Артериялар(грекше “arteria” – “тыныстық түтік”) – оттекпен тотыққан қанды жүректен алып шығып, денедегі мүшелер мен ұлпаларға тарататын қантамырлар.
Атлант (атлас) (грек аңыздарында айтылатын өз иығымен аспанды көтеріп тұратын өте алып Атланттың атымен аталған) – алғаш рет бауырымен жорғалаушыларда пайда болған бассүйекпен тікелей байланысып тұратын бірінші мойын омыртқаның атауы. Оны қазақ тілінде ауыз омыртқа деп атайды.
Ацинус(латынша “acinus” – “жидек”, “түйіршік”) - өкпенің ұсақ бронхиолдар мен альвеолдарынан түзілген, әрі құрылымдық, әрі қызметтік бірлігі.
Базальды ядро (грекше “basis” – “негіз”, “”nucleibasalis, “nucleus” – “ядро”) – омыртқалы жануарлардың алдыңғы миының үлкен ми сыңарларының қалың ақ затының ішінде шоғырланып жататын сұр заттың жиынтығы. Оны кейде қыртысасты ядролар немсе базальды ганглиялар деп те атайды. Базальды ядро қозғалыстың үйлесімді болуын және көңіл-күй жағдайларының қалыптасуын қамтамасыз етеді.
Веналар (латынша “vena” – “қантамыр”) – көмірқышқыл газымен тотыққан қанды, зат алмасу өнімдерін, гормондарды және т.б. заттарды мүшелерден және ұлпалардан жүрекке қарай тасымалдайтын қантамырлар.
Вентральды(латынша “venter” – “құрсақ”) – дененің құрсақ тұсы деген ұғымды білдіреді.
Гемиартроз (грекше “hemi” – “жартылай”, “arthron” – “буын”) – сүйектердің бір-бірімен жартылай буындық байланысы.
Гипоталамус(грекше “hypo” – “асты”, “төменгі тұсы”, “thalamus” – “бөлме”) – организмнің вегетативтік қызметі мен көбеюін реттейтін және жүйке мен эндокриндік аппараттың өзара тоғысатын аралық мидың бөлімі. Г. шығу тегі жөнінен мидың ерте пайда болған бөліміне жатады. Ол барлық хордалы жануарларда болады. Ал, сүтқоректі жануарларда гипоталамус өте жақсы дамыған.
Гипофиз(грекше “hypophysus” – “өскін”, “өсінді”) – мидың төменгі қосалқы бөлімі деп саналады. Ол омыртқалы жануарлар мен адам миының негізінде орналасқан ішкі секреция безі.
Гормондар (грекше “hormo” – “қоздырамын”, “қозғалтамын”) – ішкі секреция бездерінен және организмдегі арнайы клеткалар шоғырынан бөлініп, мүшелер мен ұлпалардың үйлесімді жұмыс атқаруына әсер ететін биологиялық белсенді заттар.