Хулио Кортасар (1914-1984) – Борхестің ізін жалғастырушы. Ол Брюссельдегі аргентиналық жұмысшы отбасында дүниеге келген. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін ата-анасымен бірге Отанына қайта оралады. Болашақ жазушы Буэнос-Айрос университетінің әдебиет және философия факультетінде оқыған. Кейіннен бір провинцияда мектеп мұғалімі болып қызмет етеді. Осы кезден бастап ол өлеңдер жаза бастаса да, өз еңбектерін жарияламайды. 1946 ж. Аргентинада билік басына Хуан Доминго Перон келген кезде Кортасар оған қарсы шыққан күштерді қолдап шеруге қатысады. Әскери-полицейлер шеруге қатысушыларды қуғынға ұшыратады да, нәтижесінде Кортасар Отанынан кетуге мәжбүр болады. 50 ж. басында Кортасар Парижде тұрып, саясатпен айналыспаса да, өз шығармаларында тоталитарлық жүйені әшкерелейтін. Мысалы, жазушы өзінің «Кіші жұмақ» атты шығармасында билік басында генерал Орангу болған латынамерикалық елді сипаттайды. Онда адамдар өздерін бай, әрі бақытты сезінуі үшін тұрғындарының денесіне кішкентай алтын балықтарды енгізеді.
Хулио Кортасардың 1946 ж. жарыққа шыққан «Басып алынған үй» атты шығармасы халық арасында кең тарап, үлкен жетістікке ие болады. Бұл шығармадан Эдгар Поның ықпалын байқауға болады. «Эшерлер шаңырағының құлауы» атты шығармадағыдай мұнда да дәулетті әрі танымал болған ересек ағасы мен қарындасы туралы айтылады. Кенеттен келген бейтаныс жандар олардың тыныш та, бір қалыпты өмірлерін бұзып, нәтижесінде оларды өздерінің үйінен қуып шығады. Кортасар үнемі табиғат пен әлемдегі ерекше және қауіпті нәрселерге көп мән береді.
Автордың «Басқа аспан» атты еңбегінде ХХ ғасырдың 30 жылдары Париж қаласында өмір сүріп жатқын қарапайым аргентиналық азамат қиялында ХІХ ғасырдың 70 жылдарына саяхат жасайды. Кортасардың кейіпкері басқа адамның өмірімен өмір сүруге қатты құштар болады. Оның бұл арманы кейіпкердің қиялында жүзеге асады.
1960 жылы автордың «Ұтыстар» еңбегі жарық көрсе, кейіннен «Малькольм», ал 1963 жылы «Классик ойыны» атты романы басылып шығады. Соңғы шығармасында ешқандай жұмыс істегісі келмейтін жалқау Оливейро туралы баяндалады. Ол бір мамандықты таңдау өмірдегі басқа мүмкіндіктерден бас тарту деп ойлайды. Оливейро өзі сияқты түрлі елдерден келген Париждегі кезбелердің «Жыландар клубын» құрады. Автор өзінің кейіпкеріне сын көзбен қарайды. Бұл жерден Кортасардың шығармашылығындағы постмодернисттік тенденцияларды байқауға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |