Оқу орыс тілдерінде жүретін мектептердегі қазақ тілі мұғалімдері үшін жалпы білім беретін мектептердің МҰҒалімдеріне арналған оқУ-Әдістемелік қҰрал бақылау диктанттары



бет2/3
Дата15.09.2017
өлшемі0,65 Mb.
#32382
1   2   3

БАҚЫЛАУ ДИКТАНТТАРЫ
8 - сынып

Қазақ тілі пәні бойынша 8-сыныпқа арналған алғашқы бақылау жұмысы.


Мақсаты: Оқушылардың сауаттылығын, грамматикадан 7 – сыныпта алған білімдерін тексеру

Тұсаукесер тойы


Тұсаукесер тойы сәби тәй-тәйлап жүре бастағанда өткізіледі. Алдымен, тұсаукесер күні белгіленеді. Тұсаукесер тойына арнайы қонақтар шақырылады. Жиналған көпшілік арасынан сәбидің тұсауын кесетін адамды тағайындайды. Ол адамның жүрісі жылдам, қимылы тез, епті кісі болу керек. Тұсау кескен адамға сәбидің тұсауына байланысты арнайы «тұсаукесер» сыйлығы беріледі.

Жақсы тілектер айтылады. Тұсауын кесетін адам ала жіпті кеседі. Тұсауы кесілген соң, сәбиді екі адам ортаға алып шығып, тез-тез жүргізеді. Осы кезде «Тұсаукесер» жыры шырқалады.

(71 сөз) («Қазақтың салт-дәстүрлері»)

Лексика-грамматикалық тапсырмалар:


ІІІ деңгей. Берілген сөйлемдегі сөздерді сөз құрамына қарай талдаңдар:

Тұсаукесер тойы сәби тәй-тәйлап жүре бастағанда өткізіледі.

ІІ деңгей. Морфологиялық талдау жасаңыздар.
І нұсқа. Тұсаукесер тойына арнайы қонақтар шақырылады.

ІІ нұсқа. Тұсаукесер тойына арнайы қонақтар шақырылады


І-деңгей. Отбасы туралы мақал-мәтел жазыңдар.

Қазақ тілі пәні бойынша 8-сыныпқа арналған І тоқсандық бақылау жұмысы.


Мақсаты: Оқушылардың сауаттылығын, грамматикадан алған білімдерін тексеру

Ата-ана
Дәстүрлі қазақ отбасында ата-ана ерекше құрметтелген. Әр ұл мен қыз ата-анаға мәңгі қарыздар. Ұрпақтары бұл адамдарды айрықша сыйлауға, құрметтеуге тиіс. Оларға қарсы келуге, ренжітуге, айтқанын орындамауға болмайды. Әсіресе, ананың жолы мүлде бөлек. Ананың ақ сүті адам баласы үшін аса қасиетті. Ананың өз балаларына «ақ сүтімді ақтады» деуі үлкен баға.

«Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да қарызынан құтыла алмайсың» деген сөз бар. Ата-ана балаларының тәлім-тәрбиесіне қаншалықты жауапты болса, балалар да кейін әке-шешелеріне қартайған шағында қамқорлық жасауға міндетті.

(80 сөз)


(Интернет желісінен)

Лексика-грамматикалық тапсырмалар:

III деңгей
1. Мәтіндегі сөйлемдерге сұрақтар қойыңдар.

2. Бірінші сөйлемдегі жұрнақтарды ажыратыңдар.


II деңгей


  1. Берілген сөйлемге синтаксистік талдау жасаңдар.

І нұсқа. Әр ұл мен қыз ата-анаға мәңгі қарыздар.

ІІ нұсқа. Ананың ақ сүті адам баласы үшін аса қасиетті.


I деңгей

«Ата - ана» мәтінін әрі қарай өз ойларыңнан жалғастырып жазыңдар.

Қазақ тілі пәні бойынша 8-сыныпқа арналған аралық бақылау жұмысы.
Мақсаты: Оқушылардың сауаттылығын, грамматикадан алған білімдерін тексеру.

Қонақты қарсы алу, күту рәсімі


Қазақ халқының әдеті бойынша сырттан келген жолаушы ат үстінде тұрып: - Үйде кім бар?- деп сұраған.

Егер таныс адам болса немесе қонақасы беруден қысылмайды-ау деп ойласа, атынан түседі. Содан соң сол үйдің жастары мен балалары қонаққа сәлем беріп қарсы алып, есік ашып, үйге кіргізеді. Қонақ үй ішіндегі адамдармен сәлемдеседі.

Қыздар мен келіндер көрпе жайып, қонақты құрметпен төрге отырғызады. Әдетте төрге жолы үлкен бас қонақ отырады. Қонақ шөлдеп келсе, қымыз береді. Содан кейін шай береді. Арнайы қонақ шақырғанда, сыйлы кісі келгенде қой сойған. Дастарқан басында домбыра тартады, ән салады.

(87 сөз) (Ш.Д. Әбдиевадан)


Лексика-грамматикалық тапсырмалар:
ІІІ деңгей. Мына сөздерге сөз тудырушы жұрнақ жалғап, сын есімдерді жасап, сөз тіркестер құраңдар.

Халық, адам, ой, бала.


ІІ деңгей. Сөйлемге синтаксистік талдау жасаңдар.

І нұсқа. Дастарқан басында домбыра тартады, ән салады.

ІІ нұсқа. Әдетте төрге жолы үлкен бас қонақ отырады.
І деңгей. «Қазақ халқының ұлттық тағамдары» атты әңгіме құрастыру.

Қазақ тілі пәні бойынша 8-сыныпқа арналған ІІ тоқсандық бақылау жұмысы.


Мақсаты: Оқушылардың сауаттылығын, грамматикадан алған білімдерін тексеру.

Менің Қазақстаным.

Менің Отаным- Қазақстан. Бұл ел Еуразияның орталығында орналасқан. Бұл-еркін адамдар елі. Қазақстан-таңғаларлық әдемі жер. Мұнда Іле Алатауы, Ертіс, Сырдария, Әмудария өзендері және шетсіз-шексіз дала жатыр.

Қазақстан әртүрлі халық өкілдері бейбіт тұрып жатқан ел. Еліміздің ұлан-байтақ даласында есепсіз байлық бар,бұл-сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер,пайдалы қазбалар. Біздің Қазақстанда Азия мен Европаның қалаларынан қалмайтын Астана,Алматы және Павлодар сияқты көрікті қалалар бар.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін,Астананы көшіру шешімі қабылданды. Қазақстанда жаңа астана пайда болды. Қаланың атауы жаңаша-Астана деп аталды.

( 85 сөз)

« Жаңа толқын» Астана-2007 жыл.

Лексика-грамматикалық тапсырмалар:


ІІІ-деңгей. Диктант мәтіні бойынша сұрақтар құрастырыңдар.

ІІ-деңгей. Берілген сөйлемдегі қарамен жазылған сөздерге морфологиялық талдау жасаңдар.

І нұсқа.

Бұл ел Еуразияның орталығында орналасқан.

ІІ нұсқа.

Еліміздің ұлан-байтақ даласында есепсіз байлық бар,бұл-сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер,пайдалы қазбалар.

І-деңгей. Отан, туған жер туралы жатқа өлең жазыңдар.

Қазақ тілі пәні бойынша 8-сыныпқа арналған ІІІ тоқсандық бақылау жұмысы.


Мақсаты: Оқушылардың сауаттылығын, грамматикадан тоқсанда алған білімдерін тексеру.

Есентай Ерботин

Есентай Ерботин 1940 жылы 13 қазанда Павлодар облысы Баянауыл ауданы Мәшһүр Жүсіп ауылында колхозшы шаруаның отбасында дүниеге келген. 1959 жылы онжылдық мектеп бітіріп, әскери қатарға шақырылған. Есентай Ерботин Қарағандыдағы педагогикалық институтың филология факультетін 1967 жылы бітіріп, біраз уақыт ауылда мұғалім болады.

Әдебиет мұғалімі Е.Ерботин енді өзін журналистика саласында байқап көргісі келеді де облыстық «Қызыл ту» газетінде және кейіннен Павлодар облысындағы Қазақ радиосының тілшісі болып жұмыс істейді.

Есентай Ерботин көптеген кітаптардың авторы, ақынның «Серік пен Берік», «Менің досым», «Далаға саяхат» сияқты шығармалары оқырмандарға таныс. Еңбектерінің бірі – «Балалар бала болғанда» атты жинағы

(85 сөз) (Интернет желісінен)


Лексика-грамматикалық тапсырмалар:


ІІІ деңгей. Мәтіннен бір-бірімен байланысты екі жай сөйлем алып, сол екеуінен бір сабақтас құрмалас сөйлем құрастырыңдар.
ІІ деңгей. Берілген сөздердің антонимін тауып, сөйлем құрастырыңдар.

І нұсқа. жиі, бітірді

ІІ нұсқа. Тұңғыш, дүниеге келу.

І деңгей. «Менің сүйікті жазушым» деген тақырыпқа эссе жазыңдар.

Қазақ тілі пәні бойынша 8-сыныпқа арналған ІV тоқсандық бақылау жұмысы.
Мақсаты: Оқушылардың сауаттылығын, грамматикадан алған білімдерін тексеру.

Дос көлі
Айнадай жарқырап Дос көлі жатыр. Көлдің суы мөлдір. Егер үйрек сүңгіп кетсе, судың астынан қайда бара жатқаны көрінеді. Көлдің батысында « Кең шалғын» сайы бар. Ол сайда жидек пен жуа өседі. Жуа мамырдың аяғында піседі. Сабағының жуандығы саусақтай. Піскен кезде,сабағының басы қоңырланады да,бүршік атады. Сол кезде оның қышқылтым дәмі, иісі қандай тамаша!

Жидек шілдеде піседі. Дәмі өте тәтті. Күн көрмей қалың шалғынның арасында өскен оның үлкендігі бармақтың басындай,түсі бозғылт. Ауыл адамдары жидекті шелектеп жинайды.

Сол күндер есіме түскенде,мен сені аңсап сағынамын, Досым!

( 85 сөз)

(С.Мұқанов), Алматы « Рауан» 1997 жыл,оқулық 10 сынып


Лексика-грамматикалық тапсырмалар:
ІІІ-деңгей. Диктант мәтінінен сын есімдерді теріп жазып, талдау жасаңдар.

ІІ-деңгей. Диктант мәтінінде берілген етістіктерді тұйық формада жазып,

2 сөзді септеңдер.

І-деңгей. Берілген сөйлемдегі қарамен жазылған сөздерге лексикалық талдау жасаңдар.

І нұсқа

Сол кезде оның қышқылтым дәмі,иісі қандай тамаша!



ІІ нұсқа

Күн көрмей қалың шалғынның арасында өскен оның үлкендігі бармақтың басындай,түсі бозғылт

Қазақ тілі пәні бойынша 8-сыныпқа арналған жылдық бақылау жұмысы.
Мақсаты: Оқушылардың сауаттылығын, грамматикадан тоқсанда алған білімдерін тексеру.

Электронды пошта

Электронды пошта – технология және оның қайта сілтеу бойынша ұсынылған қызметтері және компьютерлік желінің үлестірілуі бойынша алынған электрондық хабарламалар. Адамдар бүгінде электронды поштаны пайдаланады. Ол кәдімгі байланыс құралдарынан әлдеқайда ыңғайлы, әрі жылдам. Оған дүние жүзінің басты-басты электрондық байланыс агенттерінің бәрі қосылған. Онда да жеткізу қызметі, пошта жәшіктері, мекенжайлар мен хаттар бар. Электронды хат санаулы секундтар ішінде жеткізіледі.
Электронды поштаның пайда болуын 1965 жылы жатқызуа болады. Осы жылы Массачусетк – технологиялық институтының қызметкерлері Ноэль Моррис және То Ван Влек операциялық жүйесіне арналған MAIL бағдарламасын жазды.

(82 сөз) (Интернет желісінен)

Лексика-грамматикалық тапсырмалар:
ІІІ деңгей. Мәтінге сұрақтар құрастырыңдар.
ІІ деңгей. Берілген сөйлемді синтаксистік талдау жасаңыз.
І нұсқа. Адамдар бүгінде электронды поштаны пайдаланады.

ІІ нұсқа.Электронды хат санаулы секундтар ішінде жеткізіледі.

І деңгей.

«Интернет желісі не үшін қажет?» деген сұраққа өз ой ларыңды жазыңдар



БАҚЫЛАУ ДИКТАНТТАРЫ
9 - сынып

Қазақ тілі пәні бойынша 9-сыныпқа арналған алғашқы бақылау жұмысы.

Мақсаты: оқушылардың есте сақтау, ойлау қабілеттерін дамыту, тыңдай білу және сауатты жазуларын қадағалау.

Ана тілін білмеген – ақылы жоқ желікбас

Адамзат жаралғалы бері, ана тілі адамгершілік айнасы болып келеді. Ана тілі - әр халықтың өзінің төл белгісі. Өз халқына қызмет ету үшін, алдымен ана тілін жетік білу қажет. «Ана тілін білмеген- ақылы жоқ желікбас. Ана тілін сүймеген – халқын сүйіп жарытпас», - деген қанатты сөз бар. Бұл сөзді қырғыз ақыны Сарноғаев айтқан. Өз халқын сүйе білген адам өзге елді де сүйе біледі.

«Ақын болу – міндет емес, азамат болу - парызың», - дейді. Азаматтық дегеніміз – ана тілін ардақтау. Біздің халқымыз тілге кедей емес. Халқымыздың тілдік қоры өте бай. Тіліміздің байлығын ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тіл байлығы - рухани байлық.

(Қазақ тілі мен әдебиет журналы 5/2005, 92 сөз)

Лексика-грамматикалық тапсырмалар:

ІІІ деңгей.

Мәтіннен тәуелдік және септеулік жалғаулы сөздерді теріп жазып, оның жағы мен септігін анықтаңдар.

ІІ деңгей.

Берілген сөйлемге синтаксистік талдау жасаңдар.

1 нұсқа - Ана тілі - әр халықтың өзінің төл белгісі.

2 нұсқа - Өз халқын сүйе білген адам өзге елді де сүйе біледі.

І деңгей.

Ана тілі тақырыбына 4-5 мақал – мәтел жазыңдар.

Қазақ тілі пәні бойынша 9-сыныпқа арналған І тоқсандық бақылау жұмысы.

Мақсаты: Мемлекеттік білім стандартының орындалу барысын тексеру

Үлкенді сыйлау

Үлкенді сыйлау - қазақ халқының ата салты. Үлкенді сыйлау, ең алдымен, әке мен шешені сыйлаудан басталады. Өз отбасын, өз ата-анасын сыйламайтын ұл мен қыз басқа адамдарды да сыйлай алмайды. Ата-ана баланы дүниеге келтіріп, өмір береді, тәрбиелеп өсіреді, білім береді. Есейген бала ата-анаға қамқоршы болуға жараса – жігіт болғаны. Ата мен ананың қартайғанда бойынан күші қайтады. Бірақ олардың ақылы, көпті көрген тәжірибесі отбасына үлкен көмегін тигізеді. Ол үшін ата-анамен ақылдасып, олардың пікірін тыңдап отыру керек. Ата-ананы сыйлаған жастардың өз балалары да кейін соны қайталайды. Ата-ананың тәжірибесін бойға сіңіре білу – әр баланың парызы.

(9с. Қазақ тілі оқулығы.95 сөз)

Лексика-грамматикалық тапсырмалар:

ІІІ деңгей.

Мәтіннен етістіктерді теріп жазыңдар, олардың шағын анықтаңдар.

ІІ деңгей.

Белгіленген сөзге морфологиялық талдау жасаңдар.

І нұсқа: Ата-анасын сыйламайтын3 ұл мен қыз өзгеге де сыйлы болмайды

ІІ нұсқа: Ата-ананы сыйлаған жастардың өз балалары да кейін соны қайталайды3.

І деңгей. «Үлкенге- құрмет, кішіге-ізет» тақырыбына шағын әңгіме құрастырыңдар.

Қазақ тілі пәні бойынша 9-сыныпқа арналған ІІ тоқсандық бақылау жұмысы.

Мақсаты: оқушылардың есте сақтау, ойлау қабілеттерін дамыту, тыңдай білу және сауатты жазуларын қадағалау

Әбілхан Қастеев

Әбілхан Қастеев қазақтың тұңғыш кәсіби суретшісі, кескіндемешісі, қоғам қайраткері, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушысы. Ол 1904 жылы Талдықорған облысында туған. 1929 жылы Алматыға келіп, Хлудовтың студиясына қатысады, бейнелеу өнерінің негізін үйренеді. Әбілханның суретшілік мұрасы өте бай. Оның мыңнан астам туындылары бар. Қастеевтің суреттері табиғат, ескі және жаңа тұрмыс, халықтың өмірі, дәстүрі туралы.

Әбілханның Абайдың, Жамбылдың, Шоқанның кескіндерін жасады. Дарынды суретшінің қазақ халқының тұрмысын бейнелеген туындылары «Колхоз тойы»,, «Жайлаудағы радио», «Соңғы хабарлар», «Сүт фермасы», т.б. Көптеген суреттерінің бас кейіпкерлері – еңбек адамдары.

Әбілхан Қастеев 1973 жылы қайтыс болды. Алматыда оның атында көркемсурет училищесі және мемлекеттік көркем галереясы бар.

(Парасат журналы, 19-бет, 2012 жыл №9,96 сөз)

Лексика-грамматикалық тапсырмалар:

ІІІ деңгей. Бірінші сөйлемнен туынды зат есімдерді көшіріп, құрамына қарай талдаңдар.

ІІ деңгей. Мәтін мазмұны бойынша 3-4 сұрақ құрастырыңдар.

І деңгей. «Жергілікті суретшілер» тақырыбына шағын әңгіме жазыңдар.

Қазақ тілі пәні бойынша 9-сыныпқа арналған жартыжылдық бақылау жұмысы.

Мақсаты: оқушылардың есте сақтау, ойлау қабілеттерін дамыту, тыңдай білу және сауатты жазуларын қадағалау, грамматикадан алған білімдерін жүйелеу

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайы

Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер мұражайы 1992 жылғы 22 наурызда салтанатты түрде ашылды.

Мұражай экспозициясы 7 залда орналасқан: халық ауыз әдебиеті залы, көне түркі жазбалар ескерткіші залы, Бұқар жырау залы, ХХ ғасыр басындағы әдебиет, әдебиеттер достастығы залы, қазіргі заман әдебиеті залы, өнер залы.

Қазіргі кезде мұражайда 47 мыңнан астам экспонат бар. Жыл сайын мұражайды 32 мың келуші тамашаласа, 110 астам бұқаралық іс-шара, 260 тақырыптық дәріс, 320 мұражайға шолу дәрісі мен 100 көрме өткізіледі. Мектеп оқушылары мен студенттерге Павлодар өңірінің ақын-жазушылары шығармашылығына арналған мектеп бағдарламасымен сәйкестендірілген 50 астам тақырыптық дәрістер жүргізіледі.

(Интернет желісі. 96 сөз)

Лексика-грамматикалық тапсырмалар:

ІІІ деңгей.

Мәтіндегі сан есімдерді сөзбен жазып, түрлерін анықтаңдар

ІІ деңгей.

Берілген сөздерді қалау райда тәуелдеңдер.

1нұсқа – ашу 2 нұсқа – өткізу

І деңгей.

Мәтінге сүйене отырып диалог құрастырыңдар.

Қазақ тілі пәні бойынша 9-сыныпқа арналған ІІІ тоқсандық бақылау жұмысы.

Мақсаты: оқушылардың есте сақтау, ойлау қабілеттерін дамыту,тыңдай білу және сауатты жазуларын қадағалау

Теледидар.

Теледидар - телехабар бағдарламаларындағы бейне мен дыбыстық сүйемелдеудің радиосигналдарын күшейту мен түрлендіруге арналған теле, радиоқабылдағыш теледидар, түрлі-түсті, ақ ала, кескінді, стационарлы және тасымалды болып ажыратылады. Теледидардың негізгі ерекшелігі - бейне мен сүйемелдеуші дыбыс радиосигналдарын біруақытта күшейту және түрлендіру. Теледидар- ақпараттық, қоғамдық-саяси, көркем және музыкалық хабарлар, жедел ақпарат, бұқаралық ақпарат құралы болып табылады. 20 ғасырдың соңында теледидардың ертеден қолданылып келген кинескопты түрінің орнына, сұйық кристалды, плазмалы түрлері пайда болды. Сұйық кристалды теледидарлар кескін айқындылығының, сапасының жоғарылығы бойынша қолданыстағы теледидардың ең озық түрі болып саналады.

(Парасат журналы, 10-бет, №1, 2013 жыл, 87 сөз)

Лексика-грамматикалық тапсырмалар:

ІІІ деңгей. Мәтіндегі күрделі сөздерді теріп жазып, түрлерін ажыратыңдар.

ІІ деңгей. Берілген сөздердің синонимдік, антонимдік қатарларын жазыңдар

Күшейту, ақ, ерекшелігі, сұйық, пайда, озық.

І деңгей.

Мәтін мазмұнын ашатын 5 сұраулы сөйлем құрастырыңдар.

Қазақ тілі пәні бойынша 9-сыныпқа арналған ІV тоқсандық бақылау жұмысы.

Мақсаты: оқушылардың есте сақтау, ойлау қабілеттерін дамыту,тыңдай білу және сауатты жазуларын қадағалау

Тілшілер

Қазақ баспасөзі. Тұңғыш қазақ журналистері. Бүгін мұның бәрі де тарих.

Алғаш қазақ тілінде 1870 жылы 10 мамырда Тәшкенде «Түркістан уәлаяты» газеті шықты. Қазақтың алғашқы журналистері 1888 жылдары Омбыда шығып тұрған «Дала уәлаяты» газетінде жұмыс істей бастаған. Қазақтың тұңғыш журналистері: Ешмұхамед Абылайханов, Дінмұхамед Сұлтанғазин, Рахымжан Дүйсебаев деген кісілер болған.

Нағыз үлкен журналист Мұхамеджан Сералин еді. Ол «Айқап» журналын шығарған. Журнал қазақ өмірін насихаттайды.

Ахмет Байтұрсынов әйгілі «Қазақ» газетінің бас редакторы болды.

Әйелдер арасынан шыққан тұңғыш тілші Нәзипа Құлжанова болса, жастар газетін – Сара Есова, әйелдер журналын Ләзиза Серғазина басқарған.

Журналистердің қоғам өміріне сіңіретін еңбегі көп. Әлбетте, олар әрқашан халықпен бірге.

(98 сөз «Қазақ әдебиеті» газетінен)

Лексика-грамматикалық тапсырмалар:

ІІІ деңгей. Белгіленген сөзге морфологиялық талдау жасаңдар.

1 нұсқа. Алғаш қазақ тілінде 1870 жылы 10 мамырда Тәшкенде «Түркістан уәлаяты»3 газеті шықты.

2 нұсқа. Ахмет Байтұрсынов әйгілі «Қазақ» газетінің бас редакторы3 болды.

ІІ деңгей. Мына сөйлемдерге синтаксистік талдау жасаңдар.

1 нұсқа. Нағыз үлкен журналист Мұхамеджан Сералин еді. Ол «Айқап» журналын шығарған. Журнал қазақ өмірін насихаттайды.

2.нұсқа. Журналистердің қоғам өміріне сіңіретін еңбегі көп. Әлбетте, олар әрқашан халықпен бірге

І деңгей. Қазақ тілінде шығатын облыстық газеттер туралы шағын әңгіме құрастырыңдар.

Қазақ тілі пәні бойынша 9-сыныпқа арналған жылдық бақылау жұмысы.

Мақсаты: бағдарлама бойынша стандарт талаптарының орындалу деңгейін анықтау.

Мамандық таңдау.

Мамандық таңдау – әрбір мектеп бітіруші түлектің мақсаты. «Армансыз адам, қанатсыз құспен тең», - дейді халық. Барлық адам баласының арманы болады. Арманшыл адам болашақта дегеніне жете алады. Мамандық пен өнерді адам өз жүрегінің қалауымен, өз қабілетіне қарай таңдап алады. Мамандықтың түрі көп. Халық алдына шығып ән салатын әнші болу. Адам өмірінің арашасы болатын ақ халатты дәрігер болу. Шәкірттерді білімге жетелейтін ұстаз болу. Сөзбен өрнек салатын жазушы болу. Адам жас кезінен бастап өзінің жүрегі қалаған мамандығына қарай бейімделе бастайды. Өз бетінше ғалымдардың өмірімен танысады. Сондықтан бала шақ пен болашақ әрқашан үндесіп жатады. Болашаққа апаратын тура жол бала шақтан басталады.

(Ж.С. Қалиева. Диктанттар жинағы 2007ж. 96 сөз)

Тапсырмалар:

ІІІ деңгей.

Мына сөздерден жұрнақтар арқылы сын есім жасап, сөз тіркестерін құрастырыңдар.

І нұсқа.Адам, өнер, қабілет.

ІІ нұсқа. білім, бала, қанат.

ІІ деңгей.

Берілген сөйлемге синтаксистік талдау жасаңдар.

1 – нұсқа. Адам жас кезінен бастап өзінің жүрегі қалаған мамандығына қарай бейімделе бастайды.

2 - нұсқа. Болашаққа апаратын тура жол бала шақтан басталады.

І деңгей.

«Болашақ мамандығым» тақырыбына шағын әңгіме құрастырыңдар.



БАҚЫЛАУ ДИКТАНТТАРЫ
10 - сынып

Қазақ тілі пәні бойынша 10-сыныпқа арналған алғашқы бақылау жұмысы.

Мақсаты: 9-шы сыныптағы өтілген лексика-грамматикалық тақырыптарды оқушылардың қандай деңгейде игергенін тексеру.

Ақ қайың.

Ақ қайың, сұлу қайың – ол табиғат көркі ғана емес, үлкен шаруашылық маңызы бар, шипалық қасиеті де мол ағаш түрі. Қайыңның көктемгі шырынының қадір-қасиетін халық сонау ерте заманнан бері білген. Оны басы айналып, қаны азайған адамдар дәрі ретінде пайдаланған.

Көптеген елдерде қайың сөлін өндірістік, емдік мақсатта пайдаланады. Ал Қазақстанда ше? Шалқар даланың төсінде жайқала өскен қайыңдарды тек қана отын үшін, әр түрлі үй-жиһаздарын жасауға қажетті ағаш материалы үшін пайдаланады.

Қазақстан аймағында өсетін қайыңның көлемі сегіз жүз мың гектар жерді алып жатыр. Осы табиғаттың байлығын тиімді пайдалансақ, бұл халық шаруашылығына орасан зор пайда келтірер еді. (93 сөз)
(Ж. С. Қалиева «Учебная книга» Қарағанды 2005 111-бет.)
Лексика-грамматикалық тапсырмалар:

1.Мәтіндегі сөздердің септік жалғауларын ажыратыңдар.

2. Берілген етістікті үш жаққа қойып, келер, өткен шақта жіктеңдер:

I нұсқа – пайдалану (келер шақ) II нұсқа –білу (өткен шақ)

3. Сөйлемге синтаксистік талдау жасаңдар:Осы табиғаттың байлығын тиімді пайдалансақ, бұл халық шаруашылығына орасан зор пайда келтірер еді.

4. Мәтіннің мазмұнын ашатын 5 сұраулы сөйлем құрастырыңдар.

Қазақ тілі пәні бойынша 10-сыныпқа арналған І тоқсандық бақылау жұмысы.

Мақсаты: 1-тоқсан бойынша өтілген лексика-грамматикалық тақырыптарды оқушылардың қандай деңгейде игергенін тексеру.

Диктант

Ата-бабамыз отбасындағы тәрбие ісіне терең мән берген. Есі кіре бастасымен-ақ ұл мен қызды жеке дара тәртіп тезіне салып, өнегелі болуға үйреткен. Тілі шыға бастаған баланы шектен тыс шолжаңдатпай, байсалды, ұғымтал, тіл алғыш етіп баулыған. Әже тәрбиесінде өскендер – нағыз бақытты адамдар. Болашақ бастаулары соларда жатыр ғой. Әже тәрбиелеген бала ақылмен де, сезімтал және еңбекқорлығымен де ерекшеленіп тұрады.

Даламыз қандай кең болса, оның жазылмаған моральдік кодексі да сондай көп. «Балаңды бір жастан жеті жасқа дейін патшадай сыйла. Жетіден он беске дейін құлынша жұмса, одан соң өзіңе дос сана, ақыл-кеңес сұра» деген әр сөйлемде ұлағатты ұғым, астарлы ой жатыр. Осы даналық қағиданың философиялық мәні тым терең. (103 сөз)

Лексика-грамматикалық тапсырмалар:





Мәтіннен туынды сөздерді теріп жаз, оларды құрамына қарай талдаңдар.

2. Берілген сөйлемге синтаксистік талдау, асты сызылған сөзге

морфологиялық талдау жасаңдар:

I нұсқа –Дастарқанға ең алдымен нанды қой, өйткені нан – дәм басы.

II нұсқа – Нансыз өмір жоқ, сондықтан нанды жерге тастама, рәсуа етпе.

3. Ас, тағам туралы 3-5 мақал-мәтел жазыңдар.

Қазақ тілі пәні бойынша 10-сыныпқа арналған ІІ тоқсандық бақылау жұмысы.
Мақсаты: 2-тоқсан бойынша өтілген лексика-грамматикалық тақырыптарды оқушылардың қандай деңгейде игергенін тексеру.

Қаныш Сәтбаев.

Академик Қаныш Имантайұлының өмірі, қызметі, ғылыми еңбектері туралы біраз кітаптар бар. Бес томдық таңдамалы еңбектері 1967-1970 жылдары жарық көрді. «Өнегелі өмір» сериясында Мәскеуде «Сәтбаев» ғұмырнамасы орысша, кейін қазақша шықты. Ғылыми еңбектерінің көпшілігі минералдық ресурстарды зерттеуге арналған.

Сәтбаев еліміздің қай ұлтының өкілі болса да, бәріне адал қарайтын. Түрлі қиыншылықтарға мұңаюды білмейтін. Үнемі жылы жүзді, жан дүниесі кең, дарынды. Ірі ғалым соғыстың ауыртпалығына дұшар болып, Қазақстанға келген көптеген мамандар мен ғалымдарға рухани және материалдық көмек көрсеткен.

Қ.И.Сәтбаев құрметіне Жоңғар Алатауы жотасындағы мұздық пен шың аталған. «Сәтбаевит» минералы, «Академик Сәтбаев» гладиолус гүлі, кіші планеталардың бірі, Жезқазған облысында қала аталған. (96 сөз)

(Диктанттар жинағы 10-11 сынып. Қостанай 2004 8-бет.)

Лексика-грамматикалық тапсырмалар:


  1. Берілген сөздердің синонимін, омонимін жазыңдар.

І нұсқа: Белгілі, еңбек, жүз, аты.

ІІ нұсқа: Көмек, бас, кітап, жаз.



  1. Берілген құрмалас сөйлемге синтаксистік талдау жасаңдар:

I нұсқа – Сәтбаев еліміздің қай ұлтының өкілі болса да, бәріне адал қарайтын. II нұсқа –Ірі ғалым соғыстың ауыртпалығына дұшар болып, Қазақстанға келген көптеген мамандар мен ғалымдарға рухани және материалдық көмек көрсеткен.
3. «Қазақстанның белгілі ғалымдары»деген тақырыбынаэссе жазыңдар.

Қазақ тілі пәні бойынша 10-сыныпқа арналған жартыжылдық бақылау жұмысы.

Мақсаты:1, 2-тоқсан бойынша өтілген лексика-грамматикалық тақырыптарды оқушылардың қандай деңгейде игергенін тексеру.

Бата мен тілек

Бата мен тілек егіз қозыдай ұғым. Тілек дегеніміз – бата, бата – тілек. «Үйің құтты болсын», «Сапарың оң болсын», «Жақсы жатып жайлы тұрыңыз» деген тіркестерде бата да, тілек те бар.

Бата мен тілек – негізінен адам баласына жақсылық ойлау. Ол жас ұрпақты бірлікке, әділеттікке, адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелейді. Бата ризашылық тілек-ниетінің көрінісі ретінде айтылады. Сапарға шығарда жанашыр үлкен адамнан бата алады: «Сапарың оң болсын, сәтті жол болсын, басыңа бақ қонсын», т.б.Іштей тілеу әрбір адамның сеніміне де байланысты. Ол «құпияны» әркім біле бермейді. «Біреуге жамандық тілегенше, өзіңе амандық тіле» - дейді қазақ мақалы. Бата беруді үйрену өмірге өте қажет. (98 сөз)

(Диктанттар жинағы 10-11 сынып. Ж.С. Қалиева, Қостанай 2004. 26-бет)

Лексика-грамматикалық тапсырмалар:




  1. Сызбаға сәйкес сөз тіркесін теріп жазыңдар, олармен сөйлем құраңдар.

І нұсқа. Зат есім+етістік

ІІ нұсқа. Сын есім+зат есім




  1. Сөйлемге синтаксистік талдау жасаңдар: I нұсқа – Бата мен тілек жас ұрпақты бірлікке, әділеттікке, адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелейді. II нұсқа – Сапарға шығарда жанашыр үлкен адамнан бата алады.

3. «Бата, тілек» сөздерін пайдаланып құттықтау жазыңдар.

Қазақ тілі пәні бойынша 10-сыныпқа арналған ІІІ тоқсандық бақылау жұмысы.

Мақсаты: 3-тоқсан бойынша өтілген лексика-грамматикалық тақырыптарды оқушылардың қандай деңгейде игергенін тексеру.

Оқырманың мол, ұлағатың зор болсын, «Ұлан»!

«Ұлан» газетінің қалың оқырмандары мен жас тілшілері газеттің мерейлі мерекесін қарсы алды.

Газет шыға бастаған күннен бері жас буынның өмірдегі бағыт сілтер кеңесшісі, қол ұшын берер кеңесшісі, ой бөлісер сырласы болып келеді.

Талай-талай атақты еңбек адамдары, мәдениет пен өнер қайраткерлері, озық ойлы саясаткер мен ғалымдар осы газет арқылы дүние танып, қанаттанды.

С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Әуезовтен бастап, бүгінге дейінгі барлық атақты жазушыларымыз, Қ.Сәтбаев пен Ө.Марғұланнан бастап, бүгінге дейін барлық көрнекті ғалымдарымыз осы газет бетінде балаларға арналған көркем дүниелер, мақалалар жазды.

Газеттің бүгінгі жауапкершілігі мен парызы бұрынғыдан әлдеқайда зор. Ол білімді, іскер, қайратты ізбасарлар тәрбиелеуге көмектесуі шарт. (95 сөз)


(Өмірбаева К.О. Диктанттар жинағы – Ақтөбе – 2008 ж. 19-бет)

Лексика-грамматикалық тапсырмалар:




  1. Берілген етістіктерді есімшеге айналдырып септеңдер.

І нұсқа: Болады, таныды.

ІІ нұсқа: Жазды, бастады.



  1. Асты сызылған сөздерге морфологиялық талдау жасаңдар.

І нұсқа: Талай-талай атақты еңбек адамдары, мәдениет пен өнер қайраткерлері, озық ойлы саясаткер мен ғалымдар осы газет арқылы дүние танып, қанаттанды.

ІІ нұсқа:Газеттің бүгінгі жауапкершілігі мен парызы бұрынғыдан әлдеқайда зор


3. «Көп тілді білу – заман талабы»тақырыбына эссе жазыңдар.

Қазақ тілі пәні бойынша 10-сыныпқа арналған ІV тоқсандық бақылау жұмысы.

Мақсаты: 4-тоқсан бойынша өтілген лексика-грамматикалық тақырыптарды оқушылардың қандай деңгейде игергенін тексеру.
Диктант.
Мамандық таңдау - әрбір мектеп бітіруші түлектің мақсаты. «Армансыз адам, қанатсыз құспен тең», - дейді халық. Барлық адам баласының арманы болады. Арманшыл адам болашақта дегеніне жете алады. Мамандық пен өнерді адам өз жүрегінің қалауымен, өз қабілетіне қарай таңдап алады. Мамандықтың түрі көп. Халық алдына шығып ән салатын әнші болу. Адам өмірінің арашасы болатын ақ халатты дәрігер болу. Шәкірттерді білімге жетелейтін ұстаз болу. Сөзбен өрнек салатын жазушы болу. Адам жас кезінен бастап өзінің жүрегі қалаған мамандығына қарай бейімделе бастайды. Терең білім алуға талпынады. Өз бетінше ғалымдардың өмірімен танысады. Сондықтан да бала шақ пен болашақ әрқашан үндесіп жатады. Болашаққа апаратын тура жол бала шақтан басталады.(103 сөз)
(Диктанттар жинағы 10-11 Ж.С. Қалиева, Қостанай 2004. 32-бет)

Лексика-грамматикалық тапсырмалар:


1.Мына есімшені септеңдер:

I нұсқа – алған

II нұсқа – іздеген


  1. Берілген сөйлемдерді құрмалас сөйлемге айналдырып, оған синтаксистік талдау жасаңдар.

І нұсқа:Мамандықтың түрі көп, ... .

ІІ нұсқа: Шәкірттерді білімге жетелейтін ұстаз болу үшін, ... .

3. «Мен оқитын газет-журналдар» тақырыбына диалог жазыңдар.

Қазақ тілі пәні бойынша 10-сыныпқа арналған жылдық бақылау жұмысы.

Мақсаты:Оқу жылы бойы өтілген лексика-грамматикалық тақырыптарды оқушылардың қандай деңгейде игергенін тексеру.

Кедей ауылы.

Аршалының қалың құзының қақ ортасында отырған бір ауылға кез бола кеттік. Тау елін көргенім де осы еді, көзіме бір түрлі жат көрінді. Бас-аяғы екі-үш қора екен,үшеуі үш төбешіктің басында,бұзылған мол сықылданып тұр. Малдары қалай күн көретінін білмеймін,қора маңында бір шошақтан артық шөп көрінбейді. Оның өзіне де мал тісі тиген тәрізді емес, төңірегін талмен қоршай, төбесін таспен бастырып тастапты.

Не де болса,осы ауылдан ат шалдырып аттануға көңіліміз кетті. Ортада тұрған тас қораға қарай ойыстық. Жолдағы үйге-ақ түсе салайық деп едім,жолдасым болмады. Келген үйіміздің есік алдында қара кер ат байлаулы тұр.

Тер қатып қиналған мал тәрізді.Төрт аяғын бауырына алып бүріскен, қырып алар қызыл жоқ. Сүйегі арса-арса, дірдек-дірдек етеді. (112сөз)
(Ғ.Мұстафин)
Лексика-грамматикалық тапсырмалар:
ІІІ деңгей. Берілген сөздерге морфологиялық талдау жасаңдар

І нұсқа Келген үйіміздің есік алдында қара кер ат байлаулы тұр.

ІІ нұсқаҚасына біз де атымызды байлап,қораға ендік.
ІІ деңгей. Сөйлемге синтаксистік талдау жасаңдар.

І нұсқа Тау елін көргенім де осы еді, көзіме бір түрлі жат көрінді.

ІІ нұсқаМалдары қалай күн көретінін білмеймін,қора маңында бір шошақтан артық шөп көрінбейді.

І деңгей. Мәтінге сүйеніп «Туған жер», «Табиғат» тақырыптарына мақал-мәтелдер жазыңдар.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет