3. А. Тевкелев бастаған елшіліктің Кіші жүзде болуы. Қазақтардан ант алу үшін патша үкіметі Әбілқайырға 1731 жылғы көктемде Петербургтен А. И. Тевкелев бастаған елшілікті жіберді. Оған Кіші жүздің билеушілерін Ресейдің қол астына қалай өткізуі керектігі жөнінде жан-жақты нұсқау берілді. Кіші жүздің ат төбеліндей билеуші тобын қалағанынша дүние-мүлік беріп, тікелей сатып алу жағын да қарастырып көруді тапсырды. Ол үшін 1 миллион орыс рубліне дейін жұмсауға рұқсат етілді. Әбілқайырға императрица Анна Иоанновнаның атынан қымбат бағалы - болат қылыш, бұлғын ішік, екі түлкі тымақ, шүға маталар мен басқа да сыйлықтар беру көзделді. Бірақ оларды Құран ұстап, ант берілгеннен және құжатқа қол қойылғаннан кейін ғана тапсыру қарастырылды. Дипломатиялық тапсырмамен келгендердің құрамында башқұрттың ықпалды старшыны әрі батыры Таймас Шайымов та болды.
Бұл дипломатиялық тапсырмамен келген елшілік, сонымен қатар барлау мәліметтерін де жинауға - жер бедерін суреттеуге, қазақтардың тілі, әдет-ғұрпы және салт-дәстүрлері туралы мәліметтер жинақтауға тиіс болды. Елшілік сондай-ақ тұрғындардың империя қол астына өтуі қабыл алынған кездегі көңіл күйінің қандай болғанын да білуі тиіс еді. А. Тевкелевке қазақтардың ең жақын көрші халықтары туралы да деректер жинау тапсырылды.
Қазақ хандығын Ресейге қосып алуға деген ерекше мүдделіліктің болғаны Ресей императоры I Петрдің мына бір сөздерінен айқын аңғарылады. Ол былай деп жазған еді: «Бір миллион, сомға дейін қыруар көп шығын жұмсайтын болсақ та, оны тек бір жапырақ қағаз арқылы Ресей империясының құрамында ұстау керек, өйткені ол, қырғыз-қайсақ ордасы... бүкіл Азия елдерінің қақпасын ашатын кілт». 4. Әбілқайыр ханға қарсы оппозицияның қалыптасуы. Кіші жүздегі ақсүйектердің едәуір бөлігі Ресейдің қол астына өтуге үзілді-кесілді қарсы болды. Жергілікті жерде айқындалғанындай, Ресейдің қол астына өту туралы шешім Әбілқайыр ханның жеке өзінің бастамасы бойынша қабылданған болып шықты. Оппозициялық көңіл күйдегі көптеген қазақ билеушілері Ресеймен екі арадағы келіссөздерді болдырмай, ашықтан-ашық үзіп тастауға тырысып бақты. Ресей елшілерін өлтіріп жіберуге әрекет жасағандар да болды. Сондықтан дипломатиялық тапсырмамен келген елшілерді қорғау ісі Әбілқайырдың өз ұлы Нұралы сұлтанға сеніп тапсырылды.
Қазақ билеушілері негізінен алғанда сенімді де тиімді одақтас іздеп табу мүддесін басшылыққа алды, одақтастар олардың бостандығына озбырлық жасап, қол сұқпайтын болуы керек деп үміттенді. Ал Ресей империясы «бодандықты» көрші елдердің жерін өзіне қосып алу деп түсінді.