3. Ауа ортасының физикалық факторлары және олардың гигиеналық маңызы. Жоғарыда біз ауа ортасының гигиеналық маңызын жалпы алынған түрінде қысқаша сипаттап өттік. Осы және келесі тарауларда ауа ортасының физикалық, химиялық және биологиялық факторларының гигиеналық маңызын толығырақ қарастырамыз.
Ауаның физикалық қасиеттеріне температурасы, ылғалдылығы, ауаның қозғалу жылдамдығы, барометрлік қысымы, атмосфераның электрлік жағдайы жатады.
3.1. Ауаның температурасы, ылғалдылығы, қозғалу жылдамдығы және олардың гигиеналық маңызы. Атмосфералық ауаның температурасы негізінен күн сәулесінің әсерінен қызған жер бетінен берілетін жылуымен және аз дәрежеде атмосфераның өзінің тікелей жылуымен қамтамасыз етіледі.
Ауа температурасының тәуліктік және жылдық ауытқуларына әр түрлі факторлар әсер етеді: географиялық ендік және осыған байланысты күн радиациясының қарқындылығы, жердің теңіз деңгейінен тұрған биіктігі, жергілікті жердің бедері мен сипаты, теңіздердің, теңіз және мұхит ағындарының жақындығы, жер беті жабындылырының сипаты және т.б. Географиялық ендік неғұрлым жоғары болған сайын, соғұрлым күн сәулелері жердің бетіне үлкен еңкею бұрышымен түседі, осыған байланысты жерді аз қыздырады.
Өсімдікпен жабылған топырақ, тасты, құмды немесе асфальтпен жабылған топыраққа қарағанда, жылуды аз береді. Теңіз деңгейінен биіктеген сайын, ауаның температурасы төмендейді. Биіктіктің белгілі бір мөлшерге дейін өсуі кезіндегі ауа температурасының өзгеру шамасы атмосфераның температуралық градиенті деп аталады. Желсіз, суық ауа райы кезінде температуралық градиенттің бұрмалануы - инверсия байқалуы мүмкін. Инверсия кезінде, жер бетінде жылы ауаның орнына, керісінше, ауаның суығырақ қабаттары жиналады. Ауырлау болғандықтан, олар өздеріне ластаушыларды жинап, олардың сейілуіне кедергі жасайды.
Ауа температурасының әсеріне адам ашық жерлерде де, жабық бөлмелерде де үнемі ұшырап отырады. Климаттық ауданға, ауа райы жағдайларына, өндірістік жұмысының сипатына, бөлмелердегі температуралық режиміне және т.б. байланысты адам ағзасына тек қолайлы ғана емес, сонымен бірге, қолайсыз, өте жоғары немесе өте төмен температуралар әсер етуі мүмкін. Температураның кең аралықтағы өзгеруінде ағзаның жылу тепе-теңдігінің сақталуы химиялық және физикалық жылу ретттеу үрдісімен қамтамасыз етіледі. Химиялық реттелу арқылы зат алмасу үрдістері қарқындылығының өзгеруі есебінен ағзада жылу өндірілуі өзгереді. Мысалы, ауаның температурасы жоғары болғанда, зат алмасу үрдістерінің қарқындылығы төмендейді, бұл жылу өндірілуінің азайуына әкеп соғады, ал төмен температура кезінде, керісінше, жылу өндірілуі жоғарылайды. Физикалық жолмен жылу реттелуі қоршаған ортаға жылу берілуінің өзгеруімен іске асырылады. Жылу берілуінің негізгі жолдары сәулелену (инфрақызыл), конвекция, өткізу (кондукция) және булану болып табылады. Жылу инфрақызыл сәулелену түрінде кез келген қызған нысаннан, сонын ішінде, адамнан да шығады Оның қарқындылығы ауа температурасына емес, қызу дәрежесіне байланысты болады. Адам ағзасы мен қоршаған орта нысандарының арасында сәулелік жылудың үздіксіз алмасуы жүріп отырады. Сәулелік жылудың түсуі мен оның берілуі арасында радиациялық балансы нөлдік, теріс және оң болуы мүмкін. Нөлдік баланс кезінде, адам денесі жылуды қаншалықты алса, соншалықты сәулелендіріп отырады. Егер, адам терісінің температурасы қоршаған заттардың орташа температурасынан жоғары болса, онда адам сәулелік жылуды, алғанына қарағанда, көбірек береді, ал радиациялық баланс теріс болады.
Теріс радиациялық баланс ауаның қолайлы температурасы кезінде де болуы мүмкін, егер, бөлмелердің қабырғалары суық немесе ылғалды болса, себебі мұндай жағдайда жылудын сәулеленуі аз қызған беттерге қарай қарқынды жүреді.
Қоршаған заттар мен қоршаулардың температурасы адамның терісінің температурасынан жоғарырақ болған кезде, адам өзі жылу беруге қарағанда, жылуды көбірек алады, яғни оң радиациялық баланс пайда болады. Оң радиациялық баланс ағзаныңқызынуына, ал теріс баланс – салқындауына әкеп соғады.
Жылу берудің конвекциялық жолында жылу адам денесінің бетіне тиіп тұратын ауа массасына, ал кондукция жолында – денеге жанасқан салқын заттарды жылытуға беріледі. Булану арқылы жылудың берілуі тері бетінен, өкпе және тыныс жолдарынан ылғалдың булануы арқылы жүреді. Ағзаның тыныштығы жағдайында және қолайлы жылылық жағдайда жылудың негізгі массасы - 55%-ға дейін сәулелену арқылы, 29% - булану арқылы, 15% жуығы - конвекция арқылы беріледі.
15-25ºС температура диапазононында жылу реттейтін механизмдер қызметіне айтарлықтай күш түспейді. 25-35ºС температурада жылу өндірілуі азайып, жылу берілуі күшейеді, ал дене температурасынан асатын ауа температурасы кезінде, жылу өндірілуі қайтадан жоғарылайды, сәулелену және өткізу жолдары арқылы мүмкіндігі болмайды, сондықтан, жылу берілуі тек бір ғана жолмен - булану арқылы жолы жүреді. Жоғары температураның ағзаға әсері ауырлық дәрежесі әр түрлі ағзаның қызынуына әкеледі. Ол жоғары температураның жедел және созылмалы әсері кезінде дамуы мүмкін. Жедел гипертермияның жеңіл түрінде дене температурасы 38 ºС дейін және одан да жоғары көтеріледі, бас ауруы, бас айналу, әлсіздік, жүрек айнуы, құсу пайда болады. Ауыр дәрежедегі дененің қызуы ыстық өту түрінде (гиперпиретикалық түрі) өтеді, бұл кезде дене температурасы 39-41ºС дейін көтеріледі, артериялық қан қысымы бірден төмендейді, психомоторлық қозу және комалық жағдай дамиды. Балаларда, сонымен бірге, ыстық цехтарда жұмыс істейтін адамдарда су-тұз тепе-теңдігінің бұзылуы нәтижесінде жедел гипертермияның сіңір тартылатын түрі дамиды. Жоғары температураның созылмалы әсері әр түрлі мүшелер мен жүйелердің функционалдық жағдайының, су-тұз тепең-теңдігінің бұзылуына әкеп соғады, бұрынан бар созылмалы аурулардың ағымын ауырлатады, ағзаның қарсы тұру қабілетін төмендетеді. Мысалы, қанның тұтқырлығының жоғарылауы, сонымен бірге, қан тамырларының кеңейуі салдарынан шеткі қан тамырларында айналымдағы қанның көлемінің ұлғаюына байланысты, жүрекке түсетін жүктеме жоғарылайды, бұл миокардта дистрофия мен гипертрофия дамуына әкеледі. Орталық жүйке жүйесінің функционалдық жағдайы бұзылады, бұл назар аударудың төмендеумен, қозғалу реакциясының баяулауымен, қимыл-қозғалыс координациясының бұзылуымен, жұмысқа қабілеттіліктің төмендеуімен сипатталады. Тер арқылы сұйықтықтың көп мөлшерде бөлінуі, зәрдің қоюлануына және зәр шығаратын жолдарда тастар түзілуіне себеп болады. Сұйықтықты көп мөлшерде қабылдау және тер арқылы хлор иондарын жоғалту асқазан сөлінің бактерицидтігінің төмендеуіне және гастриттердің дамуына әкеледі.
Тердің бөлінуі күшейуінен ағзадан тұздардың (хлорлы натрийдің - 30-40 г дейін), суда еритін дәрумендердің және көп мөлшерде сұйықтықтардың (тердің бөлінуі - 10л-ге дейін және одан жоғары) жоғалуы сіңір тартылулардың себебі болады.
Қоршаған ортаның температурасы 15ºС төмен болған кезде, жылу өндірілуі күшейеді, ағза тері тамырларыныың тарылуы, қанның ішкі мүшелерге ығысуы есебінен жылу берілуін азайтуға тырысса да, радиация және конвекция жолдары арқылы жылу берілуі жоғарылайды.
Төменгі температураның жедел және созылмалы әсері ағзаның салқындауына әкеп соғады. Ол суық фактордың жергілікті де, жалпы да әсер етуі кезінде пайда болады. Суық тиюден болатын рефлекторлық аурулар, ішкі мүшелердің қабыну аурулары (пневмония, нефриттер, отиттер және т.б.), бұрыннан бар созылмалы аурулардың асқынулары, дененің тоңған бөліктерінде жергілікті қабыну үрдістерінің дамуы (нервтің, бұлшық еттердің, буындардың, артериялық қан тамырларының қабынулары және т.б.), үсу, аллергиялық реакциялар дамиды, жедел жалпы таралған гипотермияның ең ауыр жағдайларында үсіну нәтижесінде өлім де пайда болуы мүмкін. Жұмысқа қабілеттілік төмендеуі және ағзаның қарсы тұру қабілетінің төмендеуі де тән.
Ауа температурасы адамның қоршаған ортамен жылу алмасу үрдістеріне едәуір әсер етеді, бірақ, оны ылғалдылықтың, ауа қозғалысының және қызған беттердің жылу сәулелендіріуінің әсерлерінен жекелеп қарастыруға болмайды. Ауаның ылғалдылығы суаттардың, топырақтың, өсімдіктердің беттерінен судың булануымен қамтамасыз етіледі және ол ауаның температурасы мен қозғалу жылдамдығының өзгеруіне байланысты. Ауа ылғалдылығының жиі қолданылатын көрсеткіштерінің бірі салыстырмалы ылғалдылық болып табылады, бұл ауаның су буларымен қанығу пайызы. Ауаның жоғары ылғалдылығы (80% және одан жоғары) жоғары да, төмен де температура кезінде қолайсыз әсер етеді. Жоғары температура кезінде ол осы жағдайдағы жалғыз жылу беру жолына – булануға - кедергі жасап, ағзаның қызынуына әкеледі. Төмен температура кезінде, ауаның жоғары ылғалдылығы, судың жоғары жылу сыйымдылығының салдарынан ағзадан жылу берілуінің жоғарылауына және тез ағзаның салқындауына әкеп соғады. Сондықтан төмен және орташа (30-70%) салыстырмалы ылғалдылық ағзаға жоғары және төмен температуралардың әсерін жеңілдетеді.
Салыстырмалы ылғалдылығы 20% аспайтын, құрғақ ауа да адам ағзасына қолайсыз әсер етеді. Бұндай ауа мұрын-жұтқыншақтың кілегейлі қабығын құрғатады, жоғарғы тыныс жолдарының қабыну ауруларының дамуына әкеледі және бронх демікпесімен, жүрек қан-тамыр ауруларымен ауыратын науқастардың жағдайын нашарлатуы мүмкін. Бірақ, құрғақ ауа кейбір ауруларда, мысалы, бүйрек аурулары кезінде, курорттық ем түрінде қолданылады. Тері арқылы булануды күшейтіп, ол зәрдің бөлінуін төмендетеді және қабыну үрдісінің азайуына мүмкіндік береді.
Адам ағзасындағы жылу алмасу үрдістеріне ауа массаларының қозғалуы да үлкен әсер етеді. Оның әсер ету сипаты ауаның қозғалу жылдамдығына, температурасына және ылғалдылығына байланысты. Ауаның температурасы төмен болғанда, ауа қозғалысы конвекция жолы арқылы жылу беруді күшейтеді, себебі ол суық ауаның жаңа ағындарын үнемі теріге жанастырып отырады. Бұл кезде орташа (6-7 м/сек) желдің өзі де дененің салқындануына, ал өте күшті жел (9 м/сек асатын) үсуге әкелуі мүмкін. Сондықтан қыс кезінде желсіз ауа райы қолайлы болып табылады. Ауаның температурасы жоғары және ылғалдылығы төмен кезінде, әлсіз (1-5 м/сек) соққан жел, тердің бөлінуін жылдамдатып, жылу берілуін күшейтеді. Егер де, температурасы жоғары кезде, ауа су буларымен қаныққан болса, онда ауаның әлсіз қозғалысының, буланудың қиындауы салдарынан, салқындататын әсері болмайды. Жел жоқ кезде, ауаның жоғары температурасы, әсіресе, ол жоғары ылғалдылықпен бірге әсер еткен кезде, ыстық өтуіне әкеп соғуы мүмкін. Температурасы дене температурасынан асатын, күшті ыстық жел ауаның кез-келген ылғалдылығы кезінде қыздыратын әсер береді. Бұл әсері, булану арқылы жылу берілуінің күшейуінен салқындататын эффектісі қызған ауаның қарқынды ағындарымен жойылуына байланысты. Ауаның қозғалысы адамның жылылық жағдайына ғана әсер етіп қоймайды. Үзіліссіз, күшті соққан жел, тыныс алуды қиындатып, оның қалыпты ырғағын бұзады, жүрек қан тамырларының аурулары мен тыныс алу жолдарының аурулары бар науқастардың жағдайын нашарлатады. Адам ағзасының жүйкелік-психикалық сферасына да желдің әсері едәуір болуы мүмкін. Орташа, термиялық бейтарап жел, сергітетін әсер етеді, ал өте күшті соққан жел депрессиялық жағдайлардың дамуына әкелуі мүмкін.
Ауа қозғалысының гигиеналық маңызы адамның қоршаған ортамен жылу алмасуы үрдістеріне қатысуымен ғана анықталмайды. Ауаның қозғалысы атмосфералық ауаға түскен ластаушы заттарды жоюда, елді мекендерді аэрациялауда және бөлмелерді табиғи желдетуде үлкен рөл атқарады. Сонымен қатар, ауаның қозғалысы ластаушы заттардың үлкен қашықтықтарға таралуына да мүмкіндік түғызады.
Сондықтан елді мекендерді, ауруханаларды, мектептерді және бала бақшаларды, өндірістік мекемелер мен басқа да нысандарды жоспарлау және салу кезінде, берілген жергілікті жерлердегі желдің басым соғатын, жиі қайталанатын бағыттарын білуі өте маңызды. Ол желдің қай бағыттан соғатындығымен анықталады. Осы мақсатта, әрбір жергілікті жерлер үшін «жел раушаны» деп аталатын (3.1.-сүрет) әр түрлі бағыттар (румбалар) бойынша жыл бойына желдің туру жиілігінің графигі құрастырылады.