Байланысты: ОТБАСЫНДАҒЫ ҚАРЫМ – ҚАТЫНАС ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТІНІҢ ҒЫЛЫМИ-ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
перцептивтілік. Коммуникативті жағы мәлімет беру-алмасу мәселесімен анықталады; интерактивті жақтың мәні қарым-қатынас жасаушы жұптастардың өзара әрекеттестігінде болады, ал перцептивті компонент-адамдардың бірін бірі қабылдауы, өзара түсінушіліктері. Ғалым бұлай жіктеп, бөлудің шартты ғана екендігін, қарым-қатынас үрдісінде оның 3 жағы да көрінетіндігін дәлелдейді.
Қарым-қатынасты зерттеу мәселесімен айналысушы ғалымдардың көпшілігі (А.Г.Ковалев , М.И.Лисина, А.В.Петровский, К.Обуховский, В.С.Мусина және т.б.) адамдардың қарым-қатынасты жүзеге асыруын қажетсіну, басқа адамды танып-білуге ұмтылу, ниет білдіру ерекшеліктері деп түсіндіреді.
Қарым-қатынас мәнін анықтау үшін, соңғы он жылдарда дамытылған, оның функционалдық және деңгейлік ұйымдасуы жайлы ұсынулар маңызды болып шықты (Б.Д. Парыгин, Г.М. Андреева, А.А. Бодалев, А.А. Брудный, А.А. Леонтьев, Б.Ф. Ломов, Л.А. Карпенко, В.Н. Панферов, Е.Ф. Тарасов, Я. Яноушек және т.б.). мысалға, қарым-қатынасты «мазмұны бірлескен іс-әрекет үшін қолайлы түрлі қатынастар көмегімен ақпарат алмасу мен өзара түсіну болып келетін адамдардың өзара әрекеттесуі» ретінде анықтай отырып , В.Н. Панферов қарым-қатынастың төрт сәтін бөлген: байланыс, өзара әрекет, таным, өзара қатынас және осыған сәйкес қарым-қатынасты зерттеуде төрт келісті ұйғарады: коммуникативтік, ақпараттық, гностикалық (танымдық) және реттеуші. Б.Ф. Ломов қарым-қатынастың үш жағын (функцияларын) сипаттайды: ақпараттық-коммуникативтік, реттеуші-коммуникативтік және аффективтік-коммуникативтік және де өзіндік коммуникативтік компоненттің хабарды алу мен беру ретінде, мінез-құлықты реттеу мен қабылдаудың, бастан кешірулердің болуы ретінде, яғни аффективті компонент ретінде міндеттілігін атап көрсетеді.
Қарым-қатынас ол ортақ қажеттілігі және әрекеттері бір адамдар ара қатынасының көп қырлы даму үрдісі.
Б.Д. Ломов қарым-қатынас деңгейлерін қарастырады:
1) Макродеңгей – индивид басқа адамдардың қалыптасқан қоғамдағы қатынастарға, дәстүрлерге, салтқа сәйкес қарым-қатынас жасауынан көрінеді.
2) Мезодеңгей – тақырып мазмұнымен анықталады.
3) Микродеңгей – мазмұны мен сыртқы көрсеткіштері арқылы көрінетін контактілік байланыс.
Адамдардың бір-бірімен өзара әрекеттесуі қоғамдық өмірде араласатын объективті қарым-қатынас негізінде жүзеге асады. Объективті қарым-қатынас және байланыстар (біреуге тәуелді болу, бағыну, бірлесу, өзара көмек көрсету т.б.) кез-келген топта болуы мүмкін. Бұл субъективті жеке адамдар арасындағы қарым-қатынас. Бұны әлеуметтік психология зерттейді.
Ең негізгі қарым-қатынас құралы - тіл. Ал қарым-қатынастың вербалды емес тәсілін келесі ғылымдар зерттейді:
1) Кинестика – адам сезімдері мен эмоциясының сыртқы көрінісін, мимика беттің бұлшықеттерінің қозғалысын, жестика дененің әр бір бөлігінің жестік қозгалысын, пантомимика дененің барлық моторикасын, поза, жүріс-тұрысын, иілуді зерттейді.
2) Таксика қарым-қатынас жағдайындағы жанасуды, қолды қысуды, сүйісу, сипау, итеру және тағы басқалаларды зерттейді.
3) Проксемика қарым-қатынас кезіндегі адамдардың кеңістікте орналасуын зерттейді.
Қарым-қатынас түрлері:
1) «Маска контактісі» – формальді қарым-қатынас, онда әңгімелесушінің жеке даралық ерекшеліктері ескерілмейді, яғни бастапқы маска қолданылады (кішіпейілділік, салмақтылық, қатысушылық және тағы басқа). Әңгімелесушіге деген шын қатынасын, әмоциясын көрсетпей, жестер, мимика қолданылады.
2) «Жабайы қарым-қатынас» – басқа адамды керекті және бөгет жасайтын объект ретінде бағалау – егер әңгімелесуші адам керек болса, қарым-қатынасқа белсенді түрде түседі, ал егер бөгет жасаса, агрессивті, ұнамсыз қылықтармен жауап береді.
3) Формалді-рөлдік қарым-қатынас. Қарым-қатынастың тәсілі мен мазмұны алдын-ала белгіленіп қойған, және де әңгімелесуші туралы пікір оның әлеуметтік орнына қарай анықталады.
4) Іскерлік қарым-қатынас – онда әңгімелесушінін мінезі, жеке өзіне тән ерекшеліктері, жасы, оның көңіл күйі ескеріледі, бірақ іс мәнді болып қала береді.
5) Рухани, жеке адам аралық достық қарым-қатынас – мұнда кез-келген тақырыбта әңгімелесуге болады және тек ғана сөзбен емес, бір-бірін бет әлпеті, қозғалысы, интонациясы арқылы-ақ ұғады. Мұндай қарым-қатынас егер, қарым-қатынасқа түсушілер бір-бірінің көзқарасын, қызығушылығын жақсы білсе ғана жүзеге асады.
6) Манипулятивті қарым-қатынас – әр түрлі әдіс-тәсілдер қолдану арқылы әңгімелесушіден пайда табуға бағытталған қарым-қатынас турі .
Қарым-қатынастың көп қырлығы және көп сапалығы.
Қарым-қатынастың маңызды 5 функциясын бөліп қарастыруға болады. Қарым-қатынас адамдардың ұжымдық іс-әрекетінде байланыстырғыш рөлді атқарады. Бұл функциясын шартты түрде «прагматикалық» функция деп атауға болады. Бұл шартты орындамау Інжілде айтылған атақты Вавилон мұнарасы туралы аңызға әкеліп соғуы мүмкін. Маңызы бойынша 2-функциясын «қалыптастырғыш» функция деп айтуға болады. Бұл функция адамның психологиялық бейнесін қалыптастырып өзгертудің маңызды шарты. Бала дамуының белгілі кезеңдерінде мінез-құлқы, іс-әрекеті және баланың қоршаған әлем мен өзіне деген қатынасы үлкендер арқылы іске асырылады. Д.Элькониннің айтуынша: «Бала әрқашанда 2 адам – оның өзі және ересек адам» . Даму барысында бала мен ересектің сыртқы тікелей емес қарым-қатынасы баланың ішкі психологиялық прцесіне және де баланың дербестік ерікті іс-әрекетіне айналады.
Онтогенездің бастапқы кезеңдерінде қарым-қатынас бала өмірінде аса маңызды функция атқарады. Орта ғасырда бір испан епископы былай деп жазған екен: «Жетімханадағы балалар зерігіп, зеріккендіктен өледі». 30-жылдары АҚШ-та эксперимент жүргізілген: 2 клиникада қауіпті, әрең жазылатын ауру балалар жатқан. Оның біреуінде балалар туысқандарымен кездеседі, ал екіншісінде туысқандарымен жолықтырылмайды. Осы екі клиникада жазылу тиімділігін салыстырғанда: оның біріншісінде – бала өлімі жоқ, ал екіншісінде – балалардың үштен бірі шетінеген.
Бала мен ересектің қарым-қатынасы білім, іскерлік, дағдыны берудің жай қосындысы емес, өзара әсерлесу нәтижесінде өзара баю мен өзгерудің күрделі процесі. Бала өзіне берілетін басқаның тәжірибесін белсенді түрде ой елегінен өткізіп, өңдеп пайдаланады. Қарым-қатынастың үшінші функциясы ретінде «бекітетін, қолдаушы» деген функциясын атауға болады.басқаша айтқанда, басқа адаммен қарым-қатынаста адам өзін-өзі танып-біліп, өзіне-өзі сенімге ие болады. Адам өзін-өзі бағалау үшін басқаның мақұлдауын қажет етеді. У.Джеймстің айтуынша: «Адам үшін қоғамда өз бетімен назардан тыс қалу және басқалардың оны мүлдем байқамауы – ең зор жаза». Көптеген псизотерапевттік жүйелерде адамның мұндай жағдайы «қолданылмаған . бекітілмеген» деген ұғым арқылы беріледі, және де «Сенікі жөн емес», «Сен жамансың» деп мойындамауға қарағанда (бұл жағдайда теріс болса да бекітудің белгілі үлесі бар), бекітілмеу «Сен бұл жерде жоқсың», «Сен тірі адам емессің» дегенді көрсетеді.
Атақты ағылшын психологы Р.Д.Ленг – бекітілмеу ,көптеген психологиялық ауру, әсіресе шизофринияның себебі деген қорытындыға келген. Оның байқаулары бойынша, басқа да зерттеулер көрсеткендей, эндогенді психозбен көбінесе ата-аналары тарапынан шеттетілген балалар ауырады екен.
Адамдар өміріндегі әр түрлі дәстүрлер – амандасу, түрліше көңіл аудару рәсімдері «бекітілу терапиясы » деп саналады.Қарым-қатынастың төртінші функциясы жеке адамаралық қатынастарды ұйымдастыру және қолдау болып табылады. Басқа адамдарға деген эмоциялық көзқарастар – «сүйкімді — сүйкімсіз», «ұнайды- ұнамайды» деген терминдермен белгіленеді.Әрине, эмоциялық қарым-қатынас адам өміріндегі жалғыз қатынастың түрі емес, бірақ олар адамның барлық қарым-қатынас жүйесінде көрінеді, көбінесе іскерлік немесе тіпті рөлдік қатынасына да өз әсерін тигізеді. Келесі , бесінші функциясы «жеке адам ішілік функциясы».
Бұл жағдайда адамның өз-өзімен қарым-қатынас жасауын (ішкі немесе сыртқы сөйлеу арқылы- диалог типінде) адамның ойлауының әдісі түрінде қарастыруға болады. Осыған байланысты Л.С.Выготскйй былай деген: «…адам өзімен өзі болғанда да қарым-қатынас функциясын сақтайды».
Яғни қарым-қатынастың адамзат өмірінде аса маңызды роль атқаратыны белгілі. Қарым-қатынас нәтижесінде тұлғааралық байланыс орнығып, өзара мәміле қалыптасып дамитындығы әр жеке тұлғаның қалыптасуында жетекші факторлардың бірі болады. Қарым-қатынас барысында өзара пікір алмасу, қайғы, қуанышта ортақтас болу арқылы адамдар арасында сенімді кең ауқымды эмоциялар арқылы екі немесе бірнеше психологиялық жүйе не бірнеше рухани әлем және ой-пікір, сана-сезім, мінез-құлық, қылық-жорықтар арасында келісім, өзара түсіністік, не болмаса қақтығыс, талас-тартыс, қарама-қайшылық тұрғысындағы мәміле үрдісі іске асады (А.В. Мудрик, А.В. Запорожец, Қ. Жарықбаев, Ж.Ы.Намазбаева, С.М. Жақыпов, М. Мұқанов )
Отбасы ұғымына анықтама беру, оның атқаратын қызметтерін нақтылау, отбасындағы қарым-қатынас мәселерін талдау көптеген зерттеулерде орын алған. Отбасы қызметінің ортақ топтамасы немесе жіктемесі де жетік түрде толық жасалмаған. Г.М.Свердлов және В.Л.Ресенцев (1958) отбасының маңызды қызметтерін ұрпақ жалғастыру, тәрбиелеу, шаруашылық және өзара көмек көрсету түрлерін жатқызған. Ата-ананың отбасылық ықпалы туралы өз еңбектерінде А.Ю.Гавит, Э.А.Тийт қарастырды, сонымен қоса некедегі сәйкестікке қатысты мәселелер де талданған .
Д.Горборино отбасын «адамзаттың тәжірибенің негізгі бірлігі» ретінде сипаттады . А.Н.Антоновтың айтуынша, отбасы ата-ана бала қатынасын орнатады, ал неке болса ер азамат пен әйел адамның арасындағы қарым-қатынасты растайтын мойындау болып табылады. Ол отбасылық кеңістік аймағы үй, пәтер көңіл аударады, және де отбасының меншігі иен экономикалық негізі ата-аналар мен балалардың жалпы отбасылық іс-әрекетін болжайды .
Отбасылық қатынастар бойынша құрылған отбасы анықтамаларының ішінде А.Г.Харчевтің ұсынған анықтамасы бойынша – «отбасы - бұл жұбайлар арасындағы ата-аналар мен балалар арасындағы қарым-қатынастардың жүйесі, оның мүшелері бір-бірімен некелік және туыстық қатынаспен байланысады, ортақ тұрмыс пен өзара адамгершіліктің жауапкершілікпен, қоғамның қажеттіліктеріне шартталынған әлеуметтік тәуелділікпен сипатталады» . «Отбасы денелік өмір мен әлеуметтік ағза өмірінің арасында байланыстырушы звено» - деп берген А.Б.Харчевтың отбасы ұғымына анықтамасы жалпылама түрде болып табылады.
Сонымен қатар қарым- қатынас мәселесімен бірге отбасы ішілік қарым- қатынастар ерекшеліктерін А.И.Захаров, А.С.Спиваковская, А.Я.Варга, Э.Г. Эйдемиллер, Ю.Гипнрейтер, М.Буянов, З.Матейчек, Г.Холкентаускас, А. Фромм, Р.Снайдер және басқалар зерттеген.
Балалар мен ата- аналар арасындағы қарым- қатынастарды зерттеуге А.С. Макаренко көп үлес қосты. «Ата- аналарға» деген кітабында Макаренко отбасының алғашқы ұжым екенін көрсетеді, мұндағылардың барлығы толық құқықты мүшелер болып келген, олардың әрқайсысының өзіндік жұмыстары бар, оларға баланың да кіретінін көрсеткен.
Жалпы балалар мен ата – аналар арасындағы қарым- қатынастар бала жеке басының дамуына әсер ететіндігін көптеген ғалымдар зерттеп, оны жан-жақты қарастырады. Олардың әрқайсысы іс- әрекет барысында тиімді әрі жүйелі түрде қолданылуда.
Отбасындағы адамдардың бiр-бiрiмен өзара қарым-қатынасының сипатына қарай М. Галагузова оларды авторитарлы, демократиялық және эгалитарлық деп бөлдi.