§ 6. Ғылым, техника және білім философиясы Бүгінгі қоғам өмірін ғылым мен техникасыз көзге елестету мүмкін емес. Ғылым - дүниетану, жалпы алғанда, рухани өндірістің қалыптасқан ерекше түрі. Оның өз мекемелері (ғылыми-зерттеу институттары, зертханалар т.с.с.), ғылыми қауымдастықтары, зерттеу жабдықтары, ақпарат алмасу (журналдар, конференциялар т.с.с.), қаржы орталықтары т.с.с. бар. Ғылымның негізгі мақсаты -адамзат қажеттіліктерін өтеу жолында соған керек білімді өндіріп, оны іс жүзінде өмірде пайдалануға болатындай етіп, кайта өзгерту. Екіншіден, барлық ғылым салаларынан шығатын деректер мен тұлсырымдар, теориялардың басын біріктіріп, олардың өзара байланыстарын анықтап, «Дүние жөнінде ғылыми сурет» жасау болмақ. Соңғының негізінде адамдардың дүниеге деген көзқарасы қалыптасады. Әрине, ғылым дамыған сайын «дүниесурет» те өзгеріске түседі.
Мыңдаған жылдар бойы ғылым ұрықтары философияның ішінде пайда болып дамыды. Математиканың (геометрия) негіздері жер өлшеу, су каналдарын өткізу т.с.с., астрономия көшіп-қонудағы аспанға қарап бағыт алудан, Орта ғасырлардағы алхимия байлықты өсіру (корғасынды алтынға айналдыру) іс-әрекеттерінен пайда болды. Дегенмен де бүгінгі ғылым өз түп-тамырларымен Жаңа дәуірге, яғни капитализмнің тарихқа келуімен байланысты дүниеге келеді. Оның Отаны - Еуропа топырағы. Егер Батыс пен Шығыс елдерінің даму қарқыны мыңдаған жылдар бойы біркелкі болса, XVI ғасырдан бастап Еуропа ғылыми зерттеулерді дамыту барысында тез қарқынмен алға өрлей бастайды. Шығыс елдері ғылыми-техникалық салада артта қалады.
Енді мұндай өзгерістердің себебі неде деген сұрақ қойсақ, оған ғылыми әдебиеттен әртүрлі жауап аламыз. Бұл мәселені егжей-тегжейлі талдаған неміс философы К.Ясперс оның түптамырын христиан дінінің адамға беретін рухани бағытынан көреді (Библия эпосы адамнан, - ол қандай зардаптан өтсе де, - ақиқатқа жетуді талап етеді). Екіншіден, «Дүниені Құдай жаратқаннан» кейін, М.Лютер айтқандай, «Құдайдың ісін биттің ішінен-ақ көруге болады», осы себепті, таным дегеніміз Қүдай ойының ізімен жүру болса керек. Үшіншіден, бұл Дүние зардап пен қайғыға толы болғаннан кейін, Қүдайды ақтау жолында солардың түп-тамырын зерттеп, олармен күресе білу қажеттігі.
Әрине, бұл көрсетілген рухани себептердің өз орны бар. Бірақ, біздің ойымызша, К.Ясперс христиан дінінің негізгі қағидаларының бірі - Құдай адамды өзіне ұқсатып осы жаратылған дүниенің әміршісі қылып жаратты деген қағидасына мән бермегендей. Ал, шынына келгенде, осы қағида ғылымның христиан әлемінде тез қарқынмен дамуына зор әсерін тигізсе керек. Дүниенің ішкі сырын ашып, оны өз пайдасына жаратып, ақырында сол Табиғатты өз еркіне көндіру - талай ғасырлар бойы жаратылыстану ғылымдарын дамытудағы бағыт болды десек ақиқаттан алшақ болмайтын сияқтымыз. Өйткені біршама Батыс ойшылдарының өзі-ақ бүгінгі таңдағы Еуро-Атлантикалық цивилизацияның терең дағдарысын осы себептен көруде. Бірақ бұл мәселенін әлеуметтік-экономикалық жағы тағы да бар. Ол Еуропа топырағына Қайта өрлеу заманының келуімен тығыз байланысты (ХУ-ХҮІ ғғ.). Осы кезде Италияда теніз саудасы мен балық аулау, мата тоқу т.с.с. кәсіптердің дамуы арқасында біршама шаруалар өз кожайындарынан жеке бас бостандығын сатып алып, «жаңа байларға» айналып, шеберханаларында өз еркімен келіп, жалданып істейтін еңбек күшін пайдаланады. Сонымен капиталистік экономикалық қатынастардың негізі пайда болып, тез қарқынмен дами бастайды. Соңында болған буржуа-зиялық-демократиялық революциялар барлық адамдарға бас бостандығын әкеліп, бүкіл халықты заң жүзінде теңейді. Жаңа қалыптаскан жағдайда әр адам: «Мен не істеп өз жағдайымды дұрыстай аламын, қалай отбасымды асыраймын», — деген ойға келіп, ізденіске кіріседі. Осы миллиондаған адамдар белсенділігінің аркасында капитализм өндіргіш күштерді орасан зор қаркынмен дамытады. Ал ол үшін Табиғатқа бет бұрып, оның заңдылықтарын ашу арқылы ғана жаңа құрал-жабдықтар, технологиялар жасау мүмкін еді. Міне, біздің ойымызша, ғылымның ерекше салаға айналып, дамуының негізінде жатқан негізгі себеп осы болса керек. Сонымен қатар жоғарыда көрсетілген рухани себептерді де ескеру қажет.
Қорыта келе, ғылым мен техниканың даму сатыларын былайша көрсетуге болады:
ғылымға дейінгі саты (көне заманнан XV ғ. дейін)
қазіргі ғылымның қалыптаса бастауы (XVI - XIX ғ. 70 жж.)
классикалық ғылым мен техника сатысы (XIX ғ. 70 жж. бастап XX ғ. ортасына дейін)
XX ғ. ортасынан бастап, осы күнге дейін (постклассикалық саты).
Енді ғылыммен тығыз байланысты екінші «техника» ұғымын талдауға уақыт келген сиякты. Гректің «техне» деген сөзі алғашқыда «өнер», «шеберлік» деген мағынада қолданды. Бүгінгі таңда «техника» деп барлық қоғамның салаларында қолданылатын неше түрлі құралдарды айтамыз. Ф.Энгельсті еске алсақ, адамның өзі-ақ еңбек құралдарын жасау аркылы жануарлардан бөлініп, саналы пендеге айналған жоқ па? Егер жануар айнала қоршаған ортаға өз дене мүшелерін жетілдіру аркылы бейімделсе, адам, керісінше, өз дене мүшелерінің жалғасы ретінде неше түрлі жасанды заттарды жасайды да, оларды табиғат пен өзінің екі ортасында орналастырып қоршаған ортаны өзгертеді. Егерде жануардың дене мүшелері белгілі бір оның өміріне керек кызметті істеуге мыңдаған жылдары бойы бейімделіп, өзінің мәресіне жетсе, адамдікі ондай жетілген болмаса да, өзінің жан-жақтылығымен көрінеді. Мысалы, адамның колын алайықшы: оның жан-жақтылығы соншалыкты, тек таңғаласың. Бұл жолда дәрігерлердің микроскоппен жасайтын операциясынан бастап, алып механизмдерді жүргізетін дәрежеге дейін неше түрлі деректерді келтіруге болады.
Бүгінгі таңда күнбе-күнгі өмірде «технология» деген ұғымды да көп пайдаланып жүрміз. Қарапайым сананың деңгейінде «техника» мен «технология» ұғымдары бір мағынада қолданылады. Алайда бұл ұғымдардың бір-бірінен айырмашылығы бар екенін байқаймыз. Егер техникаға неше түрлі заттардан жасалған құралдарды жатқызсақ, технологияға белгілі бір жасанды затты, я болмаса құбылысты жасау жолындағы әдістерді, олардың бірінің соңынан бірі келетін тәртібін айтамыз. Олай болса, алғашқы «шеберлік» деген мағынаға тағы да қайтып келдік. Жоғарғы дәрежедегі технологияның негізінде жасалып шығарылған заттың сапасы биік болады. Қазақстандағы кеңес заманында салынған біршама алып өндіріс кешендерінің тоқтап тұрғанының себебі де осында: ондағы ескі технологиялар дұрыс нарықта өтетін тауарларды шығаруға мүмкіндік бермейді.
Технология үғымының өрісі жыл сайын кеңейе түсуде. Оны біз өндірісте ғана емес, коғамның басқа салаларында да қолданып жүрміз. Бүгін біз саясатта «пиар-технология», коғамдық пікірді қалыптастыру жолында «ақпараттык технология», білім беру жүйесінде «педагогикалық технологиялардың» т.с.с. неше түрлерін көріп те, естіп те жүрміз. Қайсыбір затты жасау үшін белгілі бір шикізатты әкелу (көлік), содан кейін оны өңдеу (технология), осы жолда біршама күш-қуат жұмсау (энергия) және шешім қабылдау мен оның іске асуын бақылау (контроль) керек. Тарихтың алғашқы сатыларында оның бәрін де адамның өзі жасады. Бірақ, жүре келе, жануарларды үйретіп, көлік ретінде пайдалана бастады. Үй салу жолында адам неше түрлі тастарды жоғарыға көтеретін алғашқы дәнекерлерді жасайды да, соңынан оның ішкі сырын ашып, механиканың алғашқы қағидаларын тудырады. Содан кейінгі үлкен жаңалық -адам су шығыршығын ойлап шығарып, ағыс күшін игерді, нәтижесінде су диірмені пайда болды. Бұл алғашқы технологиялық машинаның дүниеге келуі еді. Онда қозғаушы күш, оны жеткізу, жұмыс жасау механизмдері бірге берілген. Жүре келе, ғасырлар шеңберінде олар бір-бірінен бөлініп, қозғаушы механизмдер, оны жеткізу және технологиялық машиналар пайда болады. 18-ғ. аяғында технологиялық машиналарды жасауда нағыз төңкеріс болды: жіпті иіретін, мата тоқитын машиналар дүниеге келді. Бу күшіне негізделген қозғалтқыштар пайда болып, мұның өзі алып өндірістер - фабрикалардың дүниеге келуіне себеп болды. XX ғ. дүниеге келген электр күшіне негізделген жеке қозғалтқыштар әрбір машинаның құрамдас бөлігіне айналып, өндірісті әрі қарай дамытты.
Алайда қандай машиналар жасалса да, оларды бақылап басқаратын адам болды. Бірақ ол да XX ғ. көп ұзамай, автоматтандырылған өндіріс ошақтарымен ауыстырыла басталды. Бүгінгі таңда дамыған елдерде көп өндіріс ошақтарында автоматтандырылған цехтар жиі кездеседі. Мысалы, автомобильдерді шығаратын зауыттарда, машина қорабын жасау, оны бояу, т.с.с. жұмыс түрлері автоматтар мен роботтарға берілген.