Сізге деген құрметпен,
Мағауия ЖҮНІСҰЛЫ, соғыс және еңбек ардагері,
Қостанай қаласының құрметті азаматы.
Кәрбоз ЖАПАРОВ,
Қостанай бизнес және басқару институтының ректоры, профессор.
Аңсаған ХҰСАЙЫНҰЛЫ, қарт ұстаз.
Әкімбек ҚАБДЕНОВ,
Әулиекөл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Сәлім ҚАЙЫРОВ, облыстық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары, полковник.
Сәлім МЕҢДІБАЕВ, облыстық «Қостанай таңы» газеті Бас редакторының орынбасары.
Министрліктегі азаматтар, әсіресе, осы шаруа тапсырылған Шәрбану Бейсенова замандасымыз бұл іске ерекше мұқият қарады. Деректер мен дәйектерді пайымдай келе Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігіне арнайы қатынас жіберді. Облыс әкімінің орынбасары Дархан Мыңбай да мың болғыр жан екен, іле-шала былай дел жауап жолдады:
«Сіздердің Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі Алтынбек Сәрсенбаевтың атына жазған хаттарыңызға байланысты мынаны хабарлаймыз:
Түркістанның 1500 жылдық тойы қарсаңында Өтейұлы Бекбаулы батырдың есімін Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің тақтасына жазу жөніндегі мәселенің шешімін хабарлау Түркістан қаласының әкімі Өмірзақ Әметұлы мен осы тарихи мәдени мұражайдың директоры Рыскелдиев Темірханға арнайы тапсырылды».
Сол мұражай қызметкерлері де мәселені ұзын арқан, кең тұсауға салған жоқ. Қолымызға тиген хатта былай делініпті:
«Қостанай облысының бір топ ел ағаларының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрінің атына жазған хатын алып, мазмұнымен танысып шықтық. Ел ағаларының көтеріп отырған ұсыныстары орынды. «Әзірет Сұлтан» қорық музейінің Ғылыми-сараптама кеңесінің шешімі негізінде Өтейұлы Бекбаулы батырдың есімі кесенедегі тақтаға жазылатындығын хабарлаймыз.
Музей директоры Т.РЫСКЕЛДИЕВ».
Міне, қасиетті Түркістанның 1500 жылдық торқалы тойы қарсаңында тағы бір тарихи әділеттік осылайша орнықты.
Бекбаулы баба аруағы жар болсын, әлеумет!
Енді осы Бекбаулы бабамыздың өмір тарихы мен шыққан тегіне, айтулы істеріне кеңінен тоқталайық. Бұл ретте де «Қостанай таңында» жарияланған журналист інім Қабдылахат Сейдахметтің «Белгілі бекзат Бекбаулы» атты мақаласының ұзын-ырғасын келтіре кетейін:
«Біздің облысымыздың аумағында өмір сүріп, ұлтымыздың қасиетті ордасы – Түркістаннан топырақ бұйырған жерлестеріміз жайлы облыстық «Қостанай таңы» газетінде бірнеше мақала жарияланды. Ал біз бүгін әңгімемізге желі еткелі отырған Бекбаулы Өтейұлының тағдыры олардан өзгеше әрі қызғылықты.
XVI-XVIII ғасырларда қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы күрес жүргізгендігі ұлт тарихынан бәрімізге де белгілі. Сол кезеңде ел тізгінін қолына ұстаған Тәуекел, Есім, Тәуке хандар үш жүздің сүт бетіне ұйыған қаймағындай айтулы батыр-билерді Түркістанның, ел астанасының төңірегіне топтастырып, қоныстандырыпты. Ондағы мақсат та сайын сахарадан сарбаз жинап, сарпылтаңға түскеннен гөрі сарапталған әскерді жұдырықтай жұмылдырып, бір жерге жедел жинау болса керек. Кіші жүздің Жолымбет, Жиенбай, Орта жүздің Шақшақ (Жәнібек тарханның атасы), Ақша (Қанжығалы Бөгенбай батырдың әкесі) тәрізді қолбасшылармен қатар Бекбаулы би де сол қасиетті ел ордасы орналасқан оңтүстік өлкесінде ғұмыр кешіпті.
Бекбаулы Өтейұлы Арғыннан шыққан белгілі ру басы, әділ билердің бірі болған. Кезінде ерлігімен «Еңсегей бойлы Ер Есім» атанған Есім хан үш жүздің белінен болат қылышы түспеген жаужүрек жігіттерді Түркістанның төңірегіне жинаған сәтте Сарыарқаны жайлаған Бекбаулыға да таңдауы түсіп, туының түбіне шақырғандығы «Қоңыраулы найза бөктеріп, қоңыр салқын төске ұрған» заманның төл перзенті болғандығын аңғартса керек.
Бекбаулының байлығы туралы ел аузында аңыз-әңгімелер де көп сақталған. Ал ол негізсіз болмаса да керек. Қазір оңтүстіктегі Шыршық өзенінің бір өткелі «Бекбаулы өткелі» дел аталады екен. Өйткені, Бекбаулы бидің малы өзеннің осы тұсынан өткен шақта бір ауылдың көшінің шеті бірнеше күнге дейін созылатын көрінеді. Тәңірі жазған несібесі мол жаратылған би төңірегіндегі қараша халыққа тым қайырымды болыпты. Көктемде төлдеген малдың жас төлі жетіліп, ел жас сәбилерді жағалай сүндетке отырғыза бастағанда Бекбаулы малшы қоңсыларының мұсылманшылық ғұрыптан өткен бүлдіршіндеріне бір тайдан «сүндет ат» бөліп береді екен. Олар отау иесі он үшке толғанда бәрінің басын қосып «бәсіре тойын» жасап, батасын беруді дәстүрге айналдырған көрінеді. Әрине, оның бұл қылығы әлдекімдерге тосын көрінсе де, елінің болашағы жас ұландар тағдырын бидің өзгеден жоғары қойғандығы аңғарылып-ақ тұр емес пе?..
Бекбаулы ерегескен дұшпанына есесін жібермеген ерлердің бірі болса да, өз тұрғыластарына әділ билердің бірі ретінде танылған шоқтығы биік тарихи тұлғалы жандардың бірі. Осы арада көнекөз қариялардың көкірегінде атадан балаға мирас болып жатталып жеткен ол кісінің билік сөздерін келтіре кеткеніміз жөн болар.
Бірде жанына балаған жүйрігін сойып жеген ұрысын ұстаған сол өлкенің жаужүрек жігіттерінің бірі Бекбаулының алдына келіп, құныкерге кесім сұрайды. Сонда «жүйрік ат ерді сақтайды, ер жігіт елді сақтайды. Ал сен ерді қанатынан айырып қана қойған жоқсың, елді қорғар азаматынан да айыра жаздадың. Сондықтан кесімің ердің құнын төлеп, бітісесің. Егер ұрлықты қайталасаң қара есекке теріс мінгізіп елден аластап, өлім жазасына кесеміз» деп қатаң үкім шығарған Бекбаулы бидің сөзіне жиналғандар тегіс бас иген көрінеді. Тағы бірде барымтаға барған жерінде мерт болған жігітіне құн сұраған бір байға «Елдің берекесін бұзбақ болған басбұзарға құн жоқ. Жортуыл басы жолда қалар деген бабаларымыз. Ерлік жасап елін қорғаудың орнына, ездік жасап өз елін шибөрідей талайтын, қанжығасы кеппейтін ұры өзінің сыбағасын алыпты. Ол өзіндік үкімін өзі шығарды, өзі орындады. Бір дауда екі жарғы болмайды», – деген екен.
Бір бұл емес, бірнеше рет қатарынан талай даулы оқиғаларда тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтатын Бекбаулының өз қатарына сыйлы болуы заңды құбылыс.
Осылайша, Ер есім мен Салқам Жәңгірдің заманында билік айтып топқа түскен Бекбаулы желісіне Қыдыр атаның құты дарыған бай ғана емес, қара қылды қақ жарған әділ би де болғанға ұқсайды. Ал ол өмір сүрген кезеңде ел тізгінін ұстап топқа түскен би-бағлан бейбіт кезде төбе би-төреші болса, жау келгенде жасақ ертер қолбасы болатын еді. Бекбаулы да сол өзінің замандастарындай биліктің де, батырлықтың да тізгінін қатар ұстанған жан болыпты. Пешенесіне тәңірі жазған ғұмыры таусылып, дүниеден көшкен шақта бидің денесі сол өзі талай топ ішінде төрелік айтқан Түркістандағы Қожа Ахмет әулиенің кесенесінің іргесіне жерленеді.
«Адам баласының бұл фәнидегі тіршілігінен екі түрлі белгі қалмақшы» дейді бабаларымыз. Бірі – тірлікте жасаған жақсы істері, екіншісі – ұрпағы. Бекбаулы бидің жасаған игі істері туралы жоғарыда аз да болса айтып өттік қой, ал бұл кісінің кіндігінен тараған ұрпақ қазір бір емес бірнеше рулы ел болып отыр. Бекбаулы ұрпағы арғы бабаларының есімімен «Өтей» деп аталады. 18-ғасырда Торғай өңіріндегі Қызбел тауының бөктеріне қоныс аударған олар кейін де ата-баба үрдісімен жылжи көшіп бір шеті Меңдіқара ауданындағы Алакөл көліне дейін жеткен көрінеді.
Мұрағат деректеріне сүйенер болсақ, Бекбаулының әділ билік жолын мирас тұтқан Қазбек би, Құсайын болыс, Күшік, Төбет, Толтан бай тәрізді ұрпақтарының Орынбор губерниясының ішкі саяси-қоғамдық дамуында өзіндік іздері қалғанын байқауымызға болады. Мәселен, қазақ жерінің географиялық-экономикалық кестесін жасауға шыққан экспедицияның жетекшісі Щербина Бекбаулының ұрпағы Толтан ауылында болғанын айта келіп, оның зерек біліктілігіне таңырқағанын жасыра алмапты.
Сол Щербина экспедициясы деректерінде қазіргі Қызылорда жерінде бидің жайлаған жері айтылса, қазір ол жерде Бекбаулы есімімен аталатын темір жол бекеті де бар. Ал бидің ұрпақтарының есімімен аталған жер-су атауларын түгендеп шығу оңай іс емес.
Бекбаулы ұрпақтарының есімін еліміздің бергі тарихынан да жиі кездестіре аласыз. Кешегі Спандияр Көбеев, Таутан Арыстанбековтерді кім білмейді. Батырхан Шалғынбекұлы – (белгілі ақын Ғафу Қайырбековтің нағашысы) білікті ұстаз, атбегі болған еді. Балалары да ата жолын қуды: Аязбегі – Қостанай жылқы заводының директоры, айтулы мал маманы болса, Айбек, Әлия, Әсиялары ғылым жолына түсті.
Мұқатай Жүрмұқанбетов, Ерік Асанбаев, Нығметжан Есенғариндер республика көлемінде түрлі басшылық қызметтерді атқарған болса, ғылыми жолды таңдағандары да баршылық. Ағайынды Сәбит, Сайлау Байзақовтар мен Кәрбоз Жапаровтар халық шаруашылығының сан саласын зерттеген ғалымдар.
Түркістанның 1500 жылдық мерейтойының қарсаңында Бекбаулы ұрпақтары бабасының басына барып, рухына дұға бағыштап, зиярат жасап қайтты. Түркістандағы Қожа Ахмет кесенесіндегі ескерткіш-белгіге жазылған бабасы Бекбаулы бидің есімін оқығанда ұрпақтарының қуаныштарының шегі болмағаны түсінікті ғой.
Бұл сапарда Қостанай қаласының құрметті азаматы, зейнеткер Мағауия Жүнісұлы, ардақты ұстаз ақсақал Аңсаған Құсайынұлы, Әкімбек қажы Қабден ағаларының қасиетті орынға барып, тағзым етіп келуіне профессор Кәрбоз Жапаров демеушілік жасап, мұрындық болды.
Көне астанамыздағы мәңгі қоныс тапқан ардақты бабаларымыздың бірі – Бекбаулы Өтейұлы туралы бір үзік сыр осындай.
«Ел – еріменен көрікті» дейді дана халқымыз. Ендеше, сол бабаларымыздан бүгінгі ұрпағына жалғасқан отансүйгіш, ер көңіл қасиеттің асыл тамыры үзілмей мәңгі жалғаса бергей...
***
2000 жылдың күзінде Түркістанда тыныстаған бабаларымыздың бірі Бекбаулы Өтейұлының бүгінгі ұрпақтары сол қасиетті қалада, Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне жерленген арыстарымызды еске алып, ас берді. Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің асханасына Беубаулы баба ұрпақтарымен бірге Шақшақ Жәнібек, Қарабалуан Алдиярұлы, Мешітбай Сүгірұлы, Мерген Бабасұлы, Әлібек Құдайбердіұлы сияқты елі мен жерінің тәуелсіздігі үшін жанын пида еткен арыстардың ұрпақтары, ел ақсақалдары, жұртшылық өкілдері жиналды.
Ұйымдастырушылар атынан сөз алған Қостанай қаласының құрметті азаматы Мағауия Жүнісұлы аты аңызға айналған белгілі бекзат Бекбаулы баба туралы айта келіп, Қожа Ахмет Иасауи кесенесінде жерленген басқа да батырлар мен билер хақында ұлағатты пікір өрбітті. Осы асты ұйымдастырып, оны өткізуді өз мойнына алған профессор Кәрбоз Жапаров сол асылдардың бүгінгі ұрпақтарының көш басшылары Әбілжан Нұрмағамбетов, Алмат Кемелов, Ғаббас Нарғожин, Ноғайхан Жүнісханұлы, Масхұт Шалабаев, Қазбек Әлжапаров, Мешітбай Сүгірұлының ұрпағы Қамза ақсақалға, Мерген Бабасұлының жекжаты Серік інімізге, белгілі дін өкілдері Ғазиз қажы Әмірхановқа, Ертай қажы Ислямұлына қазақы дәстүрмен иықтарына шапан жапты. Ac үстінде бабаларына арнап өлең оқыған белгілі ақындар Жолбарыс Баязид пен Серікбай Оспанов та осындай құрмет-ықыласқа ие болды.
Асқа қатысушылар алдында Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ректоры, академик Зұлқарнай Алдамжар өнегелі сөз сөйледі. Ол мұндай шараның жастар тәрбиесіне, ұрпақтар сабақтастығына тигізер оң ықпалын айта келіп, алдағы уақытта сол арыстарымыздың есімін мәңгі есте қалдыру үшін олардың атына көше беру, сол көшелерге ескерткіштерін орнату жөнінен жұртшылық көңілінен шыққан ұсыныс айтты.
Белгілі өлкетанушы Масғұт Шалабаев Қостанайдағы Ақ мешітке Түркістанда мәңгілік тыныстаған бабалар есімін жазып қою жөніндегі өз ойын жеткізді.
Сөз алған басқа да ардагерлер осынау асты ұйымдастыруға мұрындық болып, қаржылай көмек көрсеткен профессор Кәрбоз Жапаровтың, асылдарымызды кеңінен насихаттап, оларды халқына қайта таныстырып, насихаттаудағы журналистердің, соның ішінде облыстық «Қостанай таңы» газеті ұжымының еңбегіне ерекше баға берді.
Қостанай заң институтының оқытушысы, майор Тойлыбаев Бекайдар Бекбаулы баба есімін бала жастан жаттап өскенін айта келіп, таяуда институтта Түркістан қаласының 1500 жылдығына арналып өтетін республикалық спорт жарысының жүлдегеріне Бекбаулы баба атындағы жүлде тағайындау жөнінде жарасымды ұсыныс айтты.
Түркістанда тыныстаған бабалар аруағына құран бағышталды. Ғазиз қажы Әмірханов, Асылхан Мүсәпіров сияқты ақсақалдар кейінгі ұрпақтарына өздерінің ақ батасын берді.
Аңсаған ХҰСАЙЫНҰЛЫ
Терең тамыр
Ұрпақтар сабақтастығы... Осынау бір сөздің аясында қаншама терең мағына жатыр десеңізші. Атадан балаға мирас мінез бен қалып, тәлім мен тәрбиенің ұштасуы, мәңгі жалғасы ғой ол. Жақында Қостанай облысындағы Меңдіқара өңіріндегі Ақсуат ауылында бір өнеге мен тәрбие сабағындай ерекше той өтті. Осы өлкені қоныстанған халық өз бабаларының ата-мекенге шаңырақ көтеріп, ірге тепкеніне 350 жыл толуын сәні мен салтанатын келістіре атап өтті. Осылайша Өтей руының Бекбаулы тармағына жататын ұрпақтары бабалар рухына ас беріп, дұға бағыштады, еске алды. Бекбаулы Өтей баласы кезінде өз тұрғыластарына сыйлы, еліне қадірлі адам болыпты. Орта жүздің түменбасы батыры болған өзінің замандасы Шақшақ батырмен бірге Бекбаулы да қазақ жерінің Оңтүстік өлкесін мекен етіпті. Бұл кезде Тәуке хан ордасы болған Түркістан төңірегінде Орта жүз батырларының да жайлағаны тарихи деректерден белгілі. Шақшақ пен Бекбаулы да осы ел қорғаны ерлердің қатарында болыпты. Бекбаулы Оңтүстік өлкедегі Шыршық өзенінің бойын ұзақ жылдар жайласа керек. Тіпті, осы өзеннің бір өткелі әлі күнге дейін Бекбаулының есімімен аталады. Бекбаулы бабамыз дәулетті, сөзіне ел тоқтаған дуалы кісі болған. Ол кісі туралы ел аузында сақталған аңыз-әңгімелер өте көп. Бекбаулының көкалалы көп жылқысы Шыршықтан су ішіп шыққанда, өзен суы бір сәтке күрт азайып, ат тізесінен ғана келіп қалады екен. Сондай-ақ ол кісінің қой-ешкісі де көп болған. Бекбаулының серкелері суға құлағанда шетіне көз жетпейді екен. Ертеде Бекбаулының дәулетін қызғанған жаулары ол елінде жоқ кезде малын тонап алуды көздейді. Иесіз малға келген олар қаптап келе жатқан көк найзалы әскерді көріп, кері қашуға мәжбүр болады. Сөйтсе, найза дегендері ешкінің алыстан күн көзіне шағылысқан мүйіздерін аруақтың өзгеше елестетуі болса керек.
Бекбаулы – өзбектің Самарқанд, Ташкент базарларына жүздеп мал сатуға шығарып, сауда кәсібімен де айналысқан. Керуенімен жеткізілген мата, азықты тек өзі тұтынып қана қоймай, өз төңірегіндегі ағайын-туғандарына да тегіс бөліп беріп отырады екен. Оның мырзалығы елге аңыз болған. Бірде Самарқанд базарына барған Бекбаулы жағалай сауда жасап келе жатып, сөредегі аса қымбат матаға көзі түседі. Оның ниетін аңғарған саудагер «Бұл қазақ алатын дүние емес, бұны тек хандар ғана киеді» деп кемсіте жауап береді. Топас саудагердің елді кемсітпек болған ісіне ерегескен Бекбаулы жаңағы матаның бір тегін түгел сатып алады. Матаны алып атына мінген Бекбаулыны көргенде саудагер өкініштен өртеніп кете жаздапты. Еліне келген соң қадірлі қария ауылдастарына тегіс қымбат матадан киім кигізген. Бекбаулы өз еліне егін егіп, диқаншылық құруды да үйретіп, осы іске өзі басшы болыпты. Кезінде Бекбаулы бабамыз қаздырған шығыр, су егісті халқымыз «ақтабан шұбырындыға» дейін пайдаланып келіпті. Бекбаулы Самарқанд, Бұхара қалаларынан арнайы білімді адамдарды алдырып, ауыл балаларын оқытуды жүйелі жолға қойыпты. Сондай-ақ, өз ауылының білімді балаларын да сол қалаларға оқып, білім алуға жіберіп отырыпты. Бекбаулыдан тараған Сатай, Шақа, Жанбай, Тілеулі балаларынан шыққан белгілі ғалымдар мен айтулы билердің көп болуына бұл жағдай да игі әсер жасаған болса керек. Бекбаулы Түркістандағы Әз Тәуке ханның ордасына жиі ат ізін салып, ел іргесін қорғауға жорыққа шығатын қарулы қазақ әскеріне ат-көлік пен азық-түлік әзірлеп беруге де үнемі басшылық жасап отырған. Өзінің замандас ағайыны Шақшақ батыр басқарған Орта жүздің екі түмен әскерімен бірге талай қанды жорықтың сәтті аяқталуына мұрындық болған. Бекбаулының есімі қазіргі ұрпаққа да жақсы таныс. Данагөй бабамыз өзінің балаларына да баға беріп, сын таққан екен. «Сатайым ақпан-қаңтардың үскірік желінде жүзін бір бұрмайды, түбі батырлық қонар, Шақа болса көпшілік жиналған жерге үйір, қашан көрсем топтың ортасында отырады, бұдан тарайтын ұрпағым да көп болар. Ал Жанбайдың аузынан шыққан әр сөзі қасындағы жұртты үйіріп алып кетеді, түбі бұған аруақ қонып, ырыс енер» деп болжам жасаған екен дейді. Мінекей, қазір біз бәріміз де осы қасиетті баба өсиетінің шындыққа айналғанының куәсі болып отырмыз. Бекбаулы бабамыздың ұрпақтарының ішінен алты алашқа есімдері аңыз болған жандар аз шықпаған. Жанбайдың баласы Дәнен деген кісі еліне сыйлы, аруақты жан болыпты. Түрлі ауру-сырқауға ұшырап, тәңірден ұрпақ беруді тілеген кемтар жандар Дәненнің қабірінің басына түнеп, жәрдем сұрайды. Жанкелдин ауданының Торғай қаласына таяу жердегі үлкен қара қырдың басындағы қасиетті баба қорымы күні бүгінге дейін халық қастерлейтін аруақты жердің бірі болып саналады. Бұл жер әлі күнге дейін «Дөнен төбесі» деп аталады. Жанбайдың ұрпақтары да осы ауданның Қызбел тауының төңірегінен бастап Науырзым, Әулиекөл маңайына да қоныс тепкен. Жалпы, Өтей балаларының төңкеріске дейінгі қоныс орны жайлы Қазақ Кеңес энциклопедиясында егжей-тегжейлі түсінік берілген. Осы ғылыми еңбектің 9 томының 76-бетінде «Өтей – Орта жүздің Арғын тайпасының Мейрамынан тараған ата. Өтейден Сауытбай, Сақау, Толтан ұрпақтары бар. Өтейдің ұрпақтары Октябрь революциясына дейін Көкшетау, Омбы, Қызылжар, Қостанай, Торғай, Ақмола уездерін мекендеген» деп жазылғаны бәрімізге де белгілі. Сондай-ақ, осы ғылыми еңбекте Бекбаулы ата туралы, оның есімімен аталатын темір жол бекеті туралы деректерді де кездестіруге болады. Бұның өзі қасиетті баба есімінің ұрпақтар есінде мәңгі сақталып қалғанын білдірсе керек.
Бекбаулы бабамыз қаза жетіп дүниеден өткен шақта ұрпақтары ол кісіні Түркістандағы Қожа Ахмет әулиенің кесенесінің іргесіне жерлепті. Бұған сол кезден келіп жеткен аңыз-әңгімелер, баба ұрпақтарының қолындағы шежіре деректер негіз бола алады. «Бекбаулыны жоқтау» деп аталатын жыр күні бүгінге дейін ел аузында айты лып жүр. Сол жырдағы:
Алты Алаш жиналған,
Жан бабаның асына,
Қайран атам қойылған
Ахмет әулиенің қасына, – деген жолдары Бекбаулы атаның Түркістанға қойылғанын дәлелдеп бергендей. Бекбаулының асы Қызылорда облысы жеріндегі өзі аттас темір жол бекетінің жанында өтіпті, – деген де аңыз бар. Бұл жер жайлы Қазақ Кеңес энциклопедиясының 2-кітабынан оқуға болады. Қазір Бекбаулы ұрпағынан шыққан мемлекет қайраткері, белгіл ғалымдар да өте көп. Әйгілі педагог-жазушы Спандияр Көбеев, Қазақстан мемлекетінің бірінші вице-президенті Е.Асанбаев, вице-премьер болған Н.Есенғарин, ұзақ жылдар Шымкент облысында облыстық партия ұйымын басқарған Мұқатай Жұрмұханбетов және басқа асыл азаматтар да осы Бекбаулы атаның ұрпақтарына жатады. Бұл әулеттен шыққан ғалымдар да жетерлік. Ағайынды Сайлау, Сәбит Байзақовтар, ҚазМУ-дың ұзақ жылдар бойы ректоры болған Аскар Закарин, Қостанай бизнес пен басқару институтының ректоры Кәрбоз Жапаровтардың есімдері де көпшілікке жақсы таныс. Менің өзім де 50 жылдай ұстаз болып, бала тәрбиеледім. Алдымнан білім алған шәкірттерімнің алды академик болды, облыс, мемлекет басқару ісіне араласты. Өзімнің де оншақты балам, немере-шөберелерім баршылық.
Ал Түркістандағы Қожа Ахмет әулиенің кесенесінің қасындағы Бекбаулы атамыздың зираты оның белінен тараған ұрпағы үшін қасиетті орын. Еліміз тыныш, береке-бірлікте болсын. Жастар – болашағымыздың негізі ғой, Алла соларға денсаулық, бірлік берсін деп тілеймін. Елбасы Н.Ә.Назарбаев биылғы жыл ұрпақ сабақтастығы деді ғой, сол сабақтастық мәңгі жалғаса берсін. Бабаларымыздың асыл тамыры үзілмесін, Бекбаулы баба рухы ұрпақтарын жебей жүрсін.
Сәлім МЕҢДІБАЙ
Қанжығалы Әлібек батыр
Бірде редакцияға Сарыкөл ауданы бір топ ақсақалдарынан хат келді. Онда былай делінген:
«Біздер, Сарыкөл ауданы (бұрынғы Қанжығалы болысы), негізінен Ленинград, Қоскөл, Ырыстытомар ауылдарының ақсақалдары, қасиетті Түркістан қаласының 1500 жылдық мерекесіне орай ойымызда жүрген мына бір мәселеге көңіл аударылса деп ойлаймыз.
Бүкіл түркі тілдес халықтардың екінші Меккесіне айналған атақты Қожа Ахмет Иасауидің кесенесіне біздің атамыз, өзі би, өзі батыр Қанжығалы Әлібек жерленген екен.
Әлібек атамыздың біздер сегізінші-тоғызыншы ұрпағымыз, содан есептегенде, ол кісі шамамен 17 ғасырдың аяғында туып, 18 ғасырдың аяғында дүниеден өткен (туған жылы және қайтқан жылы белгісіз). Біздің бабаларымыздың айтуынша, 105 жасқа келіп дүниеден өткен, денесін былғарыға тігіп, өзінің үлкен ұлы Есберді (ол да батыр болған) жолдастарымен Түркістандағы Ахмет Иасауидің кесенесінің жанына жерлеген. Әлібек батыр қазақтың басқа да батырларымен тізе қосып, әйгілі Шақшақ Жәнібекпен бірге жоңғарларға қарсы жорыққа аттанып, елі мен жерінің тәуелсіздігін қорғаған. Абылай ханның әйгілі батырларының бірі болған.
Әлібек бабамыздың үш әйелінен 9 ұл туған, тоғызы да түрлі жорықтарға қатысып, батырлық, ерлік көрсеткен. Әлібектің Алдоңғар атты ұлы жорықтарда жолы болып жүргендіктен кейін ол кісіні Жолды деп атап кеткен, біздер сол Жолдының ұрпақтарымыз, қалған балаларынан да, шүкіршілік, ұрпақ бар. Сол ұрпақтар Ленинград, Ырыстытомар, Қоскөл ауылдарында, Сарыкөлде, Қостанайда, Астанада, Солтүстік Қазақстан облысында, т.б. жерлерде тұрып жатыр.
Әлібек бабамыз Қанжығалының Құдайберді баласынан туған жалғыз болыпты.
Әлібек бабамыз туралы ел аузында жүрген көптеген мәліметтер бар, бірақ ол кісі туралы зерттеу жүргізілмеген, сол себептен оның өмірінің кейбір тұстары көпшілікке беймәлім.
Біздер, сол атақты бабамыздың ұрпақтары, Әлібек батыр тарихтан өзіне тиісті орнын алса, Түркістан қаласының мерейтойына байланысты Қожа Ахмет Иасауидің кесенесіне оның аты жазылса дейміз. Онда «Өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді» деп, құдайдан тілегеніміз қабыл болды деп қуанар едік.
Осындай игі мақсатпен мына ақсақалдар бүкіл сол бабамыздан тараған ұрпақтар атынан қол қояды:
Әбіш Қалақов, Тәпет Кемпіров, Аңдағұл Иманов, Кәмеш Түркәмәнов, Әбітжан Жазықбаев, Сабыржан Шопағұлов, Өтіш Шәймерденов, Сәлім Шалапов, Сейтен Дәненов, Рашид Дөненбаев, Бердәлі Бидалин, Қашмолда Байгисенов, Сайым Шопағұлов, Төлеген Шоланов, Камали Жұмабаев, Қабдеш Дәненов».
Хат осылай дейді. Сол шежіре қарттардың айтуынша, Әлібек туралы ел ішінде талай аңыз тараған. Енді солардың кейбіреуін баяндайық.
Бірінші аңыз
Әлібектің туған нағашысы Ұлы жүз үйсін Төле би екен. Әлібек ер жетіп, оң-солын таныған тұста елдегі дау-дамайды шешудегі игі жақсылардың ісіне түңіліп, нағашысына кетеді. Мұнда келісімен өзі батыр, өзі сал өнерлі жігіт бірден ел аузына ілігеді. Мұны сезген Төле би үміт күтер жиенін көз тиіп, бір пәлеге ұрынбай тұрғанында еліне қайтаруға бекінеді. Әлібекті шақырып алып:
– Қарағым, ер туған жеріне, ит тойған жеріне деген, еліңе өкпелеп, сүйекке таңба салма. Біреуден тосын сөз естіп, сағың сынар, ондай сөз нағашың маған да жеңіл соқпас. Ашуың басылған шығар. Қасыңа Аткелтір ініңді ертіп ал. Ол да батыр жігіт. Екеуің қатар жүргенде ешкім батып сөз айтпас, құдай алдында сұрауы жоқ, сенің жанашыр туысың болсын. Есік алдында байлаулы тұрған қос сәйгүлік сендердікі.
Еліңе бар, қарағым, нағашы жұртта болдым деп,
Сәйгүлік мініп, ел кезіп, жобасыз жүрген елде көп.
Туған ініңнен кем болмас Аткелтірің жаныңда,
Есіңе алып жүрерсің нағашы атам берді деп.
Тынысың болар нағашы інің көбейіп,
Ағасы болып жүрерсің көріп сүйініп,
Тең жүргенде екеуің сескенер көрген алашың,
Жақсы атақпен өтерсің бағалы болып өмірің, – деп батасын береді.
Екінші аңыз
Әлібек ерекше сауыққой, домбырашы, әнші екен. Қай жерде ойын-сауық болса, Әлібек те содан табылған. Үйде болуынан түзде жүруі көп болса керек. Бір күні әкесі Құдайберді баласын шақырып алып, былай дейді:
– Қарағым, сен, естуімше, әуейі болып барасың. Жақсы болып, атағыңды шығарғың келсе, игі жақсылармен серік бол, жақсы өнегесімен атағы шыққан екі ағаң бар. Қаздауысты Қазбек пен Шақшақұлы Жәнібекті тауып алып, соңына ер. Содан кейін бұл күндері жасы жетіп, қартайған Есет батырға барып, сәлем бер, ақыл-кеңесін тыңда, – дейді.
Ол кезде әке сөзі заң. Әлібек те Қазбек пен Жәнібекті тауып алып, соларға серік болады. Ел намысын бірге қорғайды. Кейін әкесінің сөзі еске түсіп, үшеуі Есет батырға сәлем беруге барады.
Ордаға келіп, Есет батырдың отырған үйіне кірмек болады. Салт бойынша жасы жағынан үлкені Қаздауысты Қазбек есік ашады да қайта жаба қояды. Сосын Жәнібекке «сен кір» дегендей ишара жасайды. Жәнібек те есікгі ашады да қайта жабады. Енді екеуі Әлібекке жол нұсқайды. Әлібек ішке еніп, төрде отырған Есет батырға сәлем береді. Екі ағасы төрге жайғасқан соң өзі төменірек келіп отырады.
Есет батырдың қабағы екі көзін жауып, түсі сұсты көрсетеді екен. Ол қолымен қабағын көтеріп, қонақтарына зер салып, аты-жөндеріне қанығып, сөз бастайды:
– Әлібек, сенің бұрын кіріп, сәлем беріп, төмен отырғаныңа қайранмын, – дейді.
Әлібек:
– Атажан, қадірсіз болып бұрын кірдім, кіші болып төмен отырдым, – дейді.
Сонда Есет батыр:
– Менің аруағым Қара қабан еді, әр уақыт өзіммен бірге еді, Қазыбектің аруағы Қара тазы екен батып кіре алмады. Жәнібектің аруағы Қызыл түлкі екен, ол да бата алмады. Ал, Әлібек, сенің аруағың Қара бүркіт екен. Бүркіттен сескеніп менің аруағым шығып кетті, өзім болсам кәрілік жеңіп, төсек қармалап қалдым. Әлібек, қарағым, бақытың жанып келе жатқан азамат екенсің, Алла болсын сүйенішің, – деп батасын берген екен.
Үшінші аңыз
Әйгілі үш бек – Қаздауысты Қазбек, Шақшақ Жәнібек, Қанжығалы Әлібек жұбын жазбай бір жүреді. Бір күні ел аралап келе жатқанда, оларға бір қария кездеседі. Қария да осал жан болмаса керек, әйгілі билерге мынадай сұрақ қояды:
– Уа, Жәнібек, ауыл берекесі қайтсе кетеді?
Жәнібек:
Ауыл ақсақалы шала болса,
Жігіттері алты ауыз ала болса,
«Ә» десе «мә» дейтін
Жасы үлкенін кішісі
Сыйламайтын көңілі қара болса,
Сол ауылдың берекесі кетеді, – дейді.
– Уа, Қазбек, үй берекесі қайтсе кетеді?
Қазбек:
Әйелі қабағын түйіп жүрсе,
Шәй қойып беруге ерінсе,
Ұлы ұрысқа сай болса,
Қызы сумақай болса,
Сол үйдің берекесі кетеді, – дейді.
– Уа, Әлібек, не жақсы?
Әлібек:
Атың жақсы жолса,
Тіршілікте мінген пырағың.
Балаң жақсы болса,
Жанып тұрған шырағың.
Әйелің жақсы болса,
Досың маңыңа жиналып
Рахаттанар қонағың, – деген екен.
Содан Әлібек сол қарияның өзіне сөз арнап:
– Бұл дүниеде не жаман, қария? – дейді.
Қария:
Атың шабан болса,
Тіршілікте көрген азабың.
Балаң жаман болса,
Ғұмырлық көрген тозағың.
Әйелің жаман болса,
Досың сенен безініп,
Үйіңнен кетер қонағың, – деген екен.
Қария билер берген жауапқа риза болып, батасын береді, билер қарияның жауабына риза болып, ат мінгізіп, шапан жапқан екен.
* * *
Осы мақала облыстық «Қостанай таңы» газетінің 2000 жылғы 26 мамыр күнгі санында жарияланған болатын.
Газетте мақала жарияланысымен Қанжығалы әулетінен шыққан бір топ азаматтар атынан тиісті орындарға арнайы хат жазылды. Әлібек батыр туралы мәліметтер Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі Алтынбек Сәрсенбаев мырзаға, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысы Әкімінің орынбасары Дархан Мыңбай мырзаға жолданды. Бұл жөнінде Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Темірхан Рыскелдиев мырза да хабардар етілді.
Обалы не керек, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Темірхан Рыскелдиев мырзадан іле-шала жауап келді. Онда «Қостанай таңы» газетінде жарияланған «Аңызға айналған Әлібек батыр» атты мақаланы оқып, танысқандығы, бірақ Әлібек бабаның Қожа Ахмет Иасауи кесенесінде жерленгендігі жөнінде өздерінде мәлімет сақталмағандығын, әлі де оны дәлелдейтін тарихи құжаттар сұрады.
Бұл арада айта кететін бір жай, аталмыш мақаланы жазу барысында біздің Әлібек батырдың Түркістанда жерленгеніне көзіміз әбден жеткен еді. Сарыкөл өңірінің бір топ ақсақалдары редакцияға жазған хатында елуінші жылдардың басында Түркістанда болғанда «Қанжығалы Әлібек батыр» деп арабша жазылған тас белгіні өз көздерімен көргендерін айтқан болатын. Сол тасты өз көзімен көріп, баба басына құран оқып қайтқан ақсақалдардың бірі, жасы жүзден асқан шежіре қарт Жанұзақ Тоқпаев, құдайға шүкір, әлі де қуатты. Енді сол атамыздың Темірханға кейінірек жазған хатын толық келтірейік.
«Әзірет Сұлтан»
мемлекеттік тарихи-мәдени қорық
музейінің директоры
Темірхан Рыскелдиев мырзаға
Айналайын Темірхан!
Мен Қостанай облысы Сарыкөл ауданының Севастополь мекенінде тұратын соғыс және еңбек ардагері, қазіргі Қанжығалы руының ең қарт азаматымын.
Жасым 103-те, осыдан үш жыл бұрын облыс, аудан жүртшылығы 100-ге келгенімді атап өтті, биылғы 55 жылдық Жеңіс күні мерекесінде облыс Әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қабылдауында болып, қолынан сыйлық та алдым.
Айтайын дегенім, 50-ші жылдардың басында мен, Иманов Тілеміс және Шопағұлов Әбілмәжін Ахмет Иасауи кесенесіне зиярат етуге бардық. Бірнеше күн басында болдық. Сонда «Қанжығалы Әлібек батыр» деп арабша жазылған тас бар екен басында.
Енді сол тас жоқ, Жәке, деп маған ел азаматтары келіп айтты. Мен оған өте ренжіп отырмын. Өз көзіммен көргем, қайда кетіпті десем, айтатындары жөндеуден кейін жоқ болған дейді.
Менімен болған екі ақсақал бұл дүниеден өтті, ал мен Алланың берген қуатының арқасында жақсымын, әлі де 5 уақыт намазымды оқып, соңғы 40 жыл ішінде осы өңірдің молдасымын.
Сіздерден өтінемін, ел атынан, тарихи ақиқатты орнына келтірулеріңізді сұраймын.
Іске сәт,
соғыс және еңбек ардагері
Жанұзақ.
31 тамыз, 2000 жыл».
Жанұзақ атаның хатымен бірге ел ақсақалдары атынан Қостанай қаласының тұрғыны Төлеген Шоланов та хат жазып және оған қосып Әлібек батырға қатысты 1989 жылы Алматыда «Жазушы» баспасынан шыққан «Ел аузынан» атты кітаптан (құрастырушылар Балтабай Адамбаев, Төлеухан Жарқынбекова) аңыздың бірін жолдады. (Ол аңыздың ұзын-ырғасы «Қостанай таңында» жарияланған мақалада келтірілген болатын. С.М.).
Енді Төлеген Шолановтың сол хатын келтірейік:
«Әзірет Сұлтан»
мемлекеттік тарихи-мәдени қорық
музейінің директоры
Темірхан Рыскелдиев мырзаға
Менің Әлібек батыр бабамыз туралы жазған хатыма жауап бергеніңіз үшін шын ризашылық сезімімді өзіңізге жеткізе отырып, мынадай ой-пікірімді айтып, қайыра хат жазуды жөн деп санаймын. Өзіңізге жақсы мәлім, қазақтың тарихы – оның тілінде, фольклорында, ауызекі әңгімесінде, қисса-жырларында. 1950 жылдардың басында қостанайлық ел ақсақалдары Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне зиярат етіп қайтуға барғандарында онда Қанжығалы Әлібек батырдың қабірі басында бабамыздың аты-жөні арабша жазылған ескерткіш тастың барлығын айтып келген екен. Біздер кейінгі жылдарға дейін сол белгі орнында тұр ғой деп мәз болып жүргенбіз. Белгінің жоқтығын Қостанайдан былтыр (1999 ж.) жазда Түркістанға барған делегация мүшелері айтып келді. Олардың пікірінше, көптеген тарихи белгілер реставрация кезінде ізсіз жоғалып кеткен.
Сізге Әлібек батыр бабамыз туралы әңгімені кітаптан тауып алып, салып жібердім. Ол дерек те көп ізденістен кейін ғана белгілі болды. Дегенмен халық арасына кең тараған кітап сөзі ғой.
Біздің мақсат – бәсекелестік емес, атақ-даңқ қуу емес, тарихи шындықты қалпына келтіру, атақты аталарымыздың қасиетті есімдерін кейінгі ұрпақ жадында қалдыру. Түркістан үшін, қасиетті қазақ даласының бүтіндігі үшін қасық қандары қалғанша жаумен жағаласып еліміздің болашағын қорғап қалған батыр бабаларымыздың аты-жөндері киелі Қожа Ахмет Иасауи бабамыздың кесенесінен лайықты орындарын алып жатса, Сіздер мен біздер үшін аруақтар алдында атқарған аса бір ғанибетті іс болар еді. Сондықтан, құрметті Темеке, біздер әлі де күдерімізді үзбейміз. Ұлы Түркістанның 1500 жылдық мерекесі қарсаңында Сіздерден жылы жауап күтеміз.
Бұл пікірімді ел азаматтарымен қатар облыс басшылары да құптап отыр.
Зор құрметпен,
ел ақсақалдары атынан
Т.Шоланов.
25 шілде, 2000 жыл».
Түркістаннан іле-шала қуанышты хабар келді. Онда былай делінген:
«Қазақстан Республикасының
Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім
министрі А.Сәрсенбаев мырзаға
көшірмесі: Т.Ж.Шоланов мырзаға
Қостанай облысы Сарыкөл, Қоскөл, Ырыстытомар, т.б, ауылдарының бір топ ардагерлерінің Қанжығалы Әлібек батыр Құдайбердіұлының есімін Қожа Ахмет Иасауи кесенесіндегі тақтаға жазу туралы өтініш хаты «Әзірет Сұлтан» қорық музейінің ғылыми-сараптама кеңесінде арнайы қаралды.
Ардагерлердің тілегі орындалып, Әлібек батыр бабамыздың есімі кесенедегі тақтаға жазылды. Өтініш иелеріне жауап берілді.
Музей директоры Т.Рыскелдиев».
Сөйтіп, кезінде «Қостанай таңы» газеті көтерген мәселе осылайша өзінің оң шешімін тапты, тарихи әділеттік қалпына келтірілді.
* * *
Иә, рухани астана, бүкіл түркі жұртының қасиетті мекені – ежелгі Түркістанның 1500 жылдық торқалы тойы да артта қалды. Той елдігімізді танытты, рухымызды көтерді, тарихқа сүңгітті.
Түркістан тойының ежелгі Торғай елінде жалғасқанын да жұртшылық біледі. Енді есімдері осы кезге дейін беймәлім болып келген Бекбаулы би Өтейұлы мен Әлібек батыр Құдайбердіұлы сияқты арыстарымызды халқына жете таныстыру, олардың өмірін, даңқты істерін кейінгі ұрпаққа өнеге ету жолындағы шаралар қолға алына бастады.
Сарыкөл ауданының әкімі Марс Молдағалиұлы Итпаев аудан ақсақалдарының бір тобын қабылдап, осы өңірде туып-өскен, ел қорғаны болған, Түркістанда мәңгілік тыныстаған Қанжығалы Әлібек Құдайбердіұлы туралы әңгіме қозғады. Әлібек батыр ұрпақтарының өздерінің даңқты бабаларын еске алып, ас беру ниетін қолдады. Бұл ретте аудан әкімшілігі осынау игі шараға өзі мұрындық болатынын, қаржылай да, ұйымдастыру жағынан да қолдау көрсететінін мәлімдеді.
Аудан басшысының мұндай түсінікті көзқарасына риза болған ақсақалдардың бірі – Рәшид Дөненбаев табан астында жыр шумақтарын төгіпті. Ел ағасы ел тұтқасын ұстаған інісіне деген жүрекжарды пейілін былайша білдіріпті:
Айналдым біліміңнен ел ағасы,
Жасың кіші жақсының бел баласы.
Алдыңа ақсақалдар келгенінде,
Аузыңнан шыққан лебіз сөз данасы.
Ел риза, таза жүрек сөзіңізге,
Көріндің жанашыр боп көзімізге.
Дағдарып барып едік ақыл сұрай,
Қолтықтап демеу болдың өзімізге.
Сенеміз енді Сізге нұрлы күндей,
Жақсы адам қате кетпес, жөнді білмей.
Сыйлаған ата жолын азаматтар,
Қошамет көрсетеді туған елдей.
Бақыт құсы қолыңнан қозғалмасын,
Жарысқан сені басып, оза алмасын.
Ойлаған елдің қамын, ғұмырлы бол,
Сыйлаған жерің таза ел ағасын.
Әрине, біз бұл арада ақсақалдың жыр жолдарына биік талғам тұрғысынан қарап отырғанымыз жоқ, әңгіме – оның шын көңіл-пейілінде, Марс Молдағалиұлы сияқты тізгін ұстаған інілерінің көшелілігінде, аруақты сыйлай білген абзал азамат екендігінде.
Осындай ақсақалдары мен сөз ұғар, жөн білер басшылары барда ел көші де түзу болмақ.
Аруақ қолдасын, ағайын!
Сағындық ДОСМАҒАМБЕТОВ
Достарыңызбен бөлісу: |