ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
СЕМЕЙ қаласының ШӘКӘРІМ АТЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК
УНИВЕРСИТЕТІ
|
МСЖ құжат 3 деңгейлі
|
ОӘК
|
ПОӘК 042-18.2.1. 005/01 -2013
|
«ЕурАзЭҚ шеңберіндегі халықаралық экономикалық қатынастар» пәні бойынша оқу-әдістемелік кешен
|
Баспа №
жыл
|
ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕН
««ЕурАзЭҚ шеңберіндегі халықаралық экономикалық қатынастар»
пәні бойынша экономикалық мамандықтар үшін
Шифрлар: 5B050600, 5B050700, 5B050800,5B050900,5B051000,5B051100
ОҚУ -ӘДІСТЕМЕЛІК МАТЕРИАЛДАР
Семей 2013
МАЗМҰНЫ
1.Голоссарий
2.Дәрістер
3. Тәжірибелік-лабораториялық сабақтар
4. Студенттердің өздік жұмысы
1.ГЛОССАРИЙ
Әлемдік шаруашылық – бұл өндірістік, сауда және қаржы қатынастары негізінде бір-бірімен байланысты болатын ұлттық шаруашылық пен басқа да шаруашылық жүргізуші субъектілердің жиынтығы.
Шаруашылық өмірді интернационалдандыру – халықаралық мамандандырылу мен еңбек бөлінісіне негізделген әр түрлі ұлттық шаруашылықтар байланыстарының пайда болуы мен тереңдеуінің объективті тарихи процесі.
Меркантелизм – шетке көп тауар сатып, шеттен аз тауар сатып алуды жақтайтын мектеп.
Халықаралық еңбек бөлінісі – жеке елдердің белгілі бір тауарлардың түрлерін өндіруге мамандануы және осы тауарлармен айырбас жасауы.
Елдің эконмоикалық потенциалы – бұл өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді, күрделі құрылысты, жүктерді тасымалдауды, халыққа қызмет көрсетуді қамтамасыз ете алатын халық шаруашылығы салаларының қабілеттілігінің жиынтығы.
Ғаламдық – термині бүкіл адамзат баласының жалпы мүдделерін қамтитын жалпыпланетталық мәселелерді білдіреді.
Ғылыми-техникалық революция - өндіргіш күштер саласындағы революция.
Елдің ресурстармен қамтамасыз етілуі – табиғи ресрустар және оларды пайдалану арақатынасын білдіреді.
Тарсұлттық корпорациялар – халықаралық көлемде әрекет ететін және дүниежүзілік өнеркәсіп өндірісі мен сауданың басым бөлігіне бақылау жасайтын ірі компаниялар.
Салыстырмалы өндіріс шығындар теориясы - өз елінде салыстырмалы түрде арзанға түсетін тауарларды өндіру мен экспорттау және өз елінде өндіруден әлдеқайда арзанға түсетін тауарларды сырттан әкелу.
Сыртқы сауда саясаты – мемлекеттің басқа елдермен сауда қатынастарына бағытталған әсері.
Протекционизм – отандық экономиканы шетел бәсекесінен қорғау саясаты.
Автаркия (томаға-тұйық шаруашылық) – бұл шаруашылықтың оқшаулану саясаты, елдің өзін-өзі қамтамасыз етуге көшуі, ерікті немесе мәжбүрлі түрде әлемдік нарықтан жекеленуі.
Халықаралық жұмысшы күші миграциясы – жұмыс күшінің бір елден екінші елге ауысуы.
Иммиграция – елге жұмыс күшінің келуі.
Эммиграция – елден жұмыс күшінің кетуі.
Импорттық операция – бұл шеттен әкелу арқылы шетелдік мемлекеттерден тауарды сатып алу.
Экспорттық операция – шетке шығару арқылы шетелдік мемлекеттерге тауарды сату.
Реимпорттық операция – бұл бұрын экспортталған және қайта өңдеуден өтпеген тауарларды шеттен әкелу арқылы сатып алу.
Реэкспорттық операция – бұл бұрын импортталған және қайта өңдеуден өтпеген тауарларды шетке шығару арқылы сату.
Экономикалық интеграция – бірыңғай шаруашылық организмін құруға бағытталған бірқатар елдердің ұлттық шаруашылықтарының жақындасуы және өзара біте-қайнасып кетуі.
Кедендік тариф – бұл баж салықтары қойылымының жүйеленген тізімі.
Кедендік баж салығы – мемлекеттік шекараны өту кезінде тауарлардың импорты мен экспортына
салынатын салық.
Квота – белгілі бір кезеңде импорттық немесе экспорттық тауарға құнын немесе мөлшерін шектеуді білдіреді.
Капиаталды шетке шығару – бұл жүйелі түрде пайда алу және басқадай экономикалық, саяси ұтыс мақсаттарында ақшалай немесе тауар түріндегі құндылықтардың шетелге ауысуы.
Портфельді инвестиция – шетел кәсіпорынына бақылау орнатуға мүмкіндік бермейтін, акциялар, облигациялар және капитал салымдарының басқадай түрлері.
2.ДӘРІСТЕР
Дәріс №1. Экономикалық интеграция
Дәріс сабағының мазмұны:
1.Халықаралық экономика пәнінің анықтамасы, курстың зерттеу объектісі және негізгі бағыттары.
2.Интеграциялық бірлестіктің мәні мен типтер
3.Пост социалистік мемлекттердің интеграциялық процестерге қатысуы.
1 Халықаралық экономика пәнінің анықтамасы, курстың зерттеу объектісі және негізгі бағыттары.
Қандай да пәнді зерттеуге кіріскенде, оның объектісі мен мәнін анықтау қажет. Халықаралық экономикалық қатынастар да осы кағидаға бағынады. Бұл ғылымның объектісі - дүниежүзілік шаруашылық, ал пәні - мемлекет шекарасынан сырттағы экономикалық қатынастар болып табылады. Өйткені қазіргі тарихи жағдайларда, әлеуметтік өмірдің негізгі ұйымдық түрі - мемлекет болып табылады. Қаншалықты өзгеше болып көрінгенімен, халықаралық экономиканың мәнін түсіну жеңіл. Бұл жерде экономистер арасында терминологиялық айрықшалықтар кездескенімен, аса көп қайшылықтар жоқ. «Қысқаша сыртқы экономикалық сөздік-анықтамада» «Халықаралық экономикалық қатынастар халықаралық еңбек бөлінісіне негізделген, әр түрлі елдердің ұлттық экономикалары арасындағы шаруашылық байланыстарының жүйесі» - деп жазылған. Ал кейбіреулерінде «Халықаралық экономикалық қатынастар (дүниежүжілік шаруашылық байланыстары) - әлем елдерінің арасындағы шаруашылық қатынастар жүйесі» - делінген. Басқадай көптеген оқулықтар мен оқу құралдарындағы анықтамалар бұлардан онша ерекшеленбейді.
Сонымен тұжырымдай келе, халықаралық экономика пәні әлемдегі көпдеген елдер не үшін халықаралық сауда жасауға тырысатынын анықтауға мүмкіндік береді.
Халықаралық экономикалық қатынастар басқа экономикалық қатынастар сияқты бір реттік, мызғымас қатынастардан тұрмайды. Оған үдайы өндірістің горизонталды ғана емес, вертикалды қатынастар сияқты әр түрлі реттік қатынастар енеді. Негізінде ұдайы өндірістік байланыстың кез келген бөлігі халықаралық болып келуі мүмкін. Бұл көптеген жағдайларға байланысты, бірақ ең біріншіден, елдің халықаралық еңбек бөлінісіне енуіне байланысты болады. Осыған сәйкес, халықаралық экономикалық қатынастар әр түрлі түрлерге ие болады. Көптеген оқулықытар мен оқу құралдарында халықаралық эконмоикалық қатынастар түрлеріне мән берілмейді.
«Халықаралық экономикалық қатынастар» - әлем елдері арасындағы шаруашылық байланыстар жүйесі. ХЭҚ маңызды түрлеріне халықаралык сауда, жұмысшы күші миграциясы, капиталды шетке шығару мен халықаралық несие, халықаралық валюталык және есеп айырысу қатынастары, халыкаралық ғылыми-техникалық және өндірістік байланыстар жатады. Бұл түрлері өзара тығыз байланысты және өзара әсер береді.
ХЭҚ алдыңғы қатарындағы түрі халықаралық сауда болып табылады. Сауда «халықаралық» болып бастамасын ішкі рулық еңбек бөлінісіне әсер еткен тайпалар арасындағы саудадан басталған. Бүгін халықаралық сауда экономика ғылымының жеке саласы болып, ары қарай дамып, жаңа түрлерін тудыруда.
Әрбір сауда қатынастары нәтижесінде ақшаны тудырады. Ақшасыз халықаралық сауданың дамуы мүмкін емес. Сондықтан келесі ХЭҚ-дың маңызды түрі - халықаралық қаржы (акша) қатынастары болып табылады. Халықаралық деңгейде ақша валюта түріне ие болғандықтан, бұл түрін валюта-қаржы қатынастары деп атау қабылданған. Бүгінде ол ХЭҚ-дың ең дамыған түрі. Ақша әр түрлі функция атқаратыны белгілі, оның ішінде ең бастылары айналым құралы, құн өлшемі мен қор жинау болып табылады. Ақшаның бұл функциялары тарихи даму барысында бөлініп, жеке дара жаңа түрлерін тудыруда.
Дүниежүзілік шаруашылықтың пайда болуы өндірістің халықаралық мамандануы мен кооперациясы сияқты түрлерін өмірге келтірді. Олардың шаруашылық өмірінің интернационализациясына ғана емес, белгілі бір даму деңгейінде ұлттық экономикалардың ингеграциясын тудырады. Әлемде интеграция процесі бір қалыпсыз, қайшылықты өтуде. Қазір ол әлемдік экономикалық процестердің ажырамас бөлігі болып, жер шарының белгілі бір аймақтарында ХЭҚ-ы шоғырландыруда.
ХЭҚ-тар субъектісі дегенде, осы қатынастардың дамуы мен өзгеруіне белсеңці іс-әрекетімен әсер ететін ХЭҚ қатысушыларын айтамыз. Бұл ұғымның негізгі мазмұны халықаралық құқықта ашылған, бірақ ол әр түрлі субъектілерінің ХЭҚ-ғы орнының өзгеру әсерінен дамиды.
Әлемдік экономика шығу тегі мен мәніне қарай нарықтық экономика болып табылады. Әлемдік экономиканың пайда болуының шарты әлемдік нарық болған. Нарықтық экономика өндіріс факторларына жеке меншіктің болуын жоспарлайды, осыған сәйкес оның қатысушылары (субъектілері) белгілі бір функциялары бар, тең құқылы меншік иелері болып табылады. Нарықтық экономика субъектілерінің өзара байланыстылығының жалпы схемасын былай көрсетуге болады: «Үй шаруашылықтары (ресурс иелері)-кәсіпорындар (кәсіпкерлер)-мемлекет (шаруашылық процестердің іюттелуі)». Әлемдік экономика нарықтық болғандықтан, мұнда да сол субъектілер іс-әрекет етеді: жекелеген индивидтер (жеке тұлғалар); кәсіпорын, фирмалар (заңды тұлғалар); мемлекеттер мен оған қосымша ретінде халықаралық экономикалық үйымдар.
2.Интеграциялық бірлестіктің мәні мен типтер
1.Экономикалық бірігу – бұл мемлекетаралық келісімдер формасын алатын шаруашылық механизмдерді жақындатуға әкелетін елдердің өзара ықпал ету процесі.
Қазіргі экономикалық сөздік анықтамасы бойынша, интеграция (латын тілінен «integer» — толық) – экономикалық тұлғалардың бірігуі,олардың өзара әрекеттесуінің тереңдеуі, өзара байланыстардың дамуы. Экономикалық интеграция жеке елдердің ұлттық шаруашылығы деңгейінде және де кәсіпорындар, фирмалар, корпорациялар, компаниялар арасында да жүреді. Экономикалық интеграция өндірістік–технологиялық байланыстарын кеңейту мен тереңдетуді, ресурстарды бірлесе пайдалану, капиталдар бірігуі, сол сияқты, бір-біріне қолайлы жағдай жасау арқылы экономикалық іс-әрекеттерге өзара «кедергілерді» жою бағыттарында айқын көрінеді.
Тарихи интеграция эволюциялық дамитын бірнеше негізгі сатылардан тұрады және оның әрқайсысы интеграцияның жетілу дәрежесінің көрсеткіші болып есептеледі.
Бірінші деңгейде мемлекеттер өзара жақындасудың алғашқы қадамы ретінде преференциалдық сауда келісімдерін жасайды. Бұл келісім жеке мемлекеттер арасында екі жақтылық негізінде немесе қалыптасқан интеграциялық топ пен мемлекет не мемлекеттер тобының арасында жасалуы мүмкін.
Келісімге сәйкес мемлекеттер бір-біріне үшінші мемлекеттерге қарағанда қолайлырақ режим ұсынады. Бұл интеграцялық процестің дайындық кезеңі.
Интеграцияның екінші деңгейінде мемлекеттер екі жақты саудада кедендік тарифтерді жай ғана қысқартуды емес, оны мүлдем алып тастауды көздейтін еркін сауда аймағын (ЕСА) құруға көшеді, бірақ үшінші елдермен қатынаста ұлттық кедендік тарифтер өзгертілмейді. Басым көпшілік жағдайда еркін сауда аумағының шарттары ауыл шаруашылық өнімдерінен басқа барлық тауарларға қолднылады.
Интеграцияның үшінші деңгейі кедендік одақ (КО) құруға негізделген. Бұл ұлттық кедендік тарифтер тобын келісімді түрде алып тастап, үшінші мемлекеттерге қатысты сауданы реттеуде ортақ кедендік тарифті енгізу және біріңғай тарифтік емес жүйесін қолдану болып табылады.
Әдетте кедендік одақ үйлестірілген сыртқы сауда саясатын қалыптастыратын мемлекетаралық органдардың дамыған жүйесін құруды талап етеді.
Интеграциялық процестің төртінші деңгейі –ортақ нарыққа жеткенде интеграцияланатын мемлекеттер тек тауарлар мен қызметтердің ғана емес, өндіріс факторларының – капитал және жұмыс күші – қозғалысының еркіндігі туралы келісім жасайды. Бұл экономикалық саясатты үйлестіру кезеңі.
Ең жоғарғы бесінші деңгейде интеграция ортақ кедендік тариф және тауарлар мен өндіріс факторлар қозғалысының еркіндігімен қатар, макроэкономикалық саясатты, валюта, бюджет, ақша сияқты негізгі салаларда үйлестіруді, заң шығарушылықты үйлестіруді көздейтін экономикалық одаққа айналады. Үкіметтер келісілген түрде өз қызметтерінің біршама бөлігінен бас тартады, яғни мемлекттік суверенитеттің бір бөлігін мемлекеттер үстіндегі органдар пайдасына береді. Бұндай қызметтерге ие болған мемлекеттер үстіндегі органдар бірлестікке қатысты мәселелерді мүше-мемлекеттер үкіметтерінің келісімінсіз шешуге құқы бар. Мысалы, ЕО – ғы (Еуропа одағы) шеңберінде – бұл ЕО комиссиясы.
Интеграцияның алтыншы деңгейінің де болуы мүмкін – бұл Саяси одақ (СО). Ол ұлттық үкіметтердің үшінші елдермен қатынасын қамтитын қызметтерінің басым көпшілігін мемлекеттер үстіндегі органдарға беруді көздейді. Іс жүзінде бұл жеке мемлекеттердің егемендігін жоғалтып, халықаралық конфедерация құруды талап етеді.
Бірақ интеграциялық топтардың бірде-біреуі дамудың бұл деңгейіне жеткен жоқ, тіпті өз алдына бұндай мақсаттар қойған жоқ.
ЕО, НАФТА –ға кіретін Солтүстік Америка елдері, белгілі дәрежеде Латын Америка елдерінің регионалдық интеграция тәжірибесін қорыта келе, экономикалық интеграцияның кейбір заңдылықтарын шығаруға болады.
Біріншіден, бұл эволюциялық жол. Біртіндеп, интеграция кезеңдерін аттамай, өндірушілер үшін де, тұтынушылар үшін де серіктестерді таңдау еркіндігін беріп, әкімшілік шектеулер мен тосқауылдарды алып тастау үшін жағдай жасап, сауда-экономикалық ынтымақтастық бірқалыпты (тұрақты) әрекет ететін нарықтық орта құру қажет.
Екіншіден, бұл интеграциялық міндеттемелерді біртіндеп, кезеңді түрде шешу. Ол үшін мүше-елдердің ассоциациялары көмегімен еркін сауда аймағы, кедендік одақ, капитал, тауар мен қызмет, еңбектің орта нарығын және біртұтас экономикалық кеңестіктің негізін қалау қажет.
Үшіншіден, бұл біртекті экономикалық орта құру, нарықтық қайта құрудың қарқыны мен деңгейін жақындастыру қажеттілігі.
Төртіншіден, интеграциялық процестің барлық мүшелерінің тең құқықтық серіктестігі, дискриминациясыз іс-әрекет етуі.
3.Пост социалистік мемлекттердің интеграциялық процестерге қатысуы.
20 ғасырдың сексенінші жылдарының соңындағы басты дүниежүзілік оқиға — Кеңес Одағының ыдырауы жаңа тәуелсіз мемлекеттер алдында қоғамдық өмірді қайта құру, көп жылдар бойы қалыптасқан экономикалық және гуманитарлық қатынастарды сақтай отырып, ұлттық мемлекеттерді қалыптастыру мен нығайту мәселері пайда болды. Посткеңестік кеңестіктегі мемлекеттер бұрынғы Одақтан әміршілік-бюрократиялық басқарудың әкімшілік органдарын, жоспарлы-бұйрықты және шығынды экономиканы мұраға алды, бірақ олар сыртқы саясат және сыртқы экономикалық іс-әрекеттің ескі принциптері мен әдістерін қабылдамады. Енді өзара және үшінші мемлекеттермен қатынаса заман ағымына сай жаңа нормалар мен ережелер қажет болды.
90-шы жылдар жаңа тәуелсіз мемлекеттердің қалыптасу кезеңі болды. Бірақ бұл онжылдық бір-біріне қарамақайшы екі қоғамдық тарихи процестермен сипатталынды.
Біріншіден, бұл жаңа тәуелсіз мемлекеттердің ұйымдық-құқықтық тәркіленіп, экономиканың қалыптасуы, ол экономикалық дербестікті қалыптастыру жолында өзіндік қаржы-бюджеттік, валюталық, салықтық жүйелердің және де тәуелсіз мемлекеттің басқа да міндетті құрамаларының пайда болуынан басталады.
Екінші процесс – бұл халықаралық нормаларға негізделген өзара жаңа саяси және экономикалық қатынастар қалыптастыру қажеттілігі. Процесс қатаң орталықтандырылған қоғамдық – экономиканық жүйесінің біртұтас тоталитарлық мемлекеттің күшті әрі жан-жақты ықпалымен өтті. Бұл ықпалды бұзу және жаңа қатынастарды қалыптастыру біршама ұзақ мерзімді қажет етті.
Кейбір саясаткерлер басты мақсатты жаңа туған мемлекеттер интеграциясы деп таныды. Осыған байланысты 1991 жылы Беловеж келісімі нәтижесінде біртұтас мемлекет ыдырап, орнына жаңа 15 мемлекет пайда болды. Оның 12-сі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құрды (Әзербайджан, Армения, Белоруссия, Грузия, Қазақстан, Қырғыстан, Ресей Федерациясы, Тәжікістан, Түркменістан, Украина, Өзбекістан).
Тәуелсіз мемлекеттер Достастығы (ТМД) 1991 жылдың 8-ші желтоқсанындағы ТМД құру туралы Беловеж келісімі мен Келісімнің Протоколына және 1991 жылдың 21-ші желтоқсанындағы Алматы декларациясына сәйкес құрылды.
ТМД Жарғысы бірнеше бөлімдерден тұрады: мақсаты мен принциптері, ұжымдық қауіпсіздік және әскери – саяси ынтымақтастық, дау-жанжалдық алдын алу және келіспеушілікті бейбіт жолмен шешу; экономикалық, әлеуметтік және құқықтық салаларда бірігіп әрекет ету; Достастық органдары, парламенттік ынтымақтастық, қаржы-қаражат мәселелері.
Дәріс №1.Өзін-өзі тексеру сұрақтары
1. Қырғызстанның ЕурАзЭҚ шеңберіндегі орны
Дәріс №2. Еуразиялық экономикалық қауымдастық: мақсаттары, құрамы, құрылымы
Дәріс сабағының мазмұны:
1. ЕурАзЭҚ құру мақсаттары. ЕурАзЭҚ құрылымы.
2. Шешім қабылдау принциптері. ЕурАзЭҚ бюджеті.
3. ЕурАзЭҚ қызметінің негізгі басымдықтары.
ЕурАзЭҚ құру мақсаттары.
Еуразиялық экономикалық қоғамдастық 2000 жылғы 10 қазанда Астана қаласында халықаралық экономикалық ұйым ретінде Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің басшылары қол қойған Еуразиялық экономикалық қоғамдастық (бұдан әрі – ЕурАзЭҚ) құру туралы шартқа сәйкес құрылды.
ЕурАзЭҚ-ты құру туралы шартта бұрын Кеден одағы және Біртұтас экономикалық кеңістік туралы 1999 жылғы 26 ақпандағы шартта айқындалған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін тығыз және тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастық тұжырымдамасы негізге алынған. Қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асырудың ұйымдастыру-құқықтық құралдары және жасалған халықаралық шарттардың бір мезгілде және бірдей орындалуының тетіктері, қабылданған шешімдерді іске асыруды бақылау жүйесін енгізу көзделген.
ЕурАзЭҚ-ны құру туралы шартта Кеден одағы шеңберінде бұрын қабылданған шарттар мен шешімдердің сабақтастығы қамтамасыз етілген, олардың ішіндегі айқындаушылары мыналар болып табылады:
- Кеден одағы туралы келісім;
- 1995 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Кеден одағына қосылуы туралы келісім;
- 1996 жылғы 29 наурыздағы Экономкалық және гуманитарлық саладағы интеграцияны тереңдету туралы шарт;
- 1997 жылғы 22 қарашадағы Кеден одағын қалыптастыру кезінде тарифтік емес реттеудің бірыңғай шаралары туралы келісім;
- «Қарапайым адамдарға қарай он қарапайым қадам» мәлімдемесі.
Мақсаттары мен міндеттері:
- еркін сауда режимін толық көлемде ресімдеуді аяқтау, біртұтас кеден тарифін және тарифтік емес реттеудің біртұтас шаралары жүйесін қалыптастыру;
- мүше мемлекеттердің ДСҰ-мен және басқа да халықаралық экономикалық ұйымдармен өзара қарым-қатынасындағы келісілген ұстанымын тұжырымдау;
- Қоғамдастықтың сыртқы шекараларында экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, контрабандамен және кедендік құқық бұзушылықтың өзге де түрлерімен күрес;
- экономикалардың келісілген құрылымдық қайта құруын жүргізу;
- бірлескен бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру, әлеуметтік-экономикалық даму;
- көліктік қызмет көрсетулердің ортақ рыногын және біртұтас көлік жүйесін қалыптастыру;
- ортақ энергетика рыногын қалыптастыру;
- білімнің ұлттық жүйелерін үйлесімдендіру, ғылым мен мәдениетті дамыту;
- Қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің азаматтарына оның барлық аумағында білім және дәрігерлік көмек алуда тең құқық беру;
- ЕурАзЭҚ шеңберінде жасалған шарттар бойынша мемлекет ішілік рәсімдерді орындау мерзімдерін үйлестіру;
- Қоғамдастық шеңберінде ортақ құқықтық кеңістік құру мақсатында қатысушы мемлекеттердің құқықтық жүйелерінің өзара ықпалдасуын қамтамасыз ету.
ЕурАзЭҚ мүшелері болып Беларусь Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжiкстан Республикасы табылады.
ЕурАзЭҚ-қа мүшелiкке қабылдау Қоғамдастық шеңберiнде қолданылып жүрген шарттардан туындайтын мiндеттемелердi өзiне алатын және ЕурАзЭҚ мүшелерiнiң пiкiрiнше, осы мiндеттемелердi орындай алатын және орындауға ниет бiлдiрген барлық мемлекеттерге ашық.
Кез келген Уағдаласушы Тарап ЕурАзЭҚ-тың құрамынан Қоғамдастықтың және оның мүшелерiнiң алдында өзiнiң мiндеттемелерiн алдын-ала реттей отырып және Интеграциялық Комитетке осы Шарттан шығу туралы ресми хабарламаны шығу күнiнен кемiнде он екi ай бұрын жiбере отырып, шығуға құқылы. Егер хабарлама Қоғамдастықтың келесi бюджеттiк жылға арналған бюджетiн қабылдаудан бұрын жiберiлсе, мүшелiктi тоқтату ағымдағы бюджет жылында жүзеге асады. Егер хабарлама Қоғамдастықтың келесi бюджеттiк жылға арналған бюджетiн қабылдаудан кейiн жiберiлсе, онда мүшелiктi тоқтату келесi бюджет жылында жүзеге асады.
Қоғамдастық шеңберiнде қолданылып жүрген шарттардың ережелерiн өрескел бұзып отырған Уағдаласушы Тараптың ЕурАзЭҚ органдарының жұмысына қатысуы Мемаралықкеңестiң шешiмiмен тоқтатылуы мүмкiн. Егер бұл Уағдаласушы Тарап өзiнiң мiндеттемелерiн бұзуды жалғастырып отырса, Мемаралық кеңес өзi белгiлейтiн күннен бастап оны Қоғамдастықтан шығару туралы шешiм қабылдай алады.
ЕурАзЭҚ жанындағы байқаушының мәртебесi кез келген мемлекетке немесе халықаралық мемлекетаралық (үкiметаралық) ұйымға тиiстi өтiнiшi түскен жағдайда берiлуi мүмкiн.
Байқаушының мәртебесiн беру, тоқтату немесе жою туралы шешiмдi Мемлекетаралық Кеңес қабылдайды.
Бақылаушылар:
- Армения Республикасы;
- Молдова Республикасы;
- Украина.
ЕурАзЭҚ шеңберiнде:
- Мемлекетаралық Кеңес (Мемаралықкеңес);
- Интеграциялық комитет;
- Парламентаралық Қауымдастық (ПАҚ);
- Қоғамдастық Соты жұмыс iстейтiн болады.
Мемаралықкеңес 1996 жылғы 29 наурыздағы Экономикалық және гуманитарлық салалардағы интеграцияны тереңдету туралы шартпен және 1999 жылғы 26 ақпандағы Кеден одағы мен Бiртұтас экономикалық кеңiстiк туралы шартпен құрылған интеграциялық басқару органдарының қызметiн тоқтату туралы шешiмдi қабылдайды.
Мемлекетаралық Кеңес пен Интеграциялық Комитетте төрағалық етудi орыс әлiппесiнiң тәртiбiмен Қоғамдастыққа мүше әрбiр мемлекет бiр жыл бойы алма-кезек жүзеге асыратын болады.
Қоғамдастықтың басқа да органдарында төрағалық ету тәртiбi тиiстi ережелермен белгiленедi.
Мемлекетаралық Кеңес ЕурАзЭҚ-тың жоғары органы болып басшылары және үкiметтерiнiң басшылары кiредi.
Мемаралықкеңес қатысушы мемлекеттердiң ортақ мүдделерiне байланысты Қоғамдастықтың қағидатты мәселелерiн қарайды, интеграцияны дамытудың стратегиясын, бағыты мен келешегiн белгiлейдi және ЕурАзЭҚ-тың мақсаттары мен мiндеттерiн iске асыруға бағытталған шешiмдер қабылдайды.
Мемлекетаралық Кеңес Интеграциялық Комитетке тапсырмалар бередi, Парламентаралық Қауымдастыққа сұрау салады және ұсыныстар жасайды, Қоғамдастық Сотына сұрау салады.
Мемаралықкеңес өзiнiң шешiмдерiмен Қоғамдастықтың қосымша органдарын құра алады.
Мемаралықкеңес жылына кем дегенде бiр рет мемлекет басшылары деңгейiнде және жылына кем дегенде екi рет үкiмет басшылары деңгейiнде бас қосады. Мәжiлiс Мемаралықкеңесте төрағалық ететiн Уағдаласушы Тарап өкiлiнiң басшылығымен өткiзiледi.
Мемаралықкеңес жұмысының функциялары мен тәртiбi ЕурАзЭҚ-қа қатысушы мемлекеттердiң басшылары деңгейiнде Мемаралықкеңес бекiтетiн Ережемен белгiленедi.
Интеграциялық Комитет ЕурАзЭҚ-тың тұрақты жұмыс iстейтiн органы болып табылады.
Интеграциялық Комитеттiң негiзгi мiндеттерi:
- ЕурАзЭҚ органдарының өзара iс-қимылын қамтамасыз ету;
- Мемаралыккеңес мәжiлiстерiнiң күн тәртiбi және оларды өткiзудiң деңгейi жөнiнде ұсыныстар, сондай-ақ шешiмдердiң және құжаттардың жобаларын әзiрлеу;
- ЕурАзЭҚ-тың бюджетiн қалыптастыру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу және оның орындалуына бақылау жасау;
- Мемаралықкеңес қабылдаған шешiмдердi iске асыруға бақылау жасау.
Интеграциялық Комитет өзiнiң мiндеттерiн орындау мақсатында:
- Мемлекетаралық Кеңес берген өкiлеттiктер шегiнде шешiмдер қабылдайды;
- жыл сайын Қоғамдастықтағы iстiң жай-күйi және оның мақсаттары мен мiндеттерiн iске асырудың барысы туралы баяндаманы, өзiнiң қызметi туралы, сондай-ақ ЕурАзЭҚ бюджетiнiң орындалуы туралы есептi Мемаралықкеңеске ұсынады;
- Қоғамдастықтың мақсаттарына қол жеткiзуге бағытталған шараларды, оның iшiнде тиiстi шарттардың жасалуын әрi Уағдаласушы Тараптардың нақты мәселелер бойынша бiрыңғай саясат жүргiзуiн қарайды және тиiстi ұсыныстар әзiрлейдi;
- Мемаралықкеңеске ұсыныстар жасауына, Парламентаралық Қауымдастыққа және Уағдаласушы Тараптар үкiметтерiне ұсыныстар айтып, сұрау салуына, Қоғамдастық Сотына сұрау салуына құқығы бар.
Интеграциялық Комитет құрамына Уағдаласушы Тараптар үкiметтерi басшыларының орынбасарлары кiредi. Интеграциялық Комитеттiң Төрағасы Мемаралықкеңестiң мәжiлiстерiне қатысады.
Интеграциялық Комитеттiң мәжiлiсi кем дегенде үш айда бiр рет өткiзiледi.
Интеграциялық Комитет мәжiлiстерiнiң арасындағы кезеңде Қоғамдастықтың ағымдағы жұмысын қатысушы мемлекеттер басшылары тағайындайтын, ЕурАзЭҚ жанындағы Уағдаласушы Тараптардың Тұрақты өкiлдерiнiң (Тұрақөкiлдер) комиссиясы қамтамасыз етедi.
Мемлекетаралық Кеңес пен Интеграциялық Комитеттiң жұмысын ұйымдастыру және оларды ақпараттық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету Интеграциялық Комитеттiң Хатшылығына (Хатшылық) жүктеледi.
Хатшылықты Интеграциялық Комитеттiң ұсынысы бойынша Мемлекетаралық Кеңес үш жыл мерзiмге тағайындайтын Бас хатшы басқарады.
2. ЕурАзЭҚ құру туралы шартта белгіленген жарғылық органдардан басқа Қоғамдастық шеңберінде салалық комиссиялар, өзара іс-қимылдың әртүрлі салалары бойынша ЕурАзЭҚ кеңестері мен көмекші органдары, соның ішінде мыналар жұмыс істейді:
- Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты құру туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің Орталық (ұлттық) банктері басшыларының кеңесі;
- Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің Шекара мәселелері бойынша кеңесі;
- ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитеті жанындағы Салық қызметі басшыларының кеңесі;
- ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитеті жанындағы Кеден қызметі басшыларының кеңесі;
- ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитеті жанындағы Көлік саясаты жөніндегі кеңес;
- ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитеті жанындағы Энергетика саясаты жөніндегі кеңес;
- ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитеті жанындағы Әділет министрлерінің кеңесі;
- ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитеті жанындағы Әлеуметтік саясат жөніндегі кеңес;
- ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитеті жанындағы Ауыл шаруашылығы министрлерінің кеңесі;
- ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитеті жанындағы Кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу жөніндегі комиссия;
- ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитеті жанындағы Техникалық реттеу, ветеринарлық, санитарлық және фитосанитарлық талаптар жөніндегі комиссия;
- ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитеті жанындағы экспорттық бақылау саласындағы өзара іс-қимыл жөніндегі комиссия;
- ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитеті жанындағы ЕурАзЭҚ мүше мемлекеттердің ішкі рыногын қорғау жөніндегі комиссия;
- ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитеті жанындағы Құнды қағаздар нарығын реттеу жөніндегі уәкілетті органдардың басшылары кеңесі;
- ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің Қаржы-экономикалық саясаты жөніндегі кеңес.
Сондай-ақ Сақтандыруды қадағалау және сақтандыру қызметін реттеу органдары басшыларының кеңесін құру жоспарлануда
Мемлекетаралық Кеңес "мүдделi Уағдаласушы Тараптың дауысын алып тастағандығы мәмiле" қағидаты бойынша қабылданатын мүшелiктi тоқтату туралы немесе Қауымдастықтан шығару туралы шешiмдердi қоспағанда, барлық шешiмдердi мәмiлемен қабылдайды.
Интеграциялық Комитетте шешiмдер 2/3 көпшiлiк дауыспен қабылданады. Егер шешiмдердi қабылдауға Уағдаласушы Тараптардың төртеуi дауыс берсе, бiрақ сонымен бiрге ол 2/3 көпшiлiк дауысты жинамаған жағдайда мәселе Мемаралықкеңестiң қарауына жiберiледi. Әрбiр Уағдаласушы Тараптар дауыстарының саны оның Қоғамдастық бюджетiндегi жарнасына сәйкес келедi және:
- Беларусь Республикасы - 20 дауысты;
- Қазақстан Республикасы - 20 дауысты;
- Қырғыз Республикасы - 10 дауысты;
- Ресей Федерациясы - 40 дауысты;
- Тәжiк Республикасы - 10 дауысты құрайды.
ЕурАзЭҚ органдарының шешiмдерiн Уағдаласушы Тараптар ұлттық заңнамаларға сәйкес қажеттi ұлттық нормативтiк-құқықтық актiлердi қабылдау арқылы орындайды.
Қоғамдастық шеңберiнде қолданылып жүрген басқа да шарттарды және ЕурАзЭҚ органдарының шешiмдерiн iске асыру бойынша Уағдаласушы Тараптардың мiндеттемелерiнiң орындалуына бақылау жасауды Қоғамдастықтың органдары өздерiнiң құзыреттерi шегiнде жүзеге асырады.
ЕурАзЭҚ органдарының қызметiн қаржыландыру Қоғамдастықтың бюджетi есебiнен жүзеге асырылады.
Интеграциялық Комитет мүше мемлекеттердiң келiсiмi бойынша әрбiр бюджеттiк жылға Қоғамдастықтың бюджетiн жасайды және оны Мемаралықкеңес бекiтедi.
Қоғамдастықтың бюджетiнде тапшылық болуы мүмкiн емес.
Қоғамдастықтың бюджетi Тараптардың үлестiк жарналары есебiнен мынадай шәкiлге сәйкес құрылады:
- Беларусь Республикасы - 20 %;
- Қазақстан Республикасы - 20 %;
- Қырғыз Республикасы - 10 %;
- Ресей Федерациясы - 40 %;
- Тәжiк Республикасы - 10 %.
Қоғамдастық бюджетiнiң қаражаты:
- ЕурАзЭҚ органдарының қызметiн қаржыландыруға;
- Қоғамдастық шеңберiнде өтетiн Уағдаласушы Тараптардың бiрлескен iс-шараларын қаржыландыруға;
- басқа да мақсаттарға бағытталады.
Егер Уағдаласушы Тараптардың бiреуiнiң ЕурАзЭҚ бюджетiнiң алдындағы қарызы оның жылдық үлестiк жарнасының баламалық сомасынан асқан жағдайда ол қарызын толықтай өтегенге дейiн Қоғамдастық органдарында дауыс беру құқынан айырылады. Оның тиiстiлiгiндегi дауыс қалған Уағдаласушы Тараптар арасында олардың Қауымдастық бюджетiндегi жарналарына тепе-тең бөлiнедi.
3.ЕурАзЭҚ қызметінде басым бағыттардың санына жақын келешекте мыналар жатады:
- Көлік – бірегей тарифтер проблемасын шешу, жүк ағынын арттыру, кеден процедураларын жеңілдету, қол қойылған келісімдер бойынша мемлекет ішілік процедураларды аяқтау, трансұлттық көлік-экспедиция корпорацияларын құру.
- Энергетика – Орталық Азияның гидроэнергетикалық кешендерін бірлесіп игеру және электр энергиясымен және су пайдаланумен жабдықтар проблемаларын шешу, бірегей энергетикалық балансқа шығу.
- Еңбек көші-қоны – қоныстанушыларды әлеуметтік қорғау, еңбек ресурстарының көшуін реттеу мен бақылаудың нақты жүйесін құру, қоныстанумен ілесе жүретін қылмыспен күрес, қоныстанушылар және олардың жұмыс берушілерінің салық төлеуімен байланысты проблемаларды шешу.
- Аграрлық-өнеркәсіптік кешен – ЕурАЗЭҚ мемлекеттерінің ауылшаруашылық саясатын келісу, Қоғамдастық елдерінің бірыңғай азық-түлік нарығын қалыптастыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға, сатуға, сақтауға шығындарды азайту, осы салада жаңа нарық институттарын (сақтандыру, банктік, лизингтік, биржалық және т.б.) құру.
Еуразиялық экономикалық қоғамдастық – ТМД кеңістігіндегі ең дамыған аймақтық бірлестіктердің бірі. Аталған аймақтық бірлестік жұмысына қатысу Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтарының бірі болып табылады.
Дәріс №2.Өзін-өзі тексеру сұрақтары
1. ЕурАзЭҚ қызметінің негізгі кезеңдері. Азаматтық алу тәртібі.