Оқулық Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бекіткен


-1991 жылдардағы санитарлық-эпидемиологиялық қызмет пен гигиена ғылымы



бет25/304
Дата22.04.2022
өлшемі9,78 Mb.
#140282
түріОқулық
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   304
Байланысты:
Uchebnik Gigiena-kaz yaz

5.4. 1946-1991 жылдардағы санитарлық-эпидемиологиялық қызмет пен гигиена ғылымы.
Соғыстан кейінгі бірінші жылдарда санэпидқызметтің ең басты бағыттарының бірі белсенді эпидемияға қарсы жұмысы болды. Нәтижесінде бөртпе сүзегімен, іш сүзегімен, дизентериямен аурушаңдық төмендеді, оңтүстік аудандарда пайда болған тырысқақ ауруының таралуына жол берілмеді.
50-ші жылдардың басында елдегі санитарлық-эпидемияға қарсы қызметті қайта ұйымдастыру жүргізілді. Ол мемлекеттік санитарлық инспекциялар мен санитарлық эпидемиологиялық қызметтің атқаратын қызметтерін айқындап берді және санитарлық эпидемиологиялық мекемелердің жаңа штаттарын белгіледі. Атқаратын қызметтерін айқындап беру, Қазақстанда сақтық санитарлық бақылаудың дамуына оң әсерін тигізді. Сақтық санитарлық бақылаудың қажеттілігі коммуналдық құрылыстарды, өнеркәсіп кәсіпорындарын масштабты түрде қайта құрумен, жаңа елді мекендерді салумен байланысты болды.
Қайта ұйымдастыру нәтижесінде санитарлық эпидемияға қарсы қызмет мекемелерінің тармақталған жүйесі құрылды. 1953 жылдың басына қарай республикадағы санэпидмекемелердің саны 276 -ға, оның ішінде қалалар мен аудандарда – 264-ке, облыс орталықтарында – 11-ге жетті. 1952 жылы Алматы қаласында Республикалық СЭС ашылды. Бірақ, зертханалар СЭС -тердің бәрінде де емес, кейбіреулерінде ғана болды, ал аудандық СЭС штаттында, әзірше тек бір ғана санитарлық дәрігерден болды.
1948 жылдың көктемінде ҚазММИ-дің санитарлық-гигиеналық факульттетінен бірінші бітірушілері шықты. 27 жас мамандар диплом алды, оның ішінде 2 қазақ болды. Ал, 1950 жылы Қарағанды қаласында жаңа медициналық жоғары оқу орны ашылды. Онда, 1964 жылдан бастап, ҚазММИ-ден санитарлық-гигиеналық факультетті ауыстырғаннан кейін, дәрігер-гигиена мамандарын дайындай бастады.
Осы кезеңде Қазақстан қалалары мен ауылдарын сауықтыру және санитарлық тұрғыдан абаттандыру мәселелері өте өзекті болды. Бұл мәселелерді жете зерттеуге белгілі ғалым, денсаулық сақтау ісінің ірі ұйымдастырушысы, профессор И.С. Корякин айрықша үлес қосты. Аудандық санитарлық дәрігерден ҚазКСР-дің мемлекеттік бас инспекторына дейінгі қызметтерді атқарып, ол 1946 жылдан 1968 жылға дейін ҚазММИ-дің коммуналдық гигиена кафедрасын, кейіннен жалпы гигиена кафедрасын басқарды. И.С.Корякиннің шығарған монографиялары: «Қазақстанның елді мекендерін көгалдандыру», «Сыртқы ортаның нысандарын зерттеудің негізгі әдістері», «Қазақстандағы ауыз сумен қамтамасыз ететін су көздерін тексерудің әдістемелік нұсқаулары мен схемалары» республиканың жаңа өндірістік орталықтарын жоспарлау және абаттандыру мәселелерін шешу кезіндегі маңызды нұсқау болып табылды.
60-шы жылдарда қайта ұйымдастыру жүргізілді. Бұл санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің ісі оңтайлануына мүмкіндік туғызды: ауылдық санитарлық-эпидемиологиялық бөлімдері дербестік алды, ал СЭС штаттарының саны қызмет көрсететін халықтық санына байланысты анықтала бастады. Дегенмен, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту маңызды болып қала берді, осыған байланысты 20 ғасырдың 70-80 жылдары республикада Ертіс, Жайық өзендерінің, Каспий теңізінің және Қапшағай бөгенінің су алаптарын санитарлық қорғау жоспарлары, республика қалаларының атмосфералық ауасын қорғау жөнінде шаралар дайындалды, 161 канализациялық және тазартқыш құрылыстар кешені, атмосфераға ұшатын өндірістік шығарындыларды тазартатын 395 құрылыс салынды, сумен қамтамасыз етудің, канализациялардың, қалалар мен кенттерді абаттандырудың жүздеген жобалары қаралды.
Осы кезеңде гигиена ғылымы кеңінен дамыды. Республикада гигиена саласындағы жетекші мекемеге айналған Өлкелік патология ғылыми зерттеу институтында көп жылдар бойына республиканың кен орындарында, қорғасын зауыттарында, титан және магний, мыс және мырыш, фосфор, өндірістерінде, мұнай өнеркәсібі кәсіпорындарында, ауыл шаруашылығында жұмыс істейтіндердің еңбек жағдайы мен аурушаңдығы зерттелді. Эксперименталдық зерттеулерде, фосфордың, қорғасынның, кадмийдің, мышьяктың, ванадийдің, фторидтердің, мырыштың, сынаптың токсикологиясы зерттелді, көптеген интоксикацияларда сульфат-ионының қорғайтын әсері дәлелденді. Фосфор және оның бейорганикалық қосылыстарын өндіретін өндірістерге, қорғасын өндіру мен пайдалану өндірістеріне, мұнай өнеркәсібіне арналған санитарлық ережелер, жұмыс зонасының ауасы мен атмосфералық ауадағы бірқатар қосылыстарға гигиеналық регламенттер дайындалды. Сонымен қатар, қышқыл газдардан тыныс мүшелерін қорғауға арналған респираторлар, сыртқы орта мен тағамдық азықтарда пестицидтердің мөлшерін анықтау әдістері, қоршаған орта нысандарындағы ауыр металдарды атомдық-абсорбциялық әдіспен анықтауға арналған әдістер мен аспаптар дайындалды және өндіріске енгізілді.
Институт зерттеп келе жатқан еңбек гигиенасы мен кәсіптік патология мәселелерін шешуге көрнекті ғалымдар: көп жылдар бойына өлкелік патология ҒЗИ басқарған профессор Б.А.Атшабаров, профессорлар А.А.Лукашев, К.К.Макашев, А.Т.Алданазаров, В.З.Хамитова, М.К.Қайрақбаев, Г.И.Белоскурская, В.Л.Резник, В.А.Козловский, Е.Ж.Жарқынов, медицина ғылымдарының кандидаттары М.Т.Бердыходжин, Б.Г.Фейгин, Г.Д. Лях және басқалар үлкен үлес қосты. Ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелері Б.А. Атшабаровтың «Қорғасын интоксикация кезіндегі жүйке жүйесінің зақымдануы», А.Т.Алданазаровтың «Сатурнизм кезіндегі қан жүйесінің өзгерістері», К.К.Макашевтың «Техникалық прогресс және қорғасын өндірісіндегі еңбек физиологиясының мәселелері», Г.И. Белоскурскаяның бірлескен авторлармен жазған "Шаң әсерінен пайда болатын пневмокониоздар және созылмалы бронхиттер", В.А.Козловский, А.А.Лукашев, А.Г.Дардик, А.Г.Полонскийдің «Фосфорлы тыңайтқыштар өндірісіндегі жабдықтарды гигиеналық бағалау», Т.Ш.Шармановтың, А.А.Мамырбаевтың «Фосфор, фтор және олардың бейорганикалық қосылыстарының токсикологиясы», Е.Ж.Жарқыновтың бірлескен авторлармен жазған «Ауыл шаруашылық өндірісіндегі еңбек гигиенасы» деп аталатын іргелі еңбектерінде қамтып, көрсетілді. Е.Ж.Жарқыновтың бірлескен авторлықтағы жоғарыда аталған еңбегі Ф.Ф. Эрисман атындағы жүлдеге ие болды. Г.Ф.Поллак пен Э.И.Грановскийдің редакциясымен шығарылған «Сыртқы орта мен тағамдық азықтардағы пестицидтердің мөлшерін анықтау әдістері» деп аталатын нұсқауы, пестицидтер гигиенасы жөніндегі мамандардың ен жиі қолданатын құралдарының біріне айналды. Институт, қоршаған орта гигиенасы, әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтауды ұйымдастыру сияқты, басқа да гигиеналық бағыттар бойынша жұмыс істеді. Зерттеу материалдары бойынша «Ауылдық елді мекендерді сумен қамтамасыз ету гигиенасы» (Г.И. Сидоренкомен бірлескен авторлықта), «Ауыз судағы металдардың улылығы» (Г.Н. Красовский, В.Г.Надеенко, Ү.И.Кенесариев), «Ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру мәселелері» (П.П.Петров және Т.К.Қалжеков), «Ғылыми-техникалық прогресс, қоршаған орта және халық денсаулығы» (Г.А.Попов, П.П.Петров, Ж.Т.Тұрлыбеков), «Қазіргі кездегі өндірістік қала тұрғындарының денсаулығы» (Р.Х. Кадырова, П.П. Петров, Н.Ж. Жақашов) деп аталатын монографиялар басылып шықты.
1958 жылы Қарағанды қаласында Қазақ еңбек гигиенасы мен кәсіптік аурулар ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырылды. Оның бірінші басшысы З.К. Төлегенов болды. Бұл институтта құрамы әр түрлі өндірістік шаңдардың патогендік қасиеттері және ағзаға әсер ету механизмі зерттелді, шу мен дірілдің жұмыс істеушілердің ағзасына әсерінің алдын алу жөніндегі алдын алу шаралары дайындалды, бір типті кокс-химия өндірісінің барлық маңызды учаскелеріндегі еңбек жағдайларына баға берілді, өнеркәсіптен шыққан ағынды суларының Орталық Қазақстандағы суаттардың санитарлық жағдайына әсері бағаланды. Бұл сұрақтарды ғылыми тұрғыдан жете зерттеп, дайындауға белгілі ғалымдар, гигиена мамандары Б.Е.Алтынбеков, Қ.Р.Әмрин, А.И.Бурханов, М.И. Салехов, А.П.Филин, Кулқыбаев Г.А., Аманбеков У.А. және басқалар үлкен үлес қосты.
Еңбек гигиенасы мен кәсіби патология жөнінде жүргізілген зерттеулер, Қарағанды мемлекеттік медицина институтында да негізгі зерттеулердің бірі болды. Мұнда көмір, полиметалл кендерін шығару кезіндегі, қара металлургиядағы еңбек гигиенасы мен физиологиясының сұрақтары, жұмыс істейтін жасөспірімдердің еңбек гигиенасының сұрақтары жете дайындалды. Бұл бағыттағы жұмыстардың іске асуына көрнекті гигиена мамандары Б.Е Алтынбеков, Е.Н Сраубаев, А.П Филин, В.А Ли., С.П Терехин, А.Г Швецов және басқалар маңызды роль атқарды. Зерттеу нәтижелері көмір өнеркәсібі кәсіпорындарына, ұсақ рудалық және рудалық емес пайдалы кендерді шығару және байыту кәсіпорындарына арналған Санитарлық нормалар мен ережелерде, «Ұсақ рудалық және рудалық емес пайдалы қазбалардың кен орындарынаң кен шығару кезінде қолданылатын машиналар мен механизмдері» деп аталатын мемлекеттік стандартта қолданылды.
Осы кезеңде АММИ-де, 1968 жылдан 1980 жылға дейін жалпы гигиена кафедрасын басқарған ірі ғалым, профессор Ф.А. Дауылбаевтың басшылығымен, Қазақстанның түсті металлургия кәсіпорындарының өнеркәсіптік ағынды суларын залалсыздандыру және пайдалану жолдарын іздестіру, сумен қамтамасыз етуді сауықтыру жөнінде, сондай-ақ, асқазан-ішек ауруларының, тісжегінің, флюороздың алдын алу жөнінде, әсіресе, ауыл тұрғындарының арасында алдын алу жөнінде, жан жақты зерттеулер жүргізілді.
1980-1994 жылдары АММИ-дің жалпы гигиена кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған, көрнекті ғалым, гигиена маманы профессор Қ.Р. Әмрин қоршаған ортаны қорғау, адамның өмір сүретін ортасын болжау, Қазақстанның биогеохимиялық аймақтарындағы медициналық-экологиялық мәселелеріне қатысты, жаңа ғылыми бағытты дамытты. Профессор Қ.Р. Әмринді Қазақстандағы қоршаған орта гигиенасының негізін қалаушы деп айтуға болады.
1960-1991 жылдар тағам тану гигиенасының қарқынды дамуы кезеңі болды. Қазақстанда оның мектебін құрудағы баға жетпес рөл академик Т.Ш. Шармановқа тиесілі. 1962 жылы Өлкелік патология ғылыми зерттеу институтында тағам тану бөлімі құрылды, бұл 1973 жылы Т.Ш. Шармановтың ынтасымен КСРО Медицина ғылым академиясының Тағам тану ғылыми зерттеу институтының (ҒЗИ) Қазақ филиалының ашылуына негіз болды. 1988 жылы филиал өз алдына дербес «Тағамтанудың аймақтық мәселелері» деп аталатын ғылыми зерттеу институты болды. Осы жылдары республика халқының тамақтанудың құрылымы, ең көп қолданылатын азық-түліктердің тамақтық және биологиялық құндылығы, олардың әр түрлі ксенобиотиктермен ластану дәрежесі, алиментарлық дисбаланстардың әр түрлі түрлерінің қаншалықты таралғандығы зерттелді. Биологиялық құндылығы жоғары, балалардың тамақтануы үшін, әр түрлі ауруларды емдеу және алдын алу үшін арнайы тағайындалатын азықтар дайындалды. 1988 жылдан бастап нутрициологияның іргелік бағыттары жөнінде зерттеулер жүргізіле бастады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   304




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет