Жалпы орта білім беру деңгейінің қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын гуманитарлық бағытындағы мамандандырылған желілік «Абай мектептерінің» 10-11-сыныптарына арналған «Қазақ тілі» оқу пәні бойынша Үлгілік оқу бағдарламасы (оқыту қазақ тілінде)
1-тарау. Жалпы ережелер
Оқу бағдарламасы «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығымен бекітілген Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес әзірленген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29031 болып тіркелген).
2. Қазақ тілі пәнін оқыту мақсаты – мемлекеттік тілді қадірлейтін, қоғамдық мәнін түсінетін тұлға қалыптастыру, қазақ әдеби тілі нормаларын сақтап, дұрыс қолдана білуге, шығармашылыққа үйретуге, ең бастысы, орта мектепке сай лингвистикалық білім беру.
3. «Қазақ тілі» оқу пәнін тереңдетіп оқытудың негізгі міндеттері:
1) қазақ тілін Қазақстан Республикасының аумағында қоғамның барлық салаларында еркін қолдана білуі үшін білім алушының коммуникативтік дағдыларын жетілдіру, еркін сөйлеуге және сауатты жазуға үйрету;
2) мәтіннің типтерін, стилін, жанрын тану үшін мәтінді құрайтын барлық тілдік құралдарды: синтаксистік құрылымдарды, лексикалық бірліктерді, сөздің дыбыстық және морфемдік құрамын тануға үйрету;
3) ауызша және жазбаша мәтінтудыру дағдыларын жетілдіру үшін орфоэпия және орфография нормаларын білу, сөйлеу мәдениетін және шешендік өнерді меңгеру, түрлі стильдер мен жанрларда мәтінтудыру тәсілдерін жетілдіру.
2-тарау. «Қазақ тілі» оқу пәнінің мазмұнын ұйымдастыру
1-параграф. «Қазақ тілі» оқу пәнінің мазмұны
4. «Қазақ тілі» пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі:
1) 10-сынып – аптасына 4 сағат, оқу жылында – 144 сағат;
2) 11-сынып – аптасына 4 сағат, оқу жылында – 144 сағат.
Оқу пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі «Қазақстан Республикасындағы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 8 қарашадағы № 500 бұйрығымен бекітілген үлгілік оқу жоспарына тәуелді.
5. Оқу мақсаттары қазақ тілін ғылыми пән ретінде оқитын білім алушыларға мәтінтану мен мәтінтудыру дағдыларын жетілдіру арқылы өмірге қажет функционалды білім беруді көздейді. Мұның өзі орта мектеп деңгейіне сай лингвистикалық білім алуға негізделеді. Оқу мазмұны 3 бөлімнен тұрады:
1) мәтінтану тыңдау және оқу арқылы мәтіннің мазмұнын түсіну, негізгі және қосымша ойды таба білу, мәтін бойынша сұрақтар құрастыра білу, әртүрлі ресурс көздерінен қажетті ақпаратты алумен қатар мәтіннің стилі мен жанрын, мәтіннің типтерін және әр типке тиісті қолданылатын тілдік құралдарын ажырата білуден тұрады;
2) мәтінтудыру мәтіннің мазмұнын айту кезінде орфоэпиялық нормаларды сақтаудан бастап, тіл мәдениетінің талаптарын орындай отырып, шешен сөйлеу деңгейіне жетуді көздейді. Орфография және пунктуация талаптарын сақтай отырып, барлық стильдер мен жанрларда мәтін жаза алу арқылы мәтінтудыру дағдысын жетілдіруді көздейді;
3) әдеби тіл нормалары айту және жазу әрекеті кезінде лексика-грамматикалық нормаларды, оның ережелерін және ерекшеліктерін қатаң сақтауды үйретуді көздейді.
6. «Мәтінтану» бөлімі келесі бөлімшелерден тұрады:
1) мәтіннің мазмұнын тану;
2) мәтіннің стилі мен жанрын тану.
7. «Мәтінтудыру» бөлімі келесі бөлімшелерден тұрады:
1) ауызекі сөйлеу және көркем әдебиет стильдерінде айтылым, жазылым дағдыларын жетілдіру;
2) ресми іс-қағаздары стилінде айтылым, жазылым дағдыларын жетілдіру;
3) публицистикалық стильде айтылым, жазылым дағдыларын жетілдіру;
4) ғылыми стильде айтылым, жазылым дағдыларын жетілдіру.
8. «Әдеби тіл нормаларын сақтау» бөлімі келесі бөлімшелерден тұрады:
1) лексика-грамматикалық норма;
2) айтылым-жазылым нормалары (орфография, орфоэпия, пунтуация).
9. 10-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» пәнінің базалық білім мазмұны:
1) мәтінтану:
мәтін үзінділері бойынша болжам жасау, талқылау сұрақтары арқылы ақпаратты анықтау, логикалық және стильдік түзетулер енгізу, графиктік мәтіндерді талдау, қорытынды жасау, мәтіннің стилін ажырата білу, әр стильге тән жалпы ерекшеліктерді анықтау, әр стильге тән жанрларды білу, ажырату, құрылымын, типтік ерекшеліктерін, жазылу мақсатын анықтау; әр стильдің өзіне тән тілдік (лексика-грамматикалық) ерекшеліктерін ажырату;
2) мәтінтудыру:
көркем мәтін стилінің талаптарын сақтап, күрделі жоспар бойынша берілген тақырыпта шығарма жазу; көркем әдебиетке жататын жанрларда (поэзия, проза, эссе, новелла) мәтін тудыру дағдыларын қалыптастыру; ауызекі сөйлеу стилінің элементтері бар әңгіме жанрында мәтін жазу дағдыларын игеру; сәлемдесу, қарату, танысу, өтініш айту, рұқсат сұрау, шақыру, кешірім сұрау, алғыс айту, қоштасу кезінде ұлттық этикет талаптарын сақтау; өлең оқу, монолог айту, диалогқа түсу кезінде сөз сазын және бейвербалды құралдарды пайдалану талаптарын білу; іскери этикетті, ділмарлықты, қозғалу әрекеттерін әсерлі сөйлеу мен үйлестіру арқылы тыңдаушыны тарту тәсілдерін игеру; ресми стильдің өмірге қажетті үлгілерін талапқа сай жазуды қалыптастыру; публицистикалық стиль ерекшеліктерін сақтап, көпшілік алдында сөйлеу техникасын қалыптастыру: тыңдаушының назарын аударту, аудиториямен байланыс, үйлесімді қозғалыс, өзіне деген сенімділік дағдыларын қалыптастыру; қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша материалдарды талдап, жинақы мәтін, сөйлейтін сөзге тезис және эссе жазу, сұхбат алу үшін сұрақтар құрастыру дағдыларын қалыптастыру; ғылыми стильдің қолдану аясын, стильдік сипатын және тілдік ерекшеліктерін сақтап, ғылыми жұмыстар жазу, слайдтар дайындау және оларды көпшілік алдында қорғау дағдыларын қалыптастыру;
3) әдеби тіл нормаларын сақтау:
лексика-грамматикалық норма: дыбыстың жіктелімін, жасалуын, буын түрлерін, буын үндесімін, тасымал тәртібін, сөйлеудегі ырғақты топтарды, сөз ішіндегі және сөз арасындағы дыбыстық өзгерістерді, интонацияның құрамдас бөліктерін анықтау, фонетика-фонологиялық талдау жасау; сөздердің тура, туынды мағынасын, тіркесу сипатын, қолданылу аясы мен стильдік қызметін көрсете отырып, толық лексикалық талдау жасау; сөздің морфемдік құрамын, негізгі немесе туынды түбір екенін, сөзжасамдық тәсілін (синтетикалық, аналитикалық), грамматикалық мағыналарын көрсете отырып, сөзжасамдық-морфологиялық талдау жасау;
орфографиялық норма: қосымшалар мен шылауларды үндестік заңына сай жазу, ықшамдалған, кіріккен, біріккен, тіркескен сөздердің емлесін сақтау;
орфоэпиялық норма: айтылым кезінде сөзді сазына келтіріп, лебізді ырғақты топтарға бөліп, сөз ішіндегі және сөз арасындағы өзгерістерді сақтап айту дағдыларын орнықтыру;
пунктуациялық норма: жазбаша мәтін тудыру кезінде сөйлем ішіндегі және сөйлем соңындағы тыныс белгілерді қоюдағы ұстанымдарды (мағыналық, грамматикалық, интонациялық) сақтай білу.
10. 11-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» пәнінің базалық білім мазмұны:
1) мәтінтану:
мәтін үзінділері бойынша қорытынды жасау, проблемалық сұрақтар арқылы ақпаратты анықтау, логикалық және стильдік түзетулер енгізу, редакциялау, әртүрлі формадағы мәтіндерді талдау, баға беру, кең көлемді мәтіндердегі көтерілген мәселе мен мақсатты аудиториясын талдау, мәтіннің стилін ажырата білу, әр стильге тән жалпы ерекшеліктерді салыстыру; әр стильге тән жанрларды білу, ажырату, құрылымын, типтік ерекшеліктерін, жазылу мақсатын салыстыру; әр стильдің өзіне тән тілдік (лексика-грамматикалық) ерекшеліктерін салыстыру;
2) мәтінтудыру:
күрделі жоспар бойынша берілген талаптарға шығарма жазу кезінде жоспар жүйесін сақтау және шығарманы дұрыс қорытындылау; көркем әдебиетке жататын жанрларда (поэзия, проза, эссе, новелла) мәтін тудыру дағдыларын жетілдіру; ауызекі сөйлеу стилінің элементтері бар әңгіме жанрында мәтін жазу дағдыларын жетілдіру; әлеуметтік-тұрмыстық қатынас (тілек айту, бата беру, құттықтау, көңіл айту, қолдау көрсету) кезінде ұлттық тілде қалыптасқан шаблондарды сақтау; өлең оқу, монолог айту, диалогқа түсу кезінде сөз сазын және бейвербалды құралдарды пайдалану талаптарын жетілдіру; іскери этикетті, ділмарлықты, қозғалу әрекеттерін әсерлі сөйлеу мен үйлестіру арқылы тыңдаушыны тарту тәсілдерін жетілдіру; ресми стильдің өмірге қажетті үлгілерін талапқа сай жазуды жетілдіру; публицистикалық стиль ерекшеліктерін сақтап, көпшілік алдында сөйлеу техникасын дамыту: тыңдаушының назарын аударту, аудиториямен байланыс, үйлесімді қозғалыс, өзіне деген сенімділік дағдыларын жетілдіру; қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша материалдарды талдап, жинақы мәтін, сөйлейтін сөзге тезис және эссе жазу, сұхбат алу үшін сұрақтар құрастыру дағдыларын жетілдіру; ғылыми стильдің қолдану аясын, стильдік сипатын және тілдік ерекшеліктерін сақтап, ғылыми жұмыстар жазу, слайдтар дайындау және оларды көпшілік алдында қорғау дағдыларын жетілдіру;
3) әдеби тіл нормаларын сақтау:
лексика-грамматикалық норма: әр стильге тән лексика-грамматикалық ерекшеліктерді анықтай отырып, сөйлемдерді фонологиялық-ырғақтық топтарға бөліп, айтылуы бойынша өрнектеп, ішіндегі дыбыстық өзгерістерді анықтау; мәтіннің стилін, жанрын, қолдану аясын, лексика-грамматикалық ерекшеліктерін көрсетіп, ондағы сөздерге толық лексикалық талдау жасау;
сөйлемдердің айтылу мақсатын, түрлерін, құрылысын, сөз ішіндегі байланысу түрлері мен тәсілдерін, сөйлем мүшелерін, құрмаластың құрамындағы сөйлемдердің байланысу тәсілдерін, тыныс белгілерін анықтай отырып, толық синтаксистік талдау жасау;
орфографиялық норма: қазақ тілінің орфографиялық ережелеріне сүйеніп бас әріптің игерілген/игерілмеген кірме сөздер мен бейімдеу сөздердің емлесін білу;
орфоэпиялық норма: айтылым кезінде сөзді сазына келтіріп, лебізді, ырғақты топтарға бөліп, сөз ішіндегі және сөз арасындағы өзгерістерді сақтап айту дағдыларын жетілдіру;
пунктуациялық норма: сөйлем соңында, сөйлем ішінде қабаттаса қойылатын тыныс белгілерді пунктуациялық ұстанымдарға (мағыналық, грамматикалық, интонациялық) сай қоя білу.
Достарыңызбен бөлісу: |