Қырықмылтық Шобан Жаманқұлұлы
Сәті түсіп, жолым болып Түркістанның 1500 жылдық тойына барып келген соң көптен бері ойда жүрген бір міндеттен құтылайын деген оймен Қазанбасыдан Әулиекөлге көшіп келген ағамыз Нұғыманның Сейдәлісіне барып сәлем беріп қайтуым керек болды. Ол кісі көшіп келгелі бір-екі рет барғанымда Сәкең ауырыңқырап Қостанайға қаралуға кетіп, кездесудің реті болмаған-ды. Бұл ағаймен көптен таныспын. Сәлеміміз түзу. Сәкеңнің көргені мен естігені көп, оқығанынан да тоқығаны басым, өткен-кеткен тарихи және ел ауызындағы әңгімелерге де жетік, тыңдаушысы келіссе, оны жеткізе айта да білетін жан. Ал шежіре жағынан осы төңіректе алдына қара салмайтын сұңғыла десем де болар еді.
Сейдәлі ағаның болып жатқан жаңалықтардан да құлағы түрік. Бір ғажабы кешегі Кеңес өкіметі кезіндегі Саяси бюро мүшелерінің аты-жөнін, қай жылы туғанын, қай жылдары қандай қызметте және қай жерлерде болғандығын тайға таңба басқандай дәл айтып береді. Өзім таңқалушы едім. Жақсы айтылған әңгімені жаным сүйіп, рахаттана тыңдайтын әдетім еді. Сондықтан да болар осы кісіні өзім өте сыйлап, тәуір көріп кеттім.
Келсем үйінде төсек тартып, науқастанып жатыр екен. Мен келген соң ыстық-ықыласпен сәлемімді алып, басын көтеріп отырды. Амандық сұрасып, өзімнің сапар шегіп, бабам Жәнібектің басына, Түркістанға барып келгенімді, ондағы көрген-білгенімді, естігендерімді айттым. Сонда ағамыз:
– Шырағым, Сағындық, келгенің өте жақсы болды. Өзім де бір кездескім келіп жүр еді. Мына ауру көп жүргізбейді, кейде қарға адым жер мұң болып қалады. Оның үстіне барған жерде дұрыс отыра да алмаймын. Қолымның түрі мынау, есте бар әңгімелерді қағазға түсірейін десем оған саусақтарым келмейді. Ал бала болса орысша оқыған, уақыты да бола бермейді. Сен енді асықпай отыр. Менің айтарым бар, – деген соң, жайғасып отыруға тура келді.
Қалың бір әңгімеге кетеміз-ау деген оймен қолыма қағаз бен қаламсап алдым. Ағамыз әңгімесін бастап кетті, мен оның желісін бұзбай, «иә, солай, білемін, айта беріңіз» деген сөздермен қоштап, анда-санда басымды изеп отырдым. Әңгіменің кейбір жерлерін қағазға түсіріп, үлгіргенімді жадыма сақтауға тырыстым.
Қалқам, мен сен айтып отырған Түркістанға үш рет барған адаммын. Еркін аралағанмын. Сонда байқағаным біздің жақтан сен айтқандай 6 емес 7 адам қойылған (бәрінің аты-жөндерін айтып берді. С.Д.), көк тастарын кездестірдім. Соңғы 70-жылдары барғанымда оның біреуі де орнында жоқ, Ахмет Иасауидің кесенесін жөндеп қалпына келтіреміз деп бәрін жинап тастаған екен. Қайда деп сұрағанымда ешкім тиянақты жауап бере алмады. Іш удай ашыды. Өз көзіммен аты-жөні жазылған, ай таңбасы басылған көк тастарды көріп, қолыммен сипап, дұға оқыған адам едім.
Терең қазбалап сұрай алмадым. Ол уақытты өзің білесің, коммунистік партияның қылышынан қан тамып, алла дегенді алып кететін, құдай дегенді қамап қоятын заман еді ғой. Тек дұғамды оқып, іштей жылап қайтқанмын. Кейіннен тастар өз орындарын табар деген де ойда болдым. Енді міне басқалардың аттары жазылғанда, Шобанның атаусыз қалуы аруақ алдында да, адам алдында да, тіпті кейінгі ұрпақ алдында да ұят. Есіңде болсын, қандай жағдайда да қазақ жиынын өткізіп, аламан бәйгесін беріп отырған. Қазір, құдайға шүкір, егемендігімізді алып, тәуелсіз ел болып, дінге де сара жол ашылып, өткеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып отырған заман туып отыр емес пе? Жоғалтқанымызды түгендейтін, шашқанымызды жинайтын уақыт келген сияқты. Онсыз да тоналып біткен тарихи жәдігерлерімізді мүмкіншілік барда қайта тірілтсек болмай ма? Тірілтіп те жатырмыз ғой.
Сенің Түркістанға барып келгеніңе қуаныштымын. Кеткеніңді де естігенмін, көгілдір экраннан да көргенмін. Бірақ менің өзекті өртер өкінішім де жоқ емес. Ахмет Иассауидің кесенесіндегі тізімде Шобанның болмауы, қайталап айтайын, өкінішті-ақ.
Газеттерде Түркістан туралы шығып жатқан, ондағы жерленген абзал еліміздің, қазақтың дарабоздары мен тарланбоздары туралы жазылғандарды түгелдей дерлік оқыдым. Оларды оқыған сайын жаным сүйсінді де күйінді. Сүйсінетінім жазғандарына ризашылығым, көп жасасын. Сәлім Меңдібаевке, Ертай қажы Исламұлына, Төлеген Жанжігітұлына т.б. дән ризамын. Бұл жерде Алдияр балаларына, Кәрбоз Жапарұлына да шексіз айтар алғысым бар. Бұлар кешегі бабаларын қайтадан тірілтті. «Тегі жақсы тек озар» деген осы. Болмаса тізімге Шақшақ Жәнібек пен Сүгірұлы Мешітбай ғана ілігіп еді ғой.
Біздің Хайдардың Бақытбегі, Ғабдолланың Мырзағалиы, осындағы Ембергендер не ойлап жүр екен? «Біреудің жоғын біреу өлең айтып іздейді» деген бар. Шын білек сыбанып, атқа қонатын мезгіл жеткен сияқты.
Ал күйінетінім осылардың жазғандарының біреуінде де Арғын Қырықмылтық Шобан туралы бір ауыз сөз жоқ. «Атасы бөлек аттан түстің» кебі келіп тұр.: Рас, ол туралы облыстық «Қостанай таңы», аудандық «Әулиекөл тынысы» газеттерінде де Дәмер Әбіштің «Шобанкөл атауы қайдан шықты?» деген мақаласы басылған. Оны өзің де оқыған шығарсың. Онда ептеп шындықтан ауытқушылық бар. Қайтсін, естігенін жазған ғой.
Қазақтың өткен тарихына көз жүгіртсек, мынау бір шеті мен екінші шетіне, яғни, сұңқар ұшса қанаты талатын, тұлпар шапса тұяғы тозатын жерді анталаған жаудан қорғау оңай болмаған. Өз заманына лайықты талай батырлар мен бағландары болған. Мысалы, Жәнібек, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбайлардың, т.б. өмір бойы қолдарынан көк найзасы, тақымдарынан ай балтасы түспеген. Оның шет жағасын өзің де білесің. Ал олардың қасында нөкерлері бірге жүрген. Олардың ішінде батагөйлері мен ақылшылары, сонымен қатар қол бастаушылары мен жол бастаушылары да болған. Бұл екеуі екі түрлі нәрсе. Қол бастаушы дегенге түсінетін боларсың. Ол батыр да батыл, күш иесі адамдар.
Ал жол бастаушы деген ше? Қазақтың мына кең даласында адаспай, тура жол тауып жүру, әсіресе айсыз қараңғы түндері өте қиын. Міне осындай тастай түнек қараңғыда тіпті күндіздің өзінде де жол бастаушы алға түседі. Өзіңнің бабаң Жәнібектің жол бастаушысы Жаманқұл баласы Шобан болған. Мен көрген көк таста «Шобан Жәнібектің жол бастаушысы» деп жазылған. Мен көргенім мен естігенімді ұмыта қоймайтын жанмын. Мақтанып отыр деп ойлама.
Ал енді Шобанның жол бастайтындай қандай кереметтігі бар деп отырған боларсың? Айтайын, үлкендердің әңгімесіне қарағанда Шобан атына мініп түнде жүргенде, тіпті күндіз де мінген атының екі құлағының арасынан шырақ жанып отырған. Ол өзіне көрінеді, басқаға жоқ. Егер алған беттен сәл бұрыс кетсе, ол шырақ көрінбей қалатын болған. Сендердің айтып жүрген компастарың тәрізді ғой.
Сөйтіп Шобанның жанған шырағы жауынгер қолды діттеген жерге адастырмай жеткізіп отырған.
Иә, ертеде көз көріп, құлақ естімеген не бір ғажайыптар болып, кереметтер өткен ғой. Сонымен, егерде Мешітбай әулие Жәнібектің батагөйі, Қарабалуан оның батыры әрі ағасы болса, Қырықмылтық Шобан оның жол бастаушысы болған.
Мен саған мынаны айтпай бара жатыр екенмін ғой. Сол Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесінің қасында қойылған адамның саны, біздің жақтан, жетеу екен дедім. Япырмай, қазақтың 7 санында бір ғажаптық бар-ау, мындағылардың саны да соған сәйкес келуін қарашы деп ойлаған болатынмын да.
Қырықмылтықтың азан шақырып қойған аты Уаныш, Уана деп те атайды. Оның Қырықмылтық аталуына да сенің бабаң Жәнібектің атасы, атақты батыр Шақшақтың себебі болған. Ол өз алдына жеке әңгіме.
Уаныш Шақшақпен қатар болса, Шобан Жәнібекпен үзеңгілес. Жас жағынан одан кіші. Шағыр мен Бөлтірік Ерманнан туған. Шағырдан Саржетім, Аманжол, Сомжүрек болып сендер тарайсыңдар. Ал Бөлтіріктен Сырлыбай, Сары болып біз кетеміз. Сонда біздің түбіміз – Ерман. Мен Сырлыбай, Сарыны да, Аманжол, Сомжүректі де жақсы таратамын. Бірақ бізге керегі Шобан. Сарыдан Қырықмылтық (Уаныш), одан 6 бала туады. Біреуі Бәйгелді, одан Бесқара, Жаманқұл, Жаманқұлдан Өтеміс (одан М.Ғабдуллин тарайды), Тауке (Б.Каримов), Ботай (тұқым жоқ) және Шобан. Шобаннан Нұрқан қажы мен Ақкісі. Бұл күндері бұлардан Әбдікәрімнің Әуезі, Абайы т.б. Әулиекөлде тұрады. Шобан өзінің ата-бабасы мекен еткен Торғайдың Тосын, Қошалақ деген жерінде қоныс тепкен. Ол өзі әрі әулие, әрі бай болған кісі.
Дәмер жазғандай, бірде оның көп жылқысы жоғалып, оны іздеп жүргенде, ортасында аралы, суы мол, ну қамысы бар, құсы көп көлге кездесіп, сол көлді жылқылар паналап, тіпті қыстап шығады. Шөбі шүйгін, суы мол жерде жылқылары әбден семіріп алыпты. Табылған көп жылқыны (биелер құлындаған) еліне айдап барады.
Одан кейін ол жылқылар екі рет қашып келеді. Болмаған соң, мал деген жан азығы, малсыз қазақтың күні жоқ екенін өзің білесің, Шобан Жәнібекпен ақылдасады. Жәкем ол кезде атағы шартарапқа таралып, патшадан шен алып, қазақ баласының ішінен тұңғыш рет «Тархан» атағын алған (1743 ж.) кезі болса керек.
«Сен, Шобан, сол жылқылар барған жерге көшкенің жөн, хабарласып тұратын боламыз», деп елдің ақсақалдарын жинап той жасап, батасын беріп Шобанды көп кешіктірмей көшіріп салыпты. Міне, содан бері Шобан осы көлді өзіне қоныс еткен. Бұл 1745-50 жж. шамасы болса керек. Сөйтіп көл Шобанкөл деп аталған. Кейіннен оның іргесіне Одаққа белгілі совхоз орнады. Оны Қобландының баласы Қабидолла басқарды. «Елдің атын ер шығарады» деген бар емес пе? Тұрғынбаев сол елдің атағын шығарды өзі Еңбек Ері атанып, республикаға ғана емес, Одаққа белгілі үлкен әріпті азамат болғанын өзің менен жақсы білесің.
Газетте Шобан 1773 жылы 53 жасында қайтыс болған деп жазылған. Ол бекер. Шобан 70 жастан асып барып қайтқан. Бұл жетеуінің ішінде 90-нан асып, көп жасағаны Мешітбай ғана. Ұмытпасам, Шобанның көк тасында 1701 жылы туып 1773 жылы опат болған деп жазылған. Сонда ол 72-ге келген болып отыр.
Ал енді мен оның әулиелігін айтайын. Шобан сол көлдің арасында қайтыс болған соң, оны киіз, оның сыртынан былғарымен орап, жыл мезгілі қолайлы уақытқа дейін сақтап, Түркістанға апарып, сыртқы киімдерін шешіп, аһиретке қараса, ешқандай дақ түспеген. Ондай қасиет Сүгірұлы Мешітбай әулиеде де болған.
Кейіннен Шобанның қайтыс болған жеріне бұтағын жайған тал (қара ағаш деп те атайды) өсіп шығады. Ол талды кескенде кесілген жерінен қызыл қан тамшылаған. Әрі кескен адам ауруға шалдыққан. Сондықтан да оны киелі ағаш деп біздің мұсылман халқы тимеген.
1958-59 жылдары көлдің жағасына совхоз орнады. Неше түрлілер келе бастады. Басқа ұлттың өкілдері аралдан құс аулады, жұмыртқа терді, жалпақ танау әкеліп сойылды. Сөйтіп ол ағаштың қасиеті тоқталды, кейіннен өзі де отқа жағылып, қурап, сынып бітті деп естимін. Ол жаққа көптен барған жоқпын. Оны айтасың, Әулиекөлдің Әулиесін де шошқаның қанын шашып қуған жоқ па?! Соның кебін Шобанкөл де киді.
Ал көл балшығының емдік қасиеті барын айтып та, жазып та жүр ғой. Оны айтып уақытыңды алмай-ақ қояйын.
Осы сөздерімнің көбісін сонда тұратын көне көз қариялар Ахат, Сәкен, Сағидолла деген ақсақалар растауға тиісті. Көлдің ну қамысын тек отын үшін ғана емес, құрылыс үшін пайдасын совхоз орнағанда көрді.
Шобан Жәнібектің батагөйі болған деген де сөз бар. Бұл шындыққа жанаспайды. Өйткені Шобан Жәнібектен 8 жас кіші. Жәнібек 1693 жылы, Шобан 1701 жылы туған. Қазақта жасы кіші адам үлкенге бата бермейді. Мүмкін, әулиелігі болған соң халық солай айтқан болар. Жәнібектің батагөйі тарихта да, ел аузында да Мешітбай екені белгілі.
Ал Шобан Үмбетей сияқты Жәнібектің туын ұстаған жан. Үмбетей батыр болған, әрі Жәкеңнің шөбере туысы. Шақшақтан – Көшей, одан Қалқаман, одан Үмбетей, ал Жәнібек Көшейдің Қошқарынан. Үмбетей туралы Ағытайдың Ибраһимі жазғанын оқыған боларсың. Жәнібек туын анау-мынау адамға ұстатпаған да тапсырмаған. Үмбетей батыр болғандықтан ол да жекпе-жекке шығып, қолына найзасы мен айбалтасын ұстауына тура келгенде, туды Шобан ұстаған. Осыдан да оның тегін адам емес екенін біле білерсің.
– Шырағым, Сағындық, қай кезде де шындық, әділдік жеңген ғой. Мен Түркістанның тойы тойланып кетсе де, Шобанның аты Ахмет Иасауидің кесенесінің ішінде көптің бірі болып, өз орнын тауып жазылады деген үміттемін.
Енді сендерге айтар бір өкпем бар. Боса да әңгіме басталған соң, оны да айта кетейін. Сендер ғой кешегі Целинный кеңшарының Шобанкөл ауылының атын Тұрғынбаевтың атына өзгерттіңдер. Шобанның кім екеніне мән бермедіңдер. Ешкіммен ақылдаспадыңдар. Енді келіп екі аталы аруақты бірі мен бірін қарсы қойдыңдар. Ол жерден көп адамдар көшіп кетті. Ауыл құлап, қирап жатқаны да сондықтан болар деп ойлаймын. Аруақты ренжітуге болмайды. «Өліні елемей, тірі байымас» деген қазақтың аталы сөзі бар.
Мен Қабидоллаға ешқандай қарсылығым жоқ. Еңбегі бар, еліне сыйлы, құрметтісі болды. Ол Құмсуда туған. Ол жер Қаймақкөл совхозына қарайды. Қазір ел жоқ. Тимофей сендердің қай бір екі туып, бір қалғандарың? Оның кім болғанын тиянақты ешкім біле де қоймайды. Ондағы бір көшенің атын беріп, алдай салғанша, сол ауылдың аты неге берілмеді? Осыларыңа үйде отырып, қайран қалам. Сонда Шобанды өзгерту қолдарыңнан келгенде, Тимофейге құдыреттерің де, ақылдарың да жетпеді ме?!
Өзің білесің, Жәнібек ағасы Қарабалуанды (Аманжол-Саржетімнен есептегенде аралары 4-5 ата, туыс, жасы үлкен болғандықтан Жәнібек оны Балуан аға деп өтіпті-мыс) өз қолынан Түркістанға апарып қойған. Ал басқалары өсиетінде Ахмет Иасауидің кесенесінің жанына, Жәнібектің қасына апарыңдар деген.
Ендігі бір айтарым, тыңдарсың, тыңдамассың, оны өзің біл. Біздер ауырған кезімізде ауруымызды күйттеп, сау кезімізде әртүрлі ойға кетеміз. Ол ойды тыңдаушысы болса, соған айтқымыз келеді.
Осы сендер ғой бабаларыңа ас беріп, бермегендерің алдағы жылға дайындық жасап жүрсіңдер. Ал сол асылдардың атын мәңгілікке қалдыруға қандай қам жасап жатырсыңдар? Менің қолымда не тұр дейсің. Қолдарыңда көп нәрсе бар. Айталық, осы тұрған жерімізде Шақшақтың алты баласының біраз ұрпақтары тұрады. Оның бәрінің де Жәнібекке ешқандай бөтендігі жоқ. Біле білген адамға, оның тіпті қазақ баласына терістігі бар ма? Сол сияқты осы маңда Алдиярдан да біраз азаматтар тұрады. Ал осында не көп, көше көп. Тіпті кешегі Комсомол, ВЛКСМ, Совет, Пролетар, Октябрь, т.б. аттары әлі қаз-қалпында тұр. Неге осы Әулиекөлдің бір-бір үлкен көшесіне Шақшақ Жәнібектің, Қарабалуан Алдиярұлының аттары берілмеске... Сондай-ақ Науырзымда Мешітбай, Сарыкөлде Қанжығалы Әлібек, Торғайда Мерген Бабасұлының аттары ең болмаса неге көшеге берілмейді? Оны ізденетін кімдер, сендер емессіңдер ме? Сен не бітіріп жүрсің, ағаң ше, Әкімбек пен кешегі осы елді басқарған Қуаныш Ақыбайұлы не бітіріп жатыр? Бұларды тек мысалға айтып жатырмын. Басқа азаматтар да жетерлік қой.
Шырағым, еліне пана, жеріне қорған болған арыстарымыздың есімдерін тірілтуіміз керек. Онда бордай тозбас асылым, құты қашпас кемелдім, өңін бермес шырайлым, ер қорғаған батырым, қаны бір, кіндігі бір бауырым деген үлкен ілтипатпен құрмет жатыр, – деп ағамыз әңгімесін аяқтады.
Иә, ойласатын мәселе көп екен деп мен үйіме қайттым.
Сүйінші
Сәлім МЕҢДІБАЙ
Бас иеміз, бабалар!
Қырықмылтық Шобан Жаманқұлұлы есімі
Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне жазылды
Қасиетті Түркістан қаласының іргетасы қаланғанына 1500 жыл толған мерейтойы өткен жылы бүкіл әлемдік деңгейде аталып өткені белгілі. Ұлтымыздың рухани астанасының бұл мерекесіне орай «Қостанай таңы» газеті «Тұмарымыз – Түркістан» айдарымен талай танымдық дүниелер жариялады. Біздің арнаулы тілшіміз, газеттің Бас редакторы Есенгелді Сүйінұлы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бастаған облыс делегациясы құрамында сол салтанатқа қатысты.
Егер Шақшақ Жәнібек, Мерген Бабасұлы, Қарабалуан Алдиярұлы, Мешітбай Сүгірұлы сынды батыр бабаларымыздың кезінде Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне жерленгені бұрыннан да белгілі болса, Беубаулы би Өтейұлы және Әлібек батыр Құдайбердіұлы есімдері сол мерейтой тұсында қайта жаңғырып, қасиетті кесенеге жазылды. Ал олар туралы журналистік зерттеу жүргізіп, Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігімен, Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайымен тығыз байланыс орнатып, асыл бабаларымыздың Түркістан топырағында мәңгілік тыныстағанын дәлелдеген де осы «Қостанай таңы» еді.
Дегенмен де Қостанайдың құнарлы топырағынан жаралған тағы бір бабамыз – Қырықмылтық Шобан Жаманқұлұлы есімі атаусыз қалғаны жанымызға батып, аруақ алдындағы бір парызымыз өтелмей қалғандай еді. Соны ескеріп, Түркістан тойынан кейін Шобан баба жөнінде деректер жинай бастадық. Әулиекөлдік данагөй қария Сейдалы Нұғыманұлының әңгімесінің негізінде журналист Сағындық Қажмағамбетұлының «Қырықмылтық Шобан Жаманқұлұлы кім еді?» атты мақаласын жарияладық. Онда әйгілі Шақшақ Жәнібек тарханның жол бастаушысы болған Жаманқұл баласы Шобан туралы тарихи деректер келтірілген болатын.
Кейіннен осы жолдардың авторы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи- мәдени қорық мұражайының директоры Темірхан Рыскелдиев мырзаға арнайы хат жазып, Шобан бабамыздың есімін кесенеге жазу жөнінен мәселе қозғауын, оны ғылыми-сараптама кеңесінде талқылауын өтінген еді. Хатқа Қостанайдағы Ақ мешіттің бас имамы Ертай қажы Ислямұлы, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Дәуренбек Ахметбеков, «Мырза» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мырзағали Ғабдуллин, «Жетікөл» акционерлік қоғамының президенті Емберген Көшкентаев, «Биско» холдинг компаниясының бірінші вице-президенті Бақытжан Кәрімов қол қойған болатын.
Жақында Түркістаннан қуанышты хабар келді. Қорық-мұражай ғылыми-сараптама кеңесінің шешімімен Шобан Жаманқұлұлы есімі қасиетті Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне жазылды. Сөйтіп, бүгіндер Қостанай, Торғай өңірінен шыққан әйгілі жеті бабамыздың рухани астанамыз, ер түріктің бесігі – Түркістанда мәңгілік тыныстағаны белгілі болып отыр.
Аруақ жар болсын, ағайын!
Бабалар аруағы алдында бас иеміз.
Әбіт ОРАЗБАЙҰЛЫ
Қанжығалы Айтбай батыр
Қасиетті Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесінде мәңгілік тыныстаған халқымыздың біртуар тұлғалары: Шақшақ Жәнібек, Қарабалуан Алдиярұлы, Мешітбай Сүгірұлы, Мерген Бабасұлы, Бекбаулы Өтейұлы, Әлібек Құдайбердіұлы, Шобан Жаманқұлұлы туралы көпшілік біршама хабардар деп білеміз. Өйткені Түркістан шаһарының 1500 жылдық тойы тұсында және онан кейін де газетімізде осы арыстар туралы жан-жақты жаздық. Бекбаулы Өтейұлы, Әлібек Құдайбердіұлы, Шобан Жаманқұлұлының сол халық даңқының пантионында жерленгенін дәлелдеп, бабалар есімін қасиетті тізімге хаттау үшін осы «Қостанай таңы» газеті атқарған жұмыс та ұшан-теңіз еді.
Жақында осы Қостанай-Торғай өңірінің тағы бір біртуар тұлғасы, әйгілі Қанжығалы Айтбай батырдың да осы Түркістанда мәңгілік тыныс тапқаны белгілі болды. «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі директорының міндетін атқарушы С.Ахмет берген анықтамада былай деп жазылған:
«Халқымыздың аяулы ұлдарының бірі, қазақ-жоңғар соғысының қаһарманы Айтбай батыр жайлы бізге өткізген мәліметтер мен деректі құжаттарды, шежірелік салыстыруларды сараптай келе, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының Ғылыми сараптама кеңесі «Айтбай батыр Қожа Ахмет Иасауи кесенесінде жерленген» деген тұжырымды растады.
2009 жылдың 11 қараша күні өткізілген Ғылыми сараптама кеңесінің №6 хаттама шешімі бойынша Айтбай батыр Қожа Ахмет Иасауи кесенесінде жерленгендер тізіміне енгізілді.
Бабалар рухы қолдай берсін».
Бұрын Түркістанда жерленген жеті бірдей баһадүр бабамыздың қатарына сегізінші болып, Айтбай батыр қосылды. Сөйтіп тарихи әділеттік қалпына келтірілді.
Төменде біз осы Айтбай батырдың тікелей ұрпағы, көргені де, көңілге түйгені де көп, зерделі ағамыз Әбіт Оразбайұлы Шалдықовтың батыр бабасы туралы жазған мақаласын жариялап отырмыз.
Сәлім МЕҢДІБАЙ.
Еліміз егемендік алғаннан бері небір асылдарымыздың аты аталмай, жерленген жерлері анықталмай, тіпті есімдерін атауға қорқатын халқымыз аңсаған тәуелсіздіктің тұғырына қол жеткіздік. Сол еркіндіктің айғағындай бізге қасиетті Түркістан қаласынан қуанышты хабар келіп жетті. Кезінде денесін ақ арулап Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне апарып жерленгендігін, Айтбай батыр жайлы көп ізденістен кейін Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының Ғылыми сараптама кеңесі растады. Айтбай батырды баласы Арал бас болып ағайын-туыстары Түркістанға апарып жерлегендері жайлы ата-аналарымыз айтып отырушы еді. Қазан төңкерісіне дейін Айтбай батыр бабамыздың басына ел адамдары барып тұрған. Кейін заман өзгеріп, халқымыздың басына небір зұлмат ауыртпалықтар түскен кезде барыс мүлдем тиылған еді. Үкіметтің қаһарынан қорқып, сауыт-сайманын ескі қорымға апарып көміп тастаған. Көпшіліктің арасында атын атуға да жасқанған артында қалған туыстары. Бүгін шындық қалпына келтіріліп, кеудеге ұялаған күдік сейіліп, бабамыздың ардақты есімі еліне оралды.
Айтбай батыр Сарыкөл өңірін мекендейтін іргелі Қанжығалы руынан шыққан. Әйгілі Әлібек батыр, аты шулы Орал батыр, Меңдеке батыр да сол Қанжығалы руынан. Сарыкөл өңірінің тарландары.
Көп жылдарға созылған жоңғарлармен соғыста Айтбай батыр қатыспаған шайқас кемде-кем шығар. Өлеңті өзені мен Кәрітау аралығындағы жалпақ аңғарда болған шайқасқа қатысып, Абылайдың қалмақтың батырын жекпе-жекте өлтірген оқиғаның куәгері болған. Бұл оқиға жайлы жазушы, тарихшы Қойшығара Салғарұлының «Нар тұлға» атты еңбегінде де айтылады, Ақтуба өзені Еділден ағып шығып, біраз жер өткеннен кейін қайтадан Еділге құяр сағасында қазақтың Харбалы атты бекінісі болған. Екі өзеннің тоғысқан жерінде қазақ батырларының Еділ қалмақтарымен Харбалы бекінісі үшін кескілескен қантөгіс шайқасы болады. Қазақ батырлары қалмақтарды жеңіп, Харбалы бекінісін жаудан азат етеді. Бұл соғыс 1740 жылдары болған. Сол соғыста ерекше ерлігімен Айтбай батыр қарулас жолдастарының зор құрметіне бөленеді.
Ор мен Үй өзендерінің аралығындағы жазықта екі мың жылқыны Ертіс бойындағы жоңғарларға өткізбек болған Еділ қалмақтарының жасақтарын Айтбай батыр бастаған сарбаздар қарсы алып, соғыс ашады. Қалмақтарды жеңіп, жылқыны кезінде қазақтардан барымталап алған, кіші жүз еліне қайтарып береді. Батыр бабамыз 1770 жылы болған қақтығысқа да қатысып, қырғыз еліне де барған. Айтбай батыр еліміздің қай өңірінде болмасын қазақтың жері үшін шайқастарға қатысқан, ел намысын ерекше бағалаған жан.
Айтбай батыр қалмақтармен соғысып қана қоймай, еліміздің шекарасын бекітуге де үлес қосқан. Хан Абылай орыс патшасымен келісімге келсе де, орыс жағы қазақтардың жерін тартып алып, қоныстануын тоқтатпаған. Соған орай Абылай хан еліміздің солтүстік өңірінен Айтбай батырға жер беріп, қоныстандырған. Ондағы мақсат қазақтың жерін орыстардан қорғау еді. Кейіннен аткелтірлер қоныстанған мекен Ақсиыр атанып кеткен. Бүгінгі күнге дейін сол жер орысша Половиное аталса да қазақ тұрғындары Ақсиыр атымен атайды. Айтбай батыр Ақсиырдан Бағланға дейінгі аралықты жіті бақылап отырған. Орыстармен келіссөз жүргізіп, озбырлыққа жол бермеген. Осы сөзімізді растау үшін бұл күнде Ресейдің Қорған облысына өтіп кеткен Ақсиыр, Бағлан маңында тұратын көнекөз қариялардың орыс, қазағы Айтбай батыр жайлы кезінде аталарынан естігендерін айтады. Ақсиыр маңында тұратын 84 жасқа келген Малшы есімді ақсақал Айтбай батырдың қыстауының орны осы күнге дейін сақталғанын айтады.
Айтбай батырдың еліне сыйлы әрі беделді болғанын мына көріністен байқауға болады.
Абылай қартайғанда Қасым деген баласын хан сайлаймын деп Орта жүздің игі жақсыларын және батырларын жинапты. Сонда Алдабек, Айтбай деген батырлар екі-үш күнге дейін келмепті. Бірінің оң көзі, бірінің сол көзі соқыр, екеуі де ақын әрі шешен батыр екен. Бұлардың кешігіп келгеніне қырсыққан Қасым «Қай соқырлар мыналар, шақырған кім бұларды?» – депті.
Сонда Алдабек:
Менің атым Алдабек,
Айтар сөзім алда көп.
Хан бір адам, қара көп,
Хан сайласаң Қасым-ау,
Орта жүздің ішінде
Сендей-сендей бала көп.
Сен шалқайып жатырсың,
Көтерместен басыңды.
Әкең Абылай шақырды,
Хан сайла деп Қасымды.
Сайламаймын Қасымды
Болмай жатып басынды.
Хан болып елді ұстай ма,
Көк долы адам ашулы, – дегенде Қасым: «Қылышым қайда, басын қағып тастаймын», – деп тұра ұмтылғанда Айтбай батыр:
Тиіспегің соқырға,
Бұл соқыр білмей сөйлеп отыр ма?
Сөйлемей қалай тұрамыз,
Үлкен жиын тобырда?
Нағашың қалмақ, атаң сарт,
– Ойбай, бала, құтырма, – деп қайырып тастағанда Қасым: «Алпамсадай басына темір киген мынауың кім еді», – депті.
Руым Қанжығалы,
Аткелтірдің ішінен
Атым Айтбай, батырмын.
Өз бетіммен келген жоқ,
Хан сайла деп шақырдың.
Тамақ асырап жүргем жоқ,
Сайлауға келіп жатырмын.
Ел басшысы батырға
Болмай жатып ақырдың.
Жылқысын алып бес рет,
Қамалын бұзып неше рет,
Қалмаққа мен тіземді батырдым.
Сен кегін алғың келе ме бізден,
Нағашың қалмақ кәпірдің, – дейді.
Қасым ашуланып: «Бір емес, екі айттың, садағымды әпер», – дейді қасындағыларға. Айтпай батыр айтқанынан қайтпайды:
«Ей, Қасым, біз қатын емеспіз үйде төбелесетін, далаға шық, жекпе-жекке», – деп ат ойнатып, қырдың басында тұрып алады. Бұл жағдайды естіген Абылай Қасымға кішілік еткізіп, Айтбайдан кешірім сұратып, қақтығыс қансыз аяқталады. Сонымен Абылай батырларды шақырып алып, «Уа, Айтбайым, не айтасың?» – дейді. Сонда Айтбай батыр:
Абылай сен орта жүзге келгенде,
Жұлдызың туды оңыңнан.
Түйе баққан жаяулап,
Айырылдың қалың сорыңнан.
Көкбесті атты міндің
Тұлпар деп астыңа
Қошқарұлы Жәнібектің тобынан.
Қалмақты шауып, бақ таптың,
Алғашқы барған жолынан.
Сегіз құлаш қорғанның
Ар жағынан түстің жарқ етіп,
Қалмақтың жайған торынан.
Бақытың зор адамсың,
Артық туған айбатты.
Сайламаймын хан қылып,
Қасым деген балаңды.
Хан болғанмен айырмас,
Жақсы менен жаманды.
Айырып төре бере алмас,
Адал менен арамды.
Сен сүйіп, қатын қылғанмен
Оның нағашы жұрты харам-ды, – дейді.
– Уа, Алдабегім, сенің не айтарың бар? – дейді енді Абылай екінші батырға бұрылып. Сонда Алдабек:
– Кішіпейілді, рақымды адамнан әкім қойсаң, халыққа кеңдігі, әділдігі көп болады. Тәкаппар, кесір адамнан әкім қойсаң, бір тажал сор болады, – дейді. Осыдан кейін Абылай Қасымды хан сайлатпай, батырларға ат мінгізіп, шапан жауып, Уәліні хан сайлатыпты.
Батыр бабамыз ақылгөй, дуалы ауыз шешен, ардақты адам болған. Философ ақын Машһүр Жүсіп Көпеев «Даналарға» деген өлеңінде:
Қазбек, Әйтекедей көсем өткен,
Алдабек, Айтбай, Майлы шешен өткен.
Жолы үлкен, жасы кіші Төле бидің,
Әйтеке, Қаздауысты Қазбектен.
Оларды бек сыйлаған үш жүз жалпы,
Дана деп бағалаған қазақ халқы.
Жақсыны құрметпенен қадірлеген,
Ежелден ел-жұртымның ата салты, – дейді. Ғұлама ақынның Айтбай батырды қазақтың үш данасы Төле би, Әйтеке би, Қаздауысты Қазбек билермен қатар атауы бабамыздың ерекше дарын иесі екендігін, халқының ардақты ұлы болғандығының айғағы. Бар ғұмырын қазақтың кең байтақ даласын қорғауға сарп еткен, халқына пана бола білген тұлға Айтбай батыр жайлы әңгімемізді осымен аяқтаймыз.
Қайсар ӘЛІМ,
жазушы,
ҚР Президенті сыйлығының лауреаты
Достарыңызбен бөлісу: |