Халқымыздың тамыры тереңге кеткен, тарихымен бірге жалғасып келе жатқан рухани байлықтарының бірі – отбасы құндылықтары. Отбасы құндылығы қай кезеңде де, қай мемлекетте де саясаттың ең маңызды бөлігі болған.
Отбасы – кез келген мемлекеттің тірегі. Бұл – адам баласы үшін қастерлі ұғым. Елге, жерге деген сүйіспеншілік, барлық асыл қасиеттер отбасынан басталады.
Тәуелсіздік жылдарында отбасы құндылықтарын нығайту бағытында көптеген шаралар атқарылды. Бәсекеге қабілетті ұлт, бақытты отбасы, саналы да білімді ұрпақ қалыптастыруға бағытталған сындарлы саясаттың нәтижесінде ана мен баланы қолдау бойынша бағдарламалық құжаттар, гендерлік теңдікті сақтау стратегиясы қабылданып, мемлекеттік деңгейдегі отбасылық саясатта тұтастай жүйе қалыптасты. Басқасын айтпағанда, көп балалы отбасыларды әлеуметтік қорғау бағытындағы мемлекеттік жәрдемақы түрлерінің әр жыл сайын артып келе жатқанын аңғару қиын емес.
Бұл мақсаттарға тек 2021 жылғы республикалық бюджеттен 193,7 млрд. теңге қаржы қарастырылған және ол жыл сайын кемінде 15 пайызға артып отыр.
Көп балалы отбасыларын насихаттау, оларға қолдау көрсету облысымызда ерекше қолға алынған. Бала туу көрсеткіші бойынша республикамыз 2-орында тұр. Облыстағы 44 мыңнан астам көпбалалы ананың 27 мыңдайы - Батыр Ана.
«Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен» алтын құрсақты аналарымыздың 14 мыңға жуығы - «Алтын алқа»,13 мыңдайы «Күміс алқа» иегері.
Осындай отбасыларын таныту, отбасы құндылығын насихаттау – жастарға үлгі, өнеге берудің үздік үлгісі. 2014 жылдан бері дәстүрлі ұйымдастырылып жүрген «Мерейлі отбасы» байқауы да осы мақсатты көздейді.
Отбасы құндылығын дәріптеудің ұлттың демографиялық өсіміне де оң әсері бар.
(214 сөз)