Мемуарлық очерк. «Мемуар, естелік (фран. memoires – еске алу), автордың өз көзімен көрген, қатысып, араласқан оқиғалар жайындағы жазбалары өмірбаян түрінде, күнделік түрінде, жол жазбалар түрінде кездеседі» [35,139-б]. Қандай үлгіде жазылса да, мемуарлық очерктер көркем шығарманың санатына жатады және оның өмірбаян, күнделік, естелік ретінде жазылған нұсқалары көркемдік тәсіл үлгілері болып қабылданады. Мемуарлық очерктерде автор өмірде болған оқиғаларды негізге ала отырып, болған, өзінің басынан кешкен оқиғалары мен құбылыстарын нақтылы дерек, фактілерге жүгіне отырып, желі етеді. Сонымен қатар, мемуарлық көркем очерктерде белгілі бір кезеңнің тарихи, саяси, әлеуметтік кезеңдері қамтылып, жинақталады. Очеркші өзі өмір сүрген кезеңдегі әртүрлі адамдарды өз көркем очеркіне арқау ете отырып, сол кейіпкерлердің іс-әрекетін, мінез-құлқын, жан-дүниесін бейнелеу арқылы сол кезеңнің әсері мен сипаттарын суреттеуге тырысады. Яғни, бұл мемуарлық көркем очерктерде сол кезеңнің уақыт тынысының әсері, өткен шындыққа авторлық бағаның берілуі басым түсіп жатады. Бұл көркем очерк түрінің басқа түрлерден артықшылығы - өткен, болған жайларға баға берушілік, баяндалып отырған оқиғалардың автордан басқа да куәгерлерінің бар екені. Демек, баяндалған оқиға, суреттелген іс-әрекеттер неғұрлым деректі материалдар мен нақты фактілерге көбірек жүгініп жазылса, соғұрлым өмір шындығы да терең ашылғаны болып табылады. Шынтуайтында, мемуарлық очерктерде деректілік пен нақтылық қатар жүрсе де, автордың көзімен көріп, басы-қасында болған оқиғаларды баяндағанда, автор өз түсінігі, өзінің сол оқиға немесе құбылыстарға жеке көзқарасы арқылы баға беру жағы басым болады, яғни, авторлық баға берушілікке көп мүмкіндік жасалады.
Біріншіден, мемуарлық көркем очерктерде нақты фактімен сөйлеу, деректілік, өмірдің шындығымен сөйлеу жағы басым жатады. Екіншіден, мемуарлық очерктерде өмір танытқыштық, өткенді жинақтап көрсету, қорыта сөйлеу, жинақты түрде бейнелеу қасиеті де бар. Осы қасиеттер біріккенде ғана, мемуарлық көркем очерктің мазмұны мен көркемдік сапасы өз дәрежесінде шығады. Мемуарлық очерктер жазу үшін, автордың өмірлік тәжірибесі мол, сөз етуге тұрарлық оқиға, құбылыстарды дұрыс таңдап қана қоймай, үлгі-өнеге боларлық тұстарды саралау шеберлігі де болуы шарт. Жазушы басынан өткен нақтылы өмір құбылыстары, оның сыры, қайшылықтары терең ұғылмай, терең зерттелмей, тарихи және қоғамдық шындық сарапталмаса, тәлімдік-танымдық қасиеті мол туынды жасалмайды. Очеркші өмір шындығын көркемдік шындыққа айналдырғанда ғана рухани ләззат аларлық туынды өмірге келеді. Мемуарлық очерктердің басқа шығармалардан айырмашылығы – құжаттық-деректік тұрғыдан неғұрлым нақты болады және автор өз көзімен көрген, білген оқиғаларын шығармасына арқау етеді.
Мемуар жанрының туу тарихы ерте дәуірлерден басталады дейді, бірақ, шын мәніндегі мемуар жанрының жетілу, қалыптасу кезеңдері - ХҮІІІ ғасыр мен ХХ ғасыр аралығы. Орыс әдебиетіндегі мемуардың классикалық үлгілеріне А.Герценнің «Көргендер мен ойлары», Л.Толстойдың «Балалық шақ», «Жастық», «Жігіттік», К.Гольдонидің «Мемуарлары», М.Горькийдің «Менің университеттерім» т.б. шығармалары жатады. Қазақ әдебиетінің тарихында мемуарлық жанр ерте кезден бар, оған Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу», С.Мұқановтың «Менің мектептерім», «Өсу жолдарымыз», Ғабиден Мұстафиннің «Ой әуендері», «Сыр дәптері», М.Қаратаевтың «Көргенім мен көңілдегім», Медеу Сәрсекеевтің «Сәтбаев», Қабдеш Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние», Сафуан Шаймерденовтің «Ағалардың алақаны», Мұзафар Әлімбаевтың «Көңіл күнделігінен», Асанәлі Әшімұлының «Майраның әні», Әлібек Асқаровтың «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын» т.б. өмір, әдебиет, мәдениет тарихы, ақын-жазушы, өнер адамдары туралы ой толғайтын мемуарлық сарындағы көркем шығармалары баршылық. Бұл кітаптар авторлары өздерін тек жақсы жағынан көрсетуді ғана мақсат етпей, қате басқан, адасқан тұстарына өмір өте келе баға беру, қиындыққа түскен кездеріндегі көңіл-күй, қиындықты жеңген сәттерін де бейнелеуімен құнды.
Сәбит Мұқановтың «Туған жердің тыңында» атты көркем очеркінде сол кезеңнің тұрмыстық жағдайларын ғана суреттеп қоймай, өзінің ішкі әлемін де әдіптейді. Мұнда тұрмыстық жағдайлармен қоса, көңіл-күй сәттері, жеке басының мінез ерекшеліктері, портреттік суреттемелер кеңінен қамтылады, яғни автордың жеке басының өмірлік тәжірибесі, өмір сүрген дәуірінің қайшылықтары, арман-мақсаттары қатар өріледі. Бұл көркем очерктің алғашқы тарауы «Бұл жердің тарихынан» деп аталып, азабы ауыр болған балалық шағын өткізген, әке-шеше, туыстарының қабірі орнаған Жаманшұбарды ширек ғасыр көрмей, қайта оралғандағы әсерлерін очеркші шыншылдықпен баяндайды.
Жазушы бұл тарауда Жаманшұбардың бұлай аталу себебін, Қараағаш жеріне көшу себептерін айта келе, өзінің қайда, қалай өмірге келгені жайында мәліметтерді бергенде, жеке адам тағдыры мен қоғам тағдырын байланыстыра отырып, былай береді: «... Мен олар жалшылықта жүрген жат ауылда туғанмын. Әкем қырық тоғызда, шешем – қырық екіде. Менен басқа ұл оларда болмаған. Қыздары көп болған. Бірақ, ол замандағы қазақ аулының ғұрпында қыз – бала емес, «қалыңмал» ғана.
Көп жыл ауыр бейнеттің салмағымен жаншылған менің әкем де, шешем де мен туғаннан кейін еңбекке жарамайтын дәрежеде ауырып, басқа паналар жері болмаған соң, Жаманшұбардағы туыстарына көшіп барады. Ол жылы мен бес жастамын. Келер жылы әкем өлді, одан келер жылы шешем өлді. Менен үш жас үлкен апам – Ұлтуған екеуміз жетім қалдық...» [36,21-б]. Жазушы өзінің балалық шағының елеулі кезеңдерін сөз еткенде, қазақ елінің басындағы ауыр халді, панасыз қалған жетім балалардың басындағы ауыр жағдайды суреттегенде табиғат құпияларымен егіз суреттеу арқылы шығармасында көркемдік шешім тапқан. «Бірнеше күннің бойына созылған боран, кейде үйлер мен қораларды теп-тегіс қалың және биік күртікпен жауып кетеді. Боран ашылғаннан кейін әр үй өз қорасының маңына үйілген күртікті қазып жол ашады, үй мен үй терең қазылған орлар арқылы қатынасады...
Үйлерді күртіктер бұлай баспау үшін, қыстың басында, ауылды және үйлерді жағалай, қамыстан қалқан ұсталады. Жазық далада жел айдаған қар, қалқандарға ықтай келе, біраздан кейін қалқан маңы қар тауына айналады. Қамыс қалқан ол таудың үстіне үстеле тағы да орнайды... Қар аязда тас боп қатып қалады да, адам түгіл жеңіл-желпі малды да көтеріп кетеді» [36,22-б],- деп Жаманшұбар жеріндегі қыстың қаталдығы, көктемнің бала атаулыға әкелер қызығы, «құралайдың салқыны» қалай түсетінін, жаз жайлаудың қызығын бейнелегенде, очеркші өмір оқиғалары мен табиғаттың құбылыста-рын қатарластыра отырып, ұтымды іріктеп, келістіре суреттеген. Мұнда автор табиғат суреттерін өзінің көзімен, көңіл түйсігімен орайластыра береді, яғни табиғат пен кейіпкер көңіл-күйлері астарласа, қатарласа жүріп отырған.
Бұл көркем очеркінде жазушы жеке басындағы жайларды ғана шолумен тоқталмайды, сол өзінің балалық кезіндегі саяси-әлеуметтік жағдай, қоғамның рухани-мәдени өмірінен де хабар бере отырып, одан кейінгі де өз жеке басының өмірлік тәжірибелерін тізбектей келе, арман-мақсаттарының қалай орындалғанын шығармашылықпен жазады. Сонымен қатар, мемуарлық очеркте қазақ халқының тарихи дамуының аса маңызды проблемалары көтеріліп, қарапайым халықтың ең жарқын мұраты, қадір-қасиеті, сол кезде болған жаңалықтарды автор өз бейнесі арқылы көрсетеді, осыдан келіп жазушы балалық, жастық шақты тану өткінші науқан емес екенін дәлелдейді. Өткенді білмей, алға жылжу жоқ, өткен күн бүгінгі күннің таразышысы, мемуарлық көркем очерктер жазушының халық өмірінің өткенін жаңа заман биігінен шолуға мүмкіндік беретін өте қолайлы көркем очерктің түрі болып табылады. Жазушының өз көзімен көрген оқиғаларын, басынан кешірген жағдайларды ғана әсерлі етіп баяндау мемуарлық очерк болады десек жетпейді, сондықтан бұл очерк түрі тарихи шындық фактілерді көркемдік жолмен жинақтау арқылы жүзеге асады. Мемуарлық очеркте бұрын болған оқиғаларды рет-ретімен баяндаса болғаны десек, аздық етеді. Онда өмір танытқыштықпен қоса, тағылым берерлік сәттер көп кездесіп, бұл очерк түріндегі тарих көпті көрген, көпті білген ұстазға айналса, лирикалық кейіпкердің өзі кей жағдайда тарих рөлін атқарып кетсе - өз мақсатын орындағаны. «Бұл жердің тарихынан» атты тарауы автордың балалық шағындағы өзі туып-өскен ауылының портретін толық беруді, барлық жайды жас бала атынан баяндай отырып, сол кездегі ауыл-аймақтардағы өзгерістерді қаз-қалпында беруімен құнды шыққан.
Сәбит Мұқанов - мемуарлық көркем очерктер жазумен ғана шектелмей, кейін мемуарлық романның классикалық үлгілерін өмірге әкелген жазушы. «Өмір мектебі» романының бастамасы жоғарыдағы очерктерден туса керек. Бұл роман - халқымыздың тұтас бір дәуірде бастан кешкен оқиғаларын қарапайым ақиқатымен, адал шындығымен көрсете алған, қазақ аулының қыруар жаңалықтарын шыншылдықпен суреттеген шығарма.
Сәбит Мұқановтың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында оның қамқорлығын көріп, шарапаты тиген, сапарлас, сыйлас болған қаламдас достары «Сәбит Мұқанов туралы естеліктер» [37] атты кітап шығарған. Бұл кітапта қазақтың атақты жазушысы С.Мұқанов қазақтың рухани қазынасына қомақты үлес қосқаны, шын мәніндегі ұлы перзент болғаны туралы көптеген мемуарлық, естелік түрінде жазылған очерктер енгізілген.
Ғабиден Мұстафин «Ой әуендері» кітабын былай бастайды: «Ойсыз күнім болмады. Әр кезде, әр қилы ой келді. Көре келе, жүре келе, уақыт, жағдай өзгерген сайын ой да өзгере берді. Ол өзгерістердің бәрі бірдей есте қалмапты. Керексізімен қоса, талай керектісі де өлген болар. Ал, қағазға түскен ой өлмейді, жәрәмдісін бір уақытта біреу болмаса, біреу пайдаланады. Сондықтан кейінгі ұрпақтың бір керегіне жарар деген үміттемін» [38,7-б],- дейді. Расында да, ұлы жазушының түпкі мақсаты өткеннің дұрысы мен бұрысын таразыға сала отырып, адам жанын тәрбиелеуді, рухани азық беруді мақсат еткен сияқты. Осы кітабындағы «Өмір белестері» аталатын мемуарлық очеркінде автор өзінің туғаннан бастап, өмір сүрген ортасы, есейген шағындағы басынан кешкен оқиғалары, жеке тұрмыстық жағдайлары, өзі өмір сүрген ортаға көзқарасы - бәрін-бәрін кіріктіріп, арқау етеді. Жазушы өзінің арғы аталарының шыққан тегін, туған жерінің жер-суларын, жас кезіндегі алған білімінің бастауларын, Қызылордаға оқу іздеп барып, «Еңбекші қазақ» газетіне мақала жазып, Ғаббас Тоғжанов, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқановтармен танысып, аралас болғанын қызғылықты баяндаған, өзінің басынан өткен оқиғалардың елеулілеріне ғана тоқталып, көңілге түйген жайларын, оқиғаларын қамтуда шеберлік танытқан.
«Менің өскен ортам алпыс үй Елібай ертерек жерінен айрылып, қоныс ауып, кедей болды. Сол кедейдің бірі, түбі өзбек, Сейткемелдің Әубәкірі Пәтима деген тұңғыш қызын маған атастырыпты. Әубәкір 1910 жылдан бастап саудаға айналысып, байи бастайды. Байыған сайын бізді менсінбеуге айналды. Үш-төрт жылдың ішінде, әсіресе, 1916 жылы Әубәкір бүкіл бір дуан елге ықпалын жүргізді. Қызын бермеуге айналды. Бермегеннен бұрын, ауыл үй отырып, оның қатын-қалаштары, малайларына дейін намысымызды қорлап бақты. Бала кезімде, іңірде, қараңғы үйде шешемнің:
- Қарашығым, кешегі жалғыз үйлі жаман неме менсінбеді ғой,- деп бетімнен сүйе талай еңіреген көз жасы ішіме мұз боп қатқан» [38,13-б],- дей келе, кейіннен Әубәкір қызылдар келер алдында қызын амалсыздан беріп, бір жылдан кейін қызының өліп қалғанын, сол кездегі саясат, қоғамдық күрес ахуалын тілге тиек етеді. Жазушы салт-сана, саясат майданына кеш келгенін айта келе, кейін зорлық-зомбылық атаулыға қарсы шығып күрескенін, қиындыққа тап келген сәттерін бейнелеуі орынды шыққан. «Өмір белестерінде» очеркшінің жеке басындағы жағдайлардан оның өмір сүрген дәуірі, сол кезеңнің саяси-әлеуметтік қайшылықтары, қоғамдық өмір өзгешеліктері толығымен көрініп отырған.
«Туған жерде» мемуарлық көркем очеркінде Ғабиден Мұстафин он бес жылдан кейін Нұра жеріне келіп, ол елдің көп өзгергендігі туралы қызғылықты әңгімелейді. Қарағанды қаласының маңайын-дағы өзгерістерге, Қарағанды маңындағы Бұқпа, Қызыл-құдық, Аққұдық, Қампан поселкелері қаламен тұтасып кеткені, Қара-Нұра мен Шерубай-Нұраның арасы күндік жер екені, Алтай руының мекені болғаны туралы суреттемелер бұл шығармасында көптеп кездеседі. 1945 жылдың өзіндегі Қарағанды қаласы былай суреттеледі: «Батысқа қарай көлденең тартқан «темір астау» терең арна толқындарды түйдегімен жұтып жатыр. Осы арна бірнеше километрге созылады. Екі жағы суармалы огород, сонау Сырғабай төбешігіне дейінгі кең алқап көкпеңбек, өнімі ішіне сыймай лық-лық етеді. Арнасынан асқан Нұра алып Қарағандыны ғана емес, ен даланың да түгін түлетіп, түрін құлпыртып жіберген...
Батысы – сол құлпырған дала, шығысы – тау бауырында тулаған Нұра, аралықтан әдемі қала өскен. Қаланың көп қабатты, алуан түсті, заңғар үйлері бар. Үй маңы өрбіп келе жатқан бәйтеректер. Дәл ортада үлкен бақ...» [38,342- б],- деп, сол кездің өзінде Қарағанды қаласы ел мақтаны болып, сәулетті қаланың шапшаң өскендігін, көмір, темір, электр, егін бәрі де осы қаладан өрбіп отырған жайы қызғылықты деректер негізінде баяндалады. Мұнда очеркші өзінің өмірбаянын айтуды мақсат етпей, сол кезеңдегі адамзаттың, қоғамның, уақыттың өкілі ретінде Қарағандының өсу қарқынына баға бере отырып, тұжырымды және терең пікірлер айтады. Автордың туған жерге деген сүйіспеншілігі, халықтың сол кездегі әлеуметтік жағдайы мен оған деген көзқарас та білініп отырады. Осы өмірбаяндық сипаттағы көркем очерктері негізінде автор «Көз көрген» романын жазған. Онда дәуір оқиғаларын, өзі өмір сүрген кезеңнің жұмбақ сырларына, өзінің ұғымы, түсінігі тұрғысынан келген. Бұл аяқталмаған романы - Ғабиден Мұстафиннің зерттеушілік, ойшылдық қабілетін танытатын, айтқыштық, пікір түйгіштік қасиеттері мол шығармасы.
Ғабиден Мұстафиннің шығармаларымен де, адамгершілік келбетімен де қазақ елінің сүйіспеншілігіне бөленген жазушы екендігі «Ғабиден Мұстафин туралы естеліктер» [39] атты кітапта жан-жақты ашылған. Жазушының өнегелі мінезін, асыл сөздерін құлағымен естіп, көзімен көрген куәгерлер, өзінің замандастары ондаған мемуарлық очерктер жазып қалдырған.
Мұхаметжан Қаратаев - сардар сыншы, белгілі ғалым ғана емес, көргені мен көңілге түйгені көп, айтары мол очеркші екенін «Көргенім мен көңілдегім» атты портрет, мемуар очерктер кітабынан байқаймыз. «Ұядан қияға» атты алғашқы тарауы былай басталады: «Өткен өмір-сөнген көмір» дейтін сөздің жаны бар екен. Байқап қарасам, көзбен көрген, бастан кешкен дүниеден көп нәрсе ұмытылған, көп нәрсе өшкен, өзгерген. Әйткенмен, солардың бәрін болмағанымен, біразын еске алып, қағазға түсіргің келеді. Себебі, бұлар қалай болса да, кейінгіге сабақ болсын, жас ұрпақ жақсылығынан үлгі алсын, жаманшылығынан мүмкіндігінше бойын аулақ салсын дейсің, өткен өмірден аз да болса мағлұмат қалсын дейсің» [40,6-б],- деп жас шағын, туған жерін, көрген жайлары мен сезген әсерлерінің куәгер әңгімелері есебінде баяндаған. Сөз басында автор мемуарлық очеркін жазудағы негізгі мақсатын айта отырып, әркімнің өмір соқпағы әр қилы, үлкен сүрлеуге әр жолдан қосылған адамдардың тағдыры әр қалай тоғысатынын айтады. Ауылы Телікөлдегі балалық шағы, алғаш әріп таныған молдасы, сол кездегі көшпелі ауыл балаларының көрген күні, орыс әліппесін үйренген соң, оқу іздеп Ақмешіт (Перовск) қаласына барғанын автор нақты, әрі көркем баяндайды. «Бастауыш мектепті бітірген соң, 1925 жылы июль айында Қызылордадағы жеті жылдық мектебі бар Ленин интернатына ауыстым. Интернат темір жолдың сыртында Сафаның бауына жайғасқан. Тәртіп күшті. Қалаға жібермейді. Мен енді 5-ші класқа түсіп оқуым керек. Оқу әлі басталған жоқ. Қасымда маған үш жас үлкендігімен ықпал жасар серігім бар. Ол біздің елде қарғадайынан байдың қозысын, кейін қойын бағып, әбден қара қайыс болған Мәдіқожа Тәжібаев» [40,18-б],- дей келе, орыс әдебиеті классиктерінің шығармаларын оқығаннан кейін өмірге жаңа көзқарасы қалыптасқандығын рет-ретімен баяндайды. Автор өткен күндерін суреттеу арқылы бүгінгі күн қажетін өтеуді ойластырған, өзі жайында жаза отырып, М.Қаратаев өткен өмірге бүгінгі күн адамы ретінде зер салып барып, зейін аудартады. Болған оқиғалар мен қоғамдық құбылыстарды өз атынан баяндап, сол кездегі қазақ ауылының тіршілігін қаз қалпында жеткізе білген. Қаршадай баланың білімге, оқуға құштарлығын өз бойына шақтап, нанымды шығуын қамтамасыз еткен. Сол жас кезіндегі зерек баланың назарына түскен айшықты оқиғалар туралы жазуына, кейіннен өзінің айналасындағы қоғам қайраткерлері дәрежесіне көтерілген өнегелі адамдар туралы әлеуметтік суреттерге толы бірнеше мемуарлық очерктер жазуына себепкер болған. «Арман асуы» атты очеркінде қазақтың атақты жазушысы Сәбит Мұқанов, әдебиет зерттеушісі Белгібай Шалабаев, ақын Тайыр Жароков туралы олардың бойындағы озық қасиеттерін үлгі-өнеге етіп, өз айналасындағы адамдардың жақсы жақтарына көңіл аудару арқылы қасиеттерін алға тартады.
«Сонымен Москвадамыз. Үш болашақ әдебиетші Қызыл профессура институтында оқитын атақты жазушымыз Сәбит Мұқановтың жатқан жеріне іздеп бардық. Сәбең жатақхананың үлкен бір бөлмесінде Мәриям жеңгей екеуі тұрады екен. Елді сағынып қалған ба, екеуі қуанып қарсы алды. Сәбең бізді алма-кезек құшақтап:
- Е, қайдан жүрсіңдер, балақандар-ау,- деп жатыр. Сәбеңнің бала болмасақ та, «балақандар» деуі жүрегімізге жылы естіледі. Ол кісінің өзі бізге тым үлкен сияқты көрінеді. Сонда осы күні ойлап қарасақ, 34 жаста ғана екен ғой. Институтта сүйікті жазушымыздың шығармаларын түгел оқығанбыз» [40,30-б],- деген жазушының жылы лебізін, сенім мен жігер бере сөйлеген сөздерін, одан алған әсерлерін очеркші сенімді, әрі нанымды көз алдымызға елестетеді. «Арман азабы» очеркіндегі автор тағдыры, басынан кешкен қиыншылықтар мен жеткен жетістіктері қатар өріліп, очеркшінің өз тағдыры бірінші орында көрінеді, бірақ, соның өзінде республика өміріндегі болып жатқан оқиғалар мен біраз кезеңдер қамтылып, жеңіл-желпі әңгімеленеді. Мысалы, алғашқы 1934 жылғы жазушылар одағының бірінші съезі, 1936 жылғы Москвадағы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің онкүндігі, 1937 жылғы Қазақстан Жазушылар одағының бірінші пленумының оқиғаларын суреттеу арқылы жазушы дәуір оқиғаларына, кезең сырларына өз көзқарасын мәнерімен бедерлеген.
Мемуарлық очерктерде тек тарихта болған адамдар, оқиғалар, құбылыстар суреттелуімен шектелмейді. Онда адам характерлері ашылып, оқиғалар бір-бірімен тығыз байланысып, сол арқылы ұлттың, халықтың да жан дүниесі көрінеді. «Қайран Жәкең» атты очеркінде халық поэзиясының өкілі Жамбыл Жабаевпен аралас-құралас болған үш жылдағы елеулі кезеңдері жайлы баяндай келе, очеркші ақынның портретін, ішкі жан дүниесін, жеке басының толғаныс-тебіреністері үстінде де бейнелейді.
«Ертеде, жырлап жүргенімде, қалың қазақты шарлап аралай-аралай Жетісумен жапсарлас Сырдария облысының, Алатаумен астарлас Қаратау төңірегін аралап, бауырмал Сыр еліне, қонақжай Түркістан оязына тақау бардым. Атақты Майлықожа, Құлыншақ, Майкөт ақындарға кездесіп, өнерлерінен үлгі алып, өздерін пір тұттым. Сол сапарымда ақындардың ішінде халқының аузынан түспейтін көп естіген есімім, алмастай өткір тілі бар, ағыл-тегіл жыры бар, шығарған сөзі шырайлы, ел аузынан көп тыңдағаным Шәді төре мен Тұрмағамбет болған. Сонда көңілім тасып, таңданып қайтқанмын» [40,44-б],- деп, Жамбыл шығармашылығындағы халық ақындарының рөлін кейіпкердің өз толғаныстары арқылы беруі айқын көрінеді. «Сәкен аға» мемуарлық көркем очеркінде С.Сейфуллин есімінің санамызда айрықша ардақталу себептерін түсіндіруден бастайды. Атақты ақынды алғаш көргендегі әсерін автор былай бейнелейді: «1930 жылы Алматыға келіп, сырт таныс ардагер ақынды көзбен көргенде, әуелгі әсерім едәуір өзгерді. Шымқай қара мұртының екі ұшын қиғызып, шағын ғана басқызған. Бұрынғы ашаң жүзі сәл толығып, қоңырқай тартқандай. Суреттегідей емес, сұңғақты, әсем тік тұлғасымен де айрықша көз тартады, көңіл сүйсіндіреді.
Ойлы да өткір, мөлдір қара көзі бір түрлі от шашатындай, кейде кейігенде қаһарлы, зәрлі ұшқын атса, көбіне жылы, жұмсақ мейірлі назар аңғартатын. Оның көзқарасы ақындық жанының бейне бір айнасы іспеттес» [40,55-б],- деген портреттік суреттеуден кейін Сәкеннің өзіне қазақ әдебиеті тарихынан дәріс оқығанын, көп ретте үлгі-өнеге болатын тұстарын жіті байқаған очеркші оның жастар үшін үлкен мектеп болатыны, ұстаздың шәкіртке деген сезімінің, сенімінің молдығы жайында ой тұжырады. Қазақ әдебиеті тарихындағы кейбір бұрылыс, өсу кезеңдері, күрделі, жаңашыл сәттердің тууы, тартымды, әрі ұсталықпен жеткізген қаламгер Сәкен Сейфуллин мен қазақ әдебиетінің тарихының белестерін де егіз, жаңарулар мен мол оқиғалардың сыры мен шынын жан-жақты әңгімелейді. Автор әдебиетке араласқан шағынан бастап, Сәкен шығармашылығын жіті оқып, Сәкен әкелген әдебиеттегі жемістер мен жетістіктердің аса маңызды ағыстарын шебер шежірелейді. Очеркші кейіпкер басынан өткен оқиғаларды мол қамту арқылы дәуірдің түрлі тартыстарының, мұраттарының өзгешеліктерін жіті білгірлікпен бейнелегеніне куә боламыз. М.Қаратаевтың «Биаға» очеркі Бейімбет Майлиннің, «Дала жұлдызы» Ілияс Жансүгіровтің, «Мұрат мұхиты» Мұхтар Әуезовтің, «Халық қалаулысы» Сәбит Мұқановтың, «Ағайынды Жұбановтар» Ахмет пен Құдайберген Жұбановтар туралы мемуарлық көркем очерктерінде ұлы адамдармен қалай кездесіп, аралас-құралас болғанын жай ғана баяндап қоймай, түрлі кездесулер ішінен қашанда ең керекті түйінді оқиғаларды екшеп, іріктеп ала білуімен, өмірде өшпес сабақ алған сәттерін парасатпен таратып айта білген. Жазушы өз өмірінде көрген, араласқан, таныған адамдарының бәрін емес, елеулі ерекшелігі бар, тарихта алтын әріппен жазылған тұлғаларды ала отырып, олардың тура өмірінің үзінділері бұл көркем очеркке табиғи растықты дарытып тұрғандай әсер қалдырады. Бұл ұлылар тұлғасы қайырымды, парасатты, жомарт адамгершілік иелері болғанына, табиғаттай таза мінезі есте қалады. Ақындық, жазушылық, азаматтық келбеті барлық кейіпкерде молынан қамтылып, қазақ халқының болашағы үшін қызмет еткендігін суреткер нанымды әңгімелейді.
Сафуан Шаймерденовтің «Ағалардың алақаны» кітабында М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Б.Момышұлы тағы басқа ақын-жазушылар туралы есте қалған оқиғаларға құрылған мемуарлық көркем очерктері қамтылған. Бұл кітапта автор өмірдегі көрген-білгендерін, естігендерін өз очерктеріне арқау ете отырып, ұтымды штрихтар, адамның ішкі сырлары, мінез-құлқындағы ерекшеліктері туралы философиялық түйіндеулерге негіздеген. «Бір таба нан» атты алғашқы очеркінде жазушының балалық шағы, әкесінің аралас болған адамдарымен қарым-қатынасы, өскен ортасы туралы баян еткенде, әкесінің орнын, адал жүрегін, таза адами табиғатын әдемі суреттейді. Әсіресе, Сәбит Мұқановқа байланысты өз басында болған оқиғалары қызықты. Соның бірі:
«- Мә, машинаңның бір жеріне тыға тұр. Көрерсің, Сәбең қазір іздейді қамшысын. Сонысын қызықтайық,- деді. Айтқанындай шықты, Сәбең қамшысын іздеді. Өзінің дағдылы тарғыл даусымен: «Әй, қамшымды қайсың алдыңдар?»- деп көпке дейін сұрау салумен болды. Біз Хамит екеуміз үлкен кісінің мына бала мінезін қызықтаумен жүрдік. Сөйтіп қамшы менің машинамда кетті. «Әне апарып берейін, міне апарып берейін» деп жүргенімде қыс түсті. Бір күні жұмыстан келсем, алты жасар ұлым Саян ілулі тұрған қамшының таспаларын тарқатып, кесіп-кесіп конькиін шандып байлап жатыр екен» [40,17-б],- дей келе, кейін бұл баласының атақты хоккейші атанып, атақ-даңққа ие болуына осы қасиетті Сәбеңнің қамшысының әсері болған шығар деп жориды.
Көркем очерктегі көркем шындық жолдары әр алуан және мемуарлық очерктерде де жазушы таланты күшті болған жағдайда ғана, көркемдік шындық та сондай өреден көріне алады. Демек, Сафуан Шаймерденовтің «Ағалардың алақаны» атты кітабындағы естелік түрінде жазылған мемуарлық очерктері әртүрлі тақырыпқа арналған, онда өзі өмір сүрген дәуір, оның қаһармандары жанды, табиғи қалпымен көз алдымызда қалады. Кітаптың екінші тарауы «Қитұрқысы жоқ бірқақпайлар» деп аталып, оған жеке адамдар мен автордың басынан кешкен қызықты оқиғалар арқау болған. Қазақ халқының атақты жазушы-ақындары мен әншілері туралы қысқа-қысқа қызғылықты әңгімелер осы өнер адамдарының кейбір өмір көріністерін қадау- қадау елестеткен, өздеріне ғана тән ерекшеліктерді дөп басып, нанымды әңгімелейді.
Мұзафар Әлімбаевтың «Көңіл күнделігінен» эссе түрінде жазған мемуарлық очерктері қызықты әрі мағыналы. Өзінің балалық шағынан бастап баян еткен ақын өмірінің, тіршілігінің бағдарын көре отырып, әр тұстан әртүрлі кейіпкерлерді кездестіреміз, түрлі ерекшелік, мінез - құлық жиылып келгенде, сол кезеңдегі қазақ ақындарының қалыптасу, есею жолдарын танығандай боламыз. Автор туған жері Маралдыны суреттегенде, оның талай ақынның, аққу көмей әншінің өлең-жырына арқау болғанын тілге тиек ете келіп, былай суреттейді: «Маралды! Қозыкөш жеріндегі қырларында жидегі сыңсыған, қол созым жердегі шілігінде қарақаты мөлдіреген Маралды! Құс баласынан көлдерінің беті көрінбейтін Маралды. Жонында жайылған дуадағы тоқтыдай Маралды. Жылыбұлақ көлінен ұстағанда қара балығы бір үйді қалжасына қарқ қылатын, шортанын жиырмадағы жігіт әзер көтеретін Маралды. Қынасының қызыл реңі қыз жүзіндей алаулаған Маралды. Көк майсасынан құлын жоны көрінбейтін Маралды. Құяңнан қажыған кәрі шалды көктемге жетсе, құлан таза құтқаратын шипа сулы Маралды. Топырағы тоң майдай томырылған, құнарлы қырларында астығы асқар таудай үйілетін Маралды...» [41,6-б]. Туған жердің қысын да, жазын да, күнін де, түнін де шын сүйе білген ақын жүрегінен осыншама көрікті сөздер туған. М.Әлімбаев туған жерге, елге деген махаббатын осы очеркінде теңдесі жоқ сұлулығын, адамдарының асылдығын небір өрнектер арқылы төккен. Жасынан туған жердің қасиетін көріп өскен автор Ертіс өңірінен шыққан Құдайберген, Майра, Бұқар, Көтеш, Иса, Естай өлең-дастандарын әр дәрежеде естіп, қабылдап өскендігі, өсіп-өрлегендігінің көркемдік куәсі де осы адамдар екенін айғақты мысалдармен дәйектейді. М.Әлімбаевтың бұл кітабының «Көңіл күнделігінен» атты тарауы - бас-аяғы жинақы, көздеген мақсаты туған ел мен туған жер, өскен орта туралы айтуды мақсат еткен нысанасына дөп тиген, мұндағы очеркшінің тұжырымдары да нақты, шыншылдық дәстүрде жазылған мемуарлық белгілерге толы шығарма. Бұл кітабы арқылы Мұзафар Әлімбаев өмірге деген өзінің көзқарасын, өзіндік ой тебіренісін, өз топшылаулары арнасынан көрсеткен деуге болады. Очеркшінің жеке басының өмірлік тәжірибесі, сүйініш-күйініші, өмірлік шындықтың өзгелер байқай қоймайтын сырлары, құпияларын ашады және соның бәрін өзінің төл пікіріне айналдырған.
Жанболат Аупбаевтың «Отқа тосылған от жүрек» [42] кітабы Ұлы Отан соғысындағы ерлік күрестің қаһармандарын жазуға арнаған. Елге де, ерге де үлкен сын болған сағаттарды, оның қаһармандарын дәріптеп, жас ұрпаққа үлгі-өнеге етуді мақсат еткен очеркші Александр Матросовтың ерлігін қайталап, пулемет аузын омырауымен жауып, ауыр жараланып, тірі қалған С.Оразалинов жайлы, үш рет өліп тірілген С.Мамыров, аты әлемге әйгілі қарт палуан Қажымұқан, өз қоржынына жасатқан ұшақпен жауын жайпаған Қ.Шалабаев, соғыстан кейін көп жылдан кейін Кеңес Одағы батыры атағын алған, ұстаз З.Құсанов секілді қаһармандар туралы очерктерінде деректермен қоса, олардың өмір жолы, ерлік жолы көркем тілмен әңгімеленеді. Ж.Аупбаевтың «Таңғажайып тағдырлар»[43] очерктер жинағы - тың, соны деректерге негізделген мемуарлық сарындағы туындыларының жиынтығы. Мұндағы эсселер мен диалог-очерктерде танымдық сипат басым және сирек мамандық иелерінің тағдыры, өмір жолы туралы кеңінен ой толғайды. Олар – офицер Ө. Көбеев, «Нормандия-Неман» авиа-эскадрилиясындағы техник Ө.Түсіпбаев, Антарктидаға барып қайтқан Д.Бименов, Х.Рүстемұлы, киноактер А.Әлімов жайлы бұрын көп жерде сөз болмаған, тосын жайттар әңгіме арқауына айналады. Жоғарыдағы кейіпкерлермен жүзбе-жүз кездескен очеркші осы сирек мамандық иелерінің өз кәсіптерін жетік меңгеруі қазақ қоғамы дамуының зор маңызын айғақтайтынын әсерлі әңгімелей білген.
«Ғұмыр-дария» [44] очерк-диалогтар жинағында да Ж.Аупбаев мемлекет қайраткері Д.Қонаев, жазықсыз жазаланушы, репрессия құрбаны Б.Қаралдин, қазақтың тұңғыш армия генералы С.Нұрмағамбетов, дүние жүзінде сирек кездесетін құс-реликт-шағаланы тауып, оның өсіп-өнуін зерттеген орнитолог Е.Әуезов, сәулетші, Елтаңбамыздың авторларының бірі Ш.Уәлиханов тағы басқалар туралы толымды, жан-жақты өмір дерегіне қанықты очерктерін топтастырған. Очеркшінің Шерхан Мұртазамен, сәулетші Шота Уәлихановпен, ақын Олжас Сүлейменовпен сырласу орайындағы эссе-очерктерінде сұхбаттасар адамының ой-өрісіне, әңгімеге ұйытқы болған автордың тапқырлығына тәнті боласың. Кілтін тауып, әңгімені өрбіте білген очеркші бірқыдыру мәселелерді қамтуға, кейіпкерлерінің жүрегінен жол табуға келгенде тапқырлық танытып, әр кейіпкердің ішкі пікірінің пердесін дөп басып, бүгінгінің ғана емес, бұрынғының да шежіресінен сыр тарқата алған, өмірбаяндық очерк деңгейіне көтере отырып, деректі дүниеге айналдырған. Мысалы, «Жүрек ұйықтауды білмейді» атты очеркін оқығанда, Рим олимпиадасының күміс жүлдегері, желаяқ Ғұсман Қосанов туралы мол мәліметтерге қанығасың. Көркем шығармаға тән басты талап - оқиға желісін тұтас алып жүрумен қатар, көтерген мәселенің немесе кейіпкердің болмысын аша түсетін қосымша дерек, бұрын белгісіз жайт арқылы екінші бір желіні қатар алып жүру әдісі - қысқа қайырып ой түюге өте қолайлы әдіс. Бұл тәсіл туындының толыққанды болып, тақырыптың ойдағыдай игерілуіне септігін тигізеді. Жанболат Аупбаевтың «Олжас» атты ойлы очеркінде ақынның 1937 жылы қайғылы жазаға ұшыраған әкесі туралы дерек сөздерден басталып, сыртта күн бұлыңғыр тартқаны, қар жауып тұрғаны, жазықсыз жапа шегіп, әріптестерінен қисынсыз сөз естіген ақынның жиі-жиі күрсіну себептерін түсіндірген тұстар шығарманың бояуын қалыңдатып, оқиға желісін ширықтырып отырған. Автордың кез келген очеркін алып қарасақ та, оның оқшау оқиғалары көзге ұрып, күтпеген оқыс оймен аяқталуы, тақырып қоюы да шын шеберлік деуге болады. Мысалы, «Әлемді шарлаған сурет», «Үндестік заңы», «Маршал мінген ақ боз ат», «Түйе балуан», «Могиканның соңғы тұяғы», т.б. тақырыптарынан байқалады, шығарманың өн бойы құнарлы тіркестерге толы.
Қорытып айтқанда, мемуарлық көркем очерктерден мынадай ерекшеліктерді байқауға болады. Біріншіден, автор өзі куә болған, басынан кешкен оқиғаларды арқау етеді, екіншіден, онда тарихи оқиғалар, белгілі қоғам, өнер қайраткерлерінің өмірлері туралы естеліктер немесе күнделіктер түрінде де болуы мүмкін, үшіншіден, сол қайраткерлер не жеке адамның өмірі мен тағдыры сол қоғаммен тығыз байланыста суреттеледі, төртіншіден, құжаттық, деректік тұрғыда да басқа жанрлардан әлдеқайда нақтылығымен ерекшеленеді.
Лирика-философиялық очерк. Очерк - негізінен әдебиет пен журналистиканың қоғамдағы көкейкесті, өткір мәселелерін қозғайтын жанр. Очерктің мақсатының өзі – нақтылы саяси, экономикалық, әлеуметтік, философиялық мәселелерді көтере отырып, өз кезеңіндегі қоғамға ықпал етуге талпынады. Очерк түрлерінің әр қилы мақсатқа орай өзіндік стилі бола отырып, сендіру, ұйымдастыру, иландыру тәсілдерін де пайдаланады.
Көркем очерк жанрының негізгі түрлерінің бірі – лирика-философиялық үлгісінің қозғайтын мәселесі - замана тынысы, көзқарас қайшылығы, өзекжарды мәселелерді арқау етеді. Сонымен қатар, лирика-философиялық очерктерде автордың көңіл-күйі, сезім әсері байқалып, ойшылдық сарыны басым келеді. Бұл көркем очерк түрінде лирикалық кейіпкерлердің тебіреніс-толғаныстарына сәйкес очеркші ой-тұжырымдарға елеулі орын беріп, баяндалатын оқиға немесе құбылыс жайында өзінің дүниетанымы, қоғамдық өмірге, болған жайға көзқарасы тұрғысынан баяндайды. Лирика-философиялық көркем очерктерде өмір көріністері лирикалық кейіпкер көзімен суреттеле отырып, көбінде танымдық тұжырым-дама, әлем, қоғам заңдылықтары түсіндіріліп, талдауға ұмтылыс жасалады. Лирика-философиялық көркем очерктерде адамдардың әртүрлі қарым-қатынасы, өзі өмір сүрген қоғамдағы қайшылықты жағдайлар, саяси-әлеуметтік өзгерістер бір-бірімен астасып, жалғаса келе, оқиға желісін де құрайды. Бірақ бұл үлкен желілі оқиға, іс-әрекеттер болмаса да тұтас тұлға, көркем бейнені айқын көз алдымызға елестете алады. Лирика-философиялық көркем очерктерде көбінде автордың өз бейнесі тұтас тұлға ретінде көрінуі мүмкін. Бұл тұста очеркші қоғамдық-эстетикалық, мәдени-тарихи мұраттарды, дәуір тынысын, халық тағдырын қалай түйсінсе, солай суреттейді.
Лирика-философиялық көркем очерктерде көбінде қаһарман - автордың өзі болғандықтан, баяндалып келе жатқан оқиға, не құбылыс жайлы әңгімесін кілт тоқтатып, өзі жайлы, не басқа бір мәселе төңірегінде де айтып бере кетуге бел буатын тұстар кездеседі.
Қазақ әдебиетіндегі лирика-философиялық көркем очерктер үлгісі толық қалыптасып болмаса да, жекелеген жазушылар шығармаларында осы очерк түрінің поэтикасына тән, көркемдік ерекшеліктері айқын көрініс тапқан туындылар баршылық. Олардың қатарында Саттар Ерубаев, Әбіш Кекілбай, Оралхан Бөкейдің очерктік туындыларын атауға болады.
Кез келген очеркші қоғамның, өмір сүріп отырған адамдардың рухани өсіп, өркендеп, өзгеруіне қайткенде де нақтылы пайда келтіруді көздейтіні сөзсіз. Очерк жанрының өзі қоғамдық-әлеуметтік қажеттіліктерден туындағанын ескерсек, кез келген очеркші шындықты жазуға ұмтылып, уақыттың рухына сайма-сай мәселелерді көтеретіні де сөзсіз.
Қазақ әдебиетіндегі лирика-философиялық көркем очерктер қатарын интеллектуалдық-философиялық өресімен, логикалық тереңдігімен, интеллект биіктігімен, ойының ұшқырлығымен, фактілер молдығымен, көтерген проблемасының маңыздылығымен толымды мұра қалдырған жазушыларымыздың бірі – Оралхан Бөкей. Очеркшінің, әсіресе, өз заманындағы ауыл өмірі, ондағы жас замандастарының арман-мұраты, тіршілік тынысы жайындағы көркем очерктері бір төбе. Филология ғылымдарының кандидаты Г.Балтабаева: «Әлеуметтік өмірдегі әртүрлі оқиғаларға үн қосып, онда да асығып, аптықпай, әліптің артын бағып, әбден пісуі жетіп, тиісті бағасын алған соң барып, болған жағдайларды жазуға отыратын қаламгерлердей емес, Оралхан Бөкей бүгінгі таңда қылаң беріп келе жатқан құбылыстарға назар аударып, өзі көтерген мәселені тереңнен қозғап, түп-тамырын қопара көрсетуге ұмтылды. Сол үшін жазылуы ұзақ уақытқа созылмайтын, ұшқыр жедел жанрға жүгінді» [45,92-б],- дейді. Жазушының көркем очерктері бойынан табылатын үш компонент ой мен идея, тіл көркемдігі және образ, осы үшеуі де - Оралхан Бөкей очерктерінің ғұмырын ұзартып отырған қасиеттері. Мұндағы ой мәселесі жазушының жеке өзінің өмір туралы концепциясы болса, тіл дегеніміз - очеркшінің қалыптасқан оңтайлы стилі, ал образдары басқа очеркшілерге қарағанда жаңашылдығымен ерекшеленеді. Оралхан Бөкей көркем очерктеріне зер салғанда тағы байқалған ерекшелік – психологиялық тереңдік пен философиялық соны ойшылдық, яғни жазушы көркем очерктерінің көсегесін көгертіп жүрген осы жоғарыдағы қайнар көздер.
«Әр газеттен редакторының мінезі көрініп тұрады. Газетіне қарап мен оның қандай адам екенін бірден білем. Мен очеркке жан бітірдім, бойына қан жүгірттім. «Лениншіл жасқа» мен «мал, малшы, өндіріс, жұмысшы» деп күбірлеп-сыбырлап келгем жоқ, бар дауысыммен айқайлап «Адам!» деп келдім. Иә, бізге керегі – ең әуелі Адам, Адамның тағдыры» [46,341-б], - деп Оралхан Бөкей өзінің көзі тірісінде айтып кеткен.
Оралхан Бөкейдің публицистикалық мұрасы туралы толымды пікір айтқан филология ғылымдарының докторы, профессор Мәуен Хамзин былай дейді: «Егер ғылыми түйін, тұжырымдарға сүйенсек, Оралхан Бөкейдің қаламгерлік даңқына, атақты жазушы болуына алғышарттар жасаған оның публицистика жанрындағы сүрлеу-соқпағы екен. Публицистика оны қанаттандырып, шабыттандырып қана қоймай, жазушылық қызметінде көркемдік әлемнің қалыпта-суына мол мүмкіндіктер жасаған екен. Себебі, публіцисти-када О. Бөкей адам жанына үңілуді үйренді, көптеген журналист ағайындар 100 қойдан бәлен жүз қозы алынды немесе бәлен гектар жерден бірнеше центнер астық алынды деп ұрандатып жүргенде, ол сол жетістіктердің сырына, тамыр-төркініне үңілді. Адам атты жаратындының қуаныш-сүйінішіне, үміті мен күдігіне үңілді, тұжыра айтсақ, сол Адамның барша болмыс-бітіміне, ішкі дүниесіне, жан әлеміне зерттеулер жүргізді» [47,76-77-б]. Расында да, жазушы өз көркем очерктерінде «Адам атын үлкен әріппен жазып», сол Адамның ойы мен сезімін шын образға айналдыруда шеберлік танытқан.
Оралхан Бөкейдің көркем очерктеріне тән бірнеше қасиеттерді атай кетсек: біріншіден, жазу мәнері басқа очеркшілерден өзгешеленіп тұрады, екіншіден, идеология икеміне ешқашан іш тартпаған, үшіншіден, шығармаларын оқығанда жұмбақтау болып көрінетін тұстардың баршылығы. Осы жерде Дидахмет Әшімханның: «Ол қалам ұстаған ешкімнің жазу мәнеріне ұқсамайтын шығармалар жазды. Оларын біреу түсінер, біреу түсінбес, біреу қабылдар, біреу қабылдамас, алайда ол еркемінез, еркіндеу, тентек те телқоңыр дүниелерімен ол өнерде «Оралхан» атын танытты, әдебиетте ұзақ ғұмырлы «Оралхан Бөкей» есімін қалдырды» [46,337-б],- деген пікірі орынды.
Оралхан Бөкейдің «Өнерге өлердей-ақ ғашық едім» очерктер жинағына өнер мен өмірдің келелі мәселелері, жастар проблемалары туралы келісті, өрелі очерктері енгізілген. Бұл жинақтағы көркем очерктері негізінен көркем тілімен, кейіпкерлері жанының нәзікті-гімен ерекшеленіп, адамзаттың ұлылығын айқын сезіне отырып жазғандығымен құнды. Осы кітабының алғы сөзін жазған филология ғылымдарының докторы, профессор Файзолла Оразаев Оралхан очерктеріне қатысты тұжырымды пікірін былай айтқан: «Ауыл жастары кешегісі мен бүгінгісін, яғни Оралханның өндірте жазған 1968-1969-1970 жылдардағы очерктерін оқып, бүгінгі мүшкіл халін салыстырады, «жоғарғыны көріп, пікір етеді, төменгіні көріп, шүкір етеді». Алпысыншы жылдары Оралхан «Аңдар азайып барады» деп дабыл қағып еді. «Ескерткіштер тозған, із-түзсіз кеткелі тұр» деп зар илеп еді, бүгінгі халіміз қалай деп салыстырады, әрине оңып тұрмағанына, ол кездегіге жылап көрісер халде екенімізге өкінеді» [48,8- б].
Оралхан Бөкей өзінің лирика-философиялық очерктерінде объективті өмір құбылыстарының сол секунд, сол минутта ойын қозғап, сезімін тербеткен әсерлерінен туындағанын, жазушының оқырманымен кеңесіп отырған жүрек сырын байқау қиын емес. Жазушы өмір құбылыстарынан алған әсерін сол сағатында ой талғамы, сезім түйсіктері арқылы көркем шығарма тіліне аударып отырған. Оралханның өз очерктеріне тақырып таңдауында да ешкімге ұқсамайтын өзіндік ерекшелігі бар. Жазушы табиғатқа етене жақын және қоршаған орта мен оның сырларына оқырманның назарын аударуға, сол табиғаттың пейзаждық суреттері арқылы қоғамдық өмірді, адамның ішкі көңіл-күйін астастыра бедерлеуге ұста. Көркем очерктеріне тақырып қойғанда да шығарма мазмұнына сәйкес айтылатын жай-жағдайлардың бағыт-бағдары үнемі табиғатқа ұласып отырған, мысалы, «Тау басында қар жатыр», «Аңдар азайып барады», «Тырналар қайтып келгенде», «Үркер ауып барады», «Тау басында үшеу тұр», «Неткен ғажап дүние», «Тәңірісі сұлулықтың марал деген...», «Ақша қардан аққала жасап ойнаған, бала досым-ау», «Құм мінезі» т.б.
«Тау басында қар жатыр» атты очеркінде жазушы он үш баланың әкесі, шопан Құмарбек Жатағанов туралы ғана сыр шертпейді, таулы аймақтардағы шопандар жайын, Аршаты аулындағы замандастар тіршілігі, сол жердің табиғатына жазушының көзқарасын бере келе, лирика-философиялық очерктерде орын алатын лирикалық шегіністер жасаған. Ол әкесінің көзі тірісінде малшылар жайлауларын көп аралағанын, әкесінің шопандарға газет-журнал таратушы болғанын, тау-таудың бөктерінде ауылдан хабарсыз, бала-шағасымен көшіп-қонып мал бағатынын баяндай келе: «... Әлі есімде, қойшылардың балалары әкемнің төбесі көрінгенде: «Алақай, Кәмпит-Ата келе жатыр» деп, қуаныштары қойнына сыймай алдынан жүгіретін. Ала жаздай ауылдан келген жалғыз адамды көргенде малшылар да баладан кем қуанбайтын. Неге?» [48,22-б],- деген лирикалық шегіністің баяндап отырған оқиғаға ешқандай қатысы болмаса да, өзінше ұтымдылық жағы байқалып тұр. Мұнда жазушының бала кезінен малшылар өмірімен етене жақын таныс болғанына куә боламыз. Әкесінен үш жасында айырылып, тұрмыс тауқыметін көп тартқан Құмарбек очерктің негізгі кейіпкері совхоз ауруханасында жатқанда очеркшінің барып жолыққаны қызғылықты баяндайды. Білімі төрт-ақ класс болғанымен, жаңалық атаулыдан бейхабар еместігін байқатқан кейіпкер Оралханның кітаптарын толық оқып отыратынын да айта кетеді. Аршатының атақты қойшысы жиырма алты жыл қой бағып, өмірінде алғаш рет ауруханаға түскенде саржамбас жатысқа шыдай алмай отырғанын жазушы сезінеді және онымен сөйлесудің реті жаз жайлауда, самырсынның түбінде, бал қарағай шағып отырып сөйлессе сәттірек шығатынына автор сенім білдіре кетеді. Автор өз кейіпкерінің шешіліп айтқан бір әңгімесін ғана тұтас келтіріп, өміріңізде бір ерлік жасадыңыз ба деген сауалға былай жауап береді: «Өмірімнің барлығы ерлік деп ойлаймын. Басқа не айтайын. Е-е-е, өткен қыста төрт қасқыр соққаным бар. – Екі тізесін уқалап, аз-мұз ойланып отырды. – Осы ерлік деген не өзі? Соғыстың жөні бір басқа: қарсы алдыңда – жау, қолыңда – қару.. біз қалай ерлік жасаймыз, айта берсем 25 жыл қой баққан ширек ғасырда талай оқиғалар болды. Көшкінге кетіп қала жаздадым. Жалама бет қияда қой соңында жүріп, ешкі ұшқалақтың тұяғы түртіп құлатқан тастың астында қалып қоя жаздадым, мен паналаған ағашқа жай түсіп, балаларымның көз жасы шығар, одан да аман қалдым. Біздің Аршатыда қой бағудың өзі – асқан ерлік» [48,26-27-б],- деп кейіпкер сөзімен қорытындылаған автор шопан өміріндегі ақиқаттардан осылай елес береді.
Оралхан Бөкейдің «Аңдар азайып барады» қысқа лирика-философиялық көркем очеркі халқымыздың ұлттық қасиеттерін тілге тиек етеді. Қазақтың іш тартқан адамын аңға алып шығуы, жақсы көріп, ұнатқан кісісін құстарға немесе дала аңдарына теңеуінің мән-мағынасын кеңінен түсіндірген очеркші бұның бәрі бір күннің ғана емес, бірнеше жүздеген жылдардың жемісі екендігін толғана дәлелді әңгімелейді. 1970 жылдардың өзінде очеркші «Аңдар азайып барады» деп дабыл қағып, келешегімізге алаңдаушылық білдіріп, бұл проблеманың алдын алу жолдарын қарастыру керек екендігін күн тәртібіне қояды. «Жоңғар Алатауындағы бұғы, таутеке, арқар, түлкі, Іле, Балқаш және Арал теңізі қамысы арасында топ-тобымен жортып жүретін жолбарыс, Орал жағындағы үйір-үйір жабайы жылқылар, Алтай қойнауындағы сабылысып, бүткіл тауға сыймай жүретін маралдар, Барсакелместегі құландар, Сауыр, Тарбағатай, Қарқаралы, Баян, Ұлытау, Үстірт, Маңғыстау маңындағы тау-тасқа секіріп, қойдай өріп жүретін қисапсыз арқар, таутекелер қайда бұл күндері? Оны ірке тұрғанда түлкі, қоян, еліктің азайып кетуі неден? Тіпті, аңшылардың аузынан «атарға аң қалмады» деген сөзді естиміз» [48,137-б], - дей келе, аңды аулау жөнінде тәртіп, арнаулы ереже сақталмайтынын қынжыла жазады. Мұнда очеркшінің қолында бұлтартпайтын фактілердің барлығы, аң-құстың азайып бара жатқандығының басында Адамдар тұрғанын, табиғат ұрыларының көбейіп бара жатқанын, оған тосқауыл қоюдың жолдарын ұсынған жазушы обалсыну – ата дәстүрі деп қорытады. Мың жарым құланды бір қуғанда-ақ орға жығып, қырып тастаған Алашаханның заманы келмеске кеткенін, аң мен құсты қорғау дәуірі туып отырғанын, табиғат байлығын сақтамасақ, орны толмас өкініш күтіп тұрғанын баса айтқан очеркші өзін ойландырып жүрген түйінді мәселенің басын ашуға шақырады.
«Көненің көздері-ай!» көркем очеркінде лирикалық шегініс жасап алған жазушы Дала, Адам атты егіз ұғымға, дала төсіндегі адам орнатқан ескерткіштердің – бабалар тіршілігінің куәсі екенін, қазақтың сәулетшілік мұрасының зерттелу жайын, Отырар, Тараз, Баласағұн, Қойлық, Шам, Сығанақ сияқты қалалардың бұрынғы тіршілігінен хабар беретін де осы архитектуралық ескерткіштер екенін, оны сақтау және қорғау да Адамның қолында тұрғанын баса айтқан очеркші айғақтарды сөйлету арқылы, тарих тереңіне оқырманын бірте-бірте енгізіп жібереді. Өткен заманның тілсіз куәгерлерін, бейнелеу өнерінің ерекшеліктерін сақтап қана қоймай, үйренетін тұстарында Оралхан Бөкей көрсете кетеді. Адам мен Даланың байланысы үзілген жерде тіршілік атаулы жоқ болатынын философиялық тұрғыда толғаған очеркші көненің көзі – архитек-туралық ескерткіштердің көркіне көлеңке түсірмеу жолдарын ұсынып, халық дәулеті мен мақтанышы да осы көненің көзінде екенін лирикалық-философиялық толғаныстар арқылы пайымды шешімдер жасағанына сүйсінеміз.
«Өмір құбылысының сандаған қырларын, адам табиғатын, қоғам заңдылығын толық меңгермей жазушыға эстетикалық-философиялық жота көрсету мүмкін емес. Сол өнер биігінен табылып жүрген қазіргі қазақ прозасының (әсіресе, 60-70 жылдар аралығындағы) шоқ жұлдызы жоқ емес, бар. Әлемдік деңгейден, қала берді уақыт көкжиегінен көріне алатын, көркемөнер заңдылығын меңгерген Т.Әлімқұлов, С.Мұратбеков, Ә.Тарази, О.Бөкеев, Қ.Ысқақов т.б. творчествосын қай аспектіде қарастырсақ та теориялық ой-өріске арқау боларлық ауқымды творчество» [49,205-б],- дейді әдебиетші-ғалым Бақыт Кәрібаева. Басқа жазушылармен қатар, Оралханның көркем очерктерінің лирика-философиялық диалектикасын зерттеу қажеттілігі - шығармашылық әлеміне бойлаудың сара жолы. Сондықтан да, сезім мен суретті өз шығармаларына арқау еткен жазушы адамның ой дүниесіне терең үңілуге шебер, аңғарымпаз және танымпаз. «Тәңірісі сұлулықтың марал деген...» көркем очеркінде жазушы қазақ жұрты бұғы-маралды сұлулықтың тәңірісі санап келгенін, сондықтан да, қыздарының атын Марал, Ақмарал деп ат қоятынын ой қуалап, сезімтал, сергек оймен жаза келе: «Әдетте асыл аңның бұл түрін атай қалса, орманды, тау-тасты емін-еркін кезіп жүрген түз тағысы көз алдымызда көлеңдер еді. Бұлай ойлауымыздың дәйекті жөні бар: Қазақстанда маралдың қазіргі саны 25 мыңнан астам екен. Олардың түгелге жуығы тек қана таулы аймақтарды мекен етеді. Мысалы, Алматы облысы (Алатау баурайында) 6 мыңға жуық, Талдықорған облысында (Тянь-Шань тауларында) 16 мың, Семей облысында 0,8 мыңдай, Алтай тауларында 2 мың тағы марал мекендейді екен» [48,191-б],- деп публицистикалық сарында жаза келе, тарих тұңғиығына үңілген очеркші көкейде жүрген ойына, әлдебір тылсым сұлулықтың қиял-елестерін көз алдымызға елестете отырып, бұғы, маралды сақтау, қорғау мәселелерін жай ғана көтеріп қоймайды, табиғат-тамашаның әр көрінісіне, адам-шебердің мінез-кереметіне үңілуге, ой жүгіртуге жетелейді. Жазушы бұл очеркінде сұлулықтың тәңірісі - марал, бұғы жайында көкейінде жүрген ойларын сезімтал қаламгер ретінде тебіреніске беріліп, табиғат құбылыстарының сырына үңілген ой көзімен өзгелерді жетелеп, қызықтырып отырады.
«Құм мінезіндегі» Егінбай, «Менің сапарласымдағы» Қабден Рамазанов, «Салт аттыдағы» Әділқан, «Сен не ойлайсыңдағы» Ұлықбек, «Ыстық ықыластағы» Қазыбек Әбижановтардың дүниеге көзқарасы, табиғат, адамдар туралы ой-пікірлері көркем әңгімеленіп, бұл кейіпкерлердің ойы, психологиясы, мінез-құлқы нәзік өріледі. Жалпы, Оралхан Бөкей бұл очерктерінің өн бойына нәзіктік реңк-бояуларды орынды сіңдіре отырып, тіршіліктің жанды суретін, кейіпкерлердің ішкі тебіренісін беруде де белгі-нышандардың ортақтығын таңдаған.
«Ақша қардан аққала жасап ойнаған, бала досым-ау» очеркінде ойшылдық сарыны, бала кезінен бірге өскен досын сағыну, бірге жүрген күндерді аңсау басым. Бұл көркем очерктің әр тараушасының басын «Ақша қардан аққала жасап ойнаған, бала досым-ау» деп, бастаған очеркшінің досының бейнесіне, оның характер-қаракетіне қарап отырып, бізде де осындай досымыз бар ма? Бар болса сол Қайкенге ұқсайтын ақжүрек, ақкөңіл, адал ма? деген сауалдарды әрқайсысымыздың алдымызға алып келеді. Бұл шабытпен жазылған дүние және адамға бауыр, туыс керек, бірақ, адал дос ең керегі екенін жақсылық та, жамандық та Адамнан келетінін автор философиясынан ұғу қиын емес. Бір жылда төл туған, бір тракторға мінген, қапсағай бойлы ер Қайкен досын, оның өміріне қызығатынын, өзінен гөрі досының табиғатқа жақын жүргендігін, әсем Алтайдың табиғатын, дос мінезінің жақсы қырларын суреттеген тұстары ширақ. Бұл лирика-философиялық көркем очерктің мазмұны – дос көңілінің адалдығын, табиғатты сүюдегі шексіздік, өмірге құштарлық, кей кездегі адам баласының тыныштықты аңсауы, адам-жұмбақтың көп-көп құпияларын арқау етеді.
«Ақша қардан аққала жасап ойнаған, бала досым-ау...
Сенің сегізінші кластан соң оқымағаның ауру шешеңе қолғабыс жасау керек болды. Қабырғаң қатып, бұғанаң бекімей қолыңды күрек қажады. Есіңде шығар, Катондағы тракторшылар даярлайтын курста бірге оқыдық. Ең қызығы, орта білімі бар менен әлдеқайда озық оқып едің. Сонда 25 шақырымдық қашықтықтағы ауылға жаяу қайтып жүрдік. Сонда алдымызда сайрап жатқан қасқа жол сонау көкжиекке сіңіп, аспанға жетелейтін. Мынау жолдың өмір бақи да таусылмауын, ал екеуміз де дәл осылай қатар аяңдап, ертеңімізге ентікпей жетуді іштей тілер едік» [48,211-б],- деген жолдардан биік парасатпен қоса ар тазалығын байқаймыз. Бұл көркем очерк оқушыға ой тастап, көңіліне мұң артатын қасиеттерден де ада емес.
Оралхан Бөкей көркем очерктері нақтылы оқиғаға құрылмайды, жазушының көңіл-күй, түйсік-сезімдерінен өрбіген шығармалары көбінде лирикалық, философиялық, психологиялық дүниелерге айналып, оқушыны ойландыруға жетелеп, табиғатқа, табиғи сұлулыққа құштарлыққа баулуға жетектейді. Оралхан очерктерінің кейіпкерлері автордан алыс ұзамай, айналасында жүріп-ақ көп қасиеттерімен көріне алады және ойланғыш, шыншыл, адал, сыршыл, нәзік болып шығады.
Оралхан Бөкей «Сен не ойлайсың?» деген көркем очеркін былай бастапты:
« - Біз қандай шал болар екенбіз?
- Мүмкін, қартаймайтын шығармыз, иә, біз қартаймаймыз» [48,110-б].
Осы жолдардан жазушының оқырманы очерктерін оқу арқылы ешқашан қартаймағанын, оқып отырып автордың өзіне айналу, оқырман да, кейіпкер де, автор да бірігіп кетуі очеркшінің өзіндік қасиеті дегіміз келеді.
Кез келген шығарманың нақты бір өмірлік объектіні арқау етуі үшін қаламгер құжаттық материалдарды пайдалана отырып жүзеге асырады да, оның қоғамдық-әлеуметтік маңыздылығын арттыратын негізгі нысанасы философиялық мәні уақыт пен дәуірдің шындығын сығымдап көрсете білуінен аңғарылады. Бұл биік деңгейге көтерілу бірегей жазушылардың ғана қолынан келеді және мұнда шынайы ықылас, батырлық, шеберлік қатар жүргенде ғана, жоғарыдағы межеге жетеді. Қазақ әдебиетіндегі көркем очерктің лирика-философиялық түріне қалам сілтеген жазушыларымыздың бірі - Әбіш Кекілбай. Оның көркем очерктерінің негізіне қарапайым қазақ аулының адамдарының тұрмыс-тіршілігі, өмір шындығы, адамдар арасындағы әр алуан қарым-қатынастар, бауырмалдық жарқын қасиеттер, адамгершілік биік парасат, өзгеріске толы өмір суреттері арқау болады.
«Тарих та, бүгінгі күн де – тіршіліктің тартыс аренасы. Мұның өзі суреткер Әбіш туындылары үшін тиек боларлық көркемдік фон, көркемдік декорация ғана.
Ал, шығармаларының басты өзегі – тарих философиясы. Осы призма арқылы суреткер Кекілбайұлы, ең бастысы, тағдырлар философиясын алуан тұрғыдан мейлінше саралап көрсетеді. Сондықтан шығар, тарих пен бүгінгі күннің өзіне тән философиясы әрқашан көркемдік философияға айналып кетеді. Оның үстіне Тағдырлар философиясы – көркемдік философияға, ал Көркем философия – тағдырлар философиясына айналып жатады» [50,148-б],- дейді сыншы Сайлаубек Жұмабек. Расында да, Әбіш Кекілбайұлының қай көркем очеркіне зер салсақ та байқалатыны, өзіне тән философиялық өрнегі мен тарихи өрімі қатар жүреді. «Сайранқұмарлық санаға тұсау» атты философиялық ой-толғамдарға толы көркем очеркінде автор Адам концепциясы, рухани ізденістердің жемістері, қоғам проблемалары, қоғамдық сана, әдебиет пен мәдениетті саясаттандыру, электронды революция мәселелеріне жан-жақты тоқтала отырып, сараптама жасайды. Автордың телевизор экранының қаншалықты зиян әкеліп отырғандығы туралы ой-пікірлері орынды: «Тұтынушы қоғам идеологтары экран арқылы тарайтын «мәдениет» жұрнақтары сол жүйесіз түрінде, үздіксіз қалпында жас жеткіншектің әлі қалыптасып болмаған санасына орасан зор информация мен әр алуан көріністерді боратқан үстіне боратып, оның көкірегінен ата-аналары, жанашыр ағайын-тумалары, ойда жоқта оқып қойған әдеби кітаптары мен мектептегі ұстаздары құлағына құйып баққан «мәдениеттің ежелгі» дәстүрлеріне тән моралистік уағыздардың бәрін қуып шықпақтың аса күрделі стратегиясын жасақтап шығарды» [51,17-б],- деп ой қорытқан қаламгер телевизор экраны, адамзаттың көп ғасырлық әлеуметтік, рухани тәжірибесінің бәрін айырбастай алмайтынын, теледидар экрандарындағы жүйесіздік рухани әлсіреуге әкелетінін болжаған очеркші рухани кемелдік, биік сананың қалыптасуын тежейтін де осы теледидар екенін ашық дәлелдейді.
Биік талғамсыз парасат болмайтынын түйіндеген автор бұл очеркінің философиялық түйінін парасат пен пайымды азаматтық сана мен рухани мәдениет болған жерден ғана іздеу керек екенін баса айтады. «Бағзы мен бақиды жалғастырар сара жол» лирика-философиялық көркем очеркі -көлемді, көтерген проблемасы да ауқымды, тарихи-мәдени мұраның кешегісі мен бүгінгісін салыстыра келе, ертеңін де болжаған үздік шығарма. Бұл очерктің негізгі идеясы – мұрагер болып үйренуге шақыру, күрескерлікке, жасампаздыққа қол жеткізгенде ғана қай халық болсын өз мұратына жететіні жайында. Қазақ мәдениетінің тарихы, ұлт тарихы, мемлекет, қоғам тарихы екенін очеркші философиялық толғамдарымен түсіндіре отырып, өсімдік, жануарлар дүниесі де адамзаттың бір бөлігі екенін, оны Адамның ұмытпауын тілеген автор бүкіл планета тағдыры мен адамдар тағдыры бірлікте, бір-бірінен бөлуге болмайтынын жан-жақты дәлелдеп, жарыспалы дамыған елдер мәдениетін салыстырған тұстарының танымдық қасиеті мол шыққан. Әр елдердегі мәдениет, тарих, әдебиет дамуын шымыр да шыншыл кескіндеген очеркші жаны рухани таза ұрпақты тәрбиелеудің, адамгершілігі мол азамат өсіру үшін де кешегі, бүгінгі рухани мұрамызды дұрыс жеткізгенде ғана ертеңгі күні бүгінгімізден де күйзелмейтінімізді аңдатқан. «Айналаң – алтын бесігің» атты лирика-философиялық очеркі мынадай лирикалық шегініспен басталады: «Жылдар шіркін құба жонның құланындай зымырап өтіп барады. Арман сабаздың көбейе түспесе, азая түсер түрі жоқ. Абай айтқан «сағаттың шықылдағы» да бұрынғыдан гөрі жиірек соғып, қаттырақ естілетіндей. «Алдағы жолың, арттағы жолыңнан аз болмаса, көп емес», деп үсті-үстіне қайталап тұрғандай» [51,69- б],- дей келе, өзінің байыз таба алмаған көңілін, алаңдаушылығын білдірген автор бақыттың соғыстан кейін де дұшпаны көп болатыны жайлы ой толғайды. Қазақстанның көп қалаларының экологиялық жағдайына шын алаңдаушылық білдірген публицист көп дерек, фактілерге сүйене отырып, күллі ұлттың бүкіл интеллектуалдық потенциалы жиылған, ғылыми-әлеуметтік ортаның шоғырланған астарындағы экологиялық жағдайына алаңдаушылық білдіріп, басқа аймақтардың қарқ болып тұрмағанын да қатты сынап өткен. Республиканың он пайыздай жерінде таулы аймақтар да кен, түсті металлургия, химия өндірістері орналасқаны, суды сұраусыз пайдаланатын қазақтың, жерді де бей-берекетсіз құнарсыздандырып жатқандығын автор философиялық толымды пайымдаулар арқылы жеткізеді.
Экологиялық жайсыздық жайында сөз болса, тек Арал, Балқаш, Дегелең ғана ауызға алынатыны, Шымкент, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарының да табиғатына апат төніп, халқының өмірі қысқарып, өлім атаулы жиілеп бара жатқанын ашына жазған публицист адам тағдыры, адамның болмыс, ажал алдындағы шарасыздығына назар аударуды ұсынады. Әбіш Кекілбайдың бұл көркем очеркін: «Ал ендігі жерде өз бауырымыздан шыққан бүлдіршіндерден басталатын болашақ адамзаттың бақыты жолында бел шешіп, білек сыбанып күресуге тұратындай жалғыз майдан осы. Жарастықты өмір, сау-саламат тіршілік жолындағы күрес. Өйткені, айналаң – аялы алтын бесігің. Бесігін ардақ тұтпаған береке қайтып таппақшы?!» [51,79-б],- деп логикалық тиянақтылық табатын соңғы шешіммен аяқтайды.
Ә.Кекілбайдың «Ұйқыдағы арудың оянуы» [52,7-б] деп аталатын нақты деректерге сүйене отырып жазған, аты аңызға айналған өлке Маңғыстау түбегінің өткені, бүгіні, келешегі жайында сыр шерткен кітабы бар. Осы кітаптың алғашқы очеркінің басты кейіпкері – жазушының өзі мен анасы. Автордың туған жер, туған топырақ, кіндік қан тамған жер деген ұғымдарға көзқарасы, осы ұлы сезімдерді қалай түсінетінін очеркші әдемі толғайды. Бұл көркем очерк таза автордың нәзік көңіл-күймен жазылып, сезім әсерінен суырылған. Балалық шақтағы сол бір оқиға туралы ойлары лирикалық кейіпкер автордың өз көзімен қаралып суреттелген және бастан кешкен осы бір кішкентай оқиғадан автор көңіл-күй әсерлерінен желі туғызып отырған. Сол жылы жетіге келген кейіпкер сол күннен бастап қара нардай мығым жерге зер сала қарайтынды шығарып, жердің жұмбағын ұғынуға, құпиясын ашуға талпынуды сол күннен бастағанын келісті әңгімелейді. Осы мәселе төңірегінде ғалым Бақытжан Майтановтың мына пікірі орынды: «... көп жағдайда жазушының ішкі сезім толғаныстары туған жер, өскен орта тіршілігімен бетпе-бет ұшырасу сәттерінде қанат жаюында жатса керек. Бұл ыңғаймен келгенде, негізінен ауыл тұрмысы, бір кездегі балалық шағы қалған аяулы мекен жайлы жан-жақты көңіл-күй әуендерін толғайтын қазақ прозаиктерінің де қалыс қалар реті жоқ» [53,190-б].
Саттар Ерубаев - өзінің «Менің құрдастарым» романын жазар алдында прозаның кіші жанрлары очерк, әңгіме, повесть түрлерін жазу арқылы қаламын ұштап алған жазушы. Саттардың «Өмір келбеті» орыс тілінде жазылған, «Кешегі езілген жарлы – бүгін ауқатты, мәдениетті колхозшы», «Төрт қыз» очерктері өзінің көркем тілімен, әсем табиғат суреттерімен, нақтылы өмір шындығын даралап көрсете білуімен, лирикалық шегіністерімен, философиялық ойларымен құнды. Әсіресе, «Бақыт» атты лирика-философиялық очеркінде автордың ойы мен өресі әдемі өріледі. Бақыт, бақытты адам, бақытты өмір деген не, шын бақытты қолмен ұстап, көзбен көруге бола ма деген сауалдарға автор жауап іздей отырып, осы романтикалық сұрақтарға дәл, нақты жауап тапқандай болады. Бақыт туралы былай түйіндейді: «Мен сонан бері талай бақытты адамды көрдім. Талай бақытпен бетпе-бет кездестім, қазір өзім бақыттың құшағындамын. Мен көруге құмар болған бақыт – қазір мені де, менің жолдастарымды да көтеріп, шаршатпай алға қарай алып бара жатқан сияқты. Бақыт өмірмен қатар келмейді екен, өмірмен араласып, өмір болып келеді екен. Бақыт қолыңды алмайды екен, жүрегіңді алады екен. Жүрегің бақытқа шомылып, сен өмірге өзімсініп кіріседі екенсің. Мен бақытты көрдім» [54,23-б]. Бақыттың мәні мен мазмұнының тереңдігін философиялық тұрғыдан пайымдаған очеркші «Бақыт өмірмен қатар келмейді екен, бақыт дегенімнің өзі біздің өмір екен!» [54,25-б],- деген қорытынды шығарады.
Саттар Ерубаевтың «Өмір келбеті» көркем очеркі былай басталады: «Күн тас төбеде. Күдірейіп барады. Долбы жайлауының қапырық ыстықтан тынысы тарыла түскендей. Алыста ойнаған сағым қаланың белдеуден төменгісін ақ теңізге айналдырып жіберген. Қала ауада қалықтап тұр, біресе жоқ болып кетеді, біресе жарық етіп көрініп қалады.
... Жетектеген жеті жасар баласы бар әйел қара жолмен келе жатыр. Күннің қайнатқан ыстығына шыдай алмай, пана іздеген олар Жалғыз ағашқа бұрылды. Жалғыз ағаштың саясында ғана ілби соққан самал бар. Күннің шақыраюынан зәресі қалмаған дүниедегі бар рахат пен бақыт жалғыз ағаштың саясына тығылыпты.
- Апа, су...
- Апа, су,- деп зар қақты бала. Көзден моншақтап жас ақты» [54,45-б]. Бұл жердегі пейзаждың функциясы оқиғалық уақыттың өлшемі ретінде алынып отыр. Очеркші күннің ыстықтығын тілге тиек етіп отырған жоқ, керісінше, кейіпкерінің іс-әрекетіне, ойларына табиғатты белсене араластырып отыр. Ауылының жайлауын қоныс аударып келгендер тартып алғандағы бастан кешкен оқиға очерк басында айтылса, кейінгі өмірі былай суреттеледі: «- Менің өмірі есімнен кетпейді,- деп бастады өзінің жарқын сөзін комбайншы,- ол кезде бұл ауыл болмайтын. Мына жалғыз ағаш керілген кең даланың иесіне ұқсап жападан-жалғыз тұрушы еді. Әлі есімде, 1912 жылы мен шешеммен жаяу-жалпы келе жатып, қайнаған шілдеде күн көзінен таса іздеп, осы жалғыз ағаштың саясына тығылғанмын. Қазір мен – комбайншымын, екі балам бар,- деп көкірегін кере дем алып шаттана тоқтады» [54,47-б]. Жазушы Әбділданың өмір белестері мен табиғат суреттерін параллель ала отырып, оның өмірін айқын, есте қаларлық етіп суреттеген. Адам өмірі мен табиғат егіз, тамырлас деген идеяны ұстанған очеркші кейіпкерінің лирикалық толғаныстары арқылы адам мен табиғат бірлікте өмір сүретіндігін анық көрсетеді.
Лирика-философиялық көркем очерктер өткен шақтың да, осы шақтың да шындығынан құралатын, жазушының нәзік көңіл-күйімен, сезім әсерлерінен тұратын, танымдық концепцияларды, әлем, қоғам, адам заңдылықтарын түсіндіруге ұмтылыс жасайтын, әлі жеткілікті дәрежеде қалыптасып үлгермеген көркем очерк түрлерінің бірі, бірақ оның поэтикасына тән ерекшеліктер бірқатар жазушылар көркем очерктерінде орын алғанын аңғардық.