың кесірі. Бізге оны оқыту түгіл, көзімізге көрсетпеген кешегі зорлықшыл, қиянатшыл заман «сенің тарихың жоқ, мәңгі мәңгүрт, мал бағып келген халықсың, сенің тарихың бізден басталады. Қазан төңкерісінен кейінгіні ғана біл» – деген өктем идеологияның кесірі. Біз бүгін осы идеологиядан құтылдық. Мына жалпақ әлемде, дүниеде рух бостандығынан, елдік бостандықтан артық бақыт жоқ екенін жаңа білдік.

«Міне, содан келіп, біз өзгеден ешуақытта кем болмаған, ғажайып ерліктерге толы тарихы бар, ол тарихты жасаған биік тұлғалы, кең ойлы кемеңгерлері бар қазақ деген данышпан да, дана да, аса талантты, зерек халық екенімізді танып отырмыз. Солайша біз күні бүгін ғана сол ұлы тұлғалардың бірі Жәнібек тархан болғандығынан хабардар болып отырмыз. Осы сөздердің дәлелі ретінде Жәнібек бабамыздың қадір-қасиеті мен елге істеген істерін зерттеген кезде куәгер болдым.

Әңгімені басынан бастайын.



1993 жылы Торғай халқы кемеңгер би, кемел қайраткер, біртуар батыр Шақшақ Жәнібек бабамыздың 300 жылдык мерейтойын өткізуді қолға алды. Ол үшін арнайы ұйымдастыру комиссиясы құрылды да, оның төрағалығына сол кездегі аудан әкімі Мақсұт Шәйкемелов, ал орынбасарлығына сол кездегі аудан әкімі орынбасарының қызметін атқарып жүрген осы жолдардың авторы, мені бекітті.

Мерейтой республикалық деңгейде өтетін болғандықтан Торғай облысының әкімі Жақан Қосабаев жалпы басшылық жасады. Ұйымдастыру шаралары жан-жақты ойластырылып, әрқайсымызға жеке тапсырмалар берілді.



Менің міндетім Шақшақ Жәнібек туралы республикалық баспасөз беттерінде материал жариялау мен теледидар арқылы хабарлар беруді ұйымдастыру, мерейтой өткізу жөніндегі Республика Үкіметінің қаулысын қабылдау мәселесін шешу және бабамыз туралы тарихи деректер жинау болды. Осы мақсатпен Алматыға барып республикалық мұрағаттан Жәнібек туралы мардымды материал таба алмадым. Мерейтойды өткізу жөніндегі Үкімет қаулысын қабылдау белгісіз себептермен ұзаққа созылып, ақыры әупірім дегенде Премьер-Министрдің орынбасарының өкімі ғана шығарылды. Сол жылы Ордабасыда өткен думанды тойға Торғай облысынан қатынасқан делегация құрамында болып, арасына уақыт тауып қасиетті Түркістандағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне жерленген Жәнібек бабамыздың басына құран оқыттырып, садақа беріп, Әулие құдықтан су ішкенбіз. Жәнібек баба жерленген жерден топырақ ала келіп, тұмарша жасаттық. Сонымен, зерттеу жұмыстары одан әрі жалғасып, қазақ тарихында елеулі орны бар көне қала Орынборға жол түсті. Құрамында А.Байтұрсынов атындагы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, «Арыс» қорының президенті Ғарифолла Әнес, республикалық саяси-экономикалық апталықтың меншікті тілшісі Болатбек Әлденов (марқүм), аудандық «Торғай тынысы» газетінің фототілшісі Мейрам Қанафия, республикалық теледидардың тілшісі Г.Барманбекова, операторы М.Қырықбаев және топ жетекшісі ретінде мен Орынбор мұрағатында аптадан артық жұмыс істедік. Мұрағат деректерінің ғасырларды жалғастырушы алтын арқау екені мәлім. Орынбор облыстық мемлекетік мұрағатындағы губерниялық кеңесінің қорларымен танысқанда бұған тағы көз жетті. Мұнда, әсіресе XVII ғасырдағы қазақ өмірін қамтыған құжаттар көп-ақ екен. Орынбор мұрағатымен танысқан кезде империялық құлқынның сонау I Петрдің тұсынан бастап-ақ қазақ жеріне аңсары ауғанын аңғару қиын болмады. Жайшылықта іргесі қосылмайтын қазақ руларының ел шетіне жау тигенде түйілген жұдырық секілді тез арада тіл табысып, ортақ дұшпанға шешуші соққы әзірлей алатыны сол кездегі жат жұрт атаулыны таң қалдырыпты. Екіншіден, қазақ жері арқылы бүкіл шығысқа жол ашылады. Ежелгі Жібек жолы осы арадан өтеді. Сондықтан да, Шығыстағы жәннатқа қол созу үшін, алдымен, қазақ хандықтарының бетін бері қарату керек болыпты. Иен даланы еркін көсіліп жатқан елді соғыспен алуға ол кезде орыстардың шамасы жоқ-ты. Ең тиімдісі жалпақ елді бейбіт жолмен өзіне бұру болған. Бірақ, тумысынан саясаткер қазақтың игі жақсылары сарыала киімді көршілеріне бірден алдыра қойған жоқ. 1734 жылдан бастап құрылған Орынбор шекара комиссиясы қазақ руларын бодандыққа жеке-жеке көндіруге кіріскені әрі барлаушылық сипатта да қимыл жасағаны И.И.Кирилловтың энциклопедиясы, шығыс зерттеушісі В.Н.Татищевтің (1737-1739), князь В.А.Урусевтің (1739-1741) тұстарында көрініс тапты.

Орынбор шекара комиссиясы атынан қазақтармен алғаш келіссөз жасаған (1740 жылы Ор бекінісінде) князь В.Урусев дала саясаткері Жәнібектен ұтылыс тапты. Орыс сауда керуендерін қазақ жері арқылы Орта Азияға өткізуге келісім алғанымен, олардың соңынан патша солдаттарының жүретіні туралы талап жүзеге аспай қалды. Қазақ жасақтары орыс саудагерлерін өз жеріне өткенде бір тал шашын түсірмей алып жүретініне сендірген Жәнібек еді және мұны кейін ісімен де дәлелдеді. (П.И.Рычков. История Оренбуржья. 39-бет.) Ал, орыстардың көздегені тек саудагерлерді күзету ғана емес, әскерін дала өлкесіне дендеп енгізудің қамы болатын. Патшаның құпия кеңесшісі И.Неплюев Жәнібекке «оның есімін ұлы мәртебелі патша ағзамның өзі жақсы білетінін және құрмет тұтатынын, алдағы уақытта соған сәйкес мәртебе ұсынатынын» хабарлайды (бұл да сонда 51-бет). Құпия кеңесшінің хабары патша ағзамның (императордың) 1743 жылғы 11 шілдедегі «Қырғыз старшындарына Тархан атағын беру туралы» жарлығы арқылы расталды. Онда Жәнібек батырды Орта және Кіші жүз старшындары арасындағы ең беделдісі және ықпалының ханмен тең дережеде екендігі» атап көрсетіліп, Тархан атағының «қызмет бабыңдағы мүлде ерекше адамға берілетіні, ерекше жағдайда жоғары мәртебелі ағзамның өзі ғана оны қайтарып алатыны» жазылған Тархан атағын алған адам белгілі бір атырапты мәңгі иеленумен қатар, тоғыз рет қылмыстан (адам өлтірсе де) жазадан тыс болады екен (Санкт-Петербург, Сыртқы істер алқасының мұрағаты. 1743 жылғы жарлықтар жинағы, 84, 85-бет).

Тархан атағымен қоса орасан мол көлемдегі жер иесі болған Жәнібек өз туыстары – Шақшақ руын алпыс арна Торғай өңіріне жапатармағай қоныстандырса, Сүгірдің ноқта ағасы Досан деген кісіге: Жаугершілік жорықтарда қара қосымды талай жаяу арқалап едің. соның қарымы ретінде сен руыңмен Наурызымның қарағайлы орманын мекенде, – депті.

Ал, Қарабалуан, депті өзі жақсы көретін күш иесі Жанұзақ Алдияр баласына, Таз руын бастап, сен жері бай, оты-суы мол, малға пана боларлық орман-тоғайы бар Обаған өңірін қоныс ет. Мұнан кейін Қанжығалы мен Көшебе Керейге Сарыкөл мен Ұзынкөл аймағын сыйлайды. Аға баласы саналатын Әйдеркеге Торғай мен Жаркөл аралығындағы қопалы жерді береді, ал Жылқайдарға Қаратал – Шобан атты нулы жерге қазық қақтырады. Шағырдан тарайтын Апай, Жолдыбай және Сарыжетім әулеттеріне Сарықопаны, қыпшақтарға Жыланшық пен Ұлытау аралығын атайды. Жәнібектің жер бөлгенде осы маңдағы еш ағайынды ренжітпегенін Қостанай, Торғай өңірлерін жайлаған қалың ел осы кезге дейін аңыз етіп айтып отырады.



Генерал-лейтенант И.Неплюевтің қолында патша ағзамның атынан мұнан бірер жыл бұрын Орынбор шекара комиссиясының бастығы В.Урусевтің атына жолданған мынадай жарлық та бар еді: «Прилагается при сем с доношения, полученного в нашу коллегию иностранных дел из Астрахани от бригадира и оберкомендант Енгеря от 29 января и приложенного при тем допроса пойманных кайсаков копии, из которых можете вы усмотреть коим образом кайсацкий Абулхаир-хан посылал пять сотен. Да Жанибекбатыр, о котором писали вы 22 октября, что дали ему позволение побывать близ... в урочище Черного моря от него то в нескольких... днях езды версть с тысячей, чтобы за тот переезд с намерением идти помогать для забрания калмыков табунов. О чем астраханский оберкомендант сообщил, по сему хотя что дана без надлежащий тому предосторожности не составлено: дабы вы именно на о нем Джаныбек-батыром предосторожности для упреждения препьятствие ему силы оружием, дабы он на наших подданных нападать в состоянии не быть» (ООММ, 2 кор, 1 тіркеу, 17 іс, 14-бет). Император ағзамның зілге толы осы хатынан көп нәрсені аңғаруға болады. Иен даланы еркін жайлаған қазаққа орыс патшасының өзі қаймыға қарағаны көрініп тұр.

Орынбор облыстық мемлекеттік мұрағатында Жәнібек тарханның 1748 жылғы 24 қыркүйекте және қараша айында жазған екі хаты сақталыпты. «Барша ғаһатлы уа құдіретлі патшамыз хизми шарафатлы Елизавета ұлы Петр қызына» деп басталатын араб жазуымен татар тілінде жазылған бұл хатта өзінің бұрын жөнелткен жолдауындағы «кеңестерін қабыл қылғандарына» ризашылығын білдіреді. Осы хаттың еңді бір тұсыңда «келсі жазда Сіз бен біз мұнда жүзбе-жүз көрісерге һәм менің Сізге мұрадымды, бұрынғысынша хұрметлерімді мағлұм қыларға, Сіздің һәм өзіңіздің қасыңыздағы һазли һазретлеріңізді жолықтырадар» деп жазады. Хатты жазған кезде Жәнібек алпысқа аяқ басқан кезі. Қару ұстаудан қалып, елге сөзімен ғана ықпал етуге айналған тұсы. Оның бұл кездегі мұраты елдің бірлігі болғаны ақиқат. Әуелі бодан ретінде қол астына кірген елді, сол тұста еріксіз отар ретінде ұстау, тіпті ішкі істеріне араласу секілді жымысқы әрекеттердің күннен-күнге белең алып келе жатқан тұсы еді. (ООММ, 3 қор. 1 тіркеу, 18 іс, 281-284-беттер).

Орынбор облыстық мемлекеттік мұрағатының (ООММ) қорларымен танысқанымызда, Жәнібек тарханды ерекше әбігерге алған тағы бір тұс – 1748 жылғы Әбілхайыр ханның қазасы екені аңғарылды.

Орынбор генерал-губернаторы И.И.Неплюевке жазған хатында: «Господину генералу, приятелю моему я, Джанибек тархан, желаю многолетно здравствовать и прошу нас в попечении вашем впредь содержать. И доношу, что Абулхаирхана Барак Салтан убил за то, что перед тем за два дня Барак Салтан рубил. Тот Абулхаирхан приехав ему говорил: для чего он его порубил. А при том оного хана убийстве были Средней Орды нашего рода люди. Прошу прислать мне человека для писания и читание писем моих» делінген. (ООММ, 3 қор, 1 тіркеу, 18 іс, 151-бет). Хат соңында оны аударған Леонтии Просолов екені жазылған, араб жазуындағы нұсқасының соңында тарханның қара сия жазылған мөр белгісі тұр. Жәнібек тарханның хаттағы сұранысы екі етілмепті (ООММ, 3 қор, 1 тіркеу, 18 іс, 153-бет).

Орынбор облыстық мемлекеттік мұрағатынан 1938 жылы жарық көрген «Красный архив» деген кітапта Жәнібек кезінде Хиуа және Қоқан хандықтарының, қырғыз елі мен Тәшкенді билеушілердің орыс мемлекетімен байланысын нығайтуға, елші алмасуына үлкен көмек жасағаны жазылған.

Жәнібек тарханға байланысты біздің ақтарғанымыз Орынбор облыстық мемлекеттік мұрағатындағы губерниялық кеңсенің 1,2 және 3 қорлары ғана. Оның сыртында 6 және 10 қорлар ішінара ғана қаралды. Алғашқы үш қордағасының өзін түгел талдауға мүмкіндігіміз болмады. Көне славян графикасымен жазылған қолжазба мұраларды оқып шығу да оңай емес. Орынбор пединститутының оқытушыларының аудармаға көрсеткен көмегі арқасында ғана тарихи деректерге қол жеткіздік. Мен мұрағаттағы Жәнібек туралы деректердің әр жерден алынған үздіктерін ғана келтіріп отырмын. Ынта болғанымен түбегейлі зерттеуге уақыт болмады. Орынбор облыстық тарихи өлкетану музейінде және орталық ғылыми-көпшілік кітапханасында Жәнібек тарханға байланысты деректер мол. Жалпы, Орынбор мұрағатының мол қазынасы көне славян жазуын жете меңгерген, сондай-ақ өткен ғасырларда қолданылған арабша таңбалаудан хабары бар білікті зерттеушілерді қажет етеді.

Жәнібек қатысқан Жоңғарға қарсы жорықтар турасында деректер де көптеп келтірілген.

Сол тұстағы мұрағат деректерінде Жәнібек тарханның ерекшелігі айқын сезіліп тұрады. 1742 жылы 14 маусымда болған И.Неплюевпен келіссөз жүргізуге келген сапарында қасына 513 жігіт ертіп келеді. Орыс тарихшысы П.И.Рычков оның жігіттерінің біркелкі киінгенін, тіпті аттарының да түсі бірдей екенін, мұндай сән-салтанат көне құрлықтың ешбір мемлекетінің әскерінде де кездеспейтінін тамсана жазыпты.

Біздің естуімізше, Шақшақ Жәнібек жайлы мағлүматтар Санкт-Петербургтегі Сыртқы істер алқасының, Мәскеудегі көне актілер мұрағаттарында біраз сақталған көрінеді. Әрине, Қазақстанмен іргелес Омбы және Уфа мемлекеттік мұрағаттары қол тимеген күйінде тың жатыр. Басқасын былай қойғанда, Орынбор мұрағатындагы XVIII ғасырдың бірінші жартысын камтитын 1-4 қорлардың біраз беттері әлі ашылмай қалуда. Жаңағы қорлардың алғашқы беттеріндегі тізбелерде қазақ зерттеушілерінің аты-жөндері кездеспейді. Ол қорларды осыншама уақыт ішінде бір-ақ адам қарапты, оның өзі башқұрт елінен екен. Соған қарағанда, тұтастай қазақ тарихының да ашылмаған беттері жетіп жатқан сияқты. Орынбор облыстық мемлекеттік мүрағатындагы Шақшақ Жәнібек тархан туралы деректерге және басқа да қазақ еліне қатысты құжаттарға тәптіштеп тоқталып, ерекше назар аударып отырғандағы мақсатым Жәнібек тарханның қандай адам болғандығын және оның қазақ тарихында алатын орны туралы тарихи деректерге сүйену арқылы Жәнібектің мұраты – ел бірлігі, көздегені – қазақ жерінің тұтастығы, арманы – халқының алаңсыз болашағы екеніне елдің көзін жеткізу. Себебі, біз әңгімелеп отырған Шақшақ Қошқарұлы Жәнібек тарханның да, оның үзеңгілестерінің де толыққанды тарихи бейнелерінің жасалар сәті әлі алда болса керек.

Әкімбек қажы ҚАБДЕНҰЛЫ



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет