Оқулық Жоғары оқу орындарының 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы студенттеріне арналған



бет2/123
Дата28.03.2022
өлшемі0,54 Mb.
#137053
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   123
Байланысты:
koblanov-shetel-ad-tar

КIРIСПЕ


Өте ерте замандарда, шамамен бұдан 2700-2800 жыл бұрын Еуропадағы кiшкене мемлекеттердiң бiрi болған Грекияда жазба әдебиеттiң алғашқы үлгiлерi туа бастады. Кейiн жоғары даму сатысына көтерiлген бұл әдебиет бiздiң заманымыздан бұрынғы III ғасырда Рим мәдениетiнiң қалыптасуына негіз болды. Осы ежелгі халықтар жасаған мәдениет, өнер және әдебиет антика мәдениеті, антика әдебиеті деп аталады. Латын тiлiндегi «антика» (antiguus) сөзi «ежелгi» деген мағынаны бiлдiредi. Бiрақ осы атаудың тек ғана грек-рим әдебиеттерiне қатысты қолданылуы оншалықты дұрыс емес, өйткенi, өркениет пен мәдениеттiң негiзгi бесiгi - Шығыс елдерi болған. Алғашқы әдеби ескерткiштер алдын Мысыр, Парсы, Қытай, Үндiстан, Бабыл (Вавилония) сияқты мемлекеттерде туғандығы даусыз. Сондықтан грек-рим қоғамы, өнерi мен әдебиетiне қатысты қолданылып келе жатқан «антика» сөзiн тек Еуропа тарихына ғана байланысты деп қарағанымыз жөн. Еуропа елдерi өздерiнiң мәдени даму жолында грек-рим мәдениетiмен тығыз қарым-қатынаста болғандығы себептi де осы халықтар жасаған рухани байлықтарды
«ең ежелгi» деп таныған. Шындығында да, грек әдебиетi - тәуелсiз түрде пайда болған әдебиет. Грек халқы адам санасы туғызуы мүмкiн болған рухани құндылықтар дәнiн өз қолымен шашып, одан мол өнiм алды. Қазiргi дәуiр әдебиетiндегi көркемдік формалар мен әдiс-тәсiлдердiң көпшiлiгi грек халқы еңбегiнiң жемiсi.
Мәдениет таңы ендi ғана арайлап атып келе жатқан көне заманда грек-рим халықтарының қолымен жасалған мәдениет туындылары ғасырлар тасқынынан, дәуiрлер сынынан өтіп, бiздiң дәуiрiмiзге дейiн жеттi. Жаңа заманда туған Еуропа әдебиетiнiң көптеген үлгiсi әлдеқашан ұмытылып, ал Гомер дастандары мен Софокл трагедиялары сияқты қайталанбас туындылар болса қайта-қайта тәржiмаланып, әрдайым оқырмандар жүрегiне рухани қуат пен эстетикалық ләззат сыйлап келдi.
Ежелгi дәуiр қаламгерлері туындыларының маңыздылығы олардың нәзiк шеберлiгiнде жатыр. Антика әдебиеті сол халықтың
ой-сезiмдерi мен арман-тiлектерiнiң де көрiнiсi болды. Грек-рим халқы көркем әдебиетте адамзаттың ғасырлық проблемаларын шешуге ұмтылды.
Олар ерлiктi, күрестi, отанды, адам санасының құдiреттiлігін жырлады; азғындық, опасыздық және осы сияқты iндеттерге жиiркенiшпен қарады. Сондықтан да көне замандарда туған әдеби мұралар әлі күнге дейiн өзiнiң маңыздылығын жоймай келедi.
Антика әдебиетінiң мiне, осы келбетi ғасырлар бойы адамзатты өзіне ерекше тәнті қылып келген едi. Еуропа халықтары өздерінің мәдени даму барысында бiрнеше рет ежелгі грек және рим өнеріне, әдебиетіне қайта оралып, соның негiзiнде өздерiн толғандырған ойлар мен проблемаларды шешуге талпынды. Тiптi, инквизиция өршiп тұрған орта ғасырларда да антикалық сюжеттер Еуропа әдебиетiнде ұмыт қалған жоқ.
Дiни нанымдарға, зұлымдық идеяларға қарсы аяусыз күрес бастаған Қайта өрлеу дәуiрiнiң данышпандары қолында антикалық дүниенiң ғылым-бiлiмi, өнерi мен әдебиетi, философиялық iлiмдерi ең құдiреттi қару болып қызмет атқарды. Қайта өрлеу дәуірiнiң қайраткерлері алғашында өздерiн «гуманист» деп атап, адамгершілдiк идеяларды, антика мәдениеті жәрдемiнде сананы дiни қапастан құтқару, адамның жан-жақты дамуына жағдай жасау, оны надандық ұйқысынан ояту тiлектерiн көтердi. XIV ғасырда Италияда туып, кейiн Еуропаның басқа елдерiне кең тараған гуманистік қозғалыс нағыз мәдени революцияға айналды. Гуманистердiң еңбегiмен жинақталған антикалық заманның ұлы жәдiгерлiктерi адамзаттың алдында жаңа бiр дүниенiң есiгiн айқара ашқандай болды. Византия мемлекеті құлағанда сақталып қалған қолжазбалар, ойрандалған Римнен қазып алынған антикалық ескерткiштер Батыс халықтарының көз алдына өзгеше бір жаңа дүниенi – Грекияның ежелгi дәуiрiн ұсынды, оның асқақ образдары алдында орта ғасыр туындылары елеусiз болып қалды. «XVII ғасырда Еуропадағы классицизм бағыты да 100-150 жыл бойына антикалық дүниенiң жазба әдебиетiнен үйрену негiзiнде дамыды. Бұл дәуiрлерде бүкiл Еуропа сахнасы толығымен грек және рим трагедияларымен өмiр сүрдi. 1789-жылғы француз буржуазиялық революциясы қарсаңында антик дәуiр мәдениетi мүлдем жаңа мазмұнға ие болды».[1,5].
Ескi феодалдық қоғамға қарсы бас көтерген буржуазия
жетекшiлерi азаттық пен еркiндiк идеяларын антика әдебиетінен, тарих пен философиялық мұралардан iздедi. Ежелгi Афина, Рим қалаларын - республика бесiгi, Брут, Цицерон, Демосфен сияқты данышпандарды зорлық пен озбырлықтың қас дұшпандары ретiнде жырға қосты.
Жалпы, жаңа замандағы Еуропа мәдениетiнiң үздік туындылары антик дүние мұраларынан бастау алды. Сол көне заманның идеялары, көркем образдары Рабле, Корнель, Расин, Мольер, Вольтер, Лессинг, Гете, Шиллер және бiрнеше талантты қаламгерлерге, өнер қайраткерлерiне шабыт сыйлады, үлгі-өнеге болды.
Тарихи деректерге қарағанда антика мәдениеті Ресейге шамамен XI-XII ғасырларда келе бастаған. Орыстың ұлы қаламгерлерi, сыншылары Ломоносов, Радищев, Пушкин, Гоголь, Белинский, Герцен, Тургенов, Толстой, Горкий және басқалар өз еңбектерінде грек-рим әдебиеттерiн өте жоғары бағалады.
В. Г. Белинский ежелгi әдеби мұралар құндылығын терең түсiнген. «Илиада» … мен үшiн өте асқақ үлгi,- деп жазды Белинский Станкевичке, - оның күш-құдіретінен кейде әлдеқандай тәттi жан толқынысына бөленемін». Тағы бiр хатында «менiң көз алдымда жаңаша бір өнер әлемi пайда болды» деп, Софоклдiң трагедияларын оқығаннан соң алған әсерлерiн досы Боткинге хабарлайды. Плутархтың «Қос өмiрбаяндар» шығармасы да Белинскийге өте ұнаған. Бұл туралы сол Боткинге төмендегiлердi жазады: «Бұл шығарма менi ақылдан аздырды… Мен толығымен адам жанына қажет болған рухани байлықтарға тұншығып қала жаздадым… Плутархты қолға алғанымда, гректер римдiктердi назарымнан тыс қалдырар деп ойлаған едiм, ондай болмады. Рим шежiрелерiн оқығанымда рухым мұхитта көсiле құлаш сермедi. Түсiнбеген көп нәрселерiмдi Плутарх арқылы ұғып алдым. Грек және рим мәдениеті негiзiнде ең жоғары жаңа қоғамдық сана өсіп жетілген екен. Мен француз революциясының да сырын аңғардым… Ежелгi дүние қандай әдемi, тамаша десеңiзшi! Сол дүниеде ұлылық, адамгершiлiк, ерлiк ұрығы бар, өйткенi ол дүние – жеке тұлғаның бақыты негiзiне құрылған». Платонның шығармалары туралы жазған мақаласында Белинский өзiнiң осы пiкiрлерiне әлеуметтiк мазмұн бередi: «Мiне, осы классикалық негiзде адамсүйгiштiк, ерлiк және шығармашылық жемiстер өнiп шықты, әрқандай
әділетті қоғамның бастауы, оның алғашқы үлгiлерi, биiк идеялары осы жерде жатыр»[2,12].
Орталық Азия мен антикалық дүние ортасында мәдени байланыстарболғандығыназараударарлықжағдай.Тарихидеректерге қарағанда, Орталық Азия мен Грекия ортасында экономикалық- мәдени қарым-қатынастар өте ерте замандарда-ақ басталған. Эллин мәдениетi Орталық Азия мәдениетiнiң қалыптасуына мол әсер еттi. «Селевкидтер мен Грек-Бактрия үстемдiгi дәуiрiнде Орталық Азия, Иран және басқа өлкелер халқының қатысуымен шығыс эллин мәдениетi пайда болды, ол грек мәдениетiн де байытты, оның гүлденуiне ықпал жасады. Эллиндік дәуiрден едәуiр iлгерi Орталық Азия жерiнде бiрнеше дiни нанымдар қатарында грек құдайларына (Зевс, Афина, Посейдон, Аполлон және т.б.) табыну дәстүрі болған. Ескендiр Зұлқарнайын (Александр Македонский) жорығынан кейiн грек жазуы да бұл жерлерге кең тарала бастайды» [3,41].

  1. ғасырдың бастарында басталған араб шапқыншылығы нәтижесiнде Орталық Азияның гүлденiп тұрған ғылым ордалары ойрандалған, мәдени өмiрi қираған. Мiне, осы аласапыранда үздiк әдеби мұраларымыз, тарихи шығармаларымыз жойылып кеттi. Бiз қазiргi заманда елiмiздiң мыңдаған жылдық тарихын, толығымен жойылып кеткен кейбiр әдеби шығармаларымыздың («Томирис», «Шырақ», «Зарина мен Стриангрия», «Зариадр мен Одатида» дастандары) iздерiн антикалық заманда өмiр сүрген грек-рим тарихшыларының (Геродот, Полиэн, Диодор, Ктезий, Харес) шығармаларынан табамыз. Араб үстемдiгi құлағаннан кейiн басталған мәдени жандану X-XI ғасырларда өте жемiстi нәтижелер бередi. Әбу Насыр әл Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Әбу Райхан әл Беруний және басқа да бiрнеше ғалым, данышпандарымыз өздерiнiң ғылым қазынасына қосқан мол үлесiмен дүниежүзiлiк мәдениеттiң дамуына үлкен әсер еттi.

Шығыс пен Батыс жұртына грек ғылым-бiлiмiн, әсiресе грек философиясын таныстыруда Фарабидiң еңбегi ерекше. Бiрнеше Шығыс пен Батыс тiлдерiн, соның iшiнде грек тiлiн де жетiк меңгерген ұлы данышпан ғалым ғылымның түрлi салаларына қатысты қайталанбас шығармалар жазумен бiрге, Аристотельдiң
«Метафизика», «Физика», «Метеорология» және басқа да шығармаларына кең түрде ғылыми түсiнiктер бердi. Фараби сондай- ақ, Платон, Аристотель және басқа да философ, ғалымдар туралы
көптеген құнды еңбектер жазған. Олардың шығармаларын өңдеп, iлiмдерiн дұрыс жолға қоюға ұмтылған. Ғылым мен философия саласындағы ғажайып туындылары мен қызметтерiн бағалап, замандастары және кейiнгi ұрпақ Фарабиге «екiншi Аристотель» яки «екiншi ұстаз» (ал-муаллим ас-соний) деп атақ берген.
Ғылымның өте көп салаларындағы қызметi үшiн Шығыс пен Батыста «бiлiм сардары», «философия сұлтаны», «үшiншi Аристотель» атақтарымен даңққа бөленген Әбу Әли ибн Синаның Аристотель туралы еңбектерi, оның шығармаларына берген түсiнiктерi, ғылыми құндылығы жағынан араб философы Ибн Рашидтiң (1126-1198) туындыларымен қатар тұрады. Ғасырлар бойына Еуропа мен Азия ғалымдары ұлы грек философының шығармаларын осы данышпандардың түсiнiктерi негiзiнде үйреніп келдi. XIII ғасырдағы атақты ағылшын ғалымы Роджер Бэкон былай деп жазған болатын: «Кейбiр нұсқалардың жоғалғандығы яки олардың жетiспейтiндiгi Шығыстағы үлкен соғыстарға байланысты. Мұхаммедтен кейiнгi дәуiрлерге дейiн Аристотель шығармаларының даңқы төмендеп, дағдарыста қалған болатын. Ибн Сина, Ибн Рашид (Еуропада Аверрос атымен белгiлi) және басқалар Аристотель философиясын жаңадан, айқын да анық түсiнiктермен нұрға бөледі»[3,32].
Қайта өрлеу дәуiрiнiң тұңғыш ұлы ақыны Дантенiң «Құдiреттi комедия» дастанында мынадай бiр оқиғаны кездестiремiз. Вергилий жәрдемiнде тамұқ есiгiне жетiп келген Данте жасыл көгалдағы кiшкене бiр төбешікте ежелгi дүниенiң атақты данышпандарын, солардың арасында «даналар ұстазы» – Аристотельдi көредi. Оның қасында Сократ пен Платон, Демокрит те бар.
«Құдiреттi комедия» дастаны едәуiр дәрежеде дiни ықпалда жазылған шығарма. Христиан дiнiнiң әсерiнде болған Данте антик дүние данышпандарын жұмаққа кiргiзе алмайтын едi. Бiрақ ақын өзiнiң ежелгi мәдениетiне ерекше құрметпен қарайтын болғандықтан, сол мәдениет қайраткерлерiн тамұққа да қимайды. Гомер, Гораций, Овидий, Аристотель, Платон, Сократ және басқа да атақты жандарға жұмақ пен тамұқтың ортасындағы бейтарап бір жерді лайық көредi. Олар осы маңда тыныш ғана өмiр сүредi. Ибн Сина да солардың қатарынан орын алған. Бұл нәрсе Италия ақынының Шығыс ғалымына Аристотель мен Платон сияқты құрметпен қарағандығын көрсетедi.
Антика мәдениетінің дүние жүзi мәдениетiне тигiзген әсерi өте күштi болды. Сондықтан, антикалық мәдениеттi бiлмей тұрып, қазiргi заман өмiрiнiң көптеген жақтарын, «Ежелгi өнердi түсiнбей, жалпы, өнердi терең, толық бiлiп болмайды» (Белинский). «Әрбiр оқымысты адам ежелгi дәуiр жәдiгерлiктері туралы жеткiлiктi түсiнiкке ие болуы тиiс» (Пушкин). Әрқандай әдебиет, әрқандай өнер - белгiлi бiр қоғамдық құрылыстың жемiсi. Сондықтан, антикалық дүние мәдениетінің қандай жағдайларда пайда болғандығына қысқаша болса да тоқталып өтуіміз тиіс. «Құлдық – адам еңбегін қанаудың антикалық дүниеге тән алғашқы формасы, құлдық қатыныстардың пайда болуымен қоғамның алғашқы үлкен бөлiнiсi дүниеге келдi»[4,9]. Бұл топталудың маңызды ерекшелiгi сонда, құлиеленушiлер тек өндiрiс құралдарын ғана емес, сондай– ақ өндiрушi күштерге де иелiк еттi. Құлиеленушiлiк қоғамнан алдын ешқандай таптық қоғам болған емес. Барша халықтардың тарихындағы сияқты, антикалық дүниеде де құлиеленушiлiк қоғам қауымдық тайпалық құрылыстың күйреуi нәтижесiнде туған. Құлиеленушiлiк қоғам өз заманы үшiн қажетті тарихи даму сатысы болып, өте маңызды iлгерiшiл мiндеттi атқарған. Өйткенi, барлық ауыр еңбектi құлдар мойнына жүктеу нәтижесiнде қоғамның бiр тобы еңбек азабынан құтылып, мемлекет iстерi, ғылым-бiлiм, өнер және әдебиет салаларымен айналысуға қол жеткiзді. Сондықтан, құлиеленушiлiк қатынас болмағанда, грек мемлекетi, грек өнерi мен ғылымы да болмас едi. Құлдық болмағанында, рим мемлекетi де болмас едi. Грекия мен Рим қалаған iргетас болмағанында, қазiргi Еуропа да болмас едi…
Бiрақ құлиеленушiлiк қоғамның iлгерiшiл маңызы оның алғашқы дәуiрлерiмен, яғни, қауымдық құрылысты күйретiп, кең көлемдегi еңбектi қанауды жеделдетумен ғана шектеледі. Егер де құлиеленушiлiк әдiс өндiрiс үрдiстерiнiң шешушi қаруына айналса, құлдыққа негiзделген әр қандай қоғам бұл қайшылықтан түбінде опат болады.
Шынымен де, құлиеленушiлiк қатынас еркiн еңбектiң қосымша бiр бөлiгі болғанында ғана антикалық қоғам дамып, гүлдене түсер едi. Бiрақ, кейiн құлиеленушiлiк қатынастар қанаудың негiзгi құралына айналған соң, антика қоғамы дағдарысқа ұшырады, күйзелiске қарай бағыт алды. Құлдардың бiрте-бiрте негiзгi өндiрушi күшке айналуы нәтижесiнде, көбiрек құл иелену тiлегi
үлкен соғыстарға себепші болды.
Соңында, б.з.б. V ғасырдың орталарында құлдар саны Грекияның еркiн халқының санынан едәуір асып түсті. Құлдар еңбегiнiң өнiмсiздiгi, сол еңбек себебiнен майда еркiн диқан шаруашылықтарының ойрандалуы және құлиеленушiлiк қатынастардың еркiн халық пен құлиеленушiлердiң өздерiне рухани жақтан жарамсыз әсер етуi – дәуiрiмiздiң V ғасырында антикалық дүниенi апатқа алып келдi.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   123




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет