3. Сыр бойы қазақтарының патша үкіметіне қарсы күреске шығу себептері. Патша үкіметінің әкімшілігі барлық жаулап алынған аумақтардағы сияқты Сырдарияның төменгі ағысы бойында да әскери бекіністер сала бастады. Жаңа салынған әскери бекіністерге Орынбор мен Жайық шебінен казактарды, сондай-ақ башқұрттардың отбасыларын көшіріп әкеліп, орналастыра бастады.
1848 жылы Райым бекінісі төңірегінде Орынбор казактарының бірнеше отбасы тұрып жатты. Қоныс аударып, көшіп келушілердің қатары жыл санап арта түсті. Көшіп келгендердің бәрі де Сырдарияның жағасындағы ең құнарлы әрі жақсы суарылатын жерлерге орналастырылды. Жергілікті халық өздерінің ежелгі ата-бабасының жерлерінен біртіндеп ығыстырылды. Соның салдарынан Сыр бойындағы диқан қазақтар енді жаңадан тың және тыңайған жерлерді игеруге мәжбүр болды. Олардың бірқатары қоныс аударып келгендердің және шенеуніктердің шаруашылықтарына жалданып жұмыс істей бастады.
Қарапайым қазақтардың арасындағы наразылық жыл өткен сайын күшейе түсті. Ақырында ол Ресейдің әскери әкімшілігінің озбырлық іс-әрекеттеріне қарсы ашық күреске ұласты.
Ресейдің Арал маңындағы аймақтарды Орта Азия хандықтарының езгісінен азат етуі халықтың жағдайын жақсарта алған жоқ. Патша үкіметі қазақтың әрбір отбасына 1,5 сомнан салық салды. Қазақтардың суармалы жақсы жерлерін қоныс аударушылар мен шенеуніктерге тартып алып беру одан әрі жалғастырыла түсті. Міне, бұл жағдайлардың бәрі де қазақтарды Ресейдің отаршыл өкімет билігіне қарсы барған сайын белсендірек күресуге мәжбүр етті.
Жанқожа Нұрмұхамедұлының патша үкіметіне қарсы күресі (1856—1857 жылдар). Хиуалықтарға және қоқандықтарға қарсы күресте Жанқожа батыр ресейліктермен уақытша одақ құруға мәжбүр болған еді. Жанқожа батырдың Хиуаға қарсы күресін пайдаланып қалуға тырысқан патша үкіметі оны өз жағына тартуға күш салып бақты. Осы мақсатпен оған Шекара комиссиясының есебінен жыл сайын 200 сом мөлшерінде жалақы төлеп тұру белгіленді. Оған Қарақұм мен Сырдария жағасындағы Борсықұм қазақтарының басқарушысы деген лауазымды қызмет те ұсынылды. Ресей жоғарғы өкімет билігінің атынан батырға жасауыл деген атақ та берілді. Бірақ Жанқожа батыр патша үкіметі ұсынған барлық атақ, жалақы, қымбат бағалы сыйлықтардан да біржолата үзілді-кесілді бас тартты. Патша үкіметі Жанқожа батырды Кіші жүздің билеуші-сұлтандарына бағынышты етуге де тырысып көрді. Бұл қитұрқы әре- кеттер батырдың патша үкіметінен іргені аулақ салуына себеп болды.