V. Материалдық техникалық жабдықталуы:
а) техникалық құралдар: компьютер, мультимедиялық құрылғы.
ә) көрнекі және дидактикалық құралдар: өзіндік жұмыстарға арналған кеспелер, тест тапсырмалары, т.б.
б) оқыту орны: дәріс аудиториясы
VІ. Әдебиеттер:
Негізгі әдебиет
1.Асфендияров С. Қазақстан тарихы. – Алматы, 1993.
2.Қазақстан тарихы. Очерктер. – Алматы, 1994.
3.Қазақстан тарихы (ежелгі дүниеден бүгінгі күнге дейін) 5 томдық, І Т. – Алматы, 1996.
4.Қазақстан тарихы ежелгі дүниеден бастап бүгінгі күнге дейін, Оқу құралы. – Алматы, 1993.
5.Мусин Ч. Қазақстан тарихы. – Алматы, 2003.
Қосымша әдебиет
1.Артықбаев Ж.О. Қазақстан тарихы, оқулық хрестоматия. – Астана, 2000.
2.Әбдәкімұлы Ә. Қазақстан тарихы. – Алматы, 1997.
3.Рыспаев К. Қазақстан Республикасының тарихы. – Алматы, 1999.
4.Сарыбаев С. Қазақстан тарихы. –Алматы, 1997.
VІІ. Сабақтың барысы:
1. Ұйымдастыру кезеңі 5 мин. ( 6%)
а)Оқушылардың сабаққа қатысуын тексеру
ә) Оқушылардың сабаққа дайындығын тексеру
б) Сабақтың мақсаты мен міндеті
VІІ. Оқушылардың өтілген тақырып бойынша білімін тексеру. 15 мин (16%)
Үй тапсырмасы: Қарахан мемлекеті.Қарақытайлар. Наймандар мен керейлер, қыпшақтар.
1.Дамыған ортағасырлық мемлекеттердің қалыптасуына алғышарттар, ерекшеліктері.
2. Ұлы Жібек жолы.
3. Қағанаттардың мәдениеті.
VІІІ. Жаңа сабақтытүсіндіру: 40 мин (44% )
мақсаты:жаңа тақырып бойынша түсінік беру.
1.1. Дәріс түсіндірме түрінде жүргізіледі.
1.2. Мұғалімнің кіріспе сөзі.
1.3. Оқулықпен жұмыс жасау.
1.4. Қорытынды.
Ақпаратты – дидактикалық бөлім.
1. Моңғол мемлекетінің құрылуы және монғолдардың Қазақстан мен Орта Азия жерлерін жаулап алуы.
І. ХІІІ ғасырдың басында үстемдік жүргізуші нояндар мен олардың езгісіндегі араттардан тұратын татар-монгол тайпаларының саяси жағынан басын біріктірген Монгол феодалдық мемлекеті құрылды. Оның негізін салушы Темучин болды. Ол 1162 (1155) жылы ірі ноян Есүгей баһадүрдың отбасында түылған. Темучин ержете келе негізгі қарсыластарының барлығын жеңіп, Монғолдың бүкіл тайпаларын өзінің қол астына біріктірген. 1206 жылдың көктемінде Онан өзенінің сағасында Темучинді жақтаушы монгол ақсүйектерінің құрылтайы болып, онда ол салтанатты жағдайда Шыңғысхан деген атпен жалпы монғолдардың әміршісі болып жарияланды.”Шыңғыс”-сөзбе-сөз аударғанда “таза”, “қуатты” деген ұғымды білдіріп, “Шыңғысхан” –«хандардың ханы» деген мағына береді. Шыңғысхан әскери-ұйымдастыру принципін мемлекеттік құрылыстың негізі етіп алды. Елдің бүкіл жері мен халқы “оң қанат”-“барүнғар”, “сол қанат”-“жоңғар” және “орталық”-“гол” немесе «күл» деп аталатын үш әскери-әкімшілік округке бөлінген. Әрбір округте он мың адамнан тұратын “түмге”(тімен)дер болған. Олар ондық системасындағы “мыңдық”, “жүздік”, “ондық”тардан тұрған.
Империяда темірдей қатал тәртіп болған. Әскербасыларға үстем тап өкілдері нойондар, баһадүрлер, мергендер және сечендер тағайындалған. Шыңғыс ханның өзіне тікелей бағынатын10 мың адамнан тұратын кешігі де болған.
1207 жылдың соңы мен 1208 жылдың басында Жошы Енесай қырғыздарын және Сібірдің оңтүстігіндегі басқа да “орман халықтарын” бағындырды. Монғолдардың қаһарынан сескенген қазіргі Шығыс Түркістан аймағындағы ұйғырлар монғолдарға өз еркімен бағынды. Монғолдар олардан ұйғыр жазуын алды.
1211 жылы Шыңғыс ханның қолы Солтүстік Қытайға бет алды. 1215 жылы Цзинь мемлекетінің астанасы болған Чжүндуды(Пекинді) бағындырды.
Шыңғыс хан Қазақстан мен Орта Азияға жорықты Жетісу арқылы жүргізбекші болды. Өз басының жеке жауы найманның ханы Күшлік ханды талқандап, бай қалалары бар Жетісуды өзіне қарату үшін оған Жебе ноян бастаған әскер тобын жіберді.
Жетісуды Шыңғыс хан аса көп қарсылықсыз-ақ басып алды. Монғолдарға қарсы тұруға жарамай қашып кеткен Күшлік ханның жігерсіздігіне, салықпен зар илеткен зорлық-зомбылығына ыза болған найманның феодалдары Шыңғыс ханға мойынсұнатынын білдіріп, өз еріктерімен берілді.
Жетісудағы халықтың қалың бұқарасы Шыңғыс ханға қарсылық көрсетуге тырысқанмен, жақсы қаруланған, саны да мол монғол әскерлерінің шабуылына төтеп бере алмады. Соның өзінде де Жетісу қалалары монғолдарға қарсылығын көпке дейін тоқтатқан жоқ.
Жетісуді бағындырғаннан кейін Шынғысханның Мауараннахрға, сол кезде бүкіл Орта Азияны билеп отырған Хорезм мемлекетіне қарсы жорығына жол ашылды. Орта Азияны бағындыру үшін Шыңғысхан өзіне тәуелді елдерден алған жасақтармен қоса жалпы саны 120-150 мыңға дейін адамы бар қалың қол жіберді. Жорық 1219 жылғы қыркүйекте Ертіс жағалауынан басталды.
Монғол әскері Отырарға таяп келгенде монғолдардың басшысы Шағатай мен Үгедей бастаған бірнеше түменді қаланы қоршау үшін қалдырып, әскерлердің Жошы бастаған басқа бір шоғырын Сыр бойымен төмен жіберді. Үшінші шоғырға Сырдарияның жоғарғы ағысы бойындағы қалаларды бағындыру міндетін жүктеді. Шыңғыс хан төртінші ұлы Төлеймен Бұхараға беттеді.
Хорезм шахы Мұхаммед моңғолдарға қарсы тұруға дайын емес еді. Өзін онша жақсы көрмейтін жергілікті феодалдардың күш біріктіріп қарсы шығуынан қорыққан ол әскери күштерді әр қалаға бөліп ұстап отырған. Мұның өзі Шыңғыс ханға қалаларда тұрған шағын-шағын шоғырларды оп-оңай құртып жіберуге мүмкіндік берді.
Моңғолдардың қарамағында бұл тұста көптеген жергілікті феодалдар мен саудагерлер бар еді. Олар Шыңғысханды қажетті мәліметтермен жабдықтап отырды.
Жетісуда Шыңғыс ханға өз әскерлерімен Бесбалық қаласының билеушісі мен Алмалықтың ірі феодалы Сугнак тегін келіп қосылды. Шыңғыс хан нөкерлерінің ішінде Қойлық қаласының әмірі де болды.
1219 жылы қыркүйекте Шыңғысхан әскерлері Отырар қаласына келіп, оны қоршауға алды. Қалада 80 мыңдай әскер бар еді. Отырар қорғанысы Қазақстан мен Орта Азияның халық бұқарасының монғол басқыншыларына қарсы жүргізген ерлік күресінің айқын көрінісі болды. Қарамағында қамал бұзатын техникасы, соның ішінде жанып кететін күбішіктер, ататын машиналары болса да монғолдар бұл қаланы бес ай бойы ала алмады.
Қаланың құлауына опасыздық себеп болды. Әскер басыларының бірі Қарадша түн жамыла қала қақпасынан шығып, монғолдарға берілді. Қаланы қоршап тұрған монғол әскерлері осы қақпа арқылы қалаға лап беріп басып кірді... . Қала бір ай таланып қиямет қырғынға ұшырады. Осылайша, алты ай ішінде қаланы монғолдар жаулап алды.
Отырар қамалын жермен-жексен етіп, Шағатай мен Үгедей бастаған монғол шоғырлары Шыңғысханға келіп қосылды. Бұл кезде Шыңғысхан Бұхара мен Самарқанд арасындағы жолда болатын.
Сыр бойындағы қалалардың тұрғындары да ерлікпен қорғанды. Соның бірі Сығанақ қаласы еді. Ол өзі жақсы бекінген, халқы көп, ірі сауда қаласы болатын. Жошы бастаған монғолдар қаланы ұрыссыз беруді талап етіп, Сығанаққа Хасан қожа саудагерді жіберді. Сығанақ халқы келіссөзге көнбеді, олар сатқын есебінде Хасан қожаны өлтірді. Жеті күнге созылған шабуылға қала тұрғындары табан тіресіп қарсыласты. Бірақ көп ұзамай Сығанақ құлады. Көп ұзамай Үзгент қаласы да алынды. 1220 жылы 4 көкекте монғолдар әскері Жент қаласын бағындырды. Әскердің Жошы жіберген басқа ірі шоғыры Янгикентті басып алды.
Сыр бойындағы қалалардың қарсылығын жеңгеннен кейін Шыңғыс ханның әскерлері Орта Азияның ішіне баса көктеп енді. Бірақ мұнда да олар халық бұқарасының қасарысқан қарсылығына кезікті. Үргеніш қаласының тұрғындары қаланы бірнеше ай бойы ерлікпен қорғады. Сондықтан бұл қалаға Жошы, Шағатай және Шыңғысхан әскерлерін әкелуге мәжбүр болды. Қала алдырмады. Оны тура шабуылмен ала алмаған моңғолдар Әмудария өзенінің бөгетін бұзып, қаланы топан суға қаптатып барып қана басып алды.
Сонымен, 1219-1224 жылдарда болған шапқыншылық нәтижесінде Қазақстан мен Орта Азия Шыңғысхан империясының құрамына енді. Әлемнің жартысын жаулап алып, орасан зор империя құрған Шыңғыс хан 1223 жылы өзінің төрт ұлына ұлыс бөліп берді:
Үлкен ұлы Жошының ұлысы Ертістен батысқа қарай және «Қойлық пен Хорезм шекарасынан Саксин мен Булгардың татар аттарының тұяғы тиген жерлерге дейінгі» ұшы-қиырсыз аймақты алып жатты. Рашид ад-Диннің деректеріне қарағанда Жошының ордасы Ертісте болған, бірақ басқа деректемелер оны Сарысуға жақын , «қыпшақтар елінде» жерленген дейді.
Екінші ұлы Шағатайдың иелігіндегі жерлер Оңтүстік Алтайдан Әмударияға дейінгі, «ұйғырлар өлкесінің шекарасынан Самарқанд пен Бұхараға дейінгі жерлерді», яғни Шығыс Түркістанды, Жетісу мен Мауаранахрдың денін қамтыды. Жамал Каршидің деректері бойынша, Шағатай иеліктерінің негізгі бөлігін құраған өлке Аларғу ели деп аталды; оның басты қаласы Алмалық болды. Шағатайдың жазғы ордасы Іле өзенінің алқабындағы Құяш деген жер болды. Оның мирасқорларының ордасы, Жувейни деректері бойынша, түрікше Ұлығ-Иф(Ив) деген атпен, яғни «Үлкен үй», ал нумизматика деректері бойынша Орду әл-Азам деген атпен мәлім болған. Шағатай мен оның мирасқорлары иеліктерінің құрамына Балх және Хорасан өлкелері де кірді.
Үшінші ұлы Үгедейдің ұлысына Жоғарғы Ертіс пен Тарбағатай аймағы және Батыс Моңғолия аймағы қарайтын болған.
Кіші ұлы Төлей Шыңғыс ханның негізгі жұртын – Моңғолияны, сондай-ақ, тұрақты 129 мың адамдық армиясының 101 мыңын алды.
Үлкен ұлдарының әрқайсысына тұрақты армиядан 4 мың адамнан бөліп берген. Қалған әскерін туысқандарына және сенімді нояндарына үлестірген.
Сонымен Қазақстан аумағы монғолдың үш ұлысының құрамына: үлкен (далалық) бөлігі – Жошы ұлысының; Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстан – Шағатай ұлысына; Жетісудің солтүстік-шығыс бөлігі мен Шығыс Қазақстан –Үгедей ұлысы құрамына кірді.
Шыңғысхан әскерлерінің шапқыншылығы жаулап алынған елдер үшін өзінің зардабы жағынан ауыр апат болды; ол көптеген халықтардың экономикалық және мәдени прогресін, олардың саяси, әлеуметтік және этникалық дамуын ұзақ уақытқа тежеді. Моңғолдардың жаулап алуы салдарынан өндіргіш күштер талқанданып, адамдар жаппай қырылды, өркендеп тұрған қалалар жер бетінен ғайып болып, материалдық және мәдени қазыналар жойылып кетті, ондаған мың тамаша шеберлер мен қолөнершілер құлдыққа айдалды.
Жергілікті халықтың қарсылығын басу үшін Шыңғысхан жаппай қырып-жою тәсілдерін қолданды. Шыңғысханның Орта Азияға барар жолында орналасқан Онтүстік Қазақстанның Сыр өңіріндегі қалалары мен қоныстары бұл тәсілдердің алғашқы құрбандары болды. Араб және парсы деректерінде түрлі елдердің халқын моңғолдар түгелдей дерлік қырып тастаған, отызға тарта қалалардың аты атап көрсетілген, олардың ішінде Оңтүстік Қазақстанның Отырар, Сығанақ және Ашнас қалалары айтылады.
Отырар тұрғындары мен оның гарнизонының алты ай бойы қарсыласқаны үшін қаталдықпен кек алынды – моңғолдар қаланы тонады, қамал мен қорғаныстың дуалын қиратты, қаланың тірі қалған тұрғындарының көпшілігін қырып тастады. Отырар тұрғындарының шағын бір бөлігі, «қылыштан қашып құтылғандары» ғана тұтқынға алынып, қаланы қоршауға алған кезде пайдалану үшін Самарқанд маңына айдап әкетілді. Сығанақты жеті күн бойы үздіксіз шабуыл жасап алғаннан кейін басқыншылар оның халқын түгел қырып тастады. Сырдарияның төменгі ағысындағы Ашнастың халқы да осындай жағдайға душар болды. Бұл ауданның басқа қалаларында – Жентте, Үзкентте және Баршынлыкентте халықты мұншалықты қыру болған жоқ, бірақ бұл қалалар да монғол әскерлерінің талап-тонауына берілді. Оңтүстік Қазақстанның басқа отырықшы-егіншілік орталықтарының халқы да зардап шекті. Папа IV Иннокентийдің Күйік ханға жіберген елшісі 1245-1247 жылдары Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстан арқылы жүріп өткен Плано Карпинидің байқаулары осыны дәлелдейді. Атап айтқанда, Сырдария ауданында ол және оның серіктері жермен-жексен болған көптеген қалаларды, қирап қалған бекіністерді және қаңырап қалған қыстақтарды көрген. Шапқыншылықтан қалалармен олардың төңірегіндегі халықтар ғана емес, көшпелі және жартылай көшпелі аудандардың халқы да зардап шекті. Сол Плано Карпини былай деп атап көрсетті: «Біз қағанаттардың жеріне аяқ бастық... Бұл жерден, сондай-ақ Команиядан біз аяқ астында тезекше шашылып жатқан сансыз адамдардың бас сүйектерінің қанқаларына тап болдық... Бұл адамдар, командар да, қанғиттер де, жер өңдемеген, малмен күн көрген, олар сондай-ақ үй салмастан, шатырларда орналасқан. Татарлар оларды да қырып жойған, енді өздері солардың жерінде тұрады, ал тірі қалғандарын құл қылып алған». Монғол басқыншыларына қарсы күрескен халықтың тағдыры осылай болған.
Моңғол феодалдары үстемдігі орнауының ауыр зардаптары ешбір ұрыссыз-ақ басып алынған деуге болатын Жетісу жеріне де ауыр тиді. Шыңғысханның шабуылына дейін-ақ үздіксіз соғыстарда күйзеліске ұшыраған бұл шағын аймақтың халқы басқыншыларыға қарсылық көрсете алмады. Алайда жазбаша деректемелер мен археологиялық мәліметтер Жетісудағы қала мәдениеті мен отырықшы-егіншілік мәдениеттің едәуір бүлінгенін егістік үшін игерілген жерлердің өлкеде моңғол үстемдігі алғашқы ондаған жылдарда-ақ жайылымға айналдырылғанын дәлелдейді.
Француз королі IX Людовиктің моңғол ханы Мөңкеге жіберген елшісі Рубрук монғол шапқыншылығынан кейін отыз жылдан сәл астам уақыт өткен соң, 1250-1255 жылдары Қазақстан аумағы арқылы өтіп бара жатып, егіншілік мәдениетінің күйрегені туралы, Жетісудағы, атап айтқанда Іле алқабындағы қалалардың ғайып болғаны туралы алғашқылардың бірі болып мағлұматтар қалдырған. Бір кезде гүлденіп тұрған, халқы жиі қоныстанған, қала мәдениеті дамыған әрі отырықшы-егіншілік және мал шаруашылығы бар Қазақстанның оңтүстік-шығыс аумағы өзінің бұрынғы экономикалық саяси және мәдени маңызынан тез айрылды. Мұның бірнеше себебі болған.
Шыңғысханның және монғол феодалдарының басқыншылық саясаты бағындырылған халықтар үшін ғана емес, моңғолдардың өздері үшін де кесапат болды. Толассыз жүргізілген соғыстар моңғол араттары бұқарасына шалғай жерлерге жорыққа аттану үшін қосымша шығын жұмсап, жоқшылыққа ұшыраудан, жорықтар кезіндегі қасыреттер мен жат жерде өлуден басқа ештеңе берген жоқ. Шыңғысхан мен оның мирасқорларының соғыстары жаулап алынған елдердің ғана емес, Моңғолияның өзінің де, өндіргіш күштерінің құлдырауына әкеп соқты.
Қазақстан аумағында ежелден тұратын этникалық топтар мен халықтардың және олардың жерлерінің монғол ұлыстарына бөлінуі олардың ертеден бері түрлі саяси құрылымдар шегінде болуын нығайтты, сол арқылы халықтың этникалық, шаруашылық, мәдени тұрғыдан бытыраңқылығын ұзартты.
Сонымен бірге Моңғол империясының, одан соң Алтын Орда мен Шағатай және Үгедей (Хайду мемлекеті) ұрпақтары мемлекеттерінің құрылуы бір Қазақстанның аумақтық шеңберіндегіден гөрі неғұрлым кең тұрғыдағы, яғни Евразиялық дала мәдениеті мен монғолдар бағындырып алған елдердің отырықшы-егіншілік мәдениетін таратушылардың өзара әсері мен өзара ықпалы тұрғысындағы интеграциялық процестердің дамуына мүмкіндік берді. Ол былай тұрсын, Қазақстан халқының мұсылман Шығысымен, Европамен, Қытаймен кеңінен араласуына мүмкіндік туғызды. Моңғол билігі сауданы, халықаралық байланыстарды дамытуға ынталандырды, жер-жерде почта және жәмшік қызметін енгізді. Бұрын алыс болып келген халықтар арасында сауда және мәдени байланыстар орнатылды. Ұлыстардың аумағымен сауда керуендер жүріп өтті, алыс өлкелерге дипломатиялық миссиялар, саяхатшылар аттанып, Европаға, алыстағы бұрын беймәлім Азия елдері мен халықтары туралы мәліметтер жеткізді. Моңғолдар далаға орталықтандырылған өкімет идеясын әкелді, бұрын ұйымдаспаған тайпаларды біріктірді, жаңа жағдайларға бейімделген дала заңдарын іске қосты. Моңғолдардан кейінгі уақыттағы Қазақстан аумағындағы мемлекеттерде кейінен әлеуметтік ұйымның көптеген нормалары мен мемлекеттік нысандары пайдаланылды.
Моңғолдар жаулап алуының ауыр зардаптары уақыт өте келе біртіндеп жойыла берді. ХIV ғасырда Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік- шығысында қала мөдениеті, егіншілік, қолөнер өндірісі жандана түсті. Қазақстанның орталығындағы далалық өңірі мен Жетісудің, Қазақстанның оңтүстігі мен Орта Азия жазираларымен сауда байланыстары қалпына келтірілді.
ІХ. Жаңа тақырыпты бекіту: 20 мин (22 %)
1.Жаңа материал бойынша негізгі түсініктерге тоқталу.
2.Негізгі терминдер мен тезистерді жұмыс дәптерлеріне жаздыру.
Х. Сабақты қорытындылау: 5 мин (6%)
1.Оқушыларды бағалау.
2.Келесі сабақ тақырыбын қысқаша хабарлау.
6. Үйге тапсырма беру: 5 мин (6%)
Сабақтың тақырыбы: Моңғол мемлекетінің құрылуы және оның қазақ жеріне шапқыншылығы.
Жоспар бойынша ұсынылатын әдебиеттер:
1.Асфендияров С. Қазақстан тарихы. – Алматы, 1993.
2.Қазақстан тарихы. Очерктер. – Алматы, 1994.
3.Қазақстан тарихы (ежелгі дүниеден бүгінгі күнге дейін) 5 томдық, І Т. – Алматы, 1996.
4.Қазақстан тарихы ежелгі дүниеден бастап бүгінгі күнге дейін, Оқу құралы. – Алматы, 1993.
5.Мусин Ч. Қазақстан тарихы. – Алматы, 2003.
Қосымша әдебиет
1.Артықбаев Ж.О. Қазақстан тарихы, оқулық хрестоматия. – Астана, 2000.
2.Әбдәкімұлы Ә. Қазақстан тарихы. – Алматы, 1997.
3.Рыспаев К. Қазақстан Республикасының тарихы. – Алматы, 1999.
4.Сарыбаев С. Қазақстан тарихы. –Алматы, 1997
Реферат,өзіндік жұмыстар жасау.
Достарыңызбен бөлісу: |