Оқулық Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бекіткен



бет40/297
Дата14.11.2022
өлшемі5,72 Mb.
#158178
түріОқулық
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   ...   297
Байланысты:
Uchebnik Gigiena-kaz yaz (копия)

Өнеркәсіп кәсіпорындарынын, ең әуелі, қара және түсті металлургияның, химия және мұнайхимия өнеркәсіптерінің, құрылыс индустриясының және целлюлоза-қағаз өнеркәсіптерінің шығарындылары атмосфералық ауаға елеулі әсер етеді. Бұл кәсіпорындардан ауға шығарылатын ластаушы заттардың спектрі автокөліктер мен отындарды жағу кезіндегі бөлінетін ластаушылардың спектрінен едәуір үлкен. Қара металлургия кәсіпорындарында шойынды еріту мен оны болатқа айналдырып өңдеу үрдістері атмосфералық ауаға қатты заттар (атмосфераға түсетін шығарындылар жиынтығының 15,5%), көміртек тотығын (67,5 %), күкірттің қос тотығын (10,8%) және азот тотықтарын (5,4%) шығарумен жүреді. Қайта балқытылған шойынның әрбір тоннасына шаққанда, ауаға 4,5 кг шаң, 2,7 кг күкірт газ, 0,6-0,1 кг марганец шығарылады. Сонымен қатар, домен пешінен шығатын газдың құрамында атмосфераға аздаған мөлшерде күшән (мышьяк), фосфор, сурме (сурьма), қорғасын, сынап булары, сирек металдар, цианды сутек және шайырлы заттар түседі. Күкіртті газдың едәуір ауға шығарылуы - 1 тонна кенге 190 кг дейін, кенді агломерациялау кезінде байқалады.
Түсті металлургия кәсіпорындары атмосфералық ауаны күкіртті газбен (атмосфераға түсетін шығарындылар жиынтығының 75%), иіс газымен (10,5%), ПХДД және ПХДФ, қорғасын, мырыш, кадмий, күшән, мыс, сынап тотықтарымен ластайды. Алюминий өндірісі; сонымен қатар, ауаға фторлы қосылыстарды, кен шаңдарын және жоғары канцерогенді қасиеті бар полиароматтық көмірсүтектерді (ПАК) - бенз(а)пиренді, бенз(а)антраценді және т.б. бөліп шығарады.
Мұнай шығаратын өнеркәсіп кәсіпорындарының шығарындылары көмірсутектердің, күкіртті сутектің, күкірттің, азоттың қос тотығының, көміртек тотықтарының жоғары мөлшерлерімен ерекшеленеді. Ал, химиялық және мұнай химиялық өнеркәсіп кәсіпорындарына өндіріс ерекшелігіне байланысты ингредиенттерінің құрамы одан да кең болуы тән. Бұл күкірттің, азоттың, көміртектің тотықтары мен қос тотықтары, альдегидттер, кетондар, спирттер, галоген өнімдері, күкіртті сутек, фосфор, аммиак, олефиндер, мұнай өнімдері, қышқылдар, ПАК, N-нитрозоқосылыстар және т.б. болуы мүмкін.
Атмосфералық ауаны ластайтын қауіпті көздеріне цемент және құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар, сондай-ақ, целлюлоза-қағаз өнеркәсібінің кәсіпорындары да жатады. Целлюлоза өндірісінен ауаға көп мөлшерде күкіртті газ, күкіртсутек, диметилсульфид, хлор және оның қосылыстары, ұшқыш органикалық еріткіштер шығарылады. Бірақ, ең маңыздысы, бұл өндіріс, технологиялық үрдістің әр түрлі кезеңдерінде түзілетін, ПХДД және ПХД-ң 22 изомерлері мен гомологтарының көзі болып табылады.
Құрылыс материалдарын шығаратын зауыттар көбінесе құрамында асбест, гипс, цемент, кварц бар шаңдарды шығаратын көздер болып табылады. Бұдан басқа, шығарындылардың құрамында көміртек тотығы (атмосфераға түсетін шығарындылар жиынтығының 23,3%), фтор, қорғасын, күшән, сынап қосылыстары да бар.
Атмосфералық ауаның қарқынды ластануы тұрғындардың денсаулығына тікелей де және оның тіршілік ортасына басқа орта арқылы да қолайсыз әсер етеді.
Ластаушылардың адам ағзасына атмосфера арқылы түсуі негізгі түсетін жолы болып табылады, себебі тыныс алу - үзіліссіз үрдіс, осыған байланысты тәулік ішінде өкпе арқылы ауаның өте үлкен, 10-12 м3 дейінгі, көлемі өтіп отырады. Альвеолалар бетінің үлкен ауданы ауаның ғана емес, сонымен бірге, оның құрамындағы ластаушылардың да еш кедіргісіз қанга тез өтуіне жағдай жасайды. Осы жолмен түскен ластаушылардың қолайсыз әсерлері, басқа жолдармен түсуіне қарағанда, тез және айқын білінеді, себебі зиянды заттар улануды жоятын табиғи тосқауыл – бауыр арқылы өтпей, қанмен бүкіл ағзаға тарайды.
Атмосфераны ластаушылар адам ағзасына жедел және созылмалы әсер етуі мүмкін. Жедел әсері ластаушылардың бір рет өте жоғары концентрациясында әсер етуі кезінде байқалады, ал созылмалы әсері – ұзақ уақыт, бірақ аз концентрацияларында, әсер еткенде білінеді. Ауа массаларының табиғи қозғалу және араласу үрдістері әдетте ластаушылардың көп жиналуына кедергі жасайды, сондықтан олардың жедел әсер ететін үлкен концентрациялары тек белгілі бір жағдайларда орын алады: өздігінен тазаруына қолайсыз ауа райы кезінде, нашар желдетілетін жерлерде, ластаушы шығарындылар атмосфераға өте көп мөлшерде түскенде, авария жағдайларында және т.б.
Атмосфераны ластауышалардың жедел әсерінің классикалық мысалына адам ағзасына улы әсер ететін тұмандардың – смогтардың (смог - түтінмен араласқан тұман) әсерін жатқызуға болады. Тұмандардың 2 түрін ажыратады: бұлтты, тұманды және желсіз ауа райы кезінде пайда болатын, лондондық типті (қысқы) және ашық ауа райы кезінде болатын лос-анджелестік типті тұмандарды. Олар өзінің атын 20 ғасырдың ортасында тұмандардың жоятын әсері ерекше байқалған қалалардың аталуы бойынша алған. Лондондық типті тұмандар 1930 жылының өзінде ақ Бельгияда, Маас өзенінің алқабында, ал 1931 жылы – Англияда Манчестер мен Солфорд аудандарында, 1948 жылы АҚШ Донор қаласында байқалған. Олар тұрғындардың жаппай ауруларына әкеліп, ондаған, жүздеген адамдардың өмірін алып кетті. Ал ең қайғылы жағдайды тудырған тұман, 1952 жылы Лондонда желтоқсан айында, Темза өзенінің алқабында болды, ол 2 аптаның ішінде 4 мыңнан астам адамның өмірін қиды. Тығыз тұман болды, көз көрерлік қашықтығы 10 м аспады. Ауа, отынды жағу нәтижесінде түзілген өнімдермен - жанатын газдармен, күлмен, күйемен қанықты. Бірнеше күн бойына абсолюттік штиль (желсіз, тымық) тұрды. Лондондық типті тұманның негізгі әсер ететін құрам бөлігі күкіртті газ болып табылды, ол ауа ылғалымен өзара әрекеттесіп, улылығы одан да жоғары күкірт қышқылының түзілуіне әкеп соқты. Зардап шеккен адамдарда көздерінің ашуы мен жас ағуы, кеуде торының ауыру сезімі, қатты жөтел, тыныс алудың қиындауы, тұншығу ұстамаларымен жүретін, көздің және жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабықтарының айқын тітіркенуі байқалды. Әсіресе, бронх демікпесі мен тыныс мүшелерінің созылмалы қабыну ауруларымен және жүрек қан тамырлары жүйесінің ауруларымен ауратын науқастар, балалар мен қарт адамдар тұманға сезімтал болып шықты.
Тұманның дамуында температуралық инверсия ерекше рөл атқарды. соның салдарынан ауаның қалыпты айналымы бұзылып, барлық улы шығарындылар, жоғары көтеріле алмай, тікелей жердің үстінде жиналды. Температуралық инверсия қыс уақытында, қатты аяз кезінде ғана емес, сонымен бірге, ауаның температурасы жоғарылау болған кезде де байқалады. Ол түнде жер салқындағандықтан (түнгі инверсия) және тау алқаптарындағы таудан соққан суық ауа алқаптағы ауаның жылы қабаттарының астына ығысуы нәтижесінде пайда болады.
Лос-Анджелесс типті, фотохимиялық деп аталатын, тұман алғаш рет АҚШ кейбір қалаларында 20 ғасырдың 40-ншы жылдарында байқала бастады. Ең қиын жағдай Тынық мұхиты жағалауында орналасқан, желдетілмейтін, шығыс пен солтүстіктен таулармен жабылған, Лос-Анджелесте пайда болды. Жағалаудан соққан жел ауаны тауға апарады, сол жерде ауа ұзақ уақыт тоқтап қалады. Ауаның ұзақ уақыт тоқтап қалуына жылына 260 күн болатын температуралық инверсия да әсерін тигізеді. Осы жағдайлар және сонымен қатар, ауаның өнеркәсіп кәсіпорындарының және автокөліктердің шығарындыларымен қатты ластануы, өте күшті және жиі фотохимиялық тұмандардың пайда болуына себеп болды. Мұндай тұмандардың бірінің ұзақтығы 60 күннен астам болды және Лос-Анджелесті фотохимиялық тұмандардың отаны деп атауға мәжбүр етті.
Фотохимиялық тұмандардың негізгі құрам бөліктері азот және көміртек тотықтары мен қос тотықтары, көмірсутектер, фенолдар және т.б., сонымен қатар, күн радиациясының әсерінен фотохимиялық реакциялар нәтижесінде түзілген, фотооксиданттар деп аталатын, қосылыстар болып табылады. Ультракүлгін сәулелері азоттың қос тотығымен өзара әсерлесіп, оның ыдырауына және соның нәтижесінде азот тотығы мен атомарлы оттегінің түзілуіне әкеледі. Атомарлы оттегі молекулярлы оттегімен қосылып, негізгі фотооксиданттардың бірін – озонды түзеді, ол ауадағы көмірсутектерді және басқа да органикалық ластаушыларды тотықтырып, басқа да фотооксиданттардың: пероксиацетилнитрат, пероксибензолнитрат, бос радикалдар, альдегидтер, кетондар және т.б. түзілуіне әкеп соғатын, тізбектік химиялық реакцияларға бастама береді.
Фотооксиданттар көздің және жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабықтарына айқын тітіркендіргіш әсер етеді, тұншығу ұстамаларына, бронх демікпесі дамуына және бронхөкпелік аппараттың қабыну-дистрофиялық зақымдануына әкеп соғады. Уланудан болған эффектілерінің де білінуі, сонымен қатар, тыныс мүшелірінің және басқа мүшелер мен жүйелердің созылмалы ауруларының қозуы байқалуы мүмкін. Фотохимиялық тұмандар кезіндегі озонның концентрациясы ауаның тазалығын емес, керісінше, оның ластану дәрежесін сипаттайды. Оның концентрациясы неғұрлым жоғары болса, соғұрлым тұман айқын және ұзақ болады.
Ластаушылардың жедел және өте қауіпті әсері әр түрлі кәсіпорындарда техногенді авариялар болған уақытта байқалады. Мысал ретінде, 1984 жылы Бхопал қаласында (Үндістан) пестицидтер өндіретін фабрикада 30 т фосген мен метилизоцианат қоспаларының қоршаған ортаға шығып кетуінен болған ірі масштабты апатты келтіруге болады. 3 мыңдай адам өлді, 20 мыңға жуық адам соқыр болып қалды, 200 мыңында бас миының ауыр органикалық зақымдануы дамыды, ал катастрофадан кейін туылған балаларда әр түрлі кемтарлықтар байқалды.
Атмосфераны ластаушылардың адам ағзасына созылмалы әсері, жедел әсеріне қарағанда, жиі кездеседі, себебі, созылмалы әсері, жедел әсері білінетін экстремалды жағдайларда емес, ауаның ластану деңгейі өте жоғары мөлшерге жетпейтін жағдайларда жүреді. Алайда, тіпті қарқындылығы аз, бірақ, рұқсат етілген деңгейінен асатын әсері, белгілі бір уақыттан кейін спецификалық және бейспецификалық эффектілерінің дамуына әкеп соғады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   ...   297




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет