2021-2022 оқу жылын аяқтау және орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды қорытынды аттестаттаудан өткізу мерзімдерін бекіту туралы
«Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 14) тармақшасына сәйкес, сондай-ақ меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан орта білім беру ұйымдарында 2021-2022 оқу жылын ұйымдасқан түрде аяқтау мақсатында БҰЙЫРАМЫН: 1. Оқу жылын аяқтаудың мынадай мерзімдері бекітілсін:
1) меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан орта білім беру ұйымдарында оқу сабақтарының аяқталуы – 2022 жылғы 25 мамыр;
2) 9 (10) сынып білім алушыларының қорытынды бітіру емтихандары – 2022 жылғы 28 мамыр – 6 маусым аралығы;
3) 11 (12) сынып білім алушыларының мемлекеттік бітіру емтихандары – 2022 жылғы 27 мамыр – 10 маусым аралығы.
2. Қорытынды аттестаттауды өткізудің мынадай мерзімдері бекітілсін:
9 (10) сынып білім алушылары үшін санитарлық талаптарды сақтай отырып:
1) қазақ/орыс/ұйғыр/өзбек/тәжік тілі (оқыту тілі) бойынша эссе нысанында жазбаша емтихан, гуманитарлық цикл пәндерін тереңдетіп оқытатын мектептер үшін - жазбаша жұмыс (мақала, әңгіме, эссе) – 2022 жылғы 28 мамыр;
2) математика (алгебра) бойынша жазбаша емтихан (бақылау жұмысы) – 2022 жылғы 31 мамыр;
3) орыс/өзбек/ұйғыр/тәжік тілдерінде оқытатын сыныптардағы қазақ тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан (мәтінмен жұмыс, мәтін бойынша тапсырмаларды орындау) және қазақ тілінде оқытатын сыныптардағы орыс тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан (мәтінмен жұмыс, мәтін бойынша тапсырмаларды орындау) – 2022 жылғы 3 маусым;
4) таңдау пәні (Физика, Химия, Биология, География, Геометрия, Қазақстан тарихы, Дүниежүзі тарихы, Әдебиет (оқыту тілі бойынша), Шет тілі (ағылшын/француз/неміс), Информатика) бойынша жазбаша емтихан - 2022 жылғы 6 маусым;
11 (12) сынып білім алушылары үшін санитарлық талаптарды сақтай отырып:
1) алгебра және анализ бастамаларынан жазбаша емтихан – 2022 жылғы 27 мамыр;
2) қазақ/орыс/ұйғыр/тәжік/өзбек тілі (оқыту тілі) бойынша жазбаша емтихан – 2022 жылғы 30 мамыр;
3) Қазақстан тарихынан ауызша емтихан – 2022 жылғы 2 маусым;
4) орыс/өзбек/ұйғыр/тәжік тілдерінде оқытатын мектептерде/сыныптарда қазақ тілі және әдебиетінен және қазақ тілінде оқытатын мектептерде/сыныптарда орыс тілі және әдебиетінен жазбаша емтихан – 2022 жылғы 7 маусым;
5) таңдау пәні (Физика, Химия, Биология, География, Геометрия, Дүниежүзі тарихы, Құқық негіздері, Әдебиет, Шет тілі (ағылшын/француз/неміс), Информатика) бойынша жазбаша емтихан - 2022 жылғы 10 маусым.
3. Білім алушыларды қайта қорытынды аттестаттау санитарлық талаптарды сақтай отырып, орта білім беру ұйымдары айқындаған мерзімде өткізіледі.
4. Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармалары, сондай-ақ республикалық орта білім беру ұйымдары осы бұйрықтың, «Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, оларды аралық және қорытынды аттестаттауды өткізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы № 125 бұйрығының (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5191 болып тіркелген) талаптарына сәйкес 2021-2022 оқу жылын аяқтауды қамтамасыз етсін.
5. Білім сапасын арттыру және пандемия, шектеу шаралары кезеңінде жіберілген білімдегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында 1-8,
10-сыныптарда білім алушылар үшін 2022 жылғы 26 мамырдан бастап
17 маусым аралығында Жазғы мектепте оқыту ұйымдастырылсын.
6. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармаларына орта білім беру ұйымдарының 11 (12) сыныптарының білім алушылары үшін, республикалық орта білім беру ұйымдарының 9 (10), 11 (12) сыныптарының білім алушылары үшін емтихан тапсырмаларын 2022 жылғы 21 мамырға дейін жеткізуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
3) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 2), 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
7. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министріне жүктелсін.
8. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.