ОҚулық Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бекіткен Алматы, 2011 Әож 616. 8(075)



бет12/13
Дата10.06.2017
өлшемі3,09 Mb.
#18806
түріОқулық
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13
§6. Эпилепсия (қояншық ауру)

Эпилепсия (қояншық ауру) – тырысу ұстамаларымен сипатталатын, сана-сезім бұзылыстарымен және өзіне тән психикалық қызметінің бұзылыстарымен өтетін, созылмалы әрі үдемелі ауру.

Бұл өте күрделі ауру және ежелгі заманнан бері белгілі. Б.э. дейінгі V ғ. өзінде-ақ Гиппократ тырысу жағдайының клиникасын сипаттаған. Ол тырысудың кейбір ауруларда жарақаттан немесе басқа да дерттік жағдайлардан кейін пайда болатындығына, ал кейбір адамдарда жеке ауру түрінде өмір бойы байқалатындығына көңіл аударған. Осыған байланысты Гиппократ барлық тырысу жағдайларын синдромға (басқа ауру кезіндегі) және жеке дара ауруға бөлген.

ХІ ғасырда Ибн-Сина үлкен тырысу ұстамасын сипаттағанда «эпиламвано» түсінігін енгізген, бұл «бүріп алу» деген мағынаны білдірді. Міне осы сөз кейіннен «эпилепсия» терминінің негізі болды. Қазіргі кезде де эпилепсиялық синдром мен жеке дара эпилепсия ауруын ажырату сақталған. Жеке дара эпилепсия ауруы тұқым қуалаушылық-органикалық ықпалдарға байланысты. Оның тұқым қуылаушылық бейімділігі зат алмасу процестерінің гендік деңгейде бұзылуына, соның ішінде полигендік өзгерістерге, яғни көптеген гендердің бұзылыстарына, байланысты. Эпилепсияның органикалық құрылымы бас-ми жарақатына, инфекцияға, улануға, мидың токсико-аллергиялық зақымдануына (жалпы инфекциялармен қатар) байланысты болады.

Эпилепсияның жіктелуі жайындағы сұрақ әлі де толығымен шешілген жоқ. Патогенетикалық тұрғыдан оны эпилепсиялық ауру, симптоматикалық эпилепсия және эпилепсия тәрізді синдром деп бөлу дұрыс болғанымен, күнделікті өмір тәжірибесінде бұл жағдайларды ажырату оңайға түспейді.

Тұқым қуалаушылық-органикалық генезді жеке дара ауру ретінде эпилепсия үлкен және кіші эпилепсиялық ұстамалармен, эпилепсияға тән мінез-құлық өзгерістерімен сипатталады. Ал бас жарақатынан кейін пайда болатын эписиндром мінез-құлықтың жарақаттық түрге тән өзгерістерімен сипатталады.

Тырысу ұстамасы күндіз де, түнде де пайда болуы мүмкін. Оның алдында алыс және жақын хабаршылар білінеді.



Алыс хабаршылар ұстамадан бірнеше сағат, ал кейде бірнеше күн бұрын пайда болады, оларға дисфория (көңіл-күйдің өзгеруі), бас ауыруы, ішкі мүшелердің ауыруы жатады.

Жақын хабаршыға ұстамадан бірнеше секунд бұрын пайда болатын сезім мүшелерінің тітіркену симптомдарымен білінетін құбылыс жатады, оны «аура» («леп») деп атайды. Аураның бірнеше түрін ажыратады: көру, есту, иіс сезу, дәм сезу, терімен сезу, қозғалыс аурасы (ауру бір жаққа қашады), психогендік (артындағы бір нәрседен қорқады), вегетативтік (ішінің немесе басқа мүшелерінің ауыруы). Әр науқастың өзінің тұрақты аурасы болады, оның түрі зақымданудың негізгі ошағын көрсетеді. Науқастар өз аурасын біледі және кейде қазір ұстаманың болатындығын айтып үлгереді немесе ыңғайланып жатуға үлгереді. Ал кейде аураның мерзімі өте қысқа болғандықтан ауру айналасындағы адамдарға ескертіп үлгермей қалады. Ұстама тырысудың екі түрімен сипатталады: тоникалық және клоникалық.

Үлкен эпилепсиялық ұстама. Бұл ұстама тоникалық тырысудан басталады – бүкіл көлденең жолақты (қаңқа) және тегіс бұлшық еттердегі спазм (ұзақ жиырылу). Науқас құлап, есінен танады және бүкіл денесі ұзынынан керіле созылады. Дыбыс саңылауының спазмынан айқай шығады. Артикуляциялық бұлшық еттер спазмына байланысты тілін тістеп алады. Ми қантамырларының қабырғасындағы тегіс бұлшық еттер спазмы нейрондардың оттегімен қамтамасыз етілуін және қоректенуін бұзады. Қуық пен тік ішек бұлшық еттерінің спазмынан еріксіз зәр шығару мен дефекация болады. Тынысы мен жүрек соғысы кенеттен нашарлайды. Терінің түсі өзгереді. Кома жағдайы 20-40 секундқа созылады.

Содан кейін тырысу ұстамасының екінші кезеңі басталады – клоникалық тырыспа: барлық бұлшық еттердің ырғақты түрде тартылуы, жүрек бұлшық еттері мен тынысы іске қайтадан қосылады. Ауыр және сырылдап дем алады. Сілекейі көпіріп шығады, егер тілін тістеп алса, қан араласқан болады. Сана бұзылысының деңгейі – сопор. Біртіндеп тырысу әлсірейді және тоқтайды. Ауру терең ұйқыға батады; оны ояту мүмкін емес. Осы кейпінде бірнеше сағат жатады. Сосын ұйқысы біртіндеп ашылып, ауру оянады. Оянғаннан кейін науқас қалжыраған, басы ауырған жағдайда, түк түсінбеген күйде болады, не болғаны есінде қалмайды. Денесінде ұрылған жерлер болады, тілін тістеп алған болса, дұрыс сөйлей алмайды. Ұстамалардың жиілігі әртүрлі болуы мүмкін: күнделікті қайталанудан сирекке дейін (жылына бірнеше рет). Эпилепсияның кейбір ауыр түрлерінде ұстамалар бірінен соң бірі жалғаса беруі мүмкін (тәулігіне 50 ретке дейін). Мұндай жағдайды эпилепсиялық статус деп атайды, ол өліммен аяқталуы мүмкін. Сондықтан эпилепсиялық ұстама пайда болғанда дереу жедел жәрдем шақырып, науқасты ауруханаға жатқызу керек.

Үш жасқа дейінгі балаларда үлкен ұстама кезінде тек тоникалық тырысу ғана болуы мүмкін. Бұл мидағы қозғалыс орталықтарының барлығы толық жетілмегендігімен түсіндіріледі.Сонымен қатар кейде ауру басталғанда ұстамалар тек түнде болуы мүмкін, сондықтан не баланың өзі, не ата-анасы түнгі ұстамалардың болғанын білмей жүреді.

Кіші ұстамалар. Бұл ұстамаларды бірнеше түрге бөледі: абсанс, тырыспасыз (акинетикалық), миоклоникалық және гипертоникалық түрлері.

Осылардың ішінде ең жиі кездесетіні – абсанс. Ол қысқа мерзімді естен тану, тез арада бозару, бір нүктеге тесіліп қарау түрінде көрініс табады. Кейде көз алмалары жоғарыға қарай аутқып кетеді. Санасының қысқа уақытқа ғана жоғалуына байланысты науқас қолындағы затты түсіріп алады, сөйлеп тұрып тоқтап қалады. Есін жинағаннан кейін өзімен не болғанын сезбей, істеп жатқан жұмысын жалғастыра береді, бастаған әңгімесін жалғастырып кетеді. Сондықтан кіші ұстамаларды қасындағы адамдар кейде байқамайды. Бір мұғалім оқушысының жағдайын былай сипаттаған:

«...оқушым жұмыс істеп, жазып немесе оқып отырады, кенеттен бозарып, көзқарасы ешбір сезімсіз болып, бір нүктеге тесіліп, шақырғанға түк жауап бермейді; бір минуттан соң есін жиып, есінейді де, тоқтаған жұмысын жалғастырады. «Саған не болды?», – деп сұрасаң, «Басым айналып кетті», – дейді».

Тырыспасыз (акинетикалық) түрі. Мұндай ұстамалар бұлшық ет тонусының күрт төмендеуімен сипатталады, соның нәтижесінде бала кенеттен құлап қалады, қысқа мерзімге есінен тануы мүмкін.

Миоклоникалық түрі. Аяқ-қолдың, дененің, беттің бұлшық еттерінің симметриялы, майда, ырғақты тартылуы байқалады. Ұстамалар қысқа, есін жоғалтпауы да мүмкін.

Гипертоникалық түрі. Бұл ұстамалар негізінен балалық шақта кездеседі. Олар қысқа мерзімге денені, аяқ-қолды және мойынды жазатын немесе бүгетін бұлшық еттердің уақытша тоникалық керілуімен сипатталады. Клиникалық көрінісінде аяқ-қолдың, дененің және мойынның бүгілуімен, жазылуымен немесе бұралуымен білінеді.

Психикалық эквиваленттер. Кейде эпилепсиямен сырқаттанған адамдарда тырысу ұстамасының орнына сана-сезімінің шатасу жағдайы байқалады. Бұл кезде аурулар айналасындағы болмысты анық емес, жартылай ессіз түрде қабылдайды (бұлыңғыр күй). Осындай жағдайда аурулар ешбір мақсатсыз қаңғып жүруі, тіпті басқа қалаға кетіп қалуы, ал кейде бірқатар ерсі әрекеттер істеуі мүмкін (бір нәрсені өртеу, мүлікті қирату және бұзу, біреуді жарақаттау және т.б.). Ауру есін жинағаннан кейін ол әдетте өзінің не істеп-қойғандығын білмейді. Психикалық эквиваленттердің ұзақтығы бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін болуы мүмкін. Осындай жағдайлардың бір түрі кәдімгі өмірде «лунатизм» деген атпен белгілі түсінде жүру (сомнамбулизм) болып табылады. Бұл патологиялық жағдайдың мәнісі бала жартылай ессіз қалпында бірқатар себепсіз және мақсатсыз іс-әрекет жасауы мүмкін: үйден шығып кету, шатырға өрмелеп шығып, жүру, үйдің сыртқы қабырғаларындағы шығыңқы жерлермен жүру және т.с.с. Осы орайда айта кететін жайт, бұл қимыл-қозғалыстардың барлығы максимальды дәлдікпен орындалады, яғни адам құлап немесе жығылып қалмайды, өйткені қыртыс асты, бағаналық және жұлындық механизмдер іске қосылады. Аурудың әрекеттері автоматты түрде орындалады десе болады. Бұл әрекеттер қыртыстың бақылауынсыз жүзеге асырылады, себебі қыртыс бұл кезде тежелген қалпында болады.

Эпилепсияның әртүрлі орнын алмастырушы құбылыстармен білінуі алуан түрлі болады. Мысалы, балалық шақта зорлықты, яғни еркіне қарсы, сипатта болатын ерекше түрдегі басты изеу қимылдары («сәлемдесу ұстамалары») байқалуы мүмкін. Кейде эпилепсиялық ұстама аурудың айқайлап, алға қарай ұмтыла жүгіруі түріндегі ерекше көрініспен білінеді.



Эпилепсиялық мінез-құлық. Эпилепсиямен науқас адамдарға өзіндік ерекше мінез-құлық тән болады. Эпилепсияның жасырын өтетін түрлерінде бастапқы кезде мінез-құлық өзгерістері аурудың жалғыз белгісі болуы мүмкін, ал кейіннен барып осыған аурудың негізгі симптомдары, яғни бұлыңғыр күй мен тырысу ұстамалары біліне бастайды. Эпилепсиямен сырқат адамдарға ашу-ыза кернеп, кенеттен булығу (аффект) немесе патологиялық ашушаңдық, қатігездік, зорлықшылдық тән болады. Балаларда бұл, жануарларды қинау, жасы кіші балаларға озбырлық көрсету және т.с.с. түрінде көрініс алады. Кейде ызақорлық пен менменділік ерекше тым сыпайылықпен, тіпті мүләйімсумен, жарамсақтықпен алмасып отырады. Эпилептиктердің көңіл-күйі әдетте тұрақсыз болады. «Жақсы» және «жаман» күндердің болуы тән, әсіресе ұстамаға жақындаған сайын көңіл-күйі бәсеңдеп, зарығу мен аффект ұстамалары үдей түседі. Сонымен қатар эпилепсиямен ауыратындарға стереотиптік тәртіп тән, яғни оларға үйреншікті өмір тәртібінен жаңа жағдайға, жаңа тәртіпке бейімделу қиын болады. Сондықтан қалыптасқан өмір тәртібіндегі тіпті аздаған өзгерістер олардың зығырданын қайнатып, қарсылығын тудырады. Эпилепсиямен науқас балалар біреу олардың ойыншықтарына тиіскенді, үстелінің үстіндегі немесе шкафының ішіндегі заттардың орнын ауыстырғанды және т.б. жек көреді, оған шыдай алмайды. Оларға педантизм, ұсақ-түйектерге мән бергіштік, берілген тапсырманы орындағанда майда-шүйдеге тым беріліп кетушілік тән. Көбінесе олар жұмысқа құлшына кіріседі, бірақ істеген ісі баяу және мардымсыз болады. Ұстамалар сирек кездескен кезде эпилепсиямен науқастардың ақыл-ойы немесе зияты айтарлықтай өзгеріске ұшырамайды. Мұндай аурулар жұмысқа қабілетті, мектепке оқи алатындай, өндірісте бірталай жұмыс атқаратындай жағдайда болады. Алайда қыртыстың күшінің таусылуына әкеп соғатын жиірек ұстамалар болған кезде ойлау қабілеті тежеліп, зияты нашарлап, тіпті кемақылдылыққа дейін төмендеуі мүмкін (эпилепсиялық деменция). Ақыл-есінің шектелуі байқалған оқушыларды көмекші мектептерге ауыстырады.

Ұстама патогенезі. Эпилепсиялық ұстама негізінде үлкен ми жартышарларының қыртысында орналасқан, тонусы жоғары патологиялық қозудың тұрақты тоқыраушылық ошағы жатады (И. П. Павлов). Тітіркену осы ошақтан оқтын-оқтын бүкіл қыртысқа таралады. Кез-келген жанама тітіркендіргіштер жоғары тонусты күшейтеді де, ол қозғалыс анализаторына жеткенде жүйке импульстарының бір мезетте күшті таралуын, «жарылысын» шақырады. Бірінші қозудан (тырысудан) кейін тежелу пайда болады. Осы тежелу ұстамадан кейін келетін қатты ұйқыны түсіндіреді. Тұрақты тоқыраушылық қозу ошағының түзілуі үлкен ми сыңарларының қыртысына бағытталған әртүрлі патологиялық импульстердің нәтижесі деп болжам жасауға болады.

Эпилепсия көріністерінің патологиялық негізінде қозу мен тежелу процестері арасындағы дұрыс қарым-қатынастың бұзылыстары жатады. Тұрақты тоқыраушылық қозу немесе тежелу ошақтарының түзілуі аурудың клиникалық түрлерін анықтайды. Жоғарыда атап өткендей, аурудың клиникалық түрлері әралуан болуы мүмкін. Ұстама тетіктері, әсіресе дерттің ауыр ағымы кезінде, нейродинамикалық бұзылыстар нәтижесінде пайда болады, алайда бұл бұзылыстардың өзі ми ұлпасының құрылымдық өзгерістеріне байланысты болуы мүмкін. Мұндай өзгерістер эпилепсияның кейбір түрлерінде әжептеуір болуы ықтимал.



Джексондық эпилепсия (оны зерттеген ағылшын невропатологы Дж.Джексон атымен аталған) мидың органикалық зақымдануымен, мысалы мидағы ісікпен немесе ошақты қабыну процесімен байланысты болады. Әдетте ұстамалар локальды, яғни жергілікті сипатта болады және бұлшық еттердің белгілі бір тобындағы клоникалық тырыспадан басталады да, соңынан басқа бұлшық еттерге де таралады. Ұстама біткеннен кейін парездер пайда болуы мүмкін. Хирургиялық емнен кейін, мысалы ісікті алып тастағаннан кейін ұстамалар жоғалады.

Кожевников эпилепсиясы – эпилепсияның ерекше клиникалық түрі, оны алғаш рет 1894 жылы А. Я. Кожевников сипаттаған. Ол мына белгілермен сипатталады: ұстамалар арасында белгілі бір бұлшық еттер тобында болатын тұрақты майда тырысулар байқалады, олар оқтын-оқтын ұстамаға айналып кетуі мүмкін. Эпилепсияның бұл түрі көбіне кене энцефалитінен кейін дамиды.

Кішкентай балаларда зат алмасу бұзылыстары нәтижесінде пайда болатын тырыспаларды эпилепсиялық аурудан айыру қажет. Мысалы, спазмофилияны, фебрильді тырыспаны, сонымен қатар әртүрлі уланудың жедел кезеңіндегі тырыспалардан.



Педагогикалық шаралар. Педагог-дефектологқа сынып ішінде оқушыда эпилепсиялық ұстама болған жағдайда дұрыс көмек әрекеттерін ұйымдастыра білу өте қажет. Ең алдымен бала қатты тырыспа кезінде жарақаттанбауына жағдай жасау қажет. Баланың басын ұстап, демеп отырған дұрыс. Тілін тістеп алмауы үшін жақтарының арасына беторамалды немесе сүлгіні шиыра орап салу керек. Ұстама кезінде су ішкізуге немесе дәрі беруге қатаң тыйым салынады, өйткені науқас тістерімен ыдысты сындырып не мыжып жіберсе, аузын жарақаттайды және су немесе дәрі тыныс жолдарына кетіп қалуы мүмкін. Басқа оқушылар ұстаманы көрмегені дұрыс. Егер хабаршылар кезеңін байқай алса, баланы дәрігер бөлмесіне немесе мұғалімдер бөлмесіне апару керек. Ұстама сыныптың ішінде басталып кетсе, қалған оқушыларды сыртқа шығару керек. Жедел ұстама кезінде ауруды қозғамауға және ешқайда жылжытпауға тырысу қажет. Тырысу аяқталғаннан кейін баланы жеке бөлмеге апарып, тыныштық жағдай жасау керек.

Баланың мектепте оқу мүмкіндігі оның психикалық саласының жағдайына байланысты болады. Ұстамалар сирек болса және баланың психикалық саласы зардап шекпесе, ол сәйкес ем қабылдап және белгілі күн тәртібін ұстана отырып, мектепке бара алады. Жиі ұстамалар болғанда, психикалық жағдайы бұзылған кезде арнайы ем жүргізіліп, баланы оқу жүктемесінен босатады. Ұзақ уақыт эпилепсиямен науқастанған, ақыл-ой дамуының шектелуі анықталған балаларды арнайы мектепке ауыстырады.

Эпилепсия дертіне шалдыққан балаларды тәрбиелеу мен оқытуға үлкен мән беріледі. Науқастың тұлғасының, мінезінің, өзіне деген көзқарасының қалыптасуы, ал соған байланысты оның әлеуметтік түсініктері мен қоғамдағы орны тәрбиешіге байланысты. Оқу және тәрбие үрдістері өзара етене байланысты. Эпилепсиямен ауру балалардың мінез-құлықтық ерекшеліктері тәрбиешілер мен мұғалімдерден әділетті және бірқалыпты, салмақты қатынасты талап етеді. Ата-аналар мен педагогтар олардың өкпе, наразылық сезімдерін ушықтырмауы тиіс. Балаларды үйдегі және мектептегі жұмысқа араластырып, еңбекке баулып, оларда ұқыптылықты, мейірімділікті қалыптастырып, дамыту қажет.
Өз бетінше дайындық сұрақтары:


  1. Эпилепсия (қояншық ауруы) дегеніміз не? Ол қай заманнан бері белгілі?

  2. Эпилепсияның жіктелуі жайында не айталасыз? Жеке дара эпилепсиялық ауру мен эпилепсиялық синдром айырмашылығы неде?

  3. Тырысу ұстамасының алыс және жақын хабаршылары қалай білінеді?

  4. Үлкен эпилепсиялық ұстамаға сипаттама беріңіз. Тоникалық және клоникалық тырысу дегеніміз не?

  5. Кіші эпилепсиялық ұстама немен сипатталады, оның түрлері?

  6. Эпилепсия кезіндегі психикалық эквиваленттерді қалай түсіндіңіз? Оның жиі кездесетін көріністері қандай?

  7. Эпилепсиялық мінез-құлық қандай түрде білінеді?

  8. Ұстаманың патогенезін түсіндіріңіз.

  9. Эпилепсияның тағы қандай түрлері бар?

  10. Осы ауру кезіндегі педагогикалық шаралар және олардың маңызы?



§7. Невроздар (жүйкенің тозуы)
Невроздарға жүйке ұлпасының құрылымындағы күрделі органикалық өзгерістер болмайтын, жүйке қызметінің қызметтік бұзылыстарын жатқызады. Біздің халқымызда бұрыннан мұндай жағдайдағы адамдар туралы «жүйкесі тозған», «жүйкесі жұқарған», «сіркесі су көтермейді» деп айтатын.

Алайда мұндай анықтама белгілі дәрежеде шартты болып келеді, бұл невроздардың табиғаты ұзақ уақыт толық зерттелмегендігіне байланысты. Организмнің жалпы соматикасындағы кейбір бұзылыстар (қан аздық, зат алмасу бұзылыстары, азу және т.б.) шын мәнісінде тек невроздардың дамуына қолайлы жағдай туғызатын жанама аурулар болып табылады.

Невроздардың негізгі себебі психикалық жаралану болып табылады, бірақ ауруға дейінгі тұлғалық бейімділіктің де маңызы зор. Мысалы ата-анасынан тұқым қуалай берілген сезім тұрақсыздығының, сана-сезімінің нәзіктігінің және т.с.с. Осылайша, невроздар жүйке жүйесінің шамадан тыс кернелуі мен жүйке қызметінің тозуының нәтижесі болып табылады. Невроздардың ағымы екі түрлі сипатта болуы мүмкін. Кейбір түрі бірқатар жағдайларға байланысты бірте-бірте дамиды. Мұндай жағдайларға кейде жүйке жүйесінің туа біткен әлсіздігі жатады. Жанұясындағы қолайсыз жағдай, дұрыс емес тәрбие беру туа біткен жүйке әлсіздігін өршітіп, невроздың ауыр түрлерінің қалыптасуына септігін тигізуі мүмкін. Басқа жағдайларда невроз жедел түрде бала өміріндегі белгілі бір қолайсыз жағдайларға жүйке жүйесінің әсерленісі ретінде пайда болуы мүмкін. Сонымен, невроздардың негізінде не жатыр екен? Жүйке қызметінің аталған бұзылыстарының физиологиялық тетіктері неде?

И. П. Павлов пен оның шәкірттерінің еңбектері невроздар дамуын шақыратын патофизиологиялық тетіктердің сырын ашуға көмектесті. Мұндай бұзылыстардың мәні ең алдымен қозу мен тежелу үрдістерінің арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуында. И. П. Павлов бойынша үлкен ми сыңарларының физиологиялық қызметінің қалыпты жағдайына тән тепе-теңдіктің бұзылуы нәтижесінде пайда болатын қиыспау, «кездесудің қиындығы» байқалады. Негізгі жүйке процестері арасындағы өзара қарым-қатынас бұзылғандықтан, жоғарғы жүйке қызметінің ағымы өзгереді. Бұл кейіннен қозу үрдісінің, немесе тежелу үрдісінің патологиялық басымдылығын шақыруы мүмкін.

Мектептегі жүйкесі жұқарған балаларды зерттеу олардың арасында негізінен екі топты бөлуге мүмкіндік берді. Бірінші топқа жатқызылған балалар жүйке жүйесінің жоғары қозғыштығымен, тынымсыздығымен, моторлық ұстамсыздығымен сипатталды. Өмірде бұл тым қозғалмалы, шулы балалар. Олар сабақта тыныш отыра алмайды, қасындағыларға тисе береді, назарын бір нәрсеге қысқа мерзімге де тоқтата алмайды, ұшқалақ. Олар тез арада, ойланбастан мұғалімнің сұрағына жауап береді, асығып сөйлейді. Мұндай тәртіп қозу процесінің тұрақсыздығына және ішкі тежелудің әлсіреуіне байланысты болса керек. Екінші топқа жататын балалар сирегірек кездеседі. Оларға селқостық, баяулық, қимылдарының аздығы тән. Бұл тежелуге бейімділігінің, тежелу үрдісінің инерттілігінің нәтижесі.

Клиникада невроздардың бірқатар түрін ажыратады. Біз солардың ішіндегі негізгілеріне ғана тоқталамыз. Бұл – неврастения, жабысқақ жағдайлар неврозы және истерия. Осы невроздардың барлығына ортақ белгілер тән екендігін атап кету қажет, соның ішінде ең негізгісі жүйке тонусының тұрақсыздығы болып табылады. Алайда олардың әрқайсысының өзіндік арнайы ерекшеліктері болады, бұл олардың клиникалық тәжірибеде бөлінуіне мүмкіндік береді. Невроздардың қандай да бір түріне тән ерекшеліктер ересек адамдарда қаттырақ білінетінін ескерген жөн. Белгілі бір түрге тән ерекшеліктер балаларда кейде көмескі түрде білінеді. Сонымен бірге негізінен балалық шаққа тән біраз ерекшеліктер де болады.



Неврастения. Балаларда неврастения шаршап-шалдығу, жеткіліксіз тамақтану, организмнің жалпы физикалық әлсіреуі, улану, бастан кешірген үрей мен қобалжулар нәтижесінде жүйке жүйесінің таусылуы немесе қалжырауымен сипатталады. Мұндай балалардың сыртқы бейнесі азыңқы, тері түсі бозарған болады. Көздері шүңірейген, көздерінің айналасы көгерген, кейде көздерінің ерекше жалтырауы байқалады. Дене бітімінің дұрыс еместігімен, қимылдарының сенімсіздігімен қатар қозғалысындағы шыдамсыздық, шұғыл екпінділік анықталады. Осындай балаларға тітіркенгіштік, ашуланшақтық, көңіл-күйінің тұрақсыздығы тән. Әдетте мұндай балалар таңертең әрең оянады, кейде мектепке барар алдында біраз қырсығып, жылап алады. Кешке керісінше оларды жатқызу қиын, олар қозып, көңілденеді. Ұйқысы тынышсыз. Үрейленеді, ұйықтап жатып айқайлауы, дір ете түсуі мүмкін. Мектепте олар тез шаршайды, ойлану жүктемесі тез зарықтырады. Зейіні тұрақсыз, есте сақтауы нашарлаған. Көбіне үлгерімі нашар болады. Кейде сөйлеу бұзылыстары байқалады, көбінесе асығып сөйлеу және кекештену түрінде. Вегетативтік жүйке жүйесі тарапынан бірқатар өзгерістер анықталады, ол тершеңдік, қантамыр тонусының тұрақсыздығы (спазмға бейімділік) түрінде білінеді. Осыдан жиі бас ауыруына, іш ауыруына (шаншу), жүрегіндегі жағымсыз сезімдерге (жүрек соғысы тоқтап қалғандай болуы және т.с.с.), тәбетінің төмендеуіне, кейде себепсіз лоқсу мен құсуына шағымданады. Кейбір кезде энурез түріндегі өте ұнамсыз асқыну дамиды, ол кейде тұрақты түрге ауысып, ұзақ емдеуді қажет етеді. Бұл жағдайда энурездің шынайы себебін анықтау қажет болады, өйткені ол тек неврозға ғана байланысты болуы мүмкін. Кейде неврастения кезінде қабақтың, езуінің, басының оқтын-оқтын тартылуы түріндегі кейбір қозғалыс бұзылыстары анықталады. Бұл симптомдар орталық жүйке жүйесінің органикалық зақымдануына да тән болғандықтан (менингоэнцефалиттер, хорея), мұндай балаларды маман-дәрігер егжей-тегжейлі тексеруі қажет. Ата-аналар кейде осындай бұлшық ет тартылуын жаман әдет, тентектік деп санап, баланы жазалап жатады, ал бұл әрине осы симптомдарды әлсіретпей, қайта күшейтуі ықтимал.

Истерия (есірік, есіру) немесе истериялық невроз (есіріктік жүйке тозуы). Балаларда ол бірқатар ерекшеліктермен сипатталады. Ең алдымен, бұл сезімдерінің өте бай және мол болуы, тым әсерленгіштік, өзін өзі сендіруге және қиялдауға бейімділік. Истерияға басқа да симптомдардың алуан түрлілігі тән. Осылай истериялық невроздың жеңіл түрінде бұл мінез-құлық ерекшеліктері ретінде ғана білінеді. Истериялық мінезге едәуір эгоцентризм, айналасындағы адамдардың көңілін өзіне аудару, ал бұл қолынан келмегенде дөрекілік, ашу-ыза, жылау сияқты теріс әсерленіс танытуы тән. Ал ауыр жағдайда истериялық невроз, талаптарын орындамағанға жауап ретінде түрлі ұстамалармен, кейбір қимыл немесе сезіну қызметтерінің әлсіреуі не жоғалуымен (салдану, парездер, истериялық кереңдік, соқырлық) білінеді. Бұл әрқашан қайтымды, яғни уақытша өзгерістер.

Истериясы бар адамдарда пайда болатын невропсихикалық ерекшеліктердің күрделі жиынтығы өзіндік патофизиологиялық тетіктермен байланысты, олардың мәнісін И. П. Павлов зерттеген.

Истериялық невроз көбінесе адамдардың жоғарғы жүйке қызметі бойынша жіктелуіндегі көркем түріне жататындарда дамиды (И. П. Павлов бойынша). Бұл адамдарда бірінші сигналдық жүйенің екіншісінен біраз басым болатындығы белгілі. Осыған байланысты оларға жарқын, нақты, бейнелі ойлау түрі тән. Жүйке қызметі қажыған кезде сигналдық жүйелердің арасындағы қалыпты физиологиялық арақатынас бұзылып, басым жаққа, яғни бірінші сигналдық жүйеге қарай аутқиды. Сонымен бірге қыртысасты құрылымдарымен арасындағы өзара қатынас бұзылады, қыртыстың реттеуші әсері әлсірегендіктен қыртыс асты құрылымдарының әсері күшейеді. Бұл истерияға тән көңіл-күй тұрақсыздығын, сезімге тым беріліп кетуді, ашу ұстамаларын түсіндіреді.

Балаларда истериялық невроздың симптомдары ересектердегідей айқын болмайды. Бірақ балаларда истерияның белгілерінің көптүрлілігін атап кету керек. Мысалы, кейде истерия күшті әсерленгіштік, дене бітімінің тым нәзіктігі түрінде білінуі мүмкін. Мұндай балалар сырт көзге суық, салмақты болып көрінгенмен, ішінде сақталған сезім толғаныстарының мол қорын жасырып, көрсетпей жүреді. Айналасындағы адамдардың әрбір қатты сөзі, байқаусызда айтып қалған мазағы оларды жаралап, ауыр күйзеліске ұшыратады. Олар біреуге тез үйреніп қалады, достыққа жоғары талап қояды, тез өкпелегіш, қызғаншақ, күдікшіл болады. Қиялшылдық пен көп армандау – олардың табиғатына тән қасиеттер. Сонымен қатар оларға эгоцентризм тән. Алайда ол айналасындағы адамдарға дөрекі түрде өзінің «мен» екендігін таныту түрінде өзін-өзі аса жақсы көріп, көп көңіл бөлуді талап етуі түрінде көрініс табады. Осының салдарынан балада үнемі алаңдаушылық, күмәндану, күдіктену байқалады. Бұл тым асыра сезінуден туындайтын қасындағы адамдардың оны кемсітуіне қарсы өзіндік қорғаныс реакциясы іспеттес болады. Дәл осындай балалар мен жасөспірімдерге (әсіресе қыздарға) бірқатар жағымсыз соматикалық сезінулер тән: бас ауруы, жүрек айнуы, денесінің әртүрлі бөліктерінің ұйып қалу сезімі, көмекейінде жас тұрып қалуы, жүйкелік ықылық ұстамасы. Мұндай балалардың ішкі құрылысының аса нәзіктігі мен сезімге тым берілгіштігі қосылып, әсіресе жасөспірім кезеңінде жыныстық уайымдардан жан-дүниесінің апатына әкеп соғуы мүмкін. Кейбір жағдайларда, теке-тірес, ұрыс-керіс кезінде, жан жарасы кезінде, истериямен науқас баланың әлсіз жүйке жүйесі жүктемеге әлі келмей, ол истериялық ұстамамен жауап береді. Истериялық ұстама тура ең қатты ашу үстінде дамуы мүмкін, бұл кезде бала жылауы немесе қарқылдап күлуі мүмкін. Ауру құлайды (бірақ көбінесе абайлап), санасы жартылай бұлыңғырлануы мүмкін, денесінде тырысулар, бетінде әртүрлі қисаюлар байқалады, кейде ауру керіледі, нешетүрлі кейіпте бұралады. Эпилепсиялық ұстамадағыдай аузынан көбік шығу, тілін тістеп алу, еріксіз зәр немесе нәжіс шығару болмайды. Көз қарашығы жарыққа қалыпты түрде жауап береді. Кейде истерия ұстамасы өзіндік мелшиіп қалумен, сезгіштіктің төмендеуімен білінуі мүмкін (истериялық ступор). Едәуір сирек жағдайда нервтік зорығу ұстамасынан кейін истериялық парездер немесе салдану дамиды: денесінің жартысы істемей қалады, бір қолы немесе бір аяғы әлсіреп, қимылдамай қалады. Кейде сөйлеу немесе есту қабілетінен айырылады – истериялық мутизм, сурдомутизм, немесе даусын жоғалтады – истериялық афония.

Барлық атап өткен патологиялық құбылыстар уақытша сипатта болады, әдетте олар құрылымдық зақымдануға байланысты емес, пайда болған тоқыраулық тежелу ошағына байланысты болады. Соның салдарынан қандай да бір қозғалыс немесе сезу қызметінің әлсіреуі немесе өшуі анықталады.

Басқа жағдайларда истериялық жүйке тозуы аса қырсықтық, еркелік, жылауықтық түрінде білінуі мүмкін. Мұндай балалар кейде қасындағы адамдарға өз тілегін орындату үшін бірнеше сағат бойы жылап, жерге құлап, аяғымен тепкілеп, айқайлап, төбелеседі. Әдетте есірген балаларға тән эгоцентризм осындай жағдайда өз дегенін болдыруға, айналасындағылардың көңілін өзіне аударуға, өктемдік етуге тырысу түрінде көрінеді. Кейбір балалар ерте жасынан жанұясының басқыншысы болады, ата-анасының әлсіздігін сезіп, оларды басынады.

Айналасындағы адамдар оның өктемдігіне бағынбай, қалағанын орындамаса, бұл мұндай балаларда бірқатар агрессиялық әрекеттер шақырады. Алайда көп жағдайда олар әлсіз тұлға болғандықтан, құрдастарына өзінің өктемдігін, өзінің елден ерекше екендігін дәлелдеу үшін тікелей емес, айналма жолын іздей бастайды. Осыдан патологиялық өтірік шығады. Тіпті ұзақ оқиға ойлап шығарады. Мысалы оның туысқандары өте белгілі адам-мыс. Өзінің қылықтары мен қабілеттерін мадақтап, тек жақсы жағынан сипаттайды. Кейбір балаларда айтарлықтай шамаға жететін осындай псевдология (өтірікшілік) өзінің кемістігін, әлсіздігін өзінше тасалау болып табылады.

Жабысқақ жағдайлар неврозы. Жабысқақ жағдайлар зият тарапынан (жабысқақ ойлар, бейнелер, естеліктер), сезім тарапынан (жабысқақ қорқыныштар) және қимыл-қозғалыс тарапынан (жабысқақ қимылдар, әрекеттер, істер) болуы мүмкін.

Балалар мен жасөспірімдерде жабысқақ жағдайлар неврозының туындауындағы негізгі себеп ата-анасының балаға тым жоғары талап қоюына, тым жоғары жауапкершілік жүктеуіне байланысты баланың қалауы мен міндеті арасындағы тартыс, эмоциялық зорығу нәтижесіндегі ұзақ уақыт әсер ететін сана-сезімін жаралаушы жағдайлар болып табылады. Мектеп жасына дейінгі және кейбір кіші мектеп жасындағы балаларда, сонымен қатар психикалық инфантилизм байқалатын жасөспірімдерде жабысқақ невроздар шошыну немесе қорқумен байланысты жедел сана-сезім жаралануы әсерінен де дамуы мүмкін.

Невроздың бұл түрінің пайда болуында жоғарғы жүйке қызметі түрінің, баланың мінез-құлық ерекшеліктерінің, сонымен қатар тәрбиелеу әдістерінің, соматикалық жағдайының және сыртқы ортаның маңызы зор болады. Мұндай балаларға қобалжулық-сезіктенгіш мінез тән, бұл оның туыстарына, әсіресе анасына да тән болуы мүмкін. Жабысқақ жағдайлар синдромы байқалған балаларда көбінесе ерте балалық шағынан бастап жаңалықтан, барлық таныс емес нәрселер мен құбылыстардан қорқатындығымен ерекшеленеді. Мектепке дейінгі жас кезеңінде оларда қобалжу, сезіктену, ауру жұқтырып алудан қорқу, өзіне түрлі тыйым салу, ырымшылдық, жабысқақ әрекеттерге ұқсайтын ойындарға әуестілік, таңертең тұрғаннан соң жуынып-шайынуындағы, киінуіндегі әрекеттерді қатал тәртіппен орындау байқалады.

Қобалжулық-сезіктенгіш мінез сыртқы орта әсерінен, ата-анасы тарапынан болатын асыра баптаушылық, үнемі аурып қалу мүмкіндігі мен оның салдары туралы әңгіме қозғау әсерінен қалыптасады. Балада кәдімгі шынайы өмір сүрудің, адамдармен қарым-қатынас жасаудың өте қиын екендігі жайлы өзіндік ұғымы қалыптасады. Осыдан келе бала өмірдегі әрбір құбылысты жай ғана қабылдап қоймайды, оны талдауға, «заттардың түп-тамырына жетуге» тырысады. Мұның бәрі пайдасыз ақылгөйсуге, құр абстракцияға салынуға әкеледі. Осы айтылған қасиеттер баланың шынайы өмірден алыстауын шақырады. Ол шарасыз бола бастайды, күнделікті тіршілікке қажет нәрсені істеу керек болғанда сасып қалады. Кез келген тітіркендіргіш ол үшін аса күшті, орындай алмайтындай қиын болады және жүйке процестерінің сәйкессіздігіне әкеледі.

Балалар мен жасөспірімдердегі жабысқақ жағдайлардың негізгі түрі жабысқақ қорқыныштар (фобиялар) және жабысқақ қимыл-әрекеттер (обсессиялар) болып табылады. Осылардың қайсысы басым болуына қарай невроздарды шартты тұрғыдан екі түрге бөлуге болады: жабысқақ қорқыныштар неврозы және жабысқақ әрекеттер неврозы. Алайда аралас сипаттағы жабысқақ жағдайлар жиі кездеседі.

Жабысқақ қорқыныштар неврозы кезінде баланың айтатын сөздеріндегі, беретін түсініктемелерінің мағынасы баланың жасына және невроздың пайда болу себебіне (ауру жұқтырып алудан, ине салудан, жабық кеңістіктен, қараңғы бөлмеден және т.с.с. қорқу) байланысты болады. Кіші мектеп жасындағы балаларда және жасөспірімдерде өзінің сыртқы бейнесіне байланысты қорқыныштар басым болады. Кекеш балалардың сөйлеге қорқуы да осыған жатады. Өз денсаулығы үшін қорқу өзінің жақындары үшін қорқуға ұласуы мүмкін, сонда бала ата-анасының денсаулығы үшін қорқады. Жасөспірімдердегі фобиялық невроздың ерекше түрі «күту» неврозы болып табылады, бұл қандай да бір тапсырманы орындауда сәтсіздікке ұшыраудан қорқу мен соны қобалжи күтумен сипатталады. Мектеп жасында күту қорқынышы өте жиі сабақта ауызша жауап беруден қорқуға (өз-өзіне сенімсіздік), ата-анасымен жағымсыз әңгіме алдында қиналумен және т.б. байланысты болады.

Кішкентай балалардағы жабысқақ әрекеттер неврозы кезінде қайталанбалы қимылдар, жөтелу (көбінесе соның алдында аурып шыққаннан кейін), ал үлкенірек балаларда әдетте ырым түріндегі қорғаныс әсерленістері пайда болады. Барлық жабысқақ әрекеттер жағымсыз аффективтік күйзелістермен, әсіресе жабысқақ қорқыныштармен, тығыз байланысты болады. Ауру жұқтырудан қорқу түріндегі жабысқақ қорқынышы бар балалар қолын өте жиі жуады немесе сілкиді. Өзінің не ата-анасының денсаулығы үшін қорқу баланы шартты түрдегі қорғаныс әрекеттерін орындауға мәжбүр етеді.

Тәрбиеші мен мұғалім жабысқақ жағдайлар неврозы кезінде баланың айтқан сөздерін, қорқыныштарын, істерін байқап, оларға мән беруі керек. Ата-анасы білмеген кезде, олармен біріге отырып, мұндай жағдайдың неліктен пайда болған себебін анықтап, емдік және психотерапиялық шараларды қолдану үшін дәрігерге бару туралы кеңес айту қажет. Тек арнайы маман-дәрігер невроз бен баяу ағымды шизофренияны (невроз тәрізді түрі) ажырата алады. Бұл өте маңызды өйткені екеуіне әртүрлі емдік әсер қажет болады.



Өз бетінше дайындық сұрақтары:

  1. Невроздар (жүйкенің тозуы) ұғымына анықтама беріңіз.

  2. Невроздардың себебі неде? Невроздар қандай ағымды болуы мүмкін?

  3. Невроздардың патофизиологиялық тетіктері қандай? Негізгі жүйке процестерінің қай түрінің басым болуына қарай жүйкесі жұқарған балалардың қандай топтарын ажыратады?

  4. Клиникада невроздың қандай түрлері жиі кездеседі?

  5. Неврастения дегеніміз не?

  6. Истерия немесе есірік дегенді қалай түсіндің?

  7. Истерия белгілерінің әртүрлі жастағы балаларда кездесу ерекшеліктері қандай?

  8. Жабысқақ жағдайлар неврозы неден туындайды?

  9. Невроздың бұл түріне қандай мінез тән?

  10. Балалар мен жасөспірімдердегі жабысқақ жағдайлар неврозының негізгі түрі қандай?

  11. Мұғалім невроз белгілері бар балалармен жұмыс істегенде неге көңіл бөлуі керек?


Астения

Нағыз невроздардан баланың ұзақ ағымды инфекциялармен ауырғаннан кейін немесе бас-ми жарақатынан кейін дамитын астениялық жағдайлардың кейбір түрлерін ажырату қажет.



Церебралдық астения – жүйке жүйесінің таусылып, қалжырауының көрініс алатын түрі. Бұл кезде барлық жүйке процестері әлсіреп, тежелуге бейімділік байқалады. Ликвор айналымының бұзылуы бас ауыруы, бас айналуы, лоқсу сияқты бірқатар симптомдарды шақырады. Қыртыс реактивтілігінің төмендеуі шартты-рефлекторлық қызметтің жүзеге асырылуындағы кейбір өзгерістерді дамытады. Бұл сабақ кезінде ойлаудың баяулығы, жадысының төмендеуі, тез шаршау түрінде анықталады. Бұл ең алдымен баланың жұмысқа қабілеттілігі мен оқудағы үлгеріміне әсер етеді. Сондықтан көмекші мектептерге балаларды іріктеу тәжірибесінде кейде диагностикалық қателіктер жіберіледі. Ондай кезде жүйке жүйесінің шаршап таусылуына байланысты баланың психикалық белсенділігінің уақытша әлсіреуі олигофрения сияқты ақыл-ой кемістігі ретінде қате бағаланады.

Дәрігерлер мен педагогтардың жұмысындағы аса маңызды жай – нағыз неврозбен сырқат балалар мен тәрбиелік-педагогикалық тұрғыдан бетімен кеткен балаларды ажырата білу. Балалардың осы екі тобында да жүріс-тұрысы мен тәртібінде ортақ белгілер байқалады: көңіл-күйінің тұрақсыздығы, ашуға бейімділік, өрескелдік, сотқарлық, оқу үлгерімінің нашарлығы және т.с.с. Алайда сыртқы ұқсастығына қарамастан олардың түп негізі және табиғаты әртүрлі. Салмақтылық, ұжымда өзін-өзі ұстай білу, өзінің өміріне өзі ие болу және көздеген мақсатына жету физиологиялық тұрғыдан айтарлықтай дәрежеде белсенді қыртыстық тежелудің дұрыс қызметіне байланысты. И. П. Павлов жүйке қызметінің бұл түрінің өте маңызды екендігін айтып, тежелу процесі қозуды «жұдырығында ұстайды» және үлкен ми сыңарларының қыртыстағы қожайын болып табылатындығын баса көрсеткен. Ерте жасынан ата-анасы, мұғалімдер балаға қандай қылықтарының дұрыс, ал қайсыларының бұрыс екендігін көрсетіп отырса, мақтап немесе есті түрде жазалап отырса, ең алдымен баланың сана-сезімі қалыптасады. Физиологиялық тұрғыдан тәрбиелеу процесі – бұл ең біріншіден шартты-рефлекторлық қызметті шынықтыру, тәртібінде қажетті стереотиптерді, белгілі бір әдеттер мен дағдыларды қалыптастыру. Сондықтан тәрбиелеу – әрқашан да белсенді әрекеттік процесс, оның жас жеткіншектің тұлғасын қалыптастырудағы маңызы орасан зор. Тәрбиелеу арқылы біз баланың жақсы қасиеттері мен мінезін дамытып, ал оның өмір жолында сәтті болуына кедергі жасайтын теріс қасиеттерін басып отырамыз.

Бала басынан кешірген аурулар кейде ізсіз кетпей, жүйке процестерінің негізгі қасиеттерін өзгертеді. Соның нәтижесінде нейродинамиканың әртүрлі бұзылыстары пайда болуы мүмкін, ал мұның өзі баланың тәртібінде көрініс табады. Мұндай жағдайда біз жүйке жүйесі жағынан болатын қандай да бір патологияға байланысты балалар жүйкесінің тозуының алуан түрімен кездесе аламыз. Сонымен қатар өмірде өзінің тәртібіндегі теріс жақтарымен сипатталатын балаларды да жиі кездестіреміз. Олар дөрекі, ашуланшақ, өзін-өзі ұстай алмайды, оларға сабақ кезіндегі мұқиятсыздық тән, олардың еңбекке қабілеттілігі мен икемі нашар. Мұндай балаларға клиникалық-педагогикалық тексеру жүргізгенде ешқандай жүйке ауруларымен ауырмағандығы, жүйке жүйесін тоздырарлықтай басқа ешқандай себептердің болмағандығы анықталады. Осындай жағдайлар ең алдымен баланың отбасында жүйелі дұрыс тәрбие көрмегендігіне, ата-аналары оларға көңіл бөлмей, балалардың өз бетімен кетуіне байланысты. Сол себепті олардың сана-сезімі бейберекет түрде, қажет кезде түзету мен жөн сілтеусіз, яғни ересектер тарапынан белсенді араласуынсыз, ал кейде жаман жолға түскен жолдастарының ықпал етуімен қалыптасады. Мұндай бала шектен тыс мәпеленген жағдайда өсіп, кішкентай озбыр бастыққа айналады. Олардың тәртібіндегі теріс белгілер жүйке патологиясының нәтижесі ретінде мүлдем түсіндірілуі мүмкін емес, өйткені бұл – нашар тәрбиенің жемісі.

Балалардың жүйке жүйесінің өзгерістерге бейімделу дәрежесінің жоғарылығы, қызметтердің бір-бірінің орнын басуының жақсы дамығандығы невроздық және невроз тәрізді әсерленістердің тез кері қайтуына көмектеседі.



Емдік-педагогикалық шаралар. Жүйкесі тозған балаларға қолданылатын медициналық шаралардың түрі едәуір көп. Бұл орайда дұрыс күн тәртібін орнатып, еңбек пен демалыстың алмасуының қолайлы ретін қалыптастырудың, уақтылы тамақтанудың, таза ауада жеткілікті жүрудің, дене шынықтырумен айналысудың маңызы зор. Жүйке тозуының кейбір түрлерінде дәрі-дәрмектермен емдеумен қатар физиотерапия кеңінен қолданылады. Мысалы, кварц (таудағы күн сәулелерімен емдеу), су процедуралары және т.б. Бірақ тек қана дәрігерлік еммен мұндай балаларды жазу мүмкін емес. Ата-анасы, педагог та бірігіп белсенді түрде баланың нейропсихикалық ұстамсыздығын түзетуге қатысуы қажет. Сонда ғана бала толық сауығып кетуі мүмкін.

Әлбетте, осындай жағдайларда педагогтың қызметі өте маңызды болып табылады. Мұғалім баланы күнделікті сыныпта бақылайды, үйіндегі жағдайдан хабардар болады. Ең бірінші ол баланың жанұясында невроздық белгілердің сақталуына ықпал ететін себептердің бар-жоғын байқауы керек. Егер ондай жайттар анықталса (ата-анасының арасындағы ұрыс-керістер, барлық балаларына бірдей қарамау және т.б.), тиісті шаралар қолдану керек. Мұғалім мен дәрігер баланың ата-анасына дұрыс кеңес берсе, әдетте отбасындағы кикілжіңдер аз да болсын, тыйылады. Ал кей кезде отбасындағы жағдай тіпті басқаша болады: керісінше балаға тым көп көңіл бөлінеді, айтқанының бәрін орындайды. Бұл да зиянды. Бала әртүрлі жолмен өзіне деген көңіл бөлуді тоқтатпау үшін ауру болып көрінгісі келеді. Әсіресе ата-ана көзқарасы оқытушы мен дәрігердің көзқарасымен сәйкес келмеуі теріс әсер етеді. Мысалы, ата-анасы дәрігер мен мұғалімнің айтқаны дұрыс емес деп баланың көзінше айтып алып, кейіннен бала тәртібі неге өзгермегендігіне аң-таң болады. Сонымен қатар екі ата-ананың да пікірі біржақты болғаны жөн. Ал егер бірінің айтқанын бірі баланың көзінше теріске шығарып жатса, бұл жүйке тозуын қалпына келтірмек тұрмақ, күшейтуі де мүмкін.

Кейбір балалардың неврозы мектептегі, ұжым ішіндегі керістермен байланысты болады. Бұл кезде мұғалім жағдайды түсініп, балаларға оны шешуіне көмектесуі тиіс. Егер невроз себебі оқу бағдарламасының күрделене түсуінен үлгерімнің нашарлауына байланысты болса, ондай балаға қосымша көмек көрсетілуі қажет.

Кейде жүйке тозуы айтарлықтай білінгенде балаға демалыс беріп, емдік-сауықтыру орындарына (санаторий, лагерь) жіберіп алған жөн.

Сонымен бірге мұндай балаларға психотерапия қажет. Баламен сыр ашып сөйлесу өте маңызды. Ол кезде оған дұрыс емес қылықтарының болашақ өмір жолына, денсаулығына қаншалықты теріс әсер ететіндігін жайлап түсіндіру өте тиімді болады. Осындай әңгімеде оған ашуын қалай тоқтату жайлы, ерігі мен жігерін қалай күшейту керектігі жайлы, ұжымда өзін-өзі дұрыс қалай ұстау керектігі туралы айту мұндай балаларға өте жағымды әсер етеді.
Өз бетінше дайындық сұрақтары:


  1. Астениялық жағдайлардың нағыз невроздан айырмашылығы неде?

  2. Церебралдық астения деген не? Оның даму себептері?

  3. Қыртыстық белсенді тежелудің дұрыс тәртіп қалыптастырудағы маңызы?

  4. Жүйкесі тозған балалар мен дұрыс тәрбие көрмеген балалардың айырмашылығын түсіндіріңіз?

  5. Емдік-педагогикалық шараларға талдау жасап шығыңыз.


Түнгі еріксіз зәр шығару (энурез)

Орталық жүйке жүйесінің органикалық бұзылыстары бар балаларда энурез (түнгі еріксіз зәр шығару) жиі байқалады.

Қуықтың зәр жинау және зәр шығару қызметтері вегетативтік жүйке жүйесімен реттеледі. Қуық қабырғалары мен қуықтың ішкі сфинктері (қуық астындағы қысатын дөңгелек бұлшық ет) тегіс бұлшық еттерден тұрады, яғни олардың қызметі еріксіз реттеледі. Оның симпатикалық бөлігі қуық қабырғаларының бұлшық еттерін босаңсытып, ал ішкі сфинктерін жиырылтады, яғни зәрдің қуықтан шықпай жиналуын қамтамасыз етеді. Симпатикалық жүйкелер жұлынның бірінші, екінші және үшінші бел сегменттерінен шығады. Ал парасимпатикалық жүйке жүйесі қуық қабырғаларының бұлшық еттерін жиырылтып, ал ішкі сфинктерін босаңсытады, сөйтіп зәрдің қуықтан шығарылуын қамтамасыз етеді. Парасимпатикалық жүйкелер жұлынның екінші, үшінші және төртінші сегізкөз сегменттерінен шығады. Сонымен қатар қуықтың сыртқы сфинктері болады, ол ішкі сфинктерден төмен орналасқан және көлденең жолақты қаңқа бұлшық еттерінен тұрады, яғни оның жұмысы ерікті. Сыртқы сфинктердің жүйкелері де парасимпатикалық жүйкелер сияқты жұлынның екінші, үшінші және төртінші сегізкөз сегменттерінен шығады. Қуықты жүйкелендіретін талшықтардың бір бөлігі жұлынға барып, жұлыннан қайтатын болса, яғни рефлекторлық доға жұлынмен шектелетін болса, басқа бөлігі миға барады. Олар ми қыртысындағы парацентральдық бөлікшеде және алдыңғы орталық иірімнің жоғарғы бөлімдерінде аяқталады. Қыртыстан кері қайтатын талшықтар қуық қызметін ерікті реттеу импульстарын жібереді, яғни бұл рефлекторлық доға ми қыртысымен шектеледі.

Ерікті зәр шығару актісі шартты рефлекс болып табылады. Бұл рефлексті қалыптастыру үшін баланы үнемі үйрету қажет. Оның қалыптасу мүмкіндігі әдетте бір жасқа таман пайда болады да, екі-екі жарым жасында бала әдетте зәр шығаруын өз еркімен оңай реттей алады.

Балалық шақта «түнде төсекке жіберіп қою» жағдайы энурез деген жеке ауру түрінде сипатталады. Бұл зәр шығарудың функционалдық бұзылыстарына байланысты. Көп жағдайда ол психогендік себептерге байланысты болады (отбасындағы кикілжің, баланың бірнәрсеге қатты қобалжуы және т.б.). Баланы ерте жасынан кіші дәретке барғысы келетіндігін айтуды үйретпегенде де бұл ауру дамуы мүмкін. Бұл баланың жалпы жағдайына әсер етеді, ол ұялады, балалар ұжымында болғысы келмейді және т.с.с. Осы аурудың алдын алу үшін баланы түнгі ұйқыға жатарда міндетті түрде дәретханаға баруға, жатарда көп су ішпеуге үйрету қажет, кейде баланы түнде тұрып тосу қажет болады. Энурездің этиологиясы көптеген жағдайларға байланысты болғандықтан, емдік шаралар да әртүрлі болады. Невропатолог, психолог, педагог, ал кейде психиатр кеңесе отырып балаға көмек көрсетеді. Әдетте энурез 12-16 жас шамасында тыйылады.

Энурезді қуықтың өзінің зақымдануына, немесе басқа да тек дәрігер анықтай алатын себептеріне байланысты зәр шығару бұзылыстарынан ажырату керек.


Өз бетінше дайындық сұрақтары:

  1. Қуықтың зәр жинау және зәр шығару қызметтері жүйке жүйесінің қай бөлігімен реттеледі?

  2. Симпатикалық жүйке жүйесі қуыққа қалай әсер етеді?

  3. Парасимпатикалық жүйке жүйесі қуыққа қалай әсер етеді?

  4. Қуықтың сыртқы сфинктерінің жүйкеленуін сипатта.

  5. Зәр шығарудың ерікті реттелуінің негізінде не жатыр?

  6. Энурез дегеніміз не? Оның себептері қандай?

  7. Энурездің алдын-алу және емдеу қандай бағытта жүргізіледі?




Каталог: portal -> ebook -> files
files -> Кенжебекова Р. И., Айдарова Б. А.,Ералиева Т. О. Мектепке дейінгі жаста қарапайым математикалық ТҮсініктерін қалыптастыру әдістемесі шымкент-2016
files -> Оқулық Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен Аламаты, 2011 (075. 8)
files -> I теоретические основы логопедии
files -> «Бейнелеу өнері, сызу және кәсіптік білім» кафедрасы
files -> «Аналитикалық геометрия және сызықтық алгебра» пәні бойынша 5В011000- “Физика”
files -> Лекция жинағЫ Қарағанды 2011 Құрастырғандар: Жұмабаев С. Ә. ф-м.ғ. к., доцент
files -> Музыкалыќ іс-јрекетініѕ психологиясы
files -> Ә. Т. Мейірбеков., Т. П. Раимбердиев., Г. Ю. Башбенова тіршілік қауіпсіздік негіздері


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет