«Жылымды ауылының негізгі орта мектебі» КММ
«Қиын балалармен жұмыс істеу және оларды қайта тәрбиелеу жолдары»
(Баяндама)
Педагог-психолог: З.М.Бекишова
2021-2022 оқу жылы
«Қиын балалармен жұмыс істеу және оларды қайта тәрбиелеу жолдары»
«Адамның баласын заман өсіреді. Кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі кінәлі» деп Абай атамыз айтқандай, бала тәрбиесіне бәріміз де: мектеп, ұстаз, ата-ана, қоршаған орта, қоғам жауаптымыз. Ата-бабаларымыз бізден бұрын бала психологиясын танып, адамның жан дүниесіне үңіле білген. Ал, бұл қасиет дәл қазіргі уақытта бізге өте қажет: баланың ішкі дүниесіне үңіле білу, жан-сезімін түсініп, ұғыну, оған көмектесу. Мысалы, «Балаңды 5-7 жасқа дейін патшадай сыйла, 10-15-ке дейін құлша жұмса, 15-17 жасынан ақылға-ақыл қосар дос, жолдасыңдай сыйла»деген ғибаратты баланың даму психологиясын жас ерекшеліктеріне қарап, сипаттап, саптап бөліп қойғандай. Осы кезеңдердің бірінен аттап кетсек тәрбиенің күрт бұзылуы даусыз.
Орта білім дамыту тұжырымдамасында «Қоғамымыздың ірге тасын нығайту мақсатында ең алдымен адамгершілік, ізгілік, имандылық тәрбиесін көркейту керек» делінген. Бұл үшін психология, педагогика ғылымдарының жетістіктерін пайдалана отырып, нарықтық экономикаға сай дені сау, ұлттық сана – сезімі жоғары, рухани ойлау дүниесі биік, мәдениетті, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттері қалыптасқан Қазақстан азаматын тәрбиелеу- міндетіміз.
Осынау өмірдегі әрбір жасөспірімге тән қасиет яғни, көңілінің қамауы – ешкімге бағынышты болмай, қатар-құрбыларымен бірге ойнап, бірге күліп, ішкі жан сырларын да бірге бөлісіп, балалық бал дәуренін көңілді өткізу. Ол сондай-ақ тіршілік көшіне үлескісі келіп, жеке басы үшін әрқандай қам-қаракет жасайды, өзін болашаққа бағыттайды. Осындай ұмтылыс әрбір жас жеткіншектен көрінгенімен, оның сапалық дәрежесі әркімде әр түрлі болады. Мысалы, қиын балалардың болашаққа ұстанған бағыты басқа жасөспірімдерден өзгешелеу болып келеді. Тәрбиесі «қиын» балалар әдетте өмір тәжірибесінің таяздығынан, көп ретте ерік-күшінің аздығынан, берік қалыптаспауынан кездескен қиыншылықты жеңе алмай, тағдырдың тәлкігіне түсіп кете барады.
Тәрбиесі «қиын» балалардың пайда болуына бірден-бір себепші болатын және жағымсыз жағдай туғызатын – отбасы тәрбиесі. Оның бастылары: - біріншіден, баланың күнделікті жүріс-туыстарын қадағаламау; оның көзінше арақ-шарап ішу, дау-жанжал, ұрыс-керіс туғызу;
екіншіден: тәрбиенің көзі- баланы киіндіру, тамақтандыру, мұң-мұқтажын қамтамасыз ету деп санаушылық;
үшіншіден, жастайынан еңбектену әдет-дағдыларын қалыптастырмау. Оқушының жан дүниесіне көңіл аудармау, отбасындағы ажырасу және жаңа адамның отбасы мүшесі болып енуі де себеп болады.
Отбасындағы тәрбиеден кеткен кемшіліктер мектеп жағдайында одан да бетер шиеленсе түсетіндігі айқын. Себебі мектепте де баланың жеке басын силамай, әкімшілік көрсету баршылық. Мектеп мұғалімдері мен қиын балалардың қарым-қатынастары «қиын» айтуымен, ұрысу ар-ожданына тию тәрізді. Педагогикаға жат әрекеттермен сипатталады.
Мұғалімдер мен қиын балалардың арасындағы қарым қатынастар жүйесіндегі кемшіліктерді төмендегіше топтан өткізуге болады.
Мораль белгілерімен заң нормаларын ұстамауға бейімділігі бар оқушыларды алдын-ала айқындай алмау. Мұғалімдердің кейбіреулері оқушының дара ерекшеліктеріне, адамгершілік тәрбиесі нормасынан ауытқу себептеріне толық көңіл аудармаған. Ұжым арасындағы қарым қатынастардағы кемшіліктерді жоймау, балалардың бос уақыттарын нәтижелі ұйымдастырмаудан деп санаймын.
Тәрбиесі «қиын» оқушылармен тіл таба алмай, яғни жеке педагогикалық ықпалдар жасай алмаудан барып, педагогтық этикаға жатпайтын тәсілдері: ұрсу, әрбір қылықтарын талдауға алу, орынсыз жазаламау, қандай бір жөнсіз «әрекеттер» болсын оны сол балаға жабу, кемсіту т.б. қолдану, дұрыс қолданылмаған шара жас өспірімдердің ыза кегін туғызып, қарсылық көрсетеді.
Кейбір педагогтердің кәсіптік деңгейлерінің төмен болуы және психологиялық тұрғыдан балалармен жұмыс жүргізуге дайындығының жеткіліксіздігі, өз пәндерінен білімдерінің таяздығынан, тәрбие жұмыстарын ұйымдастырумен өткізуде методикалық шеберліктер дәрежесі төмен болуы себеп болған.
Қиын оқушылардың проблемаларын шешуде оқушылардың психологиялық-педагогикалық ерекшеліктерін педагогтер білулері қажет. Себебі, қандай бір педагогикалық ықпалдар жасалмасын олар баланың ішкі жан дүниесімен сабақтасып жатуы тиіс.
Оқушыларға ықпал жасайтын басты тұлғалардың бірі- сынып жетекшілері. Сынып жетекшілері жүйелі жоспар құрып, шәкірттермен ақылдаса ата-аналармен бірлесе жұмыс істеген жағдайда ғана үлкен нәтижелерге ие бола алады. Сондықтан ол әр уақытта оқушыларының күшті және әлсіз жақтарын ескеріп, нәтижелеріне жүйелі салыстырулар жүргізіп, нақты талдау жасап отыру тиіс. Ең бастысы әрбір ұстаз өзі атқаратын тәлім тәрбие ісін ғылыми тұрғыдан ұйымдастырып, шәкірттерін жан-жақты білуге ұмтылған дұрыс. Оқушылардың тәрбиелік деңгейі нақты анықтау үшін үздіксіз жұмыс істеу керек. Бұл ретте ұстаз оқушылардың тәрбиелілігін көрсететін саналылығы, адамгершілігі мен имандылығы, эстетикалық талғамы, танымдық даму дәрежесі, қызығуы, қоршаған ортаға, өнерге бейімділігін тағы басқа ескеруі керек.
Сынып жетекшілері туралы әдістемелік хатта: Сынып жетекшісі әр уақытта оқушылардың жаңа ұжымын қабылдай отырып, ең алдымен отбасының бала тәрбиелеу шарттарын зерттейді делінген. Сондықтан тәрбиешінің ең бірінші міндеті – балалар өсіп тәрбиеленетін ортаны зерттеу. М. Дулатов «Жақсы білім үйрету емес, біліммен бірге жақсы тәрбиені қоса беру керек.» деген.
Жас ұрпақ тәрбиесі бір пәс босаңсуды, бейғамдықты көтермелейтін тіршілік тынымсыздықтың аса өзекті тетігі болғандықтан ешқашан күн тәртібінен түскен емес. «Бір баланы адам етіп өсіргенше, бір шаһар опат болады» дейді ертеден келе жатқан көнелер сөзі. Осы салыстырудың өзі-ақ баланың шынайы мәніндегі «Адам» болып қалыптасуы қыруар уақыт пен еңбекті қажет ететін аумағы кең , жауапкершілігі мол күрделі процесс екенін ұқтырса керек.
Қазіргі таңда тәрбиесі «қиын» балалар мәселесі қатты алаңдатып отыр. Ахмет Байтұрсынов айтқандай (балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін ұлт қайдан болсын.)
«Қиын» оқушылардың ерекшеліктері. Ең біріншісі олардың дара ерекшеліктерін зерттеу қажет.
Темпераменті, жыныс және жас ерекшеліктері (физиологиялық ерекшеліктері)
Адам дамуындағы психологиялық процестерінің кейбір дербес ерекшеліктері ( ес, қиял, ерік, түйсіну, эмоция қабылдау және ойлау биологиялық ерекшеліктері)
Баланың күнделікті тәжірибесі, білімі, әдет-дағдысы, іскерлігі мен ептілігі.
Жеке адамның жалпы бағыт-бағдары мен адагершілік қадір-қасиеттерінің бірлігі .
Қиын бала туралы жалпы мәлімет, отбасындағы тәрбие жағдайы, сыныптастарының қиын балаға қатысы, қиын оқушының оқуға, еңбекке айналасындағы адамдармен өзіне қарым қатынасы.
Қоғамымызда жыл өткен сайын қылмыс жасаушылардың жасы жасарып, нашақорлық, жезөкшелік, девиантты тәртіптегі балалар саны өсіп отыр. Сондықтан қазір жалпы білім беретін мектепте «қиын» баланы қайта тәрбиелеу мәселесі – аса өзекті педагогикалық әрі әлеуметтік проблемаға айналды.
«Қиын» бала ұғымын барлығымыз естіп жүрміз, бірақ бұл терминнің артында не жатыр? Қоғамдық тәртіп сақшылары үшін – ол тәртіп бұзушы, мұғалім үшін – ол басқа оқушыларға жағымсыз әсер ететін «шартсыз көшбасшы», тәрбиеші үшін – ол белсенді, бағынбайтын сотқар бала. Бұл баланы қалай түзетеміз? Бұл орайда еліміздің осы кезеңдегі әлеуметтік педагогтары «қиын» бала тәрбиесі төңірегінде мектептің тәрбие ісінде басшылыққа алуына болатындай бірсыпыра оң ұсыныстар беруде.
Атап айтсақ, олар:
оқушы баладағы құндылық бағдарының мазмұнын анықтау;
отбасы тұрмысындағы қарым –қатынастарды , сәтсіздіктерді, бала тәртібін қадағалаудағы ата-ананың іс-әрекеттерін зерделеу;
баланың сабақтан тысқары уақытын қадағалау;
баланың шартсыз топтарға қатысуын, ондағы көшбасшылық деңгейін зерттеу;
баланың девиантты тәртібінің себептерін анықтау;
«қиын» баланың пайда болу себебін әлеуметтік педагогикалық тұрғыдан анықтап алу;
«қиын» балаға көмек көрсету үшін мақсатты және жүйелі түрде тәрбие жұмысын жүргізу және т.б.- Ал орыс халқының ұлы педагогі әрі өз кезеңінің шебер тәрбиеші- ұстазы А. С. Макаренконың әрбір жасөспірімнің өзіндік жас ерекшеліктеріне сай жеке қайта тәрбиелеу әдісі бұл күндері мектептегі тәрбие ісінде ерекше орын алады. Ол әр сынып жетекшісіне, тәлімгерге төмендегідей ақыл –кеңес береді;
Қиын баланың пайда болу себеп-салдарын білу және әрбір оқушының өзіндік ерекшеліктерін, тәрбие жағдайын анықтау;
Мінез құлқында аз да болса оң өзгеріс байқалса, соны дамытып, өрбіту, яғни теріс қылықтарына өзін қарсы қойып, өзін қайта тәрбиелеуге дайындау;
Отбасы тәрбиесіндегі кемшіліктерді жою, ата-ана мен бала арасындағы қатынасты жүйеге түсіру;
«қиын» баланың ынта ықыласын, талап-тілегін, қызығушылығын ескеріп, қоғамдық пайдалы еңбектерге қатыстырып, тапсырмаларды бар зейінімен орындауға бетбұрыс жасату;
өзін - өзі қайта тәрбиелеуге қабілеті жететініне сенімін арттыру, жеке басын құрметтеуге үйрету, барша оқушыға біркелкі талаптар қою, педагогикалық ынтымақтастық қатынаста болу.
Аталған әдістемелік ұсыныстарды басшылыққа алып, біз мектептегі «қиын» баланы қайта тәрбиелеу ісі бойынша ұжымның алдында төмендегідей әлеуметтік педагогикалық талаптар қойдық:
Әр «қиын» балаға арналған күнделік жүргізу. Күнделікте «қиын» баланы қайта тәрбиелеуді қажет ететін қылықтары есепке алынады: баланың әр сабақтағы белсенділігі, себепсіз босатқан сабақтары, ата-анасының, сынып жетекшісімен, пән мұғалімдерімен, сыныптағы жолдастарымен қарым – қатынасы, пәндер бойынша үлгерімі және сабақтан тыс уақытты пайдалануы, өз қызығушылығы бойынша үйірмеге қатысуы.
Педагогикалық кеңесте және әдістемелік бірлестіктер мәжілістерінде «қиын» бала мәселесін жүйелі түрде қарастыру. Арнайы әлеуметтік педагогикалық шешім шығарылады және хаттама жеке жазылады. Шешімнің орындалуын мектеп директоры қадағалайды.
Оқу жылының аяғында педагогикалық кеңесте жеке қайта тәрбиелеудің нәтижесі талданады, жіберілген кемшіліктерді жою жолдары қарастырылады. Келесі оқу жылына қайта тәрбиелеу жұмысының жоспары жасалады.
Тәрбиесі қиын оқушыны болдырмау мақсатында біздің мектепте «Бұзақылықтың алдын алу кеңесі» жұмыс атқарады. Кеңестің төрайымы, мүшелері сайланады. Жұмыс жоспары мектептің орналасқан ауданының қиындықтарын ескеріп жасалады. Кеңестің мақсаты: оқушының есепке алынуының себептерін анықтау, қиындықты шешу жолдарын көрсету, бұзақылықтың алдын алу шараларын ұйымдастыру. Кеңес айына бір рет немесе қажетіне қарай екі рет отырыс өткізеді. Кеңесте оқушының құжаттары қаралып, шешім қабылдағаннан кейін бала мектепішілік есепке алынады. Есепке алынған оқушыға көмек көрсету, алға тарту, қиындықты жеңу жолдарын көрсету мақсатында сынып жетекшісі осы оқушы үшін тәлімгер болып тағайындалады.
Достарыңызбен бөлісу: |