Асқазан диспепсиясына тәбеттің бұзылуы, кекіру, жүрек қыжылы, оның айнуы, құсу, асқазанның толып тұрған сезімі, аэрогастрия және аэрофагия, регургитация (аспен кекіру), ұстама тәрізді сілекей бөлінуі жатады.
Өңеш пен асқазаннан қан кету синдромы. Әрбір дәрігер-клиницист ауыр асқазан-ішектік қан кетумен кездеседі. 100 астам аурулар қан кетумен асқынуы мүмкін. Бұл әрқашан да маңызды симптом. Ол қара май тәрізді нәжіс және қан аралас құсық түрінде көрінуі мүмкін. Көбінесе асқазаннан қан кету қан қоспасымен құсу арқылы көрінеді. Құсық массаларының боялуы қанның асқазанда қанша уақыт тұрғандығына байланысты. Егер қан асқазанда көп тұрса, асқазан сөлінің тұз қышқылының әсерінен тұз қышқылды гематин түзіледі (қоңыр кофе түстес). Қан құсу жара ауруларында, асқазан полипінде және қатерлі ісігінде, эрозиялық гастритте, саркомада, асқазан мерезі мен туберкулезінде болады. Қан көп кеткеннен геморрагиялық шок туындауы мүмкін, сондықтан себебін анықтай сала, қан кетуді тоқтату керек, көбіне операция жасаумен тоқтатылады.
Ішек диспепсиясы. Іштің толу сезімі – ішек қабырғасының күштенуінен (гипертонус, іштің кебуі, стаз) немесе ісік болған кезде, бауыр мен көкбауыр ұлғайғанда, кисталарда, абсцесстерде, пневмоперитонеумде құрсақ қабырғасының керілуінен туындайды;
• іштің құрылдауы – іште газ немесе сұйықтықтың қозғалуынан туындайтын дыбыс;
• іштің кебуі – ішекте газдардың артық жиналуы, олардың жеткіліксіз сіңірілуі мен шығарылуы. Артық тамақ жегенде, мальабсорбция және мальдигестия синдромдарында болуы мүмкін;
• нәжістің бұзылуы – энтерит, колит, Крон ауруы, жіті жұқпалы аурулар, ұйқы безінің аурулары, эндогенді интоксикация, эндокринді аурулар, гипохлоргидрия кезіндегі іш өту (сұйық немесе қалыптандырылмаған нәжістің жиі бөлінуі); іш қату – қатты нәжістің шығуы және оның шығуының қиындауымен жүретін, сирек және жеткіліксіз ішектен бөлінуі.
Достарыңызбен бөлісу: |