«Егемен Қазақстан» газетінде басылған Ш.Мұртаза мен К.Смайыловтың әңгіме-хаттарының маңызы. 1990-жылдары публицистикадағы хат жанры жаңа даму эволюциясын бастан кешірді. Президентке, Үкімет басшысына, министрлерге жазылған зиялы қауымның әдебиет, мәдениет қайраткерлерінің, қарапайым халық өкілдерінің ашық хаттарында қоғамдағы маңызды мәселелер көтерілді. Көрнекті публицистер Камал Смайылов пен Шерхан Мұртазаның тәуелсіздік жолына түскен еліміздің бүгіні және ертеңгі тағдырын әр алуан қырынан сөз еткен, күнделікті өмірдегі өзекті мәселелерді оқырман алдына бар шындығымен шығара білген, өткірлігімен жұртшылықты елең еткізген, айтулы оқиғаға айналған хаттарының орны бөлек. Қос қаламгердің бұл хаттары қазақ эпистолярлық публицистикасының дамуындағы жаңа кезеңнің парақтарын ашты.
К.Смайылов пен Ш.Мұртаза хаттарында күнделікті күйкі тіршілік емес, ел тарихы, ұлт тағдыры, мемлекет болашағы туралы маңызды мәселелер қозғалды. Жұрт өміріндегі шешілуі тиіс мәселелер көтерілді. Бұл хаттарда саяси, экономикалық, әлеуметтік, рухани салалардың бәрі де қамтылып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының шындық шежіресіне айналды. Екі публицистің шығармашылығында жаңа өріс, тың тақырып, соны ой, жаңа идеялар көрініс тапты. Хаттарда мал шаруашылығы, жайылымдық пен егістік мәселелері, еліміздің қазба байлықтары, географиялық жағдайы, Каспий, Арал проблемалары, ғылыми-техникалық үдеріс, қазақ жерінің тұтастығы, БАҚ-тың өзекті тақырыптары, мемлекеттілік, ұлттық әскер, төл ақша, демография, жекешелендіру, рухани жұтаңдық, қос тілділік, қос азаматтық, басқа діндердің қанат жаюы, қауіпсіздік, шекара, Ата Заң, шетелдік инвестиция, ұлттық мәдениет пен әдебиет, көші-қон, спорт, өнеркәсіп, жер сату, оқулықтар, ауыл жағдайы, тағы басқа өзекті жайттар жайлы терең толғанады. Тәуелсіз елдің қыруар мәселелерін сөз еткен эпистолярлық публицистиканың бұл үлгісі «Елім, саған айтам, Елбасы сен тыңда!» деген атпен кітап болып шығып, көпшілікке кең тарады.
1990 жылдардың ортасында «Егемен Қазақстан» газетінің бетінен екі жазушының Шерхан Мұртаза мен Камал Смайыловтың бір-бірімен өзара жазысқан хаттары бірдің емес, мыңның көңілін аударды. Олар халықтың сөзін айтты. Екі дос біріне бірі хат жолдап, өтпелі кезеңнің жай-жапсарын нақтылы талдап, Елбасымыздың реформалық саясатына ашылған жолды одан әрі кеңейте түсетін ойлар айта білді.
Бұл хаттарда демократия дегеніміз қандай жүйе? Осы туралы бұрынырақта көбірек айтылатыны, қазір бәсеңсіп бара жақаны осы демократияны жергілікті жерде біздер пайдаға асыра алмай отырған секілдіміз деген ойлар да айтылады. Ал сөз бостандығы, құқық еркіндігі бар деп ойына не келсе соны, халыққа керексіз сөздерді айтып жүргендерге сол демократияның ауқымында заңдандырылған тыйым бар екені, мүмкін болса, келесі хаттарда осы сұраққа жол-жөнекей жауап қайтара кеткен тұстары болды.
Екі жазушының өзара жазысқан хаттары сонау алыста қалған жылдарда халқына болысқан ардақты кісілердің хаттарындай әсер етті. Бұл хаттар нарық экономикасын егжей-тегжейлі тексере түсуге, Елбасымыздың саясатын одан әрі жүзеге асыруға жәрдемдесті.
Қазақстанның байлығы оның ысырапқа ұшырау реттері жөнінде шын шамданып айтылған сөздерді ризашылықпен қабылдауға тұрады. «Қазір ел ішінде атқарар жұмыс көп. Соның біразы үкіметтің кемшілігінен болып жатса, көпшілігі жергілікті жердегі жауапкер-шіліктің кемдігінен болып отыр. Атқаратын шаруа тым көбейді. Бәрі туралы айта беруге болады. Бірақ, бәрін бірдей әлсіретпей ұстауға өзіміздің мүмкіндігіміз келетін бе еді? Осыны тексеріп, айта қойған әзір ешкім жоқ. Ауданнан да, ауылдан да мұндай мәселе көтерілмеген тәрізді»,-дейді.
«Қазір қайсыбір мүліктің шетелге сатылғаны жөнсіз емес, жөн. Бірақ осының өзінде қалың жұртшылыққа көмескі нәрселер бар ғой деген күдік те бар. Ертеңі қалай болады? Жауапкершілігі нешік? Қазір не істеп жатыр? Осыған қатаң бақылау бар ма? Сондай-ақ, қазір ауыл шаруашылығы әбден құлдырап кетті дейтін болсақ, бұрынғы осы саланың министрлері арамызда жүрген жоқ па?! Олар неге болған жайды айтпасқа? Қай жерге дейін алып келді? Қате неден кетті? Енді не істеуіміз керек? Біздіңше, осылар айтылса, тек қана іске пайдалы болар еді». Абзалы кемшілікті қалай жіберіп алдық деген тақырыпқа сөйленуі өте қажет. Себебі, енді не істерімізді сонда ғана білеміз. Екі жазушыньң өзара жазысқан хаттары өздері үшін ғана айтылған сөз емес.
Камал Смайылов «Қазақстан. ХХІ ғасыр» деп алғаш рет «Егемен Қазақстан» газетінде мақала ретінде жариялайды. Бұл мақаланы оқыған жазушы Шерхан Мұртаза осы мақаладағы келісетін, келіспейтін тұстары бар екенін айтып арнайы жауап мақала бастырады. Екі жазушының бірі-бірімен пікір алмасып, хат жазысуы осыдан басталады. «Егемен Қазақстан» газетінде жазысқан екі жазушының әңгіме-хаттары тәуелсіздік жолына жаңа түскен еліміздің бүгінгі және ертеңгі тағдырын әр қырынан сөз еткен, күнделікті өмірдегі өзекті мәселелерді оқырман алдына бар шындығымен шығара білген, кезінде өткірлігімен жұртшылықты елеңдеткен айтулы оқиға болды. «Сол белеске шығуға санаулы ғана саты қалғанда біз сол шынар биіктен не көрер екенбіз? Сол белестің арғы бесігінде не барын, келе жатқан ХХІ ғасыр қандай болатынын, бізді нендей істер, қиындықтар мен қызықтар күтіп тұрғанын болжағымыз, елестеткіміз келеді. Президент Н. Назарбаевтың соңғы кітабының «ХХІ ғасыр қарсаңында» деп аталуы тегін емес, өте дәл, тура айтылған.
Иә, ХХІ ғасыр келіп қалды. Екі ғасыр айырығы ғана емес, екі мың жылдықтың тоғысқан, тоқайласқан қырқасы ғой бұл! Осыдан он жыл бұрын мен «Ғасыр қырқасында» деп аталатын кітап жазған едім. Оның алдында «ХХІ-ғасырға саяхат» деген кітап жариялаған болатынмын. Соның екеуінде де адамзаттың тарихында аса сирек ұшырасатын, кез-келген ұрпақтың үлесіне, несібесіне тие бермейтін оқиғаның төңірегінде біраз болжамдар мен топшылаулар айтқан едім. Өмір шапшаң өзгеріп жатады. Ол болжаулардың бәрі ойлағандай бола бермейді»[8,243-б],-дейді Камал Смайылов. Оған жауап ретінде Шерхан Мұртаза «Алтын сандықтың кілті кімде?» деп сұрақ қояды.
«Камал дос! «Егемен Қазақстанда» жарық көрген «Қазақстан. ХХІ ғасыр» атты көлемді мақалаңды оқып, (25 маусым, 1996 ж.) көңілім әр саққа жүгірді. Бір себептен сүйсіндім. Бір себептен күмәндімін.
Сүйсінгенде, алғырлығыңа, журналистік тапқырлығыңа сүйсінемін. Біз болсақ «Қазақстан ұлан-байтақ, Қазақстан бай» деген жалпы ұғыммен сөйлейміз. Сен болсаң, сол байлықты нақты цифрлармен сөйлетесің. Цифрлар сенің құлдыраңдап жүгіріп жүрген жиендерің сияқты. Тіпті жердің жеті қат астында жатқан байлықтың бәрін грамдап өлшеп, есеп-шотты сарт-сарт еткізіп, тиынына дейін шығарып қоясың. Сөйтесің де «Қазақстан қазба байлықтары - 10 триллион доллар!» деп бір-ақ тоқ еткізесің.
Ал, енді дәл 10 триллион екеніне күмәнім бар. Бәлкім, 1 триллион шығар?..
Камал! «Сарыарқа мен Атырау, Алтай мен Қаратау қойнаулары нағыз алтын сандық екен. Соның кілті енді еліміз қолына еркін тиді» деп жазыпсың.
Соны енді біліп жүргендей «екен» дегенің неткенің? сол сандықтың «кілті енді еліміздің қолына еркін тиді» деп алақайлағаныңа жол болсын! Онда біз сол алтын сандық» үстінде неге жалаңбұт отырмыз? Ашпаймыз ба сандықты? Малмаймыз ба қолымызды алтын-күміске?
Оптимист, ақ көңіл, аңқылдақсың, Камал Адам ой-азаптан азып-тозбас үшін осындай қасиет те керек шығар» [8,296-б],-дейді. Осы тұста БАҚ-қа байланысты жазушының айтқан пікірі орынды демеске болмайды.
«Радио, теледидар бар ғой дерсің. Теледидарда, құдайға шүкір, каналдар көбейді. «КТК-ны» қаламасаң, «Таң» бар, «Тотем» бар, тағысын тағылар. Бірақ оның бәрі орысша ғой. Мәскеудің қос каналын ашып қал - ол да орысша. Қазақшаның там-тұмы, басқалардың тамтығы - Қазақ ТВ, «Хабар» дегенде ғана бар.
Жас сәбидің бойына ұлттық қасиет анасының сүтімен, тілімен кіреді. Ал, оның күндіз-түні көргені батыстың баяғыда жеріген тастандысы...
Мұның бәрі айтылмай, жазылмай жүрген жоқ.
Екеуміз бір жылдың төлі едік қой. Анда-санда сырымды, пікірімді саған айтпағанда кімге айтамын...» деп сыр ашады.
«Ойды ой қозғайды» демекші екі жазушының газет бетінде жазысқан хаттары ешкімді енжар қалдырған жоқ. Туған еліміздің қазіргі хал-жағдайын батыл сөз еткен бұл хаттарда ел-жұрт, бала тәрбиесі мәселесі де кеңінен қозғалады. Мәселен, көптен бері мемлекеттік тіліміздің қызмет өрісі туралы сөз болып жүр. Елбасымыз қол қойған Тұжырымдама да жарық көрді. Парламент те өз сөзін айтып жүр. Қазір патриоттық тәрбие туралы да айтыла бастады. Бірақ, әлі нақтылы сөйлеген жоқ. Әншейінде ауызекі айтылатын «ұлттық намыс» деген сөзді біз «азаматтық парыз» деп ауқымын кеңейтіп ұғынамыз. Бұрынғы «идеология» дегеннің ықпалы зор еді. Қазір сол идеологияға барабар, халықтың мүддесін қорғайтын, ешбір асыра сілтеуге бой ұрмайтын азаматтық тәрбие ісін тұрақты жүргізу өте қажет екені де кеңінен сөз болады. Ал, осы іспен бір ғана мектептерден басқа қай мекеме айналысады? Қыздар тәрбиесі туралы да аз айтылып жүрген жоқ. Жалпы алғанда, қазіргі жастардың келешегі әлі айқын болмай тұр. Біз талдап отырған хаттар қазір де жазыла түссе артық болмас еді. Елге қажетті сөздер сөйлене беруі жөн. Сол ғана ортақ мақсатқа біріктіреді.
Бір байқағанымыз, бұл хаттардың іші толған деректер мен дәйектер. Екі жазушы да дерексіз сөйлемейді. Мысалы, «Қазақстан жері миллиард адамды асырай алады» деген хаттағы мына деректерге көз жүгіртсек.
«Біздегі шабындық пен жайылым көлемі 162 миллион гектар болса, миллиардтан аса адамы бар Қытайдағы жайылым 234 миллион гектар екен. Айырма алшақ емес. 150 миллион халқы Ресейдің жайылым-шабындығын екі есе орайды, Австралия жеріне жақындайды. Онда 150 миллион қой бар ғой. Осыншама жайылым-шабындықтың өнімділігін көтере жем-шөп мөлшерін көбейту, адамның қолындағы нәрсе екенін өмір көрсетеді. Жердің құнарын арттыру жер иесінің қолынан келетін іс екенін анау Сауд Аравиясы, Араб Эмираттары, Израиль сияқты топырағы сусыған құмның ортасында отырған елдердің үлгі-тәжірибесі көрсетіп отыр. Олар құмды құнарлы топыраққа айналдырып алды» [8,216-б],-дейді.
Түркияда 60 миллион халық 170 миллион қой өсіреді. Оның анасы көп, мынасы көп демейді. Ал біздің елде кемі 50 миллион қой (соның өзінде Түркиямен салыстырғанда үш есе аз), 10 миллион ірі қара, 2 млн. жылқыны ұстауға әбден болады. Ол ол ма, сарқа пайдаланса, қазақ жерінің шөбі мен жемі 80-10 миллион малды асырауға молынан жетеді!».
Былай қарағанда, бөліп бере қоятын ештеңелері жоқ жазушылар. Бірақ, айтқан сөздерінің қуаты мен мәні елге нағыз керек сөздер. «Ауыл шаруашылығын жаңа үлгіде экономикалық реформаға лайықтау үшін ешбір механизм болған жоқ» деген сөзді талай қайраткерлердің аузынан естідік. Жергілікті басшылар одан әрі жалғастыра айтатын болды. Оу сол механизмді жасайтындар кімдер? Қай жерде жасалуы керек еді? Біздіңше, бұл механизмді жасайтын әрбір ауыл тұрғыны, ауылдық және аудандық әкімдер. Мұның жөні мынадай. Мүлікті мемлекеттік иеліктен алу және жеке-меншіктеу, ауыл шаруашылығын жекешелендіру туралы заңдар дер кезінде жарияланады. Осыны әрі қарай бұқара халықтың арасында кеңінен уағыздап тарату аудан әкімдерінің міндеті.
Әр ауданның, әр ауылдың жағдайына қарап, не керектігін байыптап, солар бойынша жоспар жасалуы қажет. Бұған аудан көлеміндегі білікті мамандардың барлығы қатыстырылғаны жөн. Содан соң әр ауылда, әр кәсіпорында барлық жұртшылық бас қосқан мәжілістер өткізіліп, іс-шаралар белгіленуі жөн. Әр ауылдың өзіндік кәсіби бағыттары анықталуы керек еді. Мәселен, қой өсіретін жерде сиыр, бидай егілетін жерде көкөніс өсіру міндеттелетін. Ендігі жерде осы бағытты жөндеуді ойластыру қажет» [8,116-б]. Осы мәселелердің барлығын екі жазушы өз хаттарында қамтиды. Екі жазушының хатының бас-аяғы 25. Екі жазушы біраз жылдардан бері болашақ жайлы толғанып, жорамал-болжамдар жасап, соларды қағазға түсіріп жазып жүреді. 1978 жылы Камал Смайыловтың «XXI ғасырға саяхат» деген кітабы шыққан. Одан кейін «Ғасырлар қырқасында» атты кітабы жарық көреді. Сонау “Лениншіл жаста» жүргенде, «Білім және еңбек» журналының редакторы болған кезде елдің, жердің болашағын болжаған мақалалары көптеп басылған автор «Ертең - 2000 жыл», «XXI ғасыр жақын қалды» деген мақалаларын да жариялайды. Бұл туралы публицист былай дейді: «Әсіресе, біздің XX ғасырымыз (әр ұрпақтың өз ғасыры ыстық қой) аяқталып келе жатқан мезгілде, алдымызда жаңа, XXI ғасыр, ғасыр емес-ау, жаңа мыңжылдық, үшінші мыңжылдық жақындап келе жатқанда, осы болашақ жайында қиялданып, ойланып, алабұртып жүрдім. Оның үстіне жаңа ғасырды біз тәуелсіз Қазақстанмен бірге қарсы алғалы, жаңа мыңжылдыққа адамзат, дүние жүзі әулетіне толық тәуелсіз ел ретінде, тең дәрежеде жеке-дара мүшесі ретінде кіргелі отырмыз. Бұл ойды, сөзді аса салмақты да жауапты етеді. Енді бүрынғы ойлайтын, айтып-жазатын болашағымызды жоғарыдан ешкім жасап бермейді, өз қолымызбен, өз ақыл ойымызбен орнатамыз. Демек, болашақ туралы сөз нақты да жауапты. Тым аспандап кетпей, тәуелсіз елімізде күні ертең нақты не боларын болжап, болжап емес, талдап, суреттеп айтуымыз керек. Осыған орай, соңғы жылдары біраз нақтылы ойлар, жобалар, проблемалар сұрыпталып, нақтылана бастады. Енді соған сүйеніп, ойлауға да, жазуға да болады. Осы оймен қолыма қалам алып, алдыма қағаз қойдым. Болжам мақаланың аты бірден айқындалды: «Қазақстан - XXI ғасырда»[8,56-б]. Өте жауапты да нақты болуға тиіс. Бұл - ғылыми болжам, саяси болжам емес, публицист ойлары екені көрініп тұр.
Камал Смайылов өзінің әр қилы кітап, басылымдардан термелеп жинап, жүйелеп құраған жобасы арқылы XXI ғасырға бара жатқан Қазақстанды айтады. Автор: «Біз бір-бірімізге не жазбақ екенімізді газетке шыққанға дейін білмейтінбіз, кезекті хатты газеттен оқып бір-ақ көретінбіз, соған жауап іздейтінбіз. Екеуміздің екі мінезіміз секілді хаттарымыз да екі түрлі стильде, екі бағытта жазылса деген іштей келісуіміз бар. Шерхан бастырмалатып, ышқындырып, сезімге, әсерге орап суреттеп бейнелеп жазады, ал мен ойымды тиянақтап, дерек-цифрларды келтіріп нақты проблемаларды жүйелеп, дәйектеп жазамын дегенбіз. Көбіне солай болды да»[8,36-б],-дейді. Расында да хаттардың өн бойын қарап отырсаң екеуі екі түрлі стильде және еркін көсіліп жазылған публицистикалық толғауға ұқсайды.
Ең алдымен, екі публицистің әңгімесі дастарқан басындағы сөз емес, елдің өмірі, халықтың хал-жағдайы, экономикалық реформаның барысы, қиындықтары жайында болып келеді. Талай мәселелер айтылып, небір проблемалар көтерілген. Сонымен қатар, Елбасының сөздерінде, үкімет қаулыларында қамтылған, қойылған біраз мәселелерді кезінде қозғаған. Солардың ішінде біздің көп жазғаны - қазба байлық ордаларын шетелдіктерге беріп, сатып жіберуіміз кейін сан соқтырмай ма? Суы жоқ, шөбі аз, табиғаты қатал қазақ даласында ауылды жеке фермер-шаруашылықтарға ыдырату қаншалық дұрыс, олардың өндірістік кооперативтерге бірлескені, МТС-тердің құрылғаны дұрыс болар еді деген мәселелер алғашқыда айтылған. Мектепке жүздеген балалардың бара алмай отырғанын жұрттан бұрын осы екі автор айтқан.
Шерхан Мұртазаның бір хаты «Жемқорлық, ұрлық-қарлық, парақорлық» деп аталды. «Жемқорлық, ұрлық-қарлық, парақорлық» деген мақала-хатына байланысты бір ардагер: «Еліміздегі қазіргі жағдайды бұдан артық ешкім де шыншылдықпен айтып бере алмас еді. Шерағаңның айтқандарының бәрі рас»,-десе, бір жас жігіт: «Сіздердің хаттарыңыздан бүкіл қазақ халқының ой-арманы мен мүң-мұқтажын, мақсат-мүддесі мен жанайқайын көріп, сіздерді халық қолдаушысындай, хабаршысындай сезінеміз»[9,78-б],- дейді. («ЕҚ»1998 жыл, 29 қаңтар, 18 ақпан). Шерхан Мұртазаның Камалға жазған «Жемқорлық, ұрлық-қарлық, парақорлық» атты хаты еліміздегі осы тақырыпқа байланысты жағдайды бұдан артық ешкім де шыншылдықпен айтып бере алмас еді деп ойлаймыз. Публицистің айтқандарының бәрі рас.
Кез келген реформаның түпкі-түпкілікті мақсаты да, нәтижесі де халықтың қамын ойлау, адамның тұрмысын жақсарту екені белгілі. Жыл сайын Біріккен Ұлттар Ұйымы әр елдің қоғамдық-адамдық дамуының жағдайын көрсететін жинақ шығарып тұрады. Соның дерегі бойынша, бір хатында К.Смайылов: «Қазақстан 100-орында, ал Шерхан: «74-орында тұр» дейді деп жазған. Сөйтсек, 174 елдің ішінде 93-орында тұр екенбіз.
Осындай кішкене сәтсіздіктердің өзі бір-ақ рет байқалған. Жалпы дерек-дәйектерге жіті қарап, мұқият болуға тырысқан авторлар өз хаттарында қыруар цифрлар, деректер келтірген. Онсыз әңгіме жалаң эмоция болып шығады. Рас, кей деректер уақыт өткен сайын өзгереді. Ол - түсінікті. Бұл хаттар бір жарым жылға созылды. «Егемен Қазақстан» осы хаттарға байланысты келіп түскен оқырмандардың ой-пікірлерін бірнеше рет арнайы бет-бөлім етіп жариялап тұрды. Оқырмандардың бәрі қостап: «айтайын деп жүрген, айта алмай жүрген ой-сырларымызды сіздер айтып отырсыздар, сол үшін де сіздерге алғысымызды айтамыз»,- деп жазған екен. Шындықты баспасөз бетінде әйгілеу әркімнің қолынан келе бермейді. Камал Смайылов пен Шерхан Мұртаза жазған хаттардың әлеуметтік тереңдігі кез келген оқырманды разы еткенін жоғарыдағы хаттар дәлелдеп тұр.
Екі жазушы көтерген бірмәселе: рухани мекемелер қызметіне жағдай жасау. Талайқалаларда, тіпті, балалар кітапханасының ғимаратыәлдекімдерге сатылып, не кітапхана емес, не халыққа қызмет көрсететін іске бағытталған болмай қалып жүр. Халық басына қиын-қыстау күн туғанда, «Егемен Қазақстан» газеті зиялы қауымның да, қарапайым халық өкілдерінің де нағыз мінберіне айнала алды.
Ш.Мұртаза мен К.Смайыловтың бір-бірімен жазысқан хаттарында әлем және орыс әдебиетіндегі осы жанрда қалам тартқан әріптестерімен ұқсастықтары сезіледі. Тарихи оқиғаларды қапысыз баяндау, деректерді бұрмаламай жеткізу мен оқиға өрбіту тұрғысынан алғанда ұқсастықтары жетерлік. Сондай-ақ бұл хаттарда әлеуметтік мәселелер ешқашан назардан тыс қалмайды. Бір-біріне хат үздіксіз жауап хат жазған жазушылар бұл ретте де өзара пікір алмасып, болып жатқан оқиға-құбылыстарға баға береді, ақыл-ой таразысына салып жан-жақты бағалайды. Олардың бір ұқсастығы, қазақ еліндегі мәдени-тұрмыстық ерекшеліктерге сәйкес өзіндік ұлттық колоритін аңғартып отырады. Хат авторлары жеке бастағы жаңалықтарын айтумен емес, ел өміріндегі елең етерлік жаңалықтарды талдап, оған өз қал-қадерінше тиісті бағасын беруді ұмытпайды. Бұл хаттар негізінен қысқа-нұсқа түрде жазылған және әртүрлі мәселені көсіле жазып, жан-жақты баяндау үрдісі ерекше дамығанын байқадық.
Бүкіл қазақ баспасөзінде өзіндік орны бар Ш.Мұртаза мен К.Смайыловтың хат-әңгімелерінің басылуы, ондағы көтерілген мәселелер ұлт жағдайының қамын ойлау, ол үшін ащы айтылған пікірлерді батыл жариялау кезеңі туған, қайткен күнде де ендігі жерде ұлт тағдырының өз отанындағы орнын қорғауға деген қуатты құлшыныс оянған кезең екенін көрсетеді.