§18. Қажеттілік пен кездейсоқтық
Мүмкіндіктің шындыққа айналуы қажеттілік пен кездейсоқтық өзара диалектикалық байланысының нәтижесінде іске асады. Өйткені Дүниеде, бір жағынан қажеттілік, екінші жағынан, кездейсоқтық бар.
Қажеттілік деп зат, я болмаса құбылыстың дамуындағы болмай қалмайтын, әрдайым іске асатын жақтарын айтамыз. Кездейсоқтыққа келер болсақ, ол болуы, я болмауы да, өмірге енуі, я енбеуі де мүмкін.
Сонау көне заманда-ақ ойшылдар Дүниедегі қажеттілікті мойындаған. Мысалы, Демокрит Дүниедегі қажеттілікті атомдардың қозғалысы, бір-бірімен соқтығысуы, байланысынан көреді. Оның ойынша, Дүниеде себепсіз еш нәрсе жоқ, олай болса, кездейсоқтық та жоқ. «Тек біз себебін білмеген затты кездейсоқтық деп есептейміз», - дейді ұлы ойшыл. Сондықтан әр нәрсенің себебін білуге ұмтылу қажет. «Мен өзім танылмаған бір нәрсенің себебін білуге бола, парсылардың тағынан да бас тартар едім», -деген Демокрит жөніндегі аңыз осы уақытқа шейін сақталған.
Мұндай көзқарасты Жаңа дәуірдегі ұлы ойшылдар да қолдаған болатын (Б.Спиноза, П.Гольбах т.б.). Қажеттілікті себептілікпен теңеген ойшылдар заңды түрде кездейсоқтықтан бас тартып, Дүниедегінің бәрі де қажетті деп түсінді. Олай болса, Дүниеде кездейсоқтық болмаса, тек алдын ала берілген қажеттілік, тәртіп болса, онда еш нәрсені өзгерте алмайсың, тағдырдың (фатализм) тәлкегінің бәріне көнуден басқа шара қалмайды деген ой келеді.
Мұндай пікірді қанағат етпеген ойшылдар, керісінше, Дүниеде еш кажеттілік жоқ, бәрі де кездейсоқтық, олай болса ешқандай заңдылық, тәртіп жоқ деген пікірге келген болатын. Мысалы, А.Шопенгауер: «Дүниенің негізі материяда, я болмаса санада емес, өзін бұлдыр сезінетін, мақсат-мүраты жоқ, тек өмірге деген талпынысы бар соқыр дүниежүзілік ерікте», - дейді. Ал мұндай жағдайда да адам еш нәрсе жасай алмайды, бейсаналық ерік оның ісін бір сәтте-ақ жоққа шығарады.
Идеалистік философия желісіне келер болсак, олар қажеттілікті дүниежүзілік рухтың, я болмаса Құдайдың кұдіретті күші ретінде түсінеді. Ал Кант өз философиясында қажеттілікті адамның Дүниеге енгізетін ойлау формасы ретінде қарады.
Философия тарихында қажеттілік пен кездейсоқтықтың өзара байланысын терең зерттеген Гегель болды. Қажеттілік заттың өзіндік ішкі себептерінен, оның мән-мағынасынан туындайтын болса, кездейсоқтық сыртқы кұбылысынан, басқа заттармен байланысынан пайда болады.
Алайда мұндай көзқарас та бүгінгі әдебиетте сынға алынады. Заттың сыртқы байланысынан шығатын кездейсоқтық, сол затты одан да кең жүйенің шеңберіндегі элементі етіп қарағанда, қажеттілікке айналады. Оны шексіз кеңіте берсек, Дүниеде тағы да кездейсоқтыққа орын қалмайды (қараңыз: Материалистическая диалектика., т. 1, М., Мысль, 1981, 205-6.)-
Сондықтан бұл тұжырымды жақтайтындар қажеттілікті мүмкіндік категориясымен байланыстырып қарайды. Онда кажеттілік белгілі бір жағдайдағы калыптасатын жалғыз мүмкіндіктің ертелі-кеш шындыққа айналуымен тең болып шығады.
Жоғарыда көрсетілген пікірдің әлсіз жағы: ешқашанда қайсыбір заңын алсақ та, ол жалғыз мүмкіндіктен тұрмайды. Сонымен қатар белгілі бір жағдайда бірнеше мүмкіндіктің шындыққа айналуының сәтті болуы да ғажап емес. Егер біз асықты лақтырсақ, төрт жағының біреуіне тұрады (бір жолы «бүк» болса, екінші жолы «шік», я болмаса тағы да «бүк», я «тәйке» болуы мүмкін. Мүны кездейсоқтыққа жатқызуға болады. Бірақ олардың бәріне бірдей жалпылық — бір жағына калайда тұру - қажеттілік болып шығады.
Қажеттілік пен кездейсоқтықтың өзара байланысының терен мәні - Дүниедегі таза қажеттіліктің жоқтығы. Сондықтан қажеттілік әркашанда кездейсоқтық аркылы көрінеді. Кездейсоқтықтың өзі болмыста терең тамырланған, ол заттың дербестікке, тәуелсіздікке деген «ұмтылысынан» шығады.
Кейбір студенттер, таза қажеттіліктің мысалы ретінде мегаүрдістерді соның ішінде күн жүйесін келтіреді. Мысалы, жер мен айдын айналу координаттарын есептеп, 1000 жылдан кейін жердің неше градус ендігі мен бойлығының түйісінде кай күні, сағаты, минутында күн тұтылу басталатынын айқындауға болады. Ал мұның өзі таза табиғаттың қажеттілігін көрсетеді.
Әрине, мұндай мысалды теріске шығару онша қиын шаруа емес. Ғарыштағы неше түрлі кездейсоқтықтарға байланысты күнбе-күн жерді мыңдаған метеориттер бомбалайды. Көбі жердің бетіне жетпей жанып кеткенмен, біршамасы жерге жетеді. Мүмкін, алдағы мың жылдың шеңберінде жердің бетіне «Тунгус метеориті» сияқты үлкен болит те (келемі бірнеше шақырымды алатын ғарыштағы үлкен тастар) кұлауы мүмкін. Сондықтан мың жылдың шеңберінде жер ауырлап, оның орбитасына аз да болса өзгерістер енетіні - хақ. Ал астрофизиктердің айтуына карағанда, айдын өзі жыл сайын бірнеше метрге жерден алыстайды екен. Олай болса, осы фактордың өзі ғана болашақ «таза» қажеттілікті теріске шығарады. Жоғарыдағы айтылған координаттың өзі де өзгеріп, сағаты мен уақыты да басқаша болады. Бірақ сол өзгерістерге қарамастан, күн тұтылады, өйткені ол - табиғаттың қажеттілігі. Яғни күн жүйесінің өзінде де таза қажеттілік жоқ, оған да кездейсоқтық факторлар өзгеріс енгізіп отырады.
Келесі мысал ретінде жастардың уакыты келгенде үйленуі, отбасы құруы. Ол - табиғи қажеттілік. Бірақ әр жас азамат өзінің өмір шеңберінде кімді кездестіріп, сүйеді, таңдайды, ол көп кездейсоқтықтарға байланысты.
XX ғ. 70-ші жылдарында дүниеге келіп, тез қаркынмен дамып келе жатқан жаңа ғылым саласы - синергетика - тіпті кездейсоқтықтың қажеттілікке карағанда іргетастығын мойындайды. 13 млрд. жыл бұрын «Ұлы жарылыс» басталғанда, сансыз кездейсоқтықтың ішіндегі белгілі бір кездейсоқтық Ғарыштың осы түрін туғызып, Дүниеге тіршілік, акыл-ой келді. Басқа кездейсоқтық іске асқанда, Ғарыштың басқа түрінің келуі мүмкін болатын. Бірақ, қалай дегенде де, Ғарыштың Дүниеге келуі қажеттілік.
Кездейсоқтықтың мән-мағынасы статистикалық (көп санды) үрдістерде әсіресе айқын көрінеді. Мысалы, Қостанай қаласында 250 мың халық тұрады екен. Сонымен катар 50 мыңдай мәшине бар. Осы екі үрдістің тоғысқан жерінде жыл сайын 25-30 адам келеді. Ол, өкінішке карай, көп санды үрдістердің тоғысуынан шығатын қажеттілік. Нақтылы адамның мәшине астында қалып қойып өлуі -таза кездейсоқтық. «Ол асықты, біз оған тағы да бір аяқ шай іш деп едік, отырмады. Егерде ол 5 минут кейін кеткенде, тірі болатын еді» - дейді өкініш пен кайғыдағы оның туыскандары мен жолдастары,
Ол - рас. Бірақ жыл сайын белгілі бір тұрақгы сандағы адамдардың мәшине астында калып қоюы - техникалық прогрестен шығатын қажеттілік, олар - соның құрбаны.
Қазіргі кездегі статистика ғылымы қарқынды дамыған компьютерлік бағдарламалардың негізінде жұмыс істейтін ғылым саласына айналды. Соның арқасында қоғам өміріндегі кейбір үрдістер зерттеліп, оған ықтималдық (вероятность) тұрғыдан баға беріліп, жүргізілетін саясатқа өзгерістер еніп отырады. Мысалы, әрбір отбасына шаққанда 1,8 баладан келеді, я болмаса халықтың саны бугінгідей құлдырамауы үшін, әр жануяда 2,6 бала болуы керек, ал оның аз-мұз өсуі үшін кемінде 3 баладан болуы керек. т.с.с. Бірақ шынайы өмірде бір отбасында бір де бала болмауы мүмкін, ал келесісінде 6 бала болуы да ғажап емес.
Нарықтық экономикада миллиондаған адамдардың ынталы жасампаздық іс-әрекетінің нәтижесінде, олардың арасында шым-шытырық, сан алуан байланыстар пайда болып, кездейсоқтықтың рөлі күрт өседі. Біреу кедейліктен байлыққа, келесі, керісінше, кездейсоқтықтың нәтижесінде байлықтан тақырға отырып қалуы мүмкін. Алайда ол үшін іскерлік, ізденіс керек. Үйде енжар отыра берсеңіз, ешқандай кездейсоқтыққа ұшырамайсыз. Сонымен қатар мемлекет статистикалық ақпараттар арқылы экономиканың кажетті сатыларын анықтап, оларға неше түрлі бағдарламалар мен заңдар арқылы өз ықпалын тигізе алады.
Сарапталған категориялардың таным үрдісіндегі методологиялық мәні өте зор. Тарихи, ғылымдағы ашылған көп жаңалықтар кездейсоқтықтың әсерінде ашылған. Сондықтан ғылым тек қана қажеттіліктерді ашады, «ғылым - кездейсоқтың жауы» деген нақыл сөздер, шынына келгенде, дұрыс емес.
Мысалы, Луи Пастер бактериялар өсіп жатқан ыдысқа байқамай, зеңді (плесень) түсіріп алады. Келесі күні микроскоппен зерттегенде, бактериялар жоқ болып шығады. Сол кездейсоқтықтың арқасында ол зеңнің антибактериялық қасиетін ашып, соңынан пенициллин дәрісін ойлап шығарады. Бүл ғылыми жаңалықтарды адамзат денсаулығына тигізген оң нәтижесін асыра бағалау өте қиын.
Екінші француз ғалымы А.Беккерель лабораториядан кетерінде уран тұзын фотоқағазға орап кетеді, келесі күні оны химикаттардан өткізіп шығарған кезде, оның бетінен неше түрлі сәулелердің ізін көреді. Соның арқасында уранның радиоактивтік касиеттері ашылып, микроәлемді зерттеуге кең жол ашылады.
Сондықтан әрбір зерттеуші объектінің қажетті жақтарын ашу жолында барлық кездейсоқтықтарды тізіп, олардың көрінісін терең зерттеу арқылы ғана қажеттілікке жетуі мүмкін. Әрине, ол ғылымдағы көп жолдардың біреуі ғана.
Достарыңызбен бөлісу: |