Отбасы туралы жалпы түсінік және оның пайда болу тарихы



бет10/23
Дата20.03.2022
өлшемі141,13 Kb.
#136468
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   23
Байланысты:
ОТБАСЫНДАҒЫ ҚАРЫМ – ҚАТЫНАС ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТІНІҢ ҒЫЛЫМИ-ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Отбасылық-қоғамдық тәрбие негіздері - ғылыми-әдістемелік әзірлеме, Сынып жетекшісі және оның тәрбие жұмысын ұйымдастырудағы ролі., Инклюзивтік білім беру мәселелерінің Қазақстандағы жағдайы
Авторитарлық отбасы өзiнiң қарым-қатынастағы қаталдығымен сипатталады. Мұндай отбасыларында әйел ерiне бағынышты немесе ерi әйелiнен аса алмайды және балалары ата-аналарының дегенiнен шыға алмайды.
Демократиялық отбасыларындағы қарым-қатынас толық өзара түсiнiстiк пен сыйластыққа негiзделедi. Мұнда отбасы мүшелерiнiң үйiшiлiк қызметтерi қабiлеттерi мен мүмкiндiктерiне қарай тең бөлiнген, отбасындағы әрекеттердi ұйымдастыру мен атқаруға бәрi жұмыла қатысып отырады.
Ал эгалитарлық отбасылары ондағы ересектердiң тең құқылығымен ерекшеленедi. Мұндай отбасыларындағы адамдар үшiн отбасы проблемаларына қарағанда жеке басының проблемалары бiрiншi орында тұрады. Мысалы, жұмыстағы жетiстiктер және т.б. Мұндай отбасыларында үйiшiлiк жұмыстар тең бөлiнген, барлығы ұжым болып жабыла кiрiсiп атқарады және шешiм қабылдайды. Бос уақытты да бiрге өткiзуге тырысады. Мұндай отбасыларындағы қарым-қатынастың кемшiлiгi отбасы проблемаларын шешуде кейбiрiнiң жеке мүддесi немесе қызығушылығы ескерiлмесе, кикiлжiң тууы мүмкiн.
Отбасындағы қарым-қатынаста баланың қажетiн дұрыс таңдай бiлудiң маңызы ерекше. Бала нақты бiр адаммен қарым-қатынас жасауға қаншалықты қызығушылық танытса, ол соншалықты дәрежеде барлық қарым-қатынас құралдарын пайдалана отырып өзiнiң қарым-қатынастағы қажетiн өтеуге тырысып бағады.
Қарым-қатынас қажетiн өтеуде, әсiресе, баланың тұлғалық мотивi қарым-қатынастың жетекшi себебi болып табылады. Дәл осы кезеңде баланың өзiне-өзi баға беру қабiлетi қарқынды дамиды, ол өзгелер әрекетiне де баға беруге қабiлеттi болады. Нәтижеде өзара түсiнiстiк пен эмоционалдық тұрғыдан өзгелерге мейірленуге алып келетiн адамгершiлiктiк тәжiрибе қалыптаса бастайды. Қарым-қатынас объектiсi өзгередi: балалар үшiн аса маңызды нәрсе өз құрбыларымен, кейiннен ересектермен қарым-қатынасқа түсу болып табылады. Ата-аналардың балалармен қарым-қатынас жасауы әртүрлi болуы мүмкiн: егер олар арасында бай рухани байланыс болса, қарым-қатынас елеусiз бiр кезеңнен екiншi кезеңге ешқандай кикiлжiңсiз өтедi. Мұндай ортадағы қарым-қатынаста, яғни ата-аналар балаларына үлкен қамқорлық жасап, үнемi олардың сабақ үлгерiмi мен бағаларын қадағалайды, уақтылы тамақтануы мен демалуын ұйымдастырады, олар қалай киiнiп жүр, ол да ата-аналарды ойландырады, кенеттен олар өз балаларының есейiп кеткендiгiн байқайды, балалардың қызығушылығының тiптен басқа екендiгiн түсiнедi.
Баланың қарым-қатынастағы қажетi қашан да мейiрiмдiлiктi, эмоционалдық жылылық пен ата-ананың махаббатын керек етедi. Сонда да болса, кез келген сүйiспеншiлiк шамадан тыс көп болмағаны дұрыс, әйтпесе ол өзiнiң қарама-қайшы ықпалын көрсетедi.
Кейбiр отбасыларында ата-аналар балаларын өте ерекше мейiрiмдiлiкпен өсiретiндiгi де байқалады. Олар баланың әрбiр сәтiнде оны қаншалықты жақсы көретiндiгiн есiне салып отырады. Мұндай ұшан-теңiз мейiрiмдiлiк ортасында өскен бала өсе келе өзiмшiл, қоршаған ортадағы адамдардың бәрi оған аса бiр ерекше iлтипатпен қарым-қатынас жасауы керек секiлдi қабылдайды. Ондай отбасында өскен балалар ересек шағында өздерi де отбасын құрғанда отбасының алғашқы сәтсiздiктерiне шыдай алмай ата-аналарына қайта оралып жатады.
Осы тұста кеңес педагогі В. А. Сухомлинский былай деген болатын: «Бала отбасындағы мейірімділіктің аздығынан ғана зардап шекпейді, оның ұшан-теңіз молдығынан да зардап шегеді. Отбасында мейірімділікті аз көрген бала өскенде тұйық, жасық, өзіне сенімсіз, қорқақ болып өседі, ал мейірімділікті шексіз молынан көрген бала өзімшіл, тәкаппар, жалқау, эгоист болып өседі». Сондықтан тәрбиеде мейірімділік те өз мөлшерінде берілгені дұрыс.
Ғалымдар А. И. Захарованың зерттеулерiне жүгiнсек, ата-аналар тарапынан болатын шектен тыс мол махаббат, яғни жиi-жиi құшақтап қысып сүю, ерiннен сүю, балалармен төсекте бiрге жату, ваннада олардың шомылуына көмектесу және т.б. балалардың сексуалдық дамуын бұзады. Мұндай қарым-қатынаста өскен балаларда алдағы уақытта эротикалық бағыттылық ерекше байқалуы мүмкiн немесе керiсiнше, қарама-қарсы жынысқа деген бейтараптық пайда болуы мүмкiн.
Мұндай қарым-қатынас түбiнде балаларда ата-аналардың махаббатына деген екiжүздiлiк қарым-қатынастың пайда болуына алып келедi: олар бiр мезгiлде олардық сүйiспеншiлiгiн қабылдайды да және қабылдамайды да. Бала ата-анасының тынымсыз сүйiспеншiлiгiне жауап беруге мәжбүр, нәтижеде балада шектен тыс эмоционалдық сезiм дамиды да, ата-ана махаббатына қарсы әрекеттер көрсете бастайды, яғни жылайды, табандылық танытып айтқан пiкiрiнен қайтпайды, мiнезi өте жайсыз бола бастайды және т.б. Мұндай балаларға өзiнiң қайталанбас даралығын жоғалту үлкен қауiп болып көрiнедi. Олар өскенде терiс таңдауда өте талапшаң, өз сезiмдерiн бiлдiруге асықпайтын, өз сүйiктiлерiмен қарым-қатынаста бiршама қиыншылық туындататын болып келедi.
Қазіргі уақытта отбасындағы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас баланың жеке тұлғасының, әсіресе оның мінез-құлқының қалыптасуына әсер ететін негізгі факторлардың бірі екендігі белгілі. Отбасындағы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас ерекше және көрнекі түрде, әсіресе, бала тәрбиесінде көрінеді. Отбасылық тәрбие жүйесінің және «ана-бала» қарым-қатынасы үйлесімділігінің бұзылуы – балаларда невроз ауруының пайда болуына себепші негізгі патогенетикалық фактор деген көзқарасқа кейбір ғалымдар ерекше көңіл бөледі. Мысалы А.Е.Личко мен Э.Г.Эйдемиллер ерекше мінезді және психопатия белгілері бар балаларға отбасылық тәрбие берудің 6 түрін атап көрсетеді.
Гипопротекция (гипоқамқорлық) балаға қажетті қамқорлықтың жоқтығымен сипатталады (балаға уақыт жетпейді). Мұндай қарым-қатынас кезінде бала өзімен –өзі болады, өзін ешкімге керегі жоқ деп сезінеді. Басым гиперпротекция баланың дербестігіне, ынталылығына тосқауыл болатын тым
артық, ығыр қылатын қамқорлықтан туады. Гиперпротекциялық тәрбие кезінде ата-ана баладан үстем болады, яғни баланың тәртібіне қатаң бақылау жасалып, оның шын мәніндегі қажеттілігі ескерілмейді (мысалы, баланың қарсылығына қарамай анасы оны мектепке дейін шығарып салады). Қарым-қатынастың мұндай түрі басым гиперпротекция деп аталады. Оның бір түріне отбасының еркесі ретінде баланың барлық қажеті мен еркелігін қанағаттандыратын құптаушы гиперпротекция жатады. Эмоционалды шеттету баланың қай қылығын да қабылдамаудан туады. Шеттету ашық түрде ( мысалы, сен мені мезі еттің, кет, жолама маған деген сияқты) немесе мазақтау, кекету, мысқылдау сияқты жасырын түрде болады. Қатал қарым-қатынас баланы ұрып-соғу арқылы көрінеді немесе жасырын, яғни эмоционалдық дұшпандық пен суықтықтан көрінеді .
Жоғары моральдық жауапкершілік бала болашағының ерекшелігіне үміт артып, баладан жоғары моральдық тәртіп талап етуден болады. Тәрбиенің мұндай түрін ұстанатын ата-аналар балаға отбасының басқа мүшелеріне қамқоршы, қорғаныш болуды жүктейді. Дұрыс тәрбиелемеу бала мінезінің одан сайын бұзылуына әсер ететін фактор болып табылады.
Мінездің ерекшеленуі дегеніміз – мінездің нормаға сәйкес келмейтін жеке бір ерекшелігінің тым айқын көрінуі. Ерекше мінезді балалардың психикасын зақымдауы мүмкін кейбір әсерлерге тым осал болады. Отбасылық психология саласының мамандарымен соңғы он жылда «бала – ересек адам» қарым-қатынасының әртүрлі варианттары атап көрсетілген. Мысалы, А.Я.Варганың еңбегінде ата-ана қарым-қатынасының балаға жағымсыз 3 түрі сипатталған: симбиотикалық, авторитарлық, эмоционалды шеттетушілік.
Эмоционалды шеттетуді ғалым ата-анасының баланы аурушаң, әлсіз, дәрменсіз есептеу үрдісінен деп сипаттайды. Тәрбиенің мұндай түрін автор «балаға сәтсіз, жолы болмағыш кішкентай адам ретінде қарап тәрбиелеу» деп атаған. Е.Т.Соколованың зерттеулерінде ата-ана мен бала қарым-қатынасының негізгі стилі проблемаларды бірлесіп шешу кезіндегі ата-ана мен баланың өзара әрекетін талдау негізінде көрсетілген:
- Ынтымақтастық;
- Жалған ынтымақтастық;
- Жекешелеу;
- Бақталастық.
Ынтымақтастық қарым-қатынасы кезінде баланың қажеті ескеріліп, оған «автономия» құқығы беріледі. Көмек ересек адамның араласуын талап ететін қиын жағдайларда ғана көрсетіледі. Отбасында туындаған проблемалық мәселелерді шешудің жолдары баламен бірге қарастырылады, әрі оның пікірі есепке алынады.
Жалған ынтымақтастық қарым-қатынасы әртүрлі болуы мүмкін: бірде бала үстем болса, бірде ата-анасы үстем болуы мүмкін. Мұндай жағдайда ашық жағымпаздық сипаттағы алдамшы әрекеттестік орын алады. Басқаларға көз болу үшін өтірік бірлесіп шешім қабылдау тараптардың біреуінің екінші жақтың шабуылынан қорқып асығыс келісуі арқылы жүзеге асады.
Жекешелеу кезінде күштерін бір жерге жинақтау мен біріктіру толығымен жойылады, бірінің бастамасын бірі қабылдамайды және ескермейді, өзара әрекеттестік мүшелері бірін-бірі тыңдамайды да, сезінбейді де.
Бақталастық стиліне өзінің бастамасын қорғау және өзгенің бастамасын жаныштау кезінде көрінетін бәсекелестік тән. Отбасындағы тәрбиенің 3 патогенді түрін көрсетуге болады.
А түрі. Қабылдамау (эмоционалды шеттету). Оның мәні шектен тыс талап ету, қатаң шектеу және бақылау. Бала өз қалпында қабылданбайды, оны түзету басталады. Қабылдамау бала бойында невротикалық шиеленісті қалыптастырады. Ата-ананың өзінде неврастения пайда болады. «Мен бола алмағанмен, сен боласың» деп талап етіледі. Мұнда ата-аналар баланың бойындағы балалықты жек көреді, баланың еркелігі, балалық қылықтары олардың ашуын келтіреді.
Б түрі. Гиперәлеуметтендіруші тәрбие. Баланың немесе отбасының басқа мүшелерінің денсаулығы, әлеуметтік мәртебесі жөнінде қорқыныштан, күдіктен пайда болады. Нәтижесінде үрей сезімі, әлеуметтік тұрғыдағы жабысқақ ой қалыптасуы мүмкін. Ата-анасы балаға нені қажет етуі керектігін айтып отырады және бала темпераментінің табиғи көздерін тұншықтыруға тырысады.
В түрі. Менмендік тәрбие. Бала қатты әспеттелетін отбасыларында кездеседі.
Нәтижесінде балада отбасына және бүкіл әлемге деген көптеген наразылық пайда болады. Мұндай тәрбие жеке тұлғаның истероидты түрінің пайда болуына ықпал етуі мүмкін .
Ата-анасының қамқорынсыз өскен балалардың ерекшелігін зерттеуші ағылшын психотерапевті Д.Боулби патогенді тәрбиенің мынадай түрлерін атап көрсетеді:
• Ата-ананың біреуі немесе екеуі де баланың махаббатқа деген мұқтаждығын қанағаттандырмайды немесе толығымен оны жоққа шығарады.
• Бала жұбайлар арасындағы дау-дамайды шешу құралы болып табылады.
• Тәртіпке шақыру шарасы ретінде баланы «жек көріп кетумен» немесе отбасынан «кетіп қалумен» қорқыту.
• Балаға алда болатын (немес болған) барлық жағдайлардың, яғни аурудың, айрылысудың, өлімнің себепкері сенсің деп иландыру.
• Баланың айналасында оның уайым-қайғыларын бөлісетін немесе ата-анасын алмастыратын адамның болмауы .
Баланың жеке тұлғасының отбасында қалыптасуы ата-ананың балаға қарым-қатынасы мен әртүрлі тәрбиеден басқа ата-анасының нұсқауларымен де анықталады. Олар баланың көптеген эмоциялық проблемаларының бастауы болуы мүмкін. Бұл жерде нұсқау деп жасырын, жанама бұйрықты түсіну керек. Ол ата-анасының сөздерінен не іс –әрекеттерінен ашық түрде байқалмайды, оны орындамағаны үшін бала ашық жазаланбайды, жанама түрде жазаланады (ата-анасының алдында өзін кінәлі сезіну). Тек нұсқауларды орындап қана бала өзінің «жақсы» екенін сезінеді. Нұсқау- бұл ата-ананың балаға деген «жасырын жолдауы», ақыл айтуы. Ата-ана нұсқауларының мынадай түрлері мен мазмұнын көрсетуге болады.
«Өмір сүрме». Күнделікті тұрмыста бұл жолдау «Көзіме көрінбе», «Жер жұтқыр» деген сияқты күңіреніп сөйлеу арқылы берілуі мүмкін. Бұл нұсқаудың мәні баланы үнемі кінәлі сезіндіру арқылы басқару. Бала ойланбай ата-анасының өміріндегі барлық бақытсыздықтың себепкері екенмін, оларға өмір бойы қарыздар екенмін деп шешуі мүмкін. «Бала болма». Күнделікті тұрмыста «Сен 5-ке келдің, бірақ өзіңді әлі кішкене бала сияқты ұстайсың», «Тез өссең екен» деген сөздермен беріледі. Ата-аналары кез-келген балалық көріністің қадірін кетіретін сөздерді жиі қолданады және баладан үлкендерге тән мінез көрсетуін қалайтынын айрықша баса айтады. Мұндай нұсқаудың жасырын мағынасы бала тәрбиесінің жауапкершілігін өз мойнына алуға ата-анасының дайындығы әлі қалыптаспағанына байланысты.
«Өспе». Күнделікті өмірде бұл «Есеюге асықпа», «Боянуға сен әлі кішкентайсың» деген сөздерден көрінеді. Мұндай нұсқауларды балаларының жыныстық жетілуінен өлердей қорқатын ата-аналар береді. Ержеткен кезінде мұндай балалар өз отбасын құруға қиналады, егер отбасын құрса да ата-анасымен бірге тұрады. «Ойлама». Күнделікті тұрмыста бұл нұсқау «Ойыңа алма», «Білгірсіме» деген сөздерден көрініс табады. Бұл нұсқауда ойлауға, пайымдауға тиым салынады. Мұндай нұсқаудың жасырын мағынасында өздерінің нақты проблемаларын шешуде ата-ананың қорқыныш сезімі және ол сезімді балаларға беруі жатыр. «Сезінбе». Бұл нұсқауда жалпы сезімге немесе қандай да бір нақты сезімге тиым салынады. Мұндай балалар кейін есейгенде отбасылық өмірінде өзінің екінші жартысына сезімдерін көрсетуде қиындық көреді. Баланы өзінің сезімдеріне, тәннің кейбір белгі-дабылдарына құлақ аспауға үйретеді. Ержеткен кезде олар психосоматикалық ауруға жиі ұшырайды.
«Жетістікке ұмтылма». Мұндай нұсқаулар «Біз өзіміз ешқандай университет бітірген жоқпыз», «Сенен ештеңе шықпайды» деген сияқты тәрбиелік әңгімелер арқылы жүргізіледі. Бұл нұсқаудың жасырын мағынасында балаларының жетістігіне деген санасыз қызғаныш сезімдері жатыр. Ержеткенде мұндай тәрбие алған балалар еңбекқор, ынталы адам болуы мүмкін, бірақ оларды қырсық шалғандай болады.
«Жетекші болма». Мұндай нұсқау алған балалар жиі-жиі «Алға шықпа», «Ерекшеленбе», «Елдің бәрі сияқты бол» деген сөздерді естіп өседі. Ата-анасы басқа адамдардың өз баласына деген қызғаншақтық сезімінен қорқады. Ержеткенде бұл балалар үнемі біреуге бағынумен болады, қызметтік сатыда өсуден бас тартады, отбасында басшы болуға ұмтылмайды.
«Менен басқа ешкімге тиесілі болма». Мұндай нұсқауды қарым-қатынасында қиындықтары бар ата-аналар береді. Олар тек баласы ғана дос деп есептейді. Есейе келе мұндай балалардың өзін-өзі бағалауы осыған сай болады, бірақ кез-келген топ ішінде ол өзін жалғыз сезінеді, топқа қосылуда үлкен қиындыққа тап болады.
«Ештеңе істеме». Ересек адамның балаға жолдауының мағынасы: «Өзің ештеңе істеме, ол қауіпті. Сен үшін мен істеймін» деген сөздерден көрінеді. Мұндай нұсқау кезінде баланың белсенділігі мен ынтасы толық тежеліске ұшырайды. Есейгенде мұндай адам әр істі бастарда қатты қиналатын болады.
«Өзіңмен өзің болма». Мұндай нұсқау ата-анасы баланың жынысын қабылдамаудан тууы мүмкін. Баламен қарым-қатынасында және сөздерінде оның жынысына тән емес мінездерге баса көңіл аударылады. Баланың жынысына тән мінез мойындалмаған соң, бала өзінен талап етілетін мінездер көрсетуге тырысады. Нәтижесінде балада жыныстық сәйкестіктің қалыптасуында проблемалар туындауы және қарама-қарсы жыныспен қарым-қатынасы қиындауы мүмкін.
Бұл нұсқаулар мүмкін нақты тарихи жағдайларда отбасының бірнеше ұрпағының өсіп-өркендеуі үшін жинақтаған тәжірибесі ретінде қажет болған шығар. Тарихи жағдай өзгерді, бірақ нұсқаулар әлдебір инертті білім ретінде келесі ұрпаққа берілуде.
Баланың отбасындағы рөлі ата-ана мен бала қарым –қатынасындағы негізгі сұрақтардың бірі. Бала рөлі отбасы қарым-қатынасы жүйесінде әртүрлі болуы мүмкін. Оның мазмұны ата-ана қажеттілігін бала қаншалықты қанағаттандыратынымен анықталады. Бала қанағаттанғысыз жұбайлық қарым-қатынастың өтемі болуы мүмкін. Ондай кезде бала құрал рөлін атқарады, яғни баланы жұбайлардың бірі отбасындағы өзінің көзқарасын күшейту үшін пайдаланады. Егер осындай өтемақы және көзқарас күшейту қажеттілігі қанағаттандырылса, онда бала отбасы табынатын еркеге айналады.
Бала отбасының әлеуметтік мәртебесінің белгілі рөлін атқаруы мүмкін, яғни әлеуметтік саулығының символы болуы мүмкін (бізде бәрі елдегідей). Бала әлеуметтік тұсаукесер нысанының рөлінде, отбасының ыдырауына жол бермейтін байланыстырғыш элемент болады (біз тек сен үшін айырылыспай жүрміз). Мұндай жағдайда балаға үлкен психологиялық жүктеме артылады да, ол эмоционалдық ширығуға әкеліп соғады. Бала ата-анасының айырылысуына, егер ондай жағдай болып жатса, өзі себепкер болған шығармын деп есептей бастайды.
Баланың отбасындағы жағдайы ата-анасы балаға отбасында қандай рөл ойнауды жүктегенімен сипатталады. Бала мінез-құлқының қалыптасуы рөлдің сипатына, орнына және функционалдық толықтығына байланысты болып келеді.
Баланың психикалық дамуына бүлдіргіш әсер ететін нәрсе – депривация. Депривация ата-анасы (негізінен анасы) қажетті күтімді қамтамасыз ете алмағанда және баланың басты қажеттілігін мойындамағанда немесе оның күтімін басқалардың мойнына артып тастап кеткенде пайда болады. Баланы анасынан толық ажыратқан жағдайда ерекше аналық депривация байқалады. Аналық депривация баланың психикалық дамуына ең күшті бүліндіргіш әсер етеді. Балалар үйі мен мектеп – интернаттарда тәрбиеленуші жетім балалардың өзіндік ерекшеліктері мен тәртіптері депривациясы бар баланың айқын үлгісі.
Көптеген зерттеулер балалардың жаппай аналық депривация жағдайында өмір сүруі (бала анасымен толық ажыратылғанда) олардың психопатия, депрессия, фобия ауруларына ұшырауына әкеліп соғатынын анықтады. Ата-анасы қамқорынан айырылған балалар өмір бойы әлеуметтік және жас мөлшері жағынан едәуір кейіндеп қалады. Олардың өзіндік ерекшеліктері: сезім үстірттігі, қиялдау қабілетінің төмендігі, тым агрессивтілігі, мейірімсіздігі, бейқам жауапсыздығынан көрініп отырады.
Депривация ерекшелігінің кейбір аспектілері әке –шешесі бар балаларда да пайда болуы мүмкін, егер өзінің негізгі міндетін атқара алмайтын және отбасы мүшелерінің қажетін өтей алмайтын патогенді отбасында тәрбиеленсе . Баланың жақсы тәрбиелі, қоғамда өзінің орны бар үлкен азамат болып өсуіне отбасының ролі өте жоғары. Біз отбасында баланы тек қана материалдық жағынан қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар, баланың психологиялық жай-күйіне, қызығушылықтарына, жеке тұлғалық қасиеттеріне мән беруіміз керек. Баланың жас ерекшеліктерін ескере отырып, соған сәйкес қарым –қатынас жасалғандығы дұрыс.
Соңғы кездері елімізде отбасылардың ажырасу жағдайы, отбасындағы түрлі конфликт жағдайлары көптеп кездесуде. Бұның салдары балаларға психологиялық жағынан кері әсерін тигізуде. Баланың отбасында тәрбиеленуіне анасымен бірге әкесінің де жауапкершілігін ұмыптағанымыз дұрыс. Бала ата-анасымен бірге толыққанды отбасында өмір сүрген жағдайда әлеуметтік ортада өзін сенімді ұстай алады.
Отбасында балалардың мүмкіндіктерін барынша дамытып, оны өмірде қолдана білуге, еңбек етуге, еңбектің қандай түрін болса да,атқаруға психологиялық тұрғыдан даяр болуға, шығармашылық әрекетке дайын болуға,өзінің білімін үнемі жетілдіріп отыруға тәрбиелеу керек. Отбасындағы тәрбиенің тиімді болуы ондағы қарым-қатынас түрлерінің орнығуына байланысты.
- ынтымақтастық қарым-қатынас,яғни отбасы мүшелерінің өзара қарым қатынасы,түсіністік пен көмекке бағытталуы
- ортақ мүддеге негізделген бірыңғай қарым –қатынас
- жақсы қарым –қатынасты сақтай отырып,өзара жетістікке жетуді көздеген қарым - қатынас - бәсекелестік,барлық жағдайда өзінің бәсекеде ұтуын көздеген қарым – қатынас.
Қазақ отбасы көбінесе көп балалы болып келген. Қазақ отбасы ата-апа, әке-шеше, балалар үш ұрпақты құрамнан тұрған. Отбасы экономикалық жағынан қамтамасыз етіліп отырған. Ата-апа мен әке-шешенің қарым-қатынасы жас баланың адамгершілік жағына толысып жетілуіне үлкен үлес қосады және ізгілікті іске баулиды.
Рухани адамгершілік сезімді қалыптастыратын педагогикалық фактор –отбасы мүшелерінің дұрыс қарым-қатынасы, баланы адамгершілікке тәрбиелейді. Әр отбасы ата тегінен келе жатқан кәсібін, өнерін, құрметтеп, оны кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге еткен, бірлесіп атқарған пайдалы қоғамдық еңбек барысында адамгершілік қағидаларды қатаң сақтап дамытып отырған, ұрпағына ақыл-кеңес беріп, ата-кәсібін құрметтеп, қалыптасқан дәстүрлі жетілдірген. Туыстық, отбасылық қатынастарды бала кезінен қалыптастырған. Мысалы, ойын ойнау, көркемөнермен шұғылдану, еңбекке баланы қатыстыру арқылы ересек адам мен баланың қарым-қатынасын нығайтуды көздеген.
Отбасылық қарым-қатынастың негізінде үнемі балаға қамқорлық көрсетіп, ол отбасы мүшесі, оның пікірі мен көмегі үлкендерге қажет деген сенімін қалыптастыру керек.
Отбасындағы жас ұрпақтың тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуына ата-ананың, отбасы мүшелерінің қарым-қатынасындағы мейірімділік пен махаббат қажет. Толық мәнді отбасы болу үшін ата-ананың және басқа отбасы мүшелерінің береке-бірлікті, бір-бірін түсінуі сонымен қатар әр отбасы мүшесінің құқығы қорғалуы тиіс. 
Қазіргі заманда отбасының құрылымы өзгеріп, оның мүшелер саны азайып, бала саны да кеми түсті. Қоғамдағы әлеуметтік, мәдени экономикалық жаңғырулар, әр түрлі сипаттағы әлемдік деңгейдегі ақпарат алмасу, отбасы мүшелерінің арасындағы қарым - қатынас сипатына да әсерін тигізіп отыр. Қазіргі аналардың көпшілігі жұмыс жасайтын болғандықтан бала уақытының көбін пассивті тәрбиешілермен өткізеді. Бала тәрбиесі қалалық отбасына тән болып отырған келесі ерекшеліктерімен шартталған:
 • балалардың көбісі күннен күнге ұлғайып отырған айы-рылысулардың нәтижесінде әкесіз немесе анасыз өседі; 
• теледидар, жеке бөлме т.с.с. өркениеттің жетістіктері балалармен олардың ата - аналарының арасындағы қарым - қатынас процесін қиындатады. 
Отбасы қарым-қатынасында, олардың ішінен келісім, өзара түсіністік, бірінің екіншісіне бойсынуы, бірінің екіншісін құптауы сенімді қарым-қатынасының қазіргі кездегі басты ерекшелігі әр тұлғаның мейлі балалары, мейлі ересектері болсын, мағлұмат байлығы (информационное богатство) болып, өзара қарым-қатынас осы мағлұмат алмасу кезінде өте тығыз орнығуы ықтимал. Өзара мағлұмат алмасу отбасы мүшелерінің рухани кемелденуіне алып келсе, мұндай отбасының болашағы бар. Отбасы мүшелерін қарым-қатынас арқылы біріктіретін, өзара туысқандық байланыстарын нығайта түсетін аса маңызды саланың мақсаты. Отбасын материалдық қамсыздандыру мақсатындағы бірлесіп еңбек ету,нәтижесіне ортақтасу, бөлісу. Мұндай қарым-қатынас алдымен, отбасы иелері әке мен шеше ортасында түсіністікпен орнаса, соның өзі балаларға өнеге болатыны өмірден белгілі. Бұдан басқа әке мен ұл анасы мен қызы, бір туғандардың бірлесіп, бір мақсатта еңбектенуі өзара түсіністікті нығайтатын ас маңызды қарым-қатынас екені педагог, психолог ғалымдар тарапынан дәлелденген.
Отбасындағы жас ерекшелік жағынан жеткіншек пен ата-ана арасындағы қарым – қатынасқа тоқталсақ , жеткіншек жас кезеңі адам тұлғасының қалыптасуындағы маңызды кезең болып табылады. Дәстүрлі түрде бұл кезең тәрбиелік қатынасқа қиындықтар тудыратын кезең. Ғылыми білімдер жүйесінде жеткіншектерді зерттеумен байланысты мәселелер кешеніне көп көңіл бөлінеді, мәселелер әртүрлі деңгейде және мазмұнды болады. Осы жас кезеңдегі даму көздері, жағдайлары мен механизмдерін танып білу тұтастай дамудағы онтогенетикалық заңдылықтарды ашуға негіз бола алады. Қазіргі кездегі зерттеулер жеткіншектік жастың ерекшеліктері мен қасиеттері жайлы үлкен материалдар жинақталады, ол өз кезегінде осы маңызды психикалық кезеңнің ерекшелітерін қазіргі қоғамның жағдайларында зерттеуге қажетті базаның пайда болуына ықпал етті. 
Мәдениеттің нақты - әлеуметтік шарттарына, дәстүрлеріне сәйкес бұл өтпелі кезең әртүрлі мазмұнда әрі, әртүрлі ұзақтықта орындалуы мүмкін. Қазіргі таңдағы қоғам жағдайларына сәйкес бұл кезең шамамен 10-11 жастан 14-15 жасқа дейінгі аралықты қамтиды. Жалпы, балалардың мектептегі орта буында оқумен сәйкес келеді. Жеткіншек үлкендердің өзінің есейгенімен, өзбеттілігімен санасуын әр сала бойынша талап етеді. Қыздар киім киюде, не өзін күтуде, ұл бала тиісті міндеттерді өз еркімен, орындағысы келеді. Осыған басында туысқандары қарсы шығады. Үлкендердің балаларға қарсы шығатын себебі, баласына сенім білдіргісі келмегеннен емес, оны «бала» деп тапсырманы бүлдіріп алады деуінен. Бірақ жеткіншек осыған түсінбей «мені бала деп сенбей отыр», - дейді. Егер мұндай қатынас көп созылса, жеткіншек пен үлкен адамдар арасында түсінбеушілік туып, бала ызаланып, ерегесуге, үлкендер не айтса да соны орындамауға тырысады. 
Екі арадағы қайшылықты кім жеңеді дегенде, жеткіншектің талабы жаңа болғандықтан, сол жеңеді деуге болады.Осындай екі арадағы түсінбеушілікті неміс психологы К.Левин «ойлық бөгет» деп атаған.Мұны солай деудің себебі жеткіншек пен үлкендер арасында түсінбеушілік болып, бөгет салынған соң, енді үлкендердің сөзіне құлақ аспайды.Сондықтан жеткіншекке тіл алдыру үшін алдымен сол бөгетті жою керек,ал бөгетті жою оңай емес. 
Жеткіншектің үлкендерді түсінбеуі, кейін оны жанжалға, не сергелдеңге апарып соғады. Мұндай оқиғалар, әсіресе қалалық жерлердегі отбасыларында жиі кездеседі. Көпшілік жұрттың мақсаты үлкендердің абыройын төкпей, тіпті осылардың өзі жауапты болғанда да, қайткенде де арашалау болып табылады. 
Жалпы алғанда, жеткіншектің үлкендерге қоятын талабын түгел қате деуге болмайды: біріншіден, үлкендер өзінің өмірбаянын мысал ретінде келтіріп, «біз жас кезімізде мынадай болып едік» деп, өзі сол кезде қандай болса, баласы да сондай болуы тиіс десе, қателескен болар еді. 
Жеткіншекте ересектер тобына өтуге және үлкендердің балаларда жоқ кейбір артықшылықтармен пайдалануға деген ұмтылысы болады. Алайда ересектер оны әлі қабылдамағандықтан ол топтар арасындағы жағдайда болып шығады. Қиыншылықтардың деңгейі мен талас тартыстардың болуын К.Левин қоғамда балалар тобы мен ересектер тобының қатаң бөлінуіне және жеткіншіктер топтарының аралығындағы жағдайда болатын кезеңнің ұзақтығына байланысты етіп қояды. Левиннің жеткіншектің «өз орнын таппауы» туралы идеясын қазіргі уақытта Д.Коулмен және басқа шетел психологтары дамытуда. Олар жеткіншектердің ерекше бір «субмәдениеті» бар дегенді, яғни ересектер қоғамында жеткіншектер қоғамы бар дегенді айтады. Ақпараттың орасан зор тасқыны, көптеген ата аналардың бос уақытының аздығы және осының мүмкін салдары ретінде бала-лардың дербестікке ерте жетуі, жолдастармен қарым – қатынастың жедел дамуы мен жыныстық толысудың акселерациясы. 
Жеткіншектік кезең қиын әрі сыналатын кезең деп саналады. Бұлай бағалау, біріншіден, осы уақытта болатын көптеген сапалық өзгерістерге байланысты, бұл өзгерістер кейде баланың бұрыңғы ерекшеліктерін, мүдделерімен қарым – қатынастарын түбірінен өзгертетін сипатта болады, мұнын өзі біршама қысқа мерзімде болуы мүмкін, көбінесе күтпеген жерден болады да, даму процесі секірмей, қауырт сипат алады деп көрсетті. Екіншіден, болып жатқан өзгерістер екінің бірінде, бір жағынан, жеткіншектің өзінде әртүрлі елеулі субъективтік қиын-шылықтардың болуымен қабаттасады, ол екінші жағынан, оны тәрбиелеудегі қиыншылықтармен ұштасады. 
Жеткіншектік шақтың басында балалар сырт пішіні жағынан да, мінез – құлқы жағынан да ересектерге ұқсамайды, олар әлі де көп ойнап, көп жүгіреді, алысып – жұлысып, тентектік жасайды, өз дегендерін істеп, байыз таппайды, қызу да шамданғыш, әр түрлі салада белсенді, көбінесе ұшқалақ, ден қоюы да, біреуді жақсы көруі, қарым – қатынасы да тұрақсыз басқаның ықпалына оңай көнгіш болады. 
Жеткіншек бұрын ынталы орындайтын талаптарға қарсыласа бастайды; өзінің дербестігін тежегенге және жалпы алғанда «кішкентай бала сенімді» қамқорлық жасап, бағып –қаққанға , тіл алуды талап етіп, жазалағанға оның мүдделерімен, көзқарастарымен, пікірімен санаспағанда, т.б. ренжіп, қарсылық көрсетеді. Жеткіншекте өзінің қадір – қасиетін анық сезіну шығады, ол өзін кемсітуге, дербестікке деген құқығынан айыруға болмайтын адаммын деп ұғынады. Жеткіншектің ересектігі сезімнің және төңірегіндегілердің оны мойындауын қажетсінуінің пайда болуы ересек пен жеткіншектің бір–бірімен қарым – қатынастарындағы құқықтары мүлдем жаңа мәселені туғызады. Жеткіншектік кезеңнің маңыздылығы мен ерекше орны баланың қарым – қатынасына тән.
Демек, әр отбасында түрлі қарым-қатынастың орнығуынан баланың жеке тұлғалық қасиеті қалыптасады. Отбасында түрлі қарым-қатынас қалыптары көрініс береді. Кейбір отбасында отбасы мүшелерін бетімен жібереді, мұндай жағдайда ешқандай қарым –қатынас болмайды. Ал кейбір отбасында бедел орын алған .Оның да өзіндік ерекшеліктері бар, онда біреудің басқаларға басымдылық танытуы, бұйыруы баланың тұлғалық қасиетінің дамуына жағымсыз ықпал етеді. Қазіргі кезде заман ағымына қарай, отбасында еркіндік қарым-қатынасқа ұмтылушылық бар, яғни әр отбасы мүшесі тең құқықты қарым-қатынасты орнатуды көздейді.
Түйіндей келе, отбасында орныққан қарым - қатынас түрі мен қалыптарына сәйкес баланың тұлғалық қасиеттері қаланады. Бала әрқашан да ата-анадан жүрек жылуын, мейірімділікті қажет етеді,ол ата-ананы өмірдің тірегі санайды. Бала үшін ата-ана игілік жасаушы ,айтушы болып табылады. Қазақ халқы баланы дүниедегі барлық асылдан жоғары бағалаған, болашағына , арманына балаған. «Балалы үй –базар,баласыз үй -мазар», «Босағасын алтыннан соқсаң да перзент сүймей, адамның мейірі қанбас» -деп барлық асыл сөздерін арнаған. Қазақ отбасы көбінесе көп балалы болып келген .Қазақ отбасы ата-ана,әке-шеше,балалар үш құрамнан тұрған. Ата-ана мен әке-шешенің қарым-қатынасы жас баланың адамгершілік жағынан толысып жетілуіне үлкен үлес қосады және ізгілікті іске баулиды. Отбасындағы ең басты іс-әрекет ол ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас.

1.3 Отбасындағы қарым – қатынас мәдениеті


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   23




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет