Тьюторлық пен менторлық шет елдерде кең тараған жеке-дара оқыту формасы. Оқушының білім жолындағы іс-əрекетінің өнімділігін арттыруда өте пайдалы. Ментор немесе ұстаз –оқушы кеңесшісі, оқылып жатқан пəн мазмұнына даралық сипат береді, тапсырмалар орындауға жəрдемдеседі, тұрмысқа бейімделуге көмек көрсетеді. Тьютор-оқушыға ғылыми жетекшілік жасап, оны конференцияларға, ғылыми іс-шараларға дайындайды.
Соңғы кездерде отбасылық оқу-тəрбие формасы - гувернерлық
қайта жаңғыруда.
Ғылыми білімдердің дамуы мен білім аймағына көпшілік қауымның тартылуымен жеке-дара оқыту жүйесі даралықты-топтық оқыту формасымен ауысуда. Мұндай оқытуда мұғалім балалардың бүтін бір тобымен оқу жұмысын алып барады, бірақ дəріс жеке оқушымен жұмыс сипатын жоймайды. Мұғалім дайындығы əр деңгейлі, əр жастағы 10-15 баламен шұғылданады. Ол кезегімен əр оқушыдан өтілген материалды сұрастырып, əрқайсысына жаңа оқу материалын жеке түсіндіріп, дара тапсырмалар беріп отырады. Балалардың бəрі бірдей, мұғалім пайымдауынша, дəріске байланысты ғылым негізін, кəсіп не өнерге тиесілі материалды меңгергенше аталған оқу жұмыстары қайталанады. Дəрістің басталуы мен аяқталуы, оқу мерзімі əр оқушы үшін даралықты сипатымен ерекшеленеді. Осыдан оқушы мектепке оқу жылының өзі қалаған мерзімінде, күннің өзі таңдаған мезетінде келуге құқылы болды.
Даралықты-топтық оқу əрқандай өзгерістерге ұшырап, біздің заманымызға дейін сақталып келді. Ауылдық жердегі оқушы саны өте аз бастауыш мектептер мұның айғағы. Бір оқу бөлмесінде бірінші сынып бағдарламасымен оқитын 2-3 бала, бірнешесі-екінші сынып материалын игеріп жатқан оқушылар отыруы мүмкін.
Орта ғасырларда қоғамның əлеуметтік-экономикалық ілгерілі дамуына байланысты білімді тұлғалардың көптеп қажет болуынан білімдену аймағы өрістей кеңіді. Бір қатар жастағы балаларды бір топқа біріктіре оқыту мүмкіндігі туындады. Осыдан оқудың сынып- сабақтық жүйесі пайда болды. Бұл жүйе XVI ғ. Белорусия мен Украина мектептерінде қалыптасып, өзінің теориялық негіздемесін XVIІ ғ. Ян Амос Коменскийдің “Ұлы дидактика” кітабында тапты.
Бұл жұйенің сыныптық белгісі-белгілі бекіген құрамды, теңдей жастағы балалар тобының (сыныбының) болуы. Сабақтық аталуы-оқу процесі қатаң белгіленген уақыт аралығында – дəрісте өткізілуінен.
Сабақ теориясына Я.А. Коменский дəуірінен кейінгі кезеңде елеулі үлес қосқан белгілі орыс педагогі К.Д. Ушинский болды.
Сынып-сабақтық жүйе барша елдерде кеңінен тарап, уақыт озуына қарамастан өзінің негізгі белгілерімен əлі күнге дейін сақталуда.
Алайда, XVIІІ ғ. соңына қарай сынып - сабақтық жүйе орнына қолданылғандай оқуды ұйымдастырудың жаңа формаларын іздестіру көбіне оқушылар санын ұлғайту жəне оқу процесін басқару проблемаларымен байланысты болды.
Сынып-сабақтық жүйені реформалаудың алғашқы қадамын XVIІІ ғ. аяғында- XIХ ғ. басында ағылшын священнигі А. Белл мен мұғалімі Дж. Ланкастер жасады. Олардың ниеті- жұмысшылар арасында бастау білімдерді кеңінен ен жайдыру қажеттігі мен оқыту жəне мұғалім дайындығына жұмсалатын қаржыны көбейтпеу аралығындағы қарама-қайшылықты үйлестіру еді.
Жаңа жүйе өзара оқытудың белл-ланкастерлік жүйесі атауын алып, Индия мен Англияда бірдей уақытта тəжірибеге енді. Бұл жүйенің мəні-ересек оқушылар мұғалім басшылығында материалды өздері игеріп, соң қажетті көрсетпе –нұсқаулар алып, өздерінен кіші жолдастарын оқытты, нəтижеде аз оқытушылар санымен жаппай оқуды ұйымдастыруға қол жететін болды. Бірақ оқу сапасы ойдағыдай жоғары деңгейге көтерілмеді, сондықтан белл-ланкастерлік оқу жүйесі кең өрістей алмады.
Ғалымдар мен практиктердің оқуды ұйымдастырудың жаңа формаларын іздестіргендегі мақсаты-сабақ жүйесінде кезігетін кемшіліктерді, атап айтсақ, оқушылардың танымдық белсенділігі мен дербес дамуына тұсау болып келген оқудың орташа білімді оқушыға бағдарлануы, оқу мазмұнының біртектілігі мен оқу игеру қарқынының дараланбауы, оқу процесі құрылымының өзгермеуін талап ету сияқты педагогикалық олқылықтардың орнын толтыру болды.
ХІХ ғ. ақырында АҚШ-та батав жүйесі, ал Батыс Европада мангейм жүйесі аталған таңдамалы оқу формалары пайда болды. Біріншісінің мəні-мұғалім уақыты екі бөліктен тұрады: алғашқысы- бүкіл сыныпен ұжымдық оқу ісіне арналады да, ал екінші бөлімінде қажетсінген оқушылармен жеке жұмыстар жүргізіледі.
Мангейм (Европада) қаласында қолданылған мангейм оқу формасы негізінен сынып сабақтық оқу талаптарын сақтай отырып, оқушылардың қабілеттеріне, ақыл-парасат даму деңгейі мен дайындық дəрежесіне қарай əртүрлі сыныпқа бөліп отыруды көздеді.
Оқу жүктемесі мен оқу əдістерін балалардың нақты қабілеттері мен мүмкіндіктеріне орайластыру принципін сақтай отырып, бұл жүйенің негізін қалаушы Й. Зиккингер төрт типті сынып оқуын ұсынды; аса дарындылар үшін, орташа қабілетті балаларға арналған негізгі сыныптар, қабілеті төмен балалар сыныбы мен ақылы кем оқушыларға арналған көмекші сыныптар. Мұндай сыныптарға балаларды іріктеу психометриялық барлау, мұғалімдер мінездемелері
мен емтихандар негізінде жүргізілді. Й. Зиккингердің пайымдауынша , мұндай оқуларға тартылған шəкірттер дамуына орай сыныптан сыныпқа ауысып отыруына мүмкін еді, алайда бұлай болмай шықты, себебі оқу бағдарламаларындағы шектен тыс алшақтық бұған жол бермеді.
1905 ж. Дальтон (АҚШ) қаласында алғашқы рет Елена Праксхерт қолданып, дальтон-план аталған жекеленген оқу жүйесі пайда болды. Бұл жүйе педагогикада көбіне зертханалық немесе шеберханалық оқу жүйесі деп те аталады. Жүйенің алға қойған мақсаты-оқушыға өзіне тиімді шапшаңдық жəне қарқынмен оқып, өз қабілетіне орай білім игеруге мүмкіндік беру. Оқушылар əр пəнге байланысты жылдық тапсырмаларын алу мен белгіленген мерзімде олар бойынша есеп беріп отырды. Дəстүрлі сабақ формасындағы оқу шегерілді, баршаға ортақ дəрістер кестесі болмады. Оқушылар табысты оқуы үшін қажетті оқулықтардың, əдістемелік нұсқаулардың бəрімен қамтамасыз етілмеді. Ұжымдық оқу жұмысы күніне бір сағат өтіліп, қалған уақытта олар пəн шеберханалары мен зертханаларында өзіндік жеке дəріспен айналысты.
Жұмыс тəжірибесі көрсеткендей, оқушылардың көбінің мұғалім жəрдемінсіз дербес білім игеруге шамасы жетпейтіні белгілі болды. Сонымен дальтон –план педагогикалық іс-тəжірибеде кең өріс жая алмады.
1920-жылдары дальтон-план ғалымдар мен мектеп қызметкерлері тарапынан қатаң сынға кезікті. Дегенмен, сол уақыттың өзінде ол ССРО-да пайда болған оқудың бригадалық- зертхана формасына өрнекке алынып, қатаң құрылымды сабақты ығыстырды. Бригадалық – зертхана оқуының дальтон-планнан ерекшелігі – бүкіл сыныптың ұжымдық жұмысы бригадалы топ оқу ісі мен əр оқушының жеке оқуы арасындағы байланысқа негізделді. Жалпы дəрістерде оқу жұмыстары жоспарланды, тапсырмалар талқыланды, мұғалім қиын сұрақтарды түсіндірді жəне көпшілік оқу іс-əрекетін қорытындылады. Бригада тапсырмасын белгілей отырып, мұғалім оның орындалу уақытын көрсетті, əр оқушының міндетті оқу тапсырмасын анықтап, қажет болса, əрбір оқушының шамасын байқап, оған бөлінген тапсырмаларға даралықты сипат беріп отырды. Қорытынды конференцияларда бригадаға жетекші оқушы жұмысты орындауға қатысқан белсенділер атынан есеп береді, ал қалған оқушылар тек қатысып қана отырды. Барлық бригада мүшелеріне бірдей баға қойылды.
Əмбебап оқу жүйесі ретінде қабылданған бригадалы-зертхана оқуына тəн сипаттар: мұғалімнің жетекші ролі мойындалмады, оның қызметі оқушыларға ретті кеңес берумен шегерілді.
Шəкірттердің оқу мүмкіндіктері мен білім жинақтаудың өзіндік дербес əдісін əсірелеуден үлгерім күрт төмендеді, білім игеруде
жүйелілік болмай, жалпы білімдік маңызды ептіліктер қаланудан қалды. 1932 жылы бұл жүйе бойынша оқу мүлде тоқтады.
1920 жылдар кеңестік мектеп тəжірибесінде жобалап оқыту жүйесі (жобалау əдісі) қолданыла бастады. Орта Азия жəне Қазақстан аймағында бұл жүйе төте оқу атамасымен қабылданды.
Жүйе авторы американдық мектеп мұғалімі - У.Килпатрик. Бұл педагогтың ойынша, мектеп бағдарламасының негізіне баланың өмір барысында топтаған, нақты дүниемен байланысты тəжірибелік іс- əрекеттері жəне оның ұмтылыс, қызығулары арқау болуы шарт. Мемлекет не мұғалім оқу бағдарламасын жасауға құқылы емес, ол оқу процесінде балалардың мұғаліммен бірлікті ісі нəтижесінде түзілуі əрі оның мазмұны баланы тікелей қоршаған болмыстан алынуы тиіс. Жоба түзуге қажет тақырыптарды оқушылар өздері таңдайды. Оқу тобының мамандануына (бағытына) орай жоба шынайы болмыстың қоғамдық- саяси, шаруашылық-өндіріс, мəдени-тұрмыстық салаларына сəйкес болуы міндетті, яғни оқу-жобаларын құрастырудағы мақсат- баланы өз өмір желісінде туындайтын проблемаларды зерттеп, тануға үйретіп, оларды шешу жолдары жəне құралдарымен қамсыздандыру. Алайда, бұл əдіске əсіре əмбебап сипат беру жəне оқу пəндерін жүйелестіріп меңгеруден бас тарту балалардың жалпы білімдік дайындығына орасан нұқсан келтіріп, үлгерімді өте төмендетіп жіберді. Жүйе сонымен түгелдей дағдарысқа ұшырап, келмеске кетті.
1960 жылдары американдық педагогика профессоры Л.Трамп ізденісіне байланысты жарық көрген Трамп жоспарымен оқу жүйесі үлкен маңызға ие болды. Оқуды ұйымдастырудың бұл формасында үлкен дəрісханалардағы (100-150 адам) оқуды 10-15 адамдық шағын топтар мен жеке оқушылар жұмыстарын байланыстыра жүргізу көзделді. Əрқилы техникалық жабдықтармен өтілетін жалпы дəрісбаяндарға оқу уақытының 40%, дəрісбаяндарды талқылау жəне кей бөлімдерді тереңдей меңгеру мен ептілік жəне дағдылар қалыптастыру семинарларына 20% бөлініп, ал қалған уақытты (40%) оқушылар мұғалім не жетекші оқушы басшылығында өз бетінше оқу ізденісіне пайдаланды. Бұл жүйеде сынып шегеріліп, шағын топтар құрамы тұрақсыз болды.
Қазіргі уақытта Трамп жоспары бойынша аз санды жеке меншікті мектептер ғана жұмыс істейді, ал көпшілік оқу орындарында бұл жүйенің кейбір элементтері сақталған, атап айтсақ, олар – бір пəнді оқытушылар бригадасы алып барады (біреулері дəрісбаяндар жүргізсе, басқалары семинарлар ұйымдастырады); үлкен топ оқушыларымен дəріс жүргізу үшін арнайы білімі болмаған жəрдемшілер тартылады; кіші топтарда өзіндік жұмыстар ұймдастырылады. Жалпы білім беретін мектепке жоғары оқу орындарындағы білім жүйесін қарадүрсін енгізумен бірге Трамп жоспары даралықты оқу принципін ұстана отырып, оқушыға білім мазмұны мен оны игеру əдістерін таңдауда
толық еркіндік береді. Бұл жоғарыда аталған кей жүйелердегі мұғалімнің жетекшілігін мойындамай, білім стандартынан бас тартудың əлі де сақталуына жол қойып отыр.
Осы заманғы кей мектептер тəжірибесінде оқуды ұйымдастырудың басқа да формалары қабылданған. Батыс елдерінде шектері нақтыланбаған (неградуированные) сыныптар сақталған: кей оқушы бір пəн бойынша жетінші сынып бағдарламасымен оқыса, қалған пəндерден алтыншы не бесінші сыныптық білім алып жүруі мүмкін.
Жер-жерде ашық мектептер ұйымдастыру эксперименттеріде жүріп жатыр. Оқу мұндай мектеп жағдайында қоры бай кітапханалар, шеберханалар орталықтарында өткізіледі, яғни бұл болашақта “мектеп” деген жүйенің жалпы керек болмасына мегзеп тұр.
Оқу ұжымдастырудың ерекше формасы шомдыру (погружение): оқушы белгілі уақыт (бір не екі апта) аралығында бір немесе екі пəнді игерумен ғана айналысады. Осыған сəйкес Вальдорф мектептерінде дəуірлер бойынша оқу ұйымдастырылған.
Оқуды ұйымдастыру формалары дамуының қысқаша тарихы осылайша.
Жоғарыда аталған барша жаппай оқыту формаларының арасында үлкен тұрақтылығымен сақталғаны сынып-сабақтық оқу жүйесі. Шынымен де, осы оқу формасы педагогикалық ой мен жаппай мектеп озық тəжірибесінің аса құндылықты жемісі.
Достарыңызбен бөлісу: |