2013-2014 оқу жылы
Ата – анамен жұмыс
ТАҚЫРЫБЫ:
«Отбасындағы сүйіспеншілік – рухани құндылықтардын негізі»
Жиналыс 2 бөлімнен тұрады. Теориялық бөлім және практикалық бөлімде «Сынып жетекші және ата ана» деген тренинг өткізу. (Тіркеу кезінде қатысушыларға 3 түсті: қызыл, сары, жасыл бағдарламалар ұсынылады. Олар осы бағдарламалардың ішінен қалауы бойынша біреуін таңдап алады. Содан кейін олар сондай түсті шар тұрған үстелге отыруға тиіс. Осылайша қатысушылар өздігімен 3 топқа бөлініп отырады. Бұлай отырғызу практикалық бөлімдегі топтық ойындар ойнатуға өте ыңғайлы).
Жиналыстың ашылуы
Тыныштық сәті
Сәлемдесу «Адамшылық белгісі – иіліп сәлем бергені»
Жүргізуші: «Құрметті қатысушылар. Әлемде сәлемдесудің көптеген түрі бар екендігін білесіздер. Сәлемдесу қарапайым бас изеуден бастап, хал-жағдайды сұрасуға дейін күрделенуі мүмкін. Бүгін мен сіздерді сәлемдесудің мына бір жаңа түрімен таныстырғым келіп отыр. Олай болса, біздің сәлемдесу шеңберіне қош келдіңіздер! Қазір әр қайсыларыңыз қолдарыңызды созып, ортада тұрған ыдыстан кішкентай шырақ шамдарды және ұсынылып тұрған қағаздардың біреуін таңдап алыңыздар». Қатысушылар ортада тұрған шырақ шамдарды және ұсынылып тұрғанның ішінен бір-бір қағаздан алады.
«Қағаздарыңызды ашыңыздар. Байқасаңыздар, қағаздарда сөздер жазылған. Ендеше қазір барлығымыз, кезектесе отырып, ортадағы шырақ шамнан от алып, қағаздағы сөдерді мұқият және нық оқимыз. Қандай интонациямен оқимыз десеңіздер өз еріктеріңізде».
Қағаздарда жазылатын сөздер үлгісі:
«Мен сүйкімді . . . (көп нүктенің орнына өз есіміңізді қосыңыз). Барлықтарыңызға . . . (көп нүктенің орнына кімнің отбасы екеніңізді қосыңыз) ЖАЛЫНДЫ СӘЛЕМ!!!».
Сәлемдесу рәсімі аяқталғаннан кейін, қатысушылар өз орындарына отырып, теориялық бөлімді тыңдауға ыңғайланады.
Теориялық бөлім: «Жалпыадамзаттық құндылықтар - рухани адамгершілік білімнің негізі»
Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп,қалыптасады.
Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады.
Н.Ә.Назарбаев
5. Оқып, талдап, ғибрат қыл.
-Мен қазір сіздерге әңгіме оқып беремін, мұқият тыңдаңыздар. (Баяу музыка ойналады.)
Ертеде бір кісі баласын әбден есіртіп,еркелетеді. Өсе келе тілі удай ащы, есерсоқ, бейәдеп жігіт атанады. Жұрт безердей болғандықтан, оның қасына ешкім жүрмеуге тырысады.
Әкесі әбден ойланып, мынадай айла жасайды. Баласын шақырып алып, бір жалпақ тақтай береді. Күніне қанша адамды ренжітсең, мына тақтайға сонша шеге қақ дейді. Бірінші бала тақтайға 37 шеге қағады.
«Балам,өзіңді тежеп ұстап, шегеңді азайтуға тырыс» депті. Баласы әкесінің сөзін тыңдап, азайта отырып, бір күні ешкіммен ұрыспайтын, шеге қақпайтын да күнге жетіпті. Сол күні әкесі былай деп ақыл айтады:
«Енді балам, ешкіммен ұрыспайтын болдың. Бір адамды қуантқанда бір шегеден суырып отыр». Бала әкесінің сөзін орындауға тырысып, тақтайдағы шегені де күндердің бір күнінде таусыпты. Әкесі қуанып «Балам мен сені дұрыс адам болмайтын шығар деп қорқып едім. Міне өзіңді өзің тәрбиеледің, жақсы адам болып жолға түстің. Бірақ балам, мына тақтайға қарашы,бұрынғысындай тегіс әдемі емес. Беті шұрық тесік. Сен қанша кешірім сұрасаң да олар қанша кешірдім десе де кезінде айтылған сөздерді қалай өшіресің? Бәрібір ол жүректің түбінде қалады ғой. Әрине, бұл күндердің әркіммен бір ұрысып жүргеннен жақсы. Бірақ бұл саған өмірлік сабақ болсын, тіліңе ие бол», -дейді.
Қай ұлт баласын қалай тәрбиелейді?
Әр елдің балалары бір-біріне ұқсамайды. Оларға берілетін тәрбие әрқилы болса да, бала атаулыға бірдей нәрселер қажет. Олар: туған отбасы, ұядай жылы үй, ата-анасының қамқорлығы мен сүйіспеншілігі. Сонымен, әлем балаларының елдеріне саяхат жасап көрелік.
Швецияның балалары. Швед отбасылары балаға сәби кезінен жеке тұлға ретінде қарап, еркін тәрбиелеуге тырысады. Қатаң жазалауларға тыйым салынған, тіпті мұны бұл елде қылмыс, деп есептейді. Сондықтан, әрбір шведтік бала әке-шешесі өзіне қол жұмсаса, полицияға хабарлауға құқылы. Мұндай кезде ата-аналарға әкімшілік тарапынан жаза қолданылады.
Жапонияның балалары. Жапонияның көптеген мектептерінде асхана жоқ. Балалар түскі астарын үйден арнайы ыдысқа салып әкеледі. Ал, мұғалімдер болса, балалардың үйден әкелген тамақтары денсаулыққа зиян емес пе, соны мұқият қадағалайды. Сол себепті, жапон аналары арнайы сабақтарға қатысады. Ол жерде баланың ағзасына қажетті дәрумендер тамақпен сіңу үшін, қандай ас әзірлеу керек және қалай даярлау керектігін түсіндіріп, үйретеді.
Үндістан балалары. Үндістер балаларын қатаң ұстайды. Оларда ата-ана мен бала арасындағы достық қарым-қатынасты өте сирек кездестіресіз. Балалар кішкентай кезінен бастап ата-анасының таңдауына, қалауына мойынсұнып өседі. Сондықтан, ержеткенде немесе бойжеткенде әке-шешесі кімді қалайды, сол адаммен бас қосады.
Германияның балалары. Германия мектептерінде міндетті түрде экскурсиялық сабақтар ұйымдастырылады. Бұл - ежелден қалыптасқан жүйе. Мысалы, мұғалім бүгін шоколад туралы, оның құрамы жөнінде сабақты түсіндірсе, онда ертенінде балалар шоколад музейіне немесе фабрикаға саяхат жасайды. Олар фабрикада өнімнің қалай жасалып жатқанын өз көздерімен көріп, біледі.
Ауғанстан балалары. Баланың дүниеге келгені, әсіресе ұл баланың өмір есігін ашқаны ауғандықтар үшін - үлкен қуаныш. Ауқатты тұратын отбасылар ұлан-асыр той жасайды. Ауылдарда той үстінде «ат байлар» ұлдың құрметіне барабан қағылып, аспанға қарумен оқ атылады.
Қытайдың балалары. Дао уағызшыларының бала туралы өсиеті әрбір қытай бүлдіршініне аңыз болып айтылады. «Балаға тәтті жеуді ұсынғанда, ол барлығын алудан ақылдылықпен бас тартады. Неге деген сұраққа: «Мен әлі кішкентаймын, сондықтан маған аз ғана бөлігі жетеді», деп түсіндіреді. Баланың осы қылығын барлық қытай перзентіне үлгі етеді, баламыз қанағатшыл, мейірімді, адамгершілігі жоғары болып өссін, дегені.
Франция балалары. Француздардың ежелгі дәстүрі бойынша бала дүниеге келмей тұрып, оның тәрбиесімен айналысуды қолға алу керек. Көбінесе, сәби өмірге келген соң, ол ата – анасымен ауылда болады. Балақай екі-үш жасқа дейін өзінің ата-бабасы қоныс тепкен ауылда болып, сол жердің суын ішіп, ауасын жұтып өседі.
Бразилия балалары. Бразилияда баланы ұл немесе қыз бала, деп бөле-жармай, бірге тәрбиелегенді жөн санайды. Сол себепті, бес жасқа дейін ер балалар мен қыз балалар бірге асыр салып ойнайды. Ал, бес жастан кейін ғана олар қыз бала мен қыз баланың, ұл бала мен ұл баланың достасуына мүмкіндік жасайды.
Румын балалары. «Үлкендерге құрмет көрсету керек», «ата-ананы жақсы көріп, сыйлай білу керек», сонымен бірге «әрқашан әділ болу» керек. Мұндай өнегелі сөздерді румындықтар балаларына үнемі үйретіп отырады. Ата-әжелері немерелеріне ата-бабаларының тарихын баяндап, румын халқына тән салт-дәстүрлердің берік сақталуына, бағалануына және мұның бәрі тәрбие арқылы іске асуына күшін салады.
Лаос балалары. Лаостықтар балаларын өздері тікелей тәрбиелегеннен гөрі бауырлары, туыстары, басқа да жақындарының ықпалы арқылы әсер етіп, өсіргенді дұрыс көреді. Балалары ержетіп үйленер жасқа жеткенде де осы әдісті қолданады. Яғни, ата-анасы туыстары арқылы сөзін жеткізіп, балаларына үйленуге рұқсат береді.
АҚШ балалары. Жергілікті педагогика «әрбір бала өз бетінше өмір сүріп үйрене алу керек» деген ұстанымды қолданады. Сондықтан, американдық ата-аналар балаларының қалауына қарсы шыға алмайды. Олар мейрамханаға, коктейлге, тіпті түнгі клубқа барамын, десе де, ата-аналар ертіп апарады.
Африка балалары (Масай тайпасы). Масайлықтардың өздерінше өмір сүру кестесі жасалып қойылған. Он бес жасында ұлдар «маран» атанады. Бұл - әскери шен. Яғни, ол - осы жасынан тайпаны қорғаушы ержүрек азамат. Отыз жасында отбасын құрады және бала-шағасын асырау үшін, өз алдына табын-табын мал бағады. Қырық бес жасында жастарды тәрбиелеумен айналысады, сонымен бірге тайпа халқы үшін жауапты шешімдер қабылдайды. Ал, алпыс жасында тайпаның «рухани көсемі» болады.
Атам қазақ былай дейді:
Балаңды 5 жасқа дейін патшаңдай еркелет.
5 жастан 15 жасқа дейін құлыңдай жұмса,
Ал, 15 жастан бастап құрдасыңдай сырлас
Халық даналығы
Жалпыадамзаттық құндылықтар туралы айту (мысалдар келтіру)
ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ
Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады.
Абай
Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі.
Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайтындай. Өйткені ата-ананың балаға деген тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алар емес. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» – деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындатып тұр емес пе?
Отбасы мүшелерінің жас шамасы әр түрлі болса да, олардың арасында бір-бірімен рухани жақындығы, мақсат ынтымақтастығы бар.
Атақты қазақ ақыны Қасым Аманжолов өзінің жарына арнаған бір өлеңінде:
Отбасы – шағын мемлекет,
Мен – президент, сен – премьер, дегені бар. Шынында, отбасы – ол да бір шағын мемлекет. Әр мемлекеттің өзіне тән өндірісі мен өнім бөлісі, сыртқы және ішкі саясаты, кіріс-шығыс бюджеті, қастерлеп ұстанатын рәміздері, т.б. болатыны сияқты, әр отбасы болмыс-тіршілігінің де соған ұқсас жақтары бар, оның жаратылысы да басшылық пен қосшылықты қажет етеді. Сондықтан отбасының құрылымына зор маңыз беріліп, мәнін қорғаған, отбасының ар-намысын сақтауға, сырын шашпауға, мүшелерін бір-біріне қатысты адалдыққа тәрбиелеген. «Отан отбасынан басталады» деген сөздің мәнісі де осында.
Ата-ана өз отбасын нығайта отырып, сонымен бірге оның мүшелерін үй болуға, өз шаңырағын көтеруге әзірлеуі басты әрі өте жауапты міндет болып саналады. Жас отаудың түтіні түзу шығып, махаббат пен тату-тәттілік, береке-бірлік орын тепкен жылы ұяға айналуы, босағасы берік, болашағы нұрлы болуы көбіне-көп жас жұбайлардың үлкен үйде алған тәрбиесі, көрген өнегесіне байланысты.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда, соны ілерсің», «Анасына қарап, қызын ал», - деп, халық бәрін бастан кешіп, сынақтан өткізгендіктен айтқан.
Қазақ отбасында әуелі әке, содан кейін шеше, бұлар – жанұя мектебінің ұстаздары болады. Әке мен шешенің баласына қоятын ең бірінші басты талап-тілектері – баланың «әдепті бала» болып өсуі.
Сондықтан қазақ жанұясы әрдайым: «Әдепті бол, тәрбиесіздік етпе, көргенсіз болма» деген сияқты сөздерді балаларының құлағына құйып өсірген.
Қазақ отбасында өз баласын мейірімділікке, имандылыққа баулып өсірген. Үнемі жанұясында осылай тәрбие көрген бала ақырында, өздігінен тіл алғыш, адал, тиянақты, ұқыпты болып шыға келеді.
Отбасының ұйытқысы, берекесі, мейір-шапағат көзі - әйел. Әйелдің бұл рөлі отағасының жамағатына, бала-шағаның анаға деген сүйіспеншілігімен, қамқорлығымен, ана жанын қас-қабағынан, жанарынан танығыштықпен нығая, биіктей береді. Әрине, әйел де өзінің аналық борышын ұмытпағанда, әсіресе, ерімен қабағы жарасып, тату – сүйіспеншілікте тұрғанда мәртебесі арта түспек.
Әйелдің еріне қарым-қатынасы балалардың әкеге көзқарасының сипатын анықтайтыны берік есте болуға тиіс. Мұның өзі, бір жағынан, үй ішіндегі әдептің бастау көзі екені анық. Демек, балалар үшін әке беделі аналарының сөзі, іс-қимылы, қас-қабағы арқылы қалыптасады. Мысалы, ерлі-зайыптылар балалар көзінше бір-біріне қатты, балағат сөздер айтыспақ түгіл, дауыс көтеріп, керісуге тиіс емес. Олай еткенде, өз беделдерін жоғалтудың, бала – шағаның жүрегін шошытып, зәресін ұшырудың үстіне, олардың жанына кейін өздері үй болғанда, алдарынан шығатын жаман әдеттің ұрығын егеді.
Бұл жағынан аналардың балаларға: «әкеңмен ақылдас», «әкең біледі», «әкеңнің айтқанын істе» т.б. сияқты дәстүрімізде бар сөздерді айтып отыруы қандай ғанибет! Атақты «Абай» эпопеясында халқымыздың осыған орайлас қадірлі дәстүрін танытатын мынадай бір тағылымды эпизод бар. «...Семей қаласында үш жыл оқып, жайлаудағы әке үйіне күн кешкіре жеткен, 13 жасар шәкірт бала – Абай аттан түскен бетте, амандасу үшін, шешеге қарай жүреді. Сонда ақылды да байсалды ана Ұлжан: «Әй балам, анда әкеңдер тұр, әкеңе барып, сәлем бер!» – дейді. Бір сәтке балалық сезім жеңіп, қателік жіберіп алғанын түсінген жас Абай кілт бұрылып, ортасында әкесі Құнанбай бар шеткерірек тұрған оқшау топқа қарай адымдай жөнеледі».
Практикалық бөлім
Сынып жетекші мен ата аналардан құралған 3 топ жұмыс жасайды
ІІІ Аңыз – жұмбақ
1) «Философ және көбелек» аңыз
1) Бір заманда керемет бір философ өмір сүрген екен. Ол барлық сұрақтарға жауап айта алатын болыпты. Оның даналығын сынап көргісі келген бір жігіт былай деп ойлапты: «Егер мен қолыма тірі көбелекті салып алып, оған барып сұрасам: менің қолымда тірі ме, әлде өліме деп ол маған не айтар екен? Егер ол «тірі» десе, мен көбелекті алақанымда қысып өлтіріп тастаймын, ал егер ол «өлі» десе мен оны босатып қоя беремін».
Сөйтіп ол өз ойын іске асырмақшы болып, қолына көбелекті қысып алып барған екен. Сонда оның сұрағына философ не деп жауап берді?
Жұмбақтың жауабы:
«Барлығы өз қолында»
2) «Екі егіз ағайын» жұмбақ
Сіз жолмен келе жатып, жолдардың қиылысына келіп тоқтайсыз. Мұнда екі жол болады: біріншісі – Сізді қарақшыларға алып келеді, екіншісі – қалаға. Сіз әрине қарақшылардың қолына емес, қалаға барғыңыз келеді. Тура қиылыста екі ағайын күзетшілер тұрады. Олар бір-бірінен еш бір айырмашылығы жоқ егіздер. Сырт пішіндерінен оларды айыру мүлдем мүмкін емес. Ең қызықтысы, олардың біреуі - өмірі шындықты айтпайтын өтірікші, ал екіншісі - өтірік айта алмайтын адал адам. Сіз олардың қайсысы шынайы сөйлейтіні, ал қайсысы өтірікші екенін айыра алмайсыз. Сізде осы екі ағайындының кез келгеніне (қалауыңыз бойынша) бір ғана сұрақ қоятын мүмкіндігіңіз бар. Оның үстіне, олар сұраққа қысқаша ғана «иә» немесе «жоқ» деп жауап береді де, қайтадан үндемей қалады. Қалаға түсу үшін күзетшілерге қандай сұрақ қоюға болады?
Жұмбақтың жауабы:
Сұрақ: «Сенің ағаң, мына жол қалаға апарады деп айта ала ма?» Бұл кезде Сіз «мына жол» дей тұрып, кез келген бір жолға сілтеп, көрсетіп тұрасыз. Бұдан әрі 4 жауап нұсқасын қарастыру қажет.
1 нұсқа: сіздің алдыңызда шыншыл жігіт және сіз дұрыс жолды таңдап тұрсыз. Бұл кезде ол «ЖОҚ» деген жауапты айтады, өйткені оның ағасы - өтірікші, сізге өтірік айтар еді.
2 нұсқа: сіздің алдыңызда өтірікші жігіт және сіз дұрыс жолды таңдап тұрсыз. Онда сіз «ЖОҚ» деген жауапты естисіз, өйткені оның шыншыл ағасы «ИӘ» деп айтар еді.
3 нұсқа: сіздің алдыңызда шыншыл жігіт және сіз қарақшыларға апаратын жолды көрсетіп тұрсыз. Бұл жағдайда сіз «ИӘ» деген жауапты естисіз, өйткені ол өзінің өтірікші ағасы үшін сөйлеп тұр.
4 нұсқа: сіздің алдыңызда өтірікші жігіт, ал сіз қарақшыларға апаратын жолды көрсетіп тұрсыз. Сіз «ИӘ» жауабын естисіз, өйткені оның шыншыл ағасы сізге «ЖОҚ» деген болар еді.
Яғни, біз қаланы көрсетіп, «ЖОҚ» деген жауапты естісек – бұл жол қалаға әкеледі деген сөз. Ал егер біз «ИӘ» деген жауап естісек, онда бұл жол қарақшыларға апаратын жол болғаны.
3 аңыз «Екі қасқыр»
Баяғыда ата бабаларымыз жас ұрпаққа аңыз әңгімелер айтып отырады екен. Бір данышпан адам немересін алдына отырғызып, «Екі қасқыр» деген аңызды айтып отыр: Адамның ішінде өмір бойы екі қасқыр тартысып өмір сүреді екен. Біреуі ылғи ақ ниетпен жақсы істерге баулыса, екіншісі тек жамандыққа итермелейді екен.
Ата сонда қай қасқыр жеңеді? деп сұрақ қойыпты тізесінде отырған немересі.
Данышпанның жауабы қандай болды?
IV «Отбасы құндылықтарының паровозы»
Әр бір топқа бір-бір ақ парақ беріледі. Қатысушылар берілген тақырып бойынша параққа бір ауыз өз ойларын жазулары керек. Жазылған ой қазіргі шақта және әңгіменің жалғасы ретінде болып кетуі тиіс.
Мысалы, «. . . Мен сол кезде өз отбасымды қаншалықты қатты жақсы көретінімді түсіндім және оларға жетуге асықтым . . . ». Міндетті түрде, әрбір ойыншы өз ойын жазғаннан кейін, қағазды бүктеп, жауып береді. Келесі ойыншы алдыңғы ойыншының не жазғанын білмеуге тиісті. Яғни топтағы ойыншылар бір-бірімен ақылдаспай, бір әңгіме жазып шығулары керек.
Соңынан әр бір топтың әңгімесі оқылады.
V Топтық шығармашылық жұмыс «Менің отбасым»
Әке тобына: отбасындағы әкенің ролі
Ана тобына: отбасындағы ананың ролі
Бала тобына: отбасындағы баланың ролі
VІ «Музыкалық сәлемдеме»
Әр бір топқа таңдау бойынша отбасы туралы өлең жолдары ұсынылады.
1 әке туралы ән айту
2 ана туралы ән айту
3 бала туралы ән айту
VІІ Рефлексия: «Еркін микрофон» айдары бойынша
Әр бір топтан қалауы бойынша қатысушылар шығып, өз ойын білдіреді, алған әсерлерімен бөліседі. Қағазга жазып ілуге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |