Дэвид Герберт Лоуренс (1885-1930) – жазушы, ақын, новеллист – ХХ ғ. ағылшын әдебиетінің ірі тұлғасы. Лоуренс Ноттингем маңындағы таукеншілер ауылы Иствудта шахтер отбасында дүниеге келген.
Лоуренске үлкен жетістік әкеліп, оның даңқын асқақтатқан «Ұлдары мен ашыналары» атты романы 1913 ж. басылып шығады. Кейін «Кемпірқосақ» (1915), «Ғашық әйелдер» (1920), «Жоғалған қыз» (1920), «Арона сырнайы» (1922), «Кенгуру» (1923), «Чаттерли ханымның ашынасы» (1928) атты шығармалары пайда болады. Романдармен қатар оның әңгімелері мен повестері («Хризантемалар иісі», «Прусс офицері», «Англиям, менің Англиям»), өлеңдер жинағы («Махаббат жырлары», «Жаңа өлеңдер», «Құстар, аңдар және гүлдер», «Италия кештері») мен очерктері («Италиядағы ымырт»), «Американың классикалық әдебиеті туралы очерктер» атты кітабы мен «Психоанализ және санадан тыс нәрсе» атты еңбегі жарыққа шыққан.
Лоуренстің соңғы шығармаларының біріне «Чаттерли ханымның ашынасы» атты романы жатады. Автор мұнда «жаңа діннің» қолдаушысы ретінде суреттеледі. Жазушының шығармашылық жолын тәмамдаушы бұл роман оның кейінгі және алдыңғы романдарының синтезі болып табылады. Автордың түпкі ойы бойынша «Чаттерли ханымның ашынасы» атты романы көптен күткен махаббаттың адам сезімдерінің ең ұлысы ретінде әлемде үстемдік құруы тиіс болатын. Жазушының бұл романының басылымына рұқсат берілмеді. Тек 60 жылдары «Пингвин» баспасы Лоуренстің бұл кітабын арзан бағада басқандығынан, оларды порнографиялық кітапты басып шығарды деп айыпталып, сотқа тартылған. Бірақ қазылар алқасы бұл айыпты жоққа шығарып, кейін «Чаттерли ханымның ашынасы» кітабы халық арасында кең тарайды. Енді «Пингвин» баспасынан шығатын Лоуренс кітаптарының сыртында жазушының өзі, яғни алаулаған оттың үстінде қанатын кең жайған феникс құсы бейнеленеді. Аңыз бойынша, феникс күлден қайта пайда болған деседі. Бұл автордың өртеніп, қайта тірілгендігінің белгісі болса керек. Бұл таңба Лоуренс шығармашылығының символына айналып үлгерді.
Достарыңызбен бөлісу: |