Отбасым – бақыт мекенім
Отан – отбасынан басталады
Барлық қоғамдардың ең көнесі және жалғызы – ол отбасы. Әкенің тәрбиесі мен ағаның қолдауының орынын ештеңе баса алмайды. Ананың махаббаты мен әпкенің қамқорлығын ешкім бере алмайды. Отбасы - адамға берілген ең үлкен сыйлық, ең шынайы көмек. Ойшыл данышпан, ғалым әл-Фараби «Отбасы» ұғымына мынадай анықтама береді: «Үй белгілі бір бөлшектерден құралады, солардың арқасында гүлденеді. Бұлар саны жағынан төртеу: ері мен әйелі, қожайыны мен қызметшісі, әке-шешесі мен баласы, мүлкі мен мүлік иесі. Кімде-кім бұл бөлшектер мен бірлестіктерді басқарса, ол адам үйдің билеушісі және әкімі болады. Оны «қожайын» деп атайды». Осы пайымдаулары арқылы ғалым заманның ағымына қарай отбасының өзі де, оның құрылымы мен тәрбие мазмұны да сан қилы өзгеріске ұшырайтынын болжағандай. Отбасы жайлы еліміздің тұңғыш елбасысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады», деп өз ойын ашық түрде айтып кеткен. Тұңғыш елбасысы Н. Назарбаев Отанды сүю үшін, ең алдымен отбасыңды сүюден баста, отбасыға сүйіспеншілікпен қарасаң, халқың да саған ыстық ықыласпен қарайды деген ұғымды білдіреді. Осы орайда Ғабиден Мұстафиннің: «Ата-ана қадірін білмеген – халық қадірін біле алмас. Халық қадірін білмеген – ата-ана қадірін біле алмас», деген дана сөзін айта кетсек артық болмас. Халық жазушысы бұл жерде де отбасыңды қадір тұт деп айтпақ ойы бар. Нақтырақ айтсақ, ата-анаңның қадірін білмесең – еліңнің де қадір-қасиетін білмей кетесің.
Отбасы — татулық, бейбітшілік, ауызбіршілік, сыйластық, жарастық орнаған орта, шағын мемлекет, кішігірім Отан. Отбасы – өте қажетті, басқадай еш нәрсемен өзгертуге болмайтын баспалдақ. Үлгілі отбасы — ұлттың ұйытқысы. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегенді айту арқылы кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов те соны меңзеген еді. Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Сол себепті де отбасыңнан ажырай қалып, жанынан алыс кете қалсаң, оны сағынышпен күтпейтін адам жоғына күмәнданбаймын. Біреуге сенім артпас бұрын ең әуелі өз жанұяңа сене алуың керек. Өйткені ыстық жанұяңда барлығы адал болады. Отбасыңмен бірге күліп, ойнап, әңгіме айтып, шүйіркелесіп отырғаның сырт көзге тату, әрі әсем көрініс болып көрінеді. Халық даналары «Отан - қуат, Отбасы - шуақ» деп босқа айтпаса керек. Отбасының тапқан еңбегі – Отанның жемісі болып табылатыны даусыз. «Отбасының өнегесі -Отан өнегесі» болып мәңгілік қала бермек. Отбасының бір мүшесі өнегелі іс тындырса, оның Отанға тигізер пайдасы зор болып келеді. Әлемде ақшадан да, алтыннан да бағалы бір байлық бар. Ол – өзіңнің әрқашан сенім артар, өзіңе үміт арқар, қорғанышың болып арқа сүйер, мақтан тұтар, өзгелерге үлгі болатын, үнемі татулықта жүретін жанұяң. Отбасың – ең бағалы қазынаң деп білемін. Қорытындылай келе айтарым, әрбір азамат, әрбір тұлға, әрбір адам әрқашан өз отбасын бағалап, қадір тұта білу керек. Мен өз отбасыммен мақтанамын!
Қызылорда облысы, Сырдария ауданы,
Тереңөзек кенті, №131 Т. Қозыбаев атындағы
орта мектептің 9б сынып оқушысы,
Мұстафақызы Ақжарқын
Достарыңызбен бөлісу: |