Оқулық Астана, 2012 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі



бет71/97
Дата07.02.2022
өлшемі0,54 Mb.
#95538
түріОқулық
1   ...   67   68   69   70   71   72   73   74   ...   97
Байланысты:
umkdfile(78615) (1)

Суреттеме
XІХ-XX ғасырдағы қазақтың мерзімді баспасөзінде суреттеме деген атқа ие болған жанр қалыптасты. Бұл сөздің терминологиялық мағынасы «сурет», «сурет салу» дегенді білдіреді. Суреттеме – бұл адам портретінің, оқиғаның, өмірдегі құбылыстардың әдеби-көркем құралдармен суреттелуі. Суреттеме жанры қазақ және кеңес журналистикасында кездеседі. Суреттеме жанрдың ізашары болып табылған. Суреттеме жанрлардың кіші пішіні ретінде танылған. Ол нақты және өз мағынасы жағынан салыстырмалы түрде жергілікті оқиғаға арналады: өндірістік, не мәдени объектінің іске қосылуы, цех, не бригаданың еңбек күні, оқу жылының басталуы, оқушылар мен студенттердің еңбек жазының жұмыс күндері, спорттық сайыстар, туристердің слеті және т.б. тақырыптарды қамтуы мүмкін. Қазақ баспасөзінде суреттеме ең ұнамды жанр болған. Жанр эталоны болып табылатын суреттемелер Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Қапан Сатыбалдин, Зейін Шашкиннің шығармаларында кездеседі.
Суреттеме – бұл көркем-публицистикалық және репортаждық тәсілдер үйлесетін аралық жанр. Публицистикашылдық, бейнелілік, әдеби-стильді тәсілдердің байлығы суреттемені очеркке ұқсатып, суреттемені очерктің кіші формасы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Суреттеме жанрын зерттеушісі, профессор В.П.Владимирцев газет жолдарында кездесетін суреттеменің алуан түрлерін былай бөледі:

  • Портреттік суреттеме.

  • Оқиғалық немесе репортаждық суреттеме.

  • Табиғат суреттемесі [1,62-б].

Осы тұста біздің ойымызша, суреттеме түрлерінің бірнешеуін атап көрсетуге болады. Соның ішінде:

  • Табиғат туралы этюдтер.

  • Портреттік суреттемелер.

  • Публицистикалық суреттемелер.

Табиғат туралы этюдтар дегеніміз - ландшафттарды, табиғи объектілерді, табиғаттағы кез келген құбылыстарды сипаттау. Табиғат туралы этюдтар әдетте пейзаждық сипаттаудың ықшамды түрін және суреттеліп отырған құбылыс, не оқиғаға автордың қатынасын көрсетеді. Табиғат туралы этюдтар жарық лиризмге боялып, нақты және шағын сипаттауға ие болады. Табиғат туралы этюд жазудың шебері, орыс жазушысы Михаил Пришвин шығармашылығындағы «Незабудки», «Фацелия» кітаптарына кірген қойын дәптер мен күнделіктен алынған заттың суреттемелері нақтылығымен, ықшамдылығымен құнды және терең философиялық идеяларымен таң қалдырады.
Суреттемеде публицист алдындағы мақсат көбінде мәселенің басын ашатын өмірдің көріністеріне көңіл аударуды талап етеді. Журналист суретші секілді белгілі бір нүктені тауып алып суреттейді, егерде жазушы дұрыс бағытта жүріп, шығармашылық қиялы бай болса, ол өмір шындығын білуге, құбылыстарға әлеуметтік мағына беруге қол жеткізеді. Бірақ, мұнда да тақырыптың тың, өзекті болуы бірінші орында, ал олай болмаған жағдайда, сурет өзінің танымдық, тәрбиелік мәнін жоғалтады. Публицистің өмірге қаншалықты бейім екендігін осыдан байқауға болады.
Суреттемеде портретті очерктегідей жазушының бір ғана кейіпкерге тоқталуы болмайды, мұнда беллетристикалық очеркте-гідей кейіпкерлер соқтығыспайды, сюжет жоқ. Басты кейіпкер міндетін көбінде ұжым атқарады. Өмір динамикасын дұрыс жеткізу үшін, шығарма тақырыбын анық ашу үшін, суреттеме өзгеше орналасады. Әрбір суреттеу М.Пришвин пікірінше бұл: « ...қиын бір нәрсені ерітуге» тырысу. Онда очеркші «өз ойын физикалық түрде іске асырады» [2,11-13-б],- дейді. Басқа да публицистика түрлерімен қатар, суреттеме де өз тарихына ие. Бүгінгі күнге дейін өзінің танымдық мәнін жоғалтпаған тамаша көркем құжаттардың ішінде С.Аксаковтың «Орынбор аңшысының суреттемелері», И.Тургеневтің «Орман мен дала» шығармалары жатады. Қазақ әдебиетінде де суреттемелер ХХ ғасырда үлкен мәнге ие болып дамыды.
Ұлы Отан соғысы кезінде газеттер мен журналдарға суреттемелерді жиілетіп бере бастаған. Дәл осы кезеңде суреттеме әдебиеттің маңызды бір бөлшегіне айналған деуге болады. Суреттеме ұғымының өзінде көркемдеу мағынасы жатыр, яғни, суретпен ойлау, сөзбен көркемдеу, өмірдің әр түрлі құбылыстарын оқырманға ұсыну. Алайда, журналист деректерді жауынгер ретінде қолданады. Бейнелеу өнеріндегідей зат бітімін суреттеменің өзі философиялық ой-толғауға әкеп тірейді. Осыдан барып бақылау сананың жетістігіне айналады да, алғашқы ой-пікірді жалпыға ауыстыратын сәттер жалғасады, мұнда тәжірибе, ассоциация, автор білімі ұштасады. Публицист суреттемеде дүниеге көзқарасына сай өмірдің белгілі бір жағын көрсетеді. Материал қаншалықты көркем болса да, автор көздеген мақсатты эпизодтар көмегімен шебер бере алмаса, суреттеме сәтсіз шығады. Суреттемеде тақырыппен байланысқан бір топ адамды көреміз. Бұл материалдың формальді бірлігі емес, автор ойын бейнелеп жеткізуге арналған бейнелер жүйесі. Суреттеменің сәттілігі жиналған деректердің санында емес, оқырман ойы мен сезіміне қалай әсер ететіндігінде. Суреттеме авторы үшін әр түрлі формалар беріледі: суреттеме, заметка, эпизодтар сериясы, куәгер әңгімелері, сұхбаттасу мен хат түрлері т.б. Соның өзінде очеркші алдында таңдалған объектіге дәл бақылау жасау, дұрыс көзқарас қалыптастыру талабы қойылады.
Жазушы Шерхан Мұртазаның суреттемесі “Нұқ пайғамбардың кемесі” деп аталады. Мұнда негізінен кейіпкер де, характер де жоқ, сюжетсіз очерк, яғни этюд түріне жатады. Шығарманың көтерген негізгі тақырыбы – Адам баласының бүгінгі өмірі. Жердің жағасын жыртып, көйлегін айырып, әбден абыройсыз халге жетіп, азып-тозып бара жатқанын жазушы қынжыла отырып айтады.
“... Павлодар облысында тұтас бір аудан Ермак атымен аталып, сол аттас қалада Ермакқа орасан ескерткіш орнатылар ма еді? Және оның тұғырына: “Ермакқа дән риза ұрпақтарынан!” деп тасқа қашап жазылар ма еді? Ал “ұрпақтары” – кешегі тың игерушілер ғой. Бірақ олардың ұраны: “Тыңды игерейік !” емес, “Тыңды бағындырайық !” болды. Тың дегеніміз – жер. Жер дегеніміз – Ана. Ал анасын бағындыратын адам бола ма екен? [3,247],- деп, тың игеру кезінде жіберілген асыра сілтеушілікке сын айтып, олқылықтың жіберілу себептерін аша отырып, “Тың эпопеясы” деген даурықпа кезеңде бетегелі белдер, көделі жерлер, мың-миллион шүйгін жайылымнан қазақ халқы айырылып қалғанына өкініш сезімін өзек еткен.
Бұл суреттемеде тек қазақтың жер мәселесі ғана емес, сол “Тың эпопеясы” тұсында жүздеген қазақ мектептері жабылғаны, жергілікті қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-санасы, ұлттық қасиеті де топырақтың құнары кеткен сияқты қақырап бара жатқанын жазушы нақты мысалдармен жеткізеді. Семей маңында қырық жыл бойы атом бомбасы жарылып келгені, Аралдың құрып бара жатқаны, адамдардың астамдығының, тасыраңдығының нәтижесі екенін қаламы қарымды публицист кесек пайымдаулармен баяндап, сүбелі тақырыптарды көркем түйіндеп, өмір ақиқатын жинақтап, қорытудың үлгісін жоғарыдағы суреттемесінде көрсетеді.
Портреттік суреттеме – бұл адамды ғана сипаттайтын материал емес, сонымен қатар, адамның ішкі жан-дүниесін, оның ерекшелік-терін зерттейді. Портреттік суреттеменің асқан шеберлеріне М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин шығармаларында көп кездеседі.
Публицистикалық суреттеме – бұл журналист арқылы ұғынған болмыстың, деректің, оқиғаның, құбылыстың адамгершілдік, эмоционалды түрде түсіну. Суреттеменің бұл түрінде жоғарыда аты аталған жазушылардың публицистикалық суреттемелерін айтуға болады. Бүгінгі күні публицистикалық суреттемелер кең таралуда, өйткені, суреттеме - қоғамдық-саяси өмірдегі құбылысқа, не оқиғаға шағын түрде жедел үн қатуға, бүгінгі замандастарымыз, олардың қызығушылығы, істері, ойлары туралы айтуға мүмкіндік беретін берекелі жанр. Зерттеуші В.П Владимирцев бұл жанр туралы: «Суреттеменің жанрлық жүйедегі бұқаралық ақпарат құралдарындағы орны қарапайым болып көрінеді. Негізінен, суреттемелік миниатюралар (материалдар) БАҚ-тың жанрлар иерархиясында маңызды мағынаға ие: публицистикалық (ақпараттық) шығарманың байланысын көркем мәтін заңдары арқылы өңделген сөз эстетикасымен қоса өзінің көркем-сөйлеу әдеби негіз болатын ұстаныммен белгілейді (таңбалайды). Суреттеме журналистика мен әдебиет музалары арасындағы тарихи қалыптасқан табиғи дәнекершінің рөлін атқарады. Бұл қос стандарт пен қос бағынудың «шағын» газеттік жанры. Бір жағынан, фактографиялық құжаттылық, мекен-жайлылық, айқын ақпараттық себеп белгілері бойынша, суреттеме қалыпты ақпаратттық журналистикаға қатысты болып, хабар-ошар, корреспонденция, репортажбен туыстас болады» [1,12-б],-деп жазады. Бірақ сөйлеу мен бейне экспрессиясы, ақынжандылық пен лиризм белгілері бойынша, суреттеме көркем әдебиет пен беллетристикаға жақын. Демек, суреттеменің ерекшелігі туралы оның табиғи бірлігі аясында бағалау керек. Берілген шығарма қаншалықты журналистиканың қазіргі қажеттілік талаптарына жауап береді, дәл сол уақытта оның ақпараттық тапсырмасының сөйлеу көрінісі, танымдық пен публицистикалық жүктемесі қаншалықты поэтикалық пен бейнелік болып табылады. Сонымен, қазір жанр шекарасы бұзылды. Суреттеме өз бойына ақпараттық, сараптамалық, көркем-публицистикалық жанрлардың белгілері мен ерекшеліктерін топтастырды. Бұл ретте жанрлық және стильдік белгілер түрленіп, материал дайындайтын автордың ой-пікірі тақырып пен міндеттеріне байланысты өзгереді. Бірақ әр дербес жағдайда суреттеме әдетте үлкен публицистикалық жүкті, эмоционалдық, мағыналы қызулықты, авторлық бағаны, авторлық ой-пікірді туғызады. Суреттеме жанрын кейде демократияшыл деп атайды. Суреттеме жазу сөз өнерін меңгерген және газеттік қызметте біраз тәжірибесі бар журналистің қолынан келеді. Суреттеме – бұл адамдар, істер, табиғат құбылыстары туралы жылы, шын жүректен шыққан сенімді әңгіме. Ол кез келген оқырманға түсінікті, кез келген талғамға бағытталған. Суреттеме қазақ журналистикасында бұрыннан кездесетін қызықты, әрі мазмұнды жанр.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   67   68   69   70   71   72   73   74   ...   97




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет