Жеке мүшелерді қарап зерттеу
Науқастың басын зерттегенде оның көлемі мен бітіміне, бетәлпетіне, көзінің, мұрнының, құлағының, ауыз қуысы ағзаларының ерекшеліктері мен өзгерістеріне зер салынады. Бассүйектің бітімінен ол қалыптасқан кезде орын алған немесе басқа аурулардың белгілерін байқауға болады.
Кейбір аурулардың әсерінен науқастың бет-әлпеті өзгереді. Мысалы, жүрегінің митральдық қақпақшасы ақаулы науқастың бетінің ұшы көкшіл қызғылттанады. Митральдық бет-әлпет. Ал терісі ақшылсары түске еніп, бетінің ұшы көгеріп, ісініп, солпыйған, көнтиген, қызғылттау ернін ашып, үнемі, ауа қармағандай кейін – Корвизар бет-әлпеті – созылмалы ағымды жүрек ауруларына тән. Иценко-Кушинг аурумен науқас адам дөғгелек жүзді, қызыл шырайлы болады, әйелдерге сақал өседі. Перитонит, іш түйнегі сияқты хирургиялық ауыр ағымды сырқаттардан халі өте нашарлаған науқастардың кейпі ерекше (Гиппократ бет-әлпеті). Ондай науқастан суық тер шығады. Денесі қатты бозарады. Беті қушиып, көзі шүңірейіп, жүзінен енжарлық байқалады, Бүйрегі ауратындардың беті, әсіресе көзінің айналасы мен қабағы ісініп, көзі сығырайып кетеді, Базед ауруымен науқастардың бетінің еееті кетіп, өңінен шыдамсыздық, шапшаң әрекетке бейімділік аңғарылады, екі көзі шарасынан шығып, бадырайып кетеді. Сіріспемен сырқаттардың беті жиырылып, тырысады, өңі күлгін тартады.
Көз бен оның төңірегінде байқалатын өзгерістер мынадай: қабақтың салбырап (птоз), ісінуі, көздің шарасынан шығып, бадыраюы, қызаруы, қанталауы, қос қарашақтың бір сәтте әр түрлі кеңеюі. Бұл өзгерістердің біразы нерв жүйесінің түрлі әсерімен байланысты. Қабақтың үнемі ашық тұрып, төмен қарағанда, қарашықпен үйлесімді қимылдамай, бұрыңғы қалпында қалып қоюы (Грефе белгісі), қос жанарды бір нүктеге қадап, сол нүктені біртіндеп жақындатқанда қарашықтардың қосылмауы (Мебиус белгісі), кірпікті сирек қағу (Штельвиг белгісі) сияқты белгілер Базед ауруынан симпатикалық нерв жүйесі зақымдағанда байқалады.
Науқасты қарап зерттегенде оның мұрнына да зәр салған жөн. Мерездің салдарынан мұрынның пұшық болуы, ал түрлі басқадай себептерден қызаруы, көгеруі немесе ісінуі, ентіккенде оның танауы дәлбендеуі мүмкін.
Бірқатар аурулардың белгілері құлшақта да ұшырасады. Мысалы, подагра ауруында құлақ қалқанына нуклеин қышқылды натрий тұздары шөгіп түйіншіктер түзеді.
Ауыз қуысын көптеген аурулардың айнасы деуге болады. Денесі қызған адамның ерні кезеріп, аузы құрғаса, басқа жағдайларда тіл ағарып, жарылып немесе ісінсе, енді бір сырқаттарда қызыл иек қанталап, тістің өзі немесе ұясы зақымдалады. Ауыздың шырышты қабықшасында көптеген ауруларға тән алуан бөртпелер, қабыршықтанған ошақтар, оық жаралар қалыптасады.
Мойын тұсын қарағанда веналардың білуіленіп кеңейгенін, артериялардың соғуын, қалқанша без бен моойындағы лимфа түйіндерінің ұлғайғанын, тыртықтарды және басқа ақау-зақымдарды көруге болады. Сау адамның лимфа түйіндері қолмен басып байқағанда да білінбесе, түрлі сырқаттардың әсерінен олардың көлемі, қатты-жұмсақтығы, төңірегіндегі ағзалармен арақатынасы, сезімталдығы өзгереді. Түрлі ауруларда лимфа түйіндерінің сипаты әртүрлі. Рак метастазы жайлаған лимфа түйіндері бірімен бірі біріккен, төңірегіндегі ағзалармен тұтасқан, басқанда ауырмайтын әрі қатты болады. Лимфогранулематоз ауруында олар өте ұлғайып, бірігіп, теріге жайылмай, оның астында бос жайғасса, туберкулезден – іріңдеп, жыланкөздер қалыптастырып, тыртықтанады.
Жалпы тұлғаны қарап зерттегенде қаңқа бұлшықетінің күші мен көлеміне зер салынады. Түрлі себептерден арықтағанда, нерв жүйесінің кейбір сырқаттарынан қаңқа бұлшықеті семіп, әлсірейді. Науқастың бұлшықет күшін дәрігер оған өз қолын қысөызып, тартқызып байқайды, Аяқ-қол бұлшықетінің көлемі сантиметрлік таспамен өлшенеді.
Достарыңызбен бөлісу: |